Қазақ журналистикасының жаңа дәуірі басталды
Мейрам БАЗАРҰЛЫ, «Жетісу» телеарнасының бас директоры, Қазақстанның құрметті журналисі:
– Мейрам Базарұлы, журналистика саласында 30 жылдық өтіліңіз бар. Мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңдыңыз. Жалыққан жоқсыз ба?
– Журналист үнемі ізденіс үстінде жүргендіктен, ешқашан жалықпайды деп ойлаймын. Өздеріңе қарап отырып, өзімнің алдыңғы толқын қатарына қосылғанымды енді сезіп отырғандаймын. 30 жылдан артық осы салада жүрсем де, әлі де сонша уақыт істеуге бармын. Әттең, бірақ уақыт біздің қалауымызға бағынбайды. Қазіргі журналистерге қарап отырып, қызығасың. Ақпарат алуда, оны таратуда барлық техникалық мүмкіндік бар. Техниканың жетілгені сонша, телевидение саласында қазір бір адам бірнеше адамның қызметін атқара алады. Әрине, техниканың тілін білсе. Мәселен, өзің бейнекамераға түсіріп, мәтін жазып, өзің монтаждауға қазір бар жағдай бар. Соны дұрыс қолдана алса, осы салада жүрген журналист ұл-қыздарымыз баға жетпес кадр болар еді...
– Бір жылдары мемлекеттік қызметте де болдыңыз. Журналистикадан гөрі, сол жақсы емес пе? Әлде қалай?
– Иә, 2002-2006 жылдары Жамбыл облысын Серік Әбікенұлы Үмбетов басқарып тұрған кезде әкімнің баспасөз қызметін басқардым. Бұрынырақта мемлекеттік қызметке басқаша қарасам, өзім мемлекеттік қызметкер болған соң, ол пікірім өзгерді, қазір оларға құрметпен қараймын. Жалпы, мемлекеттік қызмет өмірде керек. Мен одан көп нәрсе үйрендім. Тек сол мемлекеттік қызметкерлердің бәрі жұмысына шын берілген, ар-намыс кодексіне адал, әдептен аспайтын азаматтар болса, нұр үстіне нұр.
– Облыстық телеарнаға басшы болғаныңызға 100 күн толыпты. Жетісуда қандай жаңалықтар бар?
– 2009 жылдың басынан мен Алматы облысының «Жетісу» телеарнасында қызметтемін. Мұнда арнаның сол кездегі бас директоры, белгілі журналист Бейсен Құранбек шақырған. Үш жылдан астам Бейсен Құранбектің бірінші орынбасары қызметін атқарып, екеуміз қоян-қолтық еңбек еттік. Биыл Бейсен Абайұлы шығармашылықпен айналысамын деп жеке кетті. Содан облыс әкімі Аңсар Мұсаханов мені осы арнаға биылғы наурыз айының ортасында басшы етіп тағайындады. Алматы облысында 2 миллионға жуық халық бар. Біздің негізгі көрерменіміз – осы жұрт. Былтырдан бері «Жетісу» ақпарат таратудың сандық жүйесіне көшкен. Қазір бізді «Отау ТВ» арқылы бүкіл Қазақстан, қала берді сырттағы бар қазақ көре алады. Сондықтан телеарнаны басқарудағы жауапкершілік жүгі ауыр екенін білемін. Қолдан келгенше жұмыс істеп жатырмыз. Қазір ұлттық тәрбиені тереңдетуді көздейтін «Супер келін», балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр сандық» секілді бағдарламаларымыз көрермен көңілінен шығып отыр. Журналистердің негізгі күші «Жаңалықтар» бағдарламасы мен жетіні қорытатын «Апта» бағдарламасына салынады. Жақын күндері облыс орталығы туралы жаңа бағдарлама ашуды жоспарлап отырмыз. Қазір тәулігіне 17 сағат эфирге шығамыз. 80 пайыз қазақ тілінде болса, 20 пайыз орыс тілінде хабар таратамыз. Көрерменге ұсынылатын хабарлардың 70 пайыздан астамы – өзіміздің өнімдер.
– Білуімше, «Жетісу» телеарнасы мемлекеттік қазыналық кәсіпорыннан жауапкершілігі шектеулі серіктестікке өтіп жатыр. Бұл жаңалық сіздердің жұмыс бағыттарыңызға ықпал ете ме?
– Еліміздің «Мемлекеттік мүлік туралы» заңындағы өзгерістер аясында биыл біз жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылып жатырмыз. Бұл өзгеріс біздің жұмысымызға, бағытымызға еш әсер етпейді. Серіктестік болғандықтан, бізде жарнамадан түсімдер көбейеді деген болжам бар. Бәрін уақыт көрсетеді. Негізіміз – облыс халқын ақпаратпен қамтамасыз ету, мемлекеттік саясатты насихаттау.
– Жалпы, аймақтық телеарналар үшін кадр тапшылығы басты мәселе саналады. Сіздер бұл жағдайды қалай реттеп отырсыздар? Қандай мәселе бар ұжымыңызда?
– Әрине, журналистиканы оқып бітірген мамандар көбіне ірі қалаларда қалып қояды. Бірақ бізде бұл тұрғыда мәселе бар демес едім. Біздің телеарнада мамандығы әр түрлі азаматтар журналист болып қызмет етеді. Олардың қатарында филолог, тарихшыларды айтпағанда, қаржыгер, экономист, дәрігер, заңгерлер бар. Жазуға машықтанған, бала күннен қаламгер болуды армандағандары қазір жақсы жұмыс істеп жатыр. Өз салаларында білікті журналист саналады. Бұған қатысты мен өз басымнан мысал келтірейін. Мен 1980 жылы Қарағандыдағы педагогикалық дене тәрбиесі институтын тамамдадым. Егер мен журналистиканы бітірсем, қазіргі жағдайға жетпес пе едім деп те ойлаймын. Бағыма орай сол кезде қазақ телевидениесіне спорт тақырыбын жетік білетін комментатор керек болыпты. Облыстық телеарнада тілші болып, спорттық тақырыпта жаңалықтарға материал дайындап жүрген кезім. Бір күні Алматыдан шақырту келді. Ойланбастан еліміздің сол кездегі астанасына аттандым. Осылайша, орталық телеарнадан бірақ шықтым. Кейінірек журналистиканы сырттай оқып алдым. Сондықтан мен журналист болып жүрген өзге саланың адамдарына түсіністікпен қараймын.
Негізінде, «Жетісу» телеарнасында шығармашылық жұмыс жақсы жолға қойылған. 10 жылдан астам тарихы бар телеарнаны менің алдымда басқарған Бейсен Құранбек бұл бағытта көп еңбек сіңірді. Өзі оқу семинарларын өткізіп, шығармашылық қабілеті бар жастарды арнаға тартты. Әрине, Бейсенге дейінгі басшылар да шама-шарқынша еңбек сіңірді. Телевидение саласында көрген-түйгені көп Бейсен бауырым бұл арнаны жаңа белеске көтерді десем, артық болмас. Ендігі мәселе – техниканы түгендеу, техникалық кадрларды жасақтау. Бюджетіміз – 300 млн теңгенің шамасында. Осы қаржыны тиімді пайдалансақ, біршама мәселені шешуге мүмкіндік бар.
– Қазақ журналистері туралы қоғамда әңгіме көп. Тіпті осы салада жүрген білікті журналист ағаларымыз «тар шеңберден шыға алмай жүрміз, мүмкіндігіміз аздау» дейді. Осы тұрғыдағы сіздің пікіріңіз қандай? Жалпы, еліміздегі қазақтілді және орыстілді журналистиканы салыстырсақ, нені байқауға болады?
– «Көш жүре түзеледі» дейді ғой. Біз 20 жыл ішінде қазақ журналистикасын аяғына қойдық. Олай дейтінім, Кеңестер Одағы тұсында біздің қазақша сөйлегеніміз болмаса, қазақ журналистикасы туралы сөз де болмайтын. Ресми материалдардың бәрі орыс тілінен аударылды. Қазақтілді басылымдарға тәуелсіздік берілмеді. Бәрі қадағалауда болды. Ал қазір жастарымыз кез келген басылым мен телеарнада өз пікірлерін ашық білдіріп жүр. «Тар шеңберден шыға алмай жүрміз» дейтіндер осы жетістіктерімізді бағаламайтындар деп білемін. Кезінде Қазақстандағы орыстілді журналистиканың қазақтілді журналистикадан озық болғаны рас. Қазір теңестік, тіпті озып келеміз. Қазір қазақ журналистикасының жаңа дәуірі басталды. Оның болашағы зор болады.
– Сіздердің кездеріңізде бір мемлекет үшін жалғыз телевидение болды. Бағы мен бабы келіскен журналистер сонда қызмет етті. Ал қазір телеарна көп. Түрлі бағытта, түрлі тақырыпта көрермендер сұранысын өтеуде. Қалай ойлайсыз, 20 жыл бұрынғымен салыстырғанда журналистикадағы құндылықтар өзгерді ме?
– Журналистикадағы құндылық жалғыз. Ол – оқырман мен көрермен сұранысын қанағаттандыру. Рас, кезіндегі жалғыз телеарна мықты идеологиялық құрал болды. Дегенмен сол кездегі саяси жүйеге байланысты телеарна бағытты жұмыс атқарды. Толық халықтың сұранысын қанағаттандырды деп айта алмаймын. Ал қазір жағдай басқа. Тәуелсіздік алысымен біз өзімізді демократиялы ел деп атадық. Ақпарат әлемінде түрлі бағыттағы басылымдар, жан-жақты телеарналар көбейді. Бұл халық үшін өте жақсы. Бірінен таба алмаған ақпаратты келесі бір басылымнан, телеарнадан тауып жатады.
– Журналист мамандарды даярлауда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін ерекше атап өтуге болар. Қазір сұраныс көп болғандықтан, өзге оқу орындары да, тіпті аймақтардағы шағын университет, институттар да жорналшы дайындауға бет бұрып жатыр. Бұл дұрыс па?
– Біздің ақпарат кеңістігінде қазір қарыштап даму бар. Күніне демейік, айына бір басылым жарыққа шығып жатыр. Олардың бәріне маман керек. Бірақ сұраныс бар екен деп, журналистиканы оқытатын бөлімдер, факультеттерді кез келген оқу орнының ішінен аша беруге болмайды. Мәселен, осы Талдықорғанда 40 жылдық тарихы бар Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті бар. Осы оқу орнында екі-үш жылдан бері журналистика бөлімі жұмыс істеп келеді. Бірақ мұнда материалдық-техникалық база жоқ, студенттерге білікті практик журналистер дәріс оқымайды. Рас, журналистикада төрт-бес жыл оқу оқып ала алмаған біліктілікті жарты жылдық тәжірибемен жинақтап алатындар бар. Дегенмен маман дайындау үлкен жауапкершілік екенін естен шығармау керек. Маған салса, бүкіл жоғары оқу орнындағы журналистика бөлімдерін жауып, арнайы журналистика университетін ашу керек шығар.
– Шерхан ағамыздың тілімен айтсақ, «журналистердің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ». Бұл қағиданың мәні әлі өзгерген жоқ па? Қазіргі журналистердің әлеуметтік жағдайы бұрынғымен салыстырғанда қандай?
– Шерағаңның бұл сөзі өзектілігін жойған жоқ. Кез келген журналист менімен келісер деп ойлаймын. Айтқымыз келсе де, айта алмайтын сәттер бар әлі. Бірақ журналистердің әлеуметтік жағдайы бұрынғыдан біршама жақсарды. Айлықтары жаман емес. Мәселен, Алматы облысы бойынша «Жетісу» телеарнасы журналистерінің айлығы – жоғарғылар қатарында. Облыс әкімдігінің қолдауымен баспаналы болу көрсеткішіміз де жаман емес.
– Нарық талабы шығар, «кім ақшасын төлесе, соның сойылын соғамыз» дейтін журналистер бар. Сонда журналистік принцип қайда қалды?
– Бұлай дейтіндер журналист емес! Себебі «журналистік этика» деген ұғым бар. Біреу ақша төледі екен деп, соның айтқанына жүріп, айтағына «үргендер» бұл мамандықты дұрыс бағаламайтындар, мәнін түсінбейтіндер деп білемін. Рас, қазір журналистер бірнеше жерде қатар жұмыс істей алады. Бұл – қаржы табуға үлкен мүмкіндік. Дегенмен ақшаның құлы болуға болмайды.
– Әр адамның өмірде миссиясы бар дейміз. Сіздің миссияңыз қандай деп ойлайсыз? Қандай қағиданы ұстанасыз?
– Менің басты ұстанымым – ешкімге кедергі жасамау, ешкімнің ала жібін аттамау. Одан да кімге болса да қолдан келгенше көмек көрсеткен абзал деп санаймын. Әрине, әр адамның маңдайына жазылған тағдыры бар. Атқаратын миссиясы соған байланысты. Менің миссиям – елге қызмет ету. Бар білгенімді, көргенімді елдің игілігіне жұмсасам деймін. Журналистиканың биік шыңы атақ та, мансап та емес, халықтың ықыласы, көрерменнің қошеметі деп білемін.
– Аға, кезінде талай дүбірлі додада комментатор болдыңыз. Қазіргі комментаторлар туралы не айтасыз? Мәселен, бүгінде әлем Украина мен Польшада өтіп жатқан футболдан УЕФА ойындарына назар салып отыр. Біздің комментаторлардың осы ойындарды жүргізгені ұнай ма?
– Бұл мәселе менің талайдан бері көкейімде жүр. Жаман демес едім. Бірақ кемшіліктер көп. Футболды қазақ тілінде көбіне Есей Жеңісұлы мен Асхат Сағынаев көрерменге әңгімелеп отыр ғой. Есейдің білетіні көп екенін байқадым. Бірақ жігіттер әлі де кадрмен көбірек жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Әрине, спорттық жарыстардан комментарий жүргізу үшін адамдар сол спорт түрінен көп хабардар болуы керек. Мәселен, мен бокс пен күрестен емін-еркін комментатор бола аламын. Ал қазір қазақ көрерменіне барлық спорт түрінен санаулы ғана жігіт комментарий жүргізеді. Оны елімізде өткен қысқы Азия ойындарында да байқадым. Кей спорттың ережесі мен терминдерін жүргізушілердің өздері түсінбей тұр...
– Егер сізге комментатор болу туралы ұсыныс түссе, барар ма едіңіз?
– Маған таяуда ұсыныс түскен. «Қазақстан» ұлттық арнасының төрайымы Нұржан Жалауқызы бірқатар додаға комментатор болуға шақырды. Әттең, қазіргі жұмысымыз қауырт болып жатқандықтан, баруға мүмкіндігім болмады. Болашақта «Спорт» арнасы ашылады деп естігенмін. Сонда қазақ көрерменімен қауышудың да мүмкіндігі туып қалар.
– Журналистикада жүріп, қатты бір қорыққан кезіңіз бар ма?
– 1984 жыл. «Қазақстан» телеарнасында сол кездегі басшы, марқұм Камал Сейітжанұлы Смайылов ағаның шақыртуымен комментатор болып істеп жүрген кезім. Аяқасты өзім тұрған Қарағандыға баруым керек болды. Басшылардан сұранып едім, «бекер бармай, бір хабар түсіре кел» деп тапсырма берді. Келіспеске амал жоқ. Телефонмен хабарласып, облыстық спорт бөлімінің жетекшілерімен, облыстық телеарнаның басшыларымен келісіп қойдым. Ол кезде біз монтажға қатыспаймыз. Хабарды түсіретін пленканы қолға мүлдем ұстап көрмегенбіз. Алматыдан шығарда: «Мынау – пленка, хабардың режиссеріне бересің. Қайтарда алып қайт», – деп бір дипломат пленка тапсырды. Қарағандыға келдім, жылжымалы телевизиялық стансамен спорттық шараны түсірдім. Жұмыстарымды бітіріп, қайтпақ болдым. Әлгі руллон – қолда. Пойызға міне бергенде дипломатым қолымнан түсіп кетіп, іші ақтарылып түсті. Қарасам, пленкаларым қоп-қоңыр. «Күйіп кетті», – деп санымды бірақ қойдым. Содан Алматыға дейін «енді бастықтарға не деймін, қай бетімді айтамын» деп уайымдап, ұйқы көрмедім. Ақыры жұмысқа да келдім. «Хабар түсірдің бе?» – дегендерге «иә» деп, пленканы түк болмағандай режиссерге тапсырдым. Содан монтаждауға шақырды. Зәрем қалмай, монтаждау аппаратына келдім. Бір уақытта режиссер пленканы аппаратқа салып, тексеріп шықты да: «Жақсы екен», – деді. Сөйтсем, видеопленка күнге күймейді екен ғой. «Ух» деп терең бір демалғаным бар еді...
– Мерекеге орай тілегіңіз болса...
– Барлық әріптесімді мерекелерімен құттықтаймын. Журналистика – өте қызық мамандық. Өзгелер бізге қызыға да, қызғана да қарайды. Сондықтан өзімнен кейінгі іні-қарындастарыма мамандықтарыңды бағалай біліңдер дегім келеді. Жазар жақсы жаңалықтар көп болсын!
– Әңгімеңізге рақмет.
Қызықты оқиғасы
«Спорт калейдоскопы» дейтін апталық хабар шығарып жүрген кезім. Телевидениеде істейтіндер біледі, бағдарлама үшін біз студияда жазыламыз. Сол студиядағы «подводкамыз» бен сюжеттерімізді қосып, хабар шығарамыз. Бір жолы бағдарлама режиссерінің ассистенті Майра дейтін ұйғыр қыз эфирге монтаждалған хабарды емес, студияда жазылған «исходникті», яғни бірнеше мәрте қайталап жазылған таспаны өткізіп жіберіпті. Содан хабар өтетін белгілі уақытта теледидарды қосып, алдына отырдық. «Армысыздар, қымбатты көрермен! Эфирде – «Спорт калейдоскопы». Бүгінгі хабарымызда...» Біраз үнсіздіктен кейін: «Ой, қайтадан бастаймын», – дедім. Өзім сол кезде түсіндім бұл хабар емес, студияда жазылған таспа екенін. Қазіргідей ұялы байланыс жоқ, телефон тек астыдағы вахтада ғана. Жүгіріп барып, сол жерден қоңырау соғамын дегенше хабардың уақыты да аяқталды. Дубль кезінде «қап, ой, қайта бастаймын, мынау жарамады» дегендерден артық ешқандай былапыт сөз айтпағаным мұншалықты абырой бола ма (күліп алды)?! Көрермен алдында жерге кіріп кете жаздадым. Тіпті қасымда отырған жарым Гүлбаршын да: «Мейрам, ішіп алғансың ба?» – деп қағытып қояды. Содан ертеңінде жиналыста таспаны шатастырып алған ассистент қыз өз жазасын алды. Міне, осындай да қызықтар болған.
Біздің анықтама
Жанәділов Мейрам Базарұлы 1959 жылы 1 мамыр күні Көкшетау облысы Еңбекшілдер ауданы Құдықағаш ауылында туған. 1980 жылы – Қарағанды педагогикалық дене тәрбиесі институтын, 1995 жылы КазГУ-дың журналистика факультетін тамамдады.
1980-1984 жылдары – Қарағанды облыстық телевидениесінде, 1984-2002 жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасында әр түрлі лауазымда қызмет істеген. 2002-2006 жылдары Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметін басқарды. 2006-2009 жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасының Алматы облысындағы меншікті тілшісі болды. Содан бері Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасында қызметте.