Қазақ хандығы ұлттық сипаттағы мемлекет болды

Қазақ хандығы ұлттық сипаттағы мемлекет болды

Берекет КӘРІБАЕВ, тарих ғылымының докторы:

 – Биыл Тәуелсіздігімізге 20 жыл толып отыр. Қазақ мемлекеттігінің тарихы қай кезден бастау алады деген мәселе – өте өзекті. Мәселен, Еуропа елдері өздерінің мемлекеттілік тарихын ортағасырлық кезеңнен бастайды. Осыған байланысты тарихшы қауым ортасында ортақ тұжырым бар ма?

– Бұл – өте маңызды да, күрделі және ғылыми сипаттағы сұрақ. Бұған кесімді түрде, иә немесе жоқ деп жауап беру ешкімді қанағаттандырмайды. Бұл үшін алдымен мемлекет деген ұғымның анықтамасына тоқтала кетсек. Әлемде БҰҰ-ға мүше 190-нан астам мемлекет бар десек, олардың арасында мемлекет ұғымына қатысты ортақ пікір жоқ. Олардың әрқайсысы өзінің тарихына, мәдениетіне, дүниетанымына орай мемлекет ұғымына өзіндік анықтамалар береді. Қоғамтанушы ғалымдар арасында да дәл осындай айырмашылықтар бар. Дегенмен де көпшілік мынадай пікірді жиі қайталайды: Мемлекет – белгілі бір қоғамдардағы  қоғамдық қатынастарды реттейтін, басқаратын саяси аппарат, саяси жүйе. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ жеріндегі мемлекет, мемлекеттілік тарихы Қазақ хандығының құрылуымен пайда болған жоқ. Қазақ хандығы – қазақ этносының ұлттық сипаттағы мемлекеті болды. Ал оның тарихи тамырлары сақ тайпалары дәуіріндегі басқару жүйелері, ғұн, үйсін, қаңлы мемлекеттері, түрік қағанаттары, түргеш, қарахан, оғыз мемлекеттері, қыпшақ хандығы, Алтын орда, Ақ орда мемлекеттері емес пе? Олардың барлығы қазақ жерінде болғандықтан ұлттық сипаттағы қазақ мемлекеттілігінің тарихи тамырлары, қазақ мемлекеттілігінің  ізашарлары, ежелгі және ортағасырлардағы бастаулары болып саналады. Мемлекет болуы үшін ең алдымен не керек? Қазақстан жерінде «мемлекет болған жоқ» деген теорияны ұстанушылар мынадай тұжырымға сүйенеді. «Қазақстан жерінде көшпелілер тұрған, оларда жер жекеменшік болмаған. Ал жекеменшік болмаған жерде әлеуметтік теңсіздік болмайды, бай мен кедей болмайды.

Оларда қоғамдық қатынастар дамымайды, жетілмейді. Олар патриархалды алғашқы қауымдық құрылыста өмір сүрген, яғни мұндай қоғамда мемлекеттің болуы мүмкін емес» деп еуроцентристік көзқарасты ұстанып келді. Кешегі ХХ ғасырдың 30-жылдарына дейін Қазақстан тарихын зерттеген орыстың ғалымдары Левшин, Вельяминов-Зернов, Аристов, Гродеков және тағы басқалардың барлығы да қазақ жеріндегі тарихты баяндайды, бірақ саяси құрылымдарды «одақтар», «бірлестіктер», «жүздер» деп қана атап, «мемлекет» деген терминді қолданбайды. Ал бұған соққы берген қандай теория болды? 1934 жылы ленинградтық академик Б.Я. Владимирцовтың «Общественной строй монголов. Монгольский кочевой феодализм» атты  монографиясы жарық көрді. Дәл сол жылдары келесі ғалым С.П.Толстовтың көшпелілер қоғамындағы  өндірістік құрал-жабдықтар мен өндіргіш күштерге арналған еңбегі жарық көреді. Екі ғалымның да зерттеулерінде көшпелі қоғамда жеке меншіктің, таптық жіктелістің болатындығы, жерге қауымдық меншік, малға жеке меншіктің бар екендігі, яғни мемлекеттің болатындығы алғаш дәлелденіп, мойындалды. Бұдан кейін кеңестік тарихнамада осы теория үстемдік алды. 1943 жылы шыққан академиялық  «Қазақ ССР тарихында» Қазақ хандығы мемлекет ретінде мойындалды. Оған арнайы жеке тарау, тараушалар берілді. 1957 жылы жарық көрген 2 томдық «Қазақ ССР тарихы» еңбегінде Қазақ хандығының құрылуы, көрші елдермен қарым-қатынасы арнайы тарауда қарастырылады.  Осылайша, қазақ тарихында мемлекеттіліктің болғандығы толық дәлелденді деуге болады. Алайда кейінірек тарихшылардың келесі бір тобы Еуропадағы классикалық мемлекеттілікті қазақ жеріндегі мемлекеттілікпен салыстырып, өзгешеліктерді анықтап, қазақ жерінде алғашқы қауымнан  таптық қоғамға  дейінгі аралықта «ерте тапты құрылыс болды» деген теорияны ұстанады.

Олар өз еңбектерінде қазақ жерінде толық қалыптаспаған ерте мемлекеттер болды деген тұжырым жасайды. Н.Крадин деген орыс тарихшысы Әбілқайыр хандығын мемлекетке дейінгі кезең деп, оны  тайпаны билейтін көсемнің жеке бас қасиеттеріне байланысты «көсемдік» (вождества) деп атады. Бірнеше тайпаларды біріктірген Моңғол империясына, Жошы ұлысына, Алтын ордаға «дамыған көсемдік» немесе «суперкөсемдік» деген атау берді.Айналып келгенде «ерте таптық» теорияны ұстанатындар көшпелілерде мемлекеттілік болуы мүмкін емес деген тұжырымды ұстанады. Ал  ресейлік ғалым  Е.Кычановтың «Кочевые государства от гуннов до маньчжуров» деген іргелі еңбегінде көшпелі қоғамда мемлекеттіліктің болатындығы және тарихта болғандығы нақты деректерімен, әсіресе, қытай деректері бойынша толық дәлелденеді. Мысалы, ғұндарда, одан кейінгі тоба, теле, түрік тайпаларында мемлекеттік басқару, билеушінің  титулы, саяси-әкімшілік құрылым, билік идеологиясы, әскери жүйе, мемлекеттік іс жүргізу, ту, елтаңба және тағы басқа мемлекеттіліктің белгілері болғандығы ғылыми тұрғыдан дәлелденді. Қазақ жерінде осыдан үш мың жыл бұрын болған мемлекеттер мен мемлекеттік құрылымдар тарихы  сайып келгенде, ХV ғасырда ұлттық сипаттағы қазақ мемлекеттігінің бастауы болды.

– Тәуелсіздік алған кезде «мемлекет болған жоқ» деген қасаң теорияны жоққа шығарған отандық тарихшылардың зерттеулер бағыты болды ма?

– Бұл сұраққа да кең түрде жауап беруге болар еді. Жоғарыдағыдай теориялар ғылыми басылымдарда, монографияларда жарық көретіндіктен қалың көпшілікке таныс емес. Ал газет беттерінде жарық көрген теориялық мақаланы ешкім оқымайды, тіпті ондай мақаланы ешбір газет жарияламайды. Ал жаңағыдай тұжырымдарға қарсы  ең алдымен академик Б.Көмековтің, тарихшы-ғалымдар З.Қинаятұлының, К.Пищулинаның  және т.б. еңбектерін айтар едім. Олар «Қазақ жеріндегі  мемлекеттіліктің тарихы» атты жинақ шығарып, онда көшпелі қоғамда мемлекеттіліктің болатындығын теориялық жағынан дәлелдеп, осы мәселеге қатысты еуроцентристік көзқарастардың біржақты, негізсіз екенін дәлелдегенін айтқан болар едім.

– Осы орайда тарихта «наймандар мемлекеті», «дулаттар мемлекеті» болды деген пікірлер айтылады.

– Наймандар тарихта сонау IX ғасырлардан белгілі. ХІ-ХІІ ғғ. наймандардың бір бөлігі қазіргі қазақ халқының құрамында ғана. Ал қалған бөліктері қазіргі түрік тектес халықтардың құрамында. Оларды арнайы зерттесең башқұрттардың, татарлардың, қырым татарларының, ноғайлардың, қарақалпақтардың, өзбектердің, тағы басқа халықтардың этногенезінен кездестіресің. Олар өз дәуірінде өз заманына сай мемлекет құра білген. Бұл жөнінде тарихымызда жақсы айтылады. Сол сияқты «Дулат әмірлігі» деп аталған Моғолстандағы дулат тайпаларының мемлекеті болды. Кейіннен оны Шығыс Түркістанда шағатай хандары жеңіп, Могулия атты мемлекетті құрады.

– Қазақ хандығы тұсында мемлекеттіліктің атрибуттары қалыптасты ма?

– Қазақ хандығы құрылғанға дейін-ақ қазақ жерінде мемлекеттіліктің басым атрибуттары қалыптасқан. Мемлекеттің  территориясы, шекарасы, халқы, халықтың әлеуметтік жіктелісі, ауқатты топтар, билеші әулет, рухани көсемдер, әскер, ішкі тәртіп, билер соты, ту, елтаңба, мөр т.б. болды. ХV ғасырдың ортасы қазақ тарихының ғана емес, бүкіл Еуразия құрлығында екі дәуірдің өтпелі кезеңі іспетті еді. Ұлы Жібек жолы тоқтаған соң этникалық процестердің бәсеңсіп, саяси процестердің барысында Еуразия кеңістігін ен жайлаған халықтар тұрақтаған жерлерінде мемлекет құра бастады. ХV ғасырдың соңына таман Еуразиядағы үлкен оқиға – Алтын Орда деген алып империяның ыдырап, оның орнына Астрахан, Қазан, Қырым, Сібір хандықтары, Ноғай ордасы секілді  бірнеше елдердің пайда болуы еді. Еділдің сол жағалауында Ақорда, Әбілқайыр мемлекеті, одан кейін ұлттық сипаттағы Қазақ хандығы құрылды.  Неліктен ұлттық сипаттағы дейміз? Өйткені Қазақ хандығының этникалық негізін қазақ халқының құрамына енген ру-тайпалар құрады. Алтын орданың оң қанат және сол қанат болып бөлінгені тарихтан белгілі. Монғолдар жаулап алғанға дейін жергілікті тұрғындар жалпылама атаумен қыпшақтар деп аталса, XIV ғ. басынан бастап жалпылама түрде өзбек атауы қолданыла бастайды.

Бұл атаудың Алтын Орданың атақты ханы Өзбек есімімен тікелей байланыста екендігін көпшілік тарихшылар мойындайды. Мамай заманында алып империя оң қанат, сол қанат негізінде екіге бөлінеді. Еділдің арғы жағында тұратын жұрт өзбектер немесе қыпшақтар, ал Еділдің бергі жағындағы халық шаруашылық түріне қарай «көшпелі өзбектер» деп аталады. Осы «көшпелі өзбектер» маңғыттар, шибандықтар және ордаежендіктер (Орда Ежен -Жошының үлкен ұлы – ред.) деген үш топтан құралды. Осы ордаежендік тайпалар Қазақ хандығының этникалық негізін құрды. «Көшпелі өзбектерден»  бірінші болып 1449-1450 жылдары маңғыттар бөлініп шықты. Ал 1457 жылы «көшпелі өзбектер» елінің ханы Әбілқайыр Сығанақ түбіндегі шайқаста қалмақтардан жеңіліс тапқаннан кейін шибандықтардың өз ішінде бөлініс болып, Сырдың төменгі ағысы бойында шибанилық  Йадгар (Жәдігер) хан боп сайланады. Одан соң Керей мен Жәнібек хандар Моғолстан жерінде (Жетісу) өз мемлекетін құра бастады. Алғашында  «өзбек-қазақ» деп аталған Керей мен Жәнібек ханның жақтастары   бас-аяғы 13-14 жыл ішінде Дешті Қыпшақтағы саяси билікті шибандықтардан толығымен және түпкілікті алғаннан кейін қазақтар деп аталды. Жазба дерек мәліметінде ХVІ ғасырдың алғашқы жартысында алғаш рет Қазақстан деген термин кездесе бастайды. Ол – қазақ елі деген сөз.

– Қазақтың ұлттық мемлекеті – Қазақ хандығы құрылуының нақты датасы бар ма? Бұл жөнінде қандай тұжырымдар бар?

– Жалпы, Қазақ хандығының құрылуы мәселесімен айналысатын зерттеушілер аз.  Бұл кезеңді зерттеушілердің өзі бір-екі дерекке жүгінеді. Мысалы, Қазақ хандығы құрылуы жөніндегі негізгі дерек – М.Х.Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегіндегі мәліметтер. Әрине, бұл деректегі мәліметтерге ғылыми түрде деректанулық талдау қажет. Қазақ хандығының құрылуын толық зерттеу үшін сол тұста болған оқиғаларды баяндайтын деректердің мәліметтерін бір-бірімен салыстыру қажет. Меніңше, Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр мемлекетінен бөлінуі – Қазақ хандығы құрылуындағы маңызды қадам. Осы оқиғалардың мән-жайын толық білуі үшін сол кездегі тарихи жағдайды терең зерделеу қажет. Сол кезде Моғолстан билеушісі Есенбұға ханның жағдайы өте ауыр еді, өзінің туған ағасы Жүніспен соғысып жатты. Жүністі інісіне қарсы  Мәуереннаһрдің билеушісі, Әмір Темір ұрпағы Абу Саид мырза  айдап салды. Айта кету керек, Абу Саид - Есенбұға мен Жүністің туған әпкесі Ханымға үйленген, яғни олардың жездесі болып келеді. Осындай саяси шиеленісті кезеңде Қазақ хандығы құрылуы жүзеге асады. Осы кезеңнің білгір маманы, петербургтік тарихшы -ғалым Тұрсын Сұлтанов «Керей мен Жәнібектің Жетісуға қоныс аударуы Жүністің Моғолстан билеушісі Есенбұға ханға қарсы күресу үшін Әндіжан жаққа келуімен бір мезгілде болған оқиға» деген тұжырым жасайды. Осы ретте Керей мен Жәнібек хандардың Жетісуға қашан келгені белгісіз, ал Жүніс ханның қашан келгені тарихи деректер бойынша белгілі. Бұл жөнінде Т.Сұлтанов екеуміздің  пікірлерімізде  сәл ғана өзгешеліктер бар. Мысалы,  Т.Сұлтанов Жүніс хан шамамен Моғолстанға 1459-1460 жылдары келді деп есептейді. Ол бұны Абу Саидтің өзінің бақталас туыстарынан бүкіл Темір империясының астанасы Гератты тартып алуымен байланыстырады. Ал Абдразақ Самаркандидің  дерегінде Абу Сайд мырзаның Гератты екі рет алғандығы жөнінде айтылады. Алғаш рет ол Гератты 1457 жылдың 2 қазанында алады.

Одан кейін Балхта бұрқ еткен көтерілісті басуға аттанады да, сондағы істерге байланысты  сол қалада  қыстап қалады. Бақталас туыстар мұны тез пайдаланып, астананы қайта басып алады. Бірақ олардың арасында ауызбірлік байқалмайды. Сол кезде Темір империясына тәуелді болып отырған Қарақойлы әулетінің билеушісі Жаһаншах Гератты басып алады. Ал 1458 жылы 16 желтоқсанында Абу Саид мырза Жаханшахпен келісімге келіп, Гератты қайтадан өзіне қаратады. Бұл оның астананы екінші рет алуы болатын. Осы екі дата Керей мен Жәнібек хандардың Шу бойына қашан келіп, ту тіккенін анықтауға көмектеседі. Т.Сұлтанов Керей-Жәнібек хандардың Жетісуға келуін 1458 жылдың соңындағы  оқиғамен байланыстырады. Ал менің пікірім сәл басқашалау. Неге дейсіз ғой? Абу Саид мырза Гератты бірінші рет алған бойда Жүніске әскер беріп, Есенбұға ханға қарсы  Моғолстанға аттандырған. Бұл 1457 жылдың қазанының ортасы мен соңында болады. Жүніс ханды Моғолстанның бір бөлігіне жататын  ыстықкөлдік  тайпалар жақсы қарсы алып, оның көсемдерінің бірі оған қызын ұзатады. Содан 1458 жылдың тамыз айында Жүністің тұңғышы дүниеге келеді. 1458 жылдың  қыркүйек-қазанында Есенбұға хан мен Жүніс хан арасында соғыс болады. М.Х.Дулатидің атасы Есенбұғаны қолдайды, Жүніс жеңіліп, қашуға мәжбүр болады. Ал бала-шағасы тұтқынға түсіріледі. М.Х.Дулатидың айтуынша, Жүніс ханның тұңғышы сол кезде емшекте болған екен. 1458 жылдың соңында немесе 1459 жылдың басында М.Х.Дулатидің атасы қайтыс болған. Бұдан шығатын қорытынды мынадай.  Жүністің Ыстықкөл маңына  келуі 1457 жылдың аяғына дөп келеді. Жүніс ханды Ыстықкөлдегі Есенбұғаға наразы тайпалар қолдап кетті. Енді Жетісудағы тайпалар Жүністің жағына шығып кетсе, онда Есенбұға ханның билігі ұзаққа бармас еді. Есенбұғада оған қарсы қояр  күш жоқ. Сондықтан да Есенбұға хан Жүністі Жетісу тайпалары қолдап кетпесі үшін Керей мен Жәнібек ханға Жетісуді беруге мәжбүр болады. Деректе жазылғандай Керей мен Жәнібектің иеленген жері – ағалы-інілі екі хан иеліктерінің арасындағы жер, Қозыбасы тауы  мен Шу өзені арасы.

Махмуд бен Уәли бұдан кейінгі жағдайды былай деп жазады: «Керей-Жәнібек хандардың арқасында Жүніс хан Есенбұға ханның иелігіне аяғын аттап баса алмады. Есенбұға ханның қалған өмірі тыныштықпен өтеді». Міне, осы келтірілген даталар Керей мен Жәнібектің Жетісуға Жүніспен қатар келгенін, яғни 1457 жылдың күз айларында, нақтылай түссек, қараша-желтоқсан айларында келген. Бұл оқиға Қазақ хандығының құрылу барысындағы аса маңызды, басты оқиғалардың бірі боп саналады.  Кейін Әбілқайыр хандығы ыдыраған соң 1470-1471 жылдары Дешті Қыпшақта Қазақ хандарының билігі толықтай орнайды. 1457-1471 жылдар аралығын Қазақ хандығының құрылуы кезеңі деп айтуға болады. Меніңше, 1471 жыл Қазақ хандығы құрылуының аяқ кезі деп есептесек, биыл Қазақ хандығына 540 жыл толып отыр. Ең бастысы, Қазақ хандығы әлемдегі елдер сияқты өзінің функциясын орындады. ХV ғасырдың ортасынан  ХІХ ғасырдың басына дейін қазақ мемлекеттігі өмір сүрді, қазақ қоғамындағы қатынастарды реттеп, жаңғыртып  отырды. Оған қазақ хандарының есімдерімен аталатын «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның Жеті жарғысы» атты заңдар дәлел.  Бір өкінішті жәйтке,  қазақ хандарының  өз атынан тарихи дерек қалдырмауын жатқызар едім. Бізге дейін  қазақ хандарының тарихын баяндайтын  Қазақ хандығы дәуірінде жазылған бірде-бір тарихи шығарма жеткен жоқ. Оның себебі бірнеше болуы мүмкін. Жазылмауы мүмкін, не бір жерде көмулі жатыр, не отаршылдар жойып жіберген. 

– Жалпы, тарих ғылымындағы бүгінгі даулы мәселелердің бірі –жүздердің шығу мәселесі. Осы жүздердің шығу тегі қандай?

– Жүздердің шығуына байланысты пікірталас ХVІІІ ғасырдан бері көтеріліп келе жатыр. Жүздерге қатысты 20 шақты тұжырымдар бар. «Жүз» деген сөз арабтың «джуз» – «бөлік» деген сөзінен шыққан. Сонау сақтардан бастап көшпелілерде ертеден оң қанат, сол қанат, орталық деген тарихи, шаруашылыққа байланысты дәстүрлі бөлініс бар. Айналып келгенде, бұл үш жүз бүтін саяси, этникалық, территориялық, рухани бірлік. Үш жүзді қазақ хандарының ұрпақтары билеген. Алғашқы қазақ ханы Керей болса да, ХVІ ғасырдың басынан  бастап Қазақ хандығы Жәнібек ханның әулетіне көшеді. Оның   тоғыз ұлынан тарайтын ұрпақтар XVI ғ.20-30 жж. билікке таласып, хандықты үшке бөліп  басқарады. Батыс бөлікте –Ахмет хан(Қожахмет), орталықта – Тоғым хан, ал Жетісуда –Бұйдаш хан билікте болады. Осы хандардың шығу тегіне қарасақ, батыстағылар  Жәнібек ханның  кіші ұлдарының, орталықтағылар – ортаншы ұлдардың, ал Тахир, Бұйдаштар үлкен ұлдардың ұрпақтары. Жүздің не себепті үлкен, орта, кіші деп аталатындығын осыдан-ақ білуге болады.

– Кореяның тарихи телесериалдарын көріп отырып қызығасыз. Мысалы, олардың Когуре, Пуе секілді тарихи мемлекеттік дәуірлерін айшықтаған телесериалдарының көрермені болып жүрміз. Көрген жан рухтанады. Осындай фильмдер, телесериалдар түсіруге бізде тарихи деректер жеткілікті ме?

 – Әлі күнге дейін бір шетелдік телесериалды («Шыңғысханды» санамағанда) жүйелі түрде көрмеппін. Оларды қарауға уақыт та жоқ. Ал біздің жағдайға келсек, егер мемлекеттен мол қаражат бөлінетін болса, тарихи фильмдерге арқау боларлық тақырыптар да, оқиғалар да жетерлік.  Ежелгі замандағы Кирдің өліміне қатысты оқиғаны айтпағанда, 751 жылы Талас өзені маңында араб әскері мен қытай әскері арасында болған Атлах шайқасы фильмге сұранып тұр. Атлах шайқасы – екі империя, екі өркениет, екі мәдениет, екі дін арасындағы маңызы зор тарихи оқиға. Мен қазіргі кезде Ш.Айманов, А.Қарсақбаев секілді ұлттық болмысын жоғалтпаған, қазақы дүниетанымдағы режиссерлер бар ма, жоқ па, білмеймін. Соңғы жылдары түсірілген кино туындылар ішінде үш ағайынды жігіттің арасындағы қарым-қатынас суреттейтін  «Ағайындылар» фильмі мені тартып тұрады. Оны әр ай сайын көрсетсе, қарауға  уақыт табар едім. Бұл фильмде   режиссер өзінің негізгі  мақсатына жеткен. Бір әкеден, бір шешеден туған үш жігіттің мінезі үш түрлі. Олардың арасындағы қатынас бірде күрделеніп, бірде шешіліп, келесі сериясы қалай болар екен деп күтіп жүресің. Ал егер кезекті сериясын көре алмай қалсаң, кәдімгідей бірдеңе жоғалтқандай, бірдеңеден құр қалғандай күй кешемін.
Керей-Жәнібек хандар, Қасым хан, Есім хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Кенесары хандар туралы неге фильм түсірмеске? Бір оқ шығармай, бір адамын қаза қылмай  Бөкей ханның Еділ мен Жайық арасындағы қазақ жерін қайтарып алуының өзі неге тұрады? Бөкей ханның осы тарихи еңбегін неге фильм етіп түсірмеске?

– Н.Карамзин орыс тарихын жеріне жеткізіп жазды. Қазақтың төл тарихын еуроцентристік ойлау жүйесімен жазу мүмкін емес. Көне және орта ғасырлық тарихы қалтарыста қалып жатыр.  Тәуелсіз Қазақстанның тарихты жазу метологиясы қандай болуы керек?

 – Соңғы 20 жылдың ішінде тарихты зерттеуде маркстік-лениндік методологиядан, таптық тұрғыдан жазудан бас тарттық. Кешегі кеңестік кезеңде тарихымызды таптық тұрғыда зерттеу – ұлтымыздың ең ардақтыларын халқынан ажыратып, оларды жау етіп көрсетті, олардың мұраларымен сусындауға мүмкіндік бермеді. А.Байтұрсынұлының, Ә.Бөкейхановтың, М.Жұмабаевтың, М.Дулатовтың және т.б. қазақ ұлтының мәдени, рухани көсемдерінің шығармашылығын жас кезінде білмей өскен, олардың еңбектерімен сусындамаған кешегі ұрпақ не деген рухани кедей болды десеңші. Оларды осындай күйге жеткізген тарихқа таптық тұрғыда қарау еді. Мен студенттерге осы методологияны қазақтың «Құдықтың түбіндегі бақаға аспан алақандай болып көрінеді» деген мақалы арқылы түсіндіруге тырысамын. Құдықтың түбіндегі бақаға алақандай болған аспан құдықтың басына шыққанда қандай боп көрінетінін өзің-ақ сезіне бер. Таптық қағидаларға негізделген методология да осындай тар ауқымнан шыға алмайтын. Қазіргі күнде тарихты зерттеу таптық емес қағидаларға, яғни өркениеттік  методологияғ  басшылыққа алынуда. Өркениеттік дегеніміздің төркіні «цивилус»-«азаматтық» дегеннен шығады. Яғни тарих адами тұрғыда, ұлттық тұрғыдан жазылуы тиіс.

– Кеңес Одағы тарихты таптық идеологияның қолшоқпары етті. Тәуелсіз Қазақстанда тарих идеологияның құралы болуы керек пе? 

– Біз қаласақ та, қаламасақ та, тарихтың рөлі мен маңызы өте зор. Ұлттық сананы оятуда, оны дамытуда тарихтың атқарар рөлін ешбір қоғамдық ғылым атқара алмайды деген қағида әлі өз күшін жойған жоқ. Сонымен бірге  тарих – құдіретті идеологиялық құрал, сондықтан да оны зерттеуді ұйымдастыру мемлекеттің бақылауында және мемлекеттің ерекше қамқорлығында болуы керек. Тарихпен кез келген адамның айналыса алмайтындығы да содан. Біле білгенге, тарих-атом қаруынан да қауіпті қару. Тарихпен екі елді соғыстыруға да, соғысқан елдерді татуластыруға да болады. Кейде кейбір тарихи құжаттар мемлекеттің саясатына байланысты ұзақ уақыт бойы қатаң құпия ұсталады. Мысалы, 1945 жылы қолға түскен неміс генералдары 1941 жылдың жазында Кеңес әскерінің күрей жеңілуінің себептерін жіліктеп айтып береді. Ал Ресей бұны  әлі күнге дейін құпия ұстап отыр. Тарихты тәрбиелеуге, ұлттық сананы қалыптастыруға қолдану керек.

– Қазіргі діни ахуал дәстүрлі ислам тарихын зерттеу қажеттігін көрсетті. Қазақ тарихындағы далалық исламның ерекшелігі қандай болған?

– Соңғы 20 жылда мемлекет экономикалық мәселелерге ерекше назар аударып келді де, идеология, жастар, дін мәселесі үшінші-төртінші қатарларға түсіп қалды. Міне, соның  салдарын енді көріп отырмыз. Идеология мен саясат қатар жүретін нәрсе, екеуін еш уақытта бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Осы идеологиялық бағыттағы босаңдықты шетелдік миссионерлер пайдаланып кетті. Қазіргі Қазақстанда 4500-ден астам діни бірлестіктер бар екен, олардың құрамында мыңдаған қаракөз бауырларымыз бар.  Дінге кірген адам оған жан-тәнімен беріледі, одан қайтып шықпайды. Кеңес кезінде бұрынғы молдаларды артта қалғандар, ескіліктің ізі  деп түсіндірді, тәрбие солай жүргізілді. Шын мәнінде олардың көпшілігі  рухани тұлғалар және көсемдер болатын. Қазақтың рухани тұлғалары, дін ғұламалары туралы зерттеулер жүргізілуі керек. Біздің Имам ағзам Әбу Ханифа мазхабының басқалардан ерекшелігі – күнделікті өмірге, тұрмыстық өмір салтына, ұлттық дүниетанымға бейімделуі, шариғатқа қайшы келмейтін әдет-ғұрыпқа мүмкіндік беруі еді. Ал ханбал мазхабы таза Құранға сүйенді. Осылай Құранға сүйенген Мысыр, Палестина, Сирия не болды? Бар болмысымен арабтанып кетті. Қазақ халқы әруақтарды құрметтеу, адам өлгенде оған жасалатын әдет-ғұрыптар, мысалы марқұмның  жетісін, қырқын, жүзін, жылын  беру сияқты ата-баба дәстүрін сақтай отырып,  ислам дінін қабылдады, танып-білді. Қазақ мың жылдан аса уақыт бойы ислам дінін ұстанып келеді.Исламды  көшпелі өмірдің ерекшеліктерімен ұштастыра білген  Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың,  ислам қағидаларын заманға сай реттеген, сәйкестундіріп отырған  сопылар мен ишандардың жолынан қалай бас тартамыз? Сопылықтың соңғы өкілдері - ишандар Сыр өңірінде өмір сүрген. Ишандар 10-15 жыл діни білім алып, ілім үйренген, ерекше қасиетке ие, өздерін таза ұстаған, Құранды жақсы білген. Оларды діннің академиктері деп айтқан болар едім. Кеңес өкіметі оларды 30-шы жылдары түрмеге жапты, жер аударды. Ал ишандардың жолын жалғастырған ұрпағын мақсымдар деп атады. Мен бала кезімде соңғы мақсым атаны көрдім, қолына су құйып  батасын алушы едік.

Алашқа айтар датым!
 ХVІІІ ғасырда Ресейдегі университетте  орыстың тарихы орыстың жастарына неміс тілінде оқылған. Өйткені ғалымдардың бәрі дерлік немістер болатын. М.Ломоносов солармен күресе жүріп, былай деп жазған екен: «ұлттық сананы оятуда тарихтың рөлін ешбір қоғамдық ғылым атқара алмайды». Сондықтан да қоғамдық ғылымдар арасында тарих бірінші орында тұруы, ерекше көңіл бөлінуі, бірінші басшының тікелей назарында болуы керек. Тәуелсіздік алған қиын-қыстау жылдары көптеген талантты, кәсіби тарихшылар басқа салаларға: бизнеске, дипломатияға, мемлекеттік қызметке ауысып кетті. Ең қиыны сол, 20 жылдай аралықта буындар арасында алшақтық пайда болды. Аға буынның орнын басатын жас буын өте аз. Нағыз тарихшы кадрлар дайындау ісі менің ойымша, мемлекеттің басты басымдық көрсететін бағыты болуы тиіс.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста