Қазақ тілі – әлемдегі сөйлеушісі ең көп 70 тілдің бірі
Бақытжан ХАСАНҰЛЫ, социолингвист, филология ғылымының докторы:
– Сіз қазақ әлеуметтік лингвистикасының тұңғыш өкілі ретінде өзіңіздің бар еңбегіңізді, ерік-жігеріңізді ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуына арнадыңыз. Сондай-ақ тілдердің үштұғырлығы атты жобаны дамыту ісінің басы-қасында жүрсіз. Бірақ бұл істі кейбір ұлтжанды азаматтар қолдамайды. Осыған қатысты уәжіңізді ашып айтсаңыз.
– Біз белгілі бір мәселеге «пәлен айтты, түген айтты» деп қарамауымыз қажет. Біз осы мәселе керек пе, жоқ па – соны білуіміз керек. Оған дүниежүзілік тұрғыдан қараған жөн. Мен үштілділік мәселесіне арнап, алғаш баяндама жасаған адаммын. Осы жөніндегі Елбасының сөзінен кейін Оралда ғылыми конференцияда жасаған баяндамам басқосу аяқталғанша кітап болып басылып шықты. Бұл орайда басын ашып алатын бір нәрсе бар: біздің кейбір ғалымдарымыз Елбасының «триединство языков» дегенін дұрыс аудармады. Бар гәп – осында. «Тілдердің үштұғырлығы» деген – мүлдем дұрыс аударма емес. Елбасымыз үш тілдің қатар қолданылуын қалыптастыруды меңзеген болатын. Бұл үшін тұғыр біреу болуы керек. Сондықтан жұрт не десе, о десін, мен бұл жобаны үштілділік деймін. Сонымен, үштілділік керек пе, жоқ па?
Сәл ертерек, бірақ керек. Қай тұрғыдан қажет? Адам үш тілді бірдей тең дәрежеде білуі мүмкін емес, оларды қажеттілікке сай алма-кезек қолдана алатын деңгейде болса, сол жарайды. Ал үшеуін де бірдей дәрежеде меңгеру керек деген пікір – орынсыз, әдетте адам бір тілді басым меңгереді. Қостілділік деген де сол сияқты. Біздің Алаш зиялыларының кез келгені қос тілді қатар меңгерген. Бірақ бәрі де қазақ тілін артық білді. Сондықтан үш тілді біріктіретін бір тұғыр бар, ол – еліміздің тіл саясаты. Ал бізде қажеттілік бар ма, жоқ па, оған қарамастан, «ана жерде орыс отыр, мына жерде еврей отыр екен» деп орысша сөйлеп, жалтақтайтынымыз бар. Бұл – біздің жалпақшешейлігіміз, ұлттық кемшілігіміз. Үштілділік пен қостілділікке қатысты еңбектерім көп, осы мәселенің егжей-тегжейі сол кітаптарда толық жазылған. Және ондағы теориялық дәйектерді шетелдің ғалымдары да қолдап жүр.
– Ағылшын тілін үйрену дегеннің өзі орыс тілін меңгеруден кейінгі үшінші саты сияқты көрінеді. Өйткені қазақ тілді әдістеме мен ағылшын тілін байланыстыратын аралық дәнекер – орыс тіліндегі оқулық құралдар. Қазақтілді адамның ағылшын тілін тікелей үйренуіне мүмкіндік беретін тетіктерді дамытуға неге көңіл бөлінбей жатыр?
– Жоқ, ағылшын тілін орыс тілі арқылы үйрену мен үйрету дұрыс емес. Ол қазақ тілі негізінде ғана болуы керек. Ағылшынша үйрететін оқулықтар неге орысша болуы қажет? Бұл – біздің қазіргі білместігіміз. Ағылшын не басқа да шетел тілін оқытқан кезде тілдік ерекшеліктер, мысалы, род – тек категориясы қазақ тілінде қалай деген тұрғыдан түсіндірілуі тиіс. Яғни өзге тілді қазақ тілінің негізінде оқыту қажет.
Ағылшын тілін қазаққа орысша түсіндіру арқылы үйрету дұрыс емес. Бұл жерде ағылшын тілінің қазақ тілін жетік білетін маманын даярлауды күшейту керек. Қазақ тілін оқытқан кезде, оның қоғамдағы жеке қолданылуын есте ұстаған жөн. Екіншісі – оны үштілділіктің бір сыңары ретінде қолдану. Осы жерде бізге біртілділік, қостілділік пен үштілділіктің қайсысы тиімді дейтін болсақ, әрине, біртілділікке жететін ештеңе жоқ. Бірақ бір тілдің аты – бір тіл. Әлемде біртілділігі мықты қалыптасқан 10-15 ел бар. Мысалы, Жапонияда – жапон, Кореяда – корей, Германияда – неміс тілі. Қалған халықтардың барлығында қос немесе үштілділік қалыптасқан. Айта кететін бір жайт, Сингапурда қытайлардың саны көп болғанымен, олардың дені ағылшынша сөйлейді. Өйткені халқы сол арқылы байып отыр. Бірақ сол Сингапурда төрт телеарнаның бірі күндіз-түні қытай тілінде сөйлейді. Бізде ондай бар ма, жоқ!
– Сөзіңізді бөлейін, сіз айтқан үштілділік қазақ тілінің әлем тілдерімен бәсекелестігіне қаншалықты әсер етпек?
– Қазір дүниежүзінде қанша тіл бар дегенді де көпшілік нақты біле бермейді. Француз ғалымдарының «әлемде алты млрд халық, 6551 тіл бар» деген мәліметі жиі айтылады. Оның өзі дұрыс емес. Негізі, 8,5 мыңдай тіл бар. Егер диалектілерді қосатын болсақ, әлем халықтары тілдерінің ұзын-саны 20 мыңнан асып кетеді. Осының жуан ортасында қазақ тілі болуы керек! Ол үшін қазақ тілінің сөйлеушісі көп болуы қажет. Қазірдің өзінде бұл тіл – әлемдегі сөйлеушісі ең көп 70 тілдің бірі. Бұл тегін емес. Қазақ тілінің даму мүмкіндігі мол. Бізде туу, табиғи өсім көп. Қазақ тілі соның негізінде күшейе бермек. Ана тіліміздің әлем тілдерімен деңгейлес дамуына тағы қандай жағдайлар жасалған дейтін болсақ, біріншіден, табиғи байлығымыз жеткілікті.
Екіншіден, географиялық орналасуымыз жақсы. Үшіншіден, мемлекетіміз – емін-еркін дамып келе жатқан егемен ел. Әлемнің елу бәсекелес елі қатарына қосылудан үмітті. Мен осы бәсекені қолдаймын. Біздің табиғатымыздың өзі бәсекеге бейім. Міне, осы тұрғыдан алғанда, үштілділіктің қажеттілігі де сонда. Бәсекеге қабілеттілікке сол орыс, ағылшын тілдерін пайдалана отырып, еркін жетуге болады. Бірақ бұл – оған жетудің негізгі жолы емес, екінші жолы. Негізгі жолы – қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде Қазақстанның атынан кез келген жерде қолдану. Біздің басшылар қай елге барсын, негізгі тілдің иесі ретінде қазақша сөйлеуі қажет. Кейбір елдерде халқы өз тілінде сөйлемеген басшыларын қатаң сынайды. Негізі, тілдің бәсекеге қабілеттілігі сол тілде сөйлеуші халықтың діліне байланысты.
Бір мысал келтірейін, Кемал Ататүрікке дейін түрік тілінің халі мүшкіл болды. Тіпті бұл халық өздерінің түрік екендігі үшін ұялатын дәрежеде еді. Кейін Кемал Ататүріктің беделі мен істеген ісі арқасында ол халық өздерінің рухын, ұлттық құндылықтарын асқақтата бастады. Сол сияқты Испания жұрты «бөтен адам болма, өз тіліңде сөйле» деп, испан тілін ұлықтап жүреді. Бізде осы жағы жетіспейді. Бірақ тегіміз – мықты, енді әлемдік қауымдастықта тілімізді насихаттай білуіміз қажет.
– Мемлекет бар жағдайды жасап отыр, бірақ қазақ тілі қолданысын кеңейтуде үгіт-насихат бар да, нақты іс жоқ, мемлекеттік мекеме-кәсіпорындарымыз әлі күнге дейін қазақшаны судырата алмай келеді...
– «Тіл туралы» заңның жиырма жылдығы атала бастады. Бұл заңда көрсетілгендей, оның орындалуына бірінші басшы жауапты. Сондықтан мемлекеттік тілдің тиісті деңгейде қолданылмай жатқаны мемлекеттік қызметкерлердің заң алдындағы жауапкершіліктерінің болмағандығынан дер едім. Олар мемлекеттің емес, аппараттың мүддесін көбірек ойлайды. Көрдіңіз бе, әңгіме қайда жатыр. Барлық заңды мемлекет жасайды, халық қолданады. Мен ірілі-ұсақты 35 еңбектің авторымын. Олар, негізінен, мемлекеттік тілге арналған. Екінші кезекте – тіл теориясы. Жалпы, тіл білімі бар, тіл теориясы бар және жалпы тіл білімі теориясы бар. Осыларды білмеген адам қазақ тілін өмірде дамыта алмайды.
Менің «Ана тілі – ата мұра» (Алматы: Жазушы, 1982. 272 бет) атты еңбегімде қазақ тілі өмірдің 108 түрлі саласында қолданылатыны анықталды. Бір кездері «орыс тілі қоғамдық өмірдің – 40, қазақ тілі 10 саласын қамтиды» деген пікір болды. Бұл – мүлде қате, жаңсақ пікір. Өмірде қанша сала болса, тілдің қолданылу мүмкіндігі де сонша болады. Қазақ тілінің өзінің жеке қолданылу мүмкіндігі үлкен – көркем әдебиет саласында, театр, білім, денешынықтыру, дін салаларында, тіпті Президент аппаратынан бері қарай есептегенде, ондаған саланы қамтиды. Ғарышта Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев қазақша сөйледі, міне, қазақ тілі жер астындағы мұнайдан бастап, сонау ғарышта да қолданылады деген сөз. Қазір еліміздегі қазақтардың саны 70 пайызға келіп қалды. Яғни үш адамның екеуі қазақ деуге болады.
Демек, өзге халық өкілдерінің де қазақтармен қазақша сөйлесіп кететін мүмкіндігі әлдеқашан туған. Қуғын-сүргінге ұшыраған ата-бабаларымызды Колыма деген жерге апарды ғой. Сол жерде өскен шуван деген халық бар. Орыс зерттеушілері олардың тілін «ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында саха мен долган тілі ықпалынан жойылып кетіп, «өлі» тілдер қатарына қосылды» деп жазды. Бірақ мен «Языки народов Казах- стана: от молчания к стратегии развития (социопсихолингвистические аспекты) (Алматы: Арда, 2007. 384 бет) деген кітабымда Қазақстанда шуванның 375-тен астам өкілі бар екенін белгілеп, сол тілі «өлі» деп саналған халықтың өзінің қазақ тілін білетінін анықтадым.
Тағы бір мысал – қазақ тіліне деген шетелдіктердің көзқарасы. Кезінде анау поляк революционері Адольф Янушкевич 1840 жылдары Барақ сұлтанның алдында өткен қазақ әскерінің парадын тамашалаған. Қазақ жеріне аз ғана уақытқа келгеннің өзінде ол күнделігіне «біздің ораторларымыздың бәрі түк емес екен, нағыз мықты халық қазақтар екен» деп жазды. Айталық, кішкентай ғана Дағыстанда 42 түрлі тіл бар. Ал біздің ұлан-ғайыр даламыздың қай аймағындағы қазақ болса да, бәрінің тілі – бір, пәлендей айырмашылық жоқ.
Міне, бұл қазақ тілінің мүмкіндігінің қандай екенін көрсетеді. Мен қазір орыс тілінде «Казахский менталитет: в языке и речи» деген кітап жазып бітірдім. Бұл өзімнің өмірдің барлық саласына қатысты жеке бақылауымнан тұрады. Қазір Парламентте қазақ толып отыр. Бірақ оның ішінде өзі қазақ бола отырып, қазақтың құрмет-қошеметін көріп отырып, «қазақша сөйлейін» дейтіндері көп емес. Менде ондайлардың тізімі бар. Өзімнің жаңа еңбегімді қазақтар, Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері мен «қара Ивандар» оқысын, көзі ашылсын деп, орыс тілінде жаздым.
– Орыстілді шенеуніктеріміздің дені қазақша сөйлеуге қанша тырысса да, әлі сауатты деңгейге жете алмай, содан өзі қорынып, үйреншікті орысшасын қолдана беруді жөн санайтыны ақиқат. Бұл психологиялық кедергінің жойылуына келгенде сіз оптимистік көзқарастасыз ба?
– «Көп қорқытады, терең батырады». Егемендіктің дәмін татқан еліміздің үштен екісі қазақ болып тұрғанда, мен астын сызып айтайын, жоғары жақтағы басшылар осы мәселеге мықтап көңіл бөлетін болса, бас-аяғы бір-екі айдың ішінде мемлекеттік аппарат қазақ тілінде сөйлеп кетеді. Бірақ қазір жоғары жақтағылардың талабы ойдағыдай емес. Бізде Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы бар. Әдістемелік тұрғыда көп жұмыс атқарып келе жатқан сол орталықтың ісі күшею үстінде. Облыс орталықтарында бұл іске жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарын қатыстыру керек. Сонда ғана насихат бұқараға жетеді.
– Сөз соңында, сізге жақында берілген А.С.Пушкин атындағы алтын медаль жайлы айтсаңыз... Халықаралық орыс тілі мен әдебиеті пәні оқытушылары қауымдастығының дүниежүзінде орыс тілінің қолданысын кеңейтуге зор үлес қосқаны үшін тағайындайтын сыйлығы қазақ тілі жанашырына қалай берілді?
– Мен 1976 жылы «Языки народов Казахстана и их взаимодействия» деген кітабымды шығардым. Бұл кітап шетелдерге көп тарап, жақсы қабылданды. Кезінде ол әртүрлі қадағалаушы мекемелердің елегінен де өтті. Сол жылдардан бастап, менің негізгі тақырыбым – қазақ тіліне қоса, екінші тақырыбым – орыс тілі, үшіншісі – қалған тілдер болып қалыптасты. Осы жұмыс барысында мен орыс тілінің орыстың отанынан тыс жерде қандай дәрежеде дамуы керектігін көп зерттедім. Мысалы, Ресейдегі орыс тілі – бір бөлек, Өзбекстандағы, Қазақстандағы, Гүржістандағы орыс тілі – бір бөлек.
Осыдан екі жыл бұрын Бішкекте орыс тілінің дүниежүзіндегі дамуы мен қоғамдық қызметіне қатысты ғылыми конференция болды. Сонда Ресейдің бес ғылым докторымен, шетелдік көптеген ғалыммен бірге мен де баяндама жасадым. Мен орыс тілін өзге елдерде дамытуда екіжақты қостілділік қағидасын ұстану керектігіне назар аудардым. Яғни өзбек, қазақ, қырғыз, тәжік сияқты халықтарға орысша үйретудің сипаты біржақты болмауы тиіс. Оларға орыс тілін үйрету үшін сол тілді үйретушілер әлгі халықтардың да тілін меңгеруі қажет.
Осындай екіжақты реакция арқылы ғана тілді оқытуға болады. «Мұнсыз орыс тілі өркендемейді, 2025 жылы оның қолданылу мүмкіндігі әлдеқайда кемиді» деп қорқытып қойдым. Менің көздегенім – орыс тілін дамытқан бола отырып, оның үстемдігін шектеу. Осы конференцияда менің баяндамамды орыс және шетел филологтары жоғары бағалады. Мына алтын медальға сол конференцияда орыс тілін орыстардың жергілікті халықтар тілін білуі арқылы, яғни орыс қостілділігі арқылы дамытуға болады деген тұжырымдарымды қолдау барысында ұсынылдым.
Алашқа айтар датым...
Қазақстанда мемлекеттік тілді дамытқымыз келсе, тілдердің дүниежүзілік даму заңдылығын білуіміз қажет. Тіл екі түрлі бағытта – қоғамның ықпалымен және өзінің ішкі заңдылығы арқылы дамиды. Біз осы құбылыстарды басшылыққа ала отырып, Қазақстан аймақтарын қамтитын социолингвистикалық және психолингвистикалық зерттеу жүргізуіміз керек. Соның нәтижесінде басшылыққа ел ұстануға тиіс нақты тілдік бағыт-бағдарды белгілейтін ұсынымдар жасалуы керек. Мемлекеттің босқа шашылып жатқан ақшасының бір бөлігі аталған тілдік зерттеулерге жұмсалса екен деймін. Бұқаралық сипаты бар зерттеуге негізделген мемлекеттік тілді жоспарлы дамыту ісі қолға алынбаса, тіліміздің жағдайы баз баяғы «ит үреді, керуен көшеді» күйінде қала береді.