Қазақ пен қырғыз шығармашылық жағынан жақындасып, рухани тұтасуымыз қажет
Күмөндөр АБЫЛОВ, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Шаршен» атындағы сыйлықтың иегері:
– Алатаудың арғы жағы мен бергі жағын жайлаған қазақ пен қырғыз ежелден төскейде малы, төсекте басы түйіскен ел екендігімізді айтамыз. Бүгін де міне осы бауырлас екі елдің баласы бір үстел маңына жайғастық. Аға, сізді қырғыз жұрты өзінің ірі сатиригі, айтулы тұлғасы санаса, қазаққа да жат емес, таныс тұлғасыз. Естуімше, екі елдің қарға тамырлы туыстығы жайлы үнемі шежіре талдап отыратынға ұқсайсыз. Соныңызбен бөлісе отырмас па екенсіз?
– Газеттеріңіздің аты да Алаштан басталады екен, біз де сол Алаштан тараған бір елміз. Алаштың Жайылхан деген ұлы болыпты: бірі – Қазақ, бірі – Қырғыз, бірі – Сазақ, бірі – Разақ. Алдыңғы екеуі белгілі, ал Сазақтан қыпшақтар туылыпты. Қыпшақтар қазір өз алдына мемлекет емес, олар бүгінде ру ретінде қазақта да бар, қырғыздың ішінде де, өзбекте де бар, ұлты әрқалай, руы бір. Демек, олар үлкен «ағаларының» бауырында жүр, ал қарақалпақтар болса сол Разақ деген Алаштың кенже ұлынан тарайтынға ұқсайды. Міне, түбіміз сол Алаш атты бір атадан тарағандықтан тіліміз, салт-санамыз, ауыз әдебиетіміз, барлығы ұқсас. Біздің «Манаста» осы шежіре жақсы талданып, хандықтардың бәрінің түбі қайдан шыққанын түсіндіреді. Одан бергі осы заманды алсақ та, қазақ пен қырғыз қашанда тізе қосып бір жүреді. Дүниежүзінде суырыпсалма ақындық өнері екі халықта сақталыпты, бірі – қазақ, екіншісі – қырғыз. Осының бәрі – біздің тіліміздің жатық, бай, сөздік қордың молдығынан, үндестік заңының жыр құрағанға, төккенге, ақындық өнерге лайықты болғандығынан. Тіпті қажет болса, бір адам дүние салғанда соны ақтық сапарға жоқтау айтып шығарып салатын әлемде екі халық бар екен, қазақ пен қырғыз ол-дағы. Қыз ұзатқандағы сыңсу да, келін түсіргендегі беташар жыры да – бауырлас екі елдің өзге жұрттан ерекшелігі. Киіз үй, қымыз, ұлттық ойындарымыз, мақал-мәтел, барлығы да екі халықта өте ұқсас, бірінен бірін ажыратқысыз. Тіпті жаман қыры, мысалы жалқаулық жағынан алғанда да қазақ пен қырғызға теңдесер халық жоқ екен, оның айғағы «Алма піс, аузыма түс» деген мақал басқа ешбір жұртта жоқ болуымен қатар, тіпті өзге тілге аударуға да келмейді екен.
– «Манас» жырын айттыңыз, расында Манас қырғыздың батыры десек те, кезінде сол жырды қағазға түсіріп, оның Гомердің «Илиадасы» мен «Гомерінен» аспаса кем туынды емес екендігін ғылыми ортада мойындатқан Шоқан Уәлихановтай ғалым бабамыз болса, сол «Манастың» басына қауіп төнген кезең – ХХ ғасырдың ортасында қорғап қалған – ұлы Мұхаң. Осыған қырғыз жұрты қалай қарайды?
– Шоқан менен Мұхтардай қазақ тұлғаларының «Манас» үшін еңбегі үлкен, әлбетте. Ал негізі, «Манас» ол қағазға түсіріп, жаттап, соны айна-қатесіз айтатын дүние емес екен. Оны тек түсіне аян берген ерекше адамдар ғана жырлай алады, ол адам, яғни жыршы тіпті сол жырлау сәтінде тылсым әлеммен трансқа түсіп кетіп, көзіне Манастың көрінетінін, соның істегендерін көзімен көріп отырып жырлайтындарын айтады. Бізде «ақындықтың, жыршылықтың ең биік шоқысы – «Манас» айту» дейді. Қырғызда Естемес Тұрсынәлиев деген Кеңес Одағының Халық әртісі болған, сол кісіге біреулер кезінде «сіз мықты төкпесіз ғой, «Манас» айтып көрмейсіз бе?» деп сұраса керек. Сонда ол кісі «Маған Манас күлмейді, яғни трансқа кіре алмаймын, көз алдыма көрінбейді» деген екен. «Манаста» ешкімді, Семетей, Бақайларды өлді демейді, ғайып боп кетті дейді. Солар белгілі біреуге «келеді» екен де, яғни ұйықтап жатқанда аян боп келе ме, жоқ ояуында көзіне көріне ме, әйтеуір «келіп», «Манасты» айтасың» деп кетеді, болды әлгі адам содан кейін өзінен-өзі айтып кетеді. Мысалы, Тыныбек деген манасшыға қалай «келген»? Қой жайып жүріп ұйықтап жатқанда түсінде алып батыр келіп, «әй Тыныбек тұр, оян, «Манас» айт» деген. Оянғанда «түсім ғой» деп қоя салайын десе, жанында шынымен аттың іздері қалған. Қорқып қалса керек, «Манас» айтпаймын» депті, сөйтсе белгісіз кеселге шалдығады. Содан алдымен елге айтудан ұялып, далада қой қайтарып жүріп айтып, жақсы боп қалады, солайша кейін елге айтатын болады. Және тағы бір манасшы Саяқбайға көрінген, алып бейне киіз үйге кіргізіп, қымыз ішкізеді. Оянып кетіп, түсім екен ғой десе, өңіріне төгілген қымыз ізі қалып қалған. Солардың бәрі бір мистика, мына әлемнен тыс өзге бір әлеммен байланысты тылсым дүние демеске қоймайды. Екінші бір тылсым демеске лаж қалдырмайтын жайт, «Манастың» көлемі, ұзақтығы сонша, ондайды жаттау мүмкін емес жай адамға. Қазір бір таңғаларлық жайт, «Манасты» айтатын төрт жасар балалар шығып жатыр, ол бала бүгін туылған, ал аузынан көненің сөзі шығады, қалай таңғалмассың?!.
– Кеңестік кезеңде одақтың қол астындағы елдердің ақын-жазушы, жалпы зиялы қауымы тығыз байланыста болғаны рас. Қазір қайта шекара пайда болып, алмағайып заман туып дегендей, осы зиялыларымыз арасында алыс-беріс, барыс-келіс азайып кеткен жоқ па, қалай ойлайсыз?
– Шындығын айту керек, шекара деген мемлекеттік саясат үшін қойылған шартты нәрсе дегенмен, адамдардың арасына да кедергісін келтірмей қалмайды екен. Шекарадағы құжат тексеруші былай алып қарағанда өз қызметін атқарып жатыр, дегенмен сол біз секілді қарапайым адамдардың көзіне екі ағайынды бауырдың арасын алыстатқандай сезіледі екен. Шекара бекітіп, қарауылды күшейтпесе тағы болмайды, себебі өзіңіз түрлі оқиғаларды көріп жатырсыз. Сондықтан солай болды екен деп екі елде жатқан бауырлар бір-біріне ренжімеуі керек. Біздің сөзге тоқтау, сөздің асылын теруден бастап, көп нәрсеміз ұқсас, тіпті ортақ деуге де болады, сондықтан біз бір-бірімізден ешуақытта алыстамауымыз керек. Біз шығармашылық жағынан жақындасып, мәдениет алмасып, солайша рухани тұтасуымыз қажет.
– Қазақы қалжың мен қырғыз халқының көп салт-дәстүрі, фольклоры, т.б ұқсағандықтан, қалжыңдары да ұқсас болуы мүмкін, дегенмен қырғыз халқының өзіне тән күлкісі бар шығар?
– Қырғыз сатира жанрында қалпы айту деген бар, қазақша ол қырық өтірік дегенге келеді. Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай қылып айту өнері бұл деген. Айталық, ақындар бір-бірімен кілең өтірікті шебер қиюластырғанда, тіпті тыңдаушы сеніп қалатындай, сондай күлкілі әрі ойланатындай да жанр. Мұндағы талап айтушы тыңдаушыны нандырып, ұйытып әкетуі керек. Енді әрине, біз бұл жерде екі кісіні ұрыстырып, ел мен елді араздастыратын өтірікті айтып тұрмағанымыз белгілі ғой. Күлкі жанрында өзі өтірік деген бар. Мысалы, Еуропаның «барон Мюнхгаузені» болса, қазақта қырық өтірікші Тазша бала бар, ал қырғызда ол жанрды қалпы дейді. Менің тіпті бір интермедиям да бар осы өтірікке құрылған, «соғыста немістермен атысып жатып, қыс, қақаған аязда тоңып кеткен біздер бір-бірімізбен құшақтасып жатып, тұра қалып қайта атысқанбыз» деймін. Осы өтірік құрастыру жанры қазір бізде қалып бара жатыр, оған көп көңіл бұрмай барамыз. Сондықтан осы жанрды жандандырып, өтірікшілер клубын құрсақ дұрыс болар еді.
– Сіздерде әзіл-қалжыңнан құрылған қандай да бір тележобалар бар ма қазір?
– Әрине, көп болмаса да бірді-екілі бағдарламалар бар, бірақ кейінгі уақытта, шынын айту керек, елімізде бірінен кейін бірі болып жатқан төңкерістер адамдардың көңіл күйіне қатты әсер етті. Елде сондай қайғылы жағдай болып тұрған кезде адам өзі күлуге де ұялады екен. Мен бұрын ылғи «Күмөндөрдің күлкісі» деп кеш өткізуші едім, қазір екі жыл болды, оны тоқтаттым. Халықтың көңіл күйіне қарап тартынып қалдым, шыны керек. Қайғы-қасіретті де, жамандықты да уақыт емдейді деген бар ғой, қазір ақырындап барлығы орнына келіп жатыр, енді шығармашылығымды елге қайта сыйласам деген ойым бар.
– Айтқаныңыз орынды... Десек те, ұйқы, тамақ және күлкі үшеуі арсызға саналады ғой, тіпті ең ауыр қайғы, қазаның өзінде адам баласы осы үшеуін еріксіз тежей алмайтыны ақиқат. Бәлкім, қайта елдің еңсесін көтеру үшін арасында күлдіру де керек шығар?
– Сөзіңіздің жаны бар, бұлардың қай-қайсысы да – адамның билігіне бағынбайтын физикалық құбылыс. Адам күліп тұрмаса да, жылап тұрмаса да болмайды. Қаншалықты бай, дәулетті тұрса да, бір мезгіл жыламаса, іштегі ызасын шығарып алмаса, булығып, тұншығып, өзін қоярға жер таппай кетеді. Өйткені өмірдің мәні тек ақша, байлықта емес, адамның жаны деген бар ғой, ол ештеңеге тоят таппайды. Көз жасы, жылау – адамның тұншыққан жанын босататын ең мықты құбылыс. Күлкінің де сондай функциялары бар. Қанша жерден күлмеу керек болса да, кейде тіпті қазаның үстінде де күлкі қысатыны бар. Таңғаласың, ел-жұрт қайғырып, жылап отыр, ал сені күлкі буып тұр. Сен әдейі олай жасамайсың, яғни ол сенің еркіңнен тыс келіп тұр.
– Шыңғыс Айтматовтай адамзаттың алып тұлғасын тудырған қырғыз еліндегі шығармашылық адамдарының хал-ахуалы қалай? Ақын-жазушы, әнші, жалпы өнер адамдары немен, қалай күн көруде?
– Керемет десем, күлкілі естілер, ешкім оған нанбайды да, ал бірақ сонымен қатар нашар десем, онда да ол біреуге ұнаса, біреуге ұнамсыз көрінері хақ. Шүкір, оңалып келеді. Бір түйгенім, қандай қилы заман болса да, қырғыз-қазақ дастарқанын жимаған, той жасауын тыймаған халық. Ашаршылық заманында да бала туып, бір уыс бидайын қуырса да оған шілдехана жасаған. Ол тіпті қап түбіндегі соңғы уысы болса да, соны елмен бөлісуге әзір. Себебі ертең ел бар, олар әйтеуір аш қалдырмайды. Той демекші, қазір бір жылдық бюджетті бір тойға шашып, сосын дымсыз қалып, бәрін қайта бастайтындар да жоқ емес. Соны азайтсақ дұрыс болар еді. Тіпті меніңше, тойға қатысты депутаттар тарапынан сауал тасталып, басшылық арнайы шешім қабылдаса да болар еді.
– Тойды азайту турасында ма?
– Жоқ, азайту емес, жалпы тойды өткізуге реформа жасау керек. Себебі айталық қазақтың болсын, қырғыздың тойына басқа бір мемлекеттің өкілі келуі ғажап емес, келіп те жатыр. Міне, солар «айғай-шудан басқаны білмейтін қандай ел?» деп күліп кетпеуі керек қой. Сол үшін біз тойда өз мәдениетімізді көрсетуіміз керек. Ал қазір қалай? Кешкі сағат 17.00-де барасың да, түннің жарымы ауғанда әрең қайтасың. Біріншіден, уақытың кетеді, екіншіден ондағы жүйесіздіктен басың ауырады. Бармайын десең, үй иесін сыйламағандай болудан ұяласың. Той дегенде жүрегің зырқ ете түседі, ал негізінде той десе қуануың керек қой?.. Сол үшін не істеу керек? Тойды өткеру сағатын азайту керек. Меніңше, тойды үш сағаттан асырмау керек. Тойға шақырған уақыттан кемі бір сағат кешігіп бару деген ең жаман әдетті қою керек, ондайды мына заман көтермейді. Себебі мейрамханаға төлейтін әр сағатың сатулы. Қаншама адам келмегендерді күтіп тұрады фойеде. Сол жерде күтпей, келгендерді тіркесін де, сол жерде әркім тойға өз атағанын өткізіп, ішке кіріп, орнына отырсын. Асаба тойды бастасын, сосын жарты сағатты сөзге беріп әрі қарай концерттік бағдарлама болса, соған көшсін, бітті. Сосын асаба барлық үстелдердегі қонақтарды біріктіретіндей түрлі ойын, жарыстар жасасын, әйтпесе қазір тойға барсаң, сабақта отырған баладай қыбыр етпей отырасың да, танысыңа алыстан қол бұлғайсың да кетесің.
– Бұрын қырғыз ауылын «Айылым-а-а-ай» деп сондай бір кең құлашын жая, сондай бір әдемі әуезде сағынса, қазір «айылым-айылым» деп тез-тез, түсініксіз айта салатын болған деген өзіңіздің сатираңыз да бар, егер жаңылыспасақ. Елдің осынша өзгеріске түсіп, ән мен жырының да соншалықты құбылуына не себеп дер едіңіз?
– Меніңше, бұл ең алдымен, мемлекет тарапынан нақты бір идеологияның таңдалып алынбай отырғандығынан. Мейлі мұғалім бе, жоқ спортшы ма, болмаса өнер адамы болар, соларды бір ортақ нүктеде табыстыратын идея керек. Идеологиясыз қоғам жетексіз соқыр секілді, өзінше алға жүрген болады, бірақ сүріне береді. Рас, айтқандай-ақ елдің бәрі не істерін, қайда қарап бағыт түзерін білмей, өз бетінше түрлі әрекет жасауға көшті. Әнші емес, «әншімін» дегендер көбейіп кетті. Әрбірден алғанда, нағыз әншілердің алдын орап, сахнадан сыдырып та тастап жатқан жайы бар олардың. Әншінің бәрі көлеңкеде қалды, «әншімін» дегендер, яғни даусы жоқтар қолдан даусын зорайтып, кемтігін техникамен түзеп алғандар бір айда он рет шықса, нағыз әншілер айына-жылына бір көрінеді. Бірақ меніңше, ондайлардың дәуреніне көп қалған жоқ, көп ұзамай тоқтайды ол керуен де. Себебі Қырғыз елінде әншілердің жанды дауысқа көшуі жөнінде, сондай-ақ аударма әндерге де тыйым салатын заң шықты.
Ал енді сатира саласына келсек, әлгінде мен айтқандай, қалпы айтушылар арасында байқау өткізсе, тек сатира саласы ғана емес, қай жағынан ақсап жатырмыз, соны Мәдениет министрлігі сол саланы көтеруге бір идеология жүргізуі керек. Мысалы, сонау Кеңес Одағы кезінің өзінде бізде «ойбай, небары төрт-ақ ақын қалды, олар қартайған, ертең көздері кетсе, қырғыз ақынсыз қала ма?» деген үдеріс болған. Сол кезде бізде Садық Шерниязов өзі ақындар арасында байқау ұйымдастырып, сонда қомақты ақша салып еді, ақындар көбейіп шыға келді. Енді қазір манасшыларды солай көтеріп жатыр. Пәтер, көлік береміз деп қызықтыруда, шынында шығады ертең манасшылар. Сатираны да солай көтеру керек, әншілерді де.
Алашқа айтар датым...
Қазақ пен қырғызға ешқандай бір «Балаларды қорғау ұйымы» қажет емес. Себебі біз ешқашан да баласын қорламаған, баласын жылатпаған халықпыз. Бәлкім, ол АҚШ, Еуропаға керек шығар, себебі оларда қым-қуыт, небір сұмдықтар орын алып жатқаны жайлы түрлі ақпарат естиміз. Сөйткен елге әрине, балаларды қорғайтын ұйым ауадай қажет. Ал осыған дейін тып-тыныш ұйып отырған отбасына ойран салғандай, балаларымызға «егер сенің құқығыңды шектесе, тілдесе, тілегіңді орындамаса, әке-шешеңді сотқа бер» дейтіндер шығыпты. Ол не масқара?! Баланы өзін өмірге әкелген әкесі мен шешесіне қарсы қою деген сорақылықтың шегі емей немене енді? Әлі ой-өрісі толыға қоймаған, өз бетінше шешім шығару жасына жетпеген балаға әлгілердің айтқаны дұрыс көрінуі әбден мүмкін. Бұл арандатушылық қой, түбі жақсылыққа апармайды мұның. Сондықтан осындай зиянды нәрселерді елімізге кіргізбеуіміз керек. Саясатқа араласпайын десең де, ол араластырып алады да, айтпағым тіпті осындай мәселелерді қырғыз бен қазаққа бірігіп, бірге шешім қабылдау керек пе деп қалам.