Қазақ бір-бірін мойындамаса, ғылымда еш береке болмайды

Қазақ бір-бірін мойындамаса, ғылымда еш береке болмайды

Жамбыл Артықбаев, тарихшы, этнограф:

– Сізді бірнеше оқулықтың авторы ретінде танимыз. Бүгінде оқытушылар та­рих оқулықтарындағы бір мәселенің әртүрлі деректермен берілетінін айтып жатыр. Бұл не себептен? Біріздендіруге болмас па?
– Ол әртүрлі жағдайға байланысты. Мұн­дай даулы мәселелер ҰБТ кезінде шы­ғып жатады. Осы мәселеге қатысты «Қазақ­стан тарихының даулы сұрақтары мен мә­се­лелері» деген кітап жаздым. Жақын арада жарық көреді. ҰБТ сұрақтарын құрас­ты­ру­шы­ларға да, талапкерлер мен олардың ата-аналарына да қажетті кітап деп ой­лай­мын. Оқулықтардағы қателер әртүрлі се­беп­термен кетіп жатады. Ең алдымен, ми­нистр­лікте оқулықтарды бір ізге түсіруге деңгейі жететін орталық немесе үлкен тұлға болуы керек. Бұл, әсіресе, тарих оқулық­та­ры­на қатысты. Тіпті болмағанда мықты ав­тор­лық ұжым жинап, тұжырымдама мен бағдарлама жа­сал­ғаны жөн. Бізде осы күнге дейін бұл шаруа кез­дейсоқ адам­дар­дың қолына түседі. Мы­салы, бағдарлама жа­сау бір басшыға тап­сы­рылады, ол оны деканат деңгейіне жібереді, ол кафедраға сілтейді, кафедра басшысы доценттердің біріне тапсырды делік, доцент оны өзінің шә­кіртіне береді. Ең ақырында бағ­­дар­ла­ма­ны сол кафедрада отырған ла­бо­рант қыз жасайды. Осылай дайындалған бағ­дарлама бойынша оқулық жазуың керек. 5-ші сы­нып­тың «Қазақстан тарихынан әңгі­ме­лер» атты оқулығын жазу барысындағы бағ­­­дар­ла­маға қарасақ, қола дәуірі – «Ан­дронов», ерте көшпелілер кезеңі «Сақтар – құдіретті еркектер» деп аталады. Бағ­дар­ла­маны ұс­тан­­басаң – жоғарыдан, ұстансаң төмен­нен таяқ жейсің. Кез келген сауатты қазақ аза­ма­ты «осы сендер Андроновты неге оқу­лық­тың бәріне тықпалай бересің?» деп бізді сөгеді және айтатын уәждері орынды. Бұл – ХХ ғасырдың басында оқулықтарға ар­хео­логия тарапынан енген шартты ұғым, бірақ қола дәуірін «андронов» деп оқыған қазақ баласының басында бірден өз та­ри­хы­нан бөтенсу басталады. Ал «Сақтар – құ­ді­ретті еркектер» 5-ші сынып баласы үшін тіпті дө­рекі, өрескел. Бағдарлама шамасы ал­ды­мен орыс­ша жасалған, «Сақтар – құ­ді­ретті ер­кек­тер» деген жазушылар ара­сын­дағы ай­на­лымда бар «Саки-могучие мужи» сөзінің қа­зақша баламасы.
Осындай кезде тығырықтан шығудың бар­лық амалын жасап, әйтеуір дұрыс оқу­лық жаздым-ау деп жоғарыға ұсынасың. Олар са­рапшы белгілейді, онысы білікті бо­лып шықса – қуаныш, ал дұрыс болмай, «бұл сурет­те Дж.Кестель әдейі ханымызға жа­лаңаш етіне күпі, басына тымақ кигізіп, тө­меншіктетіп қойған шығар, суретті сол қалпында бере салған не жорық» немесе «тарихтың бастауында тұрған Геродот грек халқынан, Сыма Цянь қытай өкілі екенін ай­тып, ал өзіміздің Рашид-ад-диннің қай ха­лық екенін неге жазбайсыңдар» деп шық­са, онда апат болғаны. Бұл шаласауатты са­раптамаға тек шаласауатты жауап керек. Кәсібилік, ғылымға адалдық бұл жерде арам қатады.
Осы бөгеттен өткен соң, алдыңнан бас­па­­ның редакторы шығады. Мәселен, мен өзім­нің оқулықтарымда Тәуке хан 1715 жылы қайтыс болды деп жазамын, себебі қо­лымда мұрағат дерегі бар. Редактор ал­дында жатқан бес томдық академиялық басылым болып табылатын «Қазақстан та­ри­хына» қарайды. Онда Тәуке хан 1718 жылы қайтыс болды деп жазылған. Ре­дак­тор соны көреді де, «Артықбаев қателескен екен» деп, 1718 жылға түзеп қояды. Ал «1718 жылы» де­ген дерек қайдан шықты? Ол  ХІХ  ғасырдың басында А.И.Левшиннің жі­берген қатесі. Мен ХVІІІ ғасыр тарихынан докторлық қорғағандықтан, осы кезеңді жақсы білемін. Ал тарихшылардың біразы әлі күнге дейін Лев­шин­нің дерегін пай­да­ла­нады. Осылайша дайындалған  оқулық  оқыр­манға ұсыны­ла­ды. Міне, оқулық­тар­да­ғы әртүрлілік деген осы­­дан шығады.
Оқулықтарда кететін қателіктерге кейде уақыттың тығыздығы да себеп болып жа­та­ды. Авторларға уақыт өте аз беріледі. Ма­ған 2007 жылы «Қазақстанның орта­ға­сыр­лар тарихынан» оқулық жазуға ұсыныс түсті. Авторлық ұжыммен жұмысқа көкек айын­да кірістік. Маусымда баспаға беру керек. Үлгеруін кешеуілдеп болсын үлгер­дік, бірақ қаншама күш кетті, сол оқулық уа­қытында шықпады, әлі баспада жатыр. Авторлық ұжым­ды жөнді-жөнсіз сынау көп болды, со­дан олардың біразы шыдамай, кетіп қа­ла­ды. Бізде сапалы, сауатты оқулық жаза ала­тын ғалымдар мен әдіскерлердің тап­шы­лы­ғы қазір басталды. Ақшасы онсыз да аз. Олар­дың көз майын ағызып бір-екі жылда тапқан қаламақысын жоғарыда отырған шенеунік бір-ақ сағатта табады. Жақсы оқу­лық жазу үшін тұрақты авторлық ұжым мен кемі 10 жыл уақыт қажет.
Тағы бір мәселе, оқулық, ең алдымен, қазақ тілінде жазылып, содан кейін орыс­ша­ға, өзбекшеге, ұйғыршаға аударылуы ке­рек деп есептеймін. Мен жоғары және ар­найы орта оқу орындарына арналған мем­лекеттік «Қазақ­стан тарихы», «Этно­ло­гия» оқулық­та­ры­ның авторымын. Қазақ­стан тарихынан бір­неше оқу құралдарын, эн­циклопедиялық анықтамалықтарды жаз­дым. Оларды жазу да, шығару да оңай емес. Салыстыра келе, дүниедегі ең қиын жұмыс мектепке арнап оқулық жазу деген пікірге келдім.
– Сол тарих оқулықтарында Қазақ хан­дығының құрылу мерзімі де әртүрлі бо­лып кездеседі. Бұған не айтар еді­ңіз?
– Қазақ хандығының құрылуына бай­ла­нысты қазіргі таңда он шақты дата бар. Біреуі 1456 жылы құрылды десе, енді біреуі 1462 жылы дейді, бірі 1465 дегенді ал­ға тартады. Тағы сол сияқты Қазақ хан­дығы 1467 жылы немесе 1470 жылы құ­рыл­ды деген де де­рек­тер бар. Осы жерде, ра­сымен де, «бұған не істеу керек?» деген заңды сұрақ туады. Та­рих­та әрбір кезеңге жауап беретін тарихшы ма­ман­дар болады. Бізде Қазақ хандығы дәуі­рі­нің тарихына тікелей атсалысып жүрген та­рихшылар жоқ емес, бар. Бірақ, өкінішке қа­рай, аз. Мәселен, Қазақ хандығы бойынша Берекет Кәрібаев деген тарихшы бар. Былтыр докторлық диссертациясын қорғады. Қазақ хандығы қай жылы құрылды деген мәселеге сол жауап беруі керек. Ал қалғандарымыз негізгі маманның пікіріне сүйенуіміз қажет. Мәселен, мен ХVІІІ-ХІХ ғғ. тарихындағы мәсе­лелерге жауап беруге тиістімін. Себебі мен сол кезең бойынша қорғадым. Қазақ та­ри­хына осындай жүйе керек. Әр кезеңнің беделді тарихшылары болуы керек, жұрт оны мойындауға тиіс. Қазақ бір-бірін мойын­да­маса, ғылымда еш береке болмайды.
– Ендеше, мұндай түрлі датаға жол беруі тарихшылардың арасындағы жүйесіздік дейсіз ғой...
– Бізде кеңес дәуірінде партия тарихынан диссертация қорғағандар көп болды. Кейін Тәуелсіздік алған кезде олардың бар­лығы Қазақстан тарихы маманы болып шыға келді. Балтық жағалауы елдерінде Тәуел­сіз­дік алған бетте партия мен кеңес тарихынан қор­ғаған жұмыстардың бәрін жоққа шы­ғарды. Былай­ша айтқанда, дипломдары түк­ке жа­ра­май қалды. Ал біз барлығын Қазақ­стан тари­хы­ның маманы қылып жібердік. Өмір бойы пар­тия тарихымен, кеңесті мақ­тау­мен ай­на­лысып келген адам азаматтық тарихқа түсуге мәжбүр болды. Міне, біздің жағ­дай осы се­бепке байланысты күр­де­лен­ді.
– Сонда енді не істеуіміз керек?
– Тарихты ойыншыққа айналдырмау үшін күресу керек. Бүгінгі күні елдің бәрі та­рих­шы, солардың «арқасында» ғылымға Тауа­сарұлы, Қожаберген жырау, Өтейбойдақ «шы­ғар­малары» еніп барады. Аджи, Бахти, Данияров т.б. секілділер «танымал тарих­шы­лар­ға» айналды. Әуесқойлар «Шыңғыс хан – қазақ» т.б. деп жер жүзіне жар салады, кәсі­билер болса «сен тимесең, мен тимен, ба­дырақ көз» деп жалған дүниемен келісе саламыз. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» ер­теңгі күні қылкөпір болмай қоймайды. Осын­дай принципсіздіктен қазір тарих­шы­ларды басынып, кім көрінген тарих жазатын, кім көрінген ақыл айтатын болды. Әр кезең­нің қиыншылықтары болады, ол – заңды. Жал­пы, қоғамымыздағы ең өзекті проб­ле­ма­ның бірі – кәсібилікті жоғалту. Ел, ең бірін­ші, кәсіби тарихшыларын ардақ тұтуы ке­рек.
Алдыңғы жылы «Қазақстан тарихы» оқу­лы­ғын жазайық деп министрлікке 20 шақты адамды шақыртыпты. Басында кітапты екі-үш-ақ  адам жазатын  шығармыз деп ой­ла­ғам. Жоқ, бәрі де жазамыз деп шықты. Сөй­тіп, 20 адам да кітаптың авторы болуға тілек білдірді. «Қойшы көбейсе, қой арам өледі» де­ген­дей, ақыры кітап та шықпай қалды. Ғылыми атағы бар адамдар көп, тарихқа тер төгіп, осы ғы­лым­ның қиындығын көріп жүр­ген кәсіби тарихшылар аз, соларға жауап­кер­ші­лік ар­тылып, солардан талап етілуі керек, сон­­дай-ақ оларға бар жағдай жасалғаны жөн. Ресей­де ХІХ ғ. басына дейін жүйелі тарих бол­­маған ғой. Ескі жылнамалармен, Г.Мил­лер сияқты неміс ғалымдарының жазғанымен жүрген. Содан патша сарайы Карамзинге ұсыныс жасап, оған «Историограф русского импе­ра­торс­кого двора» деген атақ беріліп, сол орыс мемлекетінің тарихын жалғыз өзі жазып шықты. Кәдімгі ноғайлының биі Қара­мыр­заның тұқымы. Ал Карамзин мықты іргетас жасап беріп еді, Ресейде рухани жаңғыру үрдісі басталды да кетті. ХІХ ғасыр алтын ға­сырға айналды. Орыс идеясы өмірге келді. Олар сол рухани құндылықтармен әлі өмір сү­ріп келеді. Біз болсақ, бәріміз улап-шулап бірдеме жазамыз, бір-бірімізді мойын­да­май­мыз, ал онымыз ұлттық идея туғызу бы­лай тұрсын, тамызық болуға да жарамайды. Қазір министрлік ғылымды енді ше­неу­нік­тер­дің қолынан аламыз деп уәде беріп жа­тыр. Мен осыған аса сенімді емеспін.
– Қазіргі  білім   жүйесіне   көзқа­ра­сы­ңыз қалай?
– Біз мектепті ауылдан бастап, қалада аяқтадық. Университетте орыс, еврей, неміс­пен таласа оқыдық. Аспирант кезімізде Еуро­па­ға есік ашылып, батыс этнологиясының же­тіс­тіктерін игердік, ол кезде ғылым-білім­ге құштарлық та, талап та, әлеуметтік сұраныс та күшті болды. Сол кездерде ғылым докторларының айлық жалақысы облыстың бірінші хатшысының айлығынан көп болды, қазір әкімқаралар мен ғалымның жалақысын салыстырып қараңыз, содан-ақ білесіз ға­лымның жағдайын. Менің ойымша, білімге деген қабілет адам бойындағы қасиет секілді тек қуалайды. Әкеміз бидің баласы еді, тілге де­ген шеберлік содан дарыған болар, ал заманға «күйлемеуді» нағашымнан алған болармын. Ол кісі қазақтың соңғы пірадары еді. Біздің ел оны «пірадар жарықтық» деп отыратын. Сталинге Меккеге баруға рұқсат сұ­рап үш рет хат жазған адам. Рұқсат бер­меген соң, «Құдай жолына садақа» деп жи­наған ақшасын есігінің алдына қарияларды жи­нап, жағып жіберген екен. Өмірдің мәні «мен­ді» сақтап қалуда ғой. Абай айтқан ғой «Адамды заман сүйрейді, заманға жаман күйлейді» деп. Бір қызығы кешегі компартияға қызмет жасағандар бүгін қазақтың рухани ша­руасын белсене атқарып жатыр. А.Вебер жа­зып еді: «большевиктік жүйе қалып­тас­тыр­ған төртінші адам – ат үстінде, жаңа тұлға әлі қалыптасып болған жоқ» деп. Білім жүйе­сіне осының бәрі кері әсер етпей қоймайды. Мен «қазақ өз-өзіне келу үшін компартиядан әлі де болсын жиырма-отыз жыл алшақтау қа­жет, яғни бірер ұрпақ ауысу керек» деп есептеймін.
– Қазақ этнологиясының толып жат­қан проблемалары бар дейсіз, солар ту­ралы айтсаңыз...
– Кеңес  дәуірінде  этнография ғылымын­да көп жұмыстар басталған, бірақ қазақтың төл мә­дениетін зерттеуге мүмкіндік берген жоқ. Халықтың іші-сыртын танитын тарих ғы­­лы­­мының белсенді саласы – осы эт­но­гра­фия, оның әдіс-тәсілдерін меңгеру этносты терең білуге, болашағын көруге мүмкіндік береді. Бірақ бізде ғылымға сұраныс төмен, сол се­бепті этнографтардың біразы архео­ло­гияға, біразы тарихқа кетіп қалдық. Басқа шаруаның арасында жүріп, әйтеуір оқулығын жаздым, бірнеше зерттеу еңбектер, соның ішінде «Қазақ этнографиясының кітапханасы» деп 50 томдық дайындадым. Қазіргі этни­ка­лық қарым-қатынастарға арналған зерттеу жұ­­мы­сым дайын тұр, тек соңғы санақтың мә­лі­мет­тері түгел емес.
Кеңестік дәуірде дәстүрлі қазақ қоғамы терең зерттелмеді. Мысалы, этнографтар ру-тайпалар туралы мәліметтерді жинады да, олардың арасындағы қарым-қатынас зерт­тел­мей қалды, яғни құрам анық, құрылым белгісіз. Ал бұл құрылым қазақ этносының өзегі. Қазақ туыстық жүйемен өмір сүрген халық. Менің диссертациялық жұмыс­та­рым­ның тақырыбы – осы құрылым мәселесі. Соңғы кезде этнографиядан қызықты да тағылымды мақалалар сериясын дайын­да­сам ба деп жүрмін. Саясаттың бір сәттік сұ­ра­нымына сәй­­кес дәстүр-салттарымыз жөнінде неше түрлі нәрселер айтылады. Мысалы, біз «қазақ – қонақжай халық» дейміз. Ал айты­ңыз­шы, қонақжай емеспіз деген халық жер бетінде бар ма? Жоқ! Африка мен мұхит арал­­дарындағы адам жейтін қауымдардың өзі өзін қонақжаймыз дейді. Шетелдік әріп­те­сім еңбектерінде «Ертеде қазақтар бір-бі­рі­нен 400-500 шақырым алыс орналасқан, адам баласын сирек көретін болған соң, амалсыздан қонақжай болған» дейді. Мұны қайдан алды десем, өзіміздің қазақтарға сілтеме жасайды. Батыста «дисперсті теория» деген бар. Гренландия эскимостарының қо­нақ­жай гетеризм дәстүрлерін түсіндіру қажет­тілігінен туған. Сібірдің циркумполяр халықтарының арасында қонақжайлықтың осы түрі бар, яғни келген қонаққа өзінің не әйелін, не бойжеткен қызын ұсынатын салт.
Біздің елдің атын шетелге танытып жүрген азаматтар қазақтың тарихы мен этно­гра­фия­сын онша жетік біле қоймайды да, қо­нақ­жай­лығымызды әлемге дәлелдеу үшін Н.Ма­са­нов әкелген дисперсті теорияны пай­да­ланады. Қазақ жазда бір-бірімен мидай араласып жатады, туыстық жүйе елдің қыста да дисперсті өмір сүруіне мүмкіндік бермейді, жақын ағайын-туған, абысын-ажын бірін-бірі бірер күн көрмесе, жылап табысады. Семейдің патша заманындағы өл­ке­та­ну­шыларының бірі ағайыннан алыс кетпес үшін тобықтылардың Шыңғыстаудың қысқа жай­лы жерлерін түгел пайдаланбайтынын жаз­ғаны еске түседі. Қазақ жауынгер ел болған соң, бір-бірінің жылқысын қумай, тыныш отыр­майды. Оны қуу үшін де, қайтару үшін де маңыңда ағайының болу керек. Қыста қазақтың бір-бірінен қол үзбей, хабарласып отыратынын Мұхамед Шайбанидың жанына еріп келген Рузбеханның «Бұқарлық қонақ­тың жазбалары» кітабынан оқыңыз. Қақаған қыста Жәніш сұлтанның ұлысынан отыз мың жауынгер бір сәтте жиналды дейді: «Когда раз­несся слух о приближении войска султа­нов, люди улуса Джаниш-султана собрались на одном месте. Число их превышало трид­цать тысяч человек...». Осы сурет Грен­лан­дия­ның қар астынан аюдай апан (иглу) қазып алып жан сақтап отырған бейшара дис­персті эскимосына ұқсамайды ғой.
Қазақтың төзімділігін шыдамдылық пен жалпақшешейліктен қалай ажыратамыз, бұл да зерттеу тақырыбына сұранып тұр. ХVІІІ-ХІХ ғғ. басындағы деректерді қарасақ, отар­лау­дың қасіретіне қарамастан, қазақ өмірінің қатал ережелері, өзара ынтымағы көзге ұрады. Бұл – қазақтың Орталық Азияда кере­мет өскен және белсенді қимыл жасаған уа­қы­ты. Қазақ шығыста Алтай тауын айнала қон­ды. Біздің ата-бабаларымыз Орал тауын бөктерлеп, Ертіс пен Обьті өрлеп, Ібір-Сібір жеріне еніп кетіп, орыстар ол жерден қазақты қайтара алмай дал болды. Қазақ батыста түрік­менді Маңғыстаудан ығыстырып, Кас­пийді екі жағынан да айнала бастады. Сыр мен Әму арасындағы сарт-тәжік қалалары қалың қазақтың қоршауында қалды. «Қазақ тарихының Геродоты» атанған А.И.Левшиннің өзі қазақ мінезінің қызбалығын, намысқа тисе қан ішетінін жазады. Сол кезеңдегі тари­хи-этнографиялық әдебиетте қазақтың өзге жұрт­қа сыр ашпайтын беріктігіне толып жат­қан қызықты мысалдар келтірілген. Ертіс бойы орыстарының қазақтанып, асси­ми­ля­ция­ға түскені туралы баспасөз бетінде бай­ба­лам көтерілетіні де осы кезең. Ресей шекара бастықтары қазақ сұлтандарының орысша біліп тұрып, келіссөздер кезінде тілмаш талап ететінін ызалана жазады. Олардың ойынша, тілмашты қазақтар қулықпен талап етеді: біріншіден, әр жауабына ойлануға мүмкіндік алады, екіншіден, мәселе шешілмей дау туса, оны тілмаштың дұрыс аудармағанына жаба салады. Мүмкін, бұл рас та шығар, бірақ мә­се­ле талап етуде болып отыр ғой. Осы біз қан­дай халықпыз өзі? Бүгінгі күнгі жағ­дайы­мыз туралы не білеміз, батыспыз ба, шы­ғыс­пыз ба, өз дәстүрімізден бірдеме қалды ма? Қазақта ертеде басы бос бойдақ әйел, қаңғыған жетім болмағаны анық, қазір неге осы­лар көбейіп кетті? Қазақтың «асырап алу» деген үш сатылы салты бар еді ғой, ол неге ұмытылды? Тіпті қазақтың қымыз ішу дәстүрінің өзі неге тұрады, жолаушы бо­са­ға­дан аттағаннан бастап толып жатқан ғұрыпты сақ­таса, «мінекейіңіз», «бұйыртсын» болса ғана құрметті.
Сонымен бірге Қазақстандағы кіші этнос­тардың тарихы мен тағдыры да қызық, әлем­дегі этносаралық қақтығыстар да біз үшін керек тақырыптар. Неге Еуропаның орта­сын­да, байлыққа бөгіп отырған Бельгия екіге бө­лінейін деп жатыр, неге Испания Каталония мен Басконияға алаңдай береді? Неге Маг­риб этностары өз корольдері мен пре­зи­дент­те­рін тақтан қуып, жауапқа тартып жатыр?
– Қазір қандай мәселемен айналысып жүрсіз?
– Қазір  бір тақырып аса қатты қызық­ты­рып жүр. Есім хан заманында Арыстан аталық де­ген белгілі тұлға бар, оның Барқы деген ұлы Тәу­ке ханның тұсында аталық болса, Бар­қы­ның баласы Нияз Әбілмәмбет ханның зама­нында аталық болды, яғни хан жанын­да­ғы ақыл­шы, ханзадалардың тәрбиешісі. Қазір Қазақстан тарихы оқулықтары мен Қазақ мемлекетіне қатысты зерттеулерден «аталық» деген сөзді кездестірмейсіз. Оның не екенін тарихшылар біле де бермейді. Сол аталықтар институты қызықтырып, «Аталық әулеті» деген кітапты дайындауға кірістім.
Одан басқа қазақтың шежіре-аңыздарын орысшаға аударып, тәпсірлеп қойдым. Ала­ша ханнан бастап Кенесарыға дейінгі бірнеше мыңжылдықтың тарихы суреттеледі. «Төре­лер шежіресі» қазақ тілінде көлемді еңбек болып шығатын түрі бар. «Ертіс бойын­дағы жер-су атаулары» жазылуда. Бұл – аса қызықты тақырып. Алтайдан бастап Солтүстік мұзды мұхит аралығындағы толып жатқан топо­ним­дерді жинақтап, этимологиялық талдау жасауды көздейді.
Қысқасы, басқа да жазылып жатқан не­ме­се баспаны күтіп тұрған бірнеше дү­ние­лер бар, бұйыртса, ертелі-кеш оқырманға бір же­тер. Жалпы, жазам деген ғалымға қазақ та­рихында тақырып көп, тек түсінуші, қол­дау­шы, демеуші азаматтар табылсын де.
– Әңгімеңізге рақмет.

Алашқа айтар датым...
Ертеде мынадай қағида болатын, мәселен, мен ХVІІІ-ХІХ ғғ. тарихының маманымын ба, өз шәкірттерімді осы кезең бойынша қорғатуым керек. Бірақ бізде қазір тарихшылар шәкіртіне өзі шала білетін кезеңнен диссертациялық жұмыстар жазғызып жатады. Яғни мектептен айырылып бара жатырмыз. Ал принцип пен мектеп жоқ жерде ғылым жасау өте қиын. Біздегі кәсіби білім құнсызданып кетті. Кәсібилік талап етілмейді. Кәсібилік ғылымның негізгі принципі болу керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста