Тұрсынбек КӘКІШЕВ, әдебиет сыншысы, филология ғылымының докторы, профессор:
– Қылышынан қан тамған кеңестік жүйе тұсында небір құнды тарихи-әдеби жәдігерлеріміз жойылып, оның орнын идеологиялық шығармалар басты. Жастарымыз әлі күнге дейін осындай саясаттың ықпалымен жазылған әдебиеттер арқылы өз таным-түсініктерін қалыптастырып отырған жоқ па?
– Қазақ Тәуелсіздікке дейін үш ғасыр бойы қаншама зұлматты бастан кешірді. Сөйтсе де табиғатымыз ешқашан ешкімге тәуелді болып көрмеген еді. Кең даламыз еркіндікке жол ашты. Орыс империясы, одан кейін кеңес өкіметі еркіндігімізден айырды. Жоғары жақтан жеткен бұйрықты әсіресе қазақтар қалтқысыз жүзеге асырып отырды. Осыған байланысты көптеген құндылықтарымызды жоғалтып алдық. Енді бір 30 жылда тілімізден де айырылып қалуымыз ғажап емес еді. Кеңес өкіметі тараған тұста еліміздегі орыстілділер 40 пайыз болса, енді ол көрсеткіш 60 пайызға көтеріліпті. Бізді ешкім орыс тілінде сөйле деп зорлап отырған жоқ қой. Алайда орысша оқыған қыздарымыз миссионерлердің міндетін атқаруда. Қызметте жүрген қыз-келіншектердің басым бөлігі баласын тәрбиелеуге уақыт таппайды. Әлі күнге дейін өзіміздің ұлттық келбетімізді қалпына келтіре алмай жүргеніміз өкінішті. Рас, Қазақстанның әлемге атын шығаратын, халықаралық беделімізді көтеретін талай жұмыстар атқарылды. Бірақ әуелі ұлттық болмысымызды бекемдеуіміз қажет деп есептеймін. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады».
– Кеңестік ұғымдағы әдебиетке тыйым салу керек деп ойлайсыз ба?
– Жалпы, қазақ тарихы өзінің көзімен жазылған тарих емес. Қазіргі кездегі көпшілік тарихшылар ескі сораппен кетіп барады. Бұрынырақ Ермұқан Бекмаханов тәрізді екі-үш тарихшы болмаса, арғы дәуірге баруға ешкім бата алмады. Бәрі жабылып кеңес өкіметі мен орыс империясын мадақтаудан аспады. Ермұқан, Есмағамбет тәрізді шынайы ғалымдар ұлтшыл деп тынымсыз мүйізделді, ақыры абақтыға тоғытылды. Ермұқанның жазығы – Кенесары қозғалысын қозғағаны. Большевизмнің бір беті – интернационализм, екінші беті шовинизм болды. Түптеп келгенде, орыс империясының сөзін сөйледі, мүддесін көкседі. Өзбекстан сияқты көршілеріміз өз тарихын ұмытқан жоқ. Біздің ғалым-жазушыларымыздай жағымпаздыққа бой алдырмады. Ағылшындардың отаршылдығын бастан кешкен Үндістанның мемлекеттік тілінен айырылып отырғаны бізге де сабақ болуы тиіс.
– Қазақтың отбасылық дәстүрлерін мансұқтаған, яғни «әйелдер теңдігін» көксеген көркем шығармалар қазақ ұлтының тағдырына кері ықпал еткені жасырын емес қой...
– Әйелдердің оқып-тоқығаны, саналы болғаны керек. Тек қана отбасы, ошақ қасында ғана жүре беру қыз балаға жараспайды. Бірақ біз оны артығымен жүзеге асырып жібердік. 1890 жылдары Ресейдің Киелі Синоды «бұратана халықтардың ұлдарын оқытқаннан қыздарын оқытқан пайдалырақ. Әйелдер отбасында өз балаларына орыстың рухын себеді» деген шешім қабылдайды. Қазір де сол саясаттың салдарын көзбен көріп отырмыз. Мен Франция, Германия тәрізді дамыған елдерде болдым. Олардың әдебиеттегі әйелдер бейнесі тамаша ғой, шын мәнінде, олар тым еркекшораланып кеткен. Батыстан үлгі алу керек деген – бос сөз. АҚШ-тың 60 пайыз халқы қол қойып, ақша алуды ғана біледі. Олардың басқа елдің мықты ғалымдарын ақшаға сатып алып, өздеріне жұмыс істетіп отырғаны өтірік емес. Соның арқасында жаһанды өзіне қаратқан алпауыт елге айналды. Мысалы, 1992 жылы кеңестік биологиялық қару өндірісі жетекшілерінің бірі, аталған салада әлемдік деңгейдегі оқымысты саналатын микробиолог, полковник шенді Қанатжан Әлібеков бүгінде АҚШ-тың биоқорғаныс жөніндегі ұлттық орталығында жұмыс істейді. Сөйткен, қырық құрамды елдің байырғы тұрғындары – үндістер ең лас жұмыстарға жегіледі. Сол әділеттілік пе?
– Бүгінгі қыз балалардан ар-ұят, әдеп, инабаттылық тәрізді игі қасиеттер жойылып бара жатқандай көрінеді...
– Өзіміздің қазақы болмысымыз бұзылып, көрінгенге еліктеп-солықтауды шығардық. Темекі шегу, ішімдік ішу деген жайына қалып, тырдай жалаңаш суретке түсіп, эфирге шығатындар көбейді. Кіндігін ашып жүретін жастар ертең бала таба алмайтын бедеуге айналады. Жақында белгілі бір саясаттанушы келесі саясаттанушыға жалаңаш қазақ қыздардың суретінен тұратын күнтізбе сыйға тартыпты. Беткеұстарларымыздың сықпыты осы болғанда, өзгелерден не күтеміз?
– Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында әдеби саладағы ауыз толтырып айтарлықтай қандай жетістіктерді атар едіңіз?
– Кезінде көркем шығармаларда үлгі алатын идеалды кейіпкерлер сомдалды. Барлығы сол Ботагөз, Асқар, Тоғжан, Амантай тәрізді кейіпкерлерге ұқсап өскісі келді. Содан үлгі алып, мінез-құлқын, болмысын түзеуге тырысты. Ал енді тәуелсіз заманның бет-бейнесін көрсететін кейіпкерлер қайда? Әдебиет өз заманының алдында жүріп, айналасына жарық шашып, үлгі көрсетуі тиіс. «Үйірі жоқ көкжал» романын жазған жазушы Ғабиден Құлахметтен көп үміттеніп едім, марқұм дүниеден ерте озып кетті. Сосын жастардың поэзиясын оқып отырсам, ертеден қара кешке дейін жылап-сықтаудан бір танбайды. Неғылған қайғы-қасірет? Еркіндік алғанымызға жылай ма? Қазір біздің поэзиямыз әдебиеттегі басқа жанрлардың алдында тұр. Оған Құдайға шүкір дейміз. Дегенмен өмірдің жақсы жақтарын бейнелеп, оқырманды ізгілікке ұмтылдыру қажет қой.
– Сіздіңше қалай, ел билеген шенді-шекпенді азаматтар қазақ әдебиетін оқи ма?
– Қазіргі көзі тірі классиктеріміздің бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов қой. Атқамінерлер «Қан мен терді» оқыды дегенге сенбеймін. Әйтеуір, даңқы шыққан шығарманы естігені болмаса... Сәбит Мұқановтың кітабын «Ғажайып тұлғалар сериясымен» Мәскеуден шығармақ болып Солтүстік Қазақстан облысында бір дөкейге барған едім, «Сәбит Мұқанов Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қай жағындағы адам? Одан озық па, кем бе?» деп түйеден түскендей сауал қойды ол. Сәбеңнің туған жерін басқарып отырып, оның кім екенін білмеу ұят емес пе?
– Тәуелсіздік жылдары шешімін таппай келген қандай мәселелер сізді толғандырады?
– Қазақ тіліндей сорлы тіл әлемде жоқ. Өз елімізде отырып басқалардың тіліне күніміз қарағанына қаншама жыл болды. Мен Қазақ тілі қоғамының алғашқы белсенділерінің бірімін. Мемлекеттік тілге байланысты заңға да өз үлесімді қосқан едім. Қазақ тілінің тағдыры қатты алаңдатады.
Еліміз жылдан-жылға көркейіп жатыр. Еңбек етпесең, ешкім ауызыңа ас тоспайды ғой. Соны түсінген ел-жұрт тіршілігін жасауда. Жастарының бәрі жаппай қалаға үдере көшкен ауылдың ахуалы да – өзекті мәселе. Бір кездері колхоз-совхоз тараған сәтте елді басқарған әкімқаралар мемлекет мүлкін талапайға түсіріп талап алды. Соның салдарынан қайсыбіреулер шылқыған бай болса, енді біреулер кедей қалпында қалды. Ауылдан жұмыс таппаған жастар қалаға келіп көше сыпырып, базарда арба итеріп жүрген жайы бар. Олардың ішінде жұмысқа икемі жоқтар ұрлық-қарлыққа барып жатады. Қазір Қазақстанда түрмеде отырған 90 мың адам бар, соның 90 пайызы – қазақтар. Бүйте берсе, сайын даламызға ертең кім ие болады? Сондай-ақ, сөзді дұрыс пайдаланбай, асыра сілтейтін кездеріміз аз емес. Бізде он адамнан ғана тұратын «ұлттар» бар екен. Ойбай-ау, ол этностар мен диаспоралар ғой. Қайдағы ұлт бұл жерде?
– Алаш қайраткерлерінің аңсаған идеялары бүгінгі азат елде жүзеге асып жатыр ма?
– Кеңес өкіметін жақтаған Сәкен, Сәбиттер қазаққа зияндық ойлаған жоқ, халқымды қайтсем көркейтіп, қатарға қосамын деп армандады. Бірақ олардың күресу жолдары басқаша болды. Алаш қайраткерлерінің басты аңсағаны Тәуелсіздік еді. Сол мақсатқа жеттік. Азат ел атандық. Бірақ сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде атқаратын шаруамыз – шаш-етектен.
– Сәкен Сейфуллиндей қаншама тұлғаларымыз коммунизмге имандай ұйып сенді ғой. Бірақ кейін сенім артқан жүйенің қысастығына көз жеткізгенде өкініш білдірген жоқ па?
– Сәкеннің жазғандарында қылаудай өтірік жоқ. Жазушылыққа, ақындыққа салып жазып жіберген шығар деп талай күмәнді тұстарын тексердім, түбі ақиқат екеніне көзім жетті. Шәкәрімнің «Мұтылғанның өмірі» деген шығармасын оқыған боларсыздар. Сонда ол алашордалықтардың сапында халық соты болып жүреді, ақыры бәрінен оқшауланып жападан-жалғыз баз кешіп кетеді. Барлық Алаш қайраткерлеріне топырақ шашудан аулақпын. Бірақ әлгі шығармада олардың бір-бірімен тіл табыса алмай, билікке таласуы нақты сипатталады. Зерттеушілерде өтірік көп. Ертеңгі ұрпақ қателіктен сабақ алу үшін ақиқатты айта білуіміз қажет. Бұл күні Мұстафа Шоқайдан асқан данышпан жоқ... Мысалы, 1917 жылдың желтоқсан айында II құрылтай өтті. Сонда Алаш автономиясын құру жөнінде бастама көтерілді. Батыстықтар «шұғыл түрде құрайық» десе, арқалықтар «құрылтайға қатыспай қалған Жетісу, Сыр бойы, Түркістан азаматтарының пікірімен санасып, бір айдан кейін құрайық» деп пікірлер екіге жарылады. Жетісу ол кезде Түркістан автономиясының құрамында болатын. Ақыры дауысқа салынып, басым дауыспен автономияны құру бір айға кейінге шегеріледі. Болмашы ғана нәрсе ғой, осының өзінде ауызбіршілік болмады. Осы жолы дауыс беруден қалыс қалған үш адамның бірі Мұстафа Шоқай еді. 1918 жылы 8 қаңтарда Түркістан қаласында Мұстафа Шоқай құрылтай өткізіп, күн тәртібіне «Алаш автономиясына қосыламыз ба, жоқ па?» деген мәселе қойды. Ондағы халықтың басым бөлігі «әзірше Түркістан автономиясында бола берейік, Алаш күшейсе, қосылуымыз қашпайды ғой» деген байлам жасады. Артынша Мұстафа Шоқай Қоқан республикасының бастығы болды. Сол сияқты Досмұхамедовтер 1918 жылы Уфа қаласында алаштықтардан Ойыл өкіметі (Батыс Алашорда) болып ресми түрде бөлінеді. Ал сендер тек кеңес өкіметін сынай бересіңдер. Рас, кеңес өкіметі қолдан аштық ұйымдастырып, бетке шығар қаймақтарды репрессияға ұшыратып залал келтірді. Дегенмен сол өкімет қазақты да, орысты да жеткізіп кетті. Сталин өлгенде Черчилль «Сталин Ресейді соқамен қабылдап алып, ракетамен қалдырып кетті» деп көңіл айтқан екен. Кеңес өкіметінің жақсылығы мен жамандығы қатар болды.
– Бұрын бәрі бір ғана Коммунистік партияда болушы еді ғой. Сіз қазір белгілі бір партияға мүшелікке өттіңіз бе?
– Коммунист болғаным рас. Қазір ешқандай партияда жоқпын. Берекесіз оппозициядан да көңілім қалуда. Олардың ішінен Алтынбек Сәрсенбайұлы тәрізді ел сөзін сөйлейтін бірін көрмей келемін.
– Мағжан мен Сәкеннің өмірі мен шығармашылығын шендестіріп «Сайыс» деген кітап жаздыңыз. Мұндай қадамға неліктен бардыңыз?
– Алаш қайраткерлері ақталғаннан кейін: «Мағжан – таудың биік шыңында тұрған ұлы тұлға, ал Сәкен, Сәбиттер – етектегі, әйтеуір бір пенделер. Сондықтан олар шын таланттарды жек көрді», – деп Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әли есімді ақындар мақала жазды. Мағжанның «Батыр Баяны» мен Сәкеннің «Көкшетауын» салыстыршы. Баян батыр қалмақ қызымен қашып бара жатқан інісін де, оның сүйіктісін де өлтіреді. Кейін Абылай ханның қосынында жүз шақты әскермен жауға тиіп, өзі де ажал құшады. Ал Сәкеннің «Көкшетауы» қандай? Онда да тұтқынға түскен қалмақ қызы айтылады. Тұтқын қыз өзінен дәмелі жігіттерге әуелі «Оқжетпес тауына кім жебесін жеткізеді?» деп, сосын «Жұмбақ тасқа кім бірінші көтеріледі?» деп түрлі шарт қояды. Ақыры өзінің өмірін жұмбақ етеді. Барлық сынақтан сүрінбей өткен батыр қыздың азаматтығына разы болып басына бостандық сыйлайды. Қазақ елінің ар-ұжданын сақтап қалады. Енді қарашы, қай шешім дұрыс? Кейде біреуді мақтасақ, асыра сөйлеп, келесі тұлғаға күйе жағудан да тайынбай жатамыз. Сәкен сорлы ақын ба? Қазақ поэзиясына тоникалық заңдылықтар қосты. 1927 жылы «Тар жол, тайғақ кешу» деректі романы жарық көргенде бірде-бір Алаш қайраткері «Сәкен, мұның қалай? Неге бізге нақақтан-нақақ жала жауып отырсың?» деген жоқ. Кейінгі ұрпақ жерден жеті қоян тапқандай «жаңалық» ашып жатыр.
– Сәкен Сейфуллиннің қайраткерлігі жөнінде қысқаша айтып берсеңіз...
– Сәкеннің ұлтжандылығын мен ерте байқадым. Совнарком төрағасы болған күннің ертеңіне Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығында «ол – ұлтын сүйген шын ұлтшыл» деді. Сондай-ақ 1923 жылы 15 ақпанда «қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деп бізді қырғыз атауынан құтқарды. Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу, сөйтіп, мемлекеттік тілге айналдыру үшін декрет қабылдатқан Сәкен Сейфуллиннің еңбегін басқаларға үлестіре бермейік.
– Мағжан мен Сәкен бір қызға таласып, дүрдараз болған дейді...
– Ақын-жазушылар арасы қай уақытта тату болған еді? Бәсекелестік пен бақастық дарынды адамдар арасында ежелден бар емес пе? Мағжан 1913 жылы Сәкен оқып жүрген оқытушылар семинариясына дайындық курсына түскен. Уфада «Шолпан» атты жинағын шығарып келген ол Сәкеннен бір курс төмен оқиды. Мағжан мінез жағынан ешкімнен осал түспеген. Сәкеннің де өлеңге ден қоя бастаған шағы.
1914 жылы Міржақып Дулатов үйленеді. Ол – Мағжанды орысша үйреткен адам. Алаштықтар қазақтың оқыған-тоқыған жастарын өз қатарларына тартуды мақсат тұтты. Сондықтан Мағжан сол тойға Сәкенді де ерте барды. Қос жігіттің көзіне 17-18 жас шамасындағы Міржақыптың үріп ауызға салғандай балдызы Гүлшаһра түседі. Кейін ол қыз Сәкеннің жағына шығып кетеді. Мағжан мен Сәкен біріне- бірі әзіл өлеңдер арнап, кемшіліктерін бір-бірінің бетіне басады. Мағжан 1932 жылы 10 жылға сотталады. Сәбиттің араласуымен абақты мерзімін 10 жылдан 7 жылға қысқартады. 1937 жылы түрмеден шыққан Мағжан: «Мұғалімдік жұмысымнан босап қалдым. Туған-туыстарыма келіп едім, сендерге жете алмай отырмын», – деп Степняк қаласынан Сәкен мен Сәбитке хат жазады. Сәкен 500 сом ақша жібереді. Жазушылар одағының бастығы Сәбит Мұқанов қуғындалып жүрген Мағжанды өзі қарсы алады. Абақтыдан азып-тозып шыққан ақын Сәбитке Сәкенмен жолықтыруды өтінеді. Сәбит екі ұлы ақынның кездесуін құпия түрде ұйымдастырып береді. Мен мұны Сәкеннің әйелі Гүлбадамның аузынан естідім...
– Сәбит Мұқанов Алаш қайраткерлері жайлы кітап та жазды емес пе?
– Сәбең 1932 жылы Ахмет пен Мағжандар жайлы ғана емес, Алаш жазушылары туралы да жазды. Сол дәуірде олар жөнінде сынай отырып, тарихтан аты өшпесін деп кітап шығарудың өзі ерлік қой. Иә, рас, сөз арасында «буржуазиялық ұлтшылдар» деп те қояды оларды. Өз басым Сәбиттің коммунистігіне күмәнмен қарайтындығымды оның 90 жылдығындағы Абай атындағы опера және балет театрында жасаған баяндамамда айтқанмын. Ол, шындығында, ұлтын ұмытпаған ұлы тұлға.
Алашқа айтар датым...
Қазақ жастарына ең әуелі білім керек. Ақшаға табынып, оны құдайдай көру жақсылыққа апармайды. Билік пен мансап та мәңгілік емес. Басшы да, қосшы да әділдік жолымен жүруі тиіс. Маңдай термен табылған дүниеден артық байлық жоқ, ұрлық-қарлықпен келген нәрсе берекесіз болады. Жас толқынның өнерлі, білімді, саналы, елдің қамын ойлайтын азамат болғанын қалаймын.