Қанша білімді болғанмен, егер адамды сүйе білмесе, ол нағыз дәрігер бола алмайды
Әлихан Жүсіпов, Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының ғылыми-емханалық ісі жөніндегі проректоры, медицина ғылымының докторы, профессор;
– Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институты өз міндетін толық орындай алып отыр ма?
– Әңгіме институт төңірегінде болған соң, өткенге көз жіберіп, институттың тарихына бір сәт оралған жөн болар. Институт кеңес үкіметі тұсында құрылып, тікелей КСРО Денсаулық сақтау министрлігіне қараған және Орта Азиядағы дәрігерлердің білімін жетілдіретін жалғыз жоғарғы құрылымды мекеме болатын. Институттың профессорлық құрамы мен мамандарының білім деңгейі өте жоғары болды. Сондықтан Ресейден және басқа да одақтас республикалардың бәрінен дерлік дәрігерлер келіп, білімін жетілдіретін, қайта даярлау курстарынан өтетін. Ал енді егемендік алған тұста экономикалық жағдайға байланысты барлық сала, оның ішінде медицина саласы да қиындыққа тап болды. Институтта жұмыс істейтін жоғарғы дәрежелі мамандар шетелдерге кетті немесе басқа салаға жұмыс ауыстырды. Әрине, бұл өз кезегінде институт қызметін біраз уақыт тоқырауға ұшыратты. Маман даярлаудың жұмыс жоспары, жобасы болмады. Алайда бірте-бірте жұмыс ілгеріледі. Бүгінгі таңда институт жұмысы толықтай жолға қойылды деп айтуға болады. Әрине, ешқандай кемшілік жоқ, төрт құбыламыз тең деп айта алмаймыз. Өйткені заманға қарай талап та өзгеріп отырады. Заман ағымына ілесу керек. Егер ілесе алмасаң, бір мәселе туындады деген сөз. Дегенмен біздің елімізде бұл уақытша шешімі табылмаған мәселе деп айтуға болады. Яғни біз заман ағымына сәл кешігіп болса да ілесіп келеміз. Білім ордасының аты айтып тұрғандай, біздің басты міндетіміз – дәрігерлердің білімін жетілдіру, біліктілігін арттыру. Ал бұл міндетті орындап отырмыз деп айтуымызға болады. Бүгінгі таңда біздің институтта қырықтан аса кафедра жұмыс істейді. Оларда дәрігерлер 60-қа жуық мамандық бойынша білімін шыңдайды. Қазір телемедицинаны игеріп отырмыз. Қашықтықтан емдеу, пышақсыз ота жасау, буын ауыстыру да қолға алынған.
Институтымыздың соңғы жаңалықтарының бірі – жоғары оқу орындарында сабақ беретін мұғалімдердің білімін жетілдіру кафедрасының ашылуы. Бұл – қажеттілік. Өйткені біз тұрақты түрде дәрігерлердің біліктілігін арттырып отырамыз, ал мұғалімдер шет қалып келді. Енді осы олқылықтың орнын толтыратын боламыз. Тағы бір айта кетер жай – мұғалімдердің білімін жетілдіру кафедрасы мамандары шетелдік мамандармен тығыз байланыста жұмыс істейтін болады. Бұл біздің мұғалімдерге шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік туғызады.
– Қазіргі таңда сол кеңестік кезеңде қалыптасқан дәстүр бойынша, посткеңестік елдердің дәрігерлері сіздерге келіп білімін жетілдіре ме? Қай елдермен қарым-қатынастарыңыз бар?
– Кешегі одақтас республикалардың әрқайсысы – бүгінгі күні өз алдына бір-бір тәуелсіз мемлекет. Сондықтан мұндай мәселені әр мемлекет өз ішінде шешеді. Дегенмен біз Ресей елінің мамандарымен қарым-қатынас жасап отырмыз. Олар соңғы үлгідегі аппараттарды меңгерген. Сондықтан олар біздің мамандарға мастер-класс өткізіп тұрады. Менің ойымша, мұндай тәжірибе алмасудың екі жақ үшін де пайдасы мол.
– Бүгінгі таңда институт бірінші кезекте шешімін күтіп отырған мәселе деп қандай мәселені айтар едіңіз?
– Тек біздің институт мамандарының ғана емес, жалпы медициналық жоғары оқу ордаларының пофессорлық құрамының, ұстаздарының басты тілегі – медициналық оқу орындарының жанында өздерінің жеке емханалары болса деген тілек. Білім ордасы мен емхана бір жерде топтасса, әрине, оның тиімділігі жоғары болары сөзсіз. Бұл – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің де назарында тұрған мәселе. Алайда бұл – бүгінгі таңда біз емханасыз жұмыс істеп жатырмыз деген сөз емес. Біз қаладағы барлық емханалармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Мұның да бір өзіндік тиімділігі бар. Мысалы, біздің мамандардың білімі мен емхана дәрігерлерінің тәжірибесі тікелей ұштасып отырады. Бірақ бұл емханаларда тәжірибелік жағы қамтылғанымен, оқу процесін жүзеге асыра алмаймыз. Бұған қалалық емханалар кедергі келтіріп отырған жоқ, тек, өкінішке қарай, қалалық емханаларда мұндай мүмкіндік жоқ. Ал егер де медициналық институттардың жеке емханалары болса, мұндай мәселе шешімін табар еді. Дегенмен қалалық аурухана дәрігерлері мен біздің институт мамандары қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Біз бір-біріміздің жұмысымызды толықтырып отырамыз. Біздің басты мақсатымыз – мамандардың білімі мен біліктілігін арттыру, замана талабына сай, көпсалалы дәрігерлер даярлау.
– Соңғы уақытта бірсалалы, көпсалалы маман даярлау төңірегінде қарама-қайшы пікірлер айтылып жүр. Ал сіз бұл тұрғыда қайсысын қолдайсыз?
– Кеңестік кезеңде де, бүгінгі уақытта да біз медицинаның жеке-жеке саласына көп көңіл аударып кеттік. Әр аурудың саласына әр институт жұмыс істейді. Тіптен ауруханалардың өзі диспансерлік деп, әр ауруға әр бөлек қызмет ететін болып кетті. Алайда мұның артықшылығы да, кемшілігі де бар. Артықшылығы – сол саланы терең меңгеру мүмкіндігінің болуы. Кемшілігі де бар. Әсіресе дәрігерлер даярлау барысында. Мысалы, бір дерт екінші бір ауруды қоздыруы мүмкін. Ал бірсалалы ауруханаға келген науқастың бойындағы басқа да органдардың кілтипанын анықтау қиынға соғады. Сондықтан науқас басқа органын тексерту үшін екінші ауруханаға баруы керек. Оған қоса ой салар тағы бір дүние, мәселен, ауылдық амбулаторияға бірсалалы маманды жібере алмайсыз. Қазіргі дәрігер мамандар жетіспей жатқан мына заманда ауылдық дәрігер медицинаның барлық саласынан хабардар болуы керек. Бүгінгі заман талабына сай, шетелдік тәжірибеден алынған отбасылық дәрігер даярлау да маманның жан-жақты білікті болуын талап етеді.
– Жоғарыда «оқу орындары жанында жеке емханалар болса» дедіңіз. Сонда біздің елімізде бірде-бір медициналық оқу орнының жеке емханасы жоқ па? Бұл мәселе шетелдерде қалай шешімін тапқан?
– Таяуда Астанада осындай емхана ашылмақ. Ал Ақтөбеде Оспанов атындағы медициналық университеттің жеке өз емханасы бар. Ол өзінің тиімділігін дәлелдеді. Сондықтан да алдағы уақытта медициналық жоғары оқу орындары жанынан емханалар ашуды министрлік те мақсат етіп отыр.
Ал шетелдерге келер болсақ, дамыған елдерде бұл мәселе оң шешімін тапқан.
– Бүгінгі таңда жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың біліктілігі төмен деп жиі сын айтылады. Сіз осы сынмен келісесіз бе? Келісер болсаңыз, мұның сыры неде деп ойлайсыз?
– Мамандық таңдауда дұрыс талғам болуы керек. Дәрігер боламын деген адам сол мамандықты бар болмысымен сүюі қажет. Бұл мамандыққа кездейсоқ келген жан жақсы маман бола алмайды. Таңдауда жүрек қалауы болуы – міндет. Ал біліктілік мәселесіне келсек, алты жыл оқып, білікті дәрігер болу мүмкін емес. Біліктілік уақытпен, жоғары оқу орнында алған білімді тәжірибемен ұштастырумен келеді. Сондықтан ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жоспары бойынша, 2014 жылдан бастап барлық жоғары оқу орындарын бітірген дәрігерлер екі жыл міндетті резентурадан өтетін болады. Бұл кезеңде оқу бітірген жас мамандар тікелей науқастармен жұмыс істеуді үйренеді. Жаңа оқу бітірген жас маман әлі дәрігер емес. Науқастың психологиясын танып білу, сөйлесе білудің өзі – бір ғылым. Дәрігер сол ғылымды меңгеруі керек. Бұл, әрине, біраз қаржыны талап етеді. Алайда Үкімет бұл істі қолдап отыр. Өйткені мемлекет үшін адамнан артық байлық жоқ.
Жалпы, дәрігердің «болдым, толдым» деп айтуға құқы жоқ. Өйткені дәрігер өмір бойы оқуы, ізденуі керек. Ал егер бір мезгіл ізденісті тоқтатсаң, онда өмір көшіне ілесе алмай қаласың. Сондықтан заман ағымына ілесіп отыру керек. Оқу орындарындағы білім сапасы жайлы нақты ештеңе айта алмаймын. Бірақ медициналық университеттерді бітірген жас мамандар алғаш біздің институтқа білімін жетілдіруге келгенде, олардан емтихан қабылданады. Емтиханнан олардың басым көпшілігі «орташа» деген бағадан жоғары баға алмайды. Мүмкін білім сапасын осымен таразылауға болатын шығар.
Тағы бір айта кетер жайт, мысалы, оқу бітірген дәрігерлер ауылға барғысы келмейді. Неге? Меніңше, оның себебінің бірі – олар өздерінің біліміне сенбейді. Ауылда кеңесетін маман жоқ. Өзің дұрыс шешім қабылдауың керек. Өз-өзіне сенбеген соң, жауапкершіліктен тайқып, әр нәрсені сылтау етіп, ауылға барудан бас тартады. Әрине, бұл тұста әлеуметтік мәселелерді естен шығармаймыз. Алайда ол өз біліктілігіне сенсе, өз мамандығын сүйсе, елі үшін жаны ауырса, оған ешқандай әлеуметтік мәселе кедергі бола алмас еді.
Ал біздің институтқа келер болсақ, «бізде маман даярлау, дәрігерлердің білімін жетілдіру жақсы жолға қойылған» десем, өзін-өзі мақтағандық емес. Бүгінгі таңда еуропалық стандартқа сай мамандар даярлаймыз. Дәрігерлерді шетелдерге жіберіп оқытамыз. Бұл жерде бір әттегенайы – шетелде оқуға санаулы ғана маман жібере алатындығымыз. Әр жылы 10-15 дәрігерді ғана шетелде оқыта алып отырмыз. Егер сол қаржыға шетелдік мамандарды шақыртып, оқу процесін өз институтымыздың қабырғасында жүргізсек, онда әлдеқайда көп дәрігерлер дәріс алу мүмкіндігіне ие болар еді.
– Бүгінгі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық мәліметтеріне көз жүгіртер болсақ, аурудың қай түрінен болсын, еліміздің алдыңғы қатардан көрінетініне көз жеткіземіз. Жалпы, аурудың көбеюіне не себеп болып отыр деп ойлайсыз?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері ауру және өлім-жітім көрсеткіші бойынша келтіріледі. Әрине, бізде бәрі жақсы десек, онда жалған айтқандық болар. Дегенмен еліміздің медицина саласында жаңа, өте ұтымды бағдарламалар қабылданып жатыр. Егер де осы бағдарламаларды жүзеге асырсақ, онда сөзсіз көп жетістіктерге жетеміз. Ал аурудың көбеюін нақты «осының салдарынан» деп, дөп басып айту мүмкін емес. Мұның бірнеше факторы бар. Ең бастылары деп әлеуметтік, экологиялық, психологиялық факторларды айтуға болар.
Қазіргі кезде денсаулық сақтау саласына қомақты қаржы бөлініп отыр. Алайда сол қаржының 90 пайызын аурумен күресуге жұмсап отырмыз. Ауру дендеп, созылмалы болып кеткен соң, оған жұмсалар шығын да, өлім-жітім көрсеткіші де артады. Ал профилактикалық шараларға қаржының 10 пайызын ғана жұмсап отырмыз. Бұл – дұрыс емес. Профилактикалық шараларға қаржының басым бөлігін, ең болмағанда, 50 пайызын жұмсауымыз керек. Сонда ауру да, өлім-жітім де азаяр еді.
– Өзіңіз де білесіз, кеңес үкіметі тұсында жұмысқа қабылдау кезінде жұмысқа орналасушы азамат міндетті түрде дәрігерлік тексеруден өтетін. Оған қоса жұмыс істеп жүрген жұмысшылар да белгілі бір мерзім аралығында міндетті қайта дәрігерлік тексеруден өткізілетін. Қазір ондай міндеттеме жоқ. Сіздің ойыңызша, бүгінгі таңда сондай міндеттемені қайта қалпына келтірсек, бұл аурудың алдын алуда оң нәтиже берер ме еді?
– Бұл бір ой қозғайтын сұрақ екен. Шынында да, кеңес үкіметі бұл іс-шараны өте дұрыс жолға қойған болатын. Тіпті жұмысшылар емханада кезек күтіп, сарғаймас үшін дәрігерлік комиссия сол мекемеге келіп тексеру жұмысын өткізетін. Әрине, мұндай алдын алу шаралары өз нәтижесін берді. Ауруды алғашқы кезеңінде анықтап, дер кезінде емдеп жазуға мүмкіндік жасалды. Мекемелердің емдеу профилакторийлері болды. Онда емдік сауықтыру шаралары жүзеге асырылатын. Әрине, бұл, бір жағынан, жұмысшыларға деген қамқорлық болса, екінші жағынан, өнімділікті арттыруға септігін тигізеді. Өйткені дені сау жұмысшының еңбек өнімділігі де жоғары болары сөзсіз. Ал ауыр, өте ауыр жұмыстарға арнайы дәрігерлік тексеруден өткен, денсаулығы жарамды адамдарды ғана алатын.
Өкінішке қарай, бүгінгі күні жекеменшік мекемелер басым. Ал олар жұмысқа қабылдау кезінде дәрігерлік жолдама талап етпейді. Жұмыс істеп жүргендерді де дәрігерлік тексеруден өткізбейді. Оларға жұмысшының денсаулығы аса маңызды емес, өйткені жұмыс күші тапшы емес. Екі қолға бір күрек таппай жүрген адам көп. Біреуі жұмысқа жарамсыз болып қалса, екіншісін алады. Алайда бізге мұндай психологиядан арылатын кез жетті. Тіпті әрбір мекемеде психолог жұмыс істеуі керек. Бүгінгі күні күйзеліске ұшырау фактісі өте жиі кездесетін болды. Күйзеліс әртүрлі аурулардың қозуына ықпал етеді. Өкінішке қарай, біздің халықтың менталитеті де ауруды дер кезінде анықтауға кедергі келтіреді. Әне-міне деп, салғырттыққа салынып, аурудың асқынып, созылмалы дертке айналуына жол беріп алады.
Негізі, адам денсаулығына дәрігерлер 10-15 пайыз ғана септігін тигізе алады. Денсаулығының 30-40 пайызы адамның өзіне байланысты. Ал қалғаны қоршаған ортаның әсерінен болады екен. Сонда қарасаңыз, «аурудың көбеюі дәрігерлердің біліксіздігінен орын алып отыр» дегенмен мүлде келісе алмайсыз. Әрине, жекелеген жағдайларда дәрігерлердің кінәсі болып жатады, оны жоққа шығармаймыз. Дегенмен аурудың көбеймеуіне әрбір азаматтың үлесі бар екендігін айтқым келеді. Сондықтан бұл мәселемен тек дәрігерлер ғана емес, бүкіл қоғам болып күресуіміз керек.
– Кей мамандар «дәрігерлердің жұмысы ауыр, алатын жалақысы аз, сондықтан олардың қызмет сапасы төмен» деген пікір айтады. Осы пікірмен қаншалықты келісесіз? Өздеріңізде жалақы қалай?
– Иә, кейде дәрігерлердің «жалақымыз аз» деген қынжылысын естиміз. Рас, жалақылары көп дей алмаймын, ал жұмыстары, шынында да, көп. Мысалы, емхана дәрігерлері науқастарды қабылдайды, учаскелерді аралайды. Жүктемелері жетерлік. Алайда дәрігер мамандығын таңдаған жастар дәрігердің жалақысы қандай екенін біле тұра, сол мамандықты таңдайды. Ал енді оқуды бітірген соң, «жалақы аз» деп өкпе айтады. Бұл орынсыз. Дәрігер мамандығын таңдаған адам жалақы үшін емес, сол мамандықты жән-тәнімен сүйгендігі үшін таңдау жасауы керек. Ал өз мамандығын шын сүйген дәрігер жалақының аз-көптігіне қарамайды. Ол өз міндетін адал атқарады. Сертіне берік болады. «Ақ халатты абзал жан» деген атқа кір келтірмейді.
Дегенмен енді жаңа бағдарлама бойынша әрбір дәрігер атқарған жұмысына қарай еңбекақы алатын болады.
Ал өз жалақым туралы айтар болсам, кейде шетелге барғанда профессор екенімді біліп, «қанша жалақы аласыз?» деп сұрайды. Алатын жалақымды айтқанда, таңғалыстарын жасыра алмайды. Өйткені өркениетті елдерде дәрігерлер ауқаттылар санатына жатады.
– Жаңа қабылданып жатқан бағдарламалар туралы оң көзқарас таныттыңыз. Ол туралы толық айтпай-ақ қоялық. Десек те, басқа бағдарламалардан соңғы «Салауатты Қазақстан» бағдарламасының қандай артықшылығын баса айтар едіңіз?
– Елімізде білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік тілді дамыту және индустриялық-инновациялық даму сынды төрт мемлекеттік бағдарлама бар. «Салауатты Қазақстан» – соның бірі. Мұның өзі құжаттың қаншалықты өзекті екенін көрсетсе керек. Бұл төрт бағдарлама бір-бірімен тығыз байланысты.
Аталмыш бағдарлама бойынша кез келген адам дәрігер мен аурухананы өзі таңдай алады. Әрбір шаңырақтың отбасылық дәрігері мен медбикесі болады. Дәрі-дәрмек жеңілдетілген бағамен беріледі әрі оның қауіпсіздігіне 100 пайыз кепілдік бар. Бұдан бөлек сусамыр, қаназдық және онкологиялық аурулар бойынша толықтай тегін тексеруден өтуге мүмкіндік бар.
Оған қоса, дәрігерлік-әлеуметтік емдеу үлгісі жүзеге асырылмақ.
Бұған дейін дәрігерлік-санитарлық емдеу үлгісі болатын. Яғни басты назар тазалыққа аударылатын. Қол жумай тамақ ішпеу, жеміс-жидекті жумай жемеу деген сияқты. Ал дәрігерлік-әлеуметтік емдеуде халықтың әлеуметтік жағдайы толықтай ескеріледі. Өйткені бүгінгі таңда аурудың көбеюі әлеуметтік жағдаймен сабақтасып отыр.
Алашқа айтар датым...
Жалпы, мамандық таңдауда дұрыс талғам жасау керек. Әсіресе дәрігер мамандығын таңдауда. Дәрігер боламын деген адам сол мамандықты бар болмысымен сүюі қажет. Бұл мамандыққа кездейсоқ келген жан жақсы маман бола алмайды. Таңдауда жүрек қалауы болуы – міндет. Ал біліктілік мәселесіне келсек, алты жыл оқып, білікті дәрігер болу мүмкін емес. Біліктілік уақытпен, жоғары оқу орнында алған білімді тәжірибемен ұштастыру нәтижесімен келеді.