Жәкен ТАЙМАҒАМБЕТОВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих, археология және этнология факультетінің деканы, тарих ғылымының докторы, профессор:
– Жәкен аға, сізді ең көне заман археологиясын зерттеп жүрген Қазақстандағы жалғыз тарих ғылымының докторы деп айтуға болады. Жұмысыңызды әрмен қарай жалғастыратын шәкірттер әзірлеп жатырсыз ба?
– Қазақ жерінің ежелгі дәуірін тұңғыш зерттеген менің ұстаздарым – Хасан Алпысбаев пен Алан Медоев болды. Хасан аға өмірбақи Қаратау жотасында (Оңтүстік Қазақстан) жұмыс істесе, Алан Георгиевич Солтүстік Балқаш пен Маңғыстау облыстарында зерттеумен айналысты. Екеуі де ерте бақилық болды. Қос археологтың зерттеу қорытындысы бойынша Қазақстанға ежелгі адамдар алты жүз мың жыл бұрын қоныстанған деген тұжырым жасалды. Студент кезімде Хасан ағамен бірге жұмыс та істеген едім. Кейін Ресейге барған соң да бірыңғай ғылыммен шұғылдандым. Ол жақтан доктор атанып қайттым. Бірлесіп жазылғаны бар, өзімнің жеке жазғаным бар, 40-тан астам кітабым жарық көрді. Қазіргі таңда он жас тарихшыны тас дәуірі тақырыбы бойынша ғылыми жұмыс қорғатқан жайымыз бар. Осы шәкірттерімнен күтер үмітім зор.
– Осы күнге дейін жаһандық ғалымдар пікір таластырып келе жатқан «ең алғашқы адам баласы қайдан пайда болды?» деген адамзат тарихы үшін өзекті мәселеге нүкте қойылды ма?
– «Адам қайдан шықты?» деген сауалға бірнеше болжам бар. Бір ғалымдар Дарвиннің ілімі негізінде маймыл эволюциялық жолмен адамға айналды десе, енді біреулері Құдайдан жаратылды деп есептейді. Топырақтан туындады деушілер де жоқ емес. Адамзаттың пайда болуына байланысты ең соңғы гипотеза – радиациялық құбылыс, мутация нәтижесі. Әрбір болжамның өз шындығы бар. Дегенмен біз ғалым болғандықтан, Дарвин теориясын қолдаймыз.
– Ендеше, неге бүгінгі маймылдардың бәрі де адамға айналмайды?
– Қазіргі маймылдар адам бола алмайды. Бұл процесс қаншама миллиондаған жылдар бұрын болған.
– Сонымен, адамдардың ең алғашқы мекені анықталды ма?
– Бұл тұрғыда тарихшылардың пікірі екіге айырылады. Ең алғашқы адам пайда болған жерді моноцентризмдік бағыттағылар Африка деп есептесе, келесі бір ғалымдар Оңтүстік-Шығыс Азия деген байлам жасайды. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары Африканың Олдувай шатқалынан Луис Лики есімді ағылшын ғалымы бір жарым миллион жыл бұрын өмір сүрген (жартылай маймыл, жартылай адам) австралопитектің сүйектері мен тас құралдарын тапты. Оңтүстік-Шығыс Азиядан табылып жатқан айғақтар бір жарым миллионнан аспайды. Шығыс-Африкадағы Эфиопиядан үш миллион жыл бұрынғы австралопитек әйелдің толықтай сақталған қаңқалары табылып, үлкен жаңалық әкелді. Тіпті кейінгі кездегі деректер адамзаттың төрт миллион жыл бұрын тіршілік еткенін көрсетіп отыр. Бүгінгі келбетіміз осыдан 40 мың жыл бұрын толық қалыптасып біткен екен.
– Қазақстан аумағын ежелгі адамдар қай кезден бастап қоныстанды?
– Маған дейінгі әріптестерім қазақ жерінде алғашқы адамдардың өмір сүру уақытын 600 мың жыл десе, қазір біз зерттеу нәтижесінде бұл уақиғаны миллион жылға жеткізіп отырмыз. 1992 жылдан бастап Қазақстанға осы мақсатта ресейлік мықты ғалымдарды шақырдым. Халықтың қалтасында қаражат жоқ, тоқырау кезі еді. Әлгі шетелдік ғалымдардың қаржысын, көлігін пайдалана отырып, бес бөлімшеге дейін бөлініп жұмыс жасадық. Тыңғылықты зерттеу жұмыстары жүргізген 10 жыл ішінде Ресейден 10 кітап шығардық. Оңтүстік Қазақстанның Қаратау жотасы, Маңғыстаудың Жаңаөзен маңайы, Ақтөбедегі Мұғалжар тауының етегі, Қарағандының Солтүстік Балқаш жағасы сияқты нулы-сулы, таулы-тасты аймақтарда тас дәуірінен қалған заттай айғақтар молынан кездесті. Бұл тас құралдар – адамдар өмір сүргенінің дәлелі. 1995 жылы Жамбыл облысынан тапқан тұрағымызды «Қызылтау» деп атап кеттік. Оның ұзындығы – 40-50 шақырым, ал ені – 7-8 шақырым. Бір шаршы метрден 700-800 тас құралдары кездеседі. Қазіргі кездегі Билікөл, Ақкөл, Тұздыкөл деген шағын көлдер барлығы біртұтас үлкен көл болған екен. Қай уақытта да адамға судың жағасында өмір сүру қолайлы. Су тартылған сайын адамдар жағалауға қарай көшіп отырады. Табиғат жайлы. Аңға шығуға да болады. Шикізат бар, климат ыңғайлы. Табан аудармай, мыңдаған жылдар бойы тұрмыс-тіршілік кешкен. Біз үшін тас құралдардың жер бетінде емес, жер астынан табылғандары маңыздырақ. Өйткені жер астынан шыққан бұйымның нақты «жас мөлшерін» айта аламыз. Сыртта жатқан тас құралдарды да қажетке жаратамыз. Мысалы, оларды әлемнің басқа елді мекендерінен табылған тастармен салыстырып, қорытынды шығаруға мүмкіндігіміз бар.
– Түркістан маңынан көне тұрақ тапқан екенсіз. Бұл тарихи жаңалықтың маңызы нендей?
– Иә, Түркістан жақта Қосқорған деген ауыл бар. Сонда көктем мезгілінде жерден бір метр биіктікке дейін су атқылап шығады. Сумен бірге әлдебір сүйектер де көтеріліпті. Ауыл ақсақалдары сүйектердің бүгінгі жануарларға жатпайтынын көріп, зоология институтына тапсырады. Ақыры олардың бизон мен мүйізтұмсық сүйектері екені анықталды. Біз судың тартылатын күз кезінде барып қазба жұмыстарын бастадық. 9 метр тереңдіктен түйеқұс жұмыртқасының қабығына, бизон мен мүйізтұмсық сүйектеріне және тас құралдарына тап болдық. Әлгі заттай деректерді 6-7 жыл бойы зерттеп, монографиялар әзірлеп, Бельгия, Алмания, Италия тәрізді шетелдердегі ғылыми конференцияларда баяндама жасадық. Бұдан соң елімізге тас дәуірін зерттеу мақсатымен Францияның, Жапонияның ғалымдары келе бастады. Соңғы кезде АҚШ-тың жас ғалымдары бізге жиі ат басын бұруда. Оларды Орталық Азияның тарихы қатты қызықтырады. Жуырда жапондықтармен келісімшартқа отырдық. Күншығыс елі көне тұрақтарымызды зерттеп-зерделеуге қол ұшын созбақ. Түркістан аумағынан осы Қосқорған сияқты оннан астам тұрақ табылды. Қазақстан тас дәуірі адамдарына қолайлы мекен болған.
– Қазақ даласында сақ қорғандары жиі ұшырасады. Археологиялық экспедициядан кейін еңселі қорған жермен-жексен болып қалып жататын жайттар жоқ емес. Бұл артық қыламын деп тыртық қылу емес пе?
– Дұрыс айтасыз. Қазір бұл мәселе мемлекет тарапынан да қолға алынып жатыр. 1950-60 жылдары Қазақстанның археологиялық атласы жарық көріп, барлық тарихи нысандар тіркеуге алынды. Енді «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ескерткіштерді сақтау және қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асуда. Алматы облысындағы Боралдай, Есік, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы Берель қорғандарын ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру шаруасы жүргізілуде.
– Дамыған елдерде заманауи технологияларға сүйене отырып, тарихи заттарды анықтау жолға қойылған көрінеді. Бұл тәжірибені біз қолдана аламыз ба?
– Рас, техникалық құрылғылар дамып жатыр. Жер астында не жатқанын ғарыштан да көріп-білуге болады. Археологтар тарихи жәдігерді қолмен ұстап, көзбен көргенді жөн көреді. Табылған затты әбден зерттемей тұрып пікір айту да мүмкін емес. Сосын тас дәуірі тұрақтары 9 метр тереңдіктен төмен орналасады. Ондай тереңдікке ешқандай құрылғы бойлай алмайды. Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысының шектескен тұсындағы Уәлиханов атындағы тұрақ 12 метр тереңдікте орын тепкен. Қатты жел тұрғанда тұрақты топырақ басып қалған көрінеді. Әлгі жерден алты мәдени қабат шықты. Әр қабаттың арасы – 1,5 метрге дейін бос топырақтар. Барлығы бір кезеңге жатады. Яғни бәрі де осыдан 25 мың жыл бұрын ғұмыр кешкен адамдарға тиесілі құрал-жабдықтар.
– Кезінде Қазақстанның Ресейге, Қытайға, Өзбекстанға кетіп қалған жерлеріндегі археологиялық артефактілерді даулап, елге қайтаруға мүмкіндігіміз бар ма?
– Бұл – өте күрделі мәселе. Кеңес үкіметі тұсында Левина деген археолог көп жылдар бойы Қызылорда облысында жұмыс істеді. Ол әскерилердің көмегімен бір жазда 200 қорғанға дейін қазыпты. Табылған заттардың бәрін өзімен бірге Мәскеуге алып кетті. Ол кісіні ЮНЕСКО-ның ғылыми конференциясында кездестірдім. Бізден алып кеткен заттарды пайдаланып слайд көрсетіп, баяндама жасамақ екен. Менің Қазақстаннан келгенімді біліп, техникалық себептерді алға тартып, слайд-суреттерін көпшілікке жариялаудан бас тартты. Әуелі Түркістандағы тайқазан Эрмитажда тұрды. Тайқазанымыз елге қайтарылғанда басқа да жәдігерлерімізді сұратқан едік. Өкінішке орай, онымыздан түк шықпады. Алысқа бармай-ақ қоялық, соңғы ханымыз Кенесарының басының қайда екенін әлі күнге дейін таба алмай жүрміз ғой.
– Елімізде тұңғыш болып тас дәуірі мұражайын ашқан тарихшысыз...
– Үлкен ғалымдарымыз Хасан Алпысбаевтың, Алан Медоевтың және өзімнің тапқан 500 мың тас құралдарын көне заман жәдігерлерінің қоры ретінде бір жерге жинадым. Кейін ол мұражайға айналды. ТМД аумағында бұдан басқа тас дәуіріне арналған мұражай жоқ. Бүкіл әлемдегі үш мұражайдың бірі бұл. Мұндай музей Кембридж, Сорбонна университеттерінде ғана бар. Тас дәуіріне байланысты мұражайдан ашель кезеңінен бастап, қола дәуіріне дейінгі Қазақстанның көне заман мұраларын көруге болады.
– Қытайлар «Аждаһа елі», «Аспан асты елі» деп өздерінің рухын көтереді. Бұл идеологияны әлем санасына сіңіріп үлгерді. Неліктен біз өз тотемдерімізді тірілте алмай отырмыз? Қазақтың көк бөрісінің қытай аждаһасынан несі кем?
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көп ғалымдар бизнеске кетті. Ал осы күні тарихқа қызығатын жастардың қатары артты. Университетіміздің тарих, археология, этнология факультетіне биыл жылдағыдан да көп білімгерлер түсті. Ата тарихқа деген құштарлықтары шексіз, шетінен дарынды жастар. Мектеп жасындағы оқушылардың олимпиадасына қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысып тұрамын. Қазіргі балалардың тарихқа деген қызығушылығы жоғары екенін көріп қуанамын. Осы жастарды қазақ жерін, елін сүйіп, ұлттық құндылықтарын әспеттеуге тәрбиелеуіміз керек. Қазақ халқы өз тарихын тас дәуірінен, яғни миллион жыл бұрынғы кезеңнен бастау қажет. Түркістан қасындағы экспедицияға Қ.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің студенттері де қатысты. Өздері тапқан заттарды ешқашан ұмытпайды емес пе? Жастарға мұражайларға жиі барып тұрған жөн.
– Қазақ тілін жетік игеріп, руханиятымен сусындау үшін халық әндері мен халық композиторларының әндерін тыңдайтын көрінесіз...
– Расын айту керек, Ресейдегі қалың орыстардың ортасында туып-өстік. Әлі есімде, халықты есепке алу кезіндегі анкетаға «родной язык – русский» деп жазатынмын. Осында келгенде қазақша дұрыс сөйлей алмай жүрдік. Отансүйгіштік қасиет қайдан туады? Шетелдерде жүргенімде өз елімді сағынамын. Сонда халық композиторларының әндерін тыңдаймын. Өз тілін жақсы біліп қана қоймай, бірнеше шет тілдерін игерген жастарды көріп риза боламын. Өзім қазақтың әдеби тілінде сөйлей алмаймын, қазақша жаза да білмеймін. Бірақ үйрену үстіндемін. Күнделікті баспасөзді оқып отырамын. Жұмыста отырып халықтық әндерді тыңдаймын, далада экспедицияға шыққанда қазақша ән саламын. Сол бойыма қуат береді.
– Осы күні археологтарды қандай мәселе алаңдатып отыр?
– Тас дәуіріне қатысты соны деректер ғылыми конференциялардағы баяндамаларда пайдаланылып, жекелеген кітап ретінде шығып жатыр. Барлық көне дәуірдің мағлұматтары бір жерге тоғыстырылып, теориялық негізде үлкен еңбек жарық көрсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақ жеріне ежелгі адамдар миллион жыл бұрын келгенін, Қазақстан – тас дәуіріндегі адамдардың орталығы болғанын жаздым. Алғашқы адамдар Африкадан Азияға, Азиядан Еуропаға қоныс аударған болуы ықтимал. Кейінгі дәуірлер қайтадан кері қайтады.
Алашқа айтар датым
Жастар білім мен ғылымға адал болуы тиіс. Тәлімгерлерге «Білімнің соңынан қуыңдар, сонда ертең байлық сендердің соңдарыңнан қуатын болады» деп үнемі айтып отырамын. Жастық шақта уақытты босқа өткізбеу керек. Қандай мамандық иесі болсақ та, өз тарихымызды, салт-санамызды білуге міндеттіміз. Оқу бітіргелі бірде-бір рет кезекті демалысқа шықпаған екенмін. Бельгия, Алмания, Германия, Франция, Қытай және тағы басқа шетелдерге ғылыми экспедициялармен сапар шектім. Бейнеттің зейнеті болатынын ұмытпайық.