Раушан АЙТЖАНОВА, Қазақ радиосының ардагері, International Educational Center президенті:
– Раушан апай, биыл радиожиілікте қазақ үнінің естіле бастағанына 90 жыл толып отыр. Біз жас журналистер буынынанбыз ғой. Жас буын өткенді білемін десе де, білмейді, заманы басқа. Сондықтан радио ардагерлерінің естелігі біз үшін қашанда қымбат әрі қашанда беймәлім. Радиода еңбек еткен кезіңізді қазіргі кезең тұрғысынан қалай бағалайсыз?
– Қазақ радиосының 90 жылдығын үлкен тарихи оқиға деп есептеймін. Ол ақпарат құралы ғана емес, өнер мен мәдениеттің, жырдың, қазақтың зиялы азаматтарының үлкен шаңырағы болды. Қазақ қоғамының тұтас бір бөлігі Қазақ радиосымен бірге өмір сүрді, сонымен бірге өнер жолын, еңбек жолын іздеді, Қазақ радиосымен қазақтың тілін үйренді, ғылымға ұмтылды. Қазақтың радиосы әр шаңырақта естіліп жатты. Радионың 90 жылдығын айтқан кезде «оны бүгінгі кезеңге кімдер жеткізді?» деген сұраққа жауап беріп кету қажет. Бұл орайда қазақтың небір зиялысының, ақын-жазушысының, қоғам қайраткерлерінің еңбегін айтқан жөн. Мен радиоға келген кездің өзін алатын болсақ, ол кезеңде Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Тахауи Ахтанов сияқты талантты ақын-жазушыларымыз әдебиет редакциясының бірден-бір тірегі, қолдаушысы, жалпыхалыққа қазақтың үнін таратушы бола білгенін атап өту керек. Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский, Ахмет Жұбанов сынды өнердің озық ойлы теоретиктері де радиода қызмет етті. Олар қазақтың әрбір әнін іздеді, оларды жеке-жеке талдады, ұлттық әуендерді бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, көптеген шығармаларға арқау етті. Мысалы, Евгений Брусиловский қазақтың бір топ әнінен «Қыз Жібек» операсын жазған болса, Ахмет Жұбанов халық әуендерін симфониялық оркестр орындайтын туындыларға айналдырды. Мұқан Төлебаев, Мәкәлім Қойшыбаев, Мансұр Сағатов, Нұрғиса Тілендиев шығармалары Қазақ радиосынан орындалып, халық жүрегінен орын алып жатты, сол арқылы радиомыздың абыройын жоғарылатты. Бір айта кетерлігі – сол кезең үшін ұрпаққа пайдасы бар, тағылымы мол хабарлар мен шығармалар беріліп тұрмаса, радионың құны бір тиын еді. Мысалы, қазіргі радионы жаман деп айта алмаймын, бірақ маған бір ұнамайтыны – эфирдің алтын уақыты «Алло, сәлеметсіз бе, кімге сәлем жолдайсыз?» деген әңгімемен өтетін болды. Бұрынғы кезеңде сәлем жолдайтын адам ұлағаты мол ардақты ана, халықтың өсіп-өркендеуіне еңбегі сіңген ғалым, қазақтың даласында мыңғыртып малын айдап жүрген шопан, батыр, күні-түні шахтадан шықпайтын кенші, өнердің пұшпағын илеп жүрген адам болушы еді. Қазір кез келген адам, тіпті бес жастағы бала эфирдің қымбат уақытын алып, бір-біріне сәлем жолдап, ән сұрайды. Осының керемет бір тәрбиелік мәні бар деп айта алмаймын. Одан гөрі белгілі бір ақынымыздың өлеңдер топтамасынан жыр оқылса не болмаса бүгінгі жастардың көзқарасына қатысты пікірталас, ток-шоу жүргізілсе, мысалы бүгінгі білім беру мен өнердің деңгейі жөнінде немесе жастардың саяси партияларға көзқарасы туралы. Эфирде осындай тақырыптарға қатысты қызу пікірталастар жүріп жатса, онда басқа әңгіме. Қайтыс болып кеткен адамның дауысын беріп тұрып, іле-шала «Нұр-Мұқасан» дуэтін тыңдаңыздар» дей салады. Қазақтың тарихы үшін бүгін де қажет, өткен де қажет, бірақ оның бәрін сауатты түрде саралай білу керек. Халқымыздың қай мұрасы да бағалы. Бірақ эфирден «Балқадиша» әнінен кейін бірден қазіргі заманғы бір тырқылдақ ән берілсе, ол екеуі екі бөлек дүние болғандықтан, үйлесім таппай тұрады. Сонымен бірге халықтың сұранысына ие хабарлар аз. Көбі үстірт хабар. Дегенмен өмір бүгінгімен тоқтамайды. Радионың бүгінгі хабарларын түгел нашар деуге болмайды. Қазіргі өміріміздің тынысына сай радио да жаңарып келеді.
– Сіз қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушы Ахмет Жұбановтан дәріс алып қана қоймай, онымен және Мина Сейітқызы, Әнуарбек Нығметжанұлы сияқты қазақтың дикторлық мектебінің танымал өкілдерімен бірге қызметтес болдыңыз...
– Қазақ радиосының 90 жыл жасауына алдыңғы буынның зерделі, ойы өткір ата-әжелері үлесін қосты ғой. Мұндай адамдар, әрине, кейінгі жастардың арасынан да шығатынына күмән келтірмеймін. Қазіргі жастардың арасында да талантты қыз-жігіттер, ортаға ой тастай алатын адамдар бар. Солардың бәрінің еңбегі еліміздің, халқымыздың рухани өсіп-өнуіне арналса деп ойлаймыз. Өзіме келсек, Қазақ радиосында 30 жылдан артық еңбек еттім. Радионың қорына 280-нен астам хабар қалдырдым. Мысалы, «Өмір өткелдері» циклы бұрынғы өтіп кеткен таланттарымыздың даусын, өнерін баян ететін хабар болса, «Мені тербетіп жүреді ылғи», «Әсем ән» атты хабарлар жастардың шығармашылығына арналады. «Маэстро Ғабит Несіпбаев» деген хабарым бар. Мұхит күйшінің айшықты тойларына арналған «Ұрпағымын Мұхиттың» деген хабар жасадым. Үрия Тұрдықұлова, Шора Үмбетәлиев, Суат Әбусейітов сияқты өмірден өтіп кеткен халық әртістерінің шығармашылық портреттерін радио қорына қостым. Дирижерларымыз туралы көптеген хабар жасадым. Белгілі тұлғаларға арналған хабарларды айта берсем көп. Олардың біразын әлі күнге дейін эфирге сұрап алып жатады. Демек, бұлар – мен үшін немесе арамыздан өтіп кеткен адамдар үшін емес, жас ұрпақ үшін жасалған дүниелер. Осы хабарлардың ішінен бір сөйлем болса да, жастардың санасында қалып жатса, бағдарлама өз міндетін атқарды деген сөз. Қазақ радиосында менімен бірге қажырлы еңбек еткен адамдар көп болды. Дүйсенбек Қанатбаевтың «Сыр сандығы» қандай?! Хұсман Егесіновтің «Дөңгеленген дүниесі» неге тұрады?! Қазақтың Левитаны болған Әнуарбек Байжанбаевтың даусының өзі неге тұрады?! Сауық Жақанова мен Әнуарбек Байжанбаевсыз бірде-бір көркем хабар жазылмайтын. Мансұр Сағатов музыка редакциясын басқарды, Ілия Жақанов өнер туралы көп хабар жасады. Таңат Досбаев режиссерлер тобын басқарды. Қазақтың тілін бұзбай, шебер аударма жасай білген Светлана Мусина сияқты мамандарымыз болды. Үмітжан Балтаева соңғы хабарларды эфирден шашасына шаң жұқтырмай бере білді. Сәркен Оспанов ағамыз «Шалқар» радиосын құрудың басы-қасында жүрді. Қазақ әндерінің інжу-маржандарын орындап, күйтабаққа жазған солистеріміз Лаки Кесоглу, Зейнеп Қойшыбаева, Люция Төлешева, Венера Қармысова, Суат Әбусейітовтер еді. Біздің өз оркестріміз, эстрадалық-камералық оркестріміз болды. Ол кездегі радионың бүкіл болмысы, тіршілігі бүгінгіден әлдеқайда өзгеше еді. Кеңес Одағы құлап, бәрі қайта құрылған уақытта радионың осы болмысын сақтап қалу ақшаға келіп тірелді. Менің күні бүгінге дейін жүрегімді ауыртатыны – сол кезеңде тиын-тебеннің жетіспеушілігінен қазақтың әрбір үйінде естіліп тұрған «Шалқар» радиосының жабылып қалғаны. Қазіргі «Шалқар» әр үйде естілмейді. Кезінде оны шетелдегі қазақтар да тыңдайтын. Олардан мыңдаған хат келіп жататын. Дей тұрғанмен қазіргі кезде де бәрібір Қазақ радиосына тең келетін радио жоқ. Қанша кемшілігі болса да, ар жағында тапталған жолы бар, терең базасы бар, алтын қоры бар. Жуырда Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің достығы туралы шағын, әзілге құрылған хабар болды. Бұрынғы хабарлардан алынған. Сондай тамаша болды! Қазіргі ұрпаққа терең мағлұмат беретін хабарлардың әлі де болса, бар екеніне қуанамын.
– Қазір телевизия мен радиодағы дикторлыққа қатысты дау да, сын да аз емес. Бұған себеп – бір кездері дикторлыққа айрықша көңіл аударылса, бүгінде ақпаратты көзімен көріп, құлағымен еститін, өзі жазатын журналистердің хабарлағаны бағаланады. Сахна тілінің маманы оқыған жаңалықтан гөрі тележурналист хабарлаған жаңалық маңыздырақ саналады. Ал сіз бұрынғы дикторлық мектептің өкілі ретінде бұл пікірді қолдамауыңыз мүмкін, осы қарама-қайшылықты қалай шешкен жөн деп ойлайсыз?
– Егер журналист озық ойлы, даусы эфирге жатық болса, сөйлеу тілі көркем әрі анық болса, оған қарсылығым жоқ. Мысалы, кезінде біздің өзіміз де шетелдегі журналистердің жұмысына қызығатын едік. Оларда сол кездің өзінде сыртта репортаж жасап жүрген адам эфирге келіп те, тура сол қалпында сөйлеп кете беретін. Міне, осындай шеберлікпен жасалып жатса, оның бөтендігі жоқ. Ал бізде көбіне олай бола бермейді. Сөйлеу тілінің тазалығына қатысты мәселенің ара-жігі ажыратылуы үшін диктор деген адам міндетті түрде қажет. Телевизияны алсақ, онда диктордың түрі эфирге келісіп тұруы керек. Көрермен оның келбетіне қарап, сөзіне қарап, мимикасына қарап, ол хабарлап отырған материалды ұғына алады. Жүргізушінің түрі көрерменге міндетті түрде әсер етеді. Ал радиодағы диктор даусының құдай берген ерекше тембрі бар адам болуы тиіс. Тыңдарман таза дикцияны естуі керек. Кейбір журналистер керемет етіп жаза алғанымен, оны соншама керемет етіп, мәнерлеп оқи алмауы мүмкін. Міне, мұндай адамдар эфирдің артында қалуы керек те, оған еш намыстанбауы қажет. «Мен төмендеп қалатын болдым» деп, эфирге шығуға ұмтылу дұрыс емес. Иә, біздің уақытымызда даусың эфирге келмесе, сені эфирге шығармайтын. Хабарды міндетті түрде даусы дұрыс диктор оқиды. Ол сөзді бұзбай, интонациясын келтіреді. Қай сөздің қай буынына екпін түсіру керектігіне дейін білетін олар. Сондай талап әлі күнге дейін бар болса да, қазір кез келген бала микрофон алдына отырып, қалай болса, солай оқып бере салады. Хабар тілінің тазалығы – өте маңызды мәселе. Әсіресе бұл қазақ тілінің насихаты үшін керек. Қазір эфирден қақалып-шашалып, дұрыс сөйлемейтін жастар қазақ тілінің жанашыры ретінде ойбайлайтынды шығарды. Қазақтың тілінің мәртебесін көтеруге жауапты адамдар – сөйлеушілер, жүйрік журналистер, радио шеберлері. Бұлар, ең алдымен, тілдің тазалығына атсалысуы керек. Ал ол үшін әрбір қазақ журналисі өзіне-өзі сынмен қарауы тиіс. Қазақша анық сөйлей алмайтын журналист қазақ тілін қорғап қарық қылмайды. Қазір оқу жүйесінің төмендігінен болса керек, бұрын журналистика факультетін бітіріп келген балалар оқығандарын тәжірибемен жалғастырып, іліп әкетуге дайын болатын. Ал қазіргі түлектерді көріп жүрмін, тіпті адаммен сұхбат жүргізе алмайды. Бір бала бірде менен: «Сіз радиоға қашан келдіңіз?» деп сұрайды. Мен айттым: «Балам, менің радиоға қашан келгенім маңызды емес, Қазақ радиосының қорындағы дүниелер маңызды». Сол сияқты кейбіреулер эфирге өнер адамын шақырып алып: «Сіз өнерге қалай келдіңіз немесе өзіңізді таланттымын деп ойлайсыз ба?» – деп тақ-тақ етіп отырады. Жұлдыз атаулының бәріне қойылатыны – осы сұрақтар. Осындай сұрақ бола ма?
– Шынымен де, қазіргі радио желілерінде жаңалықтарды сөйлеу дефектісі бар, даусы жағымсыз, интеллекті төмен, қазақшасы нашар жүргізушілер де оқитын болды. Сондай ақпарат құралы басшыларының мұндай жайтқа немқұрайды қарауының себебі неде деп ойлайсыз?
– Енді 90-жылдардан бастап, радио мен телеарналарға бірінен соң бірі кім болса, сол басшы болып жатыр. Менің түсінігімде, мұндай ақпарат құралына келген басшы өте шешен және сол саланың бүкіл болмысын ұғынатын адам болуы қажет. Біздің бақытымызға мен радиоға қызметке келген кезде Кенжеболат Шалабаев, Камал Смайыловтар басшылық етті. Басшылардың көп білетіндігі, ораторлығы журналистерді жетелеуге жақсы. Журналистің өзі де көп ізденуі керек, бірақ жастың аты – жас. Ел мойындаған тәжірибелілердің мектебін көру журналист үшін аса қажет. Қазір енді басшылардың бәрі қағазбасты. Олардың эфирдегі журналистерді басынан-аяқ тыңдап отыруға уақыты болмайды. Біздің кезімізде басшылар өз ішіміздегі және штаттан тыс адамдарға эфирге шолу жасатып тұратын. Олар әр хабардың артықшылығы мен кемшілігін қарап, ойларын, сын-ұсыныстарын қағазға түсіріп әкеліп беретін. Бұл мәселе лездемеде талқыланатын. Осындай әдіс болмаса, эфирдегі кем-кетікті түзеу мүмкін емес. Эфирді нашар жүргізетін адам да өзгелердің сынын ескеріп немесе өзін-өзі сынай білуі керек. Мен әлі күнге дейін бір хабарларды қарап отырып, «Қап!» сол кезде мынадай ой айтуға болар еді, соған менің білімім жетпеген екен, мына бір жерді дұрыстауға тәжірибем жетпеген екен» деп отырамын.
– Соңғы кездері жиі айтылып жүрген бір мәселе бар – журналистерді қоғамдық өмірдің түрлі саласына бейімделген мамандар арасынан дайындап шығару жөнінде. Осы мәселеге қалай қарайсыз? Келешектің журналистерін экономика, саясаттану, халықаралық қатынастар, өнертану салаларынан іздеу керек пе?
– Мен бұған қосыламын. Мысалы, Ғаділбек Шалахметов әуелде басқа мамандық иесі болатын. Бірақ өте шешен еді. Журналистиканы кейін меңгеріп, білікті басшы болды. Жалпы, жаратылысынан сөзге шебер, сөз құдіретін түсінетін, ойын анық жеткізе білетін адам журналист бола алады. Ол үшін журналистің дипломын алу міндетті емес. Кейде журналистика мамандығын бітіріп алған адамдар өз ойын жеткізе де, жинақтап, ортаға да сала алмай жатады. Сіз айтып отырған мәселені біздің журналистиканың деңгейін көтерудің бір тәсілі деп білемін. Менің мамандығым – оркестр дирижері. Бірақ дирижер болып жұмыс істеген жоқпын. Ақтөбе педагогикалық училищесін бітіріп, одан кейін Орал педагогика институтында сырттай оқып әрі мұғалім болып жұмыс істеп жүріп, консерваторияға түстім. Жетім бала едім, бірақ музыкаға деген талабым, өнерге деген ынтам болғандықтан шығар, халық аспаптары оркестрінің домбыра факультетіне оқуға қабылдандым. Ұлы Мұхиттың тұқымы – Құбыш Мұхитов деген профессордың класына тап болдым. Екінші мамандық ретінде оркестр дирижерлығын меңгердім. Дирижерлықты әуелі Евгений Трембовельскийден, кейін Шамғон Қажығалиевтен оқыдым, дипломдық жұмысымды Алдаберген Мырзабековтен қорғадым. Еңбек жолымды Қазақ радиосының музыкалық редакциясынан бастадым. Комментатор болдым, редактор болдым, хабар жаздым. Еш нәрседен қорыққан жоқпын. Техниканы да, репортерлікті да меңгеріп алуға тырыстым. Көпшілік концерт залындағы 80 жолы бар үлкен пультті басқарудан қорқатын. Сөйтсем, қорқатын дәнеңе жоқ екен, білуге тырысқан адам қай перне құлақтың дыбысы, қайсысы микрофон екенін анықтап, үйреніп алады. Ол кезде адамның сөйлеген сөзін таспаны қайшымен қиып-желімдеп отырып, монтаждаймыз. Қазір мұның бәрін компьютердің өзі жасайды. Радиода жұмыс істеп жүріп, журналист мамандығын да меңгеріп алдым. Бірақ қайталап айтарым: нағыз журналист үшін бұл – міндетті емес.
– Журналистің жұмысы көбіне небір құрбандықтарға баруды талап етеді. Адамгершілік тұрғысынан болсын, кәсіби көзқарас тұрғысынан болсын. Сіз Қазақ радиосында кеңес дәуірі тұсында қызмет еттіңіз. Осы сала үшін әлдеқандай батылдыққа барған кезіңіз туралы айтып берсеңіз.
– Ондай жағдай болды. Қызметке жаңа келген кезім, көп нәрсені біле қоймайтын жас едім. Бір күні Шекспирдің «Много шума из ничего» атты музыкалық картинасын эфирден берейін десем, әлгінің аудармасын таппадым. Жазушылар одағына, әдебиет сыншыларына хабарластым, ешкімнен жауап ала алмадым. Ресми аудармасы болмағаннан кейін оны эфирден «Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады» деп беріп жібердім. Сәлден кейін «Өсебаев деген төраға шақырып жатыр» деді. «Сен, қыз, классиканы неге олай аударасың?» деді ол. Мен «Сіз аудармасын айтыңыз, мен түзетіп, тыңдармандардан кешірім сұрап, эфирден қайта айтайын» дедім. Ол «Сенің аудармаңның мағынасы дұрыс, бірақ мұндай батылдықтың керегі жоқ, жассың, байқау керек» деп шығарып салды. Мұны менің қателігім деп есептеуге болады. Ал бұдан бөлек, менің басшылармен келіспей қалып, қатты кеткен кезім де болды. «Маэстро Ғабит Несіпбаев» деген хабар жасарда кітапханадан Шоқан Уәлиханов Финляндияда болған кезде орган үнін естігені жайлы бір мәліметті тауып алған едім. Органның аңыраған аккордтарын естіген Шоқанның көз алдына қазақтың даласы келіп: «Шіркін, мынау қазақтың кең даласында ойналатын аспап екен» деп тамсанған. Аспаптың үнінен ерекше әсер алған ғалым бұл концерттен соңғы алтын ақшасын да аямапты. Мен қазақтың тұңғыш органшысы туралы хабарымда «Шоқанның арманы орындалып, міне, орган қазақ даласына келді» деп жазғанмын. Мұндай үзіндіні басшылар артық санап, қарсы болды. «Шоқанның бұл жерде не қатысы бар, алып тастаңыз» деді, мен кешегі арманның бүгін ақиқатқа айналғанын айтып, түсіндіріп жатырмын. Бірақ басшылар бәрібір келіспеді, содан кейін мен ерегісіп, хабарды жұлым-жұлым еткім келмей, эфирге мүлдем бермей қойдым. Сол кезде эфирге келіп, хабарды тыңдап кеткен Ғабиттің ғалым әкесі директорға барып, автордың Шоқан жайлы дерегі хабарға өте сәтті қосылғанын айтыпты. Бұдан кейін басшылар менен хабарды еш өзгертпестен эфирге беруді өтінді. Міне, кейде өзің анық біліп тұрған нәрсені осылай батыл қорғауға тура келеді.
– Бұрынғы әріптестеріңіздің көзі тірілерімен кездесіп, радиохабарлардың бүгінгісі туралы әңгімелесіп тұрасыз ба?
– Иә. Қазақ радиосының «Алматы, алматинцы» деген редакциясын басқарған Шолпан Шәкірова деген журналист болды. Сол кісімен әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз. Радиодағы бір бағдарлама көңілімізден шықпай жатса немесе, керісінше, бір сәтті жасалған дүние естісек, бір-бірімізге қоңырау шалып, айтып отырамыз. Кейде музыкалық хабарларда әлдеқандай симфонияларды кез келген жерінен үзіп-жұлып беріп жатады. Тактының иә басы, иә аяғы жоқ болып шығады. Бір әңгіменің бас-аяғын үзіп тастаса, не болады?! Бұл да сол сияқты. Мұндай хабарларды музыкалық білімі бар адамдар әзірлеуі керек. Осындай нәрселерді өзара талдап, талқылап отырамыз. Енді Қазақ радиосының 90 жылдығын тойлаудың қарсаңында жас журналистерге, жас ұрпаққа айтатын бір өтінішім бар: ол – қай кезде де істеп отырған жұмысыңа деген жауапкершіліктің болуы. Хабарды, шығарманы, бастық айтқандықтан ғана жақсы жасамау керек. Өзің сүйіп, жақсы көріп отырғандықтан істеуің қажет. Тіпті дыбыс қорынан таспа алуға қажетті карточка жыртылайын деп тұрса, оны ешкім тапсырмай-ақ өзің жөндеп қойғаның абзал. Жұмыстағы әрбір нәрсеге асқан жауапкершілік қажет. Жас журналистер көненің көзін сақтап, жаңаны биіктете берсін!
– Әңгімеңізге рақмет!
Оқшау ой
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының зертханасында ел арасынан жазып алынған, ешкім естімеген ән-күйлер таспа-таспа болып босқа жатыр. Мен кезінде бұл қордан Махамбеттің «Қайран, Нарын» және «Жұмыр қылыш» деген екі күйін кездейсоқ тауып алып, оларды нотаға түсіріп, сол бойынша дипломдық жұмыс қорғадым. Осындай зерттеуге зәру болып жатқан дүниелер әлі де көп. Бірақ біз Затаевич жазып кеткен мың әннің айналасынан шыға алмай жүрміз. Беймәлім жатқан әндерді жарыққа шығарғысы келетін, олардың тарихына үңілгісі келетін ешкім жоқ. Әйтеуір қазіргі жастар бұрынғы термелерді қайта өңдеп, дүрсілдеген ән жасауды сәнге айналдырды, оған да шүкір. Өнер академиясының қорында да халыққа ұсынылмай, нотаға түсірілмей жатқан ән-күйлер жетерлік. Оны зерттеудің орнына қазір өнер адамдары ақша іздеп кетті. Қай жерде той барын біліп, соған барып, ақша алып қайтуды ғана ойлайды.