Өз мамандарымыз шетелдіктерден әлдеқайда тиімді жұмыс істейді

Өз мамандарымыз шетелдіктерден әлдеқайда тиімді жұмыс істейді

Марат Ниетбаев, «Тау-кен компаниясының» Басқарма төрағасы-Бас директор, техника ғылымының кандидаты:

– Марат Әбенұлы! Оқырман­да­ры­мыз­ға «Тау-кен компаниясы» туралы айтып берсеңіз. Компания қандай мақ­сат­пен құрылды? Қандай жұмыс түр­ле­рімен айналысасыздар?
– «Тау-кен компаниясы» – «Қаз­атом­өнер­­­кәсіп» ұлттық атом компаниясының 100% еншілес бөлімшесі. 2004 жылдың 1 қаза­нындағы компания ішіндегі қайта құ­рылымдау жұмыстары негізінде іске кірістік. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы 1997 жылы 14 шілдеде құрылған. 10 жыл­дан астам жұмыс істеп келе жатыр. Содан бе­рі күннен-күнге дамып, алдағы қойған мақ­­саттары ұлғайып келеді. Уран өндіру ісі, өздеріңізге белгілі, өте ұзақ және күрделі процестен тұрады. Дамыған қоғамда атом­ның қолданылу аясы да шексіз. Сондықтан ең басты қағидамыз табиғаттың осынау шұ­райлы байлығын төкпей-шашпай, ел игі­лі­гіне жарату болып табылады. Біз қазір ал­ғаш­қы қадам – шикізат табудан бастап, оны жер астынан алып шығу, сосын өзінің бір кезең­­де­ріне жеткізуге дейінгі істердің бәрін атқа­ра­мыз. «Тау-кен компаниясының» құ­ры­­луын­дағы басты мақсаты осы деп айтуға болады.
– Компанияның әу баста құрыл­ған­да­ғы мақсатынан қазір едәуір өз­ге­ріс­тер бар сияқты. Ауқымы да кеңейіп жа­тыр екен дегендей...
– Әрине, компания барынша кеңею үстінде. Оны біздің жалпы көр­сет­кіш­те­рі­міз­ден де байқауыңызға болады. Мысалы, «Қаз­атомөнеркәсіп» 1998 жылы жылына 1000 тоннаға да жетпейтін уран өндірген бол­са, биылғы меже – амандық болса, 17 700 тонна, ендігі жылы 20 400 тоннаға жет­кізу­ді мақсат етіп отырмыз. Бұл – енші­лес компаниялардың да жұмысы жан­дан­ға­нының белгісі. Енді өзіңіз салыстырып кө­ріңіз, 10 шақты жылдың айналасында 1000 тон­­на­ға да жетпейтін көрсеткіштен 20 мың­нан астам биікті бағындыру оңай шаруа бол­маса керек.
– Әрине, мұны біз жұмыс ауқы­мы­ның ұлғайғандығының, кен орын­да­рының көбейгендігінің белгісі деп тү­сінеміз. Кен орындарының көбей­гендігі дегеннен шығады, деректерге қарап отырсақ, сіздерге тиесілі кеніш­те­ріңіз­дегі уран қоры соңғы жылдары едәуір ке­міген екен. «Осы қарқынмен өндіре бер­сек, болашақта жерімізде уран қал­май қалмай ма» деген сұрақ­тың шеті қыл­тия­ды. Қазақ­стан­ның уран қоры­ның бо­ла­шағы туралы бол­жа­мыңыз қан­дай?
– Уранымыз біз түгіл, біздің ұрпа­ғы­мыз­дан да асып қалады. Өзіңіз айтып отыр­ған мәліметтер – барлау барысындағы ақпарат, ал еліміздің қаншама жерінде әлі барлау жұмыстары жүргізілмеген. Алды­мыз­дағы әкелеріміз уранды тауып, біраз жұ­мыс істеп кеткен. Соны енді пайдаланып жа­тырмыз. Бізде уранды барлау жөнінде бағдарлама бар. Жаратқан ием өзі уран жағынан біздің мем­лекетке қарасқан ба деп шүкіршілік қыламын кейде. Бүгінгі таң­да белгілі қор бойынша біз – үшінші орын­да­мыз. Ал белгісіз қор қаншама! Оның бә­рін барласақ, әлемде уран қоры жөнінен бірін­ші орынға шығып кетуіміз мүмкін.
Екінші жағынан алып қарайтын болса, мы­надай бір мәселе бар. Қоғам бір ор­нын­да тұра бермейді. Бүгін уран керек. Бірақ біз­дің болашақ ұрпаққа ол керек болмай қалуы да мүмкін ғой. Кім білсін, бәлкім, ертең мұнай да керек болмай қалатын шығар. Болашақ энергияны әншейін судан – сутегіден шығара беретін болар. Бар кез­де адамзат игілігі үшін қазба бай­лық­та­ры­мыз­ды пайдалануымыз керек. Қолда бар­ды ұқсата білген жөн.
– Өздеріңізге қарасты мекеме­ле­рі­ңіз уранды қандай әдіспен өндіреді?
– Қазақстанда уран алдыңғы қатарлы тех­­нологиялармен өндіріледі. Орысша айт­қан­да, подземное скважинное выще­ла­чи­ва­ние (ПСВ) дейді.
– Жерасты ұңғымаларын шаймалау әдісі...
– Иә, ең үнемді әрі экологиялық таза әдіс. Ол, мысалы, Ресейге келе бермейді, се­­бебі оның табиғаты өзгеше. Үнемді деге­ні­міз, оған жерден шахта қазып, астына адам түсі­ріп жатпайсың, табиғатқа зиян кел­­т­ірмейсің. Біз уран өндіретін жерді Үкі­мет­тен уақытша аламыз, уран өндіріп бол­ғаннан кейін залал­сыз­дандырып, дұрыстап қай­тарып береміз. Үкімет жерді алып, оған егін егіп немесе басқа да қажеттіліктеріне жұ­мсайды.
– Шаймалау әдісі дедіңіз. Ал, мы­салы, Өзбекстанда, менің білуімше, әлі күнге шахталық әдіспен өндіреді. Бәл­кім, бұл әдістің де өзіндік артық­шы­лық­тары бар болар?
– Олар шахта арқылы да, қышқылмен қуу әдісімен де өндіреді.
– Өзіңіз білесіз, экологтарымыз осы шай­малау әдісіне қарсылық білдіріп, «улы қоспалар жерасты суларына ара­ласып кетеді» деп дабыл қағуда. Шы­ны­мен де, уран өндіру барысында жі­бе­ріл­ген сұйықтықтардың жерасты  өзен­деріне араласып кету қаупі бар ма?
– Ол тіптен мүмкін емес! Енді мен сізге сызып көрсетейін. Уранның асты-үсті – жер асты көк сазы. Саздан су өтпейді. Жоға­рыдан сква­жина түсіреміз. Сол жерге күкірт қыш­қылын жібереміз. Қышқыл келгеннен кейін уран оттегімен қосылып, тотыққа айна­лады. Ал осы екі саздың астымен де, үстімен де су кетіп жатыр. Бірақ уран саз мас­сасын бұ­зып, ешқашан жерасты су­ла­рына өте ал­май­ды. Және біз секундына 100 грамм қыш­қыл құй­сақ, 100 грамм уран қосын­дысын алып шы­ға­мыз. Осы­лай­ша, өн­ді­рістік баланс, табиғи тепе-теңдік сақ­­та­ла­ды.


– Сонда жер астындағы уранның ши­­кізаты міндетті түрде екі саздың ор­та­сында кездесе ме?
– Иә, солай.
– Ол әдетте қанша метр тереңдікте бо­лады?
– 150 метрден бастап 800 метрге дейін бара­ды. Созақ ауданында 150-180 метр­ден басталады да, Қызылорда облысы Шие­лі кентіне барғанда 800 метрге жетеді. Ал жерасты сулары не үстімен, не астымен ағып өтіп жатады да, уран өз қабатында қала береді. Оның суға өтпеуінің ең үлкен ке­пілдігі – біріншіден, асты-үстіндегі көк саз, екіншіден – мен айтып отырған өнді­ріс­­тік баланс. Қосындылар басқа жақтарға ағып кетпес үшін негізгі ұңғыманың айна­ла­сында жан-жағынан қадағалап отыратын бақы­лау­шы ұңғымалар деген болады. Судың тазалығы күнделікті тексеріледі. Сосын мұнда зерттеу өте көп қой, біздің тара­пы­мыз­дан да, экологтардың тарапынан да ұдайы жүргізіледі. Бұл жұмысқа біз өте қатал қараймыз, кен орнын ешқашан да лас­тап тастап кетпейміз. Үкіметке ол жерді қайтып тапсыратын болғандықтан, керек де­сеңіз, квартал сайын есеп беріп оты­ра­мыз.
– Уран қазір Қазақстанның әртүрлі ау­дандарынан өндірілуде: Қызылорда об­лысы, Оңтүстік Қазақстан облысы, кейінгі кезде орталық және солтүстік өңірлерден де табылып жатыр. Осы ай­мақ тұрғындарының алдында қан­дай әлеуметтік міндеттемелеріңіз бар? Оны қалай орындап жатырсыздар?
– Біріншіден, әлеуметтік міндет­те­ме­ле­ріміз келісімшартта түгелімен жазылған. Бел­гіленген ақшадан кем бермеуің керек. Одан көп берсең, Үкімет қайта салығыңды азайтады. Екіншіден, әр облыстың әкім­де­рімен жыл сайын кездесіп отырамыз, сонда қай ауданға қандай әлеуметтік нысандар ке­рек екендігі айтылады. Бағдарлама қа­был­данады, оған екі тараптан қол қойы­лады. Соған сәйкес, әр мекеме бір-бір мек­теп немесе балабақша т.б. салады. «Тау-кен компаниясы» «Қазатомөнеркәсіптің» іргелі бір бөлімшесі болғандықтан, біз тек әлеу­мет­тік салаға ғана жылына 2,5 миллиард теңге бөлеміз. Мұның барлығы уранның бағасына байланысты. Былтырдан бері ең төменгі баға 40 $-ға дейін жетті, қазір 60 $-ға қарай көтеріліп келе жатыр. Бұл – біз үшін қуаныш, бұған Үкіметтің өте көп сүйе­мелдеуі бар. Мысалы, салықты азайтты. Сол аймақтарда жұмыс істегеннен кейін жер­гілікті халықтың жағдайын ойлаймыз, біздің Қыземшек, Таукент, Шиелі сияқты өз кенттеріміз бар. Онда барсаңыз, қазіргі заманға лайық балабақшалар, тіпті боулинг ор­талықтары мен бассейндерді де көресіз. Қо­рыта айтқанда, бұл аймақтар ком­па­ния­мыз­дың қамқорлығында болып та­бы­лады.
– Жергілікті аймақтағы жастарды кен өндіру ісіне баулу жөнінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Оны біз аудандық әкімдермен шеше­міз. Аудандық әкімдік болашағы бар жас­тар­дың тізімін береді. Сол жастарды сала­мы­з­ға байланысты геолог, технолог ма­­­ман­дықтары бойынша өзіміз ақша бө­ліп, Қазақстанның жоғары оқу орын­да­рында және Ресейде оқытамыз. Ал біздің, мысалы, Франциямен бірлескен кәсіп­орын­­дарымыз Францияда оқытады. Со­лай­ша, біз бола­шағы бар жастарға ба­рын­ша жағдай жа­саймыз. Созақ ауданында сол ауданда туып-өскен жастар жұмысқа тар­тылған. Ал­ма­тыдан ешкімді онда апа­рып жұмыс істет­кізе алмаймыз. Жел­ке­леп апар­саң да, бір жылдан кейін қашып кетеді. Ал жергілікті жігіттер мен қыздар түбегейлі жұмыс істейді. Біз жұмысқа соларды жұ­мыл­дырамыз. Олар­дың көбі – ауылдың қара­­до­ма­лақ­та­ры.
– Компанияларыңызда кадрлық резерв мәселесі қалай жолға қойылған? Сонымен қатар қазақтілді мамандарды дайындау туралы да айтып берсеңіз.
– Кадрлық резерв жөнінде де арнайы бағ­дарламамыз бар. Онда жасырын еште­ңесі жоқ, бәрі ашық түрде жүргізіледі. Біз­дің мекемелерімізге барсаңыз, бірден кө­ре­сіздер, бірінші жұмысшылар резерві тұр. Мысалы, бір бригадир бар дейік, сол бри­га­дирдің орнына «Пәленбаев резервке алын­ды» деп дәлізде жазылып тұрады. Ол «Пәленбаевтың» неліктен резервке кіргені туралы мағлұматтың бәрі – жария. Соны­мен қатар инженерлік-техникалық жұмыс­шы­ларға да тура сондай талаптар қойы­ла­ды. Мысалы, бір уақытта оқу бітіріп келген бес шебердің екеуі ғана резервке кіргізіледі. Ол әншейін біреудің туған-туысқаны не­месе «көзі әдемі», «сөзі әдемі» деп емес, қа­тал сынақтың нәтижесімен белгіленеді. Бәрі әділетті және ашық түрде жүргізіледі. Сосын бір адам еңбек демалысына, ісса­пар­­ға кет­се, резервтегі адам уақытша ор­нын ба­сып, жұмыс істеп үйрене береді. Бір жұмыс­шы­ның қызметі көтерілсе, қал­ған­дары да кө­те­рілуге тырысады. Кәсіп­орын­да­ғылар біле­ді: даладан ешкім келмейді.
– Ал мамандарды қалай іріктеп ала­сыздар? Ол жөнінде арнайы жо­балар бар ма?
– Иә, жобалар бар. Біріншіден, жастар мек­теп бітіріп жатқан кезде өзіміз барып әңгімелесіп, сөйлесіп, таңдап оқуға жібе­реміз. Сосын оқу бітірушілерге жәрмеңке бо­­лады. Осы жәрмеңкеге біз қатысамыз да, қажетті мамандарды іріктеп аламыз.
– Яғни шетелден қымбат бағаға адам жалдап әкеліп істету деген қағида жоқ дейсіз ғой?
– Жоқ! Талай жылғы тәжірибеме сүйеніп айт­сам, шетелдегілер дәл өзіміздікіндей жұмыс істей алмайды. Сосын ата-ана­лар­дың өз бетінше балаларын жаппай шетелде оқытуын да жеке басым қолдай бермеймін. Көбі жай ғана тіл біліп келеді де, кәсіби білік­­тілігі жөнінен кемшін болып жатады. Бізге әкелген білімі сәйкес келмейді, біздің стан­­дарттарда жұмыс істей алмайды. Ол – енді уақытша нәрсе, менің ойымша. Ке­зін­­де «мода» болды ғой, бірте-бірте қоя­ды өзі деп ойлаймын. Сирек әрі қымбат ба­ға­лы қаз­ба байлықтарын игеру саласында өзі­міз­дің жоғары оқу орындары да білікті ма­ман­дар дайындауға қабілетті.
– «Тау-кен компаниясы» тек уран өндірумен ғана айналыса ма? Әлде басқа да бағалы қазба байлықтарды тауып, өңдейсіздер ме?
– Бірінші жұмысымыз – әрине, уран өн­діру. Дегенмен соңғы кездері рений секіл­ді сирек әрі шашыраңқы кездесетін бағалы металдарға әлемде сұраныс артып, бағасы жоғарылап барады. Оның үстіне бұлар уран­ға жақын жерде орналасады. Сол себепті біз де оларды өңдеуді қолға алып отырмыз. Әсіресе Қытай тарапынан бұлар­ға сұраныс жылдан-жылға өсу үстінде.
– Уран шикізатын дамыту стра­те­гия­сы қалай болып жатыр?
– Уран шикізатын дамыту стратегиясы жө­нінде арнайы мемлекеттік бағдарлама бар, біз сол бағдарламамен жұмыс істеп отыр­­мыз. Шикізат өндіретін көптеген кеніш салдық. Олардың айналасына жол салдық, зауыттар салдық, тұрғын үйлер салдық де­ген­­дей. Үлкен бағдарлама негізінде қар­қын­ды жұмыстар атқарылып жатыр.
– «Тау-кен компаниясының» жар­ғы­­­сында көрсетілгендей, «шетелдік яд­­ролық отын кәсіпорындары мен атом энергетикалық кешендері ара­сын­дағы кооперациялық байла­ныс­тар­ды да­мы­ту» да сіздердің құзы­рет­те­ріңізге жа­тады. Шетелдердегі са­­ла­­лық меке­ме­лермен байланыс­та­ры­ңыз туралы айтсаңыз.
– Бұл да – «Қазатомөнеркәсіптің» бағ­дар­ламасы, мемлекеттік бағдарлама. Канада болсын, Франция болсын, Қытай болсын, барлығымен бірлескен кәсіпорын құрғандағы негізгі міндетіміз – уран кенін тарату ғана емес, бірге жұмыс істеу, пай­да­сын алу. Атом стансысын салу, реактор са­лу, Өскемендегі зауыттардың барлығын қай­та дамыту, соның бәрі – бір бағ­дар­ла­ма.
– Елімізде атом электр стансысын салу туралы ойыңыз қандай, салынған күнде қаншалықты пайдалы болар еді? Немесе зияны...
– Атом электр стансысы Ақтауда салы­нуы керек, бірақ бұл – әлі кесіп айтатын мә­селе емес, әлі де болса тереңірек ақыл­да­сатын дүние. Қытай, Жапония секілді мем­лекеттерге қарасаңыз, қарыштап да­мып бара жатыр. Әсірелеп айтсақ, әр қа­ла­сында бір-бір атом электр стансысынан бар. Ши­кі­заты жоқ, түгі жоқ Жапония осы­ны таба алмай жүр ғой. Ендеше, шикізат күйінде бір есе бағаға сата бергенше, 10 есе пайда түсіретін мүмкіндік қолымызда тұрған жоқ па? Соны ұқсатуымыз керек қой. Халықтың энергетикалық сұранысын қа­нағат­тан­ды­рып, энергодефицитті жою керек. Ал ар­тыл­ғаны болса, белгіленген мөлшерде экс­порт­қа шығарып, пайда тапқан жөн. Оның бәрі – еліміздің эконо­ми­касын еселейтін дүние.
– Еліміз – ядролық қарудан бас тарт­­қан мемлекет. Десек те, бірқатар шетел­дік ақпарат құралдары «Қазақ­стан кез келген уақытта өз күшімен ядролық за­ряд­тарды қалпына келтіріп алуға қабі­летті» деп жазады. Әрине, оның бізге ешқандай қажеттігі жоқ, дегенмен қажет жағдайда оған біздің ғылыми-техникалық әлеуетіміз жете ме?
– Ол оңай нәрсе емес, алдымызға ондай мақсат қойылып отырған жоқ. Онымен ешкім айналыспайды да қазір. Сондықтан ол турасында еш нәрсе айта алмаймын. Құдай ондай заманның бетін аулақ қылсын! Біздің таңдағанымыз –басқа жол.
– Әңгімеңізге рақмет!

Жүрекжарды жылы лебіз
Бәріміз үшін Тәуелсіздіктен қастерлі ұғым жоқ. Ең басты байлығымыз да осы қасиетті Тәуелсіздік болмақ! Бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандаған осынау ұғымды ұрпақтарымыз қадіріне жете бағалап, көзінің қарашығындай сақтаса екен! Халқымыздың әркез көзі ашық, көкірегі ояу болсын!
19 жыл, былай қарасаң, көп те сияқты, ал тарихи өлшеммен алсақ, бұл – қас-қағым сәт қана. Осынау аз уақытта Елбасымыздың абырой-беделінің ар­қа­сында Қазақстанды күллі әлем таныды. Кешегі сәтті аяқталған сам­миттің өзі еліміз үшін әлі талай жылға жетер үлкен жетістік болмақ. «Алаш айна­сы» газетінің оқырмандарын келе жатқан Тәуелсіздік күнімен барша ұжы­мымыздың атынан құттықтағым келеді. Тәуелсіздік күнінен Тәуелсіздік күніне жете берейік! Еліміз аман болсын! Елбасының сенімін ақтап, мемлекетіміз одан да әрі қарыштап, дами берсін! Уран саласында қызмет ететін білімді де білікті жастар көп болсын.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста