Өз мамандарымыз шетелдіктерден әлдеқайда тиімді жұмыс істейді
Марат Ниетбаев, «Тау-кен компаниясының» Басқарма төрағасы-Бас директор, техника ғылымының кандидаты:
– Марат Әбенұлы! Оқырмандарымызға «Тау-кен компаниясы» туралы айтып берсеңіз. Компания қандай мақсатпен құрылды? Қандай жұмыс түрлерімен айналысасыздар?
– «Тау-кен компаниясы» – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының 100% еншілес бөлімшесі. 2004 жылдың 1 қазанындағы компания ішіндегі қайта құрылымдау жұмыстары негізінде іске кірістік. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы 1997 жылы 14 шілдеде құрылған. 10 жылдан астам жұмыс істеп келе жатыр. Содан бері күннен-күнге дамып, алдағы қойған мақсаттары ұлғайып келеді. Уран өндіру ісі, өздеріңізге белгілі, өте ұзақ және күрделі процестен тұрады. Дамыған қоғамда атомның қолданылу аясы да шексіз. Сондықтан ең басты қағидамыз табиғаттың осынау шұрайлы байлығын төкпей-шашпай, ел игілігіне жарату болып табылады. Біз қазір алғашқы қадам – шикізат табудан бастап, оны жер астынан алып шығу, сосын өзінің бір кезеңдеріне жеткізуге дейінгі істердің бәрін атқарамыз. «Тау-кен компаниясының» құрылуындағы басты мақсаты осы деп айтуға болады.
– Компанияның әу баста құрылғандағы мақсатынан қазір едәуір өзгерістер бар сияқты. Ауқымы да кеңейіп жатыр екен дегендей...
– Әрине, компания барынша кеңею үстінде. Оны біздің жалпы көрсеткіштерімізден де байқауыңызға болады. Мысалы, «Қазатомөнеркәсіп» 1998 жылы жылына 1000 тоннаға да жетпейтін уран өндірген болса, биылғы меже – амандық болса, 17 700 тонна, ендігі жылы 20 400 тоннаға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Бұл – еншілес компаниялардың да жұмысы жанданғанының белгісі. Енді өзіңіз салыстырып көріңіз, 10 шақты жылдың айналасында 1000 тоннаға да жетпейтін көрсеткіштен 20 мыңнан астам биікті бағындыру оңай шаруа болмаса керек.
– Әрине, мұны біз жұмыс ауқымының ұлғайғандығының, кен орындарының көбейгендігінің белгісі деп түсінеміз. Кен орындарының көбейгендігі дегеннен шығады, деректерге қарап отырсақ, сіздерге тиесілі кеніштеріңіздегі уран қоры соңғы жылдары едәуір кеміген екен. «Осы қарқынмен өндіре берсек, болашақта жерімізде уран қалмай қалмай ма» деген сұрақтың шеті қылтияды. Қазақстанның уран қорының болашағы туралы болжамыңыз қандай?
– Уранымыз біз түгіл, біздің ұрпағымыздан да асып қалады. Өзіңіз айтып отырған мәліметтер – барлау барысындағы ақпарат, ал еліміздің қаншама жерінде әлі барлау жұмыстары жүргізілмеген. Алдымыздағы әкелеріміз уранды тауып, біраз жұмыс істеп кеткен. Соны енді пайдаланып жатырмыз. Бізде уранды барлау жөнінде бағдарлама бар. Жаратқан ием өзі уран жағынан біздің мемлекетке қарасқан ба деп шүкіршілік қыламын кейде. Бүгінгі таңда белгілі қор бойынша біз – үшінші орындамыз. Ал белгісіз қор қаншама! Оның бәрін барласақ, әлемде уран қоры жөнінен бірінші орынға шығып кетуіміз мүмкін.
Екінші жағынан алып қарайтын болса, мынадай бір мәселе бар. Қоғам бір орнында тұра бермейді. Бүгін уран керек. Бірақ біздің болашақ ұрпаққа ол керек болмай қалуы да мүмкін ғой. Кім білсін, бәлкім, ертең мұнай да керек болмай қалатын шығар. Болашақ энергияны әншейін судан – сутегіден шығара беретін болар. Бар кезде адамзат игілігі үшін қазба байлықтарымызды пайдалануымыз керек. Қолда барды ұқсата білген жөн.
– Өздеріңізге қарасты мекемелеріңіз уранды қандай әдіспен өндіреді?
– Қазақстанда уран алдыңғы қатарлы технологиялармен өндіріледі. Орысша айтқанда, подземное скважинное выщелачивание (ПСВ) дейді.
– Жерасты ұңғымаларын шаймалау әдісі...
– Иә, ең үнемді әрі экологиялық таза әдіс. Ол, мысалы, Ресейге келе бермейді, себебі оның табиғаты өзгеше. Үнемді дегеніміз, оған жерден шахта қазып, астына адам түсіріп жатпайсың, табиғатқа зиян келтірмейсің. Біз уран өндіретін жерді Үкіметтен уақытша аламыз, уран өндіріп болғаннан кейін залалсыздандырып, дұрыстап қайтарып береміз. Үкімет жерді алып, оған егін егіп немесе басқа да қажеттіліктеріне жұмсайды.
– Шаймалау әдісі дедіңіз. Ал, мысалы, Өзбекстанда, менің білуімше, әлі күнге шахталық әдіспен өндіреді. Бәлкім, бұл әдістің де өзіндік артықшылықтары бар болар?
– Олар шахта арқылы да, қышқылмен қуу әдісімен де өндіреді.
– Өзіңіз білесіз, экологтарымыз осы шаймалау әдісіне қарсылық білдіріп, «улы қоспалар жерасты суларына араласып кетеді» деп дабыл қағуда. Шынымен де, уран өндіру барысында жіберілген сұйықтықтардың жерасты өзендеріне араласып кету қаупі бар ма?
– Ол тіптен мүмкін емес! Енді мен сізге сызып көрсетейін. Уранның асты-үсті – жер асты көк сазы. Саздан су өтпейді. Жоғарыдан скважина түсіреміз. Сол жерге күкірт қышқылын жібереміз. Қышқыл келгеннен кейін уран оттегімен қосылып, тотыққа айналады. Ал осы екі саздың астымен де, үстімен де су кетіп жатыр. Бірақ уран саз массасын бұзып, ешқашан жерасты суларына өте алмайды. Және біз секундына 100 грамм қышқыл құйсақ, 100 грамм уран қосындысын алып шығамыз. Осылайша, өндірістік баланс, табиғи тепе-теңдік сақталады.
– Сонда жер астындағы уранның шикізаты міндетті түрде екі саздың ортасында кездесе ме?
– Иә, солай.
– Ол әдетте қанша метр тереңдікте болады?
– 150 метрден бастап 800 метрге дейін барады. Созақ ауданында 150-180 метрден басталады да, Қызылорда облысы Шиелі кентіне барғанда 800 метрге жетеді. Ал жерасты сулары не үстімен, не астымен ағып өтіп жатады да, уран өз қабатында қала береді. Оның суға өтпеуінің ең үлкен кепілдігі – біріншіден, асты-үстіндегі көк саз, екіншіден – мен айтып отырған өндірістік баланс. Қосындылар басқа жақтарға ағып кетпес үшін негізгі ұңғыманың айналасында жан-жағынан қадағалап отыратын бақылаушы ұңғымалар деген болады. Судың тазалығы күнделікті тексеріледі. Сосын мұнда зерттеу өте көп қой, біздің тарапымыздан да, экологтардың тарапынан да ұдайы жүргізіледі. Бұл жұмысқа біз өте қатал қараймыз, кен орнын ешқашан да ластап тастап кетпейміз. Үкіметке ол жерді қайтып тапсыратын болғандықтан, керек десеңіз, квартал сайын есеп беріп отырамыз.
– Уран қазір Қазақстанның әртүрлі аудандарынан өндірілуде: Қызылорда облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы, кейінгі кезде орталық және солтүстік өңірлерден де табылып жатыр. Осы аймақ тұрғындарының алдында қандай әлеуметтік міндеттемелеріңіз бар? Оны қалай орындап жатырсыздар?
– Біріншіден, әлеуметтік міндеттемелеріміз келісімшартта түгелімен жазылған. Белгіленген ақшадан кем бермеуің керек. Одан көп берсең, Үкімет қайта салығыңды азайтады. Екіншіден, әр облыстың әкімдерімен жыл сайын кездесіп отырамыз, сонда қай ауданға қандай әлеуметтік нысандар керек екендігі айтылады. Бағдарлама қабылданады, оған екі тараптан қол қойылады. Соған сәйкес, әр мекеме бір-бір мектеп немесе балабақша т.б. салады. «Тау-кен компаниясы» «Қазатомөнеркәсіптің» іргелі бір бөлімшесі болғандықтан, біз тек әлеуметтік салаға ғана жылына 2,5 миллиард теңге бөлеміз. Мұның барлығы уранның бағасына байланысты. Былтырдан бері ең төменгі баға 40 $-ға дейін жетті, қазір 60 $-ға қарай көтеріліп келе жатыр. Бұл – біз үшін қуаныш, бұған Үкіметтің өте көп сүйемелдеуі бар. Мысалы, салықты азайтты. Сол аймақтарда жұмыс істегеннен кейін жергілікті халықтың жағдайын ойлаймыз, біздің Қыземшек, Таукент, Шиелі сияқты өз кенттеріміз бар. Онда барсаңыз, қазіргі заманға лайық балабақшалар, тіпті боулинг орталықтары мен бассейндерді де көресіз. Қорыта айтқанда, бұл аймақтар компаниямыздың қамқорлығында болып табылады.
– Жергілікті аймақтағы жастарды кен өндіру ісіне баулу жөнінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Оны біз аудандық әкімдермен шешеміз. Аудандық әкімдік болашағы бар жастардың тізімін береді. Сол жастарды саламызға байланысты геолог, технолог мамандықтары бойынша өзіміз ақша бөліп, Қазақстанның жоғары оқу орындарында және Ресейде оқытамыз. Ал біздің, мысалы, Франциямен бірлескен кәсіпорындарымыз Францияда оқытады. Солайша, біз болашағы бар жастарға барынша жағдай жасаймыз. Созақ ауданында сол ауданда туып-өскен жастар жұмысқа тартылған. Алматыдан ешкімді онда апарып жұмыс істеткізе алмаймыз. Желкелеп апарсаң да, бір жылдан кейін қашып кетеді. Ал жергілікті жігіттер мен қыздар түбегейлі жұмыс істейді. Біз жұмысқа соларды жұмылдырамыз. Олардың көбі – ауылдың қарадомалақтары.
– Компанияларыңызда кадрлық резерв мәселесі қалай жолға қойылған? Сонымен қатар қазақтілді мамандарды дайындау туралы да айтып берсеңіз.
– Кадрлық резерв жөнінде де арнайы бағдарламамыз бар. Онда жасырын ештеңесі жоқ, бәрі ашық түрде жүргізіледі. Біздің мекемелерімізге барсаңыз, бірден көресіздер, бірінші жұмысшылар резерві тұр. Мысалы, бір бригадир бар дейік, сол бригадирдің орнына «Пәленбаев резервке алынды» деп дәлізде жазылып тұрады. Ол «Пәленбаевтың» неліктен резервке кіргені туралы мағлұматтың бәрі – жария. Сонымен қатар инженерлік-техникалық жұмысшыларға да тура сондай талаптар қойылады. Мысалы, бір уақытта оқу бітіріп келген бес шебердің екеуі ғана резервке кіргізіледі. Ол әншейін біреудің туған-туысқаны немесе «көзі әдемі», «сөзі әдемі» деп емес, қатал сынақтың нәтижесімен белгіленеді. Бәрі әділетті және ашық түрде жүргізіледі. Сосын бір адам еңбек демалысына, іссапарға кетсе, резервтегі адам уақытша орнын басып, жұмыс істеп үйрене береді. Бір жұмысшының қызметі көтерілсе, қалғандары да көтерілуге тырысады. Кәсіпорындағылар біледі: даладан ешкім келмейді.
– Ал мамандарды қалай іріктеп аласыздар? Ол жөнінде арнайы жобалар бар ма?
– Иә, жобалар бар. Біріншіден, жастар мектеп бітіріп жатқан кезде өзіміз барып әңгімелесіп, сөйлесіп, таңдап оқуға жібереміз. Сосын оқу бітірушілерге жәрмеңке болады. Осы жәрмеңкеге біз қатысамыз да, қажетті мамандарды іріктеп аламыз.
– Яғни шетелден қымбат бағаға адам жалдап әкеліп істету деген қағида жоқ дейсіз ғой?
– Жоқ! Талай жылғы тәжірибеме сүйеніп айтсам, шетелдегілер дәл өзіміздікіндей жұмыс істей алмайды. Сосын ата-аналардың өз бетінше балаларын жаппай шетелде оқытуын да жеке басым қолдай бермеймін. Көбі жай ғана тіл біліп келеді де, кәсіби біліктілігі жөнінен кемшін болып жатады. Бізге әкелген білімі сәйкес келмейді, біздің стандарттарда жұмыс істей алмайды. Ол – енді уақытша нәрсе, менің ойымша. Кезінде «мода» болды ғой, бірте-бірте қояды өзі деп ойлаймын. Сирек әрі қымбат бағалы қазба байлықтарын игеру саласында өзіміздің жоғары оқу орындары да білікті мамандар дайындауға қабілетті.
– «Тау-кен компаниясы» тек уран өндірумен ғана айналыса ма? Әлде басқа да бағалы қазба байлықтарды тауып, өңдейсіздер ме?
– Бірінші жұмысымыз – әрине, уран өндіру. Дегенмен соңғы кездері рений секілді сирек әрі шашыраңқы кездесетін бағалы металдарға әлемде сұраныс артып, бағасы жоғарылап барады. Оның үстіне бұлар уранға жақын жерде орналасады. Сол себепті біз де оларды өңдеуді қолға алып отырмыз. Әсіресе Қытай тарапынан бұларға сұраныс жылдан-жылға өсу үстінде.
– Уран шикізатын дамыту стратегиясы қалай болып жатыр?
– Уран шикізатын дамыту стратегиясы жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарлама бар, біз сол бағдарламамен жұмыс істеп отырмыз. Шикізат өндіретін көптеген кеніш салдық. Олардың айналасына жол салдық, зауыттар салдық, тұрғын үйлер салдық дегендей. Үлкен бағдарлама негізінде қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр.
– «Тау-кен компаниясының» жарғысында көрсетілгендей, «шетелдік ядролық отын кәсіпорындары мен атом энергетикалық кешендері арасындағы кооперациялық байланыстарды дамыту» да сіздердің құзыреттеріңізге жатады. Шетелдердегі салалық мекемелермен байланыстарыңыз туралы айтсаңыз.
– Бұл да – «Қазатомөнеркәсіптің» бағдарламасы, мемлекеттік бағдарлама. Канада болсын, Франция болсын, Қытай болсын, барлығымен бірлескен кәсіпорын құрғандағы негізгі міндетіміз – уран кенін тарату ғана емес, бірге жұмыс істеу, пайдасын алу. Атом стансысын салу, реактор салу, Өскемендегі зауыттардың барлығын қайта дамыту, соның бәрі – бір бағдарлама.
– Елімізде атом электр стансысын салу туралы ойыңыз қандай, салынған күнде қаншалықты пайдалы болар еді? Немесе зияны...
– Атом электр стансысы Ақтауда салынуы керек, бірақ бұл – әлі кесіп айтатын мәселе емес, әлі де болса тереңірек ақылдасатын дүние. Қытай, Жапония секілді мемлекеттерге қарасаңыз, қарыштап дамып бара жатыр. Әсірелеп айтсақ, әр қаласында бір-бір атом электр стансысынан бар. Шикізаты жоқ, түгі жоқ Жапония осыны таба алмай жүр ғой. Ендеше, шикізат күйінде бір есе бағаға сата бергенше, 10 есе пайда түсіретін мүмкіндік қолымызда тұрған жоқ па? Соны ұқсатуымыз керек қой. Халықтың энергетикалық сұранысын қанағаттандырып, энергодефицитті жою керек. Ал артылғаны болса, белгіленген мөлшерде экспортқа шығарып, пайда тапқан жөн. Оның бәрі – еліміздің экономикасын еселейтін дүние.
– Еліміз – ядролық қарудан бас тартқан мемлекет. Десек те, бірқатар шетелдік ақпарат құралдары «Қазақстан кез келген уақытта өз күшімен ядролық зарядтарды қалпына келтіріп алуға қабілетті» деп жазады. Әрине, оның бізге ешқандай қажеттігі жоқ, дегенмен қажет жағдайда оған біздің ғылыми-техникалық әлеуетіміз жете ме?
– Ол оңай нәрсе емес, алдымызға ондай мақсат қойылып отырған жоқ. Онымен ешкім айналыспайды да қазір. Сондықтан ол турасында еш нәрсе айта алмаймын. Құдай ондай заманның бетін аулақ қылсын! Біздің таңдағанымыз –басқа жол.
– Әңгімеңізге рақмет!
Жүрекжарды жылы лебіз
Бәріміз үшін Тәуелсіздіктен қастерлі ұғым жоқ. Ең басты байлығымыз да осы қасиетті Тәуелсіздік болмақ! Бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандаған осынау ұғымды ұрпақтарымыз қадіріне жете бағалап, көзінің қарашығындай сақтаса екен! Халқымыздың әркез көзі ашық, көкірегі ояу болсын!
19 жыл, былай қарасаң, көп те сияқты, ал тарихи өлшеммен алсақ, бұл – қас-қағым сәт қана. Осынау аз уақытта Елбасымыздың абырой-беделінің арқасында Қазақстанды күллі әлем таныды. Кешегі сәтті аяқталған саммиттің өзі еліміз үшін әлі талай жылға жетер үлкен жетістік болмақ. «Алаш айнасы» газетінің оқырмандарын келе жатқан Тәуелсіздік күнімен барша ұжымымыздың атынан құттықтағым келеді. Тәуелсіздік күнінен Тәуелсіздік күніне жете берейік! Еліміз аман болсын! Елбасының сенімін ақтап, мемлекетіміз одан да әрі қарыштап, дами берсін! Уран саласында қызмет ететін білімді де білікті жастар көп болсын.