Отандық ауылшаруашылық машиналарын жасау саласының құрылымы модернизацияны қажет етеді

Отандық ауылшаруашылық машиналарын жасау саласының құрылымы модернизацияны қажет етеді

Әбдікәрім УСМАНОВ, Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, техника ғылымының кандидаты:

– Әбдікәрім Сүлейұлы, ауылшаруа­шы­лығын механикаландыру және машина жасау салалары дамыған мемлекеттерде жан-жақты өріс алғанын ақпарат көздерінен білеміз, олар бай тәжірибеге ие. Бұл тәжірибелерді үй­ре­ну және отанымызда қолдану ар­қылы өзімізге тиісті қорытынды шыға­ру пайдалы болса керек. Сондықтан да, Қазақстанда ауыл шаруашылығын механикаландыру саласының жағ­дайы қандай деген сауалмен сұхбаты­мызды бастасақ.
– Агроөндіріс кешені – өте көп тармақты сала. Өсімдік шаруашылығында: бидай, арпа, сұлы, күріш, қарақұмық, тары, дәндік жүгері, бұршақ, дәнді және майлы дақыл­дар, күнбағыс, мақта, картоп, қант қызыл­шасы, бақша және мал азықтық дақыл­дары, жүзім, жеміс-жидек, темекі, көкөніс т.б. өндіріледі. Мал, құс және балық шаруа­шы­лықтарында: ірі қара мал, қой және ешкі, жылқы, түйе, шошқа, құс, балықтан ет, сүт, жүн, жұмыртқа, қаракөл өндіру т.б. қамтиды. Осы бағыттардың барлығында қол еңбегін жеңілдету және жұмыс өнімін арттыру мақсатында түрлі техникалар, машиналар, құрал-саймандар, қондырғылар т.б. пайдаланылады. Ауыл шаруашылығын механикаландыру тарма­ғы бұл саланың негізін қалаушы болып есептеледі. Соңғы жылдары республиканың ауыл шаруашы­лығын механикаландыру­дың бір қатар өзекті мәселелері өз шешімін таппай тұр.
Бүгінгі күнде Қазақстанда ауыл шаруа­шы­лығы техникалары паркінің қалыпта­мадағы қажеттілігінің 40-60%-ы қамтама­сыз етілген, қолданыстағы техниканың 80-85%-ның тозығы жеткен, олардың тех­никалық деңгейі ауыл шаруашылық да­қыл­дарын өсіру және жинау агротех­ни­калық талаптарына сәйкес келмейді. Бұл техникалар есептен шығарылып, орнына заманауи, жаңа техникалармен қамтама­сыз етілуі қажет. Жалпы алғанда, соңғы жылдары аграрлық саланың техникамен қамтамасыз етілуі күрт қысқарды. Нақты­рақ айтатын болсақ, негізгі қорлардың ес­ептен шығарылуы жаңа техниканы пайда­лануға қарағанда бірнеше есе көп, ал машина-трактор паркін жаңартудың әр­жыл­дық дәрежесі соңғы 20 жылда 10-12,5%-дан 1-3 %-ға төмендеді. Бұл жағ­дай осылай жалғаса берсе техниканы жаңа­лау мүмкіндігі кемі 40-70 жылға созылады. Егер шұғыл іс-қимылдар қабыл­данбаса машина-трактор паркін жаңарту және ауылшаруашылық тауар өндіру­ші­лерін қажетті техникамен жақын уақытта қамтамасыз ету екіталай.
1991 жылмен салыстырғанда ауыл шаруа­шылығы өндірісінің техникалық жаб­дықталу дәрежесі трактор және ауыл шаруа­шылығы машиналарымен – 2,5 есеге, астық жинау комбайндарымен – 2,1 есе­ге, шөп орып-жинау комбайндарымен – 3,5 есеге, соқалармен – 3,2 есеге, картоп жинау комбайндарымен – 5,8 есеге төмен­деген. Бүгінгі күнге орташа бір трак­торға 180 гектар, астық жинау комбайнына – 340 гектар егістік алқабы тура келеді. Астық жинау комбайндарының 87%-ын құраушы «Енисей», «Нива», «Колос» түрін­дегі техни­калық деңгейі төмен және физи­калық тозы­ғы жеткен комбайндар. Олар өз аморти­за­циялық қызмет уақытын бірнеше жыл бұрын өтеп болған, бірақ әлі есептен шығарыл­маған.
– Расында, біздегі Кеңестік агро­өнді­ріс­тен қалған техникалар тозып бол­ды. Жекелеген шаруашылықтар ша­ма-шарқынша өздерінің технопарк­терін жаңартып жатқанмен, ол жаппай сипат алып кеткен жоқ. Салыстыру үш­ін айта кетейік, дамыған мемлекеттерде фермерлер ауыл шаруашылығы тех­ни­касымен қай дәрежеде қамта­масыз етілген?
– Әлемде техника да көп, техника атқаратын жұмыс та көп. Дегенмен ауыл шаруашылығындағы техниканың орны өте ерекше. Өйткені атқарылатын жұмыс­тар­дың дені техниканың үлесіне тиеді.
Ауыл шаруашылығының техникамен қамтамасыз етілу дәрежесі әрбір 1000 га егістік алқабына шаққанда:
• Тракторлармен: Германияда – 124, Голландияда – 91, Ұлыбританияда – 86, Францияда – 85, Бельгияда – 82, Италия­да – 70, Данияда – 58, АҚШ-та – 35, Өз­бекстанда – 26, Беларусьте – 19, Украинада – 12, Россияда – 4 дана тура келеді;
• Астық жинау комбайндарымен: Швецияда – 32, Германия мен Голландияда – 22, Данияда – 21, Бельгияда – 20, Францияда, АҚШ-та – 19, Ұлыбританияда, Ита­лияда – 14, Беларусьте – 11, Украинада – 8, Өзбекстанда – 7, Россияда – 5 дана тура келеді. Бір комбайнмен жиналатын ор­таша астық алқабы: Швецияда – 32, Гер­манияда, Голландияда – 45, Данияда – 48, Бельгия­да – 50, Франция, АҚШ-та – 53, Ұлыбри­та­ния, Италияда – 72, Беларусьте – 91, Украинада – 125, Өзбекстанда – 143, Россияда – 200 гектарға тура келеді.

Дамыған мемлекеттерде техникамен толық қамтамасыз етілуі нәтижесінде ас­тықты 5-10 күнде толық жиып-теріп алады, ал бізде – 30-40 күнге созылады.
– Еліміздің астықты алқабы техни­каның жетіспеушілігінен қыстың көзі қырауда егінге орақ салуға мәжбүр болып жатады. Егін піскен соң тез арада жинап алмаса, оның да масағы төгі­ліп кетеді емес пе? Техниканың жетіспеушілігінен ауыл шаруашылығында қандай қиыншылықтар орын алады?
– Бүгінгі күнде қажетті техниканың жетіс­пеушілігінен, өсімдік шаруашылы­ғындағы көп технологиялық операциялар толық ор­ындалмай қысқартылуы салдарынан агро­техникалық талаптардың бұзы­луына жол берілуде. Агротехникалық мез­гілдің өз уақы­тында орындалмауы көз­делген өнім көлемінің және оның сапа­сының төмен­де­уіне алып келеді. Мысалы, астықты орып-жиып алу науқаны орташа 30 күн десек, ғылыми деректер бойынша дән биоло­гиялық жағынан піскеннен кейін 5 күнде 5%-ға дейін төгіледі, 10 күнде 20%-ы, 20 күнде 33%-ы, 30 күнде 44%-ы ысы­рап болады. Яғни, техниканың жетіспеушілігінен дайын өнім босқа ысырап болады. Қажетті техникамен ауыл шаруа­шы­лығының қам­тамасыз етілуі – өнімді толық және ысырапсыз өз уақытында жи­ып-теріп алудың кепілі болып есептеледі. Мұны бірқатар тәжірибелі агрономдар, шаруашы­лық басшылары мен мамандар жақсы біледі.
Республикамыздың агроөндіріс кешенінде 1500-ге жуық күрделілігі әртүрлі техникалар, машиналар, құрал-жабдықтар және қондырғылар пайдаланылады. Бі­рақ, бүгінгі күні, қай түрдегі және қанша тех­ни­ка қажет деген сұрақтың түйіні шешіл­меген. Негізгі мәселе мемлекеттік техника­лық саясаттың толық қалыптаспаған­ды­ғында. Қажетті техникамен қамтамасыз ет­іл­меудің басты себебі мемлекет тарапынан ауылшаруашылық өнімдерін өндіру­шілерге қажет дәрежеде қолдау көрсетіл­меуінде және өндірілген өнімнің нарықтағы диспаритет бағасында. Қаржылай көмек – субсидия тек тұқым, тыңайтқыш, гербицид, жанар-жағармайға беріледі, ал қа­жет­ті техниканы сатып алуға қаржы жетіспейді, техника жыл сайын қымбаттап барады. Егер шұғыл шаралар қолданбаса, ауыл­шаруашылық өнімдерінің тапшылығы қайта өңдеу, мал шаруашылығы өндіріс­терінің құлдырауына және АӨК-де мате­риалды-техникалық базаны инвести­ция­лық дағдарысқа алып келуі әбден мүмкін. Бұл жағдайдан шығу үшін ауылшаруашылық өнімдерінің сатылу кепілдік бағасының өзгеріс құрылымын реттеу және басқа ауыл шаруашылығында қайта өңдеу салаларын дамыту қажет сияқты.
– Сонда отандық ауылшаруашы­лығы машиналарын жасау саласының жағдайы қандай күйде?
– Бұрынғы Кеңестер Одағы ыдыраған­нан кейін еліміздегі ауыл шаруашылығы машиналарын жасау кәсіпорындарының жұмысы ақсай бастады. Кеңес Одағында зауыттардың барлығы бір-біріне тәуелді (шынжырлы) ұстаным бойынша жұмыс істеген. Осы байланыс үзілген соң кәсіп­орындар өз бетінше тәуелсіз жұмыс істей бастады. Соңғы жылдары ауыл шаруа­шы­лығы машиналарын жасау саласында техника сату көлемі өндірілген өнімге байланысты болып, соның салдарынан техникамен қамтамасыз ету шетелден сатып алуға тәуелді болып қалды. Соның салдарынан елімізде машина жасау ісі дағдарыска ұшы­рады, ал ауыл шаруашылығы машина­ларын жасау саласы толық тоқтады деп айтуға болады.
Республикада нақты ауыл шаруа­шы­лығы техникасын жасау және оны сату жүйе­сі қалыптаспаған, тұтынушылар отан­дық техникамен бар-жоғы 1%-ға жуық қамтамасыз етілген, қалған 99%-ы шетелден сатып алынған машиналар. Шетелдік техникалардың басым көпшілігі елімізге мемлекет тарапынан жүйесіз, реттелмеген, техникалық және технологиялық сараптамасыз, сынаудан өтпеген, мөлшерлемелі-техникалық құжаттарсыз сатып алынуда. Себебі, оны қадағалап жатқан мемлекеттік өкілетті ұйым жоқ. Мысалы, кез келген ел­де шекарада тексеріп, толық сынақтан өт­керіп, сонан кейін сынақ нәтижесінің қо­ры­тындысы негізінде алып кіруге рұхсат бері­леді. Ал бізде, тек қана жұмыс істеу мен қоршаған ортаға әсер қауіпсіздік сы­нақ нәтижесі болса техниканы елімізге алып кіруге болады.
– Сіздің пікіріңізше шетелдерден кіретін барлық техникалар мемлекеттік сынаудан өтуі керек пе?
– Шетелдерден кіретін барлық ауыл шаруа­шылығы техникасы машинасынау стан­сыларында немесе зертханаларында мемлекеттік сынаулардан міндетті түрде өтуі керек. Мемлекеттік сынауда оны тех­ни­калық сараптау, қызметтік және қуаттық көрсеткіштерін бағалау өте маңызды.
Техникалық сараптауда техникалық си­паттамаларының көрсеткіштері анық­та­лады, шетелдік тракторлардың қолданыс­тағы және басқа фирмаларда жасалған сериялық шығарылатын ауыл шаруашылық машиналарымен тіркестірілуі, пайдалану бойынша нұсқаулардың толықтығы және ақпарат берілу деңгейі бағаланады. Белгіленген стандарттар бойынша машинаның агротехникалық және технологиялық баға­лануында оның қызметтік көрсеткіштері жә­не технологиялық үрдістердің орындалу сапасы бағаланады, ауылшаруашылық да­қылдарын өсіру агротехникалық және мөл­шерлемелі-техникалық құжаттардың талап­тарына, топырақ және ауа райы жағ­дайына сәйкес келетіндігі т.б. анық­та­лады.
Сынау нәтижелері бойынша аймақтық агротехникалық талаптарға, топырақ және ауа райы жағдайына сәйкес келетін машиналар ауыл шаруашылығында техникалық саясатты жүргізу бойынша ғылыми-техни­калық кеңесте жан-жақты талқыланып, оның шешімі конкурс негізінде елімізге алып кіруге рұхсат берілуі, ал сәйкес келмейтін машиналардың республикамызға кіруіне тосқауыл қою қажет.
– Әбдікәрім Сүлейұлы, сіз 1996-2008 жылдар аралығында Өзбекстан­дағы «Узсельхозмаш-холдинг» компаниясында ғылыми-техниканы өр­кен­дету, трактор және ауыл шаруашы­лығы машинасын жасауды дамыту басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарыпсыз. Қарап отырсақ, соңғы 10 жылда ала шапанды көрші­ле­ріміз 236 ауыл шаруашылығы техникасын жасап шығарыпты. Осы қыр­уар еңбектің басы-қасында сіз жүрді­ңіз. Маман ретінде айтыңызшы, бізге техниканы шетелдерден сатып алу тиімді ме, әлде машина жасау саласын дамытуымыз керек пе?
– Бұл – өте күрделі, техникалық-эконо­ми­ка­лық негіздеуді талап ететін мәселе. Бірінші кезеңде ауыл шаруашылығын механикаландыру саласының жағдайын сараптап, қай түрдегі техниканы шетелдер­ден сатып алу керек, қай түрдегі техниканы шетел фир­маларымен бірлескен кәсіп­орын­да­рында жасауға болады, қай түрдегі техниканы отанымызда шығару қажет деген мәселелерді шешіп алуымыз керек.
Менің пікірімше, шетелдерден сатып алы­натын техника 25%-дан аспауы, бірлескен кәсіпорындарында – 35%-ға жуы­ғы дайындалуы, отанымыздың зауыттарында кемінде 40% техника шығарылуы тиіс. Сонда біз шетелдік фирмаларға тәуел­ді болмаймыз. Бұл мәселе шешімін таппаса, Генри Форд айтқандай «Егер менен қосалқы бөлшектерді сатып алса, мен техниканы тегін беруге дайынмын» деген жағдай болады. Шетелдік фирмалар тех­никаның кепілдік мерзімі (1-3 жыл) біткен соң, оған сервис қызметін көрсетуді тоқта­тады. Сонан ке­йін, олардың айтқанына кө­ніп, айдаға­нына жүруге мәжбүрміз. Бү­гінгі күнде республикамызда алған несиесі жабылмай жа­тып, кепілдік мерзімі біткен, қаржы тап­шы­лы­ғына байланысты көптеген қымбат шетелдік техникалары жұмыстан шығып тұр.
– Дәл қазіргі жағдайда ауыл шаруа­шы­лығы техникасын шетелдерден сатып алуда бізге қандай балама ұсыныс бола алады?
– Әлемде ауыл шаруашылығы техникаларын жасап шығаратын 5 мыңға жуық фирмалар және кәсіпорындар бар. Бүгінгі күнде республикамызда 100-ден аса шетел фирмаларының әртүрлі ауыл шаруашы­лық техникалары пайдаланылуда. Тек, ас­тық жинайтын комбайндардың 50-ден аса модификациялары кеңінен пайдаланылуда, олар – 15-тен астам фирмалардың өн­ім­дері. Егер әрбір фирманың өзіндік тех­никалық құпиялары – «ноу-хауы» барын есепке алсақ, ол техникаларға сервис қыз­метін көрсету, қосалқы бөлшектер мен жа­ғар­майды жеткізіп беру, мамандар дайындау, инженерлік-техникалық қызметті ұй­ым­дас­тыру қосымша мәселелер тудырады. Осындай келеңсіз жағдай туындамауы үш­ін еліміз ауыл шаруашылығының барлық тех­нологиялық айналымдарына арналған әртүрлі машиналарды шығаратын әлемдегі танымал үш-төрт трансұлттық компания­лардың өнімдерін сатып алу және олармен бірлескен кәсіпорындарын құру тиімді.
Deere & Co, Case-New Holland, AGCO, SAME-Deutz-Fahr трансұлттық компаниялары әлемде пайдаланылатын техниканың 70%-ын шығарады. Бұдан басқа, жетекші фирмалар: CLAAS (Германия) – дәнді да­қыл­дарды жинайтын, KUHN (Франция) – жемшөп дайындайтын, Kverneland (Норвегия) – топырақты өңдейтін, Kongskidle (Да­ния) – тұқым себетін, «Беларусь өндіріс ми­нистрлігіне» қарасты зауыттар түрлі техникаларды шығарады.
Жоғарыда аталған компаниялар мен фир­маларда материалдық-техникалық ресурстар, сондай-ақ түрлі қызметтермен қам­тамасыз ететін жүйелер қалыптасқан, тұтынушыларға техниканы сату, сервис қызметін көрсету және қосалқы бөлшек­термен қамтамасыз ету бойынша дилерлер қызметі көрсетіледі. Барлық құрлық­тарда фирмалардың өкілеттіктері, орта­лық­тары, қоймалары, бас және жылжымалы шеберханалары бар, дилерлермен келісімшарт бойынша іс жүргізеді, кез келген мемлекеттерді қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету кепілдігін өз міндетіне ал­ған. Егер қосалқы бөлшектер қажет бола қалса, оларды фирма 48 сағат ішінде қам­тамасыз етеді. Ал егер ол 48 сағат ішінде жеткізіп бере алмаса, онда тапсырыста көр­сетілген бөлшек тұтынушыға тегін беріледі.
– Шетелдік фирмаларымен бірлескен өндіріс немесе кәсіпорындар құру жағдайына тоқтала кетсеңіз...
– Алдымен бірлескен өндіріс пен кәсіп­орынның ерекшелігі туралы түсінік­теме берген жөн сияқты. Бірлескен өндіріс – екі немесе бірнеше отандық және шетелдік серіктестермен келісімшарт негізінде жарғы қорын­сыз құрылады. Олар келісімшарт бойынша анықталған өнімдерді бірлесіп өндіруге міндеттеме қабылдайды, жалпы қуатты қол­данып немесе өзара үлес­тірумен өнімнің кей­бір бөлшектерін жасайды, шаруашылық іс-әрекеттерін бірлесіп жүргізеді.
Соңғы 10 жылда республикамызда жекеменшік бизнес негізінде құрылған бірлескен өндірістер өмірге бейімделе алмай, барлығы қысқа мерзімде өз іс-қимылдарын тоқтатты. Мысал керек болса айтайын. Машиналарды құрастыру бойынша құрылған «Павлодар трактор зауыты» базасында Т-95,4 шынжыр табанды тракторларды (2000-2002 жж.) және «Беларус-80/82» трак­торларын (2005 ж.), «Павлодар арна­йы автомашина зауыты» – «Беларус-80/82» тракторларын (2006 ж.), Семейде­гі «СемАЗ» – «Беларус-80/82» тракторларын (2009 ж.), Оралдағы «УралАгрореммаш зауыты» – «Нива» астық жинау комбайндарын (2004-2005 жж.) және «ЮМЗ-6» тракторларын (2003-2004 жж.), Қызылжардағы «Шағын литражды дви­гательдер зауыты» – астық жинау комбайндарын (2000-2003 жж.), «Ақкөл автобус паркі» – «Хорш» егістік комплекстерін (2007-2008 жж.) тоқтатты.
Бұл бірлескен өндірістердің тұрақты жұ­мыс жасауына өндіруші-мемлекеттердің эко­номикалық қызығушылығы болма­ға­нында және республикамызда машина жасау саласының дамуын қаламауында деп түсінуге болады. Олар үшін біздің өндірісімізге индустриялық технологияны алып келуден, зауыттарымызға инвестиция құюдан, техниканы сату тиімді.
Біздің техникалық саясатымызда бірлескен кәсіпорындарды құру тиімді, себебі ол отанымызда машина жасау саласын дамытуға және бәсекеге шыдамды техникаларды шығаруға септігін тигізеді. Бірлескен кәсіпорында отандық және шетелдік серіктестермен бірге жарғы қоры құрыла­ды, шаруашылық іс-әрекеттерін бірлесіп жүргізеді және пайданы үлестіреді. Шетелдік серіктестерде экономикалық қызығу­шы­лығы пайда болады, валюталық өзін өтеуші ұстаным бойынша әрекеттенеді жә­не заңнамада рұқсат етілген қалаған шаруа­шылық іс-әрекеттері түрімен айналы­са­ды. Шетелдік қатынасушы валюта салы­ғын төлеген жағдайда, өз пайдасын шека­раға аудару мүмкіндігі болады, оларға мем­лекет тарапынан арнайы салық жеңіл­діктері және лизинг арқылы сату мүмкіндігі беріледі. Бірлескен кәсіпорын құрылғанда өндірісімізге индустриялық технология кіріп, зауыттарымызға инвестиция құйы­лады, фирмалар жарғы қорын өндіріс құ­рал­дары түрінде енгізеді, сыртқа шыға­ратын экспорт өнімдерін және бәсекеге шыдамды техникаларды шығаруға мүм­кіндік туады.
– Сонда сіз отандық ауыл шаруа­шылығы техникаларын шығару саласында қандай іс-қимылдар жасау керек деп ойлайсыз?
– Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – ауыл шаруашылық техникасын кім жасайды, кім техниканы жобалайды, кім техниканың тәжі­рибелік үлгісін жасайды, кім техниканы сынаудан өткереді, кім өндірістің тех­ника­лық дайындығын жасайды деген са­уалдар төңірегінде топтасады. Одан қалса қай зауыт техниканы жасап шығарады, техниканы тұтынушыларға қалай жеткіземіз, техниканы пайдалану мәдениетіміз қандай, техни­калық сервис қызметін көр­сету саласы да­мы­ған ба, техникаға жанар-жағармай, жөн­деу-пайдалану материалдарын, қосал­қы бөл­шектерді кім жеткізіп береді, техника­ны қалай қадағалаймыз, мөлшерлемелі-тех­никалық құжаттар жасаумен кім айналысуы керек сынды өзекті сұрақтар бас көте­реді. Бұл сауалдарға толық жауап жоқ. Тиімді үйлестіру ұйымы­ның жоқтығынан бұл сала құлдырау жағ­дайына кез болып тұр. Ауыл шаруашылық машиналарын жасау саласының құрылымы терең қайта ұй­ым­дастыруды, яғни реорганизацияны және модернизацияны қажет етеді. Былайша айт­қанда, түбегейлі тех­никалық жаңар­тыл­уы керек.
– Әбдікәрім Сүлейұлы, соңғы сауалым болсын, ауыл шаруашылығын механикаландыруды және машина жасау саласындағы жұмысты неден бастау керектігі туралы өз пікіріңізді білдірсеңіз.
– Ауыл шаруашылығын механикаландыру және машина жасау саласын дамыту үшін кешенді іс-шаралар жасалған жағ­дайда көзделген мақсатқа қол жеткізуге болады. Мемлекет тарапынан ауыл шаруа­шылығын механикаландыруға байланысты – негізгі бағыт белгіленуі керек. Кез кел­ген заң, қау­лы, бағдарлама, жоба, мөл­шер­лемелі-тех­никалық құжаттарды қа­был­дау үшін алдымен концепция әзір­ленуі қажет. Соның ішіне барлық мәсе­лелер: түсінікте­ме­сі, жүйе­лері, құрылымы, кезең­дері, саты­лары, түр­лері, пішіндері, ұйым­дастыру әдіс­тері кіреді. Концепция негізінде заң қа­был­да­нады, бағ­дарлама жасалады және оны ор­ындау үшін бюджеттен қаржы бөлі­не­ді. Оның ұстанымды негіздері шешімді мі­нез­демеге ие болған және жан-жақты қа­рас­тырылған кешенді жүйе­де көрсетілуі тиіс.
Дамыған мемлекеттерде қысқа мерзімге – 5 жылға, орта мерзімге – 10-15 жылға және ұзақ мерзімге – 20-30 жылға ар­налған ауыл шаруашылығын механикаландыру саласы бойынша техникалық сая­сат қабылданады.
Менің пікірімше, сонымен бірге, әртүр­лі шаруа қожалықтары дәрежесіндегі – аудан­дық, облыстық, аймақтық, республи­калық ауыл шаруашылығын механикаландыруды басқарудағы негізгі тапсырмалары және қаржыландыру көздері анықталуы, оларды техникамен қамтамасыз ету, ауыл шаруа­шылығы машиналарын жасау саласын нарық қатынастарына өткізу бойынша шұғыл іс-шаралар Үкімет тарапынан бекі­тілуі керек. Мысалы, Ресейде федералдық бағдарлама аясында отандық техниканы сатып алушыларға 50%-дық жеңілдік белгіленген, қалған төлем үшін ауыл шаруа­шылық банкі тарапынан 4%-дық несие беріледі.
– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет.

ОҚШАУ ОЙ
Ауылшаруашылық машиналарын жасау саласы – мемлекет қауіпсіздігін азық-түлікпен қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі болып есептеледі. Заманауи ауыл шаруашылығы машиналарын елімізде жасауда шетелдің жетекші фирмалары мен компанияларының инвестицияларын тарту және бірлескен кәсіпорындарды құру қажет. Алдағы жұмыстар – осы мәселелердің тиімді және әділ шешімін қабылдауда. Ауыл шаруашылығын механикаландыру саласының мәселелері жақын болашақта өз шешімін тапса, елімізде индустриялық-инновациялық бағдарламаны дамытуға және ауыл шаруашылық машина жасау саласының аяққа тұрып кетуіне өте тиімді болары сөзсіз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста