Орта білім стандартын жетілдіру – ғылым мен заманауи технологияны дамытудың кепілі

Орта білім стандартын жетілдіру – ғылым мен заманауи технологияны дамытудың кепілі

Алма Әбілқасымова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымының докторы, профессор:

– Құрметті Алма Есімбекқызы, Қа­зақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жылғы Жол­дауының ғылым мен білім саласы үшін маңызы өте зор. Бұл осы саладағы аза­маттарға үлкен жауапкершілік жүктей­тіні анық. Сіздің пікіріңіз ...
– Еліміздің даму стратегиясын, басым бағыттары мен болашағын айқындайтын басты құжат – Президентіміздің қазақстан­дықтарға арналған жыл сайынғы Жолдау­лары. Елбасымыз әрбір Жолдауында білім мен ғылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударып отырады. 2011 жылғы Жол­дауында «Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз» десе, биылғы Жол­дауында жастарға сапалы білім берумен қатар, сол білімін қоғамдық-әлеуметтік ор­та­да пайдалануға икемдеу, олардың функ­ционалдық сауаттылығын арттыру арқылы еліміздегі білім мен ғылымды дамыту мәсе­лелеріне басымдық берді.
Әрине, білім мен ғылым заман талабына ілеспей, еліміздің өркениетті елдермен тең терезелес болуы мүмкін емес. Сондықтан да Жолдауда белгіленген білім саласын дамы­тудың жаңа міндеттерін шешуде тиімді жол­дарды айқындай отырып, оның дер кезінде сапалы орындалуын қамтамасыз етуіміз керек. Сонда ғана білім беру Жолдауда ай­тылғандай, «Қазақстанның индустрия­лан­дырылуының және инновациялық дамуы­ның негізіне айналады».
– Алма Есімбекқызы, жыл басында республиканың барлық өңірінде 11 жыл­дық білім беру стандартының жаңа жобасын көпшілік назарына ұсынып, жан-жақты талқылаудан өткізуге ұйтқы болдыңыз. Мемлекеттік жалпыға мін­детті білім беру стандартының жетілді­ріл­ген жаңа жобасы ғылым мен зама­науи технологияны дамыту талаптарына сәйкестігі жайлы не айтасыз?
– Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов білім мазмұнын жетілдіру бағы­тындағы жұмыстарға, оның ішінде жалпы орта білім беру стандарттарына ерекше мән беріп отыр. Өткен жылы министрлік тарапы­нан академияға арнайы тапсырмалар бері­ліп, 2005-2010 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарлама аясында әзірленген 12 жылдық білім беру және 2010 жылы қолда­ныс­қа енгізілген 11 жылдық білім беру стандарттарының базалық білім мазмұнына, типтік оқу жоспарлары мен оқу бағдарла­маларына республика деңгейінде сараптама жасалды. Өкінішке орай, сараптама қоры­тын­­дысы көптеген кемшілік пен сәйкес­сіз­діктің бар екендігін айқындады. Кемшіліктің ең салмақтыларын атап айтсақ, базалық білім мазмұнының екі парақтық шала-жан­сар күйде берілуі, типтік оқу жоспарла­рын­дағы мектеп және оқушы компонентіне са­ғат­тың жеткіліксіздігі немесе мүлдем алынып тасталуы, оқу бағдарламасының қолданыс­тағы оқулық мазмұнынан алшақтап кетуі тағы да басқалар.
Қорытынды сараптама нәтижесі мен бі­лім беру ұйымдарының ұсыныстары ес­ке­ріле отырып, стандартты қайта әзірлеу тура­лы шешім қабылданды. Соның нәтижесінде академия 11 жылдық білім беру стандарты­ның жаңа жобасын жасады. Себебі Ұлттық білім беру академиясының негізгі қызмет­те­рінің бірі – білім берудің барлық деңгейі үшін базалық білім мазмұнын анықтайтын басты нормативтік-құқықтық құжат – жалпыға мін­детті білім беру стандартын әзірлеу бо­лып табылатыны белгілі.
– Осы мәселе бойынша сіздің сын­дарлы пікірлеріңізді біле отырып, орта білім жүйесіндегі келесі бір маңызды іс – жас ұрпақтың денсаулығын сақтау мәсе­лесіне ойыссақ. Бұл жаңа жобада қа­лай ескеріліп отырғанын айтып өтсе­ңіз.
– Әрине, білім беру жүйесінің басты мін­деті – еліміздің экономикалық және рухани тәуелсіздігін баянды ету, рухы биік, мәдениеті жоғары, білімі терең салауатты ұрпақ қалыптастыру болып табылады. Жаңа жоба мен оның типтік оқу жоспарлары Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың қаңтар айында білім саласы қызметкерлерінің кеңейтілген алқа­лы басқосуында көпшілік назарына ұсыныл­ды. Соның артынша республи­камыздың барлық өңірінде талқылауға түсіп, заманауи талаптарға сәйкестендірілген типтік оқу жос­парлары көпшіліктің көңілінен шыққаны рас. Өйткені жобада білім берудің базалық (инварианттық) мазмұнын сақтау мен ва­риа­тивтік компонентті тиімді қолдану рет­тес­тіріліп, оқушылардың дайындық дең­гейіне қойылатын талаптарды жаңғырту қарастырылған. Стандартқа қоса ұсынылып отырған 60-тан астам типтік оқу жоспарының нұсқалары жалпы білім беретін ұйымдардың оқыту бағыттарын таңдау мүмкіндіктерін кеңейтеді, пәндерді, соның ішінде техноло­гиялық бағыт пәндерін тереңдетіп оқытуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сіз көтеріп отырған жас ұрпақтың ден­саулығын сақтау мәселесі типтік оқу жос­парлары арқылы ескерілген.
Бәріңізге белгілі, типтік оқу жоспары дегеніміз – стандарттың құрамдас бөлігі. Ол – оқу жүктемесінің компоненттерін белгі­лейтін, оқыту тілі мен бағытын сипаттайтын, оқу пәндерінің тізбесі мен көлемін реттейтін және білім беру ұйымдарының қызметін қаржыландыруда негіз болып табылатын нормативтік-құқықтық акт. Біз ұсынып отыр­ған жобадағы типтік оқу жоспарларының басты жаңалығының бірі – оқушының апта­лық инвариативтік оқу жүктемесін жеңілдету. Яғни мазмұны шамадан тыс ұлғайтылған кей пәндердің сағаттарын қысқарту арқылы вариативтік бөлікті ұлғайту. Сонымен қатар ағылшын тілін меңгертудің 1-сыныптан, ал информатикалық сауаттылықтың 5-сы­нып­тан басталуы.
Осы орайда, 5-сыныптағы «Қазақстан та­рихы әңгімелері» пәнінің қазіргі қолда­ныс­тағы оқу бағдарламасы бойынша беріл­ген білім мазмұнының ауырлығы сондай – 5-сынып партасына 11 жасар баланы емес, ел тарихын саналы түрде тануға ұмтылған 16-17 жасар баланы отырғызуға тура келе­ді. Егер оқу бағдарламасы осындай дәреже­де болса, оқушының жас ерекшелігін еске­ретіндей сапалы оқулық дайындалуы мүмкін бе? Тағы бір мысал: 9-11-сыныптар аралы­ғында оқу жүктемесі 5-7 сағатқа мөлшер­ленген «Адам. Қоғам. Құқық», «Қоғамдық білім негіздері», «Құқықтану», «Құқық негіз­дері», «Адам және қоғам» деген пәндер жү­ре­ді. Бұлардың атауларын оқушы түгіл, мұғалімдердің өздері шатыстырады. Ал ішкі мазмұнынан нақты мысалдар келтіре ке­тейік. 10-сыныптың «Құқық негіздері» оқу­лы­ғында: «1991 жылы Францияда, Ирлан­дияда бір жынысты адамдардың арасында некеге рұқсат етуді талап етушілер болды. 1991 жылы Нидерландыда бір жыныстылар­дың некеге тіркелуіне заңды түрде рұқсат бе­ріл­ген», – деген сияқты жолдардың кез­десуі – біздің салт-санамызға, дініміз бен ділімізде мүлдем жат ұғым. Бұл оңы мен солын жаңа айырып келе жатқан жасөс­пірімді ашық қоғам ұстанымында тәрбиелеу ме, жоқ, әлде санасына бөгде ой ұялату ма? Әрі қарай көз жүгіртейік. «Әр отбасының ажырасу себептері әртүрлі болуы мүмкін: тұр­мыс жағдайының ауыртпалығы (мате­риал­дық қажеттіліктер, тұрғын үй қиыншы­лығы т.б.); тұлғааралық келіспеушіліктер (өзара сүйіспеншілікті жоғалту, дөрекілік, маскүнемдікке салыну); ішкі жағдайлар (жаңа отбасының пайда болуы, жаңа сезімдердің пайда болуы)» тәрізді тәлімдік-тәрбиелік мәні жоқ сөйлемдер орын алған. Мұны оқушыға қалай түсіндіруге болады? Осы сияқты некені бұзудың түрлері, мүліктік құқық және ата-ана құқығынан айыру, али­мент, яғни ажырасу мәселелері 26 беттің 20 бетін алады. Сонымен қатар 10-11- сынып­тардағы «Құқықтану» пәнінің оқу бағдар­ламасы құқық салаларына терең енуге жол берген. Оқу материалдары жоғары оқу орындарына лайықталған, ғылыми стильде жазылған википедиялық сөздіктер тәрізді. Талдай берсек, оқу бағдарламаларымен қатар, оқулық олқылықтары да жетіп жатыр. Енді біз стандарттың жаңа жобасында бұл бес пәнді «Адам. Қоғам. Құқық» деген атау­мен кіріктіріп, 9-11-сыныптардағы базалық білім мазмұнын қайта дайындадық. Бұл қайталанатын тақырыптарды да бір жүйеге келтіруге мүмкіндік береді. Соның барысын­да біз балаларға түсетін оқу жүктемесін азай­тып қана қоймай, оның орнына бала­ның қызығушылығына, қабілетіне, таңдауы­на қарай білім алуына мүмкіндік беруге қадам жасадық. Қоғам дамиды, ал даму үде­рісі кешегі заңдарды бүгінгі өзгеріске алып келеді. Олай болса, оқушыларға құ­қық­тық білімді оқытып қана қоймай, олар­ды қолдана білетіндей дәрежеде меңгерту керек.
Осы орайда айта кететін бір жайт –  жаһан­дануға бет бұрған кезеңде білім жүйесінің сақтап қалуды қажет ететін өзіндік тарихи тұстары да бар екендігін ұмытпаған абзал. Менің ойымша, кеңестік кезеңдегі орта білім жүйесінде қол жеткізген тамаша нәтижелерімізді сақтай отыра, қазіргі білім жүйесін өте сақтықпен өзгертуіміз керек. Білімді жұлымдамай, ақырындап жетілдіру арқылы ғана біз дұрыс жолды таңдай ала­мыз. Өкінішке орай, қазір білім саласында американдық білім беру жүйесі туралы жиі сөз қозғалып жүр. Толығымен американдық білімнің соңынан еру деген – қалыптасқан қазақстандық, тіптен сонау кеңестік білімді түбірімен жою әрі ұлттық болмысқа балта шабу деген сөз. Қазақстандық орта білім саласында орын алуы мүмкін-ау деген қателіктердің алдын алу мақсатында болар, білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов шетелдік білім жүйелерін зерделеп қайту үшін арнайы жұмыс тобын құру туралы тап­сырма берді. Бұл, әрине, өте дұрыс шешім. Әйтпесе барымыздан айырылып, кейін осы шалт қимылдарымыз Хрущев кезіндегі «жү­гері аласапыраны» тәрізді ертеңгі тарихта өзіндік атаумен қалмасына кім кепіл?
Өткен жылдың 17 сәуірінде Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген ал­қалы басқосуында 2013 жылдан 1-сыныптан ағылшын тілін енгізу туралы тапсырма берілді. Тапсырманы орындау барысында біздер 1-4-сыныптардағы «Ағылшын тілі» пәні мазмұнының ғылыми-әдістемелік не­гізін әзірледік. Онда пәнді оқыту барысында күтілетін нәтиже айқындалды, оқытудың әдістемелік және дидактикалық ұстанымда­рын іске асыру жолдары көрсетілді, тілдік материалдарды қолдануды сыртқы жағдай­лармен байланыстыру жүзеге асырылды, сабақтың тақырыптық жоспарлау тетігі әзірленді, лексикалық, грамматикалық және тілдік құзыреттіліктерді бағалау әдістемесі ұсынылды.
– Елбасының тапсырмасына сәйкес оқушылардың функционалдық сауат­тылығын дамыту туралы ұлттық іс-қи­мыл жоспары әзірленіп жатқаны туралы хабардармыз. Осы бір маңызды іс жө­нін­де де пікіріңізді білдірсеңіз.
– Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұ­лов биылғы жылғы наурыз айында Тараз қаласында іссапарда болды. Сол жолы білім саласы қызметкерлерімен кездесуде: «Мектептердің беріп жатқан білімі, теория­лық жағынан алғанда, өте маңызды. Алайда оқушылардың алған білімдерін өмірде қол­дана білуі тым жеткіліксіз. Елбасының тап­сыр­масына сәйкес оқушылардың функцио­налдық сауаттылығын дамыту туралы ұлттық іс-қимыл жоспары қабылданатын болады», – деп атап өтті. Бұл – ұрпақ алдында жауап­кершілік жүктейтін үлкен мәселе. Сондықтан да функционалдық сауаттылықты дұрыс қалыптастыруда біз бар күшімізді стандарт­тардың базалық мазмұнына, оқу бағдарла­малары мен оқулықтарға салуымыз керек. Білім қазығы мықты болса, оқушы алған білімін өз керегіне жарата алады. Әйтпесе ХХI ғасырдың алғашқы онжылдығында оты­­рып, оқушыларымыз алған білімін өмірде қолдана алмай жатыр деп әлемге жар салсақ, адасқанымыз, ағайын. Дәл қазір білім саласында ойланбай жасаған бір қадам жаңасын жасамайды, керісінше, барымызды бұзады. Сондықтан да білім жүйесінің тұтас іске қосылуына қандай ке­дер­­гілер бар, соны анықтап алу керек. Мы­салға, білім стандартын әзірлеу барысында орта білім жүйесінен сырт қалған біршама «ақтаңдақ» анықталды. Яғни мектептер­дің кейбір типтері мен түрлерінде білім берудің мазмұнына қойылатын мемлекеттік талаптар өз дәрежесінде сақталмаған неме­се ескірген нормативтік-құқықтық және оқу-әдістемелік базада жүзеге асырылып отыр. Мысалға, кешкі мектептер бүгінгі күн­ге дейін ҚР Білім, мәдениет және денсаулық министрлігі кезіндегі бұйрық (1998 жылғы 17 қараша, №565) негізінде өзінің білім беру қызметін эксперименталды оқу жоспарымен жалғас­тырып келген. Бұдан бері министрлік атауы екі рет өзгеріп, қанша министр ауысты.
Тағы бір келеңсіз жайт стандарттың базалық мазмұнын анықтау кезінде Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасына қарайтын өзбек, тәжік мектептерінде кездес­ті. Тәжік мектептері Қазақстанның аумағында болғанымен, олардың ана тілі мен әдебиеті Тәжікстан Республикасына бағынышты болып шықты. Тәжік мұғалімдерінің «біз тә­жік тілі мен әдебиетінен жаңа оқу бағдар­ламаларын жасау үшін Душанбеден рұқсат сұрайық» деуі бізді таңғалдырды. Заңнан хабары бар жоғары білімді ұстаздар осылай айтса, қалғаны не демек?! Аталарымыз «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» деп бекер айтпаған болар. Білім саласындағы мемлекеттік біртұтас саясатты ұстану – ол әр мұғалімнің, әр білім мекеме­лері басшыларының негізгі ұстанымына айналуы керек. Сонымен бірге Қазақстан аумағында этносаралық қатынастардың қалыптасу тарихын оқушы санасына мәңгілік сіңіруде тарих пәні мұғалімдерінің рөлі ерек­ше болмақ. Дәл қазір Қазақстан Респу­б­­ликасы Парламенті Сенатының депутаты Ғарифолла Есімнің «Атамекен», «Жерұйық», «Қазақ елі» идеясы білім саласы үшін ауадай қажет.
– Алма Есімбекқызы, жақында ғана Әлем­дік діндер көшбасшыларының алқалы басқосуы өтті. Еліміздегі этно­саралық қаты­нас­тардың қалыптасуы орта білім мазмұнын­да қалай көрініс тауып отырғаны жайлы халықты хабар­дар ете отырсаңыз.
– Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстан Республикасы қазақ ұлты мен 130-дан аса этнос пен этникалық топ  мекені екендігі баршамызға аян. Мемлекет бас­шы­сы көпэтносты әрi көпконфессиялы Қазақс­танның басты ұстанымдарының бірі әлеумет­тiк тұрақтылыққа қол жеткiзу әрі нығайту болып табылатындығын үнемі атап отырады және елдiң табысты дамуының бас­ты шарты iшкi саяси тұрақтылықты, аза­маттық татулық пен ұлтаралық келiсiмдi қам­тамасыз ету екендігіне ерекше мән бере­ді. Қазақстан демократиялық ұстаным­дарға негізделген қоғам ретінде өзге этностардың елдің эконо­микасы мен рухани саласында лайықты орын алуын басты назарда ұстай­ды.
Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов Елбасының ағымдағы жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Жол­дауын­да ұлтаралық келісімнің тәрбиенің құра­мдас құндылықтары ретінде бағала­нуына байланысты: «Жастар проблемасына жеткілікті көңіл бөлмеу қоғамдағы тұрақты­лыққа қауіп төндіреді. Сондықтан Елбасы­ның «Оқыту процесінің тәрбиелік құрамда­сын күшейту» туралы тапсырмасы өте ма­ңыз­ды. Бұл мәселеде министрлікпен қа­тар, жергілікті атқарушы органдардың күшін біріктіру қажет екеніне назар аударғым ке­ле­ді», – деп көрсетеді. Академия осыны ес­ке­ре отырып, жастарымызға тәрбие берудегі басты бағыттардың бірі – қалыптасқан этни­ка­лық қауымдастықтардың терең тарихы негізінде этносаралық қатынастар мәдение­тiн дамытуды қарастыратын «Этносаралық қатынастардың қалыптасу тарихы» арнайы курсының бағдарламасын әзірлеп, білім ұйымдарының оқу процесінде қосымша материал ретінде қолдануы үшін министр­лікке ұсындық. Осы бағдарлама қолданысқа енетін болса, онда кез келген оқушыны өзге этностардың құндылықтарын құрметтейтін азамат ретінде тәрбиелеуде маңызды болмақ.
– Еліміздегі орта білім беру жүйесінің 12 жылдық мектеп моделіне көшу мә­селесі жыл сайын ұзарып бара жатқан­дығы баршамызға белгілі. Осы істің көш­басшыларының бірі ретінде не ай­тар едіңіз?
– 12 жылдық білім беруге көшу мәселесі елімізде алғаш рет 2001-2002 жылдары көтерілгені көпшілікке белгілі. Білім берудің бұл моделіне көшуді мазмұндық қамтамасыз етуде 2003-2004 оқу жылынан бастап рес­пу­блика мектептерінде эксперимент жұмыс­тары тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Биылғы оқу жылында 9-сыныптың экспериментал­дық бағдарламалары мен оқулықтары, оқу-әдістемелік кешендері әзірленіп, оларды сынақ байқауынан өткізу жұмыстары жалға­суда. Осымен бір мезгілде республиканың түкпір-түкпірінен қаншама эксперимент жүр­гізуші мұғалімдер біліктілігін көтеріп, қайта даярлықтан өтті. Эксперимент нәти­жесі арнайы семинарларда талқыға түсіп, жұмыс барысында үнемі ескеріліп отыра­ды.
Осы аралықта жаңа білім моделіне кө­шу­ге қатысты бірнеше дүркін нормативтік құжаттар, ғылыми-әдіснамалық негіздегі құралдар мен оқу-әдістемелік кешендер дайындалды. Тіпті 2006-2007 жылдары Қа­зақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында бекітілген, Қазақстан Республи­касында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасында іс-шаралары белгіленген ор­та білім беру жүйесінің 4+6+2 құрылы­мынан 5+5+2 құрылымына ауытқып, соған сәйкес нормативтік құжаттар мен оқу-әдіс­темелік кешендерді қайта дайындау қателік­тері де жіберілді. Өңірлердегі білім беру ұйымдары материалдық-техникалық жағы­нан дайын болмай шықты. Осының бәрі жаңа модельге көшуді белгіленген мерзімінен (2008, 2010 жылдар) екі мәрте кейінге қал­дыруға мәжбүр етті. Кез келген мектептік білім жүйесі дамуды, уақыт талаптарына сәйкес өзгерістерді қажет етеді. Өкінішке орай, бүгінгі күнге дейін дайындалған құ­жат­тар, оқу құралдары мен кешендері білім мен ғылымның қарқынды дамып жатқан мына заманында бір кездегі өзіндік маңызы мен қажеттілігін жойып та жатыр.
Бұл қайта қарау, өңдеу, толықтыру жұ­мыс­тарын керек ететіні белгілі. Сол себепті академия 12 жылдық білім берудің норма­тив­тік құжаттарын, оқу-әдістемелік кешен­дерін қайта қарастыру мен әзірлеу шарала­рын қолға алды. Соның бірі – 12 жылдық бі­лім­ге көшуде жоғары сыныптардағы «Бе­йін­дік мектеп» оқу бағдарламасы. Туын­дай­тын проблеманың алдын алу мақсатында өткен жылдың желтоқсан айында Білім және ғылым министрлігінің тікелей тапсырысымен Павлодар қаласында «Бейінді оқыту: тәжі­ри­бе, өзекті мәселелері және шешу жол­дары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткіздік. Мұнда 12 жыл­дық модельге көшу жағдайында бейінді оқытуды жетілдіру жолдарын, бейінді оқы­тудың педагогикалық және психологиялық аспектілерін, оқытудың қоғамдық-гумани­тар­лық, жаратылыстану-математикалық бағыттағы мазмұнын анықтау, кадр дайын­дау мен біліктілігін арттыру мәселелері тал­қыланды.
Осы орайда, білім саласында көп жыл­дар қызмет атқарып келе жатқан әдіскер-мұғалім ретінде бастауыш сыныпта қалып­тасқан 4 жылдық оқыту мерзімі талқылауды қажет етпейтін мәселе екендігін алға тарта­мын. Оған жас бүлдіршіндердің психоло­гия­лық-физиологиялық ерекшеліктерін ескермегеннің өзінде, еліміздің география­лық орналасуы мен шағын жинақты мектеп­тердің басымдылығы, ондағы сыныптарды біріктіріп оқыту жағдайы, сонымен қатар Бір­тұтас экономикалық кеңістіктегі ТМД елдерінің орта білім жүйесіндегі сәйкестік себеп бола алады.
Ал бастауыш мектеп мерзімін бес жылға (тіптен алты жылға деген ұсыныстар да бар) ұзарту мәселесі неге екені белгісіз, білім бе­ру­ді дамытудың алғашқы мемлекеттік бағ­дарламасының бірінші кезеңінде адасушы­лыққа апарып, мазмұндық дайындыққа кедергі келтірсе, мұның екінші бағдарла­маның бірінші кезеңінде тағы да бой көтерер түрі бар.
Олай болса, Елбасының былтырғы Жол­дауындағы 2015 жылдан бастап 12 жылдық білім беруге көшу және оны 2020 жылы толығымен қамтамасыз ету міндеттерінің жүзеге аспай қалу қаупі туындап, мемлекеттік бірінші бағдарламадағы қателікті тағы да қайталауымыз сөзсіз.
Биыл қабылданғалы отырған жаңа стан­дарттың жобасы 11 жылдық оқытудан 12 жыл­дық модельге оңтайлы көшуді қамтама­сыз етеді және білім мазмұнын ұлттық-мәдени құндылықтармен, халықтың асыл мұраларымен байыта отырып, білімнің тәр­биелік әлеуетін арттыру міндеттерін жүзеге асырады деп сенемін.
Жалпы, білім саласындағы жаңашыл бас­тамалар, мектеп бағдарламасына енгізі­летін өзгерістер ғылыми-әдіснамалық тұр­ғы­да негізделіп, салиқалы сараптаудан өткі­зілгені жөн. Мектеп дәстүрлі білім жүйесімен сабақтастығын сақтап, ең бастысы, Мағжан Жұмабаев айтқандай, жанымызға, ұлттық болмысымызға қабысатындай, ел мүддесіне сәйкес келетіндей болуы керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста