Оқырман көркем әдебиет пен отбасылық кітаптың арасын ажырата алмай қалды

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ, Республикалық кітап музейінің директоры, жазушы:

– Бүгінгі таңда қалам ұстаған адамдардың барлығын жазушы дейтін болдық. Жазушы мен жазушылық өнердің арасы алшақтап бара жатқан сыңайлы. Осы жағын анықтап алайықшы, сіздің пікіріңіз бойынша, жазушылық деген қандай өнер?

– Мен мынаны айтқым келеді, жазушылық – екінің бірі, егіздің сыңары айналысатын дүние емес. Бұл салаға кездейсоқ, көлденең адам келмейді. Себебі жазушы болу үшін адамның бойында ерекше дарын болу керек. Мен бір сөзбен жазушылық деген өнерді тамшылаған тер, үлкен еңбек және талант деп сипаттар едім. Мәселен, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов сынды қазақтың марқасқа азаматтары – нағыз жазушылар. Яғни олар өмір бойы халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап шығармалар жазды.

– Бүгінгі қаламгерлерден нағыз жазушы деп кімдерді бөліп айтар едіңіз?

– Мен әлі күнге дейін Мұхтар Мағауиннің шығармаларын үзбей оқимын. Оның шығармаларын оқыған сайын көңіліме нұр, кеудеме сәуле таралғандай болады. Мен осыдан отыз жыл бұрын Мұхтар Мағауинге: «Аға, сіз  — нағыз классик жазушысыз, жаза беріңізші», – деп, хат жазған болатынмын. Ол хатты кейін өзі де маған көрсетті. Жалпы, Мағауин сынды жазушы қазақ халқында болсын, әлемде болсын өте сирек кездеседі. Мұндай ерекше дарын иелерін үнемі қастерлеп, қадір тұтуымыз қажет деп санаймын. Мен таныған екінші бір жазушы бар. Ол – Смағұл Елубай. Бұл қаламгердің «Ақ боз үй» деген шығармасын жақында тағы бір қайталап оқып шығуға тура келді. С.Елубайдың туындыларын оқыған сайын, оның талантына тәнті боламын. Қандай ойлар, тұшымды сөздер десеңізші! Бүгінгі уақытта Шымкентте тұратын Мархабат Байғұтов деген қаламгеріміз бар. Оның да есімін бөлектеп айтқым келеді. Байғұтовтың да әр шығармасы – жеке-жеке әлем. Соңғы шыққан әңгімелері де – әдебиеттің нағыз жауһарлары. Ал Қабдеш Жұмаділовтің туындылары менің өмір бойғы серігім болып келе жатыр.

– Қоғамда әдебиеттің рөлі төмендеп кеткен сыңайлы. Осы туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Дегенмен бұл мәселеге әркім әртүрлі көзқараспен қарайды. Сіздің ойыңызша, бүгінгі әдебиеттегі басты мәселе не?

 – Бұл – кітаптың оқылмауы және өтпеуі. Кітап неге оқылмайды? 80-жылдары қайта құру дәуірі басталды. Алып империя күйреді. Содан кейін біз нарықтық қоғамға аяқ бастық. Бұл қоғам бізге оңайға соққан жоқ, оған бірден бейімделе алмадық. Азаматтарымыздың барлығы ала дорбаларын көтеріп, базарға шықты, әйелдеріміз үйлерін тастап, айлап, жылдап сыртта жүрді. Халық рухани дүниеден алыстап, тіршілік табу үшін жан-жаққа сенделіп кетті. Ал осындай ортада әдебиет қалай бой көрсете алады? Яғни осы уақытта әдебиет сыртқа қарай ысырыла берді. Баланы не ана, не дала тәрбиелейді. Сол кезеңде біздің ұрпақты дала тәрбиесіне алды десек, артық айтқанымыз емес. Бұл буын қазір де дұрыс кітап оқымайды. Тіпті өнер, мәдениетке бой ұрмайтын, құлақ аспайтын қатарға қосылды.

– Сонда сіз нарықтық қоғам әдебиетті күйретті демексіз ғой?

– Иә, осылай айтсақ, дұрыс болатын шығар. Нарықтық қоғам әдебиеттің үлкен бір кесапатына айналды. Мәселен, бізбен қатар, өзіміздің буын әлі күнге дейін қолдарынан кітап тастамайды. Бұл – қанымызға сіңіп қалған әдет. Бүгінгі күні әсіресе ауылдық жерлерде адамдар тіпті газет қарамайды. Бес жыл бойы кітап оқымағандар да бар екен. Бұл – сұмдық жағдай емес пе? Бұрынғы кезде кітап оқымау оғаш қылықтардың бірі саналатын сияқты еді. Отырыстарда, жиындарда адамдар бір-бірінен қандай кітап оқығандарын сұрап, өзара талқылап, сараптама жасап жататын. Қызу-қызу даулар, пікірталастар туатын. Бір қарапайым шығарманың өзіне неше түрлі сын, пікірлер жазылатын. Себебі ол уақытта оқырмандардың талғамы биіктеп кеткен еді.

– Ал бүгінгі жазушылардың жазып жатқан шығармалары сол нарықтың тезіне түсіп кеткен бүгінгі қоғамды тәрбиелеуде қаншалықты рөл атқарып отыр? Жалпы, әдебиет ұрпақты тәрбиелейтін маңызды құралға айналып отыр ма?

– Кітап қоғамды тәрбиелейтін құрал екені белгілі. Себебі біз кітаптың сөзін Құранның сөзіндей қасиетті санап, медеу қыламыз. Бұл бұрын да сондай болған, қазір де кітаптың сөзі маңызын жоғалтқан жоқ. Сондықтан мен кітап қоғамды тәрбиелей алатын құрал рөлін жоғалтқан жоқ деп айта аламын. Бар кілтипан – оқырманның жоқтығында. Бізде тағы мынадай мәселе бар. Жазушылардың кітаптары бар болғаны мың немесе екі мың данамен ғана шығады. Республикадағы миллиондаған адамға бұл не болады, кімге жетеді ол? Мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптар тек кітапханаларға ғана барады. Оқырмандардың қолдарына тек аздаған бөлігі түседі. Қазіргі уақытта жазушылардың кітабын жазушы ғана оқитын жағдай қалыптасты. Сонымен бірге қоғамда жазушыны дәруіш, еңбегі еш кететін адамға теңейтін көзқарастар пайда болды. Мұның барлығы жазушыларға үлкен соққы болып тиюде.

– Бұл сонда оқырман түсінігінің төмендеп кеткенінің белгісі ме?

– Солай айтуға да әбден болады. Бұрын жазушыларға оқырмандар пайғамбар, киелі адам сияқты қарайтын. Қаламгердің кеудесі нұр, талантты құдірет деп есептелетін. Шындығын айту керек, қазіргі жазушыларда мұндай бедел жоқ. Оларға көрсетіліп жатқан көмек те шамалы. Сондықтан жазушылар жанкештілікпен жұмыс істеуге мәжбүр. Жазушылық жолда өмірін осы салаға арнаған адамдар ғана қалды.

– Жаңа сіз жарнама туралы айтып кеттіңіз, әдебиетте осы жарнама мәселесін қандай жолмен дамытуға болады?

– Жарнаманың бір түрі – сын. Қазір мықты әдебиет сыншылары жоқтың қасы. Бұрынғы кезде Зейнолла Серікқалиев, Сағат Әшімбаев, Төлеген Тоқбергенов тағы да басқа мықты сыншылар болатын. Олар әдебиетті биік деңгейге көтеруде үлкен еңбек етті. Бүгінгі тілмен айтқанда, бұл қаламгерлер әдебиетті халыққа кеңінен жарнамалады. Соның әсерінен оқырмандардың қатары үнемі артып отырды. Бүгінде сын тек біреуден өш алудың немесе біреуді қаралаудың құралы іспетті болып кеткен сияқты. Тойларда, жиындарда тек мақтау сөздер айтылады. Сын деген – барометр сияқты өлшеуіш құрал. Екіншіден, кітап туралы жарнама беретін арнайы бір орындар құруымыз қажет. Бұрын кітап саудасын жүйелейтін арнайы орталықтар болатын. Тым болмаса, осы орталықтарды қалпына келтіру керек.

– Қалтасы қалың, танысы бар қаламгерлердің кітаптары шығып, мықты жазушылардың туындылары баспа бетін көре алмай жатқан жайлар бар. Жарыққа шықса да, оларға аз мөлшерде қаламақы төленеді. Жалпы, қаламақы мөлшері мықты туындылардың дүниеге келуіне қаншалықты әсер етеді?

– Бұрын жазушыларға роман жазса, бір пәтер немесе бір көлікке емін-еркін жететін қаламақы берілетін. Әдебиеттегі мықты шоғырдың қалыптасуына, үздік шығармалардың тууына осындай қамқорлық көп әсер етті. Себебі ол уақытта әдебиеттің мемлекеттік идеология қалыптастыруда маңызы үлкен болатын. Яғни жазушылардың шығармалары бағаланды. Ал бүгінгі күні жиырма баспа табақ үшін қаламгерлер екі жүз мың теңге қаламақы алады. Бұл жазушының еңбегіне татымайды. Сондықтан да жазушы көп еңбектенгісі келмей, басқа жұмыстармен шұғылданып жатады. Себебі жазушының да асырайтын отбасы, бала-шағасы бар.

– Қазір әсіресе қолында қаржысы бар азаматтар өмірбаяндық кітаптар шығаруға құмар болып кетті. Мұның әдебиетке теріс әсері бар ма?

– Әрине, бар. Мұндай шығармалар әдебиетті лайлап жатыр. Кейбір азаматтарда, әсіресе, кейінгі жастарда «әдебиет деген — жай кітап» деген түсінік қалыптасып келеді. Біреуге өзін, ата-бабасын мақтап жаздырушыларды көріп жүрміз. Осының кесірінен оқырман көркем әдебиет пен отбасылық кітаптың арасын ажырата алмай қалды.

– Жазушы деген атақты алу оңай болып бара жатқан сыңайлы. Атын есітіп, шығармасын оқымаған қаламгерлер қоғамда әдебиет туралы пікір айта беретін болды. Бұл мәселені бір жүйеге келтіруге болмай ма?

– Кейбір кісілер бір-екі кітабы шықса, тайраңдап, өзің айтпақшы, әдебиет туралы өзеуреп сөйлейтінді шығарды. Біздің кезімізде кітап шығару ісі қиынның қиыны болатын. Рецензияға берілетін, бірнеше рет оқылатын, одан айлап баспада жататын. Ал бүгін қалам ұстағандар бір-екі кітап шығарады да, Жазушылар одағына өтіп кетеді. Оны ешкім де танып жатқан жоқ. Бұл жерде тағы бір мәселені айтып кетуге болады. Атаққұмарлық. Жазушыда, ең бірінші, ар, намыс болуы қажет. Егер қалам иесінің өзінде ар болмаса, бұл кемшілікті тоқтату қиын.

– Кейбір сыншылар әдебиеттің тілі жұтаңданып кетті дейді. Сіздің ойыңыз қалай?

– Тілдік жұтаңдық қауіпті емес, бұл шу шығаратын дүниеге жатпайды дер едім. Бізге әдебиеттегі жаңа ағымдардан сақтану керек. Соңғы жылдары әдебиетте постмодернистік, басқа да бағыттағы шығармалар қаптай бастады. Мен мұны әдебиетті алабажақтау деп түсіндірер едім. Шығармалар адамды мүгедек қылып суреттейді. Бұл дегеніңіз – әдебиетті кемсіту, кеселдендіру, бүлдіру. Бұл – жазушының дерті. Әдебиетте былапыт, лас нәрселер болмауы тиіс. Себебі әдебиет деген – көркемдік. Ал көркемдік әрқашан мөлдіреп тұруы қажет. Яғни шығармадан адам шәрбат су ішкендей рухани ләззат алады.

– Соңғы сұрағымыз — жастар әдебиетіне көңіліңіз тола ма?

– Әдебиетте алдыңғы толқын ағалардың кейінгі жас қаламгерлерге әрқашан көңілі толмай жүреді дейді. Мүмкін, рас шығар. Өз басым прозада жарқ етіп шығып, жандырып жазып жүрген жастарды сирек көремін. Айгүл Кемелбаева, Мәдина Омарова сынды қыздардың шығармаларына көңілім толады. Мен — көп оқитын қазақтардың бірімін. Мерзімді басылымдарға шығып тұратын жастардың шығармаларын жібермеймін. Бірақ бір өкінетіні, кейде бізде мықты бір жас көзге көрінеді де, артынан жоқ болып кетеді. Күнкөріс қамымен басқа кәсіптің соңына түсіп кететін болу керек. Яғни олар талантын ұстап тұра алмай қалады.

Алашқа айтар Датым...

Көзі ашық қазақтардың ежелден айтатын сөзі – «Оқы, қазақ». Осы сөзді алашшылдар да, басқа да танымал тұлғаларымыз айтқан. Біз қазақ халқына, болашақ ұрпаққа оқы деуіміз керек. Әрине, интернет, теледидар, компьютер – заманға байланысты керек құралдар. Бірақ халқымыз кітап оқуға зейін қойса, көкірегі нұрға толады. Кітап – өмір, тәрбие мектебі. Екіншіден, қазіргі кездегі ең үлкен мәселелердің бірі – дінді мықты ұстау. Исламның өзі неше тармақтан тұрады. Бірақ кейде ауылға барсаң, түрлі ағымдарға кіріп кеткен жастарды көресің. Өзге дінге өтіп кеткен бауырларымызға жаның ашиды. Дінімізді таза ұстауымыз керек. Дін, діл, тіліміз таза болса, өзіміз де таза боламыз, талай жетістіктерге жетеміз. Өйткені қазақ деген – өршіл, намысшыл халық.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста