Алмахан КЕНЖЕБЕКОВА, ҚР Халық әртісі:
– Алмахан апай, қырық жылдан бері театр сахнасында жүрсіз, сомдап келе жатқан кейіпкерлеріңіздің қайсысы өзіңізге қатты ұнайды?
– Шынымды айтсам, сомдаған кейіпкерлерімнің барлығы өзіме ұнайды. Себебі, менің ұғымымда, актер үшін ешқашан жаман кейіпкер болмауы керек. Кейде сахнада қарапайым кейіпкердің өзі халыққа ерекше ой, әсер қалдырады. Қарапайым кейіпкердің өзі басты кейіпкерлерден асып кетіп жатады. Оның барлығы кейіпкерлерді сомдауға байланысты. Егер шебер ойнап жатса, актер үшін қарапайым кейіпкерден асқан кейіпкер болмайды ғой деп ойлаймын. Актер үшін ең басты жұмыс–қандай кейіпкер болсын оның мінез-құлқын, табиғатын барынша жан-жақты аша түсу. Өз басым сомдаған кейіпкерлеріме бейжай қараған емеспін. Бір қызық сәтті айтып берейін, елу жасқа келгенде маған сауысқанның рөлін ойнауға тура келді. Өзіңіз ойлап көріңізші, елуге келген адам сауысқанның рөлін қалай ойнасын? Содан тәуекелге бел буып, өте сәтті ойнап шықтым. Көрермендер де, балалар да дән риза болды. Тіпті сауысқанның шықылықтағанын келтіргенімде, зал тола оқушылар таңғалып қарап қалыпты. Отыз жасымда Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-ана» деген шығармасындағы Толғанайдың, «Қаракөздегі» бір рулы елдің 90 жастағы анасы Мөржанның рөлін ойнадым. Оны да көрермендер жақсы қабылдады. Жалпы, мен неге халық жақсы бағалады дегенді айтып отырмын, себебі ең жоғары баға көрермендердің бағасы деп түсінемін. «Бәйбіше-Тоқалда» тоқалдың рөлін ойнадым. Бұрын мен бұл шығармаға онша мән бере бермейтінмін. Сөйтсем, мұнда тұнып тұрған қазақтың тыныс-тіршілігі жатыр екен ғой. Шығармада автор қазақтың руға, одан болысқа, кейіннен партия-партияға бөлінгендігін шебер келтіре білген екен. Бұл шығармада да автор қазақтың бірігуі керек екенін, бөлінудің опа бермейтінін кемеңгерлікпен суреттеп жазған. Бұл шығарманы алғаш рет осыдан 10 жыл бұрын сахнаға алып шықтық. Оны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тамашалап, жақсы қабылдады.
– Кейбір танымал әртістер «мен театрда өмір сүруді ғана ойладым, жеке өмірмен ісім болған жоқ» деп жатады. Ал сіздің сахнадағы өміріңіз бен шынайы өміріңізде ұқсастықтар бар ма?
– Жоқ. Ондай ұқсастық жоқ. Бірақ сахнада ойнайтын адамдардың басқа адамдардан ойлау, сөйлеу ерекшелігі болатыны рас. Мәселен, әдебиетшінің өзіне ғана тән мінезі бар, суретшінің жүріс-тұрысында өзіне ғана тән белгілері болады. Бірақ театр актерінің бір ерекшелігі – сен сол адамдардың барлығының мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, сөйлеу ерекшеліктерін келтіре білуің керек. Егер саған сондай образды сомдау бұйырып тұрса, амалың жоқ, соны ойнап шығуға тура келеді. Біз өзіміз сомдайтын кейіпкерлерді мұқият зерттейміз. Операция жасағандай кейіпкерлердің барлық қырларын ашуға тырысамыз. Кейіпкерлеріміз қалай ойласа, біз де солай ойлауға, олар қалай сөйлесе, біз де солай сөйлеуге тырысамыз. Кейбір драматургтер 60 беттен тұратын шығарма жазады. Оны ойнау үшін шамамен 3-4 сағат уақыт керек. Ал бүгінгі көрермендер осынша уақыт отырып, қойылымды тамашалай алмайды. Сондықтан біз әрбір шығарманы бір жарым сағатта ойнап шығуға тырысамыз. Ал ықшамдалған дүние барынша шеберлікті қажет етеді. Қысқа ғана уақытта сен кейіпкердің барлық қыры мен сырын көрермендерге жеткізе білуің керек. Бүгінгі театр өнері осындай деңгейге келді.
— Театр әртістері трагедиялық қойылымдарда ойнаудан қашатын болды. Оның себебі шеберліктің жоқтығынан ба, әлде көрермендер сұранысының аздығынан ба? Әлде басқа да себептері бар ма?
– Бізде, Аллаға шүкір, шебер ойнайтын актерлер баршылық. Жастар арасынан да, ересектер арасынан да трагедиялық шығармаларда ойнайтын өнерлілерді тауып алуға болады. Бірақ соңғы кездері сахнадағы өмірің шынайы өміріңде де қайталанады екен деген жағымсыз пікір қалыптаса бастады. Мұндай пікірдің шығуына не себеп болғанын өз басым айта алмаймын. Менің білетінім біреу ғана – сен өнер жолына келдің бе, сол өнердің құлы болуың керек. Қандай шығармада ойнасаң да, ойыңда тек сол шығарманы жақсы ойнап шығу керек деген ой болуы керек. Ал егер ана шығарма маған ұнамайды, мына шығармада ғана мен жақсы ойнай алатын едім дейтін болсаңыз – сіз театрдың құлы емессіз, театрды өзіңізің құлыңызға айналдырғысы келетін бейшара адамсыз. Менің басты арманым да, мақсатым да – өнер жасау. Сол өнерге халықты тәнті ету. Оған халықты сендіру емес, онымен көрермендердің жанын ояту. Кезінде бізді театрдың ұлы, құлы, жанашыры болуға үйретті. Театр сахнасына келгенде бізді осылай тәрбиеледі. Енді біз осы пікіріміз бен ойымыздан еш айнымаймыз.
– Театр өнеріне қадам басатын адамның бойында тағы басқа қандай ерекше қасиеттер болуы керек?
– Ең алдымен табандылық болу керек. Яғни өз ісінде табандап тұрып алатын, қиындықтардан қайтпайтын адамдар ғана шынайы өнерді бағалап, қастерлеп, оны дамыта алады. Екіншіден, құштарлық қажет. Құштарлық та махаббат сияқты. Көзді жұмып аласың да, алған бағытыңмен жүре бересің. Жолдағы ешқандай кедергілер мен қиындықтарға қарамайсың. Егер адамның бойында табандылық пен құштарлық болатын болса, ізденіс өзінен өзі-ақ туады. Жалпы, театр өнеріне келетін адамды тамақ та, киім де, дүние-байлық та қызықтырмауы керек. Өнер адамын тек қана халыққа беретін, халықтың көңілінен шығатын дүниелер қызықтыруы керек. Әрине, өнерлердің ішіндегі ең ұлысы — опера деп жатамыз. Бірақ театр өнерін де өнерлердің ішіндегі ең жоғары синтездік өнер деп айтуға болады. Мәселен, сіз бір роман оқысаңыз, кейде ондағы оқиғаларды ұмытып қаласыз, ал 16 беттік бір пьесадан тұратын қойылымды көрсеңіз, өмір бойы ұмытпауыңыз мүмкін. Себебі театр адамы шығармадағы кейіпкерлерге жан береді, оны шынайы өмірдегідей сөйлетеді, күлдіреді, жылатады.
– Осы театр өнері өз деңгейінде бағаланып жатыр деп айта аласыз ба?
– Бір сөзбен «жоқ» деп айтқым келеді. Менің ойымша, осы өнерді дамыту үшін елімізде фестивальдер көбірек өтуі керек. Өнер адамдары бір-бірінің өнерін, қабілетін байқап, баға беруі қажет. Өнер адамдары шыңдалып, өнерлерін қайрап, қайраттандыра түсуі тиіс. Екіншіден, театр сыншылары тірілуі керек. Бізде қазір, шынын айту керек, Әшірбек Сығайдан басқа театр сыншысы қалған жоқ. Ол кісіге осы табандылығы мен жігері үшін үлкен рақметімді айтқым келеді. Менің бір өкінетінім, Әшірбек Сығайдың ізін жалғастырып, артынан ілесіп келе жатқан жас сыншылар жоқтың қасы. Сыншы дегеніміз – пышақтың жүзі сияқты. Мынадай заманда оны ұстауға да, оған қарсы келуге де ешкімнің батылы бармайды, жүрегі дауаламайды. Режиссура деген де – жоқтың қасы. Бүгінгі күні жалпы еліміз бойынша таңдаулы 5-6 режиссер ғана бар. Мұндай санмен біз қайда барамыз? Бұл салада да жас мамандар көрінбейді. Жыл сайын өнер оқуларын мыңдаған бала бітіріп жатыр. Олардың қайда кетіп жатқандары түсініксіз. Бәлкім, тек диплом алу үшін ғана оқып жүргендер шығар. Мен қазір өнер үшін жан пида деп, сол жолда өлуге дайын жас режиссерлерді көрмедім. Бұл – біздің сорымыз. Әрине, бұған да бөлінетін қаржының аздығы, режиссерлердің айлығының мардымсыздығы да қолбайлау болып отыр. Бірақ шынайы талант ақшаға да, басқа материалдық қажеттілікке де қарамауы керек. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінгі театр өнерін заманға лайықтап жасақтау керек. Ұлттық нақышқа түсіру керек.
– Сіз театрмен қоса, киноға да түсіп келесіз. Қандай киноларда ойнадыңыз? Өз ойыңызша, ондағы кейіпкерлеріңізді сәтті ойнай алдыңыз ба?
– Бізде кино саласы енді ғана дамып келе жатыр. Бірақ, соған қарамастан, «Көшпенділер», «Ойпырмай», «Күнә» деген фильмдерге түскенім рас. Мәселен, «Көшпенділер» фильмінде қалмақтың белгілі батыры Шарыштың шешесінің рөлін сомдадым. Бұл рөлді ойнау онша қиын болған жоқ. Себебі біз тарихты көп оқып, тарихпен ауыратындықтан, кино арқылы тарихымызды шынайы бейнелегіміз келді. Біз үшін тарих бейжай қарай салатын дүние емес. «Көшпенділердегі» рөл бойынша менің қазақтарға жаным қас болуы керек, баламның қазақтарды қырып тастағанын қаладым, қалмақтардың намысын қорғауым керек болды. Мен солай ойнауға тырыстым. Рөлді алып шығуға жанымды салдым. Рас, бұл фильм халықтың сынына көп ұшырады. Кейбіреулер киноға шетел актерлерінің келгенін қаламады. Бірақ мәселе шетел актерлеріне байланысты емес. Онда Абылайдың рөлін қазақтың бір баласы ойнауы керек еді. Әрине, бұл – ұйымдастыру алқасының шешімі. Бізді ақылдасуға қатыстырмайды ғой. Екіншіден, фильмнің сценарийін қазақ жазушы-драматургі жазуы керек еді. Қазақтың мінезінде жақсы қасиеттер көп қой, бірақ жаманы да аз емес. Егер ақылдаса отырып, оны қазаққа жаздырғанда, бәлкім, фильм басқаша, көрермендердің көңілінен шығатындай болар ма еді? Фильм жақсы шығуы керек еді. Абылайдың заманында қазақ бар еді. Қазақ тірі еді ғой. Оның барлығы кинода көрініс таппады.
– Кино мен театр саласының шеберлері әртүрлі рөлдерді сомдай жүріп, түрлі ситуацияларды халыққа жеткізе жүріп, көп нәрсені көкірегіне түйетіні белгілі. Сіздің өнер жолыңыз қандай өмірлік пәлсапаларға негізделеді?
– Кеше ғана театрға жаңа қадам басқан балаң жас едік. Бүгін, міне, жасымыз алпысқа келді. Ал театрда жүргенімізге қырық жыл толыпты. Әрине, түйген ой көп. Шеберліктің де, шынайылықтың да уақытпен бірге келетінін түсіндік. Әрине, біз барлық ойымызды ақыл ретінде кейінгі жастарға айтамыз. Егер жастарға үйретпесең, білгенің мен түйгеніңнің еш қадірі де, қасиеті де де жоқ. Сондықтан кейінгі жастарға айтарым, жұлдыз болуға, бірден жалт етуге құмартпаңыздар. Өнер өз иесін табады. Тапқанда ғана адам жұлдыз болып жанады. Қазіргі жастар өте еркін. Жастардың өз бойындағы дарыны мен қабілетін барынша шығарып, көрсетуге жан-жақты мүмкіндік бар. Кезінде біз өнерлі адамдармен кездесуге, дидарласуға зар болатынбыз. Ал қазіргі жастарда ондай мұқтаждық жоқ деуге болады. Ең бастысы, ерінбеу керек.
– Алмахан апай, жуырда сіз қызмет ететін Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы театр Алматыға гастрольдік сапармен келді. Сол қойылымдарда қандай рөлдерді сомдадыңыз?
– Біз бір апта Алматыда болып, алматылықтарға өз өнерлерімізді көрсеттік. Мен қойылымдардың ішінде «Қос мұңлық» спектаклінде Гүлзипа апайдың рөлін сомдадым. Сонымен бірге Иран-Ғайыптың «Ана аманаты» шығармасында үш баланың анасының рөлінде ойнадым. Негізінен, бұл шығарма Иран-Ғайыптың таңдаулы шығармасының бірі дер едім. Мұнда халықты бірлікке, ынтымақтастыққа, татулыққа шақыратын үндеулер бар. Елбасымыз үнемі халықты татулыққа шақырады. Ел тату болмай, мемлекет дамымайтынын жиі айтып келеді. «Қос мұңлық» шығармасының артықшылығы – осы Елбасының үндеуімен сәйкес келіп жататындығында. Бұл шығармада менің үлкен ұлым Ұлы жүздің, ортаншы бала Орта жүздің, кіші балам Кіші жүздің кейпінде ойнады. Менің басты мақсатым оларды тату-тәтті тәрбиелеу еді. Менің бір қуанғаным, зал көрермендерге лық толы болды. Тіпті артық билет сұрап келушілердің қатары толастамады. Оның ішінде әсіресе жастардың көп болуы маған ерекше шаттық сыйлады. Себебі өнерге құмар, оның ішінде театр өнеріне жаны жақын жастардың көп болуы біздің мәдениетке жақындығымызды көрсетеді. Театр — өмір айнасы. Бұл жерде көрерменнің алатын әсері де, тағылымы да көп болуы керек. Біз де өнеріміз арқылы халыққа жақсы көңіл күй, әсер сыйлағанды қаладық. Осы сапар барысында ең таңдаулы шығармаларымызды іріктеп алып келдік. Әрине, тек ересек адамдарға ғана емес, балаларға да базарлығымыз болды. Балаларды ұмытуға біздің хақымыз жоқ. «Алдардың айласы» деген балаларға арналған қойылымда да залда ине шаншар жер болмады. Алдар көсе туралы қойылым, менің ойымша, уақыт талабынан қалмайды. Сондықтан бұл қойылым арқылы оқушыларымыз бен бүлдіршіндеріміз де өздеріне керекті дүниесін алады ғой деп ойлаймын.
— Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым...
Бүгінгі заман нағыз сегіз қырлы, бір сырлы өнер иелерін қажет етеді. Өнер адамы билей де, сөйлей де, ойлай да алуы керек. Өнер деген – ғашық адам сияқты, шынайы ғашықтық сатқындықты ұнатпайды. Өнер өмір бойы актерлердің тек өзімен айналысқанын қалайды. Сондықтан өнерге келген адам сатқындықты ұмытуы керек.