«Намыс» – түптің түбінде қайта айналып соғар идея

«Намыс» – түптің түбінде қайта айналып соғар идея

Несіп Жүнісбайұлы, спорт журналисі, жазушы:

– Тәуелсіздігімізге қол жеткізгенімізге 19 жыл болса да, ел намысын қорғар спортшы қыз-жігіттеріміздің, нақтырақ айтқанда, қандастарымыздың санын анағұрлым арттыра алмай келеміз. Ал еліміз егемендігіне енді ғана қол жеткізген тұста сіз таза қазақ жігіттерінен жасақталған «Намыс» футбол клубын құрдыңыз. Қазір сондай команда құра аламыз ба, жоқ па, белгісіз. Осы ой, осы игі бастама қалай, неден туып еді? Жалпы, «Намыс» туралы қанша айтсақ та жарасатын шығар.
– Дұрыс. Бұл, шынында да, суалмайтын тақырып. Мен «Лениншіл жасқа» 1975 жылы 9 қаңтар күні 5-курс оқып жүрген ке­зім­де келдім. Көзі қарақты оқырман содан бері жазылған мақалаларымды жіті қараса, мен, жалпы, республика спорты жайлы жаз­ғаныммен, негізінен, өмір бойы қазақ ұлты­ның пробле­маларын көтерумен болдым. Менің барлық мақалаларымда, үлкен шығармаларымда да, кіші материалдарым­да да ұлт мәселесі, қазақтың балаларын спортқа тарту мәселесі ақ жейдені қызыл жіппен тіккендей ап-анық көрініп тұрады. Өз ұлтымыздың өрендерін тәрбиелеу, со­лар­ды шыңдап шығару өмір бойы менің басты нысаным, бағытым болып келді. «Ле­нин­шіл жас» газетінде 15-16 жылдай істедім. Сондағы айтқандарымның, жаз­ғандарымның, алдым­дағы ағаларымнан естігендерімнің бәрі осы болды. Әбілдә Тәжібаев деген үлкен ақын ағамыз болды. Ол кісі «Қайратым» деп біз жүрміз, қайрат қылмай сен жүрсің» деп жырлаған. Ғабит Мүсірепов ағамыз «Спорт жарыстарын, оның ішінде футбол додасын көріп отыр­ғаныңда одан ұлттың мағынасы, ұлттың нышандары көрінбесе, онда істеген ісіңнің бәрі зая. Егер ұлттық мағына, ұлттық ны­шан­­дар көрініп, сезіліп тұрса, онда қазақ­тың намысы қозып, кем­ші­ліктерін түзеуге ұмтылып отырады» деген мағынада сали­қалы сөз айтқан. Яғни спорт додаларынан, футбол ойындарынан қазақ­тың ұл-қыз­дарын көріп отырсаң, ұлттық на­мыс­тың бар екендігі, қазақтың ұлт екен­дігі көрініп тұра­ды дегені. Осындай ұлы адамдардың әлгін­дей аталы сөздерін естіп те, оқып та өстік.
Өзіміз де басымыздан біраз өмір өткер­дік. Сонау Мәскеу Олимпиадасынан бастап дүбірлі додаларға қатысып, бәрін көзбен көрдім. 1982 жылы алғаш рет Испанияда өткен футболшылар арасындағы әлем чемпионатына бардым. Сондағы толқулар­ды көр­ген­де, жүрегің тебіренбей тұра ал­май­ды. Өз елінің командасының бір ойы­­ны үшін сонау жер түбінен шұбап кел­ген жан­күйерлерді, олардың жылт еткен ұлттық намыстарын көргенде, өз коман­дала­рының болмашы жетістігіне мәз бол­ғандарына куә болғанда жүрек шіркін бір орында тұра алмайды. Ұстазым Сейдахмет Бердіқұлов та кеудесінде ұлттық намысы алаулап жанған жан еді. Сейд-ағаңнан сіңіргенім де көп болды. Сол жылдары «Со­ветс­кий спорт» газеті халықаралық дода­лар­дың техникалық нәтижелерін беретін. Соның ішінде шетелдегі жарыстардың бірінде қазақтың бір баласының 40-орын алғаны жазылып, ол ертеңінде «Лениншіл жас» газетінде шықпай қалса, бітті... Мен сол күні ұстазымнан таяқ жейтінмін. «Әй, сен анау Кубадағы үлкен жарыста Мырқым­баевтың 40-орын алғанын неге жазбайсың? Қазақтың баласының осындай дүбірлі додаға қатысып, өз ұлтын паш еткенін неге баяндамайсың? Жаным-ау, енді бүкіл қа­зақ оқысын да. Содан барып қызығушы­лық тумай ма?! Намыс қозбай ма? Соны оқы­ған жүз баланың ең болмаса біреуі Мыр­қымбаевтай болуға тырыспай ма?» – деп, санама құятын. Осының бәрі жүрекке тортадай болып тіркеле берді.
1987-88 жылдары сол кездегі редактор Уәлихан Қалижановқа барып, өз ұсыны­сымды айтқанмын. «Республикамызда бір ұлттық мектеп-интернат ашу керек, қазақ­тың балаларын жинап алып, бір жерден тәр­биелейтін орталық ашу керек» деп. Бір­а­қ ол кезде қиын-қыстау кезең еді. Мұның бәрін Уәкең қолдағанымен, «әзірше жүзеге аспайды-ау» деп ойға батып, маған аздап тоқтау салды. Бірақ осы ой менің жүрегімнің түкпірінде қайнаған құрттай болып, бүлкіл­деп жүрген. Содан 1991 жылы «Спорт» га­зе­ті­не бас редактор болып барған кезімде  өзімнің бір істі бастауыма тізгін тиді. Ол спорт комитетінің газеті болғанымен, бас редактор – творчестволық жетекші. 21 қа­ң­тар күні бас редактор болып жұмысқа кірі­сіп, тамыз айының басында «Намыс» футбол клубын құру туралы қазақ халқына үндеу жарияладым. «Биыл үйреніп алайын, келесі жылы қозғайын бұл шаруаны» деп созған жоқпын, ішімде әбден пісуі жетілген нәрсені ортаға салдым. Содан 1992 жылы қазақ балаларынан жасақталған «Намыс» клубын құрдық. Команда 5 жыл бойы жақсылы-жаманды ойнады. Тәрбиеледік. Әу баста еліміздің барлық аймағын аралап жүріп, 300 бала таңдап алдық. 300 балаға үш-үштен 900 ата-ана Алматыға еріп келді. Сол 300-дің 100-ін ғана іріктеп алдық. Сол 100 баланың кейбіреуі әлі күнге дейін футбол ойнап, теңбіл доп көрігін қыздырып жүр. Ұлттық құрама сапында ойнағандары да бар.
Бұл – бір ғана іс емес, бұл – идея. Бұл идея, менің ойымша, түптің түбінде бәрібір оралып соғады. Нақты қай салада, айта алмаймын. Мүмкін, басқа спорттың түрінен болар, мүмкін, спорт-интернаттың төрінен болар. Ұлттың спорттағы үздіктерін таңдап алып, олардың басын қосып, оларға жан-жақты жағдай жасап, оларды жарысқа қайрап салу мәселесі – түптің түбінде бәрі­бір біздің алдымыздан оралып соғады. Оны кім бастайды, белгісіз. Кеше Несіп бастаса, ертең басқа біреу қолға алар, оның арғы күні тағы біреу жүзеге асырар. «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» дегендей, өзіміздің үздіктерімізді іздемей намысты азаматтар тұра алмайды.
– Нес-аға, біреу білсе, біреу білмес, сол «Намыстың» балалары­ның кейбіреуі сіздің үйіңізде тұрды ғой, басында. Мысалы, қазіргі Қазақстан ұлттық құрамасының белді ойыншысы, тіпті капитаны  Нұрбол Жұмасқалиев біраз уақыт сіздің үйіңізде болған жоқ па?
– Нұрболды мен Оралдан алып кел­ген­мін. Өзім қолынан ұстап, жетектеп әкелдім. Ата-анасынан жалынып, жалпайып сұрап алғанмын. Басында ата-анасы келіспей қойды. Сонда да айналсоқтап, үйлерінің маңында жүрдім. Қайта-қайта кері оралып, кетпей қойдым. Үйлеріне 2-3 рет кірдім. «Ба­ла­мызды сонау жердің түбіндегі интер­натқа бере алмаймыз, сырт жерде екі көзін жәутеңдетіп жүре алмаймыз» деп Нұрбол­ды ата-анасы бермей қойды. Әкесі Жәрдем – радио журналисі. Ал менімен бірге Руслан Қалиев деген институтта бірге оқы­ған жақсы танысым қоса жүрген. Оралдың жігіті, ол да – журналист, радиода да, теле­дидарда да істейді. Содан соң жанымызда жергілікті спорт комитетінің бір өкілі бол­ған. Алматыдан еріп барған жаттықтырушы­лардың да бірі қасымызда болды. Содан мен «балаларыңыз интернатта тұрмайды, менің үйімде жататын болады, өзі менің балала­рым­мен құрдас екен, өз балаларым­мен бір­ге жүреді. Мына досым, мына жігіттер куә болсын» дедім. Сөйтіп, әзер көндіріп, Нұрболды алдық. Алматыға алып келген соң, ол менің балаларыммен бірге жатты, үйімде тұрды. Жалғыз Нұрбол емес, Диас Камелов (ол да Қазақстан ұлт­тық құ­ра­масының сапында ойнаған), Абай Аман­баев (ол да – Оралдан), Ақтаудан – Фархат деген бала, сосын Тараздан Мұқан деген бала бар – бесеуі менің үйімде тұрды. Таңертең балаларыммен бірге тұрып, есік алдында доп теуіп, бой қызды­рып, жаттығу жұмыстарына үйден барып тұрды. Содан соң интернатқа ауысты. Қанша деген­мен ко­ман­дамен бірге болу керек. Бірақ сенбі-жексенбі күндері үйге келіп тұратын. Өйтке­ні интернаттың аты – интернат. Оның үстіне, жасыратыны жоқ, ол кезде интернаттағылар  «Намысқа» жақсылап қараған жоқ қой.   Балалар Қажымұ­қан атындағы училищеде тұрған. Ығысты­рып, жаттығу жұмыстарын жүргізетін уақыт және дәріс алатын бөлме алып бергенбіз. Бірақ бізді қолдамағандар көп болды. Бәрі қолдамады демей-ақ қояйық, алайда қырын қарайтындар көп болды. Сондықтан балалар қысылып, емін-еркін жүре алма­ды. Бәрі өрімдей жас емес пе? Сондықтан мен оларды үйге алып келетінмін. Бала­ла­рым­мен бірге ойнайтын. Қолым тигенде қаланы көрсетіп, аралата­тын­мын. Қаланың ішінен орын таба алма­ғандықтан, ересек екі топтағы балаларымыз Ұзынағаштағы мектеп-интернатта тұрды. Содан мен күніне екі рет бапкерлерді Ұзы­на­ғашқа апарып, алып келетінмін. 1989 жылы сатып алған қызыл «Жигулиім» бол­ған. Сонымен арлы-берлі адам таситынмын. Өйткені ол кезде бізде көлік те болмады. Кейіннен балаларды Қарғалыдағы сауық­тыру орталығына орна­лас­тырдық. Екі мау­сым сонда тұрды. Оған да бапкерлер мен балаларды тасымал­дайтынбыз. Сондай-сондай жағдай бол­ған. Дұрыс айтасың, оны көбісі білмейді. Бірақ балалар біледі. Әрі ұмытпайды. Өткенде Нұрбол бір сұхба­тында айтыпты: «Мені футболшы қылған – «Намыс» клубы, оны бастаған – менің Не­сіп ағам, мен оларға шексіз әрі мәңгілік қарыздармын», – депті. Бұдан артық баға­ның керегі жоқ. «Намыс» футбол клубы ар­қылы Нұрбол Жұмасқалиев, Айдар Күміс­беков, Мұрат Тілешев, Әлібек Бөлешев, Диас Камелов және тағы да бас­қа­лары көп­шілікке танылды. Көпшіліктің сүйікті ойын­шылары­на айналды. Ел намы­сын қор­ғады. Бұлар­дың бәрі – алғаш рет «На­мыс­тың» мектебі­нен өткен балалар.
– Кейіннен футболдан «Бір атаның балалары доп тебеді» деген турнир ұйымдастырдыңыз ғой. Ол да қызықты болды, ә?
– Бұл патриоттық сезімнің отбасынан бас­та­латындығын паш ететін бастама еді. Содан соң отбасын салауатты өмір салтына насихаттау болатын. Мұнда тек бір атаның балалары ғана бір командада ойнай алады. Мысалы, Пәленшебаевтар өздерінің ата-бабасының есімін үкілеп, атын шығара алады. Алғашқы жылдары 50-ден астам команда жиналды. Еліміздің көптеген облыстарынан командалар келді. Әр отба­сымен самайы аппақ аталары мен ақ жау­лық­ты әжелері де еріп келді. Шектен тыс қызықты болды. Бүгінгі Қазақстан құрама­сының ойыншысы Жамбыл Көкеев ол кезде кіп-кішкентай бала еді. Алғашқы жылы турниріміздің ең жас ойыншысы жүлдесін тапсырғанбыз.
– Нес-аға, республикалық «Спорт» газетіндегі өміріңізді екі ауыз сөзбен қалай бағалар едіңіз? Редакторлық қызметіңіз қиын-қыстау кезеңге дөп келді, сондықтан «тар жол, тайғақ кешу» дейсіз бе?
– Жалпы, «Спорт» газетіндегі өмірімді өзімнің журналистика саласындағы аса биік шыңға шыққан кезеңім деп ойлаймын. Ол жерде тек жазумен ғана айналыспай, қаншама адамның басын қосып, көптеген ұлттық проблемаларды қозғадық. Мен «Спорт» газетіндегі өмірімді журналисти­калық шығармашылығымдағы абыройлы болып, биікке жеткен кездерім деп санай­мын. Әри­не, кемшіліктерім болған жоқ деп айта алмаймын. Бірақ 1991 жылдары, мемле­кеті­міз жаңадан құрылып жатқан ке­зең­де,  қилы кезеңді басымыздан өткердік. 1993 жылы ақша ауысты. Сол жылдары көп қиындық көрдік. Әлгі «тар жол, тайғақ кешу» дегенің сол кезге келеді. Сол қаржы тап­шылығы кезінде «Спорт» газеті 16 айдай жабылып қалды. Сонда ұжымдағы қызмет­кер­лердің бәрін ақысыз демалысқа жібе­ріп, жеке өзім газеттің табалдырығында отырдым. Өйткені «бір жауып алсақ, қайта аша алмай, әбігерге түсерміз» деп газетті сақтап қалу үшін жалғыз өзім табалдыры­ғын күзетіп отырдым. Қиын-қыстау күн­деріміз 1997-98 жылдарға дейін созылды. Одан кейін заман түзелді, құдайға шүкір. Қайта өрлеу дәуірін де басымыздан кешір­дік. Бұрын төрт бет болып шығатын болса, кейіннен 12-16 бетке жеткіздік. Әрі екі тіл­де жеке-жеке шығардық. Десек те, бұл ке­зең барлық газеттердің таралымы түсіп кеткен заман болатын. «Спорт» газетінің дәуірлеген кезеңі – сексенінші жылдардың ортасы. Ол кезде газеттің тиражы 300 мың­ға дейін жеткен. Республикадағы барлық мектептер жазылатын. Негізі, «Спорт» газеті өзінің 50 жылдық тарихында қазақ ұлтына адал қызмет етті. Бергені де, сіңіргені де ұшан-теңіз. Сол газетте қызмет еткен қыз-жігіттердің де еңбектері айтарлықтай бол­ды.
– Қазір бізге спорт журналисі болуға талпынған жастар жиі келіп тұрады. Барлығы дерлік интернеттен аударған дүниелерін алып келеді. Сол кезде ішімнен «шіркін-ай, а, «Спорттың» мектебінен өтпегенің көрініп тұр, Несіп аға «көзіңмен көрмеген матчтан репортаж жазуға құқың жоқ» деуші еді-ау» деп, еліміз­де­гі және Ресейдегі бірнеше журналисті шыңдап шығарған киелі шаңырақты, «Спорт» газетін, еске аламын. Осыған не дейсіз, жастар еріншек болып бара ма, заман өзгеріп кетті ме?
– Бұл – өте маңызды мәселе. Бұл мені бүгінге дейін толғантады. Бүгінгі таңда жасыратыны жоқ, қазақ баспасөзінде спорт журналистикасы ақсап тұр. Спорт журналисі болғысы келетіндер тым көп. Өзің айтқан­дай, интернеттен қаптап тұрған ақпаратты алады немесе бір газетке жазған біреудің мақаласын алады да, соны қайтадан иіп не болмаса тақырыбын өзгерте салып, төрт ауыз сөзбен не өз газетіне, не теледидарына тоғыта береді. Бұл – спорт журналистикасы емес, бұл – жай ғана кәсіп жасау. Өз редак­ция­сында жұмыс атқару ғана. Мен ондай адамдарды спорт журналистері деп атамас едім. Ондайлар бізде жоқ емес, бар. Осы­лай спорт журналисі болғысы келеді. Бірақ бұл дұрыс емес. Спорт журналисі, спорт шолушысы деген – тұла бойымен спорт «бассейніне» (қара қазанына) түскен, бо­йы­на спортты сіңірген, спортты өз тамырын­дағы қанымен араластырған, сонымен «уланған» (жақсы мағынасында), содан өмір бойы құтылмайтын адам. Өмірін спортқа арнаған адамдар, спорттан алыс­тап кетпейтін адамдар. Бойындағы қанында спорттың бояуы бар адамдар. Киімін спор­т­тың үтігімен үтіктеген адамдар. Мұндай адамдар бізде өте аз, сирек. Мен оларды ке­зін­де атын атап, түсін түстеп, тізіп шық­қан­мын. Әлі де айта аламын. Осы жерде мен бір нәрсеге айрықша тоқталғым келеді. Орыс та болса айтайын, бізде Юрий Ли­фин­цев деген мосқал журналист бар. Жа­қында үйіне барып, біраз отырдым. Сонда оның жеке мұрағатын, картотекасын көріп, таңғалдым. Бір республикаға аздық етпей­тін, мағыналы, бағалы дүние екен. Спорт­тың техникалық нәтижелері, суреттер, бас­қа да құнды деректер бар. Бәрін сонау бала кезінен бастап ерінбей, ұқыптап жинаған. Енді соны алу керек. Ел спортының кәдесіне жарату керек. Мен бұл туралы жұмысы осы­ған қатысты жоғарыдағы біреулерге айттым да. Өйткені оның бәрі – шежіре, тарих, дәйек, дәлел.
– Нес-аға, еліміздің даңқты спортшыларымен біраз араласты­ңыз. Солардың спорттағы өмірлері мен жетістіктерін жіпке тізіп жазды­ңыз да. Жастарға үлгі болсын, солар­дың ішінде кімді ұлтжанды, ұлттық намысы бойына сыймайтын жан деп, бөле-жара айта аласыз?
– Таза ұлтжанды, ұлтшыл адамды атау керек болса, ол ең бірінші Әбілсейіт Айха­нов­тан басталады. Кейбіреулер мінезі қиындау деп жатады ғой, бірақ Әбілсейіт ағадай ұлтжанды спортшы бізде көп емес. Ол кісі қашан да ұлттық мүддені бірінші орын­ға қояды. Әбілсейіт ағамыздан сол кезеңдегі спортшыларымыздың ешқайсысы да кем емес. Бұл тұрғыда марқұм Әбдісалан Нұрмахановты, Әмин Тұяқовты атап өткім келеді. Бұлардың бәрі – қазақ спортының, ұлт спортының символына айналған адам­дар. Әйтсе де ерекше ұлтшылдық, намыс­шылдық Әбілсейіт Айхановта бар. Содан кейінгі ерекше тұлға – Мұстафа Өзтүрік. Өз ұлты дегенде тоң етін кесіп беретін Мұстафадай адамды білмеймін. Тірі болса, марқұм бар өмірін толығымен өз ұлтына арнар еді. Шетелде туып-өссе де, атажұртын ардақтап өтті. Содан кейін Жақсылық Үшкемпіровті айтуымыз керек. Кіп-кішкене болса да, елімізге ұмытылмайтын жүлделер әперді, ұмытылмайтын жеңістер сыйлады. Ұлты үшін жанын шүберекке түйетін спорт­шыларымыз көп қой. Олардың көбісі соны жарқыратып көрсете бермейтін де болар. Ал қазіргі спортшылардың ішінен мен Нұр­бақыт Теңізбаевты ерекше қадір тұтамын. Оның да өз ұлтына деген ықыласы, ниеті ерекше. Содан соң орысша тәрбиелен­ген ұл­дарымыз бар. Олардың да ұлттық намыс­тары қайнап жүретін шығар. Бірақ олар оны ашық айта алмайды, ашық айтса, се­нім­сіздік туғызармын деп те ойлайтын бо­лар.

Нес-ағаңнан езу тартар:
Бір жылы қаланың шетіндегі саяжайымда достарымның арасында отбасылық турнир ұйымдастырдым. Достарымның көбісі келді. Он шақты команда жиналдық. Алаңға тек отағасы, жұбайы және баласы ғана шыға алады. Ойнап жатырмыз. Бәсеке мейлінше қызды. Ешкімнің де жеңілгісі келмейді. Бір кезде достарымның бірі қарсыластары тықсырған­да, сасып қалды да, амалсыздан допты қақпада тұрған әйеліне қарай ысыра салды. Ал әйелі болса, оны ұстамай, екі аяғының арасынан өткізіп жіберді. Гол! Әлгі досым күйіп те кетті, қызып та кетті. Әйеліне «мынауың не?» деп шүйлігіп жатыр. Ал әйелі «қайдан білейін, басқа адам тепсе, кіргізбеймін ғой, сен тептің ғой маған» деп аңтарылып тұр. Бізде шек жоқ, отырған-тұрған жерімізде домалап жатырмыз. Көзімізден жас парлап аққанша күлдік. Ал досым көпке дейін басыла алмай, шырылдап жатыр.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста