Мен заманды адам билесе деп армандай­мын

Мен заманды адам билесе деп армандай­мын

Қымбат ӘБІЛДӘҚЫЗЫ, «Айгөлек» журналының бас редакторы, ҚР мәдениет қайраткері:

– Қымбат Әбілдәқызы, отандық ба­ла­лар баспасөзіне біраз еңбек сіңір­діңіз. Жиырма жылдай Қазақ ра­дио­сында балалар аудиториясына ар­налған бағдарламалар жүргіздіңіз, ке­йінде жас өскіннің руханияты үшін «Айгөлек» журналын жарыққа шы­ғар­дыңыз. Көпшіліктің батылы бара бер­мейтін игі істеріңіз арқылы барша қазақстандық сәбилердің маңдайынан сипап, қазақи таным-түсінігін қалып­тас­тыруға үлес қосып жүрсіз. Десек те, бү­гінгі сәбидің бар ермегі – көгілдір экран, одан қалса, темір жәшікке тел­мі­ре­тіні жасырын емес. Ал экран іші ше­телдің «қаңсығына» толы. Жат ел­дің туындыларынан тәлім алып, сана­сына сіңіріп келе жатқан бүгінгі жет­кін­шек­тердің бойынан тұлғалық һәм қаза­қылық қасиет көресіз бе?
– Сұрақ салмақты екен. Бір-екі ауыз сөзбен жауап беру мүмкін емес. Мұндай сәтте еріксіз халықтың даналығына жүгінуге тура келеді. Қазақтың әр мақал-мәтелінен, нақыл сөзінен дән іздеген кез келген жан өзін-өзі тәрбиелеуіне әбден болады. Кей­де маған мынандай ой келеді: қазақ­тың қанатты сөздерін Конституция­ның бір-­бір тармағына жазып қояр ма еді. Сон­да Абай хакім айтқандай: «Бетті бас­тым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан» дей­тіндей, ар-ұят үшін безектейтіндер та­бы­лар еді. Қазақтың «Не ексең, соны ора­сын» деген нақыл сөзі диқаншыларға ғана қара­тылып айтылған ба? Әрине, жоқ. Ол бар­ша тіршіліктің күтімі мен бабына, әсіресе са­насы жоғары саналатын адам баласы­ның тал бесіктен жер бесікке дейін­гі өмір дағ­дысын таразыға тартып беріп тұр­ғандай.
Егер ел баласының тұлғалық һәм қа­зақтық болашағына күмәнмен қарасам, бар уақытымды, саналы ғұмырымды бала тәрбиесіне арнамас па едім, кім білген... Мансапқа барар жолдағы баспалдақ үшін немесе белгілі бір дәрежеде өз ұпайын түгендеп алу үшін жүрген ниеттің адамы емеспін. Мақтанды демеңіз, еркімнен тыс, тылсым бір күш мені ел баласының ар-намысын қайрау үшін құлша жұмсайды. Сеніңіз, сенбеңіз, өңім түгел, түсімде де «Айгөлектің» шаруасын дөңгелетіп жата­мын. Тура өңімдегідей. Хаттарды дауыстап оқып, ұжымға: «Осындай ойды зиялы деп жүрген анау ағаларымыз да айта алмайды. Кезексіз жариялайықшы», – деп мәз бола­мын. Жалпы, тұлғалық қасиет те, қазақы бол­мыс та, ең әуелі, тектің мықтылығынан ба деймін. Бұрынғы ата-бабаларымыздың баласы ержеткен соң өмірлік серігін өздері таңдап әперуі де те­гін емес. «Шешесін көріп, қызын ал» деген қазақ тәлім көрген тәрбиелі келіннен туған балаға «жатқан жатыры жақсы ғой» деп баға берген. Яғни бала тәрбиесіндегі ең пәр­менді, ықпалды күшке ата-ана ие. Қор­қыт бабамыз айтады: «Қыз – ақылды ескермес, ана үлгісін көрмесе, Ұл – жарыл­қап ас бермес, әке үлгісін көрмесе...» Әйт­се де, заманында әке мен шешеден оза туатын ұл-қыз­дар да болған. Олардың сана­сын жетілдіретін, жол көрсетіп жетек­тейтін – қоғамдық орта. Бала көру, білу, сезу түй­сігі, сөйлесу, қимыл-әрекет жасау ар­қы­лы ортаға бейімделеді. Кімдермен ой­найды, қалай ойнайды? Қай тілде, қай тақырыпта жиі сөйлейді? Құрбыластары­мен тіл табыса алды ма, әңгімелері жарас­паса не себеп? Міне, ата-ананың аса мән бе­ріп, алаңдайтын басты мәселелері осы­лар болуы керек-ті. Балабақшадан, мек­теп­тен келген баласына міндетті түрде уақыт бөліп, не үйренгенін, неге қызыққа­нын, нені түсінбей, неден көңілі қалғанын сұрап, досындай жақын сырласа білген ата-ананың ұл-қызы ғана қоғамнан орнын таба алатын тұлға болып қалыптасады. Өмір­ден өз орнын табу жолында ең­бектену керектігін түсінеді. Өкінішке қа­рай, қазір ұлтымызда бала тәрбиесі деген ұғым «баламның қарнын ашырмайын», «киі­мін, өзге керегін түгендеп берейін» деген секілді материалдық өлшемдермен ғана шектеліп жүр. Бұл аз десеңіз, баланы адам жалдап тәрбиелеу, оқыту үрдісі бе­лең алып барады.
– Бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлі бәсең дейсіз ғой. Алайда қазір сананы тұрмыс билеген заманда, бала ба­ғып, үйде отырған ана аш қалуы бек мүм­кін ғой...
– Қазір біз заманның илеуінде жүрміз. Мен заманды адам билесе деп армандай­мын. Қазір нарық заңы, дағдарыс дейміз, қарапайым халыққа күнкөрістің өзі оңайға соғып тұрған жоқ. «Еңбек етпеген – ішіп-же­мейді» дейтін кодекстің күші әлі де мық­ты. Сондықтан Жаратқан қазақты жұ­мыссыздықтан сақтасын дейік. Десек те, үйінен таңмен таласып кетіп, қас қарая ора­латын ата-ананың баласы қандай тәр­биемен өсіп жатыр? Гәп – осында. Сал­мақ ба­лабақша тәрбиешілерінің арқасына түсе­ді. Ал оларды даярлайтын жоғары оқу орындарындағы талаптар бұрынғыдан өзгерді ме? Қандай жаңашылдықтар қо­сыл­ды? Ол жағы бұлыңғыр. Қазіргі жас ма­мандардың не оқығанын, қандай іс-тә­жі­рибеден өткенін біліп болмайсың. Әй­теуір, басшының тілін табуды үйренген «ши­кі­өкпе» мамандар айлықтан-айлыққа аман жеткендеріне қанағаттанады. Менің­ше, тәрбиешіні мінез-құлқы, балажан­ды­лы­ғы, ізденіс-қабілеті, жан-жақтылығы, тіпті кес­кін-келбеті, үнінің жағымдылығы жа­ғы­нан есепке алып, кәдімгідей таңдау жа­сай­тын уақыт әбден жетті. Тек маманды­ғы­на бейімделген, талап-талпынысы бар, өз ісіне адал маман ғана бала тәрбиесіндегі көп түйткілдердің бір түйінін болса да шешер еді. Әбден сарапқа түсіп, сайдың тасындай іріктелген салиқалы мамандар­дан ұлттық тәлім-тәрбие алып, қазақи та­ны­мын кеңейткен жас өскін көбейсе, ұр­пақ тәрбиесі туралы таусыла сөйлемес пе едік?!
Мектеп тәрбиесінің жайы да осыған ұқ­сас. Мұғалімдер 45 минутын ың-шың­сыз өткізсе, соған тәубе айтады. Сол се­бептітәртіп-тәрбие мәселесін білім беру ісі­нің алдына шығармай, көсегеміз көгер­мейді. Біздің қоғамның дерті кез келген салада маман жұмысты беретін нәтижесіне қарап емес, көрсеткішіне арқа сүйеп атқа­ра­ды. Бұл ауру білім саласында дендеп тұр. Тәрбие саласындағы қағазбастылық жүрек айнытқандай. Құшақ-құшақ қағаз­дардың бала тәрбиесіне еш қатысы бол­маса да, жоғарыда отырғандардың жа­сай­тын есеп-көрсеткіштері үшін ауадай қажет. Осылайша мұғалім, тәрбиешіле­ріміз бар уақытын тәртіп-тәрбие, білім беру ісіне арнағанның орнына қағаз тол­ты­руға жұмсап отыр. Неше жылғы еңбек өтілі бар ұстаздардың өзі шығармашылық әлеуетін толық пайдаланып, шаршамай сабақ беруге мұршасы жетпейтініне сан мәрте көз жеткіздім. «Жығылған үстіне жұдырық» болып отырған тағы бір мәселе бар. Ол – мектептегі бітпейтін комиссиялық тексерулер. Мұғалім мен оқушыны мезі ететін комиссиялардың шексіз тексерулері түкке де керек емес-ау. Одан да сорақысы, тәртіп бұзған балаға ескерту айтып, дұрыс жол көрсеткені үшін тәрбиешілер мен мұ­ға­лімдер жазықты атанып жүр. Қоғам селт етпейді бұған. Сонда деймін-ау, қазақы­лы­ғы мықты, тұлға болатын ұл-қызды қай­тіп тәрбиелейміз?
– Бүгінде баланың кітап оқымай­тыны, газет-журналдарға қы­зық­пай­тыны жайында аз айтылып жүр­ген жоқ. Бала біткеннің бәрі си­қыр­лы жә­шіктерге телміреді, қалтала­рын­да – бір-бір ұялы телефон. Тү­бінде осы­дан бір зиян тартуымыз мүм­кін ғой...
– «Бала кітап оқымайды, газет-журнал­ға қызықпайды» дегенге мүлдем келіспей­мін. Ондай ұшқары пікірді баланың жан әле­міне жақындап көрмеген, алыстан бол­жам жасайтындар айтуы мүмкін. Рас, электронды ақпарат құралдары қарыштап дамымай тұрған кезеңдегі кітап, газет-жур­нал оқуға деген құштарлықты қазіргі­мен салыстыруға келмейтінін мойындай­мын. Алайда бес саусақ бірдей емес. Қы­зы­ға, құмарта оқитын бала болмаса, 13 жылдан бері әкімшілік биліктің міндетте­уін­сіз-ақ «Айгөлекке» өз ықтиярымен жа­зы­латын жас оқырмандардың қатары жыл өткен сайын азая берер еді ғой. «Қарағайға қарап тал өседі, қатарына қарап бала өсе­ді» демекші, бірінен-бірі қалыспай, жур­нал­дан керегін тауып сабағына, қоғамдық жұмыстарына пайдалана білетін балалар­дың хаттарын күнде оқып отырмын ғой.Осы жерде тарқатып айтатын бір мәселе бар. Баланың кіршіксіз жан дүниесін кір­лет­пей, қызықты, ұғынықты, ойната оты­рып ойландыратын әсерлі материалдар дайындап ұсынсақ, бала жүрегін лүп еткі­зер шығармашылық бәйге-байқаулар ұйым­дастырсақ, топжарған жүйріктерін да­ра­лап мақтап, мадақтап, қанаттандырып отыр­сақ, «қанат ұшса – қатаяды» деген на­қылды ақыл қылғанымыз. Осы жағы біз­де ақсап жатыр. Ал енді көркем-әдеби кітаптар оқитын ұл-қыздардың да аз емес­тігіне дәлел келтірейін. «Айгөлек» журна­лында жоғары сынып оқушыларына ар­нал­ған «Табылған тапсырма» атты айда­рында белгілі жазушылардың көркем шы­ғармаларынан үзінді келтіріп, жас оқыр­мандардың толық оқыған-тоқығанын дә­лелдейтіндей бірнеше сұрақтар қоямыз. Міне, сол тапсырмалардың ешқайсысы жа­уапсыз қалып көрген емес. Ал «Біз күт­кен шығарма» айдары арқылы «Сөз – жі­бек жіп, жыр – кесте» (Дулат Бабатай­ұлы­ның аталы сөзі) көркемдік шеңберінде әң­гі­ме, эссе, новелла жазуға жол ашып қойдық. Мұны неге айтып отырмын?! Ба­ла­ның тілін қызықтап, ойын оятып, тала­бын тануда адалдық, сүйіспеншілік та­ныт­сақ, олар біз күткеннен де артық қуа­ныш сыйлайды.
«Айгөлек» екі жылда бір мәрте алғыр­лығымен, жазғыштығымен, белсен­ділі­гі­мен танылған жас талапкерлердің басын қосып, Алматыда ауқымды фестиваль өткі­зуді дәстүрге айналдырды.Осыдан екі жыл бұрын «Атамұра» корпорациясы де­меу­шілік көрсетіп, фестиваль жеңімпазда­рына су жаңа, таңдаулы ақын-жазушылар­дың 100 кітабын сыйға тартты. Соны 14 об­лыстан келген балалардың қандай қуа­нышпен қабылдағанын көрсеңіз... Елдері­не аман-есен жеткен жас өскіндер оқыр­ман­дар конференциясын ұйымдастырды. Оқыған кітаптары туралы жазған хаттарын тебіреніп оқыдым. Қорыта айтқанда, кі­тап, газет-журнал оқу ескірген жоқ. Тек ата-­ана, мектеп ұжымы балаға не оқу ке­ректігіне жөн сілтеп, жол көрсете алмай отырмыз. Біздің қоғамда баласына кітап дүкенін көрсетпек түгіл, бір кітап сатып әперіп көрмеген ата-аналар бар. Атүсті, жоспар үшін емес, шын ықыласымен мек­тептерде жас оқырмандар конференция­сын, пікірталастарды өз дең­гейінде ұй­ымдастыра алмай жүрген ұстаз-жетекші, кітапханашылардың да кінәсі бар. Осы олқылықтардың орнын аз да бол­са толтыру үшін «Айгөлек» те шама-шар­қынша өз үлесін қосуда. Иә, өркениет­тің өрісі кең. Заманауи ақпарат құралдары­на ешкім тосқауыл бола алмайды. Жан-жағымыз тұнған – жаңа дүниелер. Асылы қайсы, жасығы қайсы, озығы қайсы, тозы­ғы қайсы – айыру қиын. Ересектердің өзі түсініп болмаған «қызықтарға» кіріп кетіп, «шыжығы» шығып жүргенде, бәріне сене салатын патша көңіл баланың сана-сезімін жат елдің көз алдар, көңіл байлар қауіп-қатерінен аман сақтап қалу – әрбірімізге міндет. Бүгінгі жас өскіндердің қа­зақтың қамын жейтін, қанын қастерлейтін ұлы мен қызы болып жетілуіне бүкіл қоғам жауапты. Бала еш уақытта өз бетінше жа­ман­дықты ойлап таппайды. Олар өмірден көргенін, білгенін, ілгенін қайталайды. Үйде, теледидарда, көшеде не көрсетсек сол үлгі. Мамандар баланың келешекте қан­дай тұлға болып қалыптасатыны оның 1-6 жас аралығында алған тәрбиесіне бай­ланысты болады деп жүр. Ал бұл ретте ата-аналардың тіршілік қамын күйттеп, күні-түні жұмыстан босамайтынын ескер­сек, бүгінгі сәбидің ермегі көгілдір экран, одан қалса, темір жәшікке телміреді. Ал отандық телеарналар балалар аудитория­сына келгенде жұпыны. Өзге елдің таным-түсінігіне, менталитетіне орай түсірілген шығармаларды аударып беруден әрі аса алмай отыр.
Бір мысал айтайын, жапондықтарға «Же­тіс­тіктеріңіз жетерлік, оған қалай қол жет­кіздіңіз?» деген сұрақ қойылады екен. Сонда олар бірінің аузына бірі түкіріп қой­ғандай: «Жетістік – тәрбиеден. Біздің мем­лекетте ең басты қолдау мен құрмет тәр­бие саласына бағытталады. Ең үлкен та­быс та солардікі» деп жауап береді. Сол ел­дің Ибука Масари деген психолог дәрігері бір тәжірибелі ұстазбен бірігіп, «Үш жастан соң кеш» деген еңбек жазып шықты. Күллі әлем осы еңбекті танып, ке­регін содан алып отыр. Қазаққа баланы 10 жасқа кел­генше өзге тілде бір сөз айтқыз­бас­тан, туған тілінің уызына жарытып, өз тілінде тәрбиелейтін жапондардың жанға жағым­ды отансүйгіштік қасиетінен үлгі алу керек. Біздің елде бала тәрбиесіндегі түйт­кілді мәселелерді көтеріп, түйінін тар­қатып, жол сілтер еңбек жазылып жатыр ма? Бұл жағын ешкім дөп басып айта ал­майды. Елімізге болашақ ұлт зиялысын бап­тайтын, ұлттық рухы биік, адамгершілік ары таза, баламен шынайы жұмыс істейтін ма­ман­дар тәрбиелеуде жаңа серпіліс, тың көз­қарас керек. Мен жоғарыда айт­тым, тағы да қайталап айтамын, бала тәр­бие­сінде екінші кезектегі маңызды рөлге ие – тәрбиеші, мұғалім. Сапалы маман даяр­лау мәселесін ескерусіз қалдыра берсек, біраз жылдан кейін қазақтың төл тәрбиесі ту­ралы ауыз аша алмайтын халге жетуіміз әб­ден мүмкін.
– Балалар басылымының жұмысы журналистиканың басқа саласынан әлдеқайда ауырлау сияқты...
– Баламен жұмыс істеу қиын екені рас. Ойыншықтарын шашып ойнайтындай, ой­ларын да емін-еркін төгіп, шашып жаза­ды. «Мынауым жарамсыз емес пе? Жа­рия­ланбай қалуы мүмкін-ау» демейді. Олар­дың ішкі түйсігі, сенімі мықты. Жазға­ны шықпай қалса, ренжігенін де жасыр­май­ды. Мен әр хаттан олардың ойларын оқып, көңілдерін танып отырамын. Әрине, сақа мамандарсыз ай сайын, дер уақы­тында ба­лаларға журнал дайындап шыға­ру ай­туға ғана оңай. Маманнан қиналатын ке­зім аз емес. Бірақ тамыр-таныстықпен, сый­лықпен ешкімді жұмысқа қабылдап көргенім жоқ. Сонда да жұмыс сұраушы көп болғанымен, меңгеріп алып кететін, бала­ға қамқор, обал мен сауаптың арасын айыра білетін, үлгі-өнегесін аямайтын ба­ла­жан маманға зәрумін. Бізде ондай маман­ды даярлайтын арнайы оқу орны жоқ. Университеттерде журналистика фа­куль­теттері көбейгенімен, балалар тақы­рыбы де­ген мәселе бүгінге дейін күн тәр­тібіне қойылмай келеді. Соның кесірі­нен баспа­сөзде де, радио-теледидарда да бала жү­ре­гіне жол таба білетін: үнінде, түрінде, сөз-сөйлемінде жасандылығы жоқ, жанып тұрған бала мінез маман жоқ. Бұл – қасі­рет. Бұл жоғары биліктің баланы да, бала тәрбиесіне қатысты маманды да мен­сінбеушілігін танытады. Бұл – рухы­мыздың әлсіздігі, мақсатымыздың мәнсіз­дігі. Біздің ұлт осы тақылеттес әр саладағы берекесіз­діктердің зардабын аз тартып жүрген жоқ. Күрт түзелмесек, келешекте де сорымыз қа­лың­дай бере ме деп қауіп­тенемін.Сұра­ғы мен сынағы көп өмірден өз орныңды табу­дан асқан бақыт жоқ. Бір қуантатыны – су­рет салатын он баланың бірі менің бейнем­ді сөйлете салып, тілегін жазатыны, қолы­на қалам ұстап хат жазатын жас оқыр­ман­дар­дың риясыз көңілдері. Қайда барсам да, «апайлаған» балалардың тәтті үні, тәнті жүзі. Қолында билігі жоқ, қызме­ті, ақшасы жоқ ақжүректерімнен асқан сый-құрмет жоқ шығар.

Алашқа айтар датым...
Ұрпақ тәрбиесіне келгенде ұлтымыз тәжірибеден кенде емес. Қазақ қара домалақтарын бесік жырына елітіп, батырлар жырларына, ертегілерге қанықтырып өсірді. Қазір бұл үрдіс сиреп кетті. Бұл жақсылықтың нышаны емес-ау... «Қазақ желкілдеп өсіп келе жатқан жас өскінді өз ұлтын сүюге қалай тәрбиелейді?» деген сұрақтың тууы заңдылық. Осы арадан өткен күндерге шегініс жасасақ, ата-әже институтының атқарған рөлі күшті болды. Қазір баласын ата-әже тәрбиесіне бермек түгіл, маңдайынан иіскетпейтін шикіөкпелерді көзіміз көріп жүр. Қазақша мектепке, балабақшаға барған балаларымыз отбасына оралғанда орысша шүлдірлеп келеді. Ойын баласы аулаға шықса да, ұлттық нақыштағы ойын алаңын көрмейді. Жаңа заманның жасампаз жетістіктерімен қоса, ұлттық негізде тәрбие беретін ойын алаңдарын неге жасамасқа деген ой келеді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста