Мен кейде тірліктегі әділетсіздіктен күйініп, Шәкәрімге ұқсап айдалаға кеткім келеді
Сәкен Өзбекұлы, заң ғылымының докторы, академик:
– Сәкен мырза, өзіңіз білесіз, соңғы уақытта Қазақстанның құқықтық жүйесі жиі реформаға ұшырады. Әлемдік тәжірибеден үлгі алу, өркениетті елдердің баз бір әдістерін қазақы ортаға бейімдеу, заң жобаларын халықаралық стандартқа сәйкестендіру қазаққа не берді? Реформалар легінен не ұттық, неден ұтылдық?
– Қазір «заң әділетсіз», «заң орындалмайды» деген ұғымдар халық санасында нық орын алған. Ашығын айту керек, біздің заң шығарушы орган Үкіметтің, яғни атқарушы органның заң бөліміне айналып барады. Парламентте лоббизм басым. Біз соңғы үшжылдықта «Парламенттің кәсіби біліктілігін арттырамыз, заң жобаларын халықаралық талаптарға сәйкестендіреміз» деп жанталастық. Өкінішке қарай, заң шығарушы орган ішінара айтыс-тартыстан аса алмай жүр. Парламентте кәсіби білікті заңгерлер болмағаннан кейін, төрт аяғын тең басқан сапалы заң жобалары жоқ. Сапасыз дүниені тәжірибе түрінде қолдану тіптен қауіпті екені айтпаса да түсінікті.
Мәселен, «біз халықаралық стандартқа сәйкестендіреміз» деп жүрген заңның қазақ тіліндегі мазмұны мен мәтініне тоқталайықшы. Мен екі тілді өте жақсы білемін. Неше жыл заңгерлік тәжірибем бар. Осылай бола тұра, мен заңның қазақшасынан гөрі орысшасын жақсы түсінемін. Бір ғана орыс тіліндегі «лицо» сөзін алайық. Бұл сөз Азаматтық кодексте «тұлға» деп аударылса, Ата заңымыздың 12-бабының 4-тармағында «адамдар» деп аударылған. Сол сияқты «обязанность» деген сөз де 36-баптың 1-тармағында «парыз» деп көрсетілсе, 35-бапта «міндет» деп аударылған. «Общественно опасные» дегенді «қоғамдық қауіпті» деп аударған. Ал ол логикалық түрде «қоғамға қауіпті» деп аударылуы керек еді. 136-баптың 1-2 тармақтарында «средство» дегенді «қаражат» деп аударса, 140-бапта ол «төлем» деп аударылған. Айта берсе, мұндай мысалдар жетіп-артылады. Осыдан кейін амалсыз «қазақ елінде тұрып, қазақша мәтіні сауатты заң шығара алмай отырып, халықаралық стандартқа жету қайда...» дейсің де, қолыңды бір сілтейсің...
– Жалпы, сіз «Ата заңымызды ұлттық стандартқа сай жасақтап алмайынша, әлемдік стандартқа көз сүзу – бос әурешілік» деген пікірмен келісесіз бе?
– Менің айтайын деп отырғаным да осы ғой. Негізінде, қолданысқа енгізілуі тиіс заңдарымыздың дені алдымен ұлт мүддесін көздеуі тиіс. Қазір біздің қолданып жүрген заңдарымыздың көпшілігі – қоғамға тиімсіз заңдар. Мысалы, біз таяуда «Діни сенім бостандығы туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгіздік. Бірақ осы өзгертулер мен толықтыруларға қоғам наразылығы басым болды. Бұл заң елімізге бойлай еніп жатқан миссионерлерді жүгендеуге арналмаған. Керісінше, бұл – еліміздегі түрлі діни секталар мен миссионерлердің өз жұмысын жалғастыруына септігін тигізетін заң. Осы олқылық көрер көзге айқын көрініп тұрғаннан кейін, «мынау «Діни сенім бостандығы туралы» заң болғанымен, бойында тұнып тұрған имандылық жоқ. Бұл теріс шешімді тарих әлі өз таразысына салады» деп, Конституциялық кеңестің назарына бірнеше ұсыныстарымды ұсындым. Өкінішке қарай, бұған құлақ асқан тірі жан болмады.
– Ашып айтыңызшы, мәселен, қандай ұсыныстар жолдадыңыз?
– Мысалы, діни секталарға жер бөлу мәселесі аталмыш заңда дұрыс ескерілмеген. Осы олқылықтың зардабын біз қазір тартып отырмыз. Білетін шығарсыз, осыдан біраз уақыт бұрын ғана еліміздегі кришнаиттер ұйымы «жер мәселесіне қатысты Үкімет бізден кешірім сұрасын, есеміз кеткен жерлерімізді қайтарып берсін» деп баспасөз мәслихатын өткізді. Ойлап қараңызшы, оларға қазақ жерінде бәленбай мың гектар жер қай ата-бабасынан қалыпты?! Қазір теріс пиғылдағы діни миссионерлердің кез келгенін алып қарасаңыз, олардың әлеуметтік-материалдық жағдайлары жақсы. Осыдан барып қазақтың қаракөз балалары солардың қарамағына өтуге бейім. Міне, біз бұл жайтты қатаң бақылау мақсатында дінтану институттарын ашуымыз керек. Оның бір бөлімі сектология саласын зерттеуге ден қойса, тіптен жақсы. Мұндай үрдіс АҚШ-та, Швецияда, Украинада тәжірибеде бар. Діни агрессияны жою мақсатында АҚШ ел бюджетінен 160 миллион доллардай қаражат бөледі. Ал біз әлі де сол қалпымызда «дін мемлекеттен бөлек» деген самарқау кейіптен арыла алмай отырмыз.
– «Діни сенім бостандығы» дегеннен шығады. Білетін шығарсыз, таяуда ұлыбританиялық архиепископ (діни қызметкер) Роуэна Уильямс Ұлыбританияның Кентербер аймағына қарасты жергілікті шіркеуде «Ислам және ағылшын құқы» жөнінде дәріс оқып, әлем жұртшылығын таң-тамаша қылды. Онда ол ағылшынның кейбір заңдарына, әсіресе отбасылық одаққа байланысты заң баптарына шариғат қағидаттарын енгізу қажеттігін баса айтты. Осы иманшарт заңдылықтарын мемлекеттік заң жобасына енгізген жөн бе?
– Рас, Батыс елдері қазір ислам дінінің құндылығын, исламның нәрі мен шуағын мойындай бастады. Бір ғана ағылшындар емес, қазір Германия, Норвегия, Жапония тәрізді өркениетті елдердің біразы иманшарт заңдылықтарын оқып, үйреніп, көңілге түйе бастады. Бұған, әрине, қуану керек. Бірақ бір ескеретіні, иманшарт заңдылықтарын мемлекеттік заң жобасына біз енгізе алмаймыз. Себебі Қазақстан – көпұлтты, көп дінді мемлекет. Елдегі православь, католик діндерінің аясында жүрген халықты иіріп әкеліп, «шариғат заңдылықтарымен жүріңдер» деп айтуға біздің құқымыз жоқ. Әрине, қабылданып жатқан заң жобаларына имандылық реңк беріп, имандылыққа негіздеуге болады. Бірақ тұтастай шариғат заңдарын мемлекеттік заңмен «будандастыруға» болмайды. Бұл қоғам наразылығын тудыруы мүмкін.
– Сіздің ғалымдығыңыз, заңгерлігіңіз өз алдына, соңғы кезде шығармашылықпен айналысуға бет бұра бастаған тәріздісіз. Байқасаңыз, өнерге, ұлттық құндылықтарға деген салқынқандылық осы күндері анық аңғарылғандай. Бұл күні «өнер жолында өмірімді сарп етсем» дейтіндер билікке ұмтылып әлек, ал керісінше, әжептәуір қызметі бар лауазымды адамдар «еріккеннің ермегіне айналдырып», шығармашылықпен айналысуға көшті. Қалай ойлайсыз, осы қақпақылдықтың астарында ұлтқа төнер қауіп-қатер жатқан жоқ па?
– ... Мынауыңыз тура маған «әжептәуір қызметің бар, қолыңа қалам ұстап не теңің» деп бетіме осып тұрып айтылғандай әсер етті ғой. Қазір қоғамда бірін-бірі кемсітіп, мұқатып, өз бауырын өзекке теуіп, ұлттық құндылықтың қадірін білмеу үрдісі кеңінен белең алды. Білетін шығарсыз, Ата заңымыздың 5-бабының 3-тармағында тектік, топтық, рулық араздықтардың қоғамға аса қауіпті әсер ететін құбылыс екені барынша түсінікті жазылған. Хош, заңымызға «рулық, топтық араздықтарға жол берген адам қатаң жазаланады» деп тайға таңба басқандай айшықтап қойсақ та, біздің елдегі тамыртаныстық өршіп тұр. Міне, осының арқасында рухани құндылықтарымызды, адами қасиеттерімізді жегі құрт жемірдей жеп, қазақ баласы ұлттық құндылықтан алыстап, қазақы қасиетіміз қақпақылда қалып қойғаны – ащы да болса, шындық. Қолымыздан келсін-келмесін, тыраштанып шығармашылықпен айналысу, дарақыланып дүбәралықпен шашылу, беттің арын бес төгіп, руласыңды, жақыныңды жетектеу, тағысын тағылар – қазаққа ғана тән қылық. Бұл жағынан біз ешқандай елге ұқсамаймыз. Осы қасиеттеріміз, айналып келгенде, ұлттық құндылықтарымыздың салмағын төмендетіп, рухани қазыналарымыз «еріккеннің ермегіне айналып» жүрген жайы бар. Бұл жайды қозғап, көңіліңді алаңдатып жүрген жайларды қағазға түсіре бастасаң, сені де біреу сол еріккендердің қатарына қосып жібереді. Бірақ өз басым баз біреулердің «пыш-пышына» мән бермей, ұлт мүддесі жайлы ашылып сөйлегенді жөн санаймын.
– Қытайдың ірі ойшылы Лао-Цзы: «Заң мен бұйрықтар өскен сайын ұрылар мен қарақшылар саны арта түседі», – депті. Мүмкін, өзіңіз айтқандай, елде тамыр-таныстықтың өршіп кетуі осыған қатысты заң жобаларының көптігінен де шығар?! Заң бар, бірақ сол заңға мойынсынып жатқан жан жоқ дегендей...
– Жаңағы сіз айтып отырған Лао-Цзыдан кейін ХІХ ғасырда өмір сүрген, Ресейдің білікті заңгері Г.Ф.Покровский: «Ұшы- қиыры жоқ заңы бар халық бақытсыз», – деген екен. Ал қазақтың Мөңке биі: «Құрамалы, қорғанды үйің болады, Елге жаны ашымас биің болады. Түске дейін түк шешпейтін жиын болады», – деп толғайды. Қазір осы айтулы тұлғалардың айтқаны айна-қатесіз келіп жатқанына ешкім дау айта алмайды. Бұл сөздер құдды біздің заң шығарушы органға баға бергендей.
– Сіз үнемі заң шығарушы органның кәсібилігіне күмәнмен қарайсыз. Мүмкін, қоғамда сәл де болса әділеттік орнауы үшін, заңның орындалуы үшін Парламентке бақылау, есеп алу, парламенттік тергеу сияқты функцияларды енгізген жөн шығар. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?
– Қоғамда тәртіп орнату үшін біз заңды бұзған лауазымды адамды атақ-дәрежесіне қарамастан, қатаң жазаға тартуды өмір талабына айналдырумыз қажет. Бізде ондай жүйе атымен жоқ. Мысалы, былтыр Алматының айналасындағы мемлекеттік маңызы бар жерді сатқандардың былығы ашылды. Олар қатаң жауапқа тартылды ма? Жоқ! Бір тақтан түсіп, екінші таққа отырды. Бізде шенеуніктер қайткен күнде бір-бірін қорғап қалуды ойлайды. Қалталылар өз дегендерін істейді. Мұның бәрін халық көріп отыр, сондықтан әділеттіліктің барына сенбейді. Мәселен, АҚШ-та көп жағдайда заңдардың жобасын сенаторлар заңгер ғалымдардың көмегімен жазады. Егер сол заң қабылданса, олардың есімдерімен аталады. Мысалы, Вагнер заңы, Тафта – Хартли заңы, Смид заңы, Маккарена Вуда, Джексон Веника заңдары тек Америка көлемінде ғана қалып қойған жоқ. Оны қазір өмірінде қателескісі келмейтін адамдар кітапша ретінде пайдаланып, үнемі соған көз жүгіртіп отырады. Ал бізде мұндай жүйе жоқ қой. Біздің Парламент ондай дәрежеге әлі көтеріле қойған жоқ. Депутаттар, негізінде, есеп бергенде: «Пәлен мың заң қабылдадық» – дейді, ал сапа туралы ауыздарын аша алмайды. Маман ретінде айтайын, тіпті Үкімет қабылдайтын дәрежедегі қаулылар Парламентке заң жобасы ретінде ұсынылады. Мұның қажеті қанша?! Мысалы, «Лотерея туралы» заңның қажеті не?! Заң қоғамдық қатынастардың ең маңызды салаларын ғана реттеуі тиіс. Сонда ғана біздің қоғам әділдікке сәл де болса бет бұрады
– Қазір өткір айтылған ойды ұтымды ұсыныс жеңіп шығып жатқан кез ғой. Сонда біз қоғамға індет боп жабысқан бұл дерттердi қалай құртуымыз керек? Қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Қоғамды індет жайлап бара жатса, біріншіден, бұл мемлекеттік бақылаудың төмендігінен. Екіншіден, біздегі лауазымды тұлғаларда мемлекеттік қызметке деген жауапкершілік аз. Үшіншіден, мамандарды таңдау кезінде бізде субъективизм басымдық танытады. Мұны шектеудің негізгі жолы – құқық қорғау органдары мен әкімшілік биліктің тізгінін ұстап отырған лауазымды адамдардың әділетті қызмет істеуіне жағдай жасау керек. Ашығын айту керек, бізде бюрократизм басым. Бір құжатты дайындау үшін он, жиырма органның табалдырығын тоздырасың. Ақыры болмаған соң, танысыңа пара беріп, жаның тыныш табады. Екі-ақ сағатта шешілетін мәселені, қалтаң тесік болса, екі жыл жүріп те шеше алмайсың. Біздің шенеуніктер халыққа тәуелділік дегеннің не екенін ұқпай жүр. Ал шенеунік өзінің халыққа тәуелді, сол үшін қызмет етуі керек екенін ұғынбаса, қабылданып жатқан заңдарымыз ешқашан орындалмайды. Өркендеу мақсатында жасап жатқан бағдарламаларымыздан еш қайран болмайды.
– Сіз соңғы кезде осы айтылған ойларыңыздан басқа «қазаққа шынайы берілгендердің еңбегі еленбей жүр» деп құзырлы орындарға жиі сын айтып жүрсіз. Бұл ретте «Өзбекұлы өзімсінген жандардың жоғын жоқтап жүр» деп сыртыңыздан тон пішетіндер де бар. Шыныңызды айтыңызшы, кімдердің еңбегі елеп-ескерілмей жүр? Кімнің жоғын жоқтап жүрсіз?
– Бір-ақ мысал айтайын, қазір Мемлекеттік сыйлық оңды-солды кім көрінгенге үлестіріліп жатыр. Марқұм болып кеткен, белгілі тарихшымыз Жанұзақ Қасымбаевтың қазақ хандары туралы жазған құнды бес кітабына Мемлекеттік сыйлық берілмеді. Тарихта ашқан жаңалығы қандай! Махмұд Қашқариді қазақша үш том көлемінде сөйлетіп, Жүсіп Баласағұнды өмір бойы зерттеп, халқымызға өшпес мұра қалдырған марқұм Асқар Егеубаевқа да сыйлық бұйырмады. Абайды, Махамбетті француз тілінде сөйлеткен Ғалымжан Мұқанов ескерусіз, көлеңкеде қалды. Францияға барған қазақ делегациясының құрамына да енгізілмеді. Оның орнына Абайға еш қатысы жоқ, Абайдың бір өлеңін немесе қара сөзін оқымаған шенеуніктер барғаны көңілді босатады. Себебі Францияның зиялылары бірден Париж әуежайында Абайды аударған Ғалымжан Мұқановты сұраған, ықылас-пейілдерін сол адамға көрсеткілері келген. Абайды Францияға танытқан сол Ғалымжан Мұқанов пәтерсіз ғұмыр кешті, басқа бермес қиыншылықты басынан өткізіп, күйзеліспен, асқынған аурудан, ешбір ескерусіз қаза болды. Қазір кейбір ғалымсымақтар Абайға ауыз сала бастады, оны даттап, докторлық диссертация қорғауға әрекет жасады. Өз халқының ұлы, ғұлама ойшылдарын кемсіту тек бізде ғана бар. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел шіркін қайдан алсын кемеңгерді» деп Жансүгіров жырлағандай, халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтағандарды дәріптемесек, қастерлемесек, біздің қазақ болғанымыздан не пайда?! Мен кейде тірліктегі әділетсіздікке күйініп, жалғаннан безінген Шәкәрімге ұқсап айдалаға кеткім келеді.
Датым
– Мен қазіргі уақытта бар болмысыммен «қазақтың бауырмалдығы арта түссе екен» деп тілейтін болдым. Елдің қамын ойлайтын, халық жайы сөз боп жатқанда бетегеден биік, жусаннан аласа бола алмайтын, өздерінің азаматтық позицияларын көрсете білетін азаматтардың саны көбейгенін қалаймын. Ақын Сабыр Адай: «Әр қазақ – менің жалғызым», – дейді. Әр шенеуніктің ойында осы сөз тұрса, олар әрбір қазақтың мұңын тыңдап, қазақтың сөзін сөйлеуден танбаса, қазақтың босағасынан береке арылмас еді. Міне, мені адам ретінде толғандыратын дүние – осы.