Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА, ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі, заң ғылымының кандидаты:
– Анар Нұралықызы, Конституцияның елдің даму болашағын айқындайтын ең басты құжат екені мәлім. Хандық дәуірден кейінгі отарлық кезеңді еңсеріп, егемен мемлекет ретіндегі даму жолының алғашқы 20 жылдық белесін енді ғана артқа тастаған Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына Ата Заң қаншалықты серпінді ықпал ете алды? Әңгімеңізді осыдан бастасаңыз...
– Әлбетте, біздің бүгінгі даму деңгейіміз, жеткен жетістіктеріміз түгелдей Ата Заңымыздың жемісі деп нық сеніммен айта аламыз. Тарихқа көз жүгіртсек, егемен Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Бұл құжат тарихи қажеттіліктен туды және сол бір өтпелі кезеңде үлкен міндеттерді атқарды. Алғашқы Конституция республика егемендігінің қалыптасуын ресми түрде аяқтап, әлемдік кауымдастықта Қазақстанның жаңа тәуелсіз мемлекет мәртебесін заңдастырды.
Дей тұрғанмен, алғашқы негізгі заң болғандықтан, оның да кем-кетік тұстары болды. Мысалы, ол Конституцияда мемлекеттік басқару формасы нақты анықталып бекітілмеді. Республикалық сипаттағы мемлекет үшін бұл өте жауапты мәселе еді. Керісінше, Конституция бойынша, Жоғарғы кеңес ең жоғарғы билік органы ретінде танылды. Айналып келгенде, Жоғарғы кеңес пен Министрлер кабинеті арасында жиі қайшылықтар туындап отырды.
Сот жүйесі үш тармақты болып құрылды: конституциялық сот, жалпы соттар және арбитраждық соттар.
Тағы бір басты мәселе, 1993 жылғы Конституция жерге жекеменшік мәселесін шеше алмады, тіл мәселесі түбегейлі шешімін таппады.
Сондықтан 1995 жылдың 30 тамызында референдумға қатысқан адамдардың 90 пайызға жуығы (ал бұл – оған қатысуға құқығы бар 7 миллионнан астам азамат деген сөз) жаңа Конституциямызды қабылдауды жақтады. Осылайша, Ата Заңымызды бүкіл Қазақстан халқы болып таңдадық. Оның дем берушісі әрі бастаушысы, оның қабылдануына, мемлекетіміздің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасуына орасан зор күш жұмсаған Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев болды. Ал халық өзінің егемен құқығын пайдаланып қабылдаған Конституция қол сұғылмас қасиетке, жоғары заңды ғана емес, рухани-адамгершілік киеге ие болды. Тәуелсіз мемлекетіміздің үлкен қазынасына айналды.
Міне, биыл Қазақстанымызға – 21 жыл, ал оның өз Конституциясына 17 жыл толып отыр. Бұл Конституция азаматтардың күнделікті өміріне қажетті сұрақтардан бастап, стратегиялық сипаттағы мәселелерді шешті. Ең алдымен, жаңадан құрылған мемлекеттігімізді, мемлекеттік билік пен басқарудың жүйесін жан-жақты нығайтты. Ел экономикасын түбегейлі реформалау мен оны терең дағдарыстан шығарудың проблемаларын шешті. Еліміздің сындарлы сыртқы саясат жүргізуіне ықпалын тигізді. Ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етті. Өркениетті әлемде азаматтардың жалпыға танылған құқықтары мен бостандықтарын орнықтырып, демократиялық институттарды дамытты.
Заман талабына сәйкес 1998 жылы 7 қазанда Ата Заңға кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұрын Парламент палаталары депутаттарының өкілеттілік мерзімі төрт жыл болса, конституциялық реформадан кейін Сенаттың өкілеттілік мерзімі – алты жыл, ал Мәжіліс депутаттары үшін бес жыл деп бекітілді.
Сонымен қатар Мәжiлiс депутаттарының саны 67-ден 77 депутатқа көбейтіліп, алғаш рет пропорционалдық сайлау жүйесі енгізілді.
Парламент депутаттарына Президентке Үкiмет мүшесiн қызметiнен босату туралы мәселенi қайталап қою туралы алты айдан кейін тағы да қайталап өтiнiш жасау құқығы берілді. Мұндай жағдайда республика Президентi Үкiмет мүшесiн қызметiнен босатады деп бекітілді.
Үкiмет мүшелерiне өз шешiмдерін қабылдауда дербестiк берілді және өздерiне бағынышты мемлекеттiк органдардың жұмысы үшiн Қазақстан Республикасы Премьер-министрiнiң алдында жеке-дара жауап беретіні бекітілді. Бұл нормалар іс жүзінде атқарушы биліктің еркін қимылдап, ілкімді жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.
75-баптың 2-тармағына толықтырулар енгізіліп, алғаш рет республикада қылмыстық сот iсiн жүргiзу алқа билердiң қатысуымен жүзеге асырылатыны бекітілді.
– Қазақ тарихында «Есім ханнның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» секілді кезеңдерде ұлы даланың өзіне тән заңдары болғаны анық. Ендеше, осындай дала заңдары бүгінгі Ата Заңымызда қаншалықты көрініс таба алды деп ойлайсыз?
– Тарихты шолатын болсақ, 1937 жылға дейін қазақ жерінде Конституция болмаған. 1936 жылы КСРО-ның Конституциясына сай Қазақстан автономиясы одақтас республикаға айналды. Ал 1937 жылы Қазақ ССР-ның алғашқы конституциясы қабылданды, кейін 1978 жылы Қазақ ССР-ның жаңа конституциясы қабылданған еді. Ал егемен Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы қабылданғанын білесіздер. Конституция дегеніміздің өзі не? Ол – мемлекеттің негізгі заңы, яғни қоғам мен мемлекет арасындағы келісімшарт, онда мемлекеттің қандай даму жолын таңдағаны және өз азаматтарының қандай құқықтарына кепілдік беретіні айқындалады. Ал өзіңіз айтып отырған «Жеті жарғы» және басқа да ежелгі қазақ заңдарының, әрине, мүлде басқа дәуірді, ежелгі қазақ даласында орын алған қарым-қатынастарды реттегені белгілі. Сондықтан бұл жерде олардың біздің Конституциямыздан орын алуы құқықтық мәселе емес, ол – философиялық тұрғыдан немесе әлеуметтік ғылым тұрғысынан қаралатын мәселе. Мысалы, әділдік, әділеттілік және қылмыскерді жазалау, оған айып салу, жәбірленген адамды қорғау сияқты ұғымдар, әрине, негізгі заңның принциптерімен ұштасып жатыр. Сондай-ақ қазір билер соты сияқты қазақ тарихынан қалған қазыналар көптеп зерттелуде.
Қорыта айтқанда, тарих тәжірибесін пайдалана отырып, заман талабына, әлемдік үрдістерге сай толыққанды түрде дамыған дұрыс деп ойлаймын. Біздің қазіргі Ата Заңымыз осы мақсаттарды толық қамтыған.
– Шетелдік және халықаралық сарапшылар Қазақстанның Ата Заңын қаншалықты бағалайды?
– Негізінен, конституционалист сарапшылар тарапынан жақсы бағаланады. Оның бірден-бір дәлелі – Қазақстанның халықаралық аренадағы алатын орны. Еліміздің айналдырған 20 жыл ішінде қай салада болсын биік жетістіктерге жеткені бәрімізге аян. Әрине, бұл жерде біздің Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың орны ерекше, тарихи рөлі де айрықша жоғары. Өйткені, қайталап айтамын, Елбасымыз қолданыстағы Конституцияның қабылдануына және оның жүзеге асырылуына орасан зор күш жұмсады.
Француз ойшылы Мишель Рокардан қандай конституция мүлтіксіз деп сұрағанда: «Мүлтіксіз конституция болмайды, ең жақсы конституция деп жүзеге асырылып, жұмыс істеп жатқан конституцияны айту керек», – деген екен. Ал біздің Конституциямыз елімізді толайым табыстарға жетелеп, халықаралық сахнадағы алар орны мен бедел-салмағын нығайтып келеді. Демек, жұмыс істеп жатыр.
Оның үстіне биыл Қазақстан Демократияға құқық арқылы жету деп аталатын Еуропалық одақтың комиссиясына (венециялық комиссияға) мүше болып кірді. Бұл комиссияның негізгі жұмысы бүкіл дүниежүзіндегі конституциялық дамудың озық үлгілерін жинақтау және оны талап ету болып табылады. Сондықтан Қазақстанның оған тұрақты мүше ретінде кіруі – біздің елімізде конституционализмнің еркін дамығандығының тағы бір белгісі.
– Ал енді Конституцияға енгізілген соңғы өзгерістерден кейін оның әлеуеті қаншалықты артты деп ойлайсыз? Алдағы уақытта негізгі заңға қатысты қандай да бір өзгерістер енгізілуі мүмкін бе?
– Кейінгі, 2007 жылғы конституциялық реформаларға келетін болсақ, онда билік өкілеттіліктері мен жауапкершіліктерін қайта бөлу, Парламенттің рөлін арттыру мәселесі алға қойылды. Парламентке жекелеген өкілеттер берілді. Президенттік басқару мерзімі жеті жылдан бес жылға дейін қысқарды.
1998 жылғы реформа бойынша, Мәжіліс депутаттарының бір бөлігі – мажоритарлық, екінші бөлігі пропорционалдық жүйе бойынша сайланатын еді. Соңғы өзгертулерге сәйкес, Мәжілістің саны 107 депутатқа дейін ұлғайтылды. Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс депутаттарының 98-і пропорционалдық сайлау жүйесі, яғни саяси партиялардың тізімі бойынша сайланатын болды. Ал тоғыз депутатты Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайды.
Сенат депутаттарының саны президенттік квотаны ұлғайту есебінен көбейді, квота жетіден 15 депутатқа дейін ұлғайтылды. Олардың бір бөлігін Қазақстан халқы ассамблеясы тиісті консультациялардан кейін тағайындайды.
Үкіметтің Мемлекет басшысының алдында ғана емес, сонымен бірге бүкіл Парламенттің алдында атқарушы биліктің мемлекеттік қызмет көрсетуінің жоғары тиімділігі мен сапасын, қоғамдық есептілік пен қызметінің толығымен ашықтығын қамтамасыз ету үшін жауаптылығы белгіленді.
Конституциялық кеңесті, Орталық сайлау комиссиясын қалыптастыру кестесі өзгертілді. Енді бұл органдардың құрамы әлдеқайда демократиялық негізде, Парламенттің қос палатасының тең жағдайда қатысуымен қалыптастырылады. Конституциялық кеңестің, ОСК және Есеп комитетінің үштен екі бөлігін Парламент қалыптастырады.
Президент Премьер-министрді саяси партиялардың фракциялары мен консультациялардан кейін және Мәжіліс депутаттарының көпшілігінің келісімімен тағайындайды. Премьер-министр жаңа сайланған Мәжілістің алдына Үкіметке сенім туралы мәселе қояды.
Конституцияның жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі бөлімі іргелі өзгеріске ұшырады. Мәслихаттар үшін жергілікті өзін-өзі басқарудың негізіне айналды. Облыстардың, республика қалалары мен елорданың әкімдерін Президент мәслихаттардың келісімімен тағайындайтын болды. Мұның бәрі Конституциямыздың әлеуеті арта түскенін айғақтаса керек.
Сондай-ақ Конституция мәтініне мемлекетіміздің елордасы Астана туралы бап қосылды. Тағы бір атап өтер жайт, Конституцияға енгізілген өзгерістер Қазақстанда өлім жазасын іс жүзінде жоюға әкелді. Қазір бұл жаза көптеген адамды мерт қылған террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді. Ал тұтқындау мен қамауда ұстау тек қана соттың санкциясымен ғана жүзеге асады.
– Ата Заңымыздың қолданыстағы әлеуетін толық пайдалана алып жүрміз бе? Мәселен, сөз бостандығы, демократиялық құндылықтар деген сөздер тек қағаз жүзінде, Конституция бетінде ғана қалды деген де пікірлер айтылады. Осыған не дер едіңіз? Конституциямыз іс жүзінде қалай қолданылуда?
– Конституциямыз тиімді мемлекеттік құқықтық жүйеміздің орнығуына, нарықтық экономикамыздың қалыптасуына, халқымыздың әл-ауқатын көтеруге негіз қалап, елдің саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуының бастауы болды. Конституциялық принциптер елімізде демократиялық және саяси жүйенің қалыптасуына, адам құқығы мен бостандығының қорғалуына кепілдік берді.
Конституция – қазақстандықтардың бойында азаматтық және қазақстандық патриотизм сезімдерін тәрбиелеуде халықтың идеялық-мәдени дамуының негізін құраушы, қоғамдық-саяси процестерге әрбір адамның қатыстылығын паш ететін үлкен саяси және құқықтық құжат. Осы жағдайлардың барлығы әрбір қазақстандықтың рухын көтеріп, оның әлеуметтік оптимизмін жоғарылататыны сөзсіз.
Ал сұрақтың екінші бөлігіне келетін болсақ, демократиялық құндылықтар, әсіресе сөз бостандығы қағаз жүзінде қалды дегенге мен келісе алмаймын. Ол үшін бір ғана мысал келтірейін, бәрімізге белгілі күнделікті ақпарат алып жүрген Zakon.kz сайты бар ғой, сонда әрбір жаңалыққа, оқиғаға, берілген ақпаратқа оқырмандар өз пікірлерін білдіреді, оның ішінде жағымдысы да, жағымсызы да бірге кетіп жатады. Әрине, мен сол жерде біреудің біреуді балағаттап не болмаса басқадай ар-намысына, қадір-қасиетіне, абыройына кір келтіріп жатқанына үзілді-кесілді қарсымын. Ондай жағдай Конституциямыздың талаптарына да қайшы. Мұндайда жәбірленген адамның сотқа жүгінуге құқығы бар, осыны есте сақтау қажет. Яғни Конституцияда көрсетілген әрбір құқық пен бостандық оны жүзеге асыруда басқа бір адамның құқығы мен бостандығын бұзатын болса, сол жерде ол бостандық заңмен шектеледі. Бұл тұжырым – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидасы, мұны ұмытпау керек. Сондықтан біз қазір сөз бостандығының жоқтығын емес, сол сөз бостандығын Конституцияда көрсетілгендей құқықтық шеңберде дұрыс пайдалануды әңгіме қылуымыз керек.
– Қазіргі әлемде әлеуметтік тұрақтылық мәселесінің аса өзекті екендігі рас. Ендеше, қазақтың Ата Заңында халқымыздың әлеуметтік тұрақтылығын сақтауда қандай мәселелер қамтылған дер едіңіз?
– Конституцияның 1-бабының 1-тармағы Қазақстан Республикасы өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады деп жариялайды. Конституцияның бұл ережесі Қазақстан мемлекеттің мүмкіншілігіне қарай отырып, өзінің азаматтарына игілікті өмір сүру үшін жағдай жасауға және жеке адамның еркін дамуы арқылы әлеуметтік теңсіздікті жұмсартуға міндеттеме алатын мемлекет ретінде дамуға ниет танытады дегенді білдіреді. Бұл мақсат Ата Заңның азаматтардың жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға, тынығуға, заңмен белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндеріне, жыл сайынғы ақылы демалысқа құқығы, жасы келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшеріне, әлеуметтік қамсыздандырылуға кепілдік берілуіне және ерікті әлеуметтік сақтандырудың, әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасаудың және қайырымдылықтың көтермеленуіне, денсаулықты сақтауға, заңмен белгіленген кепілді медициналық көмек көлемін тегін алуға құқығы, тегін орта білім алуға, конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға кепілдік берілуіне құқығы, адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны мемлекеттік қорғау, отбасын, ана мен әкені және баланы мемлекеттік қорғау, мемлекеттің азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасауы, тұрғын үйді заңмен белгіленген нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан азаматтардың шама-шарқы көтеретін ақыға беру сияқты әртүрлі нормаларында айқын көрініс тапқан. Оның қалай жүзеге асырылғанын біз әсіресе 2007 және 2008 жылдары болған экономикалық дағдарыс кезінде анық көрдік. Сол кезеңдерде Елбасының тікелей тапсырмасымен халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғауға арналған үлкен бағдарламалар қабылданып, дағдарыс салдарынан баспанасыз қала жаздаған қаншама мыңдаған адамның үлескерлік құқықтары қорғалды. Азық-түлік нарығы тұрақтандырылып, мемлекеттің тікелей араласуымен жұмыс орындары ашылды, ірі кәсіпорындардан қысқарып қалған жұмыскерлер жұмыспен қамтылды. Мүмкін, кезінде мән бермеген шығармыз, бірақ осының бәрі – Конституцияның жоғарыда аталған нормаларын тікелей іске асырудың нақты дәлелі.
Қазіргі күні басталып жатқан халықтық IPO бағдарламасын да сол әлеуметтік бағыттың жалғасы деуге әбден болады.
– Конституцияға сәйкес, елімізде президенттік басқару нысаны қалыптасқаны белгілі. Басқарудың осы түрінің маңызы мен ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз...
– Қазақстан халқы Конституцияға дауыс беру арқылы сол уақытта объективті тұрғыда орныққан президенттік басқару нысанын бекемдеп берді. Бұл таңдау кездейсоқ емес. Ол алдыңғы тарихымыз бен бүгінгі болмысымыздан, қандай да бір әлеуметтік экономикалық дағдарыстарға немесе биліктің әртүрлі тармақтары арасындағы алауыздыққа байланысты ауытқушылықтарға жол бермейтін қуатты, шоғырландырылған билік жүйесінің қажеттігінен туындады.
Ата Заң біртұтас мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарының аражігін ажыратты. Бір жағынан, олардың тығыз ынтымақтастығын қамтамасыз ететін, екінші жағынан, олардың Конституцияда белгіленген өзара тежеуіш, бірінің құзыретіне бірінің араласуына жол бермейтін тетігі сомдалды.
Еліміздің қолданыстағы Конституциясына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі болып табылады.
– Мерейлі мереке қарсаңында оқырмандарға айтар тілегіңіз...
– Әрине, ең алдымен, отбасының амандығы мен бақытын, береке-бірлік тілеймін. Ал заңгер ретінде тілейтінім, оқырмандарымыздың құқықтық сана-сезімі жоғарылап, тәуелсіз мемлекетімізге деген отансүйгіш, патриоттық сезімдері жоғары деңгейде болып, Қазақстанымызды өркендетуге бір адамдай атсалысса деймін.
Алашқа айтар датым...
Халқымыздың, әсіресе жастардың бойындағы отансүйгіштік сана-сезімін көтеретін жұмыстарды жандандыру қажет. Құқықтық сауаттылықты ғана емес, имандылық пен әділеттілік секілді ұлы қасиеттерді жас ұрпаққа сіңіре білгеніміз жөн. Мемлекетімізге «маған не бересің» деген сұрақтан «мен мемлекетім үшін, Отаным үшін не бере аламын, не істей аламын» деген сұраққа көшу керек. Жастарымыз осы сауалдың жауабын нақты іспен беруге ұмтылса екен...