Мемлекетімізге «маған не бересің» деген сұрақтан «мен мемлекетім үшін, Отаным үшін не бере аламын, не істей аламын» деген сұраққа көшу керек

Мемлекетімізге «маған не бересің» деген сұрақтан «мен мемлекетім үшін, Отаным үшін не бере аламын, не істей аламын» деген сұраққа көшу керек

Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА, ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі, заң ғылымының кандидаты:

– Анар Нұралықызы, Консти­туция­ның елдің даму болашағын айқындайтын ең басты құжат екені мәлім. Хандық дәуірден кейінгі отарлық кезеңді еңсеріп, егемен мемлекет ретіндегі даму жолының алғашқы 20 жылдық белесін енді ғана артқа тастаған Қазақстанның  қалыптасуы мен дамуына Ата Заң қаншалықты серпінді ықпал ете алды? Әңгімеңізді осыдан бастасаңыз...
– Әлбетте, біздің бүгінгі даму деңгейі­міз, жеткен жетістіктеріміз түгелдей Ата Заңымыздың жемісі деп нық сеніммен айта аламыз. Тарихқа көз жүгіртсек, егемен Қа­зақс­танның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Бұл құжат тарихи қажеттіліктен туды және сол бір өтпелі кезеңде үлкен міндеттерді атқарды. Алғашқы Конституция республика егемен­дігінің қалыптасуын ресми түрде аяқтап, әлемдік кауымдастықта Қазақстанның жаңа тәуелсіз мемлекет мәртебесін заңдас­тырды.
Дей тұрғанмен, алғашқы негізгі заң бол­ғандықтан, оның да кем-кетік тұстары болды. Мысалы, ол Конституцияда мемле­кеттік басқару формасы нақты анықталып бекітілмеді. Республикалық сипаттағы мемлекет үшін бұл өте жауапты мәселе еді. Керісінше, Конституция бойынша, Жоғарғы кеңес ең жоғарғы билік органы ретінде танылды. Айналып келгенде, Жоғарғы кеңес пен Министрлер кабинеті арасында жиі қайшылықтар туындап отырды.
Сот жүйесі үш тармақты болып құрыл­ды: конституциялық сот, жалпы соттар және арбитраждық соттар.
Тағы бір басты мәселе, 1993 жылғы Конституция жерге жекеменшік мәселесін шеше алмады, тіл мәселесі түбегейлі шешімін таппады.
Сондықтан 1995 жылдың 30 тамызын­да референдумға қатысқан адамдардың 90 пайызға жуығы (ал бұл – оған қатысуға құқығы бар 7 миллионнан астам азамат деген сөз) жаңа Конституциямызды қабыл­дауды жақтады.  Осылайша, Ата Заңымыз­ды бүкіл Қазақстан халқы  болып таңдадық. Оның дем берушісі әрі бастаушысы, оның қабылдануына, мемлекетіміздің демокра­тия­лық, зайырлы, құқықтық және әлеумет­тік мемлекет ретінде қалыптасуына орасан зор күш жұмсаған Қазақстан Республи­ка­сының Президенті, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев болды. Ал халық өзінің егемен құқығын пайдаланып қабылдаған Конституция қол сұғылмас қасиетке, жоғары заңды ғана емес, рухани-адамгершілік киеге ие болды. Тәуелсіз мемлекетіміздің үлкен қазынасына айналды.
Міне, биыл Қазақстанымызға – 21 жыл, ал оның өз Конституциясына 17 жыл толып отыр. Бұл Конституция азаматтардың күн­де­лікті өміріне қажетті сұрақтардан бастап, стратегиялық сипаттағы  мәселелерді шеш­ті. Ең алдымен, жаңадан құрылған мемле­кеттігімізді, мемлекеттік билік пен басқару­дың жүйесін жан-жақты нығайтты. Ел эко­номикасын түбегейлі реформалау мен оны терең дағдарыстан шығарудың про­б­лемаларын шешті. Еліміздің сындарлы сыртқы саясат жүргізуіне ықпалын тигізді. Ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етті. Өркениетті әлемде азаматтардың жалпыға танылған құқықтары мен бостандықтарын орнықтырып, демократиялық институт­тар­ды дамытты.
Заман талабына сәйкес 1998 жылы 7 қазанда Ата Заңға кейбір өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұрын Парламент палаталары депутаттарының өкілеттілік мерзімі төрт жыл болса, конституциялық реформадан кейін Сенаттың өкілеттілік мерзімі – алты жыл, ал Мәжіліс депутаттары үшін бес жыл деп бекітілді.
Сонымен қатар Мәжiлiс депутаттарының саны 67-ден 77 депутатқа көбейтіліп, ал­ғаш рет пропорционалдық сайлау жүйесі енгізілді.
Парламент депутаттарына Президентке Үкiмет мүшесiн қызметiнен босату туралы мәселенi қайталап қою туралы алты айдан кейін тағы да қайталап өтiнiш жасау құқығы берілді. Мұндай жағдайда республика Президентi Үкiмет мүшесiн қызметiнен босатады деп бекітілді.
Үкiмет мүшелерiне өз шешiмдерін қа­был­дауда дербестiк берілді және өздерiне бағынышты мемлекеттiк органдардың жұ­мысы үшiн Қазақстан Республикасы Пре­мьер-министрiнiң алдында жеке-дара жауап беретіні бекітілді. Бұл нормалар іс жүзінде атқарушы биліктің еркін қимылдап, ілкімді жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.
75-баптың 2-тармағына толықтырулар енгізіліп, алғаш рет республикада қылмыс­тық сот iсiн жүргiзу алқа билердiң қатысуы­мен жүзеге асырылатыны бекітілді.
– Қазақ тарихында «Есім ханнның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» секілді кезеңдер­де ұлы даланың өзіне тән заңдары болғаны анық. Ендеше, осындай дала заңдары бүгінгі Ата Заңы­мызда қаншалықты көрініс таба алды деп ойлайсыз?
– Тарихты шолатын болсақ, 1937 жыл­ға дейін қазақ жерінде  Конституция бол­маған. 1936 жылы КСРО-ның Конституция­сына сай Қазақстан автономиясы одақтас республикаға айналды. Ал 1937 жылы Қазақ ССР-ның алғашқы конституциясы қабылданды, кейін 1978 жылы Қазақ ССР-ның жаңа конституциясы қабылданған еді. Ал егемен Қазақстанның тұңғыш Консти­туциясы 1993 жылы қабылданғанын біле­сіз­дер. Конституция дегеніміздің өзі не? Ол – мемлекеттің негізгі заңы, яғни қоғам мен мемлекет арасындағы келісімшарт, онда мемлекеттің қандай даму жолын таңдағаны және өз азаматтарының қандай құқықтары­на кепілдік беретіні айқындалады. Ал өзіңіз айтып отырған «Жеті жарғы» және басқа да ежелгі қазақ заңдарының, әрине, мүлде басқа дәуірді, ежелгі қазақ даласында орын алған қарым-қатынастарды реттегені  белгі­лі. Сондықтан бұл жерде олардың біз­дің Конституциямыздан орын алуы құқық­тық мәселе емес, ол – философиялық тұр­ғыдан немесе әлеуметтік ғылым тұрғы­сы­нан қа­ралатын мәселе.  Мысалы, әділдік, әді­лет­­тілік және қылмыскерді жазалау, оған айып салу, жәбірленген адамды қорғау сияқты ұғымдар, әрине, негізгі заңның принцип­терімен ұштасып жатыр. Сондай-ақ қазір билер соты сияқты қазақ тарихынан қалған қазыналар көптеп зерттелуде.
Қорыта айтқанда, тарих тәжірибесін пай­далана отырып, заман талабына, әлем­дік үрдістерге сай толыққанды түрде дамы­ған дұрыс деп ойлаймын.  Біздің қазіргі Ата Заңымыз осы мақсаттарды толық қамты­ған.
– Шетелдік және халықаралық сарапшылар Қазақстанның Ата Заңын қаншалықты бағалайды?
– Негізінен, конституционалист сарап­шылар тарапынан жақсы бағаланады. Оның бірден-бір дәлелі – Қазақстанның халықаралық аренадағы алатын орны. Еліміздің айналдырған 20 жыл ішінде қай салада болсын биік жетістіктерге жеткені бәрімізге аян. Әрине, бұл жерде біздің Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың орны ерек­ше, тарихи рөлі де айрықша жоғары. Өйт­ке­ні, қайталап айтамын, Елбасымыз қолда­ныстағы Конституцияның қабылдануына және оның жүзеге асырылуына орасан зор күш жұмсады.
Француз ойшылы Мишель Рокардан қан­дай конституция мүлтіксіз деп сұраған­да:  «Мүлтіксіз конституция болмайды, ең жақсы конституция деп жүзеге асырылып, жұмыс істеп жатқан конституцияны айту керек», – деген екен. Ал біздің Конститу­циямыз елімізді толайым табыстарға жете­леп, халықаралық сахнадағы алар орны мен бедел-салмағын нығайтып келеді. Демек, жұмыс істеп жатыр.
Оның үстіне биыл Қазақстан Демокра­тияға құқық арқылы жету деп аталатын Еуропалық одақтың комиссиясына (вене­циялық комиссияға) мүше болып кірді. Бұл комиссияның негізгі жұмысы бүкіл дүние­жүзіндегі конституциялық дамудың озық үлгілерін жинақтау және оны талап ету болып табылады. Сондықтан Қазақстанның оған тұрақты мүше ретінде кіруі – біздің елімізде конституционализмнің еркін дамығандығының тағы бір белгісі.      
 – Ал енді Конституцияға енгі­зіл­ген соңғы өзгерістерден кейін оның әлеуеті қаншалықты артты деп ойлайсыз? Алдағы уақытта негізгі заңға қатысты қандай да бір өзгерістер енгізілуі мүмкін бе?
– Кейінгі, 2007 жылғы конституциялық реформаларға келетін болсақ, онда  билік өкілеттіліктері мен жауапкершіліктерін қай­та бөлу, Парламенттің рөлін арттыру мәсе­лесі алға қойылды. Парламентке жекелеген өкілеттер берілді. Президенттік басқару мерзімі жеті жылдан бес жылға дейін қыс­қарды.
1998 жылғы реформа бойынша, Мәжі­ліс депутаттарының бір бөлігі – мажоритар­лық, екінші бөлігі пропорционалдық жүйе бойынша сайланатын еді. Соңғы өзгерту­лер­ге сәйкес, Мәжілістің саны 107 депутат­қа дейін ұлғайтылды. Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс депутаттарының 98-і пропорционалдық сайлау жүйесі, яғни саяси партиялардың тізімі бойынша сайланатын болды. Ал тоғыз депутатты Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайды.
Сенат депутаттарының саны президент­тік квотаны ұлғайту есебінен көбейді, квота жетіден 15 депутатқа дейін ұлғайтылды. Олардың бір бөлігін Қазақстан халқы ас­самблеясы тиісті консультациялардан кейін тағайындайды.
Үкіметтің Мемлекет басшысының ал­дын­да ғана емес, сонымен бірге бүкіл Пар­ламенттің алдында атқарушы биліктің мемлекеттік қызмет көрсетуінің жоғары тиімділігі мен сапасын, қоғамдық есептілік пен қызметінің толығымен ашықтығын қамтамасыз ету үшін жауаптылығы белгі­лен­ді.
Конституциялық кеңесті, Орталық сай­лау комиссиясын қалыптастыру кестесі өзгертілді. Енді бұл органдардың құрамы әлдеқайда демократиялық негізде, Пар­ламенттің қос палатасының тең жағдайда қатысуымен қалыптастырылады. Конститу­циялық кеңестің, ОСК және Есеп комите­ті­нің үштен екі бөлігін Парламент қалыптас­ты­ра­ды.
Президент Премьер-министрді саяси пар­тиялардың фракциялары мен кон­сульта­циялардан кейін және Мәжіліс депу­таттарының көпшілігінің келісімімен таға­йын­­дайды. Премьер-министр жаңа сай­­лан­ған Мәжілістің алдына Үкіметке сенім туралы мәселе қояды.
Конституцияның жергілікті өзін-өзі бас­қару мәселелері жөніндегі бөлімі іргелі өз­геріске ұшырады. Мәслихаттар үшін жергі­лікті өзін-өзі басқарудың негізіне айналды. Облыстардың, республика қалалары мен елорданың әкімдерін Президент мәсли­хаттардың келісімімен тағайындайтын болды. Мұның бәрі Конституциямыздың әлеуеті арта түскенін айғақтаса керек.
Сондай-ақ Конституция мәтініне мем­ле­кетіміздің елордасы Астана туралы бап қосылды.  Тағы бір атап өтер жайт, Консти­ту­цияға енгізілген өзгерістер Қазақстанда өлім жазасын іс жүзінде жоюға әкелді. Қа­зір бұл жаза көптеген адамды мерт қылған террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді. Ал тұтқындау мен қамауда ұстау тек қана соттың санкция­сымен ғана жүзеге асады.
– Ата Заңымыздың қолданыс­тағы әлеуетін толық пайдалана алып жүрміз бе? Мәселен, сөз бостандығы, демократиялық құндылықтар деген сөздер тек қағаз жүзінде, Конституция бетінде ғана қалды деген де пікірлер айтылады. Осыған не дер едіңіз? Конституциямыз іс жүзінде қалай қолданылуда?
– Конституциямыз тиімді мемлекеттік құқықтық жүйеміздің орнығуына, нарық­тық экономикамыздың қалыптасуына, халқымыздың әл-ауқатын көтеруге негіз қалап,  елдің саяси, экономикалық, әлеу­меттік дамуының бастауы болды. Конститу­циялық принциптер елімізде демократия­лық және саяси жүйенің қалыптасуына, адам құқығы мен бостандығының қорға­луы­на кепілдік берді.
Конституция – қазақстандықтардың бойында азаматтық және қазақстандық патриотизм сезімдерін тәрбиелеуде халық­тың идеялық-мәдени дамуының негізін құраушы, қоғамдық-саяси процестерге әрбір адамның қатыстылығын паш ететін үлкен саяси және құқықтық құжат. Осы жағдайлардың барлығы әрбір қазақстан­дық­тың рухын көтеріп, оның әлеуметтік оптимизмін жоғарылататыны сөзсіз.
Ал сұрақтың екінші бөлігіне келетін болсақ, демократиялық құндылықтар, әсіресе сөз бостандығы қағаз жүзінде қал­ды дегенге мен келісе алмаймын. Ол үшін бір ғана мысал келтірейін, бәрімізге белгілі күнделікті ақпарат алып жүрген Zakon.kz сайты бар ғой, сонда әрбір жаңалыққа, оқиғаға, берілген ақпаратқа оқырмандар өз пікірлерін білдіреді, оның ішінде жағым­дысы да, жағымсызы да бірге кетіп жатады. Әрине, мен сол жерде біреудің біреуді ба­ла­ғаттап не болмаса басқадай ар-намысы­на, қадір-қасиетіне, абыройына кір келтіріп жатқанына үзілді-кесілді қарсымын. Ондай жағдай Конституциямыздың талаптарына да қайшы. Мұндайда жәбірленген адам­ның сотқа жүгінуге құқығы бар, осыны есте сақтау қажет. Яғни Конституцияда көрсетіл­ген әрбір құқық пен бостандық оны жүзеге асыруда басқа бір адамның құқығы мен бостандығын бұзатын болса, сол жерде ол бостандық заңмен шектеледі. Бұл тұжырым – құқықтық мемлекеттің негізгі  қағидасы, мұны ұмытпау керек. Сондықтан біз қазір сөз бостандығының жоқтығын емес, сол сөз бостандығын Конституцияда көрсетіл­ген­дей құқықтық шеңберде дұрыс пайда­лануды әңгіме қылуымыз керек. 
 – Қазіргі әлемде әлеуметтік тұрақтылық мәселесінің аса өзекті екендігі рас. Ендеше, қазақтың Ата Заңында халқымыздың әлеуметтік тұрақтылығын сақтауда қандай мәселелер қамтылған дер едіңіз?
– Конституцияның 1-бабының 1-тар­ма­ғы Қазақстан Республикасы өзін әлеу­мет­тік мемлекет ретінде орнықтырады деп жариялайды. Конституцияның бұл ережесі Қазақстан мемлекеттің мүмкіншілігіне қарай отырып, өзінің азаматтарына игілікті өмір сүру үшін жағдай жасауға және жеке адамның еркін дамуы арқылы әлеуметтік теңсіздікті жұмсартуға міндеттеме алатын мемлекет ретінде дамуға ниет танытады дегенді білдіреді. Бұл мақсат Ата Заңның азаматтардың жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға, тынығуға, заңмен белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндеріне, жыл сайынғы ақы­лы демалысқа құқығы, жасы келген, нау­қас­танған, мүгедек болған, асыраушысы­нан айырылған жағдайда ең төменгі жа­ла­­қы мен зейнетақының мөлшеріне, әлеуметтік қамсыздандырылуға кепілдік берілуіне және ерікті әлеуметтік сақтан­дырудың, әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасаудың және қайырымдылықтың көтермеленуіне, ден­саулықты сақтауға, заңмен белгіленген кепіл­ді медициналық көмек көлемін тегін алуға құқығы, тегін орта білім алуға, кон­курс­тық негізде тегін жоғары білім алуға кепілдік берілуіне құқығы, адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айнала­дағы ортаны мемлекеттік қорғау, отбасын, ана мен әкені және баланы мемлекеттік қор­ғау, мемлекеттің азаматтарды тұрғын үй­мен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жа­сауы, тұрғын үйді заңмен белгіленген нор­маларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан азаматтардың шама-шарқы көтеретін ақыға беру сияқты әртүрлі нор­ма­ларында айқын көрініс тапқан. Оның қалай жүзеге асырылғанын біз әсіресе 2007 және 2008 жылдары болған эконо­ми­калық дағдарыс кезінде анық көрдік. Сол кезеңдерде Елбасының тікелей тапсыр­масымен халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғауға арналған үлкен бағдарламалар қабылданып, дағдарыс салдарынан баспа­на­сыз қала жаздаған қаншама мыңдаған адамның үлескерлік құқықтары қорғалды. Азық-түлік нарығы тұрақтандырылып, мемлекеттің тікелей араласуымен жұмыс орындары ашылды, ірі кәсіпорындардан қысқарып қалған жұмыскерлер жұмыспен қамтылды.  Мүмкін, кезінде мән бермеген шығармыз, бірақ осының бәрі – Конститу­ция­ның жоғарыда аталған нормаларын тікелей іске асырудың нақты дәлелі.
 Қазіргі күні басталып жатқан халықтық IPO бағдарламасын да сол әлеуметтік бағыттың жалғасы деуге әбден болады.
 – Конституцияға сәйкес, елі­мізде президенттік басқару нысаны қалыптасқаны белгілі. Басқарудың осы түрінің маңызы мен ерекшеліктеріне тоқталып өтсеңіз...
– Қазақстан халқы Конституцияға дау­ыс беру арқылы сол уақытта объективті тұрғы­да орныққан президенттік басқару нысанын бекемдеп берді. Бұл таңдау кездейсоқ емес. Ол алдыңғы тарихымыз бен бүгінгі болмы­сымыздан, қандай да бір әлеуметтік эконо­микалық дағдарыстарға немесе биліктің әртүрлі тармақтары ара­сын­­дағы алауыздық­қа байланысты ауытқу­шылықтарға жол бермейтін қуатты, шо­ғыр­­ландырылған би­лік жүйесінің қа­жет­тігі­нен туындады.
Ата Заң біртұтас мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақ­тарының аражігін ажыратты. Бір жағынан, олардың тығыз ынтымақтастығын қамта­ма­сыз ететін, екінші жағынан, олардың Конституцияда белгіленген өзара тежеуіш, бірінің құзыретіне бірінің араласуына жол бермейтін тетігі сомдалды.
Еліміздің қолданыстағы Конституциясы­на сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығы­ның, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі болып табылады.
– Мерейлі мереке қарсаңында оқырмандарға айтар тілегіңіз...
 – Әрине, ең алдымен, отбасының аман­дығы мен бақытын, береке-бірлік тілеймін. Ал заңгер ретінде тілейтінім, оқырмандарымыздың құқықтық сана-сезімі жоғарылап, тәуелсіз мемлекетімізге деген отансүйгіш, патриоттық сезімдері жоғары деңгейде болып, Қазақстанымызды өркендетуге бір адамдай атсалысса деймін.

Алашқа айтар датым...
Халқымыздың, әсіресе жастардың бойындағы отансүйгіштік сана-сезімін көтеретін жұмыстарды жандандыру қажет. Құқықтық сауаттылықты ғана емес, имандылық пен әділеттілік секілді ұлы қасиеттерді  жас ұрпаққа сіңіре білгеніміз жөн. Мемлекетімізге «маған не бересің» деген сұрақтан «мен мемлекетім үшін, Отаным үшін не бере аламын, не істей аламын» деген сұраққа көшу керек. Жастарымыз осы сауалдың жауабын нақты іспен беруге ұмтылса екен...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста