Мектеп директорларының барлығы топ менеджер болуы керек

Мектеп директорларының барлығы топ менеджер болуы керек

Берік АСУБАЕВ, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының директоры:

– Берік мырза, еліміздегі білім саласында ең басты шешілуі тиіс мәселе деп нені айтар едіңіз?
– Бұрын жоғары оқу орнында алған білім қартайғанша тыныш, әрі алаңсыз өмір сүрудің кепілі болатын. Қазір бұл жеткіліксіз. Заман бір қалыпты тұрған жоқ. Біз де заман ағымына ілесіп отыруымыз керек. Сондық­тан, үздіксіз білім беру жүйесін дамытудың маңызы зор. Бұл ретте әсіресе мұғалімдер, дәрігерлер өмір бойы білімін жетілдіріп жүруі керек. Өкініштісі сол, ЖОО-ны бітір­ген­нен кейін әрі қарай оқуды, ізденуді, білік­тілікті жетілдіруді қоямыз. Бұл жалғыз мұғалім мен дәрігерлерге қатысты емес, жал­пы кез келген салада солай. Қазір қо­ғам­ның қажеттілігі өзгеруде. Біз соған сай болуымыз керек. Сондықтан адам баласы үздіксіз білім алғаны дұрыс деп есептеймін. Мәселен, қазір оқушылардың білетінін мұ­ға­лімдер білмейтін кездер кездесіп жатады. Интернетпен қалай жұмыс істеу керектігін мұғалімдерге қарағанда оқушылар жақсы біледі. Ұялы телефондардың да функция­ларын 40-50 жастан асқан ұстаздардан гө­рі, 7-8 сыныптың оқушылары жақсы мең­гер­ген. Қарап тұрсаңыз, қазір қоғамның та­лабы басқаша. Бізде мұғалімдер балаға өзінің білетіндерін үйретіп жатады. Жоқ, олай болмауы тиіс. Біз оқушыларға өзіміздің білетінімізді емес, бүгінгі бала нені қажет етеді және оқушыға болашақта 10-20 жыл­дан кейін не қажет болады, осыны үйретуіміз керек. Сонда ғана баланың білімге деген құштарлығы артады. Ал қазіргі білім беру жүйесінде біз бағдар­ламада не бар, ол балаға керек пе, жоқ па, қызығушылығын арттыра ала ма, ол жағын ойламай, тек сол бойынша білім береміз. Одан кейін келеміз де «бүгінгі балалар еш­нәр­сеге қызықпайды, оқымайды, білім ал­майды» деп кінә таға­мыз. Біз неге баланы жазғыруымыз керек? Ең алдымен олардың білімге деген құштар­лығын арттыруымыз қажет. Мәселен, Ресей­лік мамандар мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргізген екен. Сонда оқушылар­дың 70-80 пайызы «мен мектепке доста­рым­ды көру үшін келемін» деп жауап берген. Міне, көрдіңіз бе, бүгінгі балалар мектепке білім алу үшін емес, достарымен әңгімелесу үшін келеді. Ал бұдан кейін білім сапасы туралы не айтуға болады? Қазір мектепке білім алу үшін келетін бала өте аз. Оқушылардың бі­лім алуға деген қызығу­шылығы төмен. Бұл жерде балаларға кінә артудың керегі жоқ, біздер, мұғалімдер өзі­міз олардың білімге деген құштарлығын арттыра алмай отыр­мыз.
–Баланың білімге деген құштар­лығын арттыру үшін не істеуіміз керек?
–Бұл ретте мен мынадай мысал айтайын. Өткенде мен пойызбен Астанадан келе жат­қанда бір купеде тәжірибесі мол ұстазбен әңгімелестім. Сонда әлгі ұстаз: «Бүгінгі бала­лар кітап оқымайды, ештеңеге қызықпайды, білім деңгейі төмен. Оған басты себеп – қазіргі қоғам солай. Теледидарларда атыс-шабыс көп көрсетіледі. Интернетке кірсеңіз, тіптен шошып кетесіз. Осының барлығы баланың психологиясына кері әсер етуде. Оның үстіне, ата-аналар балаларына дұрыс тәрбие бере алмай отыр. Мұғалімдердің еңбекақысы мен мектептің материалдық-техникалық базасы нашар. Осыдан келіп мұғалімдердің жұмыс істеуге деген ынтасы төмендеп, соған қарай баланың да білімге деген құштарлығы азайып отыр», – деді. Бұл бір ғана мұғалімнің ойы емес, көпшілігі осылай айтады. Шынында да, бұл уәж бір жағынан дұрыс та. Одан кейін мен әлгі мұға­лімге: «Балаларды тәрбиелеуге сіздің жеке басыңыздың үлесі бар ма?» – деп сұрақ қой­дым. Алғашында ол: «Жоқ, мен қоғамды түзе­те алмаймын, ата-анаға қарсы келе ал­маймын, жалғыз өзім бүкіл баланы тәрбие­лей алмаймын», – деді-дағы, кейіннен шабыт­танып кетіп, мынадай әңгімеге көшті: «Ке­зін­де біздің мектепке, бір 8-сыныпқа өте нашар оқитын балалар жиналған болатын. Ол сыныпқа ешқандай мұғалім сынып жетекшісі болғысы келмеді. Содан мектеп директоры мені шақырып алып: «Сіз тәжірибелі ұстазсыз, мына балаларға сынып жетекшісі болыңыз», – деп маған тапсырма берді. Мен әрбір оқушымен жеке-жеке жұ­мыс істедім, ата-аналарын шақырып, келмесе, телефон арқылы сөйлесіп, бала­лар­дың білімге деген құштарлығын арттыру­ға барынша тырыстым. Кейіннен сол оқу­шы­лар мектепті бітірер кезде ең үздік сынып болып шықты. Мектеп мұғалімдер маған таңғалған болатын. Әлі күнге дейін мен соған мақтанамын. Соларды адам қылып тәрбиелегеніме қуанамын. Сол үшін менің қанша уақытым кетті, көп еңбек еттім. Бірақ сол ісімнен әлі күнге дейін материал­дық емес, моралдық ләззат аламын», – деді. Міне, көрдіңіз бе? Егер мұғалім шынайы бері­ліп жұмыс істесе, дұрыс тәрбие беруге, оқу­шылардың білімге деген ынталарын оятуға бар ынта-жігерімен талпынса, жақсы нәти­жеге қол жеткізуге болады. Өкінішке қарай, бүгінде мұғалімдердің барлығы балалар­дың білім алуға деген құштарлығын арт­ты­руға бар ынты-шынтысымен жұмыс істейді деп айта алмаймын. Арасында жақ­сы жұмыс істеуге бейімділігі аз мұғалімдер де бар. Сондықтан мұғалімдердің біліктілігін арттыруымыз керек. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталықтарының құрылуының негізгі мақсаты осында жатыр.
– Республикалық мұғалімдердің Тамыз конференциясында білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов: «Ұлттық бірыңғай тестілеуде көрсетілген төмен нәтиже үшін мұғалім жауапты болуы тиіс», – деді. Жалпы ҰБТ-да әртүрлі жағдайда төмен балл жи­нап қалған бала үшін мұғалім­нің жазықты болуы қаншалықты дұрыс?   
– Өкінішке қарай, біздер, мұғалімдер осы жауапкершіліктен қашамыз. «Жоқ, оған біз емес, қоғам, ата-ана жауапты болуы тиіс» дегенді алға тартамыз. Тіпті «алатын еңбека­қымыз аз» деп сылтау айтамыз. Алайда оқу­шы алты сағат мектепте жүреді. Демек, алты сағат бойы білім ғана емес, тәрбие де беруі­міз керек. Оқушылардың білім алуға деген, ізденуге деген дағдысын қалыптастыруымыз керек. Мұғалімнің не­гіз­гі мақсаты – осы. Ойлап қараңызшы, егер баланың біліміне, тәрбиесіне мұғалім жауапты болмаса, онда кім жауап береді? Бәрін ата-анаға сілтей салсақ, онда бүкіл ата-ана жұмысын тастап, тек баламен ғана отыруы тиіс емес пе? Ондай болса, мұғалім­дердің керегі қанша? Бұл жерде мұғалімнің ең бірінші міндеті – балаға білім беру. Егер бала білімсіз бол­са, онда оған мұғалім жауапты болуы тиіс. Әрине, мен барлығына тек мұғалімдер кінә­лі деп айта алмаймын. Дегенмен әркімнің өз жұмысын сапалы орындауы – міндет.
–Білім берудің 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «педагогтердің беделін көтеру үшін мұғалімдер БАҚ құралдарына шығуы тиіс» делінген. Осы артық іс емес пе? Себебі мұғалімдер газетке шығуға міндетті болғаннан кейін ертеңгі күні олар редакция жағалап кетпей ме? Қазірдің өзінде кейбір мұға­лім­дер «мені газетке шығар, менің атымнан газетке материал жазшы» деп өтініштер айтатын болып жүр. Бұған не дейсіз?
–Мұғалімдердің білім саласы төңірегін­де іргелі ойларын, жинаған тәжірибелерін, жалпы ағартушылықтың жақсы тұстарын БАҚ құралдарында жария етуін артық іс деп қарауға болмайды. Елбасының өзі «қоғам­дағы жақсы нәрсені көре біліп, оны насихат­тау керек» дегенді алға тартып отыр. Мәсе­лен, мен оппозициялық газеттерді мүлдем оқығым келмейді. Тіпті кейбір телеарна­лар­ды көрсеңіз, олардың ең бірінші беретін жа­ңалықтарын «бүгін пәленшені өлтіріп кетіп­ті», «пышақтап кетіпті», «зорлап кетіпті» де­ген­нен бастайды. Қанды, адамның өлімін көр­сете­ді. Әрі «бүгін кешке жаңалықтардан осы болады, жіберіп алмаңыздар» деп қайта-қайта насихаттайды. Бұл баланың санасын өзгертпек түгіл, үлкендердің де пси­хо­логия­сына кері әсер етеді. Мұндай жаңалықтар адамды езіп жібереді. Ал жақсы жаңалық көрсең, жаның жадырап, көңілденіп қала­сың. Мысалы, кешегі өткен Олимпиада жұрт­тың көңілін қалай көтерді? Бір жігер­лендіріп тастады емес пе? Сондық­тан жа­ғым­ды жаңалықтарға да көп мән берілуі керек. Сонда адам жақсы жағына қарай бұрылуға тырысады. Осы ретте адам­ның интеллектуалдық ой-өрісін дамытатын ха­бар­лар көптеп ашылса, жақсы-ақ болар еді. Қалай десек те, БАҚ адамның санасын жақ­сы жаққа қарай өзгертуге ұмтылуы тиіс. Осы тұста қазір мұғалімдер төңірегінде сыни пікірлер көптеп айтыла бергеннен оларға деген көзқарас мүлдем төмендеп кетті. Тіпті мұғалімдердің өзі осы саланың жақсы мен жаман жағын айт десең, мың­да­ған қиын­ды­ғын тілге тиек етеді. Енді ұс­таз­дың өзі ағартушылықтың теріс жағын көп айтып отырса, бұл салаға біз жастарды қай­тіп тартпақпыз? Егер мұғалімдердің барлы­ғын сынай берсек, оқушылардың білім деңгейін қалай көтермекпіз? Бұдан кейін кім мұғалім болғысы келеді? Сон­дықтан БАҚ құралда­рының ұс­таздар туралы да жылт еткен жақ­сы жаңа­лық­тарын наси­хаттап тұрғаны жөн. Егер мұғалімдер өз саласын сынай бермей, бір сәт жақсы жақ­та­рын ойлап, соған үміттеніп, оқушыларға дұрыс тәрбие, білім беруге ұмтылса, онда нәтижеге жететініміз анық.
– Жалпы, сіздерде мұғалімдер­дің біліктілігін жетілдіру мақсатын­да үш айлық курстар қалай ұйым­дастырылады?
– Бұған дейін бізде мұғалімдердің біліктілігін арттыру екі апталық курспен аяқ­талатын. Бірақ көп жағдайда ол кезде мұға­лімдер шын мәнінде білімін жетілдіруге келмейтін. Әрине, білім үйренеді, керекті ақпараттарын алады. Дегенмен ол кезде мұғалімдердің негізгі мақсаты – сертифи­катты алып кету үшін келетін. Онсыз санатын көте­ре алмайтын. Ал қазіргі үш айлық курс, бұл – «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» ішіндегі Педагогикалық шеберлік орталы­ғының негізгі жобасы. Жоба арнайы деңгей­лік оқыту бағдарламасы бойынша жалпы білім беретін мектептер мұғалімдерінің бі­лік­тілігін арттыруды ұйымдастыруды көз­дейді. Бұл бағдарлама Кембридж универ­си­тетінің Білім беру факультетімен бірлесе отырып әзірленді. Мұғалімдер мұнда үш ай оқиды. Бірінші айында теориялық білім алады. Тәлімгерлермен, топпен жұмыс іс­теп, жалпы бағдарламаны меңгереді. Бұл бір айға созылады. Екінші айында сол алған білімін, жинаған іскерлігін мектеп оқушы­ларына сабақ беру арқылы тәжірибеден өтеді. Бұл ретте мұғалім күнделікті істеген жұмысын жазып отырады. Қай тақырыпта дәріс берді, ол сол тақырыпты өткізу арқылы оқушылардың қызығушылығын тудыра алды ма, неден кемшілік жіберді, осының барлығына талдау жүргізеді. Кемшілік жі­бер­се, оны келесі сабақтарда түзетіп, өткіз­ген сабағын бейнекамераға түсіріп, оқушы­ларда қандай өзгеріс пайда болды, бұрын қандай еді, қазір қалай болды, өзіне есеп беру арқылы зерттеу жүргізеді. Одан кейін үшінші айында мұғалімдер бірінші айында жинаған білімі мен мектептегі тә­жіри­бесін ұштастыра отырып, осында әр мұғалім өзі­нің ойларын айтады. Мұның бұрынғы курс­тардан ерекшелігі – мұғалімдер жинаған біліміне орай емтихан тапсырады. Сынақ тапсыру өте қатаң жағдайда өтеді. Бұл жер­де тәртіп былай:  мұғалімдерді үш ай бойы мен оқытқаным­мен, олардың алған білімін, тапсырған емтихандарын мен бағаламай­мын. Сырттан келген басқа тәуелсіз сарапшы тексереді. Ол мұғалімдердің жұмысына қарай, емтиханда алған бағасына байла­ныс­ты тренер ретінде мені де бағалайды. Бұл ретте айтарым, осы уақытқа дейінгі үш айлық курстан өткен мұғалімдердің 100 пайызы, яғни барлығы бірдей сертификат ала алған жоқ. 92 пайы­зы ғана сертификатқа ие болды. Қалған­да­ры емтиханнан өте алмай қалды. Сынақтан өте алмай қалу мұға­лімдердің ешқайсысы­ның категория­сына, еңбекақысына зиянын тигізбейді. Олардың бір-екі ай өткеннен кейін қайтадан курстан өтуіне мүмкіндіктері бар. Ал білікті­лікті арттыру курстарында үшінші деңгейлі сертификатқа ие болған­дардың жалақысы­на 30 пайыз ақы қосы­лады, ал екінші деңгейді оқып, сертификатқа ие болған мұғалімдердің ақысына – 70 па­йыз, бірінші деңгейден өткендерге 100 па­йыз қаржы қосылады. Бұл жергілікті бюд­жеттен емес, республикалық бюджеттен беріледі. Сөзсіз, мұның мұғалімдердің жұ­мыс істеуге деген ынтасын оятатыны анық.
Мектептегі тәжірибе барысында  мұға­лім оқушыларға жаңа тәсіл бо­йынша дәріс берді. Бұл ретте мұғалім оқу­шы­лармен ынтымақтаса отырып жұмыс істеді. Сондай-ақ бұрынғыдай мұғалім түсіндірмейді, тек бағыт береді. Ал оқушы өзі ізденеді және сабақ үстінде тақырыпты бір-біріне түсін­діреді.  Ал тәжірибе ретінде өткен сабақ барысында 10 жыл бойы тек үшпен ғана оқып келе жатқан кейбір ұл-қыздардың бұ­рын байқалмаған қырлары ашылған. Оны оқушылар да растады. Бастауыш сыныпта «үшке» шыққан бала мектеп бітіргенше «үшпен» оқиды деген қалыптасқан ұғым бар. Тіпті осы ұғымға мұғалім түгіл, оқу­шының өзі бейімделіп алады да, «айтсам да – үш, айтпасам да – үш», не болмаса «бы­лай десем ұят болады-ау» деп, өзінен-өзі қымтырылып отырады. Ішкі сенімсіздік да­ми береді. Ал жаңа тәсілде еркіндікті оқу­шыға бергеннен кейін барлығы топтасып, өзара пікірлескен кезде үндемей отыра беретін балалар өте жақсы оқитын оқушы­ның ойына келмеген салмақ­ты пікірлер айтып қалатын жағдай­лар да кездесті. Бұған дейін мұғалім біреу сабақ айтып жатқан кезде үнсіз тыңдап қана оты­ру­ды талап етсе, ал жаңа сабақта оқушылар бір-біріне түсін­діріп, бірінің айтқанын екін­шісі толықтырып, өзара пікір талас­тыр­ған кезде оқушылар бұл тәсілдің мұғалімнің тү­сіндіргенінен өз бетін­ше оқулықтан оқы­ғаны, ізденгені тиімді екенін түсінеді.
– Өткенде білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов: «Назарбаев университеті» жанындағы Жоғар­ғы білім мектебі алдағы уақытта орта білім беру саласын басқару­дың мамандарын даярлайтын болады» дегенді айтып қалды. Іле-шала Кембридж университеті Білім беру факультетінің меңгеру­шісі Колин Маклафлин де: «Назарбаев университеті» орта білім менеджерлерін дайындайды және 2013 жылдан бастап осыған студенттер қабылдай бастайды», – деді. Жалпы, мектеп директор­ларының барлығы топ менеджер болуы керек пе?
– Бұл ретте «Назарбаев университетінде» білім беру саласындағы топ менеджерлерді дайындайтын факультет ашылуы мүмкін. Әрине, бұл бізге керек. Өйткені қазір біз мұғалімдерді үш айлық курстан өткізіп жа­тыр­мыз, ертең сол мұғалімдер оқушыларға жақсы білім беруі үшін мектеп директорлары оларға қолғабыс көрсетуі тиіс. Егер мектеп директоры методиканы жақсы меңгермей, жалпы сабақты қалай тиімді ұйымдастыруды білмейтін болса, онда ол бұл жүйенің да­муы­на кедергісін келтіреді. Шыны керек, қазір мектеп директорларының көпшілігі мектептің әкімшілік-шаруашылық ісімен айналысып кетті. Олардың бар жұмысы қаржыландыру, бухгалтерия, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту­ды ойлайды да, ал білім беру екінші планда қалып кетті. Қазір ауылдық жерде мектеп директорлары көп жағдайда жазда – күр­делі жөндеу, ал қыста тек жылу жүйесімен ғана алысады. Сондықтан осыған мән беруіміз керек. Бұл ретте мектеп директор­лары топ менеджер болғаны жөн. Мектеп ол ең бірінші білім беретін мекеме бол­ған­дықтан, осы жағын жандандыратын білікті маман болуы қажет. Сондықтан мектеп директорларын да оқытқанымыз дұрыс деп есептеймін. Олар да бүгінгі талапқа сай болуы тиіс.
– Білім жөнінде әңгіме болғанда оқулық жайын айтпай кетуге болмас. Қазір оқулық жетіспеуші­лігі, оқулық сапасы және әр мек­тепте әртүрлі оқулықтармен оқыту жайы көп әңгімеге арқау болып жүр. Бұл туралы не айтасыз?
– Мен сізге бір-ақ нәрсені айтайын. Балаға керекті білімнің барлығын оқулық бере алмайды. Ол жерде тек бағыт көрсеті­леді. Оқулықтағы айтылатын жайлар қысқа-нұсқа жазылады. Оқулықтағы білімді беру, оқушының санасын дамыту – мұғалімнің міндеті. Кітаптағы бар нәрсені мұғалім ай­тып, оны қайтадан оқушылардан сұрау – ол білімге жатпайды. Сондықтан мұғалім оқу­лықтағы ақпаратты, оқиға желісін ала оты­рып, тақырыпты қызықты етіп жүргізіп, ба­ла­ның білімге деген құлшынысын оятып, әрі қарай ізденуіне көмектесуі тиіс. Бізде кейде ата-аналар: «5-сыныптың математи­касын­да­ғы есептерді шығара алмаймыз, өте қиын, бұрын оңай болушы еді», – деп дау туғызып жатады. Біріншіден, ондағы есепті шығару ата-ананың міндеті емес. Оны шы­ғарып, үйрету – мұғалімнің жұмысы. Менің түсін­бей­тінім, 20 жыл бұрын бітіріп кеткен ата-ананың білімімен қазіргі бала қалуы тиіс пе? Қазір қоғам дамып жатыр, қоғамға ұшқыр ойлайтын жас мамандар қажет. Көп­теген жаңа технологиялар шығып жатыр, оларды тез игеретін адам керек. Ал біз мек­тепті 20 жыл бұрын бітірген ата-ананың деңгейіне баламызды түсіргіміз келеді. Олай болмауы керек. Мен оны қаламас едім. Жарайды, қиын болсын. Білім қиын болған сайын ба­ла­ның миы ашымайды, ке­рі­сінше, қиын болған сайын адамның мүм­кіншілігі де жоғарылайды. Бала сол қиын­дықтан шығу­дың жолын іздейді. Сол жолға жету үшін дамиды. Біз білім «қиын, қиын» деп баланы жасыта берсек, ол оқушының көңіліне кері әсер етеді. Оқу қашан да қиын. Бірақ оқыған адамға бәрі жеңіл. Ал оқыма­ған балаға күннен-күнге қиындай береді. Сондықтан бала өзін-өзі қалай бағыттаса, көп нәрсе соған байланысты өрбиді. Егер адам қаласа, бәріне де жетеді, бәрін де меңгереді. Тек мақсатқа ұмтылып, ерік-жігер мен табанды­лық көрсету қажет. Қиын­дық та керек, ол баланы шынықтырады. Ол балаға қажетті қасиеттерді қалыптастырады. Сондықтан мен қиындықты бағалаймын. Қиындық болмаса, біз өмір мен білімнің бағасын біл­ме­ген болар едік. Үлкен ғалым, оқымысты­лардың барлығы – сол қиын­дық­ты жеңген­дер. Қиындық жеңіске бастайды. Сондық­тан мен оқушыларға тек жеңіс тілей­мін.

Алашқа айтар датым...
Өкінішке қарай, біз оқушыларға сапалы білім бермейміз де, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз. Оған жетудің жолы деп 11-сыныптың оқушыларына жаппай тест жаттатқызамыз. Бүгінгі жаттатқан тесттің бірлі-жарымы ғана болмаса, барлығы бірдей келе бермейді. Тіпті ҰБТ-дан өте алмай қалған бала «мен дайындалған тест сұрақтары келмеді» деп өкініп жатады. Ата-ана да шулайды. Егер алдын ала дайындалған тесттің барлығы ҰБТ-да кездессе, онда оның несі ҰБТ? Сондықтан бар мәселе тестте емес, оқулықта, алған білімде жатқанын түсінетін уақыт жетті. Сол үшін баланың өміріне қажетті білім беруіміз керек.

Оқшау ой
Қит етсе болды, «жүйені өзгерту керек» деп шығамыз. Ал егер ҰБТ-ны алып тастасақ, бәрі керемет болып кете ме? Жоқ! Біз бұрынғы емтихандық жүйеге қайтадан көшетін болсақ, онда нағыз жем­қорлықтың көкесі сонда болады. Сондықтан бұл жүйенің немесе баланың нашарлығынан емес, сол оқушылардың оқуға деген ынтасын оята алмай отырған мұғалімдердің білім беру әдісінің әлсіздігінен деуіміз керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста