Медицина саласына саясатты араластырмай, тек ғылымның өресімен дамытқан ләзім

Қадырбек РАМАЗАН, медицина ғылымының докторы, профессор:

– Қадырбек Рамазан мырза! Жүрек ауруларына қатысты білікті маман ре­тін­де әлемдегі жүрек ауруларының жағ­дайын қалай бағалар едіңіз?
– Расында да, соңғы жылдары қан ай­на­лымы жүйесі аурулары, оның ішінде жү­рек қан-тамырлары ауруы әлемдік дең­гей­дегі эпидемия сипатына еніп келеді десек артық айтқандық болмас, сірә. Бүгінгі күні өлім-жітім бойынша жүргізілетін есепте жү­рек-қан тамыры аурулары алғашқы са­тыға шықты. Мәселен, Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, 2008 жылы жүрек-қан тамырлар ауруы әлем бойынша 17,5 млн адамның өліміне тікелей себепші болыпты. Бұл – бар­лық өлім жағдайының 30 пайызы деген сөз. Негізінен, бұл ауру түрлерінің өршуі да­му үстіндегі һәм дамыған елдерде өте шап­шаң қарқын алып отырғаны байқалады. Яғни бұны көпшілік ғалымдар өркениет пен ірі қалалар ауруы, қызу қарбалас, қым-қуыт өмір ырғағымен жүріп, еңбек пен дем­алыс нормаларын сақтауды кейінгі орын­ға ысырып отыратын өмір салтымен бай­ланысқан ауру деп санайды. Дүние­жү­зі­лік денсаулық сақтау ұйымының тағы бір зерт­теулеріне қарағанда, 2020 жылға қа­рай даму жолындағы мемлекеттердегі ха­лықтың жұқпалы емес ауру түрлерінен қай­­тыс болатындар көрсеткіші 70-80 пайыз­ға жететіні болжанады. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Ал соның ішінде жүрек-қан тамырлары ауруы 1-орынға шығаты­ны­на және назар аударылады. Егер кез кел­ген азаматтың санасына осы аурудың салдарын түсіндіре алсақ, онда осындай жұқпалы емес бола тұра, жұртшылықтың арасында кеңінен етек алған эпидемияның алдын алатын едік. Ал бүгінгі деректер ке­рі­сінше өсу үстінде екендігін, оның мем­ле­кет үшін экономикалық салдарын әркім же­те түсінген ләзім.
– Білуімізше, Қазақстанның жүрек ауруларына қатысты жағдайы да мәз емес секілді. Бұған не айтасыз?
– Расымен, Қазақстанның денсаулық сақ­тау жүйесіндегі жүрек-қан тамыры ауру­ла­рының деңгейі аса алаңдатарлық жағ­дайда. Жүрек-қан тамыры ауруларынан, жо­ғары қан қысымы секілді аурудан о дү­ниелік болатындар саны жыл сайын артып барады. Қазір еліміздегі аурудың басымы жоғары қан қысымынан болып табылады. Мәселен, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректерге көз жүгіртсек, соңғы 20 жылда Қазақстандағы жүрек-қан та­мыры аурулары 10 есеге, ал осының сал­да­рынан туындайтын өлім 2 есеге артқан. Елімізде салыстырмалы түрде алғанда жүрек-қан тамырлары өршіп тұр. Газеттерде жа­рияланған және бір деректерге көз жүгіртсек, ағымдағы жылдың бес айының ішінде 65,5 мың адам қайтыс болса, соның 43 пайызын жүрек-қан тамырлары ауру­лары құрап отыр. Бұл Қазақстандағы жағ­дай­дың тым мүшкіл екенін тағы айғақтайды. Тағы алаңдайтын мәселе, бұндай аурулар бұ­рынғы тәжірибеде тек ересек адамдарға тән болса, қазір науқастар қатары жасарып барады.
– Бұндай келеңсіз көрсеткіштердің елі­мізде белең алып, жүрек ауруының қазақ­тар арасында өршуін немен түсін­діресіз?
– Ең алдымен, бұл аурудың даму үстін­дегі елдерге тән екендігін тағы еске сала кеткім келеді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері қарай Қазақстанның экономикалық-әлеу­меттік бағытында үлкен өзгерістер орын алды. Бұрынғы жүйе құлағанда, көп­ші­лік жұрт қоғамнан өз орнын таба алмай, күйзеліске түсіп, стрессті жағдайларға тап болды. Екіншіден, қиын кезеңдері жұрт­шылықтың көпшілігі ауылды тастап, қалаға көшті. Яғни, қоғамның экономикалық да­муы­на сай халықтың тұрмыстық тұтыну өре­сі де күннен-күнге құлпырып, жүріс-тұ­ры­сына дейінгі тәсілдерінде үлкен өз­ге­ріс­тер болды. Нарықтық бәсекелестік қоғамға кі­рісу де бір жағынан елге оңай тиген жоқ. Бертін келе тұтастай халықтың тұрмыстық жағдайының көрсеткіштері біршама жақ­сарды. Сондай ауыспалы кезеңдерде де жұрт арасындағы аурудың белең алып отыр­ған түрлері де құбылып отырды. Мә­се­лен, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жұртшылықтың науқастану деңгейі, өлім жітім көрсеткіші біршама кері кетті. Сол тұс­та құрт ауруы (туберкулез) секілді ауру­лар қазақтың көпшілігіне тән болды. Бұны тұр­мыс­тық деңгеймен өлшеп келгенімізбен, қа­з­іргі уақытта, білуімше, бұл аурудың беті бері қараған тәрізді. Яғни, жұртшылықтың тұрмысы жақсара бастағанын осыдан-ақ байқауға болатындай. Әйтсе де, халықтың көп­шілігі тұрмысын жақсартып, құрт ауруы­нан құтылғанымен, оның орнын жүрек ау­руы басып отырғанын, өкінішке қарай, жа­сы­ра алмайтынымыз анық. Әрине бұл «халық байыса, жүрек ауруымен науқас­та­на­ды екен» деген мәселе емес. Керісінше, бұндай ауру ғылым жолымен ілесіп келіп, жұртшылықтың кең «тұтынуына» сіңіп бара­ды. Өйткені бүгінгі күні заман дамуына сай көптеген тұрмыстық мәселелер авто­мат­ты басқаруға ұласып, адамның өмірін же­ңілдетіп жатқан жайы бар. «Өмірін же­ңіл­детті» деген мәселенің қимыл-қоз­ға­лыс­ты шектеді дегенмен бірдей екенін аң­ға­руға тиіспіз. Соның арқасында жұртшы­лық арасында маңдайының терін сылып, дене еңбегін барынша сарпып, содан ра­хат­танып күн кешетіндер қатары күн сайын азайып бара жатыр. Оза дамыған елдердің өзі осыған үлкен мән беріп, бұқараның бұ­лайша берекетсіз өмір сүруіне жол бермей қыруар қаражат жұмсап, жұрттың жаппай спортқа жүгінуіне жағдай жасап жатқаны сондықтан. Ал Қазақстан әлі ондай дең­гейге жеткен жоқ. Оның үстіне заманның лезде ауысуы жұртшылықтың бір па­ра­сы­ның тұрмыс салтына көп өрнек салса, енді бірінің көңіл күйін ұдайы қысымға салып тастады. Қазір ауқатты жұрттың басым бө­лі­гі дене еңбегімен айналысудан қалды. Үнемі көлікпен жүреді, қызметінде күні бойы отырыс, үйінде бәрі автоматты бас­қа­рылады, одан қалса, үй жұмысына да араласпай, күтуші жалдайды. Спортқа кей­бі­рінің уақыты болмаса, бірсыпырасының зауқы жоқ. Ал орташа табыстылардың күн­кө­ріс салты қым-қуыт. Әйтсе де, олардың басым бөлігінің жұмысы да күндіз-түні оты­рыс­та өтеді. Демалыс күндерін, бос уақы­тын, негізінен, қосымша табысқа жұм­са­ған­ды пайдалы санайды. Сол екі ара­да­ғы­лар­дың да, ауқаты одан төменгілердің де көңіл күйі шаршаңқы, басыңқы. Осындай жолмен жіктей отырсақ, жүрек ауруының өршу салдарын көруге болатын еді. Соны­мен бірге бұл түрдегі аурулар негізінен енді ғана даму жолына түскен елдерде көп ке­зі­гетінін жоғарыда айттық қой. Олай бо­ла­тын себебі, жаңа дами бастаған елдердегі жұрт­шылық енді ғана қол жеткізген табыс­та­рының жемісін көру үшін жақсы ішіп жеп, бей берекет қалыптағы тұрмыс салтына көшуге бейім. Өзімен қоғамдық ортаны еш бай­ланыстырмай, тұрмысты ғылыми жүйе тұрғысынан толық меңгере алмайды. Со­ны­мен бірге күнделікті дәне әрекет азайып, жанға жайлы тұрмыс тәсілдерін ұнатады да, керісінше жүріп-тұру әрекеттері азай­ған­дықтан семіріп, артық салмақ қосуға бет алады.
Әрине, бұдан да басқа факторлар жеткілікті. Соның бірі қазақ негізінен қуат­ты, нәрлі тағамдарды тұтынады. Қазір қай үйге барсаңыз да, алдыңыздан бір табақ ет шығады. Етсіз, құр шөп-шалаңмен, жеңіл-желпі тамақтанғанды қазақ еш жаратпайды. Еттен бөлек пайдаланатын тағам­да­ры­мыз­дың бәрі құнарлы. Оның ішінде май да, ай­ран да, нан да құнары жағынан, сіңім­ділігі жағынан адамнан көп қимылды талап ететіні және белгілі. Әрине, бұдан «ет жемеу керек» деген қорытынды шығарып та жарытпаймыз. Ең бастысы, жеген таға­мы­ның құнарын бойынан дене еңбегі, қимыл-қозғалыс арқылы шығара білу. Әйтпесе біз түскі аста да, кешкі мәзірде де етті тамақты қорек қылып, оның дұрыс қо­ры­тылмай тұтастай бойға таралуына жағ­дай туғызамыз.
– Әйтсе де қазақ бұрын жүрек дер­ті­мен осыншалықты ауырып па еді?
– «Бұрынғы қазаққа жүрек ауруы тән емес еді?» дегенге келсек, расымен солай. Кешегі қазақ та бүгінгі секілді қашаннан етті молынан пайдаланады. Көкөніс пен жеміс-жидектің ұлттық тағамдағы үлесі бұрыннан соншалықты жақсы емес. Дегенмен әлбетте қазақтың салты, тұрмысы тіршілікпен етене еді. Қазақ етті опырып жесе де, оны шыға­ра­тын жөні болды. Кез келген маусымда мал баққан, көшпелі ел үшін қол еңбегі, дене еңбегі ұдайы қажет етіліп отыратын. Яғни қазақ – жылдың төрт мезгілінде де еш дамыл көрмеген көшпелі халық, еңбеккер ел. Бұл – біріншіден. Екіншіден, қазақтың өмірі ат үстінде өтетін. Тіпті ол кездері «қо­лым бос, құр сандалып жүрмін» деген адам­ның өзі үйде жатқаннан гөрі, аттың үстінде жүруді бек ұнатты. Көкпар тартып, ауылды атпен аралап қыдырыстап, жылқы үстінен еш түспейтін. Осының өзі тұтастай дене шынықтыру болып табылады. Әрі атқа міну – ұдайы қимыл-қозғалысты ал­мас­тыратындықтан адам денсаулығы үшін үлкен сеп. Сондықтан да, жылқының жа­лын­да өскен қазақ тек жүрек ауруын ғана емес, кейінгі кезеңдерде пайда болып, туындап жатқан көптеген аурулардың не екендігін де білмейтін. Бір сөзбен айтқанда, бұрын қазақ үшін атқа міну жанға жайлы болса, қазір көлікпен жүру, аз қимылдау жан­ға жайлы болатын секілді. Сонымен қа­тар, меніңше, қазақтың мінезінде де үлкен өзгерістер бар сықылды. Қазаққа тән са­быр­лылықты жоғалтып жатқан жоқпыз ба, деп те ойланамын кейде. Бұған да неше түрлі себептер баршылық. Оның бірі қала­лық тұрмысқа көндігуге қатысты болса, екін­ш­і жағынан адамның көңіл күйіне эко­логия, қоршаған ортаның жағдайы да қат­ты әсер ететіні анық.
– Қазақтар арасында жүрек ауруы жасарып барады деп дабыл қағатындар көп. Бұған қатысты айтарыңыз?
– Менің кардиология саласындағы жұмыс өтіліме 20 жылдан асыпты. Осы 20 жылдық кезеңде, шынымен де, осы науқастардың жасарып бара жатқанын байқаймын. Бұрындары жүрек дертіне шалдығатындар көбіне 45 жастан асқандар болушы еді. Бірен-саран жастардың ауруын негізінен тікелей жүрекке байланыстырып қарамайтын едік. Қазіргі тәжірибемде жас­тардың осы ауруға шалдығуы таңғал­дыр­майтын болды. Оның ішінде де бұрын жү­рек-қан тамырларының қатаюы, жүректің өлеттенуі тек ересек адамдарда болып, тіпті бұл дерт алдымен жүректің шаншуы арқылы байқалатын. Ал қазіргі жастар көп жағдайда бірден инфаркт алып, ауруханаға түседі немесе инфарктан кейін ауруханаға жетпеген күйі бірден о дүниеге өтіп кет­кен­дері де кездесіп жатыр. Яғни, бұрынғы кез­де­рі жүрек аурулары клини­калық бай­қа­лып, тұрақты стено­кардия, тұрақсыз сте­но­кар­дия деп бөлінуші еді. Қазір жап-жас жігіттердің өзі бірден инфарк болып жатыр. Бұл – еліміздің медицина сала­сын­дағы ең үлкен күрделі мәселе.
Жүрек ауруларымен қоса, жастайынан қан қысымы ауруына шалдығатын адамдар саны да көбейіп отыр. Міне, соның сал­да­ры­нан азаматтардың негізгі ағза жүйесіндегі қан тамырларының ішкі кілегей пердесі зақымданып артерияның қой­мал­жың­да­нып, қатаюын арттырып отырады. Сөйтіп, жү­рек бұлшық етінің өлеттенуін, жүрек шан­шуын, ми қантамырлары тосылуын туды­рып, бүйрек артериясының тарылуы арқылы жоғары қан қысымы ауруы пайда болып жатыр. Дегенмен әлі күнге бұндай диаг­ноздар қою, тек ересек адамдарға ғана арналған десек, жасөспірімдердің қан қысымы туралы әзірге дейін ортақ бір­лік­ке келген диагноз қою өлшемі айқын емес.
– Жұрт біле жүрсін, аурудың туын­дай­тын факторларына да тоқталып өтсеңіз?
– Егер жүйелі түрде аурудың алдын алу ша­раларын ғылыми ұштастырып, жүзеге асыра білсек, қан тамырлары ауруларынан болатын қауіп-қатерді көрнекті түрде азайтуға немесе алдын алуға болатын еді. Зерттеулерге сүйенсек, ми қан тамырлары ауру­ларын 40-50 пайыз, жүрек тәж арте­рия­сы қатаюын – 15-20 пайыз, бүйрек қыз­метінің әлсіреуін 50-60 пайызға дейін төмендетуге болады. Сонымен қатар жо­ғары қан қысымын жүйелі түрде емдегенде, бұны тұрақты күйге тежеуге болатыны да ай­қын. Бұдан бөлек, жоғары қан қысымы ау­руларының 5-10 пайызының белгілі бір себептері бар симптоматикалық ар­те­риал­ды гипертензия болса, оны да емдеп жа­зу­ға болады.
Осы тұрғыда жүрек дертіне шалдықпас үшін тоғыз түрлі факторлардан арылуды алға тартуға болады. Біріншіден, құрсақ салып семірмеу, яғни дене салмағын қа­лып­ты ұстау керек. Екіншіден, темекі мен арақ­тан бас тарту. Темекі – жүрек-қан тамы­ры ауруының пайда болуын 3-4 есеге арттыратын фактор. Яғни жүрек кеселіне – көбіне-көп темекі себеп. Темекінің түтіні өкпеден шығып, шайыры қан тамырының эластикасын жояды. Сөйтіп, тамыр бітеледі. Есесіне жүрек ауруын тауып алады. Сондай-ақ темекі өкпе-рак ауруларының тууына себепші болады. Үшіншіден – ас тұзын шектен артық тұтынбау. Төртіншіден – үнемі дене шынықтырумен шұғылданып тұру. Мұнда әр аптада кем дегенде бес рет әрекеттеніп жүру және әрбір жүрістің жарты сағаттан артық болуын қадағалау қажет. Адам күніне шамамен 3 шақырымнан ар­тық жол жүргені абзал. Дегенмен әрбір адам өзінің нақтылы шамасы мен жағ­дайы­на сай қимыл жасау керек. Оның өл­шемі: әрекеттенгеннен кейінгі жүрек соғуы өз жасына сай жүрек соғу ырғағын қос­қан­да 170 ы/м- ке жетсе, өлшемге толады. Мысалы: Жасы + жүрек соғу ырғағы = 170 ы/м. Бесінші – қандағы май құрамын тұ­рақ­ты ұстау қажет. Алтыншыдан, қан қы­сы­мын да тұрақты ұстау керек. Жетіншіден, үйлесімді азықтану. Жоғары қуатты азық­тарға қарағанда көкөніс, жеміс-жидектерді көбірек тұтынған абзалырақ. Се­гізінші – көңіл күйді кең ұстап, рухани, эко­но­ми­калық, отбасылық күйзелістен ары­луға тырысып, демалыс уақытына көңіл бөліп, кең пейілді сабырлы болу қажет. Тоғызыншы – дәрігерге уақытында барып, кеңес алып тұру. Әдетте қазақ ұлтымыз ауырмайтын жол іздегеннен гөрі, ауырып барып ем іздеп жататыны рас. Бұл дұрыс емес. Ал ауырмаудың жолын іздеу – бір науқастың ғана емес, әрбір азаматтың һәм тұтастай мемлекет пен қоғамның жұмысы. Соған орай, жалпы халықтың медициналық танымын жетілдіріп, бұқаралық спортқа жұртты баулу керек. Біздің кейбір жастар спортты тек күрес пен бокс деп қарап, оны чемпиондық жолы ретінде санайтыны бар. Бұны да дұрыс түсінген ләзім. Мәселен, жеңіл атлетика арқылы денсаулығын күтіп ұстағанның чемпиондықтан да зор пайда әкелетінін ел білуі керек.
– Сіз Қытайда туып, сол жақта ме­ди­циналық білімді жетілдірдіңіз. Қазақ­станға шақыртумен келіп, қызмет етіп жатқан, білікті мамансыз. Жалпы, Қазақстанның Қытаймен салыс­тыр­ған­да медициналық қызмет жүйе­сін­дегі негізгі айырмашылықты ата­са­ңыз?
– Қытай медицинасының кез келген са­ла­сында ауру адам нақтылы база ретінде қа­растырылады. Дәрігер бұған мүгедек, жа­рымжан ретінде қарайды да оның сауығып кетуіне бар күшін салады. Сон­дық­тан да, қытай дәрігері аса кішіпейіл, нау­қас­ты жазуға мейлінше ықыласты. Өйткені ауруды емдеудің 40 пайызы көңіл күймен қатысты болса, 60 пайызы емдік үдерістерге тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, қытай дәрігері ем ісіне кешенді тұрғыдан қарап, ерекше құлшыныспен кіріседі, сон­дық­тан да дәрігердің ықпалы көп. Нау­қас­тар­дың бұларға рухани сенім артуы да соған байланысты. Қазақстанда дәл осы мә­селе кемшін түсіп тұр. Яғни қазақ пен қы­тай дәрігер мамандарының арасында ауруға қатысты көзқараста ерекшелік бар секілді. Бұл – менің байқағаным. Өйткені елімізде «танысы бар науқас», «танысы жоқ науқас», «қалталы науқас», «жағдайы жоқ науқас» деп бөлініп жататынын бай­қай­мын. Әрине, дәрігердің бәрін бірдей осы санатқа жатқызбаймын, дегенмен ме­ди­циналық мекемелерде осындай жағдай орын алған. Сондықтан да, Қытайда науқас бірінші орында тұрып, дәрігер тек соны ем­деп шығу үшін барын салады. Оны сауық­ты­рып шықпаса, еңбегі еш кеткендей се­зі­леді. Әрине, бізге де осындай жігер болуы керек деп тілеймін.
– Дегенмен Қазақстанға келгенде қи­налған жоқсыз ба?
– Әрине, тіл жағынан аз-маз қиындық көр­дік. Көндігудеміз. Жалпы, кез келген елде, әрбір мемлекетте термин мәселелері, оларды аудару мәселелері көп сөз болады ғой. Мен ойлаймын, медицина саласында ха­лықаралық ортақ қалыптасқан тер­мин­дерге ендігіде балама іздеудің қажеті ша­малы. Өйткені әр ел өзіне бұра тартып тер­мин аударғаннан тәжірибе жинақтайтын ма­мандар көп қиындыққа ұшырайды. Тер­мин ортақ болса, медицина саласында тә­жі­рибе алмасуда көп қиындықтар тумас еді.
– Қазақстанда кардиологиялық ма­ман­дар жетіспеушілігі жайында жиі ай­тылады...
– Кардиологиялық бағыт бойынша ма­ман­дар жетіспейтіні рас, оның ішінде ба­лалар кардиохирургиясын дамыту – төтен­ше маңызды. Ал маман жетіспеуіне келетін бол­сақ, бұған бір жағынан мемлекеттің жас­тығын алға тартуға болады. Елімізде бірін-бірі жетекке алып, тәрбиелейтін білікті мамандар көп емес. Оның үстіне кар­диология секілді күрделі салада ме­дицина университетін бүгін бітіріп шықса, ертең маман даяр болады деген мәселе бол­мауы керек. Білікті маман жас маманды жетегіне алып оқытқаны ләзім. Мәселен, мен 23 жыл өмірімді кардиологиялық бі­лім­ге жұмсадым. Бұдан бөлек, айлық, ап­талық курстар жетіп-артылады. Осындай дә­режеге жеткізу үшін Үкімет біршама шы­ғын­далды. Ал Қазақстандағы жағдайға келетін болсақ, әсіресе білікті маман тапшы. Бір маман демалысқа шықса, сол маман қолданып жүрген техниканы, технологияны алмастыратын екінші маман тапшы. Әлгі маман қайта жұмысқа шыққанша шетелден әкелінген қымбат жабдық іске қосылмастан, соны күтіп тұрады. Олқы тұсы – сол.
– Ораза ұстаудың адам ағзасына, оның ішінде жүрек дертінің алдын алуға септігі мол деп жатады. Маман ретінде сіз қалай ойлайсыз?
– Білуімше, ораза шартының бірі – са­быр­лылық. Бұл – кез келген ауру, оның ішін­де жүрек ауруы үшін аса маңызды дү­ние. Ораза ұстау арқылы ашушаң, сабырсыз адам бір ай бойы сабырлылыққа бой ал­дыр­са, жанының тыншығанын сезер еді. Ендеше ондай адамның оразадан кейінгі кезеңдерде де ашушаңдыққа бармауын жаны қалар еді. Сонымен қатар, сабыр көп нәрсеге ем болса, ашу көп нәрсеге ұрын­ды­рады. Екіншіден, ораза ұстау қана­ғат­ты­лыққа үйретіп, асқазанды демалтады. Ал салмақ тастау жүрек қызметін де же­ңіл­де­ту­ге пайдалы. Өйткені жүрек ауруларының ба­сым бөлігі азықты артығымен тұтынудан бо­латынын айттық. Сондықтан да, ора­заның пайдасы зор деп білемін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым...
Медицина саласы саясатқа емес, ғылымға негізделгені ләзім. Өйт­кені кез келген елдің медицинадағы жетістігі – оның өркениеттік қа­на емес, экономикалық-әлеуметтік жетістігі саналады. Сондықтан да, осы салаға тұтастай бетбұрыс жасау арқылы елдің ертеңгі даңғыл жо­­лын да даралауға тиіспіз. Бұл – ертеңге ысырылмайтын, бүгін жа­са­­латын дүние.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста