Медицина қызметінің барлығын ақылы етуге болмайды

Медицина қызметінің барлығын ақылы етуге болмайды

Мақсұт ТЕМІРБАЕВ, медицина ғылымының докторы, профессор, академик:

– Мақсұт Әбуұлы, сіз қаншама жыл­дан бері стоматология саласында же­міс­ті еңбек етіп келесіз. Кезінде Қа­зақ­стан Стоматологтер қауымдастығының төр­ағасы болдыңыз. Халықаралық сто­матология академиясының ака­демигісіз. Білікті маман ретінде ай­ты­ңызшы,  стоматология саласындағы ең бас­ты шешілуі тиіс мәселе деп нені атар едіңіз?
– Бүгінгі кезде бұл саладағы ең басты ше­шілуі тиіс мәселе, ол – тіс ауруының ал­дын алу. Өкініштісі сол: бізде мемлекеттік те­гін медициналық қызмет көрсету кепілдігі қа­зір ауруы асқынған адамға беріледі де, ал аурудың алдын алу жағы ескерілмей жа­тыр. Асқынған ауруды жеңу қиын. Сон­дықтан біз ең бірінші ауруды болдырмауға ұм­тылуымыз керек. Бұл ретте әрбір ата-ана ба­лаларының дұрыс тамақтануын қада­ға­лағаны жөн. Мәселен, энергетикалық газ­ды сусындар тіске өте зиян. Олардың құра­мын­да қышқыл деңгейі жоғары бол­­­ған­дықтан, ол тіс эмалінің зақым­да­нуына әкеліп соғады. Ал эмальдың бұ­зылуы тіс шірімесін тудыратындықтан, мұн­дай сусынмен ауыз шаюға да, тіпті қанты көп сағыз шайнауға, шектен тыс тәтті та­ғам­дар жеуге болмайды. Ата-аналар осы­ны ескеруі тиіс. Тіс ауруының алдын алудың бар­лық шарасын жүзеге асыруымыз керек. Мем­лекет тарапынан профилактикаға жете кө­ңіл бөлініп, қажетті деңгейде қаражат қа­растырылуы керек.
Кеңес үкіметі кезінде тіс ауруының ал­дын алуға ерекше көңіл бөлінді. Жаңадан бі­тірген жас стоматологтер Қазан, Ле­нин­град, Мәскеу, Киевтерде білімін жетілдіріп, кан­дидаттық диссертациялар қорғады. Бұл ғы­лыми саланың дамуына әсер етті. Ау­ру­дың алдын алу, зерттеу, тістің қандай ауру­ла­ры көп, тісжегін, қызыл иекті емдеудің бар­лығы жоспарлы түрде жүргізілетін. Алайда 90-жылдары Кеңес үкіметі ыдырап, Тә­уелсіздік алған алғашқы жылдары біраз қиын­дықтарға тап болып, стоматология саласы жекеменшіктің қолына өтті. Бұл сала нарықтық қатынасқа көшкеннен ке­йін бюджеттен қаржы бөлінбей, тіс ауру­ларының алдын алу мүлдем жүргізілмеді. Ау­рудың алдын алуды, бұл саланы да­мытуды мемлекет өз қолына алмаса, мұны рет­ке келтіруіміз мүмкін емес. Өйткені же­кеменшік тіс емдеу мекемелерінің бұл саланы дамытуға ешқандай мүмкіндігі жоқ. Дегенмен стоматологияның нарықтық жү­йеге көшкенінің жақсы жақтары да бар. Се­бебі біз кеңес кезінде барлық жетістік Мәс­кеуде деп қарап отырдық. Алайда олай емес екен. Кейін бағамдап қарасақ, біз көп нәр­седен қалып қойыппыз. Егемендік ал­ғаннан кейін шетелдерге шыға бастадық. Мә­селен, Германияның Тюбинген қала­сын­да­ғы Карл Эберхард атындағы 700 жыл­дық тарихы бар университетте тіс фа­куль­те­тінің ашылғанына  200 жыл болған. Со­лар­дың жетістіктерін көріп, тәжірибе ал­ма­сып, соңғы технологияларын өзімізге әкелуге мүмкіндік алдық. 1991 жылы ҚР Стоматологтер қауымдастығын құрып, оның төрағасы болып сайланған уақы­тым­да Лондондағы бүкіл дүниежүзілік Сто­ма­тологтер қауымдастығына мүше болдық. Одан кейін әлемдік деңгейдегі сто­ма­то­ло­гияның жетістіктерін, соның аясында ұйым­дастырылған халықаралық конгрестерге қа­тысып, жер жүзінде бұл салада қандай жа­ңалықтар ашылып жатқандығынан ха­бардар болып, соның негізінде елімізге ке­ремет технологияларды енгізуге қол жет­кіз­дік. Қазір Қазақстанда тіс төңірегінде соң­ғы технологиялардың барлығы бар де­сек те болады. Тіпті 91-жылдан бастап елі­мізде қисық тістерді түзейтін брекет қою жү­йесін қолға ала бастадық. Алмалы-сал­малы тістерді, протездерді қоюды үйрендік. Мұ­ның барлығы – жақсы жақтары. Қазір мен Алматыдағы мемлекеттік дәрігерлер бі­лімін жетілдіру институтында тіс саласы бо­йынша кафедра құрып, соның мең­ге­ру­шісі ретінде дәрігерлерге дәріс беріп келемін.
– Енді сіз стоматология саласының на­­рықтық қатынасқа көшкенінің ар­тық­шылық тұстарын айтып отырсыз. Ал мұның кемшілік жақтары неде бол­ды?
– Жекешелендірудің зардабы әсіресе ауыл халқына қатты қиындық әкелді. Әлі күн­ге дейін ауылдықтар сапалы стома­толо­гия­ға қол жеткізе алмай отыр. Оның ең бас­ты себебі – нарықтық қатынасқа көш­кен­нен кейін тіс дәрігерлерінің дені қалалы жер­ге ауысып кетті де, ауылдық жерлерде кадр­лар қалмады. Болған күннің өзінде олар­дың көбінің біліктілік қабілеті төмен. Кадр­лармен қатар, стоматология жұмы­сы­на медициналық мекемелердің жоқтығы да кері әсер етті. Ауылдық емханалар әлі күнге дейін ескі техникалармен жұмыс істеп келеді. Одан бөлек дәрі-дәрмектер де дер ке­зінде жеткізілмейді. Осының салдарынан ауылдықтардың тісі күрт нашарлап, тіс арқылы туындайтын аурулар саны артып кетті. Әрине, бұл ретте ауызды қу шөппен сүр­­туге болмайды. Алматы дипломнан ке­йін оқыту стоматологиялық институтының рек­торы, ҚР ДСМ-нің штаттан тыс бас сто­ма­­­тологі Сәуле Есембаева Стоматология­лық қауымдастықпен бірігіп, аурудың ал­дын алу төңірегінде көптеген шаралар атқа­ру­да. Олар қазір Денсаулық сақтау ми­нис­тр­лігінің қолдауымен «2011-2015 жыл­­дарға арналған стоматологияны да­мы­ту және тұрғындардың стоматологиялық ауруларын төмендетудің концепциясын» жа­саған. Бұл құжатта халқымыздың тіс ауру­ла­рының алдын алу, ауыл тұрғын­да­рына, екіқабат әйелдер мен қарт адамдарға са­палы стоматологиялық көмектің қол­же­тімділігін жоғарылату мәселелері қа­рас­ты­рыл­ған. Алыс ауылдарда тұратын тұр­ғын­дарға жылжымалы стоматологиялық ка­бинеттер сатып алу да осы саладағы бас­ты мақсаттардың бірі болып отыр. Алматы мем­лекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру инс­т­итутының басшысы Валихан Ахметов те бұл саланы дамыту үшін тіс ка­фе­дра­сының жанынан арнайы орталық ашып бер­ді. Әрине, мұны шешу бір-екі адамның қо­лынан келмейді. Мемлекет көмектесіп, ха­лық та өз денсаулығына жіті мән беруі тиіс. Тіс ауруының алдын алуды министрлік ар­қылы шешуге күш салуымыз керек. Бұл рет­те біз, стоматологтер, бір-бірімізді қол­дап, тірек болып, бірлесіп шешуіміз қажет. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, бір жұдырық болып жұмылып жұмыс жасасақ, біз алмайтын қамал жоқ. Ендігі міндет атал­мыш концепцияның толық мәнінде жү­зеге асуына күш салуымыз керек. Мұның бар­лығы мемлекеттің қолдауы мен қар­жы­ның жеткілікті деңгейде бөлінуіне бай­ланысты болып тұр.
– Елімізде стоматологиялық маман­дар жеткілікті ме? Жастардың бұл са­ла­ға қызығушылығы қалай?
– Бұл – өте қызықты мамандық. Қазір сто­матология саласы жақсы дамыған. Соң­ғы технологиялармен жабдықталған ме­ке­мелер көп. Бірақ жастарды осыған қы­зық­тырып оқыту керек. Бұл жерде бар мәселе – са­палы маман дайындауда. Осы жағы бә­сеңдеп барады. Елбасымыз да жастардың са­палы білім алуына барынша назар ау­да­руда. Кәсібіміз жоғарғы қарқында болу үшін бізге білікті кадрлар керек. Халықтың ден­саулығын жақсарту үшін қалаға да, ауыл­ға да сапалы маман қажет. Егер адам­ның бір жері ауырса, оның өмір сүру ер­кін­дігі жоғалады. Тек ауырған тұсын ғана уа­йым­дап, емделуге тырысады. Бұл ретте Карл Маркстың жақсы сөзі бар, ол «Ауру адам­ның еркіндігі шектеліп тұрады» дейді. Сол секілді адамның тісі ауырса, ол дұрыс та­мақ іше алмайды. Тіпті кейбір аналардың тісі жоқ болады. Тісте қайрат болмағаннан ке­йін олар тек жұмсақ тағам жейді. Ал оны дұ­рыс шайнай алмаған соң, асқорыту жү­йесі ауруға шалдығады. Алма, қияр секілді же­міс-жидектерді жей алмағандықтан, ағ­зада витаминдер жетіспей тұрады. Кей­бі­реулер тісі ауырса, дәрі басып, өзінше ем-дом жасап жатады. Алайда дәрігерге қа­ралып, толық ем алмағаннан кейін тіс іш­тен шіри береді, басқа тістерді де бүл­ді­реді. Ауырған тістің астындағы ин­фек­ция­лар денеге жайылып, осылайша ол адам де­несіндегі басқа аурулардың ушығуына әкеліп соғады.
– Балалар стоматологиясы төңіре­гін­де не айтар едіңіз?
– Балалар арасындағы тіс ауруының кө­бе­йіп кетуін, ең алдымен, мектеп қабыр­ға­сын­дағы бала денсаулығын қорғау ісінің әл­сіздігінен көруге болады. Кезінде мектеп оқу­шыларының тісін жылына екі рет жап­пай тексеруден өткізіп тұрушы едік, қазір оның барлығы ұмыт қалды. Бұрын ми­нистр­ліктің бұйрығы бойынша, бала саны 800-ден асатын мектептерде стоматология­лық ка­бинеттер болатын. Ал қазір нарық­тың қиын­дығына кінә артып, мектептегі тіс, көз дә­рігерлерін жұмыстан қысқарттық. Нақ­ты де­ректерге сүйенсек, еліміздегі мек­теп­­тер­дің 6-8 пайызында ғана тіс пен көз ем­деу ка­бинеттері жұмыс істеп тұрған кө­рі­неді. Қалған оқу орындарында мұндай мүл­дем жоқ. Осылайша, балалар ден­сау­лығы қа­рау­сыз қалып, ұрпағымыздың тісі дұ­рыс қа­лыптаспай отыр. Бала ағзасындағы өз­ге­рістерді дер кезінде емдеуге келгенде, тым самарқаумыз. Оқу орындарында бала ден­саулығына жанашыр маманның жоқ­ты­ғынан тістері ауырып, ауру асқынған кез­де ғана мұғалімдер ата-аналарға үшбу хат жол­дап отырады. Қазіргі мектеп өміріндегі ау­рудың алдын алудағы бітіріп отырған бар жұмысымыз — осы. Ежелден ден­сау­лыққа енжар қарайтын қазақтың шапшаң қи­мылдайтын кезі болған ба?! «Ақсақ қой түс­тен кейін маңырайды» демекші, араға ай-жыл салып баласын дәрігерге көрсеткен болады. Ал ауруды асқындырып алғаннан кейін шипалы ем қонбайтыны анық. Бала­ла­рымызды он екіде бір гүлі ашылмай жа­тып, тістерін құрттатып қоятынымыз, міне, осы­дан.
Жалпы, республика мектептерінің ба­сым көпшілігінде аталмыш аурулардың ал­дын алу жолы әлі бір ретке келе қойған жоқ. Мектеп ұжымы да осы уақытқа дейін құ­жат толтыру мен жеңіл-желпі дәрігерлік кө­мек көрсетуден әрі аса алмайтын орта дә­режелі медбикелердің қызметін қанағат тұ­тып отыр. Осының салдарынан жас­өспі­рім­дер денсаулығы, әсіресе балалардың тіс ауруы алаңдатарлықтай дәрежеге жетті. Сон­дықтан Білім және ғылым мен Ден­сау­лық сақтау министрліктері бала ден­сау­лы­ғына қатысты жүйені қайта орнықтырып, білікті мамандарды құтты орнына қон­дыр­майтын болса, мұның арты тіптен өршіп кетуі әбден мүмкін.
Біз ең бастысы, болашақ аналардың тіс­ке қатысты сауатын арттыруымыз керек. Ба­ланың тісі дүниеге келгеннен кейін барып пай­да болғанымен, тістің тіні бала ана жа­ты­рында жатқан кезде қалыптасады. Де­мек, ананың дұрыс тамақтануы да болашақ ба­ланың тісі ауырмауына үлкен септігін тигізеді.
Кезінде Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов балалардың тіс ауруына алаң­дау­шылық білдіріп, үш жылдың ішінде об­лысқа қарасты 100-ден аса мектепке сто­матологиялық кабинеттердің ашылуына жағдай жасады. Бұл – қазір Алматы об­лысы бойынша бір ауданда екі стома­тологиялық кабинеттен бар деп ауыз тол­ты­рып айтуға тұратындай дерек. Олар бала­ларға тісті қалай тазалауды үйрете оты­рып, тіске қатысты үлкен мәселенің ал­дын алды. Демек, ниет болса, жергілікті ат­қарушы органдар арқылы да көп істер тын­дыруға болады. Әрқашан мемлекетке иек артып отыра бермей, істің қиюын таба бі­луіміз керек.
Бұл ретте еліміздің бас стоматологі Сәуле Серікқызы әлгінде айтқан концеп­ция­ға сәйкес, ҚР Білім және ғылым ми­нистр­лігіне және барлық облыс бас­шы­ла­рына өтініш хат жазған. Облыс әкімдеріне 800-ден астам мектепке және оқыту мекемелерінде стоматологиялық ка­би­нет­тер ашу жөнінде ұсыныс айтқан. Болжам бо­йынша, мектептерді стомато­ло­гия­лық ка­бинеттермен жабдықтауға екі миллион тең­геден аса қаржы керек екен. Балалар­дың болашағы үшін, олардың денсаулығы үшін 2 миллион қаражатты аямауымыз қажет.
– Денсаулық сақтау министрлігі ме­ди­циналық қызметті ақылы ету туралы ұсыныс айтып жүр. Тіпті жедел жәрдем қызметі де ақылы болып кете жаздады. Медицинаның қызметін стоматология секілді ақылы еткеніміз дұрыс па?
– Англияда медицина ақысыз. Тіпті Каддафидің тұсында Ливияда да білім мен медицина тегін болды. Ал бізде сала ми­нистрлігі медицинада жаңа төлем жүйесін ен­гізуге дайындалып жатқандығынан мен де хабардармын. Бұл қазір – талқылану үс­тінде. Министрлік осылайша өзіне мүлдем қа­рамай кеткен, денсаулығын ойламайтын адам­дарды тәрбиелейміз деп отыр. Бұл дұ­рыс емес. Медицина қызметінің барлығын ақы­лы етуге болмайды. Кепілдендірілген те­гін медициналық көмек, тегін дәрі-дәр­мек беру жағы да жоспарлы орындалуы тиіс. Енді косметология саласы секілді бетті күту, сәнді болу үшін пластикалық хирургия жасау ақылы болғаны дұрыс шығар. Алайда бізде ақылы түрде қызмет көр­се­тетін медициналық мекемелер, жеке кли­ни­калар жетіп-артылады. Сонда қа­ра­па­йым халықты тегін медициналық кө­­­мек­­тен қол үздіріп, жедел жәрдем қыз­метін де ақылы етіп қойсақ, қандай пай­даға ке­нел­мек­піз? Бұдан ақша үнемдеудің ке­регі жоқ. Ұлт денсаулығына жасалынатын қамқор­лық­ты саудаға салуға болмайды. Онсыз да тегін медициналық көмекке дер кезінде жү­гінбей жүрген біздің халық, егер бәрін ақы­лы етер болсақ, медициналық көмекке мүлдем жүгінбеуі мүмкін. Өйткені ақылы қызметке әркімнің әлеуеті жете бермесі хақ. Қалай десек те, қарт кісілер мен мүге­дек­тер, әлеуметтік жағдайы төмендер тегін ме­дициналық көмектен қағылмауы тиіс. Әйт­песе халықтың өмірін қайтсек ұзар­тамыз деп жүргенде, бұл жүйе теріс әсер етуі мүмкін. Сондықтан ден­сау­лық мә­се­ле­сін, ем-дом жасау шараларын өт­кі­зу­дің тегін формаларын міндетті түрде қал­ды­руы­мыз керек. Негізі, кез келген ре­фор­маны жүзеге асыру үшін оны әбден зерт­теп алуымыз қажет. Оның бізге пай­да­сы бар ма, зияны қаншалықты – осының бар­лығын ғылыми жағынан жан-жақты са­рап­тау­ға тиіспіз. Шетелде сондай екен деп бір­ден енгізе берген дұрыс емес. Алдымен бір ауданда мұны эксперимент ретінде өт­кі­зе­йік, халық қалай қабыл­дай­тынын анық­та­йық, жетілдіретін жерлері бол­са, өзіміздің мен­талитетке сәйкес­тен­ді­ре­йік. Егер нә­тижесі жақсы болса ғана жап­пай енгізуге бо­лады. Ал асығыстық етсек, оның түбі жақ­сылыққа апармайды. Одан да мұны ше­шудің басқа жолдарын қа­рас­ты­райық. Салауатты өмір салтын наси­хат­тап, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол­дың түрле­рін түсіндірейік. Осыған қа­тысты жаңа бағ­дарлама жасап, тиісті қар­жы бөліп, ол өз ке­зегімен орындалса, БАҚ құралдары адам­дардың күтініп жүруіне, аурудың бел­гісі білінсе, дереу дәрігерге қаралуына үгіт­тесе, денсаулық сақтау мә­де­ниетін арт­ты­ру­дың басқа да заманға сай жолдары зерт­теліп-зерделенсе, дұрыс-ақ болар еді.
– Тек өткен жылдың өзінде ғана же­к­е клиникалардағы стоматолог­тер­дің ке­сірінен төрт адам көз жұмыпты. Сон­да олардың санитарлық деңгейін ба­қы­лайтын мекеме жоқ па?
– Неге болмасын? Әрбір өңірде ме­ди­ци­налық қызметтің сапасын бақылайтын ме­кемелер бар. Сондай-ақ денсаулық сақ­тау департаменттері мен СЭС-тер де жеке клиникалардың жұмысына қадағалау жүр­гі­зе­ді. Негізі, бұл ретте стоматологиялық қауымдастыққа көбірек құзырет беруіміз қажет. Себебі олар кез келген жекеменшік тіс мекемелерінің жұмыс істеу қабілетін жақсы біледі. Мәселен, шетелдерде тіс емдеу мекемелерінің барлығы қауым­дас­тықтың қадағалауында болады. Егер кем­шілік орын алса, бірінші қауымдастық жа­уап бе­реді. Ал біздің қауымдастықта ондай құ­­зы­рет жоқ.  Сондықтан кәсіби қауым­дас­тық­тың рө­лін, беделін көтеруіміз керек. Мә­селен, ше­телдерде тіс емдеу ме­ке­месін ашу үшін ең бірінші қауым­дас­тық­тан рұқсат ала­ды. Өз кезегінде қауымдастық бас­шы­ла­ры әлгі ме­кеменің техникалық жағдайын, са­­нитарлық талаптарға сай ма, жоқ па – со­­ның барлы­ғын тексереді әрі үне­мі ба­қылау жүр­гізіп отырады. Біз де осы жү­йені қол­данысқа енгізуіміз керек. Ерте ме, кеш пе, біз бәрібір түбінде осыған келеміз. Бірақ ол үшін біраз уақыт керек.

Алашқа айтар датым...
Бірінші айтарым, ЖОО-лардағы жас мамандарға білім берудің сапасын көтеруіміз қажет. Ұлттық ЖОО болсын, жекеменшік оқу орны болсын, барлығында білім беру сапалы жүргізілуі тиіс. Министрлік ең бірінші осы жағына көп назар аударуы керек. Өйткені барлық мәселе – маманда. Жақсы кадр болмай, ол саланы көтеру мүмкін емес. Сталинше айтсақ, «кадр бәрін шешеді». Білікті маман болмай, жұмыс алға баспайды. Тіс саласында қайғылы оқиғалардың орын алуы сол сапасыз маманның салдарынан орын алып отыр. Адам тағдырына жауапты дәрігерлердің білім сапасын көтермесек болмайды. Дәрігерлердің дұрыс диагноз қоймай, науқасты әуреге салуы білімсіздіктен туындайды. Өзі білмеген соң жауапкершіліктен қашып, басқа дәрігерлерге жібереді. Бір ерекшелігі – медицина саласында «болдым-толдым, мен бәрін білемін» деген адам бұл салада табысты жұмыс істей алмайды. Өйткені медицинада шығып жатқан жаңалықтар ұшан-теңіз, сондықтан медқызметкерлер өмір бойы үздіксіз білім алып, үйреніп жүруі қажет. Жаңа заман технологиясын ұдайы меңгергені жөн. Әйтпесе алған білімі ескіреді де, жаңа технологияларды қолданудан қалыс қалады.

Орайлы ой
Стоматология саласының ғылыми жағына көп көңіл бөлуіміз керек. Тіс төңірегінде әлемде нендей жаңалықтар болып жатыр, қандай жаңа технологиялар шығуда – осының барлығын үнемі назарда ұстап, бәсекелестікке төтеп беруіміз қажет. Бұл ретте Қазақстан Стоматологтер қауымдастығының президенті Анар Жұмаділова дүниежүзілік ассоциациямен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауда. Осы ретте алдағы уақытта стоматологияның ғылыми саласын дамыту төңірегінде Астанада үлкен конгресс өтпек. Сонымен қатар стоматология саласындағы денсаулық сақтаудың мемлекеттік саясатын жетілдіруіміз керек. Стоматологияда профилактикалық бағытты дамытқанымыз жөн. Дәрігер стоматолог пен орта медқызметкерлердің мәртебесін арттыруға тиіспіз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста