Медицина қызметінің барлығын ақылы етуге болмайды
Мақсұт ТЕМІРБАЕВ, медицина ғылымының докторы, профессор, академик:
– Мақсұт Әбуұлы, сіз қаншама жылдан бері стоматология саласында жемісті еңбек етіп келесіз. Кезінде Қазақстан Стоматологтер қауымдастығының төрағасы болдыңыз. Халықаралық стоматология академиясының академигісіз. Білікті маман ретінде айтыңызшы, стоматология саласындағы ең басты шешілуі тиіс мәселе деп нені атар едіңіз?
– Бүгінгі кезде бұл саладағы ең басты шешілуі тиіс мәселе, ол – тіс ауруының алдын алу. Өкініштісі сол: бізде мемлекеттік тегін медициналық қызмет көрсету кепілдігі қазір ауруы асқынған адамға беріледі де, ал аурудың алдын алу жағы ескерілмей жатыр. Асқынған ауруды жеңу қиын. Сондықтан біз ең бірінші ауруды болдырмауға ұмтылуымыз керек. Бұл ретте әрбір ата-ана балаларының дұрыс тамақтануын қадағалағаны жөн. Мәселен, энергетикалық газды сусындар тіске өте зиян. Олардың құрамында қышқыл деңгейі жоғары болғандықтан, ол тіс эмалінің зақымдануына әкеліп соғады. Ал эмальдың бұзылуы тіс шірімесін тудыратындықтан, мұндай сусынмен ауыз шаюға да, тіпті қанты көп сағыз шайнауға, шектен тыс тәтті тағамдар жеуге болмайды. Ата-аналар осыны ескеруі тиіс. Тіс ауруының алдын алудың барлық шарасын жүзеге асыруымыз керек. Мемлекет тарапынан профилактикаға жете көңіл бөлініп, қажетті деңгейде қаражат қарастырылуы керек.
Кеңес үкіметі кезінде тіс ауруының алдын алуға ерекше көңіл бөлінді. Жаңадан бітірген жас стоматологтер Қазан, Ленинград, Мәскеу, Киевтерде білімін жетілдіріп, кандидаттық диссертациялар қорғады. Бұл ғылыми саланың дамуына әсер етті. Аурудың алдын алу, зерттеу, тістің қандай аурулары көп, тісжегін, қызыл иекті емдеудің барлығы жоспарлы түрде жүргізілетін. Алайда 90-жылдары Кеңес үкіметі ыдырап, Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біраз қиындықтарға тап болып, стоматология саласы жекеменшіктің қолына өтті. Бұл сала нарықтық қатынасқа көшкеннен кейін бюджеттен қаржы бөлінбей, тіс ауруларының алдын алу мүлдем жүргізілмеді. Аурудың алдын алуды, бұл саланы дамытуды мемлекет өз қолына алмаса, мұны ретке келтіруіміз мүмкін емес. Өйткені жекеменшік тіс емдеу мекемелерінің бұл саланы дамытуға ешқандай мүмкіндігі жоқ. Дегенмен стоматологияның нарықтық жүйеге көшкенінің жақсы жақтары да бар. Себебі біз кеңес кезінде барлық жетістік Мәскеуде деп қарап отырдық. Алайда олай емес екен. Кейін бағамдап қарасақ, біз көп нәрседен қалып қойыппыз. Егемендік алғаннан кейін шетелдерге шыға бастадық. Мәселен, Германияның Тюбинген қаласындағы Карл Эберхард атындағы 700 жылдық тарихы бар университетте тіс факультетінің ашылғанына 200 жыл болған. Солардың жетістіктерін көріп, тәжірибе алмасып, соңғы технологияларын өзімізге әкелуге мүмкіндік алдық. 1991 жылы ҚР Стоматологтер қауымдастығын құрып, оның төрағасы болып сайланған уақытымда Лондондағы бүкіл дүниежүзілік Стоматологтер қауымдастығына мүше болдық. Одан кейін әлемдік деңгейдегі стоматологияның жетістіктерін, соның аясында ұйымдастырылған халықаралық конгрестерге қатысып, жер жүзінде бұл салада қандай жаңалықтар ашылып жатқандығынан хабардар болып, соның негізінде елімізге керемет технологияларды енгізуге қол жеткіздік. Қазір Қазақстанда тіс төңірегінде соңғы технологиялардың барлығы бар десек те болады. Тіпті 91-жылдан бастап елімізде қисық тістерді түзейтін брекет қою жүйесін қолға ала бастадық. Алмалы-салмалы тістерді, протездерді қоюды үйрендік. Мұның барлығы – жақсы жақтары. Қазір мен Алматыдағы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында тіс саласы бойынша кафедра құрып, соның меңгерушісі ретінде дәрігерлерге дәріс беріп келемін.
– Енді сіз стоматология саласының нарықтық қатынасқа көшкенінің артықшылық тұстарын айтып отырсыз. Ал мұның кемшілік жақтары неде болды?
– Жекешелендірудің зардабы әсіресе ауыл халқына қатты қиындық әкелді. Әлі күнге дейін ауылдықтар сапалы стоматологияға қол жеткізе алмай отыр. Оның ең басты себебі – нарықтық қатынасқа көшкеннен кейін тіс дәрігерлерінің дені қалалы жерге ауысып кетті де, ауылдық жерлерде кадрлар қалмады. Болған күннің өзінде олардың көбінің біліктілік қабілеті төмен. Кадрлармен қатар, стоматология жұмысына медициналық мекемелердің жоқтығы да кері әсер етті. Ауылдық емханалар әлі күнге дейін ескі техникалармен жұмыс істеп келеді. Одан бөлек дәрі-дәрмектер де дер кезінде жеткізілмейді. Осының салдарынан ауылдықтардың тісі күрт нашарлап, тіс арқылы туындайтын аурулар саны артып кетті. Әрине, бұл ретте ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Алматы дипломнан кейін оқыту стоматологиялық институтының ректоры, ҚР ДСМ-нің штаттан тыс бас стоматологі Сәуле Есембаева Стоматологиялық қауымдастықпен бірігіп, аурудың алдын алу төңірегінде көптеген шаралар атқаруда. Олар қазір Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «2011-2015 жылдарға арналған стоматологияны дамыту және тұрғындардың стоматологиялық ауруларын төмендетудің концепциясын» жасаған. Бұл құжатта халқымыздың тіс ауруларының алдын алу, ауыл тұрғындарына, екіқабат әйелдер мен қарт адамдарға сапалы стоматологиялық көмектің қолжетімділігін жоғарылату мәселелері қарастырылған. Алыс ауылдарда тұратын тұрғындарға жылжымалы стоматологиялық кабинеттер сатып алу да осы саладағы басты мақсаттардың бірі болып отыр. Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының басшысы Валихан Ахметов те бұл саланы дамыту үшін тіс кафедрасының жанынан арнайы орталық ашып берді. Әрине, мұны шешу бір-екі адамның қолынан келмейді. Мемлекет көмектесіп, халық та өз денсаулығына жіті мән беруі тиіс. Тіс ауруының алдын алуды министрлік арқылы шешуге күш салуымыз керек. Бұл ретте біз, стоматологтер, бір-бірімізді қолдап, тірек болып, бірлесіп шешуіміз қажет. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, бір жұдырық болып жұмылып жұмыс жасасақ, біз алмайтын қамал жоқ. Ендігі міндет аталмыш концепцияның толық мәнінде жүзеге асуына күш салуымыз керек. Мұның барлығы мемлекеттің қолдауы мен қаржының жеткілікті деңгейде бөлінуіне байланысты болып тұр.
– Елімізде стоматологиялық мамандар жеткілікті ме? Жастардың бұл салаға қызығушылығы қалай?
– Бұл – өте қызықты мамандық. Қазір стоматология саласы жақсы дамыған. Соңғы технологиялармен жабдықталған мекемелер көп. Бірақ жастарды осыған қызықтырып оқыту керек. Бұл жерде бар мәселе – сапалы маман дайындауда. Осы жағы бәсеңдеп барады. Елбасымыз да жастардың сапалы білім алуына барынша назар аударуда. Кәсібіміз жоғарғы қарқында болу үшін бізге білікті кадрлар керек. Халықтың денсаулығын жақсарту үшін қалаға да, ауылға да сапалы маман қажет. Егер адамның бір жері ауырса, оның өмір сүру еркіндігі жоғалады. Тек ауырған тұсын ғана уайымдап, емделуге тырысады. Бұл ретте Карл Маркстың жақсы сөзі бар, ол «Ауру адамның еркіндігі шектеліп тұрады» дейді. Сол секілді адамның тісі ауырса, ол дұрыс тамақ іше алмайды. Тіпті кейбір аналардың тісі жоқ болады. Тісте қайрат болмағаннан кейін олар тек жұмсақ тағам жейді. Ал оны дұрыс шайнай алмаған соң, асқорыту жүйесі ауруға шалдығады. Алма, қияр секілді жеміс-жидектерді жей алмағандықтан, ағзада витаминдер жетіспей тұрады. Кейбіреулер тісі ауырса, дәрі басып, өзінше ем-дом жасап жатады. Алайда дәрігерге қаралып, толық ем алмағаннан кейін тіс іштен шіри береді, басқа тістерді де бүлдіреді. Ауырған тістің астындағы инфекциялар денеге жайылып, осылайша ол адам денесіндегі басқа аурулардың ушығуына әкеліп соғады.
– Балалар стоматологиясы төңірегінде не айтар едіңіз?
– Балалар арасындағы тіс ауруының көбейіп кетуін, ең алдымен, мектеп қабырғасындағы бала денсаулығын қорғау ісінің әлсіздігінен көруге болады. Кезінде мектеп оқушыларының тісін жылына екі рет жаппай тексеруден өткізіп тұрушы едік, қазір оның барлығы ұмыт қалды. Бұрын министрліктің бұйрығы бойынша, бала саны 800-ден асатын мектептерде стоматологиялық кабинеттер болатын. Ал қазір нарықтың қиындығына кінә артып, мектептегі тіс, көз дәрігерлерін жұмыстан қысқарттық. Нақты деректерге сүйенсек, еліміздегі мектептердің 6-8 пайызында ғана тіс пен көз емдеу кабинеттері жұмыс істеп тұрған көрінеді. Қалған оқу орындарында мұндай мүлдем жоқ. Осылайша, балалар денсаулығы қараусыз қалып, ұрпағымыздың тісі дұрыс қалыптаспай отыр. Бала ағзасындағы өзгерістерді дер кезінде емдеуге келгенде, тым самарқаумыз. Оқу орындарында бала денсаулығына жанашыр маманның жоқтығынан тістері ауырып, ауру асқынған кезде ғана мұғалімдер ата-аналарға үшбу хат жолдап отырады. Қазіргі мектеп өміріндегі аурудың алдын алудағы бітіріп отырған бар жұмысымыз — осы. Ежелден денсаулыққа енжар қарайтын қазақтың шапшаң қимылдайтын кезі болған ба?! «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» демекші, араға ай-жыл салып баласын дәрігерге көрсеткен болады. Ал ауруды асқындырып алғаннан кейін шипалы ем қонбайтыны анық. Балаларымызды он екіде бір гүлі ашылмай жатып, тістерін құрттатып қоятынымыз, міне, осыдан.
Жалпы, республика мектептерінің басым көпшілігінде аталмыш аурулардың алдын алу жолы әлі бір ретке келе қойған жоқ. Мектеп ұжымы да осы уақытқа дейін құжат толтыру мен жеңіл-желпі дәрігерлік көмек көрсетуден әрі аса алмайтын орта дәрежелі медбикелердің қызметін қанағат тұтып отыр. Осының салдарынан жасөспірімдер денсаулығы, әсіресе балалардың тіс ауруы алаңдатарлықтай дәрежеге жетті. Сондықтан Білім және ғылым мен Денсаулық сақтау министрліктері бала денсаулығына қатысты жүйені қайта орнықтырып, білікті мамандарды құтты орнына қондырмайтын болса, мұның арты тіптен өршіп кетуі әбден мүмкін.
Біз ең бастысы, болашақ аналардың тіске қатысты сауатын арттыруымыз керек. Баланың тісі дүниеге келгеннен кейін барып пайда болғанымен, тістің тіні бала ана жатырында жатқан кезде қалыптасады. Демек, ананың дұрыс тамақтануы да болашақ баланың тісі ауырмауына үлкен септігін тигізеді.
Кезінде Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов балалардың тіс ауруына алаңдаушылық білдіріп, үш жылдың ішінде облысқа қарасты 100-ден аса мектепке стоматологиялық кабинеттердің ашылуына жағдай жасады. Бұл – қазір Алматы облысы бойынша бір ауданда екі стоматологиялық кабинеттен бар деп ауыз толтырып айтуға тұратындай дерек. Олар балаларға тісті қалай тазалауды үйрете отырып, тіске қатысты үлкен мәселенің алдын алды. Демек, ниет болса, жергілікті атқарушы органдар арқылы да көп істер тындыруға болады. Әрқашан мемлекетке иек артып отыра бермей, істің қиюын таба білуіміз керек.
Бұл ретте еліміздің бас стоматологі Сәуле Серікқызы әлгінде айтқан концепцияға сәйкес, ҚР Білім және ғылым министрлігіне және барлық облыс басшыларына өтініш хат жазған. Облыс әкімдеріне 800-ден астам мектепке және оқыту мекемелерінде стоматологиялық кабинеттер ашу жөнінде ұсыныс айтқан. Болжам бойынша, мектептерді стоматологиялық кабинеттермен жабдықтауға екі миллион теңгеден аса қаржы керек екен. Балалардың болашағы үшін, олардың денсаулығы үшін 2 миллион қаражатты аямауымыз қажет.
– Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметті ақылы ету туралы ұсыныс айтып жүр. Тіпті жедел жәрдем қызметі де ақылы болып кете жаздады. Медицинаның қызметін стоматология секілді ақылы еткеніміз дұрыс па?
– Англияда медицина ақысыз. Тіпті Каддафидің тұсында Ливияда да білім мен медицина тегін болды. Ал бізде сала министрлігі медицинада жаңа төлем жүйесін енгізуге дайындалып жатқандығынан мен де хабардармын. Бұл қазір – талқылану үстінде. Министрлік осылайша өзіне мүлдем қарамай кеткен, денсаулығын ойламайтын адамдарды тәрбиелейміз деп отыр. Бұл дұрыс емес. Медицина қызметінің барлығын ақылы етуге болмайды. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек, тегін дәрі-дәрмек беру жағы да жоспарлы орындалуы тиіс. Енді косметология саласы секілді бетті күту, сәнді болу үшін пластикалық хирургия жасау ақылы болғаны дұрыс шығар. Алайда бізде ақылы түрде қызмет көрсететін медициналық мекемелер, жеке клиникалар жетіп-артылады. Сонда қарапайым халықты тегін медициналық көмектен қол үздіріп, жедел жәрдем қызметін де ақылы етіп қойсақ, қандай пайдаға кенелмекпіз? Бұдан ақша үнемдеудің керегі жоқ. Ұлт денсаулығына жасалынатын қамқорлықты саудаға салуға болмайды. Онсыз да тегін медициналық көмекке дер кезінде жүгінбей жүрген біздің халық, егер бәрін ақылы етер болсақ, медициналық көмекке мүлдем жүгінбеуі мүмкін. Өйткені ақылы қызметке әркімнің әлеуеті жете бермесі хақ. Қалай десек те, қарт кісілер мен мүгедектер, әлеуметтік жағдайы төмендер тегін медициналық көмектен қағылмауы тиіс. Әйтпесе халықтың өмірін қайтсек ұзартамыз деп жүргенде, бұл жүйе теріс әсер етуі мүмкін. Сондықтан денсаулық мәселесін, ем-дом жасау шараларын өткізудің тегін формаларын міндетті түрде қалдыруымыз керек. Негізі, кез келген реформаны жүзеге асыру үшін оны әбден зерттеп алуымыз қажет. Оның бізге пайдасы бар ма, зияны қаншалықты – осының барлығын ғылыми жағынан жан-жақты сараптауға тиіспіз. Шетелде сондай екен деп бірден енгізе берген дұрыс емес. Алдымен бір ауданда мұны эксперимент ретінде өткізейік, халық қалай қабылдайтынын анықтайық, жетілдіретін жерлері болса, өзіміздің менталитетке сәйкестендірейік. Егер нәтижесі жақсы болса ғана жаппай енгізуге болады. Ал асығыстық етсек, оның түбі жақсылыққа апармайды. Одан да мұны шешудің басқа жолдарын қарастырайық. Салауатты өмір салтын насихаттап, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолдың түрлерін түсіндірейік. Осыған қатысты жаңа бағдарлама жасап, тиісті қаржы бөліп, ол өз кезегімен орындалса, БАҚ құралдары адамдардың күтініп жүруіне, аурудың белгісі білінсе, дереу дәрігерге қаралуына үгіттесе, денсаулық сақтау мәдениетін арттырудың басқа да заманға сай жолдары зерттеліп-зерделенсе, дұрыс-ақ болар еді.
– Тек өткен жылдың өзінде ғана жеке клиникалардағы стоматологтердің кесірінен төрт адам көз жұмыпты. Сонда олардың санитарлық деңгейін бақылайтын мекеме жоқ па?
– Неге болмасын? Әрбір өңірде медициналық қызметтің сапасын бақылайтын мекемелер бар. Сондай-ақ денсаулық сақтау департаменттері мен СЭС-тер де жеке клиникалардың жұмысына қадағалау жүргізеді. Негізі, бұл ретте стоматологиялық қауымдастыққа көбірек құзырет беруіміз қажет. Себебі олар кез келген жекеменшік тіс мекемелерінің жұмыс істеу қабілетін жақсы біледі. Мәселен, шетелдерде тіс емдеу мекемелерінің барлығы қауымдастықтың қадағалауында болады. Егер кемшілік орын алса, бірінші қауымдастық жауап береді. Ал біздің қауымдастықта ондай құзырет жоқ. Сондықтан кәсіби қауымдастықтың рөлін, беделін көтеруіміз керек. Мәселен, шетелдерде тіс емдеу мекемесін ашу үшін ең бірінші қауымдастықтан рұқсат алады. Өз кезегінде қауымдастық басшылары әлгі мекеменің техникалық жағдайын, санитарлық талаптарға сай ма, жоқ па – соның барлығын тексереді әрі үнемі бақылау жүргізіп отырады. Біз де осы жүйені қолданысқа енгізуіміз керек. Ерте ме, кеш пе, біз бәрібір түбінде осыған келеміз. Бірақ ол үшін біраз уақыт керек.
Алашқа айтар датым...
Бірінші айтарым, ЖОО-лардағы жас мамандарға білім берудің сапасын көтеруіміз қажет. Ұлттық ЖОО болсын, жекеменшік оқу орны болсын, барлығында білім беру сапалы жүргізілуі тиіс. Министрлік ең бірінші осы жағына көп назар аударуы керек. Өйткені барлық мәселе – маманда. Жақсы кадр болмай, ол саланы көтеру мүмкін емес. Сталинше айтсақ, «кадр бәрін шешеді». Білікті маман болмай, жұмыс алға баспайды. Тіс саласында қайғылы оқиғалардың орын алуы сол сапасыз маманның салдарынан орын алып отыр. Адам тағдырына жауапты дәрігерлердің білім сапасын көтермесек болмайды. Дәрігерлердің дұрыс диагноз қоймай, науқасты әуреге салуы білімсіздіктен туындайды. Өзі білмеген соң жауапкершіліктен қашып, басқа дәрігерлерге жібереді. Бір ерекшелігі – медицина саласында «болдым-толдым, мен бәрін білемін» деген адам бұл салада табысты жұмыс істей алмайды. Өйткені медицинада шығып жатқан жаңалықтар ұшан-теңіз, сондықтан медқызметкерлер өмір бойы үздіксіз білім алып, үйреніп жүруі қажет. Жаңа заман технологиясын ұдайы меңгергені жөн. Әйтпесе алған білімі ескіреді де, жаңа технологияларды қолданудан қалыс қалады.
Орайлы ой
Стоматология саласының ғылыми жағына көп көңіл бөлуіміз керек. Тіс төңірегінде әлемде нендей жаңалықтар болып жатыр, қандай жаңа технологиялар шығуда – осының барлығын үнемі назарда ұстап, бәсекелестікке төтеп беруіміз қажет. Бұл ретте Қазақстан Стоматологтер қауымдастығының президенті Анар Жұмаділова дүниежүзілік ассоциациямен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауда. Осы ретте алдағы уақытта стоматологияның ғылыми саласын дамыту төңірегінде Астанада үлкен конгресс өтпек. Сонымен қатар стоматология саласындағы денсаулық сақтаудың мемлекеттік саясатын жетілдіруіміз керек. Стоматологияда профилактикалық бағытты дамытқанымыз жөн. Дәрігер стоматолог пен орта медқызметкерлердің мәртебесін арттыруға тиіспіз.