Мәтінтануға мән бермейінше, тілді дамыта алмаймыз

Мәтінтануға мән бермейінше, тілді дамыта алмаймыз

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің стратегиялық даму және ЖОО-дан кейінгі білім жөніндегі проректоры, филология ғылымының докторы, профессор:

– Дихан аға, Алаш тақырыбын қанша сөз етсек те, артық етпесі анық, керісінше, қоғамда әлі де Алаш жайлы айту, насихаттау жағы кемшін секілді. Әрине, ауызбен айтып қою, бірді-екілі шараларды жүзеге асыру өз алдына, ал өзіңіз секілді арнайы институт құрып, іргелі ғылым саласына айналдыру, сондай-ақ бар мен жоқты, өлі мен тіріні түгендеу жолында ірі істерге бару тіпті бөлек. Кезінде өзіңізбен бір бетпе-бет әңгімелесудің сәті түскенде, сіз: «Ғылымда ең басты қажет нәрсе – мәтін, бізде сол мәтін түгел емес», – деген едіңіз. Одан бері де біршама жыл жаңарды, осы мәтін мәселесі ретке келіп, жоқ түгенде­ле­йін деді ме?
– Кез келген ұлттың мәдениетін анық­тай­тын – мәтін. «Мәтін» деген ұғымды кең мағынада да, таза ғылыми мағынада да түсінуге болады. Мысалы, кең мағынада ұлттың ұлт екенін анықтайтын тарихы, мә­де­ниеті сол мәтін болып есептелсе, таза ғылы­ми мағынада мәтін – әрбір тарихи кезеңдер мен тарихи дәуір мен кезеңнің тынысын танытушы құрал. Алаш кезеңіндегі әрбір мұраның сол күйінде бүгінге жетуі, бүгінгі қаріппен жариялануы үлкен байлық, үлкен олжа болып есептелуі тиіс. Бұл тұрғы­дан келгенде, бізде бірнеше мәселе бар. Біріншіден, ең алғаш 1988 жылы Шәкәрім, Мағжан, Ахмет Байтұрсыновтар, араға жыл салып Жүсіпбек Аймауытов сынды арыс­тарымыз ақтала бастады. Ал ол кезде бізде жоқтан қысылу, ұялу деген секілді ке­ңес­тік комплекс бар еді. Естеріңізде бол­са, сол жылдары Шәкәрім, Мағжан өлеңдерін­дегі «Алла, орыс» деген сөздердің өзгеріске ұшырап кеткендігіне байланысты сыни мақалалар шығып жатқан еді. Ал біз қазір сол арыстарымыз жазған еңбек мәтіндерінің өзгеріссіз өз күйінде шығуына мүдделіміз. Алайда ең ауыр жұмыс осыған байланысты. Әрине, теориялық, методологиялық мәсе­ле­лер өте маңызды, оған ешкімнің дауы жоқ. Ал енді мәтін дұрыс болмай, қате оқылса, ол да қоғамды біраз жаңылысқа ұшыратып, адасуға апарып соғуы әбден мүм­кін. Сондықтан да біз филология, журналистика, тарих т.б мамандықтарды бітіріп жатқан түлектерді осы мәтінтану саласына бұруымыз керек. Бұл үлкен проб­лема болып тұр. Неге? Өйткені, өздеріңіз білесіздер, жазуымыз бірнеше кезеңнен өтті. Қазір кітаби кезең деп атап жүрген шағатай тілінде жазылған мұралар қайта жарияланбаған. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында шыққан мұралар қазіргі қаріпке түсіп, оқырманға жетпеген. Жария­ланғандарының көбі бұрмаланып, беті сындырылған. Әр заманның өз ресми және ауызекі сөйлеу тілі бар. Айталық, Шоқан Уәлиханов өзінің құрдастарымен, жалпы жұртпен кәдімгі қазақша сөйлесуі мүмкін, ал енді әкесіне хат жазғанда «уә хурматлу, ғиззатлу» деп жазады. Сол замандағы жазба тілінің ұсқыны сондай болған. Біз сол дәуірдің тынысын беру үшін хат қандай тілде жазылды, сол күйінде қалдыруымыз керек. Мысалы, «үніберстет» дей ме, оны мына заманға лайықтап университет деп түземей, сол күйінде беруіміз шарт. Себебі ол – сол заманның тынысы, ерекшелігі. Егер біз әлгі мәтінді түзетер болсақ, онда оқырман, «е, олар да біз секілді университет деп қолданған екен ғой» деп қабылдауы әбден мүмкін. Түпнұсқаны өзгеріссіз қалдырудың маңызы, міне, осында, яғни оны ешқандай да бір тілдік заңдылықтарға бағындырып, заманауи түрлендіру, бұрмалауға ұшыратпау керек. Мысалы, қазір біз Мырзаахмет деп екі бірдей а әрпін қатар жазатын болып жүрміз. Ал Ахмет Байтұрсынов қалыптастыр­ған қазақ тілінің заңдылығы бойынша қатар келген екі дауысты дыбыстың біреуі түсіп қалуы керек. Сондай-ақ Сарыарқа деп бірге жазамыз, бұл да – өрескелдік. Себебі ол не Сары арқа болып бөлек жазылуы керек, не «ы» әрпі түсіп қалып, Сарарқа болып жазылуға тиіс. Ал қазір өзімізше бір заңдылықтан тыс заңдылық дегенді ойлап тауып (орыстардың «исключениесі» негізін­де) өзімізше жаңа «заң» жасап жатқан жайымыз бар. Осының барлығын қорыта келгенде, мәтін біз үшін маңызды, ол әде­биет­тің де, тарихтың да басым бағыттарының бірі болуға тиіс.
– Сонау арыстарымыз ұсталып, жауапқа тартылған кездегі құпия құжаттар, тағы сол секілді мұрағат­тардағы құнды деректерді ашып қарауға, зерттеуге бүгінде толық мүмкіндік бар ма, рұқсат берілген бе? Мұны сұрап отырғаным, арыс­тар ұрпақтарымен әңгімелесу бары­сын­да ол кісілер өз ата-бабала­рының құжаттарын қарағанда қада­ғалау­шы адам қастарынан кет­пей, «мынаны қарауға болмай­ды» деп, қарауыл қарап тұрғанын айтқан еді. Ал қазір сол сең қозғалды ма?
 – Айта кету керек, бұл жерде де бірнеше мәселе бар. Иә, мұрағаттар ашық, зерттеймін деген ғалымдар, ұрпақтары болсын мүмкіндік бар. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арнайы хат жазсаңыз, тіпті сіз де кіре аласыз. Бірақ олардың өзіндік шарттары да бар. Мысалы, ол жерде қазіргі заманның мүмкін­діктерін пайдаланып, құжаттардың, қағаз­дар­дың көшірмесін алып немесе суретке түсіруге мүмкіндік берілмейді, тек қана қолмен көшіріп жазу керек. Екіншіден, сол кездегі тергеу барысындағы сұрақ-жауап 100 пайыз шындық па? Мысалы, біздің кейбір тарихшыларымыз соны боямасыз шындық деп есептейді. Ал оның көбі, керісінше, қолдан ұйымдастырылған, арандатушылық әрекеттен туған құжаттар болуы әбден мүмкін, солай да. Кейде біреуді қорғау мақсатында солай ұйымдастырылған. Жалпы, тергеу барысындағы барлық сұрақ-жауаптың артында осындай өте күрделі мәселесі бар.
– Расында, шыны қайсы, қолдан ұйымдастырылғаны қайсы, қалай ажыратуға болады?
– Зерттеуші адам, егер, әрине, ол нағыз зерттеуші болса, біріншіден, онда айтылған нәрсе мен басқа да бірнеше жазбаларды, деректер мен дәйектерді салыстырып барып ортадан бір қорытынды шығарады. Екінші­ден, зерттеуші өз тарапынан ғылыми дәре­жесі жеткенше түсініктеме бере алады, бірақ ол түсініктемені ең соңғы ақиқат деп ешкім де айта алмайды. Ғылымда нүкте қою деген нәрсе жоқ. Мысалы, біз осы уақытқа дейін А.Байтұрсыновтың туған жылы 1873 жыл деп келдік, ал қазір соңғы деректер 1872 жыл деп шығып жатыр. Оған негіз болған –  Ташкенттегі 1922 жылы ол кісінің 50 жыл­дығы тойланғаны жайлы құжаттың табылуы. Қазақта бұдан да басқа туған жыл, туған күндерге байланысты шарттылықтар өте көп. Ол неден? Мысалы, православ дінінде адам туыла салысымен оны шоқындырады да, сол кезде сондағы арнайы кітапша, дәптерлерге шоқындырыл­ған баланың аты-жөні, туған күні жайлы деректер бірден жазылады, ал қазақ дала­сында қазіргідей перзентхана секілді үйлер болмағаны белгілі. Туған күнді қазақ жыл қайырудағы он екі жыл атымен байланыс­тырып, соның шарттылығына бағындырған. Абайдың туған күнін нақтылай алмай жатқанымыз тағы бар. Негізі, мұның бәрі – шарттылық қана.
– Алаш арыстарына қатысты шүкір деу керек, қазір нақты іс-әрекеттер жүзеге асып жатқан жайы бар. Соның бірі – өткен жылы өзіңіз­дің басшылығыңызбен Ресей­ден Смағұл Сәдуақасов сүйегінің күлі әкелінуі. Осы тұста зиялыларымыз бен баспасөз ұлттық пантеон құру деген мәселені қозғады. Осы жағы қалай шешімін тапты?
– Сенатор Сабыр Қасымов деген ағамыз қазіргі Мәскеу мэрі Сергей Собянин бар, солар арқылы сот шешімін шығарып, сүйек күлін алып келуге мүмкіндік туды. Смағұл Сәдуа­қа­совтың артында қалған ұрпағы жоқ қой. Сондықтан ол мақсат-мұрат елдегі жана­шыр қауым, қалың қазаққа түсті. Өкінішті бір жағдай – Смағұлды білетіндер бүгінде аз, яғни зерттеушілер, ғалымдар дегендей ат төбеліндей ғана топ, жалпы халық ол кісіні біле бермейді. Бірақ біз мүмкіндігінше тұлғаны танытайық деп кон­фе­ренциялар ұйымдастырып, оған халық қалаулыларын шақырдық, осындай біршама шаралар Еуразия ұлттық универси­тетінде өтті. Мұн­дай оқиға, яғни сүйекті қазып алып, қайта жерлеу деген біздің тарихымызда бұрын-соңды болмаған. Сондықтан оның жауап­кершілігі өте үлкен еді. Сондықтан сол сапардағы әр күніме, әр сәтіме тебіреніп, әлі де ойланып, «әттеген-ай жасаған жоқпыз ба?» деп қараймын. «Тарихта болған және де өз деңгейінде ең­бек еткен адамның алдындағы парызды дұрыс орындадық па, жоқ па?» деген сұрақ мазалайды. Ал оқиға қалай өрбіді? Бірінші­ден, бізге берілген рұқсаттың уақыты тым аз болды, яғни сонда көрсетілген мерзімде алып кетпесек шешім өз күшін жоятын болды. Одан кейін ондай мүмкіндік беріле ме, жоқ па? Екіншіден, қалың қазақ «Смағұл секілді талай асылдың сүйегі шетте жатыр, оның бәрін елге әкелу мүмкін емес» деп өре түрегеле бастады. Әрине, олай ету мүмкін емес және ондай ой да жоқ. Бірақ Смағұлдың жағдайы басқа­лар­дан бөлекше еді. Смағұл атамыздың сүйегі 1992 жылға дейін жұмыс істемесе де, бүгінде өз қызметін атқарып жатқан Дон шіркеуі қабырғасында тұрған. Яғни онда шіркеудің барлық рәсімдері жүріп жатыр. Ал, ендеше, бағамдайық, кешегі қазақтың қайраткер тұлғасы, әкесі молда бол­ған азаматтың сүйегі неге күнде хрис­тиан­дар шоқынатын шіркеуде тұруы керек? Адам­гер­шілік қағида тұрғысынан қарағанда, қазақ қайраткерінің сүйегін ол жерден алып кету міндет екендігі сезіліп тұрды. Алғаш шіркеуден алып кеткенде қайда жерлейміз, мүмкін, сол Мәскеудегі мұсылман зиратына жерлеу керек шығар деген ой туған. Артын­ша ақыры қозғадық екен, онда неге бірден елге, елордамызға әкелмейміз? Неге Смағұлдың еңбегі мен мұрасы Тәуелсіздікке қызмет етпейді? Осындай түрлі ойларды елеп-екшей келе, Мәскеуге арнайы делега­ция барып, екі күн сонда конференция ұйым­дас­тырып, үшінші күн дегенде Смағұл­дың сүйек күлін  Астанаға алып келдік. Алайда барлық мәселе осы сәтте туды, оны қайда жерлейміз? Шешімсіздік деген нәрсе өте қиын екен. Ұзақ уақытқа созылып кетті. Біздің билік тізгінін ұстағандар арасында бірауыздылық, бір шешімге бағыну дегеннің жоқтығы көп нәрсеге кері әсерін тигізді. Елде халық, Смағұл атамыздың жерлестері – 40 мыңға жуық солтүстікқазақстандықтар шулап жатты. Соның бәрін ақылдаса келе, Сенаттың – 15, Мәжілістің 28 депутаты бірігіп, Елбасына арнайы хат жазылды. Жыл басын­да қолға алынған әлгі іс-шара осы­лайша мамырға да жетті. Солайша ақыры өткен жылы мамырдың 20-сы күні Астана қала­сындағы мұсылмандар зиратында жер қойнына тапсырылды. Ал енді ұлттық пантеон дегенге келсек, «күні ертең егер Кенесары ханның бас сүйегі немесе сол секілді сүйектер табылып жатса не болады?» деген сұраққа біз әлі де дайын емес екенбіз. Астанадан жиырма шақырым жерде Қабан­бай батыр кесенесі бар. Сол жерде пантеон салуға қазір рұқсат берілді. 500 гектар жер бөлініп, мемлекет арнайы қаржы бөлгелі жатыр. Амал қанша, тарихи тұлғаларға ол жерден орын табылмай отыр, себебі кон­цеп­ция бойынша онда осы заман қайраткер­лері жатуы керек екен. Смағұл атамыздың да ол жерге сыймайтыны түсінікті. Осы рет­те «ел-жұрт, әсіресе тізгін ұстаған азаматтар алып келген сүйектің Смағұл Сәдуақасовтікі екендігіне сенбеді ме деген сауал туды көкейде. Бірақ сенбеуге еш негіз жоқ еді. Себебі кремация жасалғаны, бір уыс қана күлі құмыраға салынып, арнайы орынға қойғандығы жөнінде құжаттар бар. Сол се­бепті мемлекеттік дәрежедегі рәсім жасалуы керек еді, ол тіпті Тәуелсіздікке қызмет ететін үлкен бір шара болар еді, бірақ біз оны өз дәрежесінде жасай алмадық.
– Алаш арыстарының кезінде жалпыұлттық мәселе тұрғысындағы көтерген идеялары қазіргі Тәуелсіз елде қаншалықты қолданыс табуда? Жалпы, Алаш идеясымен астасқан ұлттық идеология қалыптастыру мүмкін бе?
– Біріншіден, Алаш зиялыларының ар­маны қазақтың азат ел болуы еді, ол орын­далды. Оған да араға ұзақ уақыт, 80-90 жыл салып жеттік. Екінші нәрсе – Тәуелсіздік деген бір деңгей, оның мазмұны деген бар. Яғни ол қандай Тәуелсіздік? Ұлтқа әперілген Тәуелсіздік пе, бұл жағы қазір күрделі күйінде тұр. Қазіргі біздің мемлекеттік тілдің жағдайы, мемлекеттік тілдегі оқулықтар, ол сонау ХХ ғасыр басында да көтерілген. Арыстарымыз білім сапасы деген мәселеге өте үлкен көңіл бөлген. Сондай-ақ олар билік басындағы азаматтардың елге қызмет етуін қатты қадағалады. Қазір жемқорлық деген мәселе қайдан туып отыр? Ол – осы күнгі адамдардың ниетінен, «е, ұрлай беруге болады екен» деген ойынан шыққан мәселе. Сондықтан Тәуелсіз Қазақстан қоғамын сапаландыру деген бүгінгі күннің міндеті және Алаштың аманаты болып қала бермек. Алаш деген кезде олардың ұлт үшін саясатқа адалдығы, саясатты сапаландыруы, білім мен ғылым, мәдениетті ұлтқа қызмет еткізе білгендігі бізге тастап кеткен аманаты екенін сезіну шарт.
– Алаш институтының жұмысына тоқталсаңыз?
– Негізінен, «Алаш» мәдени және рухани даму институты үш бөлімнен тұрады: тарих пен мәдениет бөлімі, екінші – мәтінтану, үшінші – насихаттау бөлімі. Негізгі маманда­рымыз – Астана қаласындағы Еуразия ұлт­тық университетінің ғалымдары. Сырттан таяуда «Азаттық» радиосының қызметкері, Әлихан Бөкейханұлының жеті томдығын шығарған Сұлтанхан Аққұлұлы деген азаматты алдық. Біз осыған дейін не істедік? 2006 жылдың соңында құрылдық, содан бергі алты жылда бірсыпыра мәтін даярла­дық. Смағұл Сәдуақасовтың екі томдығы, Қошке Кемеңгеровтің үш томдығы, Қайрит­дин Болғанбаевтың бір томдығы, Сәдуақас Ғылмани деген кісінің кітабын құрастыру секілді біршама еңбек жасалды. Сосын Сібірде, Омбыда, Солтүстік Қазақстанда ел арасынан табылған қолжазба кітаптарды шығарғалы жатырмыз. Ал енді екінші бағыт – біз заманның игілігін пайдаланып, шетелдерде 200-ге тарта ғылыми мақала  шығардық. Монографиялар тағы бар. Біздің жұмысымызды, шыны керек, жеке демеуші­лер қаржыландырды. Гранттар ұтып алып, біз қазір француз, ағылшын, немістерге арналған қазақ тілі әдістемелік еңбектерін шығардық. Оларға біз Алаш зиялыларының ойлары мен өмірбаяндарын сол тілде дайындап беріп жатырмыз. Тарихи, Алаш жәдидшілдігіне, Еуразияға байланысты бір­неше сөздік даярладық, бұлардың барлы­ғында Алаш ұғымы негізгі орын алады. Ал енді ел арасындағы қолжазба кітаптар дегенге келсек, бұл өзі қызық нәрсе. Бізде дамымай қалғанымен, Қытайда, Түркияда қолжазбаларды зерттейтін арнайы орталық­тар бар. Мысалы, тәскери дейтін, біздің құлағы­мызға көп сіңбеген дүние бар. Шоқан Уәлихановта кездеседі, айталық, сіз бір кітапты қарап отырсыз, қолжазбадағы бір нәрсеге ойыңызды білдіріп, жанына жазасыз. Сол жанындағы жазғаныңыздың өзі зерттеледі, ол адам сол тұста неге оны жаз­ды, нені зерттеп жүрді деп. Тәскери деген – бір қолжазбаны екінші қайта көшіру, одан кейін екінші бір қосымша зерттеу. «Оның атқарған рөлі қандай болды?» деген­ге келсек, ол кезде бүгінгідей жаппай шығатын кітап жоқ, баспадан көп болса бір кітап 1000 данамен шығады. Екіншіден, Мағжаннның, Жүсіпбектің т.б. кітаптары жеке-жеке шығып, жұртшылыққа жетіп жатқан жоқ. Рухани шөліркеу деген бар ғой, сол заман адамдарының сол шөлді басу үшін ойлап тапқан амалдары. Мағжанның т.с.с ақындардың өлеңдерін қолмен көшіріп жазып, соны бір кітапша қылып таратады. Біздің қолымызда қазір Омбы, Орынбор секілді қалалардан жекелеген азаматтардың қолынан табылған екі-үш осындай тәскери бар. Бұған байланысты арнайы зерттеу жүргізуге болады, себебі сол заманның рухани сұранысын қанағаттандырды ғой. Кітаптың негізгі міндеті – адамдарға рухани ләззат беру. Сондай-ақ Сәдуақас Ғылмани деген тұлғаны зерттеп жатырмыз. Қазіргі ұрпақтың бұл кісіні аса көп білмейтіні өкінішті, әйтпесе ол 1952-1972 жылдар аралығында Қазақстан қазиятын басқарған. Қазият деген – бүгінгі тілмен айтқанда, діни басқарма десек, ол кісі сол тұстағы еліміздің Бас мүфтиі болды. Мүфтият Ташкент қаласында болды. Сол тұстағы зиялылар мен діндарларға төнген нәубетте бұл кісі де атылып кетуі керек еді, бірақ көрер жарығы бар екен, тірі қалды. Алайда 1929 жылдан бастап қудаланып, содан 1946 жылға дейін Сібір ормандарында қашып жүрген. Сосын елге келгенде, біртіндеп елде дінге рұқсат беріле бастаған болатын. Кезінде діндар адамдардың бәрін атып тастаған, енді келіп дінбасы болуға лайық адам таппай, дал болып тұрған кез еді. Сондықтан Сәдуақас Ғылманиды бірден дінбасы етіп тағайын­даған. Ал ол кісінің біз жариялаған кітабы – сол қудаланып жүрген кезде жазған еңбектері. Бізде өзі қызық жағдай, 1930 жыл­дары жазылған Алаш зиялыларының ешқандай дүниесін таппайсыз, тіпті Сәкен­дердің де. Ахаңдар 1929 жылдан кейін еш нәрсе жазбаған. Себебі қудалауға түсіп, шығармашылыққа ден қоятындай жағдайлары болмаған. Одан қалса, сол кезде жазғандарын ұстаған кезде өртеп жіберді. Ал мына Сәдуақас атамыз соның бәрін жинақтап жүрген. Былайша айтқанда, Сәдуақас Ғылмани шығармашылығын Алаш кезеңінің жалғасы деуге де болады.

Алашқа айтар датым...
Смағұл Сәдуақасовтың біздің дәуіріміздегі жағдайы қоғамды, жалпы зиялыларды ойландыратын жағдай болды. Өкініштісі сол, ұлт үшін күрескен тарихтағы белгілі тұлғаларды қадірлеуде имандылық жолмен іс-шаралар жасуға біз дайын емес екенбіз. Бірақ уақыт деген өз орнында тұра бермейді. Тарихты біз ғана жасамаймыз, бізден кейін де тарихты парақтайтын тұлғалар келеді. Сондықтан бұл мәселе әлі де күн тәртібінде қала береді. Смағұлды біз әлі де насихаттауымыз керек, басын қарайту керек. Әлі де, мүмкін, лайықты орнын алып қалар деген үміт басым. Себебі әйгілі Тарас Шевченко бірнеше мәрте жерленген. Қазір ол өз жерінде жатыр. Қазақта «қара мола» деген бар. Бір кісінің сүйегін қайта жерлеуді солай деп атайды. Міне, осы Смағұл секілді тұлғалар өз орнының айқындалуын әлі де талап етеді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста