Маршал Жуков америкалықтардың армиясына қарсы оқ жаудыртыпты

Маршал Жуков америкалықтардың армиясына қарсы оқ жаудыртыпты

Сейдалы Жарқынбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері:

Біздің буын соғысты көрген жоқ. Ол жайлы біз кітаптардан оқып, теледидардан көрдік. Сөйте тұра кеудемізде әлі күнге сол кезден қалған сыз бар. Себебі біз ол соғысқа ата-бабаларымыздың жаны мен қанын бердік, апа-әжелеріміздің маңдай тері мен көз жасын бердік. Және де арамызда сол Ұлы Отан соғысының ардагерлері аз да болса бар. Жыл санап қатарлары сиреп бара жатқан қарт майдангерлерді тыңдай қалсаң, көкіректері – бейне сыр сандық. Солардың бірі – жұртшылық арасында аты көп аталмағанымен, соғыстың сонау басынан соңғы күніне дейін көріп, талайды басынан өткерген Сейдалы Жарқынбаев ақсақал. «ХХІ ғасыр солдаттары» атты кітапқа аты-жөні енген төрт қазақтың бірі. Атамыз 120-шы атқыштар дивизиясының құрамында Сталинград шайқасына қатысып, содан кейін І Беларусь майданының құрамында болып, Кенисбергті, Польшаны азат етуге қатысқан. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін І дәрежелі Ұлы Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Қызыл жұлдыз» ордендерімен қатар бірнеше медальдарды көкірегіне қадаған. Бүгінде жасы 88-ге келген Сейдалы атаның әңгімесін тыңдауға әдейі іздеп бардық.
– Бүгінгі Тәуелсіздік таңы үшін сіздерге қарыздармыз. Кешегі қан майданда сіз секілді ерлеріміз жерімізді жаудан қорғап қала алмаған­да бүгінде қандай жағдайда бо­ла­рымыз белгісіз еді. Сол соғыстың біт­кені­не 65 жылға жуықтап қалыпты. Есіңіз­де қалған естеліктермен бөлісе отырса­ңыз...
– Мен соғысқа 1941 жылдың 12 жел­тоқ­санында алындым. Ол кезде жасым 19-да болатын. Жан-жақтан келген жап-жас өрімдей жігіттер осы Алматыдағы Совет­ский көшесі, 28-үйде орналасқан ескі театр­ға жиналдық. Қолдарына күрек пен қай­ладан басқаны ұстап көрмеген ауыл ба­лаларын осы жерде әскери жаттығуларға баулып, қару ұстану, түрлі қорғану айла­-әдіс­терін үйретті. Мені саперлар ба­тальо­н­ы­­на бөлді. Сонда есімде қалғаны – сол­даттан гөрі сапердің жүгі өте ауыр әрі аса қатерлі екен. Бір қате жіберсең бітті, өле­сің деген сөз. Содан 1942 жылдың ма­мыр айында біздерден ант қабылдады да, соғысқа жіберді. Эшелон толы жігіт­тер туған жермен қош айтысып, майданға аттанып барамыз. Вагонда орынның тар­лығы сондай, бір жақтан екінші жаққа аунау­дың өзі мұң. Содан Куйбышев ар­қы­лы Қазанға жеттік. Қазанда бізден 120-шы атқыштар дивизиясын құрды да, Саратовқа жіберді. Саратовта бір ор­ман­­ның ішінде соғысқа әзірлендік. Күн сал­қын, жауын-шашынды, үстімізде «тело­грей­ка» деп аталатын жұп-жұқа киім ғана бар. Пана да жоқ, ағаштардан кесіп-ке­сіп, күрке секілді бірдеңе тұрғызып, сон­да екі айдай тұрдық. Құдайдан күнде бізді тезірек майданға жіберуін тілейміз. Сонда баламыз ғой, бар ойымыз: соғыста жаралансақ, бізді ауылға қайтарады. Шіл­де айында дайындығымызды тексе­ру­­ге Ворошиловтің өзі келді де, «әлі дайын емес» деп, тағы бір айға қалдырып кет­ті. Әйтеуір, тамыз айы дегенде үстімізге бір­с­ыпыра киім беріп, қару-жарақ асын­ды­рып, 600 шақырым жердегі Сталинград май­данына жаяу аттандырды. Себебі еш көлік жоқ, болғанымен де төбемізден құс­ша ұшып жүрген жау ұшағы оқ жауды­рып жүргізбейді. Сондықтан тек түнде ғана еркін жүреміз, күндіз сай-сала, шұң­қыр­ларға жасырынып, бұқпантайлап әрең жүрдік.
– Майданға жетпей қайтыс болғандар да болған шығар?
– Әрине, күн сайын қанша әскеріміз қаза табады. Тек қана оққа ұшып емес, күндіз-түні тоқтаусыз жүріп отырғаннан және аштықтан да. Жолда өліп жатқан­дар­ға қарайлауға мұрша да жоқ. Тіпті кім­­нің қай тасада қалып жатқанын да біл­мейміз. Күніне бір метр тереңдіктегі тран­­шея қазуды бұйырады. Сөйтсек, оны­­мыз шегінуге тура келген жағдайда өзіміздің тығылатын жеріміздің дайын болуы үшін екен ғой. Күндіз жүріп бара жатып көзің ілініп кетеді. Аяқтарыңның өзі де соған үйренеді екен ғой, көкірек көзіңмен көріп кете бересің, қалың ұйқыға кеткенде барып бір нәрсеге соғылып, тарс етіп құлайсың. Содан қолын, аяғын сын­ды­рып алғандар көп болды. Содан не керек, 11 тәулік дегенде ұрыс жүріп жат­қан жерге келдік қой. Жетуге бір тәулік қал­ғанда азық-түлігіміз таусылып, құр сумен күнелттік. Өзен жағалап, бұта-бұта­ны паналап келеміз. Кейбір жерде тіпті батпаққа батып та кетесің. Содан бір траншеяға шықтық. Қарасақ, сонадайда танкілер қаптап тұр екен. Менің қолымда ауырлығы 30 келі келетін ПТРС қаруы. Енді танкінің қасына келдік қой, жағдайымыз біршама тәуірленер деп қуанып қасына барсақ, ананың барлығы да қираған тан­кі­лер екен. Көңіліміз су сепкендей басылып қалды. Бізге қорғану үшін окоп қазу керек, ал ана жердің қаттылығы де­ген сұмдық! Ал қылт етсең, оқ ұшырып түсі­реді. Әйтеуір, әзер дегенде бір окоп қазып ал­дық та, сәл дамылдап жатыр ек, бәріміз ұйықтап қалыппыз. Қанша күндік жолдан көз ілмей, қалжырап шаршағанбыз ғой. Оянғанда төбемізде заулап жатқан ұшақтарды көріп, қорқып кеттік. Дауыстап бір-бірімізді түгендеген соң барып, көңі­ліміз орнына түсті. Сол жерде тура 11 күн болдық. Ол жерде бір биіктік бар, мін­детіміз – соны алу. Күнде не күн бат­қан­да, не түн ортасында, тіпті кейде таң алагеуімдеп атып келе жатқанда сол жерге аттанамыз, бірақ күнде жартымыздан көбіміз қырылып қайтамыз.11 күн бойына түк те бітіре алмадық, тек қырыламыз да қайтамыз. 12-күні қолымды оқ тесіп өтіп, иығымды жаралады.
– Жараланғандарға дәрігерлік көмек көрсететін мамандар жүрді ме қастарыңызда?
– Жоқ, қарағым. Ол уақытта кескі­лес­кен ұрыс жүріп жатыр, біреуге біреудің қарай­лайтын мұршасы да жоқ. Кім жараланса, қо­лына жарақаты жайлы жазып береді де, өзін жаяу санитарлық бөлімшеге жібе­реді. Бастысы, аяғы сау болса, жүруге жараса болды. Жараланғандар қайтадан жаяу Саратовқа аттандық. 4-5 күн дегенде кеудемізді әзер сүйреп жеттік-ау. Санитарлық бөлімде де ешқандай тамақ жоқ, дәрі де жоқ. Тек әйтеуір жатуға мүмкіндік бар. Өзегіміз талғанда қара бидайды уатып жейміз. Енді ең қиын болған осы Сталинград шайқасы ғой. Әлі күнге ұмытпаймын, сонда мені №3313 азаматтық ауруханаға жіберді. Біршама күн жатқан соң бізді қайта соғысқа, Курскі­ге аттандырды. Күннің суықтығы сондай, теміржолдың рельсіне паравоздың дөң­гелегі жабысып қалған, жүрмейді. Вагон­ның есік-терезелері қираған, іші сірес­кен мұз. Бар-жоғы бір шақырым жерге жет­кенше үсіп кеттік. Қармен ысқылап едік, бетіміз күп болып ісіп кетті. Солай, әйтеуір, Илецк деген қалаға да іліктік. Немістер шегініп барады, біз олардың ізімен қуып отырып бір айдай жүрдік. Осы майданда екінші рет тағы жараландым. Жарықшақ тиіп, контузия алдым. Бұл жолы Тамбов госпиталінде жаттым. Одан шыққан соң І Беларусь майданына түстім. Висла өзенінің бергі жағында – біз, арғы жағалауында – немістер. 12 қаңтар күні біз жауға шабуылға шықтық. Бұл кезде 1945 жыл болып кеткен. Мен ол майданда атты әскерлер құрамында болдым. Атты әскер деген атымыз ғана, жаяу жүреміз. Бірақ біз жау жайғасып алмас үшін ертерек қимылдап отыруымыз шарт. Солайша 17 қаңтар күні Варшаваны босаттық. Қала сондай қираған, қаңыраған қабырғалар мен құбырлардан басқа түк те қалмаған. Мүлдем жоюды көздеген, бірақ біз оған жеткізбей, жауды қуып шықтық. Қаланы қанша күн миналардан тазарттық.
– Қиындығымен есте қалған қай шайқас болды, ата?
– Соғыстың қиын болмаған бір күні жоқ қой. Әр сәт сайын өмірмен қош айтысуың мүмкін. Бірақ енді Германияға кірердегі қанды қасапты тілмен жеткізу мүмкін емес. Осы күнде сондай азаптан қалай құтылып, тірі қалғанымызға таңым бар. Қазақтың «қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейді» деген сөзі рас қой. Сөйтіп, тоқтамай жүріп отырып Германия жеріне де кірдік. Соңғы бір ақтық шайқас Одырь өзенінің маңында болды. Немістер де соңғы күшін жинап, жан тапсырар алдындағы соңғы тұяқ серпудің қамына кірісті. Әр 5 метр сайын зенитка, құсша заулап оқ жаудырып жатқан ұшақтар өз алдына. Жолай қирап жатқан танкілердің бәрі біздікі. Жау барынша бізді өзеннен өткізбеуге тырысып жатыр. Өйткені одан өтсек болды, ар жағында Берлин алыс емес. Қиямет шайқасқа төтеп беріп, көретін жарығы барлар арғы бетке өткенде, біздерді маршал Жуковтың өзі қарсы алды. Ол бізді бастап, Шығыс Пруссияға кеттік. Сәуір айында Книсбергті алдық. Соңғы нысана Берлинді алу қалды. Танкілердің, қабырғалардың бар­лы­ғында «Алға, Берлинге!» деген ұран жазып алғанбыз. 22 сәуір күні бізге «1 мамырға дейін Берлинді алу туралы» шұғыл бұйрық келіп түсті. Аз ғана күн қалды, ал бірақ арада әлі Шпри өзені бар. Біз бұл өзеннен қалай өттік десеңізші? Бес-алтаудан бір қайыққа жатқызады да, өзеннің екі жағынан жіп байлап, тартып өткізді. Сәл ғана артық қимыл жасасақ, немістер бізді қырып салғалы отыр. Ол уақытта өлем деген ешкім жоқ. Әне-міне Берлинді алайын деп тұрған соң, кеудеде рух асқақтап тұр. Немістер бұл кезде біздерді әдейі атпай тұрып алды. Әбден жақындағанда қырып саламыз деп отыр ғой. Шынында, қанша қорғандық дегенде де, немістердің бекінісіне жеткенше қой­дай қырылып қалдық. Бір взводта 32 адам болсақ, содан төртеуiміз ғана тірі жеттік әлгі жерге: мен, пулеметті оқтайтын жас орыс бала, сосын взвод командирі және тағы біреу. Көбінің аттарын осы күнде ұмытып қалыппын. Жер бауырлап алға өрмелеп барамыз. Бір кезде әлгі көмекшім менің аяғымнан тартады. Не болып қалды деп қарасам, дәл қасымыздағы қайыңның ұшар басына бір немістің мергені отырып алып, біз келген жақты көздеп отыр екен.
– Ол қалай сіздерді атпай отырды? Әлде байқамады ма?
– Жоқ, байқап, көріп отыр. Бірақ егер бізді атса, өзінің аман қалмасын сезіп, тырп етпей жасырынып отырғаны ғой. Дереу пулеметімді алдым да, дәл төбемде – ағаштың үстінде отырған әлгі мергенді тарс еткіздім. Жерге жалп ете түсті. Жанымдағы серігім жалма-жан арқасындағы қапшығы мен қол сағатын шешіп алып жатыр. Ал мен «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген қазақы ырымға сүйеніп, бір нәрсесіне тимедім. Бір сағатқа жетпей әлгі серігім де көз жұмды. Үшеу-ақ қалдық. Күн еңкейіп батуға таяу қалғанда, оқ-дәріміз түгел таусылды. Араларында ең жасы болған соң, оқ-дәріге мен баратын болдым. Ол үшін манағы келген жолмен қайтадан кері қайтуым керек. Мен жаңағы ағаштан 200 метрдей шыққанша, ешкім атқан жоқ. Содан сәл ұзаған соң екі жағымнан бірдей оқ жаудырды. Жан керек қой, жата қалдым. Жер бауырлап жылжып бара жа­тыр едiм, бір уақытта кеуде тұсымды бір нәрсе жұлып кеткендей болды. Етіңді тесіп өткенде не сүйегіңе тигенде бір ауырады. Жаныңды қоярға жер таппайсың. Кейін етің үйренеді. Сондайда ішкі құрылысым жарақаттанбады ма деп түкірсем, қан жоқ. Жата бермей жылжиын деп едім, ата берді. Бұрқ-бұрқ еткен оқтар жан-жа­ғым­нан бұршақтап жатыр. Менің дема­лып, кеудемде жанымның барын олар арқам­дағы қапшығым арқылы сонадайдан ба­қылап отыр екен. Енді маған одан құтылу керек болды. Тырп ете алмаймын. Не істеуім керек? Ақырын қолымды қалтама салдым, байлап қойған пышағым бар екен. Тісіммен оны ашып, қапшығымның жібін қиып тастадым да, өзім сәл арырақ жылжып барып бір шұқырға жатып едім, жым-жырт болды. Қас қарая қайта жолға шықтым. Жол бойында өзіміздің жаралы солдаттар «Жарқынбаев, помоги!» деп қырылдап жатыр. Санитарлық бөлімшеге көнімді сүйреп әрең жеттім. Сөйтсем, қатарынан он шақты оқ кеудемді пы­шақ құсап кескілеп өткен екен. Бір оқ иығымды жаралапты. Қайта соншама оқтың ортасынан тірі қалғаным көрер жа­­ры­ғым барынан ғой. Содан алты күн санитарлық эскадронда жатқызып, 28 сәуір күні шығарды. Берлинді алуға қай­та майданға аттандым. Немістер де еш берілмей тұрып алды. Соңында дауыс зорайтқыш қосып, прожектор жағып, танкілерді айдағанда қала күңіреніп кетті ғой. 2 мамыр күні Берлин берілді. Екі күнде 124 шақырым қашықтықты жүріп өтіп, 4-і күні Эльба өзеніне бардық. Сол жерде америкалықтармен кездесетін болдық. Әлгінде айттым ғой, біздің түтігіп кеткен түрімізден-ақ немістер қорқатын. «Ойбай, кеңес әскерінің жартысы түзем­діктер, адам жейді. Сондықтан өлсең өл, бірақ берілме» деп қарапайым халық­тың құлағына сіңіргені соншалық, біз Гер­манияға кіргелі тірі неміс көрмедік. Қашып кеткен, қаша алмай қалғандары ағашқа асылып өле берген. Ақырында қара­пайым халық қырылып кететін бол­ған соң, біздер ұшақпен төбеден парақ­шалар жаудырдық. Онда «ешқандай жер­гілікті халыққа солдаттар тимейді» деп жазылған. Расында, бізде заң сондай қатал болды. Жазықсыз сәби мен қартқа, әйелдерге тиісті дегенді естісе, қандай батыр болса да жазаға кесетін. Содан кейін барып халық тоқтайтын болды. Америкалықтамен кездесейін десек, үсті-басымыз шұрқ тесік, киіміміздің сау там­тығы жоқ. Бізді бұл түрімізбен көрсетер бол­са, кім де болса шошыр еді. Шынында, адам­нан гөрі құбыжыққа жақын едік. Со­дан ертең кездесеміз деген күні біздер­­ді жуын­дырды, шаш-сақалды алдық. Киім­нің барлығын жаңадан берді. Басымыз­ға қаракөл баскиім, үстімізге сірескен жа­ңа киім, аяғымызға таза көң етік кидік. Ат­ты әскер деген атымыз болмаса, өмірі қы­лыш көрмеген бізге қылыш берді. Бәріміз­ге бірдей торы ала ат мінгізді. Аттар­ды эше­лонға тиеп, артымыздан алып жү­ріп­ті ғой. Біз кездесетін жерге барып тұр­ған­да кенеттен шу шығып, кездесу бол­май қалды.
– Не себепті?
– Біз де басында түсінбей, аң-таң боп қалдық. Кейін білгеніміз, маршал Жуков америкалықтардың армиясына қарсы оқ жаудыртыпты. Олар Сталинге шағымданып, маршалды шақыртып ал­ды. Жуков америкалықтарға бер­ген жауа­бында «оларды танымай, фашистер­мен шатастырып аттым» деп жауап берсе, Сталиннің алдына барғанда ғана «Әдейі аттым! Себебі олар соғысқан жоқ. Бізге көмектесем деп келген аты ғана болмаса, біз қанша қиналып жатқанда, қанша күн бұрын келіп алғанымен, көмектеспей жатып алды. Содан соң ең болмағанда кеңес оғының иісін сезінсін деп аттым» деп шынын айтыпты.
– Осы соғыста біздің жеңіске жетуіміздің ең басты құпиясы неде?
– Ең біріншіден, бұл жеңіс темірдей тәртіптің арқасында келді. Қатаң бұйрық бір қадам артқа шегіндірмеді, шегіндің екен, артыңдағылар сені атып тастайды. Бізден әуел баста майданға аттанарда «қасық қаным қалғанша, кеудемнен жа­ным шыққанша аянбай соғысамын» деген ант қабылдап алды. Егер Сталиннің қатаң бұйрығы болмағанда орыстардың өзі бізді кемсітіп, талап жеп қояр еді. Тәртіп қа­тал болған соң, амал жоқ, іштей жек көрсе де, сенімен санасады. Содан соң халықтың ұйымшылдығы күшті болды. Жаудың ашық қастандығын көзбен көрген соң әрбір адам өз жаны үшін бар күшін аямады. Бір үй соғыстан қалыс қалған жоқ. Кейбірде тіпті бір үйден бірнеше адам соғысқа кетіп, солардан бірінің де қайтпаған кездері болды. Қайғы біздің халқымызды күйрете алған жоқ, қайта күшейтіп жіберді.

Бізді елге 1946 жылдың соңын­да қайтарды. Сонда есте­лік­ке кө­кі­регімді жаралап алған ши­не­лім­ді ала келгенмін. Он-он бес оқ тесіп өткен, кеуде тұсында қанның дағы қалған сол шинелімді көкем мен жоқта «садақа» деп бір тәжік диуанаға беріп жіберіпті. «Қап!» деп, санымды ұрдым да қалдым.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста