Мақтануға тиіс дүниелеріміз «жабулы қазан» күйінде қалып тұр
Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ, түркітанушы, филология ғылымының кандидаты, доцент:
– Аманқос аға, ежелгі руна жазуына жаппай көшу, оны мектеп пен жоғары оқу орындарында оқыту мәселесі өзіңіз тақылеттес ғалымдар тарапынан оқтын-оқтын қозғалып жүр. Осы жөнінде не дейсіз?
– Қазіргі кезде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі журналистика факультетінің бір топ студенті руна жазуын тәп-тәуір меңгеріп алды. Ізденіп, зейін қойған жанға бұл соншалықты күрделі жазу еместігі айдан анық. Бабаларымыз іргетасын қалаған, қанымызда бар руника қайта қолданысқа енер күн туарына сенемін. Соған бәріміз қызмет етуіміз керек. Өз жазуымыз, өз тарихымыз бар ел екенімізді әлемге әйгілеу ауадай қажет. Неге «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» атауын рунамен жазбасқа:
Егер мемлекетіміздегі білім мен ғылымның, тәрбиенің қара шаңырағы саналатын іргелі оқу ордасының атауы маңдайшада төлтума таңбамызбен бәдізделсе, студенттер мен ұстаздардың көзі үйреніп, мақтаныш сезімін ұялатар еді. Университетке іссапармен шетелден келген ғалымдар, тәжірибе алмасуға келуші студенттер мен магистранттар, ізденушілер мен докторанттар, жоғары мәртебелі қонақтар руна таңбасымен бәдізделген маңдайшадағы жазудан қазақ ұлтының жасампаздық рухы мен адамзат мәдениетіне қосқан ерекше үлесі бар екенін пайымдары шүбәсіз. Әлемге есік-тереземіз ашылып, барыс-келіс көбейген сайын келім-кетім шетелдік қонақтың да қарасы аз емес екені белгілі, олардың университет маңдайшасынан іштей әсері «біреудің мәдениетін пайдаланған масыл ұлт екен ғой» деген түсінік қалыптаспасына кім кепіл. Демек, төлтума жазуды маңдайшаға шығару – мыңдаған жылдық ілім-біліміңді, мәдениетіңді жарнамалау, ұлттық мүддеңнің салтанат құруы. Бұл – тектілердің ілімі, даналардың ғылымы, жатты имендіретін рухани сес. Әрине, бұл игілікті идеяны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бастаса, басқаға да үлгі-өнеге, ғибратты іс болар еді. Ақырындап мектепте арнайы ежелгі руна жазуы мен мәдениетін оқытатын пәнді де енгізуге түрткі болар еді. Ата-бабаның рухы желеп-жебер еді. Сонымен қатар, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен еңбегін жоғары оқу орындарында оқытуды тиісті деңгейде қолға алмай отырмыз. Қазір бос мақтан көп. Ал шын мақтануға тиіс дүниелеріміз «жабулы қазан» күйінде қалып тұр.
– Өте ерте заманнан-ақ тасқа ойып сурет салған, балбал тастардың негізінде мүсін өнерімен шұғылданған қазақтың XIX ғасырдағы кейбір ірі тұлғаларының әлі күнге бет-бейнесін толыққанды айқындай алмай отырған жайымыз бар. Мұның сыры неде?
– Қазақ тасты қамырша илеген, төлтума жазуы бар, өркендеген жасампаз ел болған. Тастың пішінін келтіріп, бәдіздеу алдында кедір-бұдырын тегістеуді жазу дейді. Өңделген соң тасқа пішіп мәтіннің таңбаларын салады. Осы үдерістің толық дайын болуын «бітік» деп атаған. Орыстың «пишу», «печать» дегені біздің «пішуден» алынған. Ислам діні қазақ жеріне алғаш келгенде сурет салуға тыйым салынды. Соның кесірінен көп мұраны сақтай алмадық. Ежелгі дәуірді бірен-саран ғалымдар зерттеп жүр. Тарихи мұрамыз кімге керек? Келешек ұрпаққа қажет. Басқа жұрттың алдында ұялмай, «біздің де құр ас ішіп, аяқ босатып қана қоймай, күллі адамзат мәдениетіне қосқан сүбелі үлесіміз бар» деп көрсетуге керек. Қазірдің өзінде кейбір дінді жамылған дүмшелер ежелгі дәуірді зерттейтін ғалымдардың соңына түсіп, күстәналайды. Империяның төмпеші өтіп кеткен бе, әлі рухани есімізді жия алмай, қанатымызды жазып, шын серпіле алмай келеміз. Көнбістеніп кеткеніміз сонша, өзіміздің төл тарихымызға мүлде бет бұрғымыз жоқ. Алдыңғы ақ патша, кейінгі кеңес өкіметі заманында жерімізге аннан қашқан, мұннан қашқан қаны бұзылған қиық құлақтарды, тексіздерді қоныстандыру саясаты жүргізілді. Қызыл империя әртүрлі ұлттарды қазақ ішіне депортациялап, ұлттық әдет-ғұрпымызды, салт-санамызды шайып, тілімізді бұзуға ұмтылды. Балбал тастарымыздың көбін сол тың игеру науқанын желеу етіп, жер бетінен жойып жіберді. Арабтар сурет, мүсін өнеріне тыйым салған соң, құлпытастар пайда болды. Құлпытас – бабалардың ақпаратты тастың пішіні мен таңба арқылы кұпиялап жеткізген, яғни құлыпқа салған жазуы. Бұрын дана қағандар мен ел қорғаған есіл ерлерге, даңқты батырларға арнайы мүсін қойып, ескерткішке көрсеткен ерліктерін баяндаған. Биік тұлғалардың өліміне күннің көзі өшкендей қайғырған. Аспандағы күнді ақылдың күші, өнердің тілімен жерге түсірген. Моңғолия өңірінде күннің көзі бейнеленген төрүк қорғандары жиі ұшырасады.
– Батырлыққа үндейтін, ұлттық рухты көтеретін тасқа жазылған жырларымыздың маңызы мен мазмұны туралы айтып берсеңіз.
– 2-3 жыл бұрын Күлтегін, Білге қаған, Тонұқұқ ескерткіштерін көріп қайттым. Даңқты қайран бабаларымның басына тағзым етіп, Орқұн өзенінің жағасында ақ қойдың қанын шығарып, бір күн, бір түн рухымен сырластым. Мұндай жазуы бар ұлт – бақытты. Елімізде таяқ тастаса, ғылым докторы, профессор, академикке тиеді. Бірақ сол оқымыстылар дана бабаларымыздың қадірін білмей, ілімін түйсінбей, ғылымына қанықпай отырғаны өкінішті. Сол – атақ-лауазымынан ат үркетін оқымыстылар мен жыл санауымыздың I ғасырындағы қайран қара шалдарымызды таразыға безбендесе, дала академиктерінің даналығы, ойлау қабілеті, өре деңгейі басып тұратынына менің еш күмәнім жоқ.
«Үзе көк теңрі асра йағыз йер қылынтуқда екін ара кісі оғлы қылынмыс. Кісі оғлунта үзе ечүм апам Бумын қаған, Істемі қаған олурмыш. Олурпан төрүк будуның ілін төрүсін тута берміс іті берміс.
Төрт булың қоп йағы ерміс. Сү сүлепен төрт булуңдақы будунығ қоп алмыс, қоп баз қылмыс, башлығығ йүкүнтүрміс, тізлігіг сөкүрміс. Ілгерү Қадырқан йышқа тегі, керү Темір Қапығқа тегі қонтурмыс» (КТү., 1, 2.).
«Үстінде көк аспан, астында қоңыр жер жаратылғанда, екеуінің арасында кісі оғлы қылынған. Кісі оғылында [бұ дүниеде өмір сүрген адамдардың қатарынан] жоғары тұрған Бумын қаған мен Істемі қаған аталарым ғұмыр кешті. Төрт бұрыштың барлығы жау еді. Төрт бұрыштағы [жаумен] соғысып, басы барын жүгіндірген, тізесі барын бүктірген, ілгері Қадырқан үстіртіне дейін, кері Темір Қақпаға дейін қондырды». Бұл реалды дүние жаратылған дәуірден тікелей жүргізген тарихи репортаждай әсер қалдырады. Мұндай ақпаратты сақтау мен тарату, мәңгі есте тұту әдісі өктемсіген орыс пен еуропалықтарда ол шақта исі де жоқтығы қайран қалдырады. Өкініштісі, С.Е.Малов аудармасында осы жолдардың мағыналық астарын жетік түсінбегендіктен, сөйлемнің ақпараттық мазмұны едәуір ауытқыған. Бұл мәтінді оқығанда бойыңды мақтаныш билеп, рухтанарың сөзсіз. Моңғолия аймағында, тіпті Маңғыстау өңірінде бөрітастар мен қойтастар әлі сақталған. Мұқият қарасақ, Күлтегін ескерткішінің басынан да бөрі бейнесін аңғарамыз. Басқа да бітік тастарда сақталған. Бұл – ата-бабаны көкке көтеру. Қазақ төрге шығарса да, төбесіне ешкімді шығармаған. Мұның өзі батырға тән жомарттық, мәрттік мінездердің нышаны. Соғыс – өмір мен өлімнің арпалысы. Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орынды аламыз. Ол – бабалардың қаныменен бізге мұра болған байлық. «Дүниенің кеңдігінен не пайда, етігің тар болса» деген қалада да, далада да азаматтарымызды жер теліміне телміртіп, жылдар бойы сандалтып қойдық. Қазақта «Жақсы әке – жаман балаға қырық жыл азық» деген нақыл бар. Жері жоқ ел – жетім. Дағдарыс жаһандағы іргелі патшалықтарды қинап тұр. Асып-тасқан өңдірісіміз болмаса да, жеріміздегі табиғи байлық қоры арқасында қиыншылық көрмей келеміз. Егер осы бастан қам қылмасақ, табиғи байлық қорымызды ұқсатып, бұйымға айналдыруды іске жарата алмасақ, оның да таусылатын уақыты болады.
– Бір әңгімеңізде «Қазақтың Меккесі – Хантәңірі болуы қажет» деп қалдыңыз...
– Алатаудың әуелгі атауы – Тәңіртақ. Қытайлар өздеріне бұрып «Тәңіршан» деп атаған. Кейінірек Қытай өз мүддесіне жақындатып, әлемдік географиялық картаға «Тянь-Шянь» болып енді. Исламның келуіне байланысты Тәңірге байланысты атаулардың бәрі өзгертілді. Тәңір дінінде схоластикалық соқыр сенім жоқ, адам мен табиғат арасындағы үйлесімге, сәйкестікке құрылған. Тіліміздегі көкті жұлма, суға қоқыс тастама, құмырсқаның илеуін бұзба, күлді баспа т.т. сақталған тыйымдар – о бастағы Тәңір дінінің ұстанымдары. Біздегі теолог ғалымдар бұл туралы сыңаржақ пікірде. Тәңіртақтың биік шыңы – Хантәңірі. Хантәңірі жердегі Құдайдың белгісі. Хантәңірінің Қытайға қараған жағын жергілікті қазақ Боғда тауы дейді. Оның етегіндегі көлді де Боғда деп атайды. Біздің ежелгі қағанатымыз дәуірлеген шақта бүгінгі Қытай, Моңғолия аумағын мекендеген ұлттар мен ұлыстар Боғда тауына құлшылық етіп, Боғдаханға сиынатын дәстүр болғаны – тарихи тасқа түскен ақиқат. Хантәңірі мен Боғда мәндес сөздер. Ежелгі тілімізде «Бод», «Боғда» Тәңір, Құдай, Жаратқан деген ұғымды білдіреді. Бодтан Будда, Боғдадан орыстың «Бог» сөзі қалыптасқан. Тіліміздегі «бодан» сөзін төркіндетсек, «Бод» – Тәңір, Құдай, Жаратқан + «ан» – ие = «Тәңір ие», «Құдай ие», «Жаратқан ие», ауыспалы мағынада «мемлекет ие[лігінде]’ дегенді білдіреді. Түсіндірме сөздікті құрастырушылардың «бодан» ұғымын «еркінен айырылған, құл» мағынасымен егіздеуі қисынға мүлдем келмейтін, қате пайымдау. Орыстың «подданный» сөзі «бодан» атауынан алынған. Моңғолиядағы Бес Боғда тауы атауының мағынасы да осыған саяды. Қазақ «Тәңіріңнің құдіретін көрем десең, тауға бар» деп бекер айтпаған. Тәңірлік сенімнің канондары қазақтың өмір сүру дағдысына сіңіп кеткен. Ежелгі дәуірде Хантәңірі исі төрүктің сиынатын қасиетті орыны болған. Қазақтың әкімшілік-аумақтық жүйелеуі бойынша үш жүзі – ұлы [биік] жүз, орта жүз, кіші жүз осы Хантәңіріне байланысты белгіленген. Хантәңірінің айналасындағы қазақтар – ұлы жүз, онан арғысы – орта жүз, шеттегісі – кіші жүз.
– «Наурыз» сөзін «Ұлыстың ұлы күні», «Ұлыс күні» деп өзгерту жөнінде бастама көтеріп жүрсіз. Әлемнің көптеген елі осы мейрамды тойлайды. «Наурыз» – солардың көпшілігіне ортақ сөз. Сіздің бастамаңыз – жаһандық атаудан бас тарту емес пе?
– Сөз – магия. Егер өзімізде барды менсінбей, өзге жұрттың сөзін қолдансақ, сол елдің мәдениетін қабылдаған боламыз. Жылдың басы саналатын мейрамды ежелден қазақ «Ұлыстың ұлы күні» дейді. Парсының «Наурыз» атауын қазаққа келгенге дейін де жұртымыз жыл басы ретінде тойлаған. Өйткені көшпелі қазақ тіршілігі: жаз – жайлау, күз – күзеу, қыс – қыстау, көктем – көктеу, жылдың төрт мезгілін экологиялық тиімді пайдаланған. Көшпелі өмір салты табиғатпен қойындас тіршілік еткен соң, аспан денелерінің сырын өте-мөте қанық білді. Дала астрономдары аспан денелерінің қозғалысын жіті бақылап, өмірде тәжірибеден түйген тұжырымына сүйенді. Халық есепшілерінің «Үркер үйден көрінсе, үш ай тоқсан қысың бар, ел жатқанда Үркер жамбасқа келсе, жаз шықпағанда несі бар», «толған ай тұрса үркерге қарсы қарап, қыс түсер шақырайып, боран сабап», «қыстың соңы жеті тоғыс, көктем басы бес тоғыс» деген сияқты мәтелдер соған айғақ. Аспан шамшырақтарын қасиеттеп ұл-қыздарына ат қойды: Күнсұлу, Айсұлу, Жұлдыз, Айжарық, Айбек, Шолпан, Болпан т.т. «Ұл[ы]т», «Ұлыс» ұғымы біздің ежелгі тотемдік наным-сенімімізден қалыптасқан бөрілік дәуірден бастау алады. Тәуелсіздікпен бірге төл мейрамымызды қайта жаңғырттық. Ендеше, кез келген саладағы төлтума атауларымызды қайтаруымыз қажет. Ұлттың дербестігін, ерекшелігін білдіретін барлық маңызды элементтер: амандасудан бастап, аты-жөнімізді ресми дұрыс таңбалау, мемлекеттік рәміздік мағынасы бар атрибутқа дейінгі кілтті сөздер бағзыдан жеткен төлтума атаудан құралуы тиіс. Бұл біздің өркениетімізді, мәдениетімізді, жасампаздығымызды, мемлекет болғанымызды куәлікке тартып, дәлелдейтін – осындай байырғы атауларымыз. Енді төл атауларымыз ұмыт қалып, шеттен келген сөздерді пайдаланып жүрміз. Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деуінде гәп бар. Зады, бұл – терминолог ғалымдардың қателігі. Терминкомда жұмыс істейтін ғалымдардың кәсіби біліксіздігі мен өресіздігінен ұлттық мүддемізге нұқсан келетін кемшіліктер жіберілді. «Наурыз» сөзі бізге парсыдан енді. Парсылар болмаса, қазақ осы тойды тойламас па еді?! Жалпы, еуроцентристік оқымыстылардың қазаққа тән құндылықты қарадай қызғанып, парсыға бұратын ауруы бар. Бұл біздің дұшпандарымыздың саяси мүддесіне орай, ғылымды қолжаулық етуі. Кеңес Одағының ғылыми мектебінен өскен қазақ ғалымдары да орысқа жалтақтап, солқылдақтық танытатын әдетінен әлі жаңылған жоқ. Есіктен табылған Алтын Адамды, оның жанындағы күміс тостағандағы жазуды да «беткеұстар өз білгіштеріміз» парсыныкі деп, қазаққа қиғысы келмей біраз тулағаны естен кетпейді. «Ұлыстың ұлы күні» деген мейрамның атауын қазақта білмейтін жан жоқ. Мемлекеттік билік уыстан шығып кеткен дәуірде «Ұлыстың ұлы күні» деп ресми тойлауға ерік бермегені – түсінікті жайт. Кеңес өкіметі тұсында ұлтшылдықпен байланыстырды, тіпті, «діни мейрам» деп тыйым салғаны да мәлім ғой. Бұхар жырау бабамыз: «Жар басына үй тікпе, дауыл соқса, үй кетер; Жатқа тізгін бермеңіз, жаламенен бас кетер» демеді ме?! Ұлттың мейрамы түгіл, қазақтың ары болған алтын басты азаматтарымыз нақақтан-нақақ атылып, асылып, абақтыға тоғытылды, миллиондаған бейкүнә жандар аштан қатырылып, сүйегі көмусіз, далада шашылып қалғаны – Бұхар бабамыз айтқандай, биліктің тізгінін жатқа ұстатқанның кесірі. Өз билігіміз өзімізден сусыған дәуірде қасиет тұтқан киеміздің бәрінен айырылдық. Енді сол олқылықтың орнын толтырып, өшкеніміз жанып, жоғалтқан асыл қазынамызды түгендеу үстіндеміз. Бұл алауыздықтан тапқан тарихтың бізге берген ащы сабағы. Сондықтан оны әлсін-әлі қымыз піскендей қайталап, буын-буын өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие болу үшін еске түсіріп тұру парыз.
– Ежелгі жазбаларымыздан «Ұлыс күніне» байланысты қандай да бір тың деректерді кездестіре алдыңыз ба?
– Мынандай жағдайды ескеруіміз қажет. Осы уақытқа дейін бізге жеткен тас бітіктер түгел емес, бірақ жұрнағы қалды. Ұлттық идеологиямызды айқындайтын көптеген жәдігер дүниелер жойылған. Орта ғасырда арабтың әскербасы әл-Мүслим Кутейба қазіргі қазақтың жерінен бастап, Қашқарға дейінгі аралықтағы тас бітіктерді мыңдаған қолмен бірнеше жыл қатарынан тып-тыпыл етіп құртты. Өйткені маң дала тас бітіктерге толы болатын. Бұл көшпелі қазақтың саяси санасы мен азаматтық ұстанымын, отаншылдық сезімін тәрбиелейтін қасиетті құрал еді. Ұшқан құстың қанаты талатын ұшы-қиырсыз аумақта тас бітіктен тұратын дала кітапханасы қазақтан басқа жер бетінде салыстырарлық бірде-бір халықта болған жоқ. Ол – тек кітапхана ғана емес, әрі мұрағатымыз, әрі мұражайымыз еді. Тас бітіктерге жер тарпыған тұлпармен сейіл құрып, көзбен көріп, оқыған-тоқығанын қолмен ұстап, сол кездің оғыландары бабалардың алақанының табы қалған киесін бойына сіңіріп, рухтанып қайтатын. Дала мемлекетінің өз заңы бар. Кім болса, соған бітік тастың жұмысымен айналысуға рұқсат берілмеген. Тек абыздар ғана ұлттық мүдде тұрғысынан сүзгіден өткен шынайы ақпаратты жазу-сызумен шұғылданған. Жазу дегенді ерекше қастер тұтқан, қасиет санаған. Қазір кітап таралыммен дүкен сөрелерінде тұрады. Қалаған кітабыңды жата-жастана оқуыңа, құлағыңа тығып қойып тыңдауыңа толық мүмкіндік бар. Ол кезде тас бітікке арнайы өз аяғыңмен баруың керек-тұғын. Сол тас бітіктен бүгінгі қағаз кітап, заманауи электронды нұсқасына дейін адамзат мәдениеті дамудың эволюциялық ұзақ жолынан өтті. Ақпаратты таратып және сақтайтын құралдың сатылап сапалық өсуі технологиялық жасампаздыққа байланысты. Демек, бұл саладағы заманауи технологиялық жетістіктің бас тұғыры – тас бітік, яки тас кітап екенін ұмытпаған лазым. Әлемдегі ілкі жазулардың бірі де сол – біздің руна таңбаларымен бәдізделген. Тарихын тасқа жазған елдің ұрпағымыз. Алайда IX-X ғасырларда дәуірлеп тұрған қағанатымыздың саяси дағдарысқа түскені мәлім. Дәл осы көшпелі қағанаттың осал тұсын сәтті пайдаланған арабтар шапқыншылығы аяусыз болды. Қазақ даласына арабтардың ислам дінін енгізуі – тасқа жазылған ғажайып ескерткіштеріміз бен мұраларымызды жою, төлтума руна таңбасымен сауаттанғандарды бірін қалдырмай қырғынға ұшыратумен жүзеге асты. Бәлкім, Талас бойынан табылған руника таңбасымен бәдізделген он тас бітік – әл-Мүслим Кутейбаның жорығы кезінде көзге түспей, қалтарыста қалып қойған, Құдайдың бізге жасаған сыйы болар. Жәдігердің тағы бірі – Қазақстанның бренді саналатын, біздің жыл санауымыздан бұрынғы V ғасырдағы тарихи-археологиялық сирек құндылық – Есіктен табылған Алтын Адам жанындағы күміс тостағандағы жазу. Жер-ана қойнына жасырылған бағзы ескерткіш қазынамыз әлі талайы табылары шүбәсіз. Арабтың аяғы тимеген ата-бабамыздың қоныстанған мекені бүгінгі Моңғолия өңірінде аспан асты, жер үстінде мыңдаған жыл бойы жел-құздың өтінде тұрып сыры кетсе де, сынын жоғалтпаған тас бітіктеріміз бен мүсін өнеріміз тұнып тұр. Бумын қаған, Істемі қаған, Білге қаған, Күлтегін, Тонұқұқ, Мөде қаған, Аттила [Аттылы], т.б. мәңгі тасқа жазылған қаны таза төрүк даналары рухының алдында тағзым етіп, көше, даңғыл, гүлзар, ескерткіш мүсінін орнатуға, деректі, көркем фильмдер, бөбектерге арналған мультфильм дайындауға ақыл шіркін жетпей отыр. Сол баяғы жат жұрттың ауызға салып берген XV ғасырда мемлекетін қайта тіктеген Қазақ хандығынан тарихын бастауды әйтеуір, жаңылмай тоты құстай қайталап келеді. Бұл – Қазақстанда тарихи сананың сауығу құбылысы тасбақаның жүрісіндей баяу қозғалуына дәлел. «Ұлыстың ұлы күні» деген тіркесті қазақтан өзге бірде-бір төрүктілдес елдерден кездестірмейсіз. Жер жүзіндегі алғашқы жазулардың бірегейі руника десек, сол «руника» сөзінің шығуы «ру», «ұлыс» ұғымдарымен астасады. Қазақтың рулық таңбалары бічік, яки жазу әріптерінің бір парасы. Осы рулық таңбалар орыстың, көптеген Еуропа елдерінің геральдикасына негіз болғанын да біліп қойған жөн. Рулардың конфедерациясы – ұлыс. Ұлыстың ұлы күні – кішігірім рулық мемлекеттердің бірігуінің символы. Ахмет Байтұрсынұлы біздің әдеби тілімізді қалпына келтіруге өлшеусіз үлес қосты. Ахаңның қазақ терминологиясына сіңірген еңбегі үшін алтыннан ескерткіш қойса да, артықтық етпейді. Басқа жұрттар бізді «милләт» деп жазып, осы атауды сөздік қоржынымызға енгізуге барын салды. Сол дәуірдегі әдеби тілдің өзінде араб-парсы сөздері мидай араласып, төрүктік сөздік қорымыздың берекесі қашты. Ахаң тіл тазалығы мен мәдениетіне барынша көңіл бөлді. Ол «милләттың» орнына өзіміздің «ұлыт», «ұлыс» атауын сөздік қорымызға қайта оралтты. Империя өз мүддесі тұрғысынан әліпбиді өзгерткенде сингармонизм заңдылығы бойынша жазылатын «ұлыт» сөзінен «ы» дыбысын алып тастап, оның айтылу әуезділігін бұзды. Өктем империя Ахметтер шейіт болған соң орфографияны қайта-қайта өзгертіп, қазақ тілін ақсатуға тырысты. Тілдегі әуез бен әуенді алып тастау арқылы адамның психологиясына кері әсер тудырып, қазақ сөзінің энергетикалық қуатын солғындату саясаты жүргізілді. Бөрінің ұлуы негізінде туындаған «ұлыт» пен «ұлыс» атауы бір-біріне мәндес синоним. Біз – «дала серісінің» қайсарлығы мен ақылдылығына, мәрттігі мен шыдамдылығына, сезімталдығы мен табандылығына, иісшілдігі мен тістегенін жұлып алатын жойқын күшіне еліктегенбіз, осы мінездерін бойымызға сіңіргенбіз. Себебі төрт түлік мал шаруашылығын кәсіп еткен көшпелі қазақтың бөрі ең басты оппоненті. Сондықтан біздің жұрт бөріні әбден зерттеген. Сонан да болар, бөрі біздің тотемдік-атамыз. Ұлысу деген ұғым бар. Ұялас қасқырлар әлдебір қауіп-қатер төнгенде, ұзақ сапарға шығар алдында ұлып, ұяластарын шақырады. «Ұлыс» сөзінің екінші мағынасы бірігу дегенді білдіреді.
Наурыз айын тас бітікте «Ілкі ай», яғни «Бірінші ай» деп атады.
Ұлыстың ұлы күнінің қоғамдық-әлеуметтік маңызы – көшпелі ел табиғаттың қатал сыны ауыр қыстан соң ұлан-ғайыр аумақтағы шашыла қонған рулардың бір-бірімен қуаныса қауышуы, мәре-сәре боп көрісуі, тұтастығы мен татулығы, жарастығы мен ықпалдастығының рәмізіндей атаулы мейрам. Бұл ұлысу – Еуразия кеңістігін мекендеген тілі мен дүниетанымы, салт-санасы мен дәстүрі ортақ рулардың конфедерациясына негіз болған, яғни Қазақ этносының біртұтастығын айқындаған есте жоқ өте ежелгі дәуірден сыр шертетін қасиетті күн. Қазақ бір-біріне бұл күні тілек білдіргенде: «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» – деп ұрандайды.
Этнографтарымыз нақ осы күнге қатысты қаншама ұлттық рәсімдерді хатқа түсірді. Дегенмен олардың ежелгі графикамызды білмейтіндігі «ұлыс» ұғымын талдауға кедергісін тигізді. Сондай-ақ біз «наурыз көже» деп жүрген ұлттық тағамымыздың негізгі атауы – тілеу көже. Асты ішер сәтте «ниет етілген тілектер қабыл болады» деген сенім болған. Тілеу көжеге қосылатын жеті түрлі дәмнің өзіндік философиясы бар. Тіршіліктің ең кішкентай белгісі жасушадан бастап, көк пен жерге дейін жеті қабаттан тұрады. Жеті атаға дейін қыз алыспағандықтан, ұлтымызда қан аурулары кездеспейді. Генофондымыз мықты. Демек, жеті саны табиғат заңдылығына негізделген. Бұл мейрамның философиялық-дүниетанымдық, этномәдени тәрбиелік, экожүйемен үйлесімділік қырын көрсетеді, өміршеңдігін әйгілейді. Соның аясында ұлттық өнеріміз бен ойындарымыз орын алады.
P.S.
Аманқос Мектеп-тегі – ғұмырын қазақ ғылымына сарқа арнаған ерен тұлға. Ғалымның өрелі танымын, өзіндік жазу-айту өрнегін бұзбастан, зерттеушінің аузынан шыққан «төрүк», «бічік» тәрізді сөздерді оқырман қауымға қаз-қалпында беруді жөн көрдік.