Мәди БИҒАЛИЕВ, медицина ғылымының докторы, жоғары дәрежелі хирург:
– Трансплантология саласы елімізде енді қолға алынып жатқаны белгілі. Кемшіндеп дамып келеді десек те болады. Облыс орталықтары арасында ең алғаш болып оңтүстікте бүйрек ауыстыру отасын жасауды қолға алдыңыздар, ота сәтті де шықты. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер?
– Бүгінде әлемде трансплантология саласы қарыштап дамып келеді. Әсіресе дамыған елдер осы салаға көптеп көңіл бөлуде. Бұрындары науқас азаматтарымыз шетел асып жасатып келіп жатса, бүгінде бұл өз елімізде де мүмкін болып отыр. Елімізде ең алғаш 1979 жылы Алматыдағы Сызғанов атындағы институтта бүйрекке трансплантация жасалғаны белгілі. Негізі, мәйіт және донорлық трансплантация Англияда кеңінен дамыған. Ал ең көп ағза ауыстыру жасалатын елдер – АҚШ, Үндістан. Себебі онда халық көп. Соған байланысты бұл салаға сұраныс та көп. Ал трансплантация мықты дамыған елдердің ішінде Германия, Испания, Үндістан бар. Бұрынғы кеңестік елдердің ішінде трансплантология дамыған елдің бірі – Белоруссия. Ол елде адамның өмір сүруге мүмкіндігі жоқ па, демек, тез арада ағзалары сәйкес келсе ауыстырады. Белоруссияның Президенті Лукашенко арнайы бағдарлама түзіп, медицинаға жақсы көңіл бөле бастады. Онда жол апатына ұшыраған адамдардың туыстарынан рұқсат сұрамайды. Ағзалары сәйкес келсе, транслантация жасайды. Құқық қорғау органдары, прокуратура, медэксперті, дәрігерлері бар – бәрі біріге жүріп, бірлесе қызмет жасайды. Арнайы заңдары бар. Жүрегін, бауырын, бүйрегін туыстарының рұқсатын сұрамай-ақ алуларына болады. Оны осы ағзаларға аса мұқтаж адамдарға салады. Белоруссия бүгінде осы сала бойынша ТМД-да көшбасшы, барлық елді басып озып алға шығып кетті. Қазіргі таңда бүйрек трансплантациясын жасауда тәжірибелері озық. Еліміздің ірі қалалары Астана мен Алматыда трансплантация жасалуда. Сосын облыс орталықтарының ішінде ең алғаш болып Шымкентте жасадық. Былтырғы жылдың желтоқсан айында Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловтың бастамасымен «неге бізде жасамасқа?» деп дайындықты бастап кеттік. Керекті дәрілерді, құрал-жабдықтарды сатып алдық. Оңтүстік Кореяға бір топ болып барып, сол жерде тәжірибеден өттік. Жасаған оталарына қатыстық. Екіжақты меморандумға отырдық. Біздің топ Сеулде тәжірибеден өтсе, енді екінші топ Минскіге барып қайтты. Анестезиолог, хирург, урологтер бар арасында. Үйренейік, көрейік, тәжірибе жинайық деп бардық. Осы екі елден оралған соң дайындығымызды пысықтап алып, бастап кеттік. Оңтүстік Кореядан арнайы бригада шақырдық. Олар бір топ болып келді. Наурыз айында бірден төрт ота жасадық. Туыстық донор арқылы жүзеге асты. Біріне әкесінің, біріне анасының, біріне әпкесінің бүйрегі алынып-салынды. Алдын ала арнайы бір-бірінікіне сәйкес келе ме деп анализ жасадық. Төртеуі де аман-есен шықты. Мәслихат депутаттары бұл жағымды жаңалықты қолдады. Соның арқасында 18 миллион теңге бөлінді. Тамыз айында тағы да жеті науқасқа ота жасадық. Олар да аман-есен үйлеріне кетті. Отадан шыққан соң оңалып, олардың өмірге қайта келгендей қуанғанын көрсеңіз. Аурудан әбден зәрезап болған жандар алғыстарын жаудырды. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 300 адам созылмалы бүйрек жетіспеушілігі диагнозымен есепте тұр. Олардың барлығы да гемодиализ аппаратына арқандаулы. Оның көмегінсіз жүре алмайды. Негізі, жылына 100 адамға бүйрек алмастыру отасы жасалуы керек. Диализ аппаратын ұстап тұру бұл бюджет қаражатына ауырлық түсіреді. Дұрысын айтқанда, Үкіметке қымбатқа түседі. Науқастарға да оңай емес. Олар ешқайда бара алмайды. Тек осы облыс орталығында ғана жүруі керек. Алматыға қыдырып бара қалса, онда қабылдамауы мүмкін. Сондықтан да ұзаққа шыға алмайды. Аптасына үш рет әлгі аппаратқа түсуі тиіс. Соған мұқтаж. Онсыз күні жоқ. Ал бүйрегін трансплантация жасаса, онда денсаулығы нығайып, қатарға қосылады. Арқандаулы аппараттан құтылады. Қарапайым адамдар емес, дәрігерлердің өзінен «трансплантация жасағанда неге бір үйден екі мүгедек жасап шығаруы керек?» дегенді естідім. Бұл білікті дәрігерлердің аузынан шығатын сөз емес еді. Бүйрегін берген адам ешқандай да зиян шекпейді. Ол денсаулығы мықты күйінше жүре береді. Мүгедек деп атау мүмкін емес. Ұлы Отан соғысы кезінде оқ тиіп, ауыр жараланып, өмір сүру мүмкіндігінен айырылғандардың бүйрегін алып ауыстырған. Бір бүйрекпен сол сарбаздар 40-50 жыл қалыпты өмір сүріп, кейіннен басқа аурудан қайтыс болған. Бір бүйрекпен адам өмір сүре береді. Бүйрегін берген адам мүгедек емес. Керісінше, бір мүгедек адамға жаңа өмір сыйлайды. Өмірге қайта келтіреді. Ал жасанды бүйрек, яғни диализ аппаратында мұншалықты ұзақ өмір сүру мүмкін емес. Онда үнемі укол қабылдайды. Ушығып кетуі мүмкін, реакция беруі мүмкін. Басқа аурулары қозуы мүмкін. Түрлі қауіп-қатері жетерлік. Негізі, адамға үш рет реплантация жасауға болады. Егер салынған бүйректан ақау шықса, оны қайтадан тағы да алмастыруға болады.
– Қажетті құрал-жабдық жеткілікті ме?
– Бюджеттен ақша бөлінсе, құрал-жабдық алу деген қиын емес. Бүгінде неше түрлі мықты фирмалардың өнімдерін шертіп жүріп таңдап алуға болады. «Эскулап», «Браун» атты керемет фирмалардың құралдары сұранысқа ие. Еуростандартқа сәйкес тігетін жіптер, құрал-сайман – бәрі жеткілікті. Технология қарыштап дамыған заманда құрал-сайманның жетіспеушілігі деген әңгіме болмауы керек. Егер шалғайдағы облыстарда теңдесі жоқ оталар жүзеге асырылып жатса, онда денсаулық сақтау саласы басшысының біліктілігіне байланысты. Салаға қатысты барлық проблемаларды шешіп, барлығымен қамтамасыз етуі тиіс. Бұл жағынан алғанда біздің жолымыз болды деуге де болады. Біздің мамандарымыз мықты. Білімдері жетеді. Тек қана көру керек, тәжірибе алмасу керек. Бір-екі рет шақырып, көрсетіп берсе, ары қарай өздері-ақ алып кетеді. Алматыда, Астанада да осылай шетелден маман шақырып, тәжірибе алмасып жатыр. Бізде де осылай. Ары қарай өзіміз істей береміз. Мамандарымыздың біліктіліктері жоғары. Жастар да жақсы дайындалған. Тек оларды үйрету керек, тарту керек. Бүгінде «жастар оқымайды, бәрін сатып алып үйренген» деп теріс пікір айтатындармен келіспеймін. Ол пікір дұрыс емес. Керісінше, бүгінгі жастардың білімі мықты, көңіл көкжиегі кең. Олар басқаша оқиды. Біз сияқты кітапты ашып оқып отырмайды. Бүгінгі заманда бәрі дайын. Интернет арқылы да білімдерін жетілдіруіне болады. Олар бәрін сол арқылы оқып, біліп, білімдерін толықтырып отырады. Олар бізден көп ақпарат біледі. Бізден көбірек оқиды. Тек бір жүйеге түсіріп, бағыттай білу керек.
– Сіздіңше, донор тапшылығын жоюдың жолы қандай?
– Бір бүйрегін қиып бере беретіндей науқастардың бәрінің ағайын-туысы көп емес қой. Кейбіреулерінің тіпті туысы да жоқ. Сондықтан да мәйіт донорлығы туралы халыққа кеңінен түсіндіру керек. Үгіт-насихат жұмыстары үздіксіз жүргізілуі керек. Бүгінде инсульттан, «ми өлімімен» ажал құшып жатқандар көп. «Ми өлімі» диагнозы қойылғандардың қайтып қатарға қосылуы мүмкін емес, ол адам болмайды. Соны ағайын-туысына мол мағлұмат беріп, түсіндіру керек. Олар ағза мүшелерін алуға рұқсат беруі керек. Елімізде арнайы заң бар. Сонда науқастың екі туысы жазбаша түрде ағзасын алуға рұқсат беруі керек деген бөлімі бар. Дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, халыққа кеңінен түсіндіріп, сол арқылы мәйіт донорлығын қолға алмасақ, онда транспланталогия алға жылжымайды. Мәселен, мәйіт ағзасынан алып-салғанның көп артықшылықтары бар. Біріншіден, қауіпсіз. Бір адамға ғана жауапкершілік болады. Яғни мәйіттен алынып, науқасқа салынса, сол науқас адамға көп көңіл бөлініп, жауапкершілік күшейеді. Ал туыстық донордың жауапкершілігі деген екі адамға артады. Тірі адамнан алып, науқасқа салған соң екі адамның өмірі үшін жауаптысың. Ағзаны алу деген – өте қиын ота. Одан кейін оны салу керек. Мәйіт донорлығын өркендетпесек, біз артта қалып қоямыз. Қытай, Үндістан, Пәкістанда мәйіт донорлығы мықты дамыған. Бірақ оларда, ең алдымен, тек өз азаматтарына жасау керек деп міндеттеп қойған. Ал сырттан келгендер кезегі келгенше күтеді.
– Заңның жетілдіретін тұстары бар ма?
– Жоқ, тек бұқараға түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек. Дәрігерлер, тілшілер, дін адамдары жұмыла жұмыс істеуі керек. Халыққа насихат жұмыстарын жүргізу керек. Негізінде, шариғат ағза ауыстыруға қарсы емес. Мен бұл турасында имамдармен сөйлестім. Бір адамның өмірін ұзартуға қажет болса, ешқандай да қарсылық жоқ деді. Испанияда «Өзің өлсең де, өзгелерге өмір сыйла» деген ұран бар. Негізі, транспланталогияның ішінде ең жеңілі бүйректі ауыстырған. Ал ең қиыны – бауырды ауыстыру. Бұған біраз уақыт дайындалу керек. Кезең-кезеңімен жүзеге асуы тиіс. Бірінші дәрігерлерді үйрету керек. Жаңа құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйренуі керек. Біраз аппарат алу керек. Бауырды ауыстыру мәйіт донорлығы бойынша жүргізіледі. Мәйіттен бүтін бауырды алып-салған әлдеқайда оңайырақ. Сау адамның жарты бауырын алып-салу – өте қиын да күрделі оталардың бірі. Біріншіден, сау адамнан алғанда оның денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Ал науқас адамға салғаннан кейін кейде оған пайдасы тимеуі де мүмкін. Көтере алмауы мүмкін, денсаулығы жақсарып кетпеуі де мүмкін, күші жетпеуі мүмкін. Сондықтан да мәйіт донорлығы әлдеқайда ұтымды. Бауыр ауыстырып салу отасына бір жыл, бір жарым жыл бойы дайындалу керек. 100 пайыз жетістік болуы керек. Егер бірден сәтсіздік болса, қолың жүрмей қалады.
– Облыс орталығында осындай қиын да күрделі отаны жасағандарыңызда көпшіліктің көкейінде сенімсіздік болғаны кәдік...
– Бұл салада көшбасшы болу үшін жауапкершілікті мойнына алатын адам болуы керек. Мен өзіме үлкен жауапкершілік алып отырмын. Бұл – үлкен міндет. Қорықпау керек. Мамандар мықты болса, белді бекем буып кірісіп кетуге болады. Отаны бір ғана адам жасамайды. Бір отаға кем дегенде 20 шақты маман қатысады. Оның ішінде реаниматолог, рентгенолог, УЗИ мамандары, ангиографистер, зертханадағы мамандар, анестезиолог, хирург, операциялық медбикелер қатысады. Отаны бастағанда аурухана бір жүйеге біріктірілген механизм сияқты жұмыла жұмыс істеуі керек. Біреуі түсінбей қалдым деген болмау керек. Әркім өз жұмысына жауапты. Бірінші отада түсініксіздеу жағдайлар болды. Ал екінші отада оңтүстіккореялық дәрігерлердің өзі «біз өзіміздің клиникада жұмыс істеп жатқандаймыз» деп таңғалды. Үнсіздік болса да, бәрі бір-бірін көзқарастарынан ұғынып, жұмыс істеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов бастамашылық жасап, жауапкершілікті өз мойынымен көтеріп бастап берді. Енді өзіміз ары қарай жалғастырып әкетеміз. Мастер-кластан өттік. Науқасты дайындап, бір аптада бір ота жасасақ та жеткілікті. Бір бүйректі ауыстыру қазынаға 3,2 миллион теңгеге түседі.
– Кейбір дәрілердің нұсқаулығында «ағзасын ауыстырған адамға ішуге болмайды» деп жазып қояды. Егер денсаулығына қажетті болса, ол дәріні қабылдамауы керек пе?
– Нұсқаулықта жазылса, әрине, ішпеу керек. Басқа дәрілер де бар. Бірақ ол науқастар өмір бойы белгіленген дәріні қабылдауы керек. Бұл дәріні басқа мемлекетте науқастар өздері сатып алады. Ал біздің елімізде үкімет арнайы қаржы бөліп қойған. Тегін алады. Облыстық бюджеттен бөлуіне күш салдық. Дәрі тапшылығы болмайды. Трансплантология саласы енді қолға алынып жатқан тұста азаматтарымыз шетелдерге барып ағзасын ауыстырып келген соң сол дәрілерді таба алмай жүретін. Пәкістаннан, Өзбекстаннан алдырып қиналып жүретін. Ал қазір заңды түрде шешімін тапқан. Жуырда ғана ағзасын ауыстырған науқастар, елімізде осыншалықты жағдай жасалғаны үшін өздері арнайы Елбасыға рақметін жаудырды. Егер елде трансплантология саласы дамымаса, онда мемлекет дамыған 50 елдің қатарына кіруі мүмкін емес. Елдің даму көрсеткіші жүрек-қан тамырлары хирургиясының дамуына, сосын екінші орында трансплантологияның даму көрсеткішіне байланысты. Сондықтан біз осы саланы дамытуға күш салып жатырмыз. Әлі де дамыта түсуіміз керек. Ертеңгі күні Астана, Алматыдан кейінгі үшінші қала болуға ұмтылып жатырмыз. Демек, осы саланы жандандыруымыз керек. Мәселе тыңнан түрен салуда ғой, біз бастадық, енді ары қарай жүргізу оңай. Барлығын бүге-шүгесіне дейін біліп алдық. Басқа облыстарда жауапкершілікті алуға қорқып отыр ма, о жағын білмеймін.
– Ауруханаларды халықаралық стандартқа сай ету керек депсіз...
– Ол үшін көптеген жұмыстар атқару қажет. Бұл жерде біз жүрекке ғана ота жасамаймыз. Оның қажеті де жоқ. Өйткені облыстық кардиологиялық орталық бар. Ал бұл жерде басқа ағзаларға ота жасаймыз. Асқазан, өт, травматология, нейрохириугия жағынан да жасап жатырмыз. Трансплантологияны дамытсақ, басқа салалар өздігінен өсе береді. Реаниматологтер, УДЗ зертханалар, компьютерлік диагоностика – бәрі бар. Бәрі бір жерде шоғырланған. Мамандар оқып, білімдерін жетілдіріп отырады. Бүгінде жас мамандар қызығып, «мен де барайын, оқиын, білімімді жетілдірейін, үйренейін» деп жүгіріп жүр. Бұған қуанасың. Риза боламын соған. Күн сайын істеп жүрген жұмыстарын шемішкеше шағады. Трансплантологияны меңгерген маманға басқа оталар оңай болып қалады. Оңтүстік кореялық мамандарды кез келген уақытта шақыра аламыз. Бүгінде бізге келіп көмектескен доктор Пак Моңғолияда жұмыс істер жүр. Пәкістанға да, Гаитиға да барған. Өзі дінге қатты сенетін адам. Сондықтан да адам баласына жақсылық жасағысы келіп тұрады... Білім-білігі жеткілікті мықты дәрігерлер өзімізде де көп.
– Сұхбатыңызға рақмет.