Мағжанның сүйегін Магаданнан емес, Жаңалықтан іздеген жөн
Бақыткамал Қанарбаева, мағжантанушы, профессор:
– Мағжан Жұмабайұлының шығармашылық мұрасын 20 жылдан бері зерттеп келе жатыр екенсіз, мағжантанудың қазіргі жай-күйі қандай, бізде бұл бағытта жеке ғылыми мектеп бар ма?
– Мағжантануға арналған жеке бір ғылыми мектеп бар деп айта алмаймын. Ал мағжантанушылардың санына келсек, шындап айтқанда, соншалықты көп емес. Тіпті саусақпен санарлық десек, қателескендігіміз емес. Алайда олардың өзі зерттеу мақалаларын басылымдарда толық жариялай алмай, пұшайман жағдайда жүр. Оның бірінші себебі, қазіргі ғылыми-зерттеу мақалаларының бәріне басылымдар ақша алады. Тіпті ғылыми конференциялардың өзінде де мақалаларымызды береміз, үстіне қосымша ақша төлейміз. Оның ең төменгі бағалары үш мыңнан кем болмайды. Мақала көлемі алты беттен аспау керек. Авторларға жазған еңбектері үшін қаламақы төленетін заман тонын өзгерткен. Екіншіден, ақынды қудалауға ұйытқы болған, сол іске атсалысқан қайраткерлердің ұрпақтары әртүрлі билік орындарында, құзырлы мекемелерде қызметте. Олар аталарының аттарына дақ түсірмеу үшін жіті бақылап отырады. Сексенінші жылдарға дейін Мағжанның шығармашылығына қара күйе жағып, ғылым докторы, академик атағын алғандар, ақын төңірегіне байланысты зерттеулерде өз аттары аталып кетпес үшін неден болсын тайынбайды. Мағжан төңірегіндегі даулы таластың қара бұлты менің де төбемде ойнады, оның бәрін таратып айта алмаймын, жаным түршігеді....
– Мәскеудегі Күншығыс еңбекшілері университетінің жанынан құрылған қазақ жастарының «Жерлестік» ұйымының 1924 жылы 24 қарашадағы шешімі Мағжанның шығармашылығына қаншалықты кедергі болды?
– Мағжанның 1923 жылы Ташкентте шыққан өлеңдер жинағын Москвада талқылаған қазақ жастары: «Мағжанның өлеңдері бұдан былай газет-журнал бетіне тексерусіз басылмасын. Мағжанның кітабының басылуы мен таралуына себепші болғандар жауапқа тартылсын», – деген шешім қабылдайды. Ол Қазақстанда толық орындалды. Одан кейін ақынның бірде-бір шығармалары қазақ баспасөзінен орын ала алмады. Есесіне, бірқатар оқулықтары Мәскеудегі Кеңес Одағы елдерінің кіндік баспасынан жарық көрді. Солардың ішінде «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні», Матерннің «Жаңбыр дегеніміз не?» деген кітабының аудармасы бар. Сонымен қатар солардың арасында 1926 жылы төте жазумен, 1929 жылы латын әліпбиін ересектерге үйрету мақсатындағы дыбыс әдісі мен тұтас сөз әдісіне негізделіп шығарылған «Сауатты бол» деген кітабы бар. Бұл кітаптар үлкен таралыммен төрт рет басылып шыққан екен. 1929 жылға дейін латын әліпбиімен шығарылған кітабы Қазақстанда 1940 жылға дейін білім беру мекемелерінде үздіксіз қолданыста болып келген. Кітаптың соңғы төртінші шығарылымы, құрастырушы Жұмабайұлы Мағжан. Қазақстан білім ордасы ұнатқан ең соңғы басылым деп, Қазақстанның сауатсыздықты жоюшы төтенше комитетінің инспекторы Бурабайұлының «Ескерту» сөзімен 1929 жылы 20 ақпанда жарық көреді. Бұдан кейін шығарылмаған. Мағжанның өзі осы жылдың шілде айында Қызылжарда тұтқындалып, 10 жылға кесіледі.
– Бұл кездейсоқтық емес шығар?
– Әрине. Мағжан Мәскеуге 1923 жылдың 12 желтоқсанында Ташкенттен Халел Досмұхамедовтың жолдамасымен келіп, 1927 жылға дейін Жоғары көркем әдебиет институтында оқиды. Х.Досмұхамбетов Мағжанды «қазақтың Пушкині» деп таныстырып, институт басшысы Валерий Брюсевке хат жазып береді. Қазақстанда қуғындалып отырғандығына қарамастан, Мағжанның оқулықтарының Мәскеу қаласында шығарылуына Луначарский ықпал етеді. Онымен таныстырған – Валерий Брюсов. Мағжан символист ақын ретінде Валерий Брюсовпен достық қарым-қатынаста болып, жақын араласады. Соның нәтижесінде КСРО оқу министрі болған әдебиет сыншысы, жазушы, публицист Анатолий Луначарскиймен де танысады. Мағжанның 1926 жылғы төте жазумен жарық көрген «Сауатты бол» кітабының алғашқы басылымына «Сын» деп мақала жазған Молдағали Жолдыбаев: «Сауатты болдың әліп-би, яғни қаріптермен таныстыратын бөлімі – Ахмет (А.Байтұрсынұлы) әліпбиінен реті, айырмасы аз. Ішкі мазмұнында айырма көп. Ахметтің сауат ашқышының я әліпбиінің кемдігі – үстіміздегі дәуірден, болып жатқан саясаттан мағлұмат аз. Ахмет кітабының бұл кемшіліктерін көре тұрсақ та, сауат ашатын басқа кітабымыз болмағандықтан уақытша қолданып келеміз. Мағжанның «Сауатты болында» жазылған әңгімелердің 98 пайызы саясат әңгімелері десек, көтеріп айтқан болмаймыз», – дейді. Сондай-ақ оның жалпыресейлік сауатсыздықты жоятын төтенше комиссиясының арнайы тапсырмасы екендігін аңғартып: «Мағжан біреу тіз деген соң тізіп отыр», – деп ишара жасайды да, «не дегенмен кітаптың шығуы аса пайдалы» деп құптайды. Жолдыбаевтың бұл сезіктенуі орынды еді. Мағжан Мәскеудің тапсырмасын орындады.
– «Сауатты бол» неге М. Жұмабайұлының шығармалар жинағына енбеген? Жалпы, бұл кітаптың ерекшеліктері туралы толығырақ таныстыра кетіңізші?
– Бұл – Мағжанның көзі тірісінде жарық көрген ең соңғы кітабы. Аталған кітап төрт рет қайта басылып шықса да, сирек кітаптар қорынан тек екеуін ғана таптым. Ол – 1926 жылғы төте жазумен шыққан бірінші және 1929 жылғы латын әліпбиін ересектерге үйрету мақсатындағы соңғы нұсқасы. Екеуін салыстыра қарасам, екеуі де бірін-бірі толықтырады екен. Сондықтан ғылыми кітапхананың қызметкері Гүлшат Мәсәлімқызы екеуміз оны зерттеушілер мен оқырмандардың түсінігіне ыңғайлы болу үшін кириллицаға түсірдік. Қаржы болмағандықтан ол бес-алты жыл жатып қалып, биыл ғана оны өз күшіммен жеке кітап етіп шығардым. Оның бұған дейінгі жинақтарға кірмей қалуының басты себебі, меніңше, Кеңес Одағының ішкі құрылымы мен саяси ұстанымынан мол деректер беретіндігінен болса керек. Мағжан шығармашылығы 1987 жылы ақталды. 1989 жылы алғашқы өлеңдер жинағы шығарылды. 1991 жылы кеңес үкіметі ыдырады. Соған байланысты кітап қызығушылық тудырмаса керек. Егер осы кітапты толық парақтап шығатын болсаңыз, оның маңызы қазіргі күнде де жойылмағандығына көз жеткізуге болады. Бұл, ең алдымен, латын әліпбиіне көшуге байланысты дайын күйіндегі оқулық. Ешқандай бас қатырып жатудың қажеті жоқ.
«Жазылмақ оқу құралдары Һәм мектебіміз» деген мақаласында Мағжан: «Оқу құралдарын жаздырып жатқан ағарту комиссариаты, жазып жатқан азаматтар, бұл оқу құралдары қандай мінезді мектепке арналады, сол туралы ой жүгіртсе игі болар еді деген үміт. Кең қазақ мектебіне негіз іздегенде, таза пән көзінен, яғни мектеп құрылысының қазақ жанына қабыс жағынан келу дұрыс болар еді», – дейді. «Сауатты бол» кітабында сауатын аша бастаған ауыл адамдарына әріп үйретумен бірге, ой-өрістерін кеңейтетін мысалдарды іріктеп алу арқылы жан-жақты білімді болуларына жәрдем еткен. Әріпті жазып, үйретудің тиімді де қысқа жолын іздестірген. Әр сөздің ішкі мағынасына мән беруге үйреткен. Сондай-ақ жаңа орнап жатқан қоғамдық құрылыстың ішкі тыныс-тіршілігімен де таныстырған. Оны алынған мысалдардың қызықтылығы мен пайдалы тұстарынан байқауға болады. Көпшілігі халықтың өз тұрмыс-тіршілігі мен кәсібінен алынған. Егін мен мал тұқымын асылдандырудың маңызын, еңбекке жалдаушы мен жалданушылардың арасындағы келісімшартқа қатысты пікірлері де қазіргі таңда өзінің өзектілігін жойған жоқ. Мысалы, «Жұмысқа жалдаушы мен жалданушының арасындағы келісімді, жалшылыққа жалдаушы мен мекеме алдында серт қағаз жасаспай жалданба. Серт қағазда: алатын ақың, күніне қанша жұмыс қылатының, жетіде қай күнде тынығатының жазулы болсын» деген кеңесі жұмысшыларға өз құқығын білуді үйретеді. Бүгінде қолданылып жүрген «келісімшарт» деген сөзден гөрі «серт қағаз» деген сөздің қуаттылығы басымдау екені байқалады. Себебі аталған сөз ызбарлы әрі өктем естілетіндіктен, серт бұзылса, жұмысқа жалдаушының жауапқа тартылатынын есіне салады.
– Кейбір зерттеушілер әдебиеттегі жиендік туралы ара-тұра болса да сөз қозғап жүр. Мағжанның шығармашылық мұрасына қатысты ізденіс кезінде өзге авторлардың тарапынан мұндай жағдайды байқадыңыз ба?
– Жиендік көбіне белгілі бір адамдар өмірден озған соң ғана жасалуы мүмкін. Ал Мағжанның шығармаларын өзінің атынан шығарғандарды өз басым әлі кездестірмедім. Дегенмен мына бір жағдайды да есте ұстаған абзал. Жұмысбасты болып жатса кейде сенімді адамдарына, «менің атымнан жаза салшы» деген өтініштер болып тұрады. Кейде ол көмек ретінде де болады. Мағжанның шығармаларының жариялануына тыйым салынған кезде, кейбір әріптестері қаламақымен көмектесу үшін оның өлеңдерін өз аттарынан жариялауы мүмкін. Оған Бейімбет Майлиннің 1958 жылы шыққан жинағындағы «Жас жүрегім уға толы» деген өлеңін мысал етуге болады. Өлеңнің тақырыбы ғана емес, ішкі мазмұны мен стиль ерекшелігі, сөз саптауы тұтасымен Мағжанды еске салады. Мағжан Бейімбетпен, Ілияспен жақын сыйласқан адам. Екеуі де Мағжан туралы бөтен пікір айтпаған. Шамасы бұл Бейімбет шығармалары ақталған кезеңде кездейсоқ кірістірілген болса керек. Болмаса Мағжанға жанашырлықпен іштартқан адамдар көріне берсін деп әдейі енгізуі де ықтимал. Сол сияқты ақын Хамза Абдуллиннің Шота Руставелиден аударған «Жолбарыс тонды жиҺанкез» поэмасы да Мағжандікі екен деген алыпқашпа сөздер болған. Мағжан өлгеннен кейін меншіктеніп кетіпті деген сыбыстар болды. Мен аудармасын салыстырып көрдім, Мағжанның стиліне келмейді. Аудармасы ауыр, ал Мағжан желдіртіп, ойнатып, еркін аударады. Сондықтан Мағжанның еңбектерін жариялауға бір кісідей атсалысып, оның мұрасын жұртшылықпен қауыштыруда үлкен азаматтық көрсеткен, Сталин мен Гитлер лагеріндегі азапты жолдан өткен Хамза ақсақалға тағылған бұл айыптау артық, жалған сөз. Тіпті осы туралы алдағы уақытта арнайы мақала жазу да ойымда жүр.
– Белгілі публицист, ақын Аманхан Әлім: ұлт жазушысы және халық жазушысы болып бөлінеді. Қазақта халық жазушысы көп, ал ұлт жазушысы шамалы дейді? Дәл осы пікірді ақындарға қаратып айтатын болсақ, Мағжан кім?
– Мен Қайнар университетінде Мағжантану курсынан бірнеше жыл бойы дәріс оқып келемін. Студенттер маған: «Мағжан нағыз ұлтшыл, кеңес үкіметінің қас жауы болыпты ғой», – деген сұрақтар да берген еді. Мағжанның кеңес үкіметінің қас жауы болмағандығына осы кітабы толық мысал бола алады. Қазақтың, орыстың ақын-жазушыларын ғайбаттап сөздер жазбаған адам. Қазақтың мәрт мінезді ақсүйегінің дәл өзі. Ұлтын шексіз жақсы көрген. Сол үшін де өзін құрбан еткен. Қазақ арасындағы күншілдік пен көреалмаушылықтың, қызғаныштың құрбаны болған. Алтын мен күміске толы сандықтың үстінде отырып, шетелге қашуды ойламаған. Халқын бастаған адамның басында сыйқырлы күш болады деген сенімге құдайдай сенген. 1936 жылы маусымда түрмеден шыққалы тұрғанында сол түрмеде қасында болған профессор И.И.Фетисов: «Еліңе бармай, бір-екі жыл аялдай тұр» деп, Ленинградтағы пәтерінің кілтін берген екен. Соған қарамай, «еліме топырақ іздеп» неше айналдым деп асығуы ақынның нағыз келбетін көрсетеді. Мағжанның сүйегін Магаданнан емес, Жаңалықтың жанынан іздеген жөн. Сонда жатыр. Ол еліне өлу үшін оралды. Мағжан ешкімге жау болмаған. Оны мына сөздері де білдіреді: «Әрбір халық бір-біріне жау болсын деп ұғу – қате, адам өз халқының адамдарын сүюінің үстіне, басқа халықтардың адамдарын да сүюге міндетті». Бұдан өзге ұлттардың өкілдерін де құрметтей білгені көрінеді. Оны шығармаларындағы әлем әдебиетінің жауһарларымен байланыс та байқатады. Мағжан – ұлт ақыны, ұлтын шексіз сүйген адам. Ұлтшылдық туралы сөз еткенде, біз әлі де сол 20-30 жылдардағы пікірде қалып отырмыз. Кеңестік сана өзгерген жоқ. Еуропада ұлтшылдық ұлт патриоты деген сөзбен ауысып кеткелі қашан. Ұлтын сүйген адам, елін сүйеді. Бірін-бірі жазықсыз жарға жықпайды. Қастандық ұйымдастырмайды. Ұлттық мемлекет құру үшін өзінің көшбасшылары керек. Көшбасшылары жоқ ұлт – азып-тозып, өзгенің жетегінде кетеді. Мағжан – ұлттық поэзияның падишасы ғана емес, өзі айтқандай, жарты жаңқасы қалғанша халқын сүйген адам. Ұлтжандылық – ұлы қасиет. Оны бізге Мағжаннан үйренген жөн. Өзгенің істеп жатқан игілікті ісіне қарап үйрен, білімді бол, бөлініп-жарылма дейді.
– Мағжанның қазіргі кезде оқырманға «Сауатты болдан» басқа бұрын белгісіз болып келген қандай шығармалары табылды?
– Мағжанның ең соңғы толық жинағын 1995 жылы Әуезов институты шығарған. Бұл бір тәуір шыққан дүние. Осыдан кейін қайталап шығарылған жоқ. Қазір түрлі басылымдардың үзіп-жұлып шығарып жүргендері осы басылымнан алынып жүр. 1989 жылғы жинағы шыққанда мен Ғылым академиясының фольклор бөлімінде қызмет істедім. Біздің ғалымдар да көп сөзін өзгертті, қысқартты. Себебі биліктен қорықты. 1992 жылғы «Таңдамалы» жинағы да сол қателерді қайталап көшіріп шығарды. Текстологиялық тексерулер жасалған жоқ. Ал жеке өзіме келсем, 20 жылдың ішінде төте жазумен және латын әліпбиімен жазылған 30-дай өлеңдері мен әңгімелерін таптым. Оны аудару керек. Қызылжар қаласында да Мағжанның сирек қолжазбаларын тауып жариялап жүргендер бар. Сондықтан осы табылып жатқандардың бәрінің басын біріктіріп, Мағжанның толық шығармалар жинағын қайта шығару қажет. Бәрін түпнұсқаларымен қайта салыстыру керек. Қазір кейбір баспалар күнкөріс қамымен бұрын жарық көрген жинақтардың әр жерінен бірнеше өлеңдері мен поэмаларының басын қосып, жеке-жеке кітап етіп шығарып жатыр. Көбі орфографиялық қатеге толы. Поэзияда бір әріп немесе тыныс белгісі дұрыс қойылмаса, ол мазмұнға айтарлықтай өзгеріс әкеледі. Өкінішке қарай, оған әлі күнге дейін ешкім көңіл аударып отырған жоқ.
Ақынның шығармашылық мұрасы түгенделді ме дегенде мына бір жағдай еріксіз есіме түседі. 1982 жылы Қызылжардағы тойлардың бірінде бір зоотехниктің әйелі: «Мағжан 1937 жылы Алматыда ұсталғанда, шешесінің үйінде шүберекке түйілген өлеңдері қалған екен. Сол өлеңдер Қызылжардағы бір кісінің мал қорасының қабырғасына тығылған. Бір кірпішті алып, орнына жасырылған екен. Сыртынан батпақпен сылап тастаған көрінеді. Артынан іздеп таба алмапты», – деп айтқан еді. Одан кейін ол әйелді іздеп таба алмадық, Көкшетау қаласына көшіпті. Мүмкін, қайтыс болып кеткен де шығар, соны іздесем деп те ойлаймын. Омбыда да көп еңбектері бар, оны да іздегім келеді. Мәскеуде жүргенде Түрікменстан мен Қырғызстанның батырлар жырын құрастырып шығарған екен. Қырғыз мектептеріне арналған оқулығы да бар көрінеді. Ол үшін Қырғызстанның архивтерін ақтару керек. Өзбекстанда да көп еңбектері бар көрінеді. Оның бәрі қыруар еңбек. Жалғыз адамның қолынан келмейді. Соның бәрін жинастыруға өзге мағжантанушылар да араласса деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға көп-көп рақмет!
Оқшау ой
Мағжанның сүйегін Магаданнан емес, «Жаңалықтың» жанынан іздеген жөн. Сонда жатыр. Ол еліне өлу үшін оралды. Мағжан ешкімге жау болмаған. Оны мына сөздері де білдіреді: «Әрбір халық бір-біріне жау болсын деп ұғу – қате, адам өз халқының адамдарын сүюінің үстіне, басқа халықтардың адамдарын да сүюге міндетті». Бұдан өзге ұлттардың өкілдерін де құрметтей білгені көрінеді. Оны шығармаларындағы әлем әдебиетінің жауһарларымен байланыс та байқатады. Мағжан – ұлт ақыны, ұлтын шексіз сүйген адам. Ұлтшылдық туралы сөз еткенде, біз әлі де сол 20-30 жылдардағы пікірде қалып отырмыз. Кеңестік сана өзгерген жоқ. Еуропада ұлтшылдық ұлт патриоты деген сөзбен ауысып кеткелі қашан. Ұлтын сүйген адам елін де сүйеді. Бірін-бірі жазықсыз жарға жықпайды. Қастандық ұйымдастырмайды. Ұлттық мемлекет құру үшін өзінің көшбасшылары керек. Көшбасшылары жоқ ұлт азып-тозып, өзгенің жетегінде кетеді. Мағжан – ұлттық поэзияның падишасы ғана емес, өзі айтқандай, жарты жаңқасы қалғанша халқын сүйген адам. Ұлтжандылық – ұлы қасиет. Оны бізге Мағжаннан үйренген жөн.