Мәдениеттің өскені ел-жұрттың, әлеуметтің жаңа рухының өскені деп бағалаймын
Надежда ЛУШНИКОВА, Үмбетәлі Кәрібаев атындағы әдеби-мемориалдық мұражай директоры, ақын:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– Надежда апай, әңгімені халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтан бастасақ...
– Мен Үмбетәлі ауылына келін болып түскен адаммын. Келін болып түскенімде Үмбекең бетімді ашты. Ал Үмбекеңнің алғаш есімін 1964 жылы Шымкентте өткен өлкелік айтыста естідім. Әбділда Тәжібаев ол кезде – айтыс төрағасы. Сонда ақын Есдәулет Қандеков қалтасынан төрт бүктелген қағазды алды да, маған ұсынып: «Мынаны Үмбетәлі ақын беріп жіберді. Өзі келе алмады», – деді. Ол қағаздың ішінде Үмбекеңнің «Ақындарға арнауы» жазылған екен. Арнау жақсылап тұрып орындалды. Кейін келін болып түскен уақытта, жарты жылдан кейін айтысты көтере бастадық қой. Мына Үлкенсаз жайлауында шопандардың ортасында үлкен айтыс өткізілді. Сол жерде Жәнібек Карбозинмен айтыстым. Үмбекең мен түскен үйге күйеу болып келеді екен. Күйеулігі жақын, еркелеп отырады екен ел-жұртына. Содан айтыс болды, онда ірі халық ақыны Әсемхан Қосбасаров екеуміз жеңіске жеттік. Сол кезде Алмабай деген атам болды, соның бау-бақшасында Үмбекең бір ай өлең айтты. Қаражорға десе, Қаражорға екен, бір сөзін қайталамай, бір ай бойы өлең айтты. Не деген зор дауыс! Өзі – кішкентай ғана қаршығадай кісі, іші толған – жыр. Ондай кісілерді көргенім сол еді. Сол кісілерден естігенімді, көргенімді өз жадыма түйдім. Тіпті Алмекең үйіне шақырған уақытта, екі кемпірі бар, үлкен апа, кіші апа дейміз, олар тамақ дайындап жатқанда шежіре жазғызып қоятын: «ана ауылда мынадай адам бар, кетіп бара жатқан жолда Бес батыр мен Сәуегей Өтеміс жатыр, біліп қой, сол жерлерді мал аяғы баспасын, жанына ештеңе екпесін» деп. Кейін қоршауын жасаттық. Бір кездері Шолаққарғалыдан кіші Жібек жолы өткенін де айтқан еді. Көп нәрсе айтып кетті. Үмбекеңмен дос болдық. Сол кісіден жазып алған төрт-бес әнді әлі пайдаланамыз. Үмбекең Жамбыл-Жәкемнің жанында 42 жыл жүрген. Бүгінгі Үмбетәлі ауылынан Үмбекеңе лайық мұражай аштық, оны қолдан салдық. Ішіндегі орысша-қазақша шығармаларым – бәрі көкірегімнен шықты. Мен оны қолыма алғанда 32-ақ заты бар екен. Содан көп нәрсені жасадық. Өзбекәлі Жәнібеков басында болды. «Шап» десе, шабамыз, «тап» десе, табамыз. Халықтың қазынасы әлі де мол екен. Тіпті 1916 жылғы жағдайды іздегенде, бір үйден кәдімгі сексеуілдің безінен жасалған шоқпарды әкелді. Тағы да бір үйден, «мынау – 1916 жылдың дүниесі» дейді, теріден жасалған кішігірім дауылпаз, орысша «барабан» дейміз ғой, соны әкелді. Сондайды ұстап алып, ұрып өтеді екен. Ол «тыныштал, батыр сөйлейді» дегенді білдіреді екен. Оны да алдық мұражайға. Жәкең қайтыс болған уақытта қырғыз ақындары келіп, Жәкеңнің моласын ашыңдар, өлгені шын болса, қырғыздарды шақырмауы мүмкін емес дейді. Ол кезде өкімет басшысы – Жұмабай Шаяхметов. Жәкеңді жер қойнына салуды басқарып М.Әуезов жүр. Ол кісі жас, қап-қара бұйра шашты, мүсінді. Содан екі елдің ортасы қалай болар екен деген де ой болған-ды. Сонда Үмбетәлі таңнан кешке дейін жоқтау жырын айтқан екен. Содан, әйтеуір, ел-жұрт көз жасын сүртіп, риза болып, Жәкеңді жер бесігіне жіберді. Осындай оқиғалардың куәсі бола алатын заттар мұражайда бар. Мәселен, Қырбай сал сияқты, 1936 жылы қуғын көріп, қамалып, қиналған Сағымбек, Қанатберген аға бар, бұлар – біздің ауылдан. Не болмаса Орынбай Жәдіков сияқты соғысқа барып, өлеңін айтып, әнін де шығарған адамдардың өмір деректерін, реті келсе, артына қалдырған мұрасын жинадық.
1982 жылы Мәскеуде өнер мен әдебиеттің онкүндігіне бардым. Оның алдында бір қызық болды: түсіме Жәкең кірді. Бейітінде ақ боз киім, бөркімен отыр екен. «Надежда, мына домбыраны күйге келтіріп берші», – деді. Сосын домбырасын алсам, бір шанақ, екі басы бар екен, бұрайтын құлағы – біреу, пернелері күміс екен. Сосын «ойпырым-ай, мына домбыраны қалай тартқан» деп, ақырын ғана күйге келтіріп, қолына бергенде, қасына кішкентай қыз жүгіріп келіп, етегінен тартады, сол кезде ана кісі «Құлақ» күйін шерте бастады. «Маған батаңды берші» деп жақтырмай қарасам, ол кісі: «Надежда, мен саған жолымды беріп едім ғой, сен бата ғана сұрап тұрсың», – дейді. Тура сол кезде оянып кеттім. «Бісміллә» деп тұрдым да, жеті шелпек пісіріп, тараттым. Сағат 11.00-де жеделхат келді өнер мен әдебиеттің онкүндігіне барасың деген. Содан Мәскеуге бардық. Фадеевский залында үлкен кездесу өтті. Сонда «бір ғана орысша аударма өлең оқисыңдар» деді. Мен домбырамды көтеріп барғанмын. Бес-алты орысша өлеңіміз бар. Күнде-күнде орысшадан аударған бес-алты өлеңді оқып-оқып, шаршадық. Содан домбырамды ұйғыр жазушысы Фихмет Абдуллин көріп: «Надежда, нам только домбры не хватала», – деді. Сосын ақырын ғана күйсандықтың артына тығып қойдым да, шығарда бір-ақ алып шықтым.
Айнала отырғандар – төркіндерім,
Қызыл гүл – қызғалдақтай көркіндемін.
Негізге кісі тартпай қоймайды екен,
Қарашы, ей, тұтануын өр кеуденің!
Қарашы, ей, түйдек-түйдек сөз келгенін,
Қарашы, ей, Надежданың өзгергенін!
Жамбылдың ауылынан келіп тұрмын,
Өлеңнің мініп алып боз інгенін, – деп жыр төгіп жібердім. Сенсеңіз, жұрт менің өлеңімнен кейін орындарынан тұрып, қол соқты. Бұл қазақ сөзінің үлкен құдіреті ғой. Содан қолтаңба беру басталды. Үш адам есімде қалыпты. Біреуі – Берлин деген қыз. «Екеуміз соғыс кезінде бірге туған екенбіз» деп жазып бердім. Содан кейін бір шал келді, үлкен кісі екен. «Бүгін немере қызым егіз ұл туды. Маған мына кітапқа жазып бер», – деді. «Орысша жаза алмаймын, қазақша ғана жазамын», – дедім. Ол кісі: «Дочка, я в этом зале слушал Жамбула», – деді. Содан екі ауыз сөз жазып беріп едім, қуанып, ол кісі кетті. Бір кезде әдеміше бір кісі келді. «Амансың ба, қарындас?» – деп қазақша амандасты. «Менің балаларымның аузына түкіріп бересің бе?» – деді.
Сосын ары-бері қараймын. «Балаларыңыз қайда?» – деп едім.
Кейінгі жігіттерге, қайныларыма, ел басқарған азаматтарға бағыштаған сөзім бар еді. Меніңше, бұл ойымдағы дұрыс айтқаным деп бағалаймын:
Еміп бір жүрген еңбегім,
Қарашаң бар, төрең бар.
Әділдік бар, әділет,
Отаның бар, өрең бар.
Қазақ дейтін қауымда
Сенім – бір де, талап – бір.
Алалық жоқ, ақ мейір
Елбасына тарап тұр.
Өткенге бола өкінбе,
Ертеңге бола қам жаса.
Шалқая бермей, сіз, біз де,
Тумасқа зар күн қам жаса.
Сын сағатта қалған жоқ
Тәңіріміз илікпей.
Төгіле қоймас ұйытқымыз,
Дүрдара ыстық килікпей.
Аяз бидей әкімді
Ел қақпайлап, шеттетпес.
Ықпалды кісі сөзге ермес,
Билігі оның шеттелмес.
Майталман жігіт ұлтжанды,
Аяғынан шалынбас.
Емін-еркін тізгін бер,
Армансыз жансын жалын жас.
Башпайдан қағып тектіні,
Кері тарта, болма бақ құмар.
Шынайы асыл арыссыз,
Тартылып нәсіп, тақ құлар.
Татулық пен тұтастық –
Асқақтықтың өлшемі.
Екі туып, бір қалса,
Оралар бағы өшкені.
Ағасын төрге оздырған
Ініні білгір кісі де,
Аласармас сыйласса,
Ұлы жүз, орта, кіші де.
Ай мен күні оң туар,
Үшеуі тапса жарасым.
Атадан мұра кішіге,
Ағалық енші жанашыр.
Жақсының аты сан ғасыр
Жүрегін жұрттың тербесе.
Жігітті жігіт, жарасар,
Батырым десе, ер десе.
Тағдырдың жазған талайы,
Арбадағы бөтен ел
Безбенге түскен қазақтың
Еңсесін демеп көтерген.
Ұраны – Алаш, жақсысыз,
Жер бетіне көшер ме ек.
Ұрпағы өсіп, көгерсін,
Жаңбырдай жауған нөсерлеп.
Бесік кеуде жігіттер
Қойған ба тартпай бабаға!
Ар-намыстан жаралған,
Тіл, діні түспес саудаға!
«Міне тұр», – дейді. Қарасам, соқталдай-соқталдай екі жігіт тұр. «Әй, аға, жұға қояр ма екен осыларға», – деп күлдім. «Біреуі – Станислав, біреуі – Бектұр. Саған жезде боламын, соғыстан кейін осы жерде қалған адаммын. Мынау – Валентина деген жолдасым», – деді. Содан кейін: «Әкемнің аманаттайтын жазбалары бар еді қолымда. Соны мұражайға апарып, табыс қыл», – деді. Арабша жазылған дәптер берді. «Жарайды, аға!» – деп, дәптерді алдым. «Аты-жөнім – Жапатай Сейдахмет Бозынбекұлы», – деді. Содан екі жылдан кейін мұражай ашатын болдық, мұрағатты қараймын, енді ана кісіге телефон шалып хабарлассам, қайтыс болған екен. Сөйтсек, ол кісі Қырбай салдың ұлы екен. ҰҚК-да істейтін кезі. Мұнда келсе, әкесінің мойнынан жүк алынған жоқ, сол себепті ана жақта қалған екен. Тағдыр ғой! Сөйтіп, арабша жазылған шығармаларын қазақшаладық. Мына жақтағы туған-туысынан Сырбайдың баласы Шепен деген жалғыз бауыры бар екен. Оны тауып алып, суреттерін алдық. Ботаның жүнінен тоқылған Қырбай салдың шапаны әлі күнге дейін мұражайда тұр. Ол – сері кісі. Ақ боз атқа мінсе, ақ жабу, ақ шапан киеді екен. Әсіресе ақындарды жақсы көрген. Үмбетәлі сол кісілердің тобында жүрген. Ол кісі Үмбекеңе күмістен жасалған бойтұмарын да берген екен. Бір жағында – күн, бір жағында ай бар. Ішіне қалампырды салып қояды екен. Оны суырып алсаң, кәдімгі тіс шұқығыш, тамақ ішкеннен кейін, шайып жіберіп, орнына салады екен. Сөйтіп, ол кісінің баласын іздеп тауып, танысып, «Ұрпақтарға аманат» деген кітабын шығардық. Сосын ел-жұрты тойын жасап берді, Қырбай салдың ұрпақтары 150 үйден аспайды екен. Сондай мәре-сәре бір заман өтті.
– Мұражайда Үмбетәлі ақынмен араласқан, қатысы бар адамдардың заттары бар екен ғой...
– Талай дүние бар енді, айтып тауыса алмаймын. Осындай керемет адамдардың өнері, өмірі, өлеңдері кітап болып басылып, ел-жұртына рухани нұр болып шашылып, солай тіршілік жасап жатырмыз. Жетісудың ақындығы бір жерде тұруы керек қой. Ал Үмбетәлі ақынның жүрген жері думан ғой. Жаңағы дауылпазды дудума деп атайды екен. Себебі баяғыда соғысқа аттанғанда да семсер, найзағай ұстағандардың соңынан дудума ұстағандар шығады, сонда бір адам 100 адамдай болып елес береді екен. Сол дудуманың біреуі мұражайда сақтаулы тұр.
– Ақындық қасиеті бар балалармен жұмыс істейсіз бе?
– Неге істемеске?! Балалармен жұмыс істегеніміздің арқасы: Үмбетәлі мұражайын ашқанда жыр мектебін, ақындық мектебін аштық. Сабақтан тыс демалыстарда 217 баладан 30 баланы іріктеп алдық. Оларды шақырып алып, домбыра ұстауға, ақындыққа, жаттауға бейімі бар – осылардың ішінен ақындыққа жараған төрт баланы алдық, қалғаны термеші, аталарының сөзін жаттай алатын, отырған жерін той-думанға айналдыратын өнерлі балалар болды. Жәкең, Жамбыл атамды айтамын, бүкіл дүниежүзіне танылар ма еді?! Ал енді Жәкеңнің нұрлы жолын Нұрекең жалғастырып кетті, әлемді аралап. Дүниежүзіне қанатын кең жайып, бүркіттей қазақ атын әлемге паш етті. Не деген жақсылық! Астананы көрдік, керемет жайнап, көркейіп келеді. Қазақтың бір жігіті дәл сондай іс атқарса, мына дүние жұмаққа айналар еді. Ол жұмаққа айналып келе жатыр қазір... Айнаға қарап сәнденбейтін әйел жоқ. Ол да болса жаңағы тұрмысымыздың бір өзгеріп, жаңарғанын көрсетеді. Бұл да бір мәдениетіміздің өскені деп бағалаймын. Міне, мен 70-ке келдім, соның өзінде артқа тастаған үлкен жүгіміз бар. Енді, міне, сөзімізді тастап отырмыз, алтыны болса, теріп алатын ұрпақ қане?! 2011 жылды Жамбыл атаның жылы деп атап, ақындар антологиясын шығардық. Жәкеңнің он шақты өлеңі еніп, Мұратәлі деген атамыздың да күйлері нотаға түсірілді. Арғы-бергі сазгерлердің кітабы шықты нотасымен. Енді биік заман емес пе?!
– Надежда апай, бір кездері облысқа депутат болдыңыз. Ақындығыңызбен қоса, ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігіне араластыңыз. Жамбыл ауданы халқының жағдайына, оның мәдени-рухани өміріне не айтасыз?
– Мәдениеттің өсуі өндірістік ауыл шаруашылығын биікке көтерді. Бір әттеген-айы: баяғыда қыс мезгілінде «ана қой не болды, мына қой не болды, туыт басталды» деп аласүргін болып жататын Жамбыл ауданы миллион қойды қыстататын. Сол миллион қойдың дәуірі кішкене саябырсып қалды. Ал қазақтың мынадай кең даласының үлкен байлығы – төрт түлік малы. Сол кезде Қонаев ақсақал: «50 млн қойдың дәуірі болса, шіркін, соған жетсе қазақ», – деген. Баяғыда үйге бір кісі келсе, бір малды сойып жіберіп, жылы-жұмсақ, кәделі жілігін алдына қоймасақ, шаңырағымыз ортасына түскендей болатын. Ал қазіргі уақытта барымен базар болып, қонақты аттандырып жіберсек те, үндемейді. Бірақ, шүкір, дастарқанымыз түрленіп тұр ғой. Жерді бөліп-бөліп тастадық. Айдай алмаған қанша гектар жер тоз-тозға айналмаса екен деймін. Себебі бізде Үмбетәлі ауылы 40 мың қой айдаған ауыл еді. Сол 40 мың қойдан қазір шаруашылықта ештеңе қалған жоқ. Жаңағы егіндік жер бар. Кезінде ол ауылдар тары еккен. Ал тары – күннің көзін сүйетін дақыл. Соның өзі қандай еді! Меніңше, Құдайға шүкір деймін, соның бәрін орайына келтірер, білімдар, жақсы жеткіншектеріміз өсіп келе жатыр. Қонаев атамыз бекерден-бекер 50 млн қойды айтқан жоқ. Өзі атам заманнан бергі әңгімелерді тыңдасаңыз, бар байлық – қазақтың малында, кең даласында, көшіп-қонуында, жайлауында. Соның бәрі орнына келетін шығар деп ойлаймын, жарығым. Мәдениеттің өскені ел-жұрттың, әлеуметтің жаңа рухының өскені деп бағалаймын. Мысалы, қазір барыңызшы Сүйекеңнің басына. Наурызбай, Қарасай батырларға ескерткіш қойылған. Ол нені білдіреді? Ол кейінгі ұрпақтың бабаларына деген тағзымын білдіреді. Ал алғысы бар кеуде, рухы бар кеуде неге төмен болады?! Ол тек биікке самғай береді.
Бауыржан батыр айтатын: «Етке салма қамырды, Иі әбден қанбаса. Тойдырып текке қайтесің, Ісіңді көріп нанбаса», – деп. Қамыр демалмай, жайылмайды. Не нәрсені бастасаң да, кейінгі ұрпақ қай саланы алса да, иі қанған қамырдай болса, біздің төрт құбыламыз түгел болады. Сондықтан кейін асығыс бір нәрсені істеп аламыз да, артынан оны орнына сала алмай жатамыз. Иі әбден қанбай, қамырды етке салмау керек дегеніміз секілді, әр істі ойланып, келісіп пішіп, нәтиже шықпағына көз жеткізгеннен кейін бастау керек деп ойлаймын.