«Күміс көмей, жезтаңдай» сынды байқаулар ұлттық музыканың әлсіз соғып тұрған тамырына қан жүгіртіп, қазақылықты оятары даусыз
Майра ІЛИЯСОВА, әнші, продюсер:
– Майра апай, санаулы күннен соң дәстүрлі ән өнерінің жәрмеңкесі қыза түсетін түрі бар. Яғни былтырғы жылы алғаш ұйымдастырылған «Күміс көмей, жезтаңдай» атты қалалық дәстүрлі әншілер байқауын биыл тағы жалғастырып жатыр екенсіз. Қашан, қайда және кімдер қатысады, әңгімені содан бастасақ.
– Қыркүйектің 21-23-і аралығында өтетін бұл байқаудың ұйымдастырушылары, өздеріңіз білетіндей, Алматы қалалық әкімшілігі мен «Майра» продюсерлік орталығы. Қыркүйектің 21-22-сі іріктеу кезеңі Алматыда Ықылас атындағы халық аспаптар музейінде, ал қорытынды концерт 23-і күні сағат 19:00-де Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткелі жатыр. Оған қазақ сахнасының майталмандары «ДосМұқасан» тобы, Нұрғали Нүсіпжанов, Жұбаныш Жексенұлы, Мәдина Сәдуақасова, Айгүл Қосанова сынды өнер тарландары мен өткен жылы осы «Күміс көмей, жезтаңдай» байқауының былтырғы және биылғы жеңімпаздары қатысады. Негізі, бұл байқауға ұйытқы болғаны қала әкімі Ахметжан Смағұлұлының қазақ ұлттық музыкасының жанашыры екендігінің дәлелі десек болғандай. Елбасымыз, Иманғали ағамыз секілді ол кісі де бір қазақтай домбыра шертіп, ән салады.
Былтыр біз байқауға тек жасы 18-ге толған жастарды қатыстырсақ, биыл одан да жасарып жатырмыз. Себебі 10-11 сыныпта оқитын жеткіншектер арасында дауыстық мүмкіндіктері де, сахнада өзін ұстауы да үлкен әншілерден кем түспейтіндері көп екен. Сондықтан қазақтың «өнер – жастан» деген қағидасына сүйеніп, жанам деген жастарды нағыз өнер додасынан қақпақылдауды әділетсіздік санадық. Сөйтіп, байқауға қатысу жасын 15 пен 25 аралығы деп түзедік. Қазір осы тұрғанда екі сала, яғни бірі – таза дәстүрлі ән, екіншісі ұлттық аспаптардың өңдеуімен жасалған эстрадалық ән бойынша бізге 40 шақты өтініш келіп түсті. Бұл байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық дәстүрдің желісін үзбей жүрген жастарға қолдау көрсету. Себебі бүгінде «эстрадаға көңіл көп бөлініп, ұлттық музыка мүлдем назардан тыс қалып жатыр» деген пікір басымдық алып кеткені өтірік емес. Рас, эстрада белең алып кетті, барлық жерде шоу, бірінен бірін айырғысыз ән кештері мен әншілер. Өзім сол шоудың ортасында жүрсем де, маған ол ешқашан домбырадан, дәстүрлі әннен жақын болып көрмепті. Сондықтан қашанда қара домбыра десе, ұлттық музыка десем құлағым түрік, көңілім елең қағып жүргені. Мен секілді эстрададан нәпақа тауып жүрсе де, жаны қазақы әуеннен бір сәтке алыстап көрмеген өнерпаздарымыз үшін осындай бір байқаудың болғаны қуаныш сыйлайды деп ойлаймын. Сондықтан екі салаға 2 миллион теңге бас жүлде тігілген «Күміс көмей, жезтаңдай» дер кезінде қолға алынған бастама болды дей аламын. Бұдан бөлек бірінші орын – 500 мың, екінші орын – 300 мың, үшінші орын алғандардың өзі 200 мың теңге сыйақыға ие болады.
– Майра апай, шыны керек, сізге эстраданың да өкпесі жоқ шығар, себебі сіз бірнеше жылдардан бері «Сағындырған әндер-ай», «Жан анам» сынды жобаларды ұйымдастырып келесіз. Осы дәстүрлі музыка жобасы мен эстрадалық жобаларды салыстырғанда, ұйымдастыру барысында қандай ұқсастық, қандай айырмашылық байқайсыз?
– Мен өз қазағымды жанымдай жақсы көремін, бірақ қазағымның бір мінезіне қайран қап жүрмін кейінгі кездері. Өзінің дәстүрлі әніне, музыкасына өте салғырт қарайтын қазақтан асқан ел көрмедім десем болғандай. Таңғалатыным, әншейінде «ұлттық музыкамыз елеусіз қалып бара жатыр» деп жүргені болмаса, дәстүрлі ән концерті болар кезде солардың бірін таппай қаласыз ғой. Билет сатып алмайды, тіпті тегін шақырып та келтіре алмайсың. Бұл не сонда? Мен мұны қазақты қаралау үшін ойдан шығарғаным жоқ, бір емес, екі бірдей дәстүрлі ән жобасын ұйымдастыру барысында көзім жеткен соң айтып тұрмын. Республика сарайының 3000 кісілік орнын біз ресми орындарға шығып жүріп, әрең толтырамыз. Өздігінен «қазағымның әнін тыңдайыншы» дейтін жандар өте сирек. Сондықтан біз биыл 800 адамдық Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының залын таңдап алдық. Ал егер жылына бір-екі рет қана болатын дәстүрлі музыка концертін әр қазақ асыға күтсе, бізге керісінше, 3000 орынды зал да аздық етер еді. Біз былтыр «Күміс көмей, жезтаңдайдың» билетін тегін таратып бердік, ал биыл 1000 теңгеге сатуға мәжбүрміз. Оның өзіндік себептері бар. Алайда Ресей немесе шетелдік әншілер келген кезде артқы қатардағы орындардың өзі 100 доллар, ал алдыңғы қатарларының билеті 1000 долларға сатылғанда, біздің қазақ бола тұра өз қазақы әндеріміздің концертінің билетін небары 1000-ақ теңгеге сатуымыз тіпті күлкілі. Бірақ осы бағаға да болса келісуге мәжбүрміз, себебі одан жоғары бағада болса, бірде-бір адам келмей қоя ма деп қорқамын. Бірақ бір көңілге демеу боларлық жайт, біздің көп шығынымызды Алматы қалалық әкімдігі өз мойнына алды. Атап айтқанда, залдың жал құнын, афишасын, билбордтар мен билеттерді бастыру секілді. Егер де ең қыруар қаржыны қажет ететін салаларға әкімшілік қолдау көрсетпегенде, біздің дәстүрлі кеш өткізуге шамамыз жетпес еді.
– Жалпы, қандай концерт болсын, өзін-өзі ақтай ма?
– Бұған «иә» деп айтуға қиналамын. Неге десеңіз, қандай концерт ұйымдастыруда болсын біз небір «қылкөпірлерден» өтеміз. Соның бірі – салық, екіншісі – авторлар қаламақысы, билет сатқанымыз үшін әлгілерден бөлек тағы салық төлейміз. Қала берді, қаланың көрікті жерлеріне афиша ілу де оңайға соқпайды, ол бір емес, екі есе шығынды қажет етеді, яғни ілгеніңе бөлек төлейсің де, сол жерді жалдағаның үшін бөлек төлейсің. Сосын техника, телеарна жалдау, жарық қою бар... Сөйтіп, итшілеп концерт өткізіп жүрген жайымыз бар. Бір концерт үшін бір емес, алты айлап жүгіреміз десек, сенер ме едіңіз? Қалтамызға артық тиын қалмақ түгіл, өз шығынын жаппайтын да кездері аз емес. Егер осы ахуалмен кете берер болсақ, бір-екі жылда «Сағындырған әндер-ай» да, «Жан анам» да жабылуы ғажап емес. Өзі де қазір таза қазақы жобалардың саусақпен санарлығын ескерсек, онда аталған жайдың қазақы рухқа оңай соққы болмасы анық. Бір қуанарлығы, «Алтын домбыра» мен «Күміс көмей, жезтаңдайға» қазақтан шыққан бірді-екілі ұлт жанашырлары, атап айтқанда Нұртай Сабильянов сынды азаматтар бір жағынан демеу болады.
– Сөзіңіз аузыңызда, «Сағындырған әндер-ай», «Жан анам» немесе «Күміс көмей, жезтаңдай» үшін болсын, мыңдаған адамдардың алғысын алып жатқаныңыз рас, бірақ «бес саусақ бірдей емес», яғни ағынан ақтарылған алғыстармен қатар кейде сыртыңыздан «Майра осы концерттердің арқасында пайдаға батып қалады екен» деген сыпсың сөздер де естіп қалмаймысыз? Сізге қалай тиеді ол?
– Ел арасында жүріп «Қазақ эстрадасындағы ең бай әнші Майра Ілиясова» деген сөздерді жиі естіп қаламын. Иә, рас, мен баймын, Құдайға шүкір. Бірақ бұл материалдық өлшемнен гөрі рухани өлшемге жақын. Жасырмаймын, осыдан төрт-бес жыл бұрын әлгіндей концерттік жобалардан өзіме 10-15 мың доллар табыс түсіп қалатын, бірақ кейінгі кезде пайда түгіл, концерт өзін-өзі өтесе қуанатын болдық. Осы соңғы «Сағындырған әндер-айды» өткізуге 41 мың доллар қажет болды. Қайта мені сүйіп тыңдайтын көрермендер арасынан бір құрбым өз қалтасынан 2 миллион теңге қаржылай демеу көрсетті. Сенесіз бе, соның өзінде концерт өз шығынын әрең өтеді. Бірақ, бастысы, халық «Сағындырған әндер-айды» сағына күтеді. Және оның бағасын кеше ғана ортамыздан кетіп қалған аяулы ағамыз Еркеғали Рахмадиев берген, оның бағасын «Қалқам, сен мұны неге Мемлекеттік сыйлыққа ұсынбайсың?» деп Ілия Жақанов берген, сондай-ақ Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев секілді ағаларымыз да әрдайым «біз сол концертті асыға күтеміз» дейді. Маған осындай кісілердің аузынан әлгіндей сөз естудің өзі – бір мәртебе.
– Сіздіңше, қазір қазақ эстрадасы дамып жатыр ма? Бір қарағанда, сонау кездермен салыстырғанда қазір концерттер де көп, шоу- бағдарламалар да жетерлік, соған қарап бізде шоу-бизнес қалыптасты деп, ал әншілеріміздің әлеуметтік жағдайының біршама жақсарғанымен біздің эстрадамыздың даму деңгейін өлшеуге бола ма, қалай ойлайсыз?
– Дамып жатыр, әйтсе де шоу-бизнеске қол жеткіздік деу артық айтқандық болар. Шыны керек, той бизнес қой бізді әлі күнге асырап отырған да, астымызға көлік мінгізіп, баспанаға қол жеткізіп отырған да. Әрине, бір кездермен салыстырғанда біршама бас көтеріп, ауызбен айтарлықтай концерттік жобалар ұйымдастырып жүрміз. Алайда эстрадамыз соншалық дамып кетті дей алмаймын. Ал енді әншілердің әлеуметтік жағдайы қазір екі түрлі: қай әнші қазіргі заманауи ағымға сай киінеді, қымбат аранжировка жасайды, жақсы клип түсіреді, өз репертуарына жақсы әндер таңдайды, міне, солардың бәрінің жағдайы жақсы, шүкір. Ол топта мен де бармын, үстімізде – екі-үш қабат үй, астымызда – қымбат көлік. Ал енді киімге мән бермейтін, 200-300 долларға аранжировка жасата салатын, Қытай базарынан туфли не костюм-шалбар киіп, сонымен сахнаға шыға салатын, қысқасы арзанқол әншілердің жағдайы нашар.
– «Же шапаным, же» деген Алдаркөседегідей біз неге оларға киіміне қарап баға беруге тиіспіз, мүмкін қас әнші солардың ішінде жүрген шығар?
– Жоқ, егер талант болса, ол жарып шығар еді. Кезінде біз қазіргіден әлдеқайда қиын өтпелі кезеңде ешкім қолдау көрсетпей-ақ, өз күнімізді өзіміз көрдік қой. Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Бағдат Сәмединова, жастардан Жұбаныш, Мәдина Сәдуақасовалардың қайсысының тіреуі болыпты, айтыңызшы? Бәрі де қарапайым отбасынан шыққан, өздері тырмысып, өз өнерлерінің арқасында бүгінгі жағдайына қол жеткізген жандар. Ешқайсымыздың меценат көкеміз болған жоқ. Біз тек аузымыздағы Алла берген әнге сеніп, алға жылжи бердік. Әлі күнге осы «болдық-толдық» деп жүргеніміз жоқ, таңғы 5-те тұрып, түнгі 1-де жатамыз. Әрине, «көкесі» не «ағасының» арқасында шығып жатқандар да бар қазір, бірақ қай заманда да олар жылт етіп қалай шықса, әрі кеткенде бір-екі жылда дәл солай жалп етіп сөніп қалады. Яғни нағыз өнер иесін анықтайтын да, баға беретін де халық пен уақыт деген ұлы құдірет. Алтынмен апталып, күміспен күптеліп тұрсаң да, бойыңда өнерің жоқ па, уақыт өзі лақтырады да тастайды, ал керісінше, жыртық тәпішкемен тұрып ән салсаң да, сыңғырлаған үнің мен көзіңдегі отың сені керемет биіктерге өзі-ақ жетелейді де кетеді. Әрине, бірақ «мен қас талантпын» деп, үйде жатып алған адам көрінбейді, жоқ дегенде осы өнер жолының жиегіне шығып қол бұлғап, өзінің бар екенін көрсете білуі керек қой. Қазір де шығып жатыр ғой таланттар, мысалы, айталық, Асқар Жүнісбековтің «көкесі» бар ма? «Жігіттердің» ше? Бір ғана Ерғали шырылдап жүріп, шығарды. «Меломен» тобына да Жанна жалау болды, дегенмен ондағы балалардың өнері мықты болмаса халық қабылдар ма еді? Сондай-ақ «Алашұлы» да қарапайым ғана жігіттер. Ерболат Құдайбергеновті алсақ та, әке-шешесі өмір бойы қара домбырасын арқалап жүрген қарапайым-ақ адамдар, Ерболатты сүйреген солар ма? Жоқ, Ерболат өз өнерінің арқасында жарқ етіп шықты. Айтылғандардың қай-қайсысына болсын талантымен қоса, таудай талап, бармақтай бақ берді Алла. Ал бақ – Алланың адамға берер сыйы. Керісінше, үлде мен бүлдеге оранып, қымбат көлікке мініп алып, клиптен клип түсіріп жүрген әншілер де жүр ғой, бірақ соларды халық тіпті тойға да шақырмайды. Неге? Себебі халыққа ондай «қуыршақ әнші» керек емес. Қанша жерден эфирді жаулап алып жатса да. Бәрібір халық ондай кем «таланттарды» қабылдамайды. Сондықтан уақытша нәрсе деген бар да, шын өнер дегеннің жөні бәрібір бөлек.
– «Маған продюсер болыңызшы» деп сізге қоңырау шалатындар көп шығар, солардың ішінен сіз қанша дарын иелерін таптыңыз?
– Мен осыған дейін өзіме өтінішпен шыққан бірде-бір әншіні жібермей тыңдайтынмын. Қазір тыңдай алмаймын, себебі біріншіден, шынында уақытым жоқ, екіншіден, осы уақытқа дейін, яғни бес-алты жыл ішінде өзіме дәл солай қолқа салушылар ішінен жарып шыққан бір әншіні көргенім жоқ. Өз тобымның әншілерін мен кастинг арқылы таптым. Ал мен әншілерімнен ештеңені де аямаймын, яғни әндерін ең қымбат студияға жаздырамын, сахналық киімдерін қымбат брендтердің бірінен алып беремін, бірақ соның өзінде осы уақытқа дейін талай мәрте әнші ауыстырдым. Себебі үмітімді ақтамады, қас талант былайғы уақытта қарапайым болса да, сахнаға шыққанда жанып кетуі керек қой. Сонда ғана көрерменді өзіне тарта алады. Қалғып-мүлгіп тұрғандай, сахнада өзін көрсете алмағандарына амал жоқ, қош дедім. Себебі мен біреудің көңілі үшін халыққа қиянат жасағым келмейді.
– Яғни қазір топтарды да жоба дейтін болдық қой, сол жобаға артылған үміт пен салынған қаржының ақталмайтын кездері болады дейсіз ғой? Қаржы демекші, сіз өз әншілеріңізді қаншалықты қамтамасыз етесіз, соған сай қандай да бір талабыңыз не шектеулеріңіз бола ма?
– Осы күнге дейін жобаларға салған қаржым ақталған емес. Ал үмітті ақтаған әншілерім бар. Мен сонда да бар тапқан-таянғанымды қолға алған жобаларыма салудан жалықпай келемін. Қыздарыма қиянат жасаған емеспін ешқашан, яғни жалақыларын уақтылы төлейтінім өз алдына, концерттерге не тойға шықса да көлікпен қамтамасыз ету, сахналық костюмдерін алып беруді ешқашан назардан тыс қалдырып немесе солай еттім екен деп міндет қылған емеспін. Әйтеуір шүкір деймін. «Ерке» тобына өте ризамын, ал «Сақ» этнотобы мен «Керімсал» менің әлі діттеген жерімнен шыға алмай жатыр.
– Неге, этно болғандықтан ба?
– Иә, ұлттық нақышта болғандығынан да шығар, тойға тапсырыс аз түседі. Айына бір-екі рет қана шақырады, ал ол неге жетеді, тіпті жалақыларын да өтемейді. Сондықтан қомақты қаржыны мен де бере алмаймын, олар да таба алмайды. Әрине, қазақ болғандығымыз үшін осындай ұлттық аспаптарды серік еткен топ керек, бірақ соған қолдау көрсетпей, керек қыла бермей отырған қазақты көргенде, ішің ашиды. Кейде тіпті «жауып тастасақ па екен» деп те ойланып қалатыным өтірік емес. Осындайда «Күміс көмей, жезтаңдай» секілді ұлттық өнердің жаршысы дерлік байқаулардың ұйымдастырылуы көңілге аз да болса серпін беріп, қолтықтан демейді.
– Апай, бір кездері бейнеклип те бізге таңсық көрініп, бейнеклипі бар әншілер бірден көзге түсетін. Ал қазір пиардың талабы артып, соған сай басқаша да құралдары пайда болды. Айталық, продюсер Баян Есентаева бейнеклип емес, соңғы жылдары шоу-жобалар, тіпті кино түсіруге көшті. Бәлкім, сізге де сондай бір жаңа қадамға көшетін кез келген шығар?
– Жалпы, адам өзінің әлі келетінмен қатар, келмейтін де тұсын мойындауы керек қой. Менде ондай мүмкіндік те, ондай ой да жоқ. Себебі кино түсіру еріккеннің ермегі емес, оған мол қаржы, мықты күш-қуат қажет. Шынымды айтсам, қазіргі кезде өзім риза болатын продюсерлердің бірі де бірегейі – Баян. Кино түсірсе, біріншіден, ол өзі киноға жат адам емес. Баян Есентаева кезінде қандай Кинода, қалай жарқ етіп шыққанын өздеріңіз білесіздер. Демек, онда тәжірибе бар, аздап болса да кино саласын біледі. Содан соң оның мамандары алысқа бармай-ақ өзінің жанында жүр. Әкесі Мақсат Мұхитдинов – өмір бақи музыка саласында жүрген өте талантты, керемет азамат. Сіңлісі Бағым да – вокалдан дәріс беретін өте сауатты педагог. Әрине, Баян Есентаеваның өзі де продюсерлік салада өзін мойындатқан – керемет дарын иесі. Ізімнен осындай талантты сіңлімнің еріп келе жатқанына өзім сондай ризамын. Бірақ Баянның жұмыс істеуі менен әлдеқайда басқа, ол заманауи қадамдар жасайды. Әншілері де, әндері де ерек. Мен қазақымын, ол заманауи. Бірақ ол да керек қой, себебі біз қашанғы киіз үйдің ішінде отыра бермекпіз? Бұдан бөлек, Баянның эстрада мен киноны біріктіруі – оның ашқан жаңалығы. Ал жаңалық ашу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық.
Алашқа айтар датым...
«Қасқырдың аузы жесе де – қан, жемесе де – қан» деп, айналып кеп «тірі дауыста айтпайды» деп бір, «тойдан көп ақша тауып қойды, салық салайық» деп екі, солай тағысын тағы біздерге тиісе береді. Таңғалам, қақпақылдай беретіндей, осы уақытқа дейін бізге кім қандай жағдай жасапты? Күні бүгінге дейін тым құрыса бір рет әншілердің бәрінің басын құрап, «жағдайларың қалай» деп сұраған не облыс, не қала, не аудан әкімін көрмедім. Әркім өз күнін өзі көріп жүр, содан кейін бізде – хаос. Сосын бізде талғам жоқ. Осы талғам дегенге келсек, таразылаушы кім қазір? Қоғам кімнің таңдауымен алға жылжып жатыр? Кәсіби өнер мамандарының ба, болмаса әке-шешелері күнімен барахолкада, үйде екі аяқты аспанға көтеріп қойып жататын бүгінгі балалардың ба? Бүгінде қаптап жүрген «хит әншілерді» кәсіби ақын, композиторлардың, әншілерден құрылған көркем кеңестің алдында тірідей ән салдырып, сынынан өткізіп көрсінші?.. Сонда көрер едік, кімнің мықты екенін. Талғамсыздықтан осылай арылмасақ, қалай арыламыз?