Асылы ОСМАН, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің, Алматы облыстық әзірбайжан этно-мәдени орталығының төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, филология ғылымының кандидаты, профессор:
– Асылы апай, сіз Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесісіз ғой, жалпы, осы Ассамблеяның халықтар достастығындағы атқарар рөлі қандай, қандай үлес қосып отыр?
– 1 Мамыр мерекесі сонау кеңес үкіметінің кезінен-ақ еңбек мерекесі болып есептелген. Бұл күннің мәні де, мағынасы да өте зор. Сол мазмұнда, сол мәнде бүгінгі таңдағы 1 Мамыр мерекесі Елбасымыздың тапқырлығымен, білгірлігімен, тегіміз бөлек болғанмен, теңдігіміз бір, бірлік мерекесі болып белгіленді. Барша қазақстандық бірлікте, ынтымақтастықта осы мерекені тойлайды. Мұндай мерекемен адамның еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі, патриоттық сезімі артады. Бірлік күні еліміздің бірлігіне де, түсіністігіне де, теңдігіне де жақсы әсер етеді деп ойлаймын. Ал жуырда өткен Ассамблеяның құрылтайына «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген тақырып берілді. Бұл дегеніміз бір елде тұрған азаматтардың тағдыры да бір дегенді білдіреді. Ал тағдырымыз бір болғаннан кейін еліміз бір болуы керек және бірлікте болуымыз шарт. Ол құрылтайдағы Елбасымыздың жасаған баяндамасы менің жүрегімнің төрінен орын алды. Ассамблея барлық ұлтқа ұйытқы болуы керек. Егер Президентіміз де, халқымыз да өзге ұлт өкілдеріне жылы ықыласымен, адал ниетімен, жылы лебізімен қараған болса, Ассамблеяның әрбір мүшесі де, басшысы да ұлтаралық бірлікті, достықты ұйыстыра білуі керек. Өзге ұлт өкілдері де топырақ иесі, ел иесі – қазақ халқы оларды қалай қастерлесе, дәл солай қадірлеп, қастерлеп өтуі тиіс. Білем, қазақты сүйемін, құрметтеймін деп айтатындар көп, бірақ іс жүзінде қоғам болып баршамыз топтасқан түрде сол ниетте болғанымыз дұрыс. Ассамблея мүшелерінің жеке бастарының мүдделерінен гөрі қоғамға қызмет етіп, қоғамның мүддесін жоғары қойсақ ұтылмаймыз. Рухани дүние жағынан келгенде ұлттық мүддені қай-қайсымыз болсақ та бірінші орынға қоюға тиіспіз. Яғни қазақ ұлтының мүддесі, ол – қазақтың ғана мүддесі емес, ол – қоғамның және мемлекеттің мүддесі. Ал саяси тұрғыда алып қарасақ та, біз мемлекеттік саяси мүддені ең жоғары орынға қоюымыз керек. Өйткені мына мемлекет біздің бәрімізге ортақ. Ал ұлттық құндылық жағынан келгенде ұлттық мүдде ең жоғары орында тұруы тиіс. Күллі этнос өкілдері қазақтың мүддесі үшін қызмет еткені жөн. Әрине, өзге ұлттың тіліне, әдебиетіне, мәдениетіне айрықша көңіл бөлініп, өз ана тілдерінде оқуына, дамуына, өркендеуіне ерекше мән беріліп, салт-санасын жаңғырта сақтауына барлық жағдай жасалып жатыр. Өз ана тілдерінде оқып, білім алуда. Бірақ мен әрдайым тұрған елдің тілінде білім алып, оқиық деп насихаттап жүрем. Бір шүкірлік ететінім бұрынғыға қарағанда қазір ілгерілеушілік сезіледі, мойынсыну да бар, бірақ толық мойындаушылық жоқ. Ассамблеяның бүгінгі таңда алдына қойған ең негізгі мақсаттарының бірі – Қазақстандағы кенжелеп жатқан дүниенің барлығына мұрындық болып, қоғамдық мүддеге қызмет етуді көксейді.
– Ассамблеяның қызметіне, оның мақсат-міндетіне жалпы түсінік беріп отырсыз ғой, сонда бұл Ассамблея тек қалалық жерлер үшін қызмет етпек пе? Ауылдық аймақтарда да ашу жөнінде көзқарасыңыз қандай?
– Аймақтарда әр ұлттың мәдени орталығы құрылған. Сол кезден бері айтып келем, бір қалалық Ассамблея, бір облыстық Ассамблея болсын және оларды бір түсінігі бар, Қазақ елінің ерекше қасиетін білетін адам басқарса деп армандап келем. Кейінгі кезде Ассамблеяны кеңейту керек деп, ауылды жерлерден де ашылуда. Ал мен жеке басым бұл идеяны құптай алмаймын. Себебі бір қазақ ауылында бес шаңырақ әзірбайжан, бес-алты үй орыс, бес-алты, он шақты үй ұйғыр, түрік тұрса, осының әрқайсысы бөлініп, мен әзірбайжанмын, сен ұйғырсың, сен орыссың дегеннен не табамыз, не пайда? Бір ауылда тұрып әр ұлт кеудесін қақса, не болмақ, жарасқан бірлігіміз қайда қалмақ? Елбасымыз айтпақшы, тегіміз бөлек болғанмен, теңдігіміз бір болып, Қазақстан өзге ұлтты бөтенсімей, барлық жағдайын жасап, еркіндіктің кілтін қолымызға беріп отырғанда, ауылдағы айрандай ұйып отырған ағайындарды бөле-жарудың қандай қажеті бар? Мен де ауылда тұрдым, хан жайлаған Қаратаудың бауырында өстім, би билеген Алатаудың баурайында білім алдым, негізімді қаладым, сонда мені әзірбайжансың деп кеудемнен итерген адам болған жоқ. Қазір де қазақ көрген жерде бауырына басады, маңдайымнан иіскейді, арқамнан қағады, басымнан сипайды. Не үшін? Себебі мен қазақтың тілін білгеннен кейін қазақтың жан дүниесін ұғамын. Қазақта керемет сөз бар «Пышақты өзіңе сал, ауырмаса өзгеге сал» деген. Егер қазақ өзгеден бөлініп, мен топырақтың иесімін деп кеудесін қағып тұрса, түсінушілік қайдан болар еді? Сол үшін де өзге ұлт қазақтың жан дүниесін ұғып, түсінуі қажет деп есептеймін, әрдайым өзімді қазақтың орнына қоямын. Қазақ ешкімді бөлмей, жармай басымыздан сипап тұрғаннан кейін қазақты қалайша сүймейсің? Әлемде жеті атасын жетік білетін, ары менен қаны таза, жүрегі пәк, ешкімді бөлмейтін, жармайтын, арамдықтан ада, қиянаттан шет, алысты жақындастырып, аразды татуластыратын, бір пәк, даласындай дарқан ұлт бар, ол – қазақ ұлты. Бүгінде бүкіл әлем көз тігіп, Қазақстанды танып-біліп отыруы – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегі мен қазақ халқының кеңдігінің арқасы. Елбасымыз қазақтың ұлы болғаннан кейін ғана Қазақстан бүгінгі сипатқа ие болып отыр. Егер өзге ұлттың ұлы болса, мұндай кеңдік пен теңдікке қол жеткізе алмас едік. Президентіміз тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін қызмет етіп келеді. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеңдіктің, теңдіктің, дарқан көңілдің, бақытты, баянды елдің белгісі, символы болып отыр. Бүгін Қазақстанды бүкіл әлем таниды. Бұрын Қазақстанның әлем картасында атауы да жоқ еді. Қазір жер көлемі жағынан әлем елдері арасында тоғызыншы орында тұрған еліміздің жер бетіндегі бүгінгі танымалдылығы Елбасымыздың адал еңбегінің жемісі деп білемін. Қазақ достықты сақтай білгендіктен, өзге ұлт оның дәм-тұзын ақтай білуі тиіс! Қазақ даласына сонау 40-жылдары қоныс аударғанда жартысын жарып, бүтінін бөліп жеген қасиетті қазақ халқының арқасында бүгінгі дәрежеге жеттік.
– Елімізде түрлі ұлттың ұрпақтарына білім беріп жатқан мектептер бар. Сол мектептерде қазақ тілінде тек қазақ тілі пәні ғана оқытылады. Тек бір ғана пәннің мемлекеттік тілде оқытылуы жеткілікті деп есептейсіз бе?
– Үй ішінен үй тігудің қажеті жоқ. Бір мемлекет болғаннан кейін, бір мемлекеттік тіл болғаннан кейін өркениетті елдердің қатарына қосылып келеміз. Демек, біз де дамыған елдердегі талаптарды қоюымыз керек. Қазақстан өзге ұлттың барлығына еркіндік берді. Бірақ қай ұлттың үйлену тойын немесе өзге тойын қазақтың салтына сай өткізгенін көрдіңіз? Қазақ ел иесі болған соң қоғамда қазақы рух сақталуы тиіс. Әрине, әр ұлт өзінің ана тілін сақтасын, бірақ өзі тұрған елдің мемлекеттік тілін білуі – әркімнің адами міндеті, азаматтық парызы. Сонда ғана мемлекеттік, ұлттық идеология үстемдік етеді. Мысалы, бір Қазақстанда 78 өзбек мектебі бар екен. Оның барлығы кімге керек? Өзбектің тілі де, әдет-ғұрпы да жойылмайды, жойылса да оның елі бар. Ал қазақтың тілі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жойылса, ол екінші жерде жоқ, демек, ұлт та жойылады. Қазақтың өсетін де, өркендейтін де жері осы жер – Қазақстан. Егер Қазақстанда барлығы жақсы болса, сізге де, маған да жақсы, яғни қазаққа жақсы, жайлы жер бәрімізге жақсы. Ал мектеп мәселесіне келсек, бізде қазақтілді және орыстілді мектептер бар, жарайды, бірақ тағы да басқа ұлттардың жеке мектептерін ашып, үй ішінен үй тігуді өз басым жөн көрмеймін. Алайда Үкімет жағдай жасады, қазір ұйғыр мектебі де, өзбек, орыс және тағы да басқалардың мектептері бар, жұмыс істеп тұр, білімдерін беріп жатыр. Мен неліктен мұны құптамаймын? Себебі ертең Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғанда мұның бұрыс екендігі анық білінеді. Сонда мектеп түлектері тестілеуді қай тілде тапсырады? Бір мемлекетте бірнеше тілде тестілеу жүргізуді қалайша құптарсыз? Әрине, орыс тілінде тестілеуге еріксіз бас шұлғимыз, ал өзге тілге арнайы тест құрастырып, бас қатырудың қандай қажеттілігі бар? Біз «Бір ел – бір халық – бір тағдыр» деген ұранмен өмір сүретін болсақ, қазақы рух, қазақы қоғамда мәңгі сақталары сөзсіз. Дамыған елдерде өзге тіл, бөтен халық деген ұғым жоқ. Бір тіл, бір мемлекет, болды. Яғни біз де сол жүйеге біртіндеп көшкеніміз абзал. Себебі біз де өркениетті, дамыған елдердің қатарына ұмтылған елміз. Сондықтан еліміздегі мектептерде оқытылатын пәндердің тек бірен-саранын мемлекеттік, яғни қазақ тілінде оқыту туралы емес, толық қазақ тілінде білім беруді құптар едім. Егер қазақ мемлекеті бір ел, бір халық, бір тағдыр ұранымен өмір сүрсе, абыройымыз артып, ұтарымыз анық.
– Саяси элитаның мойнын 100% мемлекеттік тілге бұру үшін не істеу керек? Шенеуніктеріміздің арасында өзге ұлт өкілдері бар дегендей... Жалпы, заңға сәйкес мемлекеттік қызметкер үшін мемлекеттік тілді білуі керек деген талапты орындатудың саяси жақтары да бар ғой...
– Қазақтың тілін дамытудың қажеті жоқ, себебі қазақтың тілі – дамыған, өнген, өрістеген тіл. Бұрын қазақ тілі дипломатиялық істерді атқарған. Қазір талаптың, қажеттіліктің және сұраныстың жоқтығынан қазақ тілі кенжелеп жатыр. Егер талап болса, біз ең алдымен, шенеуніктерімізге сол талапты қояр едік. Мәселе де сонда – талап жоқ! Біз айтар едік, «егер сен мемлекеттік қызметкер болып, сол креслоға отырғың келсе, қазақ тілін біл, орыс тілі мен ағылшын тілін біл, бірақ басымдық бірінші орында мемлекеттік тілде» дер едік қой?! Бұл тұрғыда қазаққа екі міндет жүктеледі: біреуі – ана тілі ретінде, екіншісі – мемлекеттік тіл ретінде білуі керек. Ал мемлекеттің тілі, қазақтың тілі барша қазақстандыққа ортақ болуы тиіс. Тіл ортақ болмай, қоғам топтаспайды. Қазақтың тілі тек Қазақстанда ғана өседі, өркендейді, мемлекеттік тіл бола алады. Қазақтың тілі Қазақстан территориясында ұлтаралық тіл болса деймін. Дүниеде тіл мен сөзден асқан құдіретті ештеңе жоқ. Темір тозады, тас мұқалып құм болады, адам өмірден озады, өлмейтін – көмейдегі сөз бен таңдайдағы тіл ғана. Тіл – тағдырдың адам баласына тартқан сыйы. «Тіл – қатынас құралы» деп баяғыдан-ақ айтып келеміз. Тарихымызды да, әдебиетімізді де, мәдениетімізді де өзгеге жеткізетін – сол тіл. Тіл – ұлттың жаны, ең құнды дүниесінің құндысы. Сондықтан тілдің орны ерекше деп білгеніміз абзал. Қазақта «тіл білген құшақтасады, білмеген пышақтасады» деген даналық сөз бар, бірақ саяси элитаға қатысты талап ойдағыдай емес. Елбасымыз да әрбір Жолдауында қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміздің деңгейін көтеріп, беделін асқақтату керектігі жөнінде әрдайым халыққа айтып отырады, бірақ іс жүзінде білек сыбана кірісіп жатқандар шамалы. Өмірдің барлық саласында қазақ тілін пайдалану керек. Сәкен Сейфуллин атамыз айтқандай, тіл – ауыздың ішінде, оны шығару керек. Яғни біз сөйлеуіміз керек, қазақ тілінде сөйлемей тұрып, қазақша ойланып, қазақтай толғанып, тебіреніп, жан дүниені түсіну мүмкін емес. «Адам жазған сайын қалыптасады, сөйлеген сайын жетіледі» демекші, қазақ тілін жетілдірудің, өрісін кеңейтудің бір жолы – барлық салада мемлекеттік тілді еркін қолдану. Мысалы, жұмысқа орналасар кезде сізден орыс және ағылшын тілін білесіз бе деп сұрайды. Сонда қазақ тілін неліктен сұрамасқа, неліктен талап етпеске? Бұл орыс мемлекеті емес, ағылшын мемлекеті емес, қазақ мемлекеті емес пе?! Қанша тіл білсеңіз – сонша ұлттың өкілі, сонша бай адамсыз деген де сөз бар. Көп тілді білген адам соншалық биікте тұрады, оның еш әбестігі жоқ, бірақ мемлекеттік тілдің орны бәрібір бөлек. Оған мемлекеттік тіл ретінде басымдық беріліп, бірінші орында тұруы керек! Заң да бар, Үкіметтік қолдау да, қаржы да бар, бірақ ниет жеткіліксіз. Мемлекетті мемлекет, елді ел ететін жалғыз құрал тіл болғандықтан, немқұрайдылық бұл орайда орынсыз дүние екенін естен шығармаған дұрыс.
– 1 Мамыр мерекесінің тұжырымдамасы қандай болуы керек деп есептейсіз? Бәлкім, осы күнге арналған дәстүрлі ұран қажет шығар?
– 1 Мамыр – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, адамзаттық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі. Бұл күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді. Ал 1 Мамырдың ұраны – бірлік! «Бірлік бар жерде тірлік бар» дейтін атам қазақ, бірлікті өсиет деп біледі. Яғни бірлік – ата-баба өсиеті, бөліну – заман қасіреті. Сол заманның қасіретіне ұрынбай, тату-тәтті өмір сүрген қазақы рухта ұрықтанған елдің басшысы, Президентіміз бірлік мәңгі болсын деп 1 Мамырды бірлік күніне арнады. Біз жұдырықтай жұмылып, бір білектей сыбануымыз керек. Бұл күні мен үшін қазақтың ұлттық киімін киіп, қазақша сөйлеп, ән шырқау бәрінен артық. Шынымды айтсам, бұл күні әзірбайжан киімін киіп шығуға намыстанамын. Мен неліктен Қазақстанда тұрып әзірбайжанша киінуім керек? Қазақстанда әзірбайжанның бір нәрсесі ұмыт қалып жатса, оның өз елі бар, ол жақта ұмыт қалмайды. Маған салса, 1 Мамырда бір қазақ үйді орысқа, бір қазақ үйді ұйғырға деп бөліп бермей, бір дастарқан жайып, барлық ұлттың басын сол ақ дастарқан басында қосар едім. Өйткені қазақ деген даласындай дарқан, тұлпар шапса тұяғы мұқалатын, сұңқар ұшса қанаты талатын, сонау шынарлы Атыраудан алтынды Алтайға, жер жаннаты Жетісуға шейін барлығы қосылғанда неткен байтақ дала десеңізші?! Осы дарқан даламызда сан-саққа бөлінбей, басымыздың бір жерде қосылғаны дұрыс. Қазақтың тілі қандай шұрайлы?! Ең таза, мөлдір, нәзік қазақ тілін қалайша сүймессің?! Мен әрдайым айтып жүрем, Қазақстандай жер, қазақтай ел жоқ!
– Жастардың өзге тілге бейім болуының себебі неде деп ойлайсыз? Бұл шетелдік идеологияның мықтылығы ма, әлде өз идеологиямыздың әлсіздігі ме?
– Өскелең ұрпақтың өзге тілге бейім болуының себебі – қазіргі саясат пен талаптың әлсіздігінен. Қазақ – өте алғыр халық. Алайда ұлттық рухты бойымызға сіңіріп, өзіміздің қазақ даласында тұрып жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Қазақ – сонау VIII ғасырда алып арабтарға да, XIII ғасырда тегеурінді моңғолға да, XIX – ХХ ғасырда ормандай қаптаған орысқа да төтеп беріп, өзінің қазақтығын сақтап қалған киелі ел. Бірақ сол қасиетті қазіргі ұрпақ өз дәрежесінде ұғып, бағалай алмай, қастерлей алмай отыр, мені сол қынжылтады. Әйтпесе, Тәуелсіз ел болғанымызға 20 жылдан асты, мемлекеттік тілімізді, қазақ тілін өз тұғырына қондырар күн баяғыда-ақ жетті емес пе?! Мен «үш тұғырлы тіл» дегенде «тұғыр тек қазақ тіліне ғана тән, өзге тілдер өз елінде өз тұғырына ие болып отыр» дегенмін. «Менің айтуым керек, айтпасам жанып кетем, қазағыма боламын анық бөтен, бай тілді баяндай алмай, көрге кіргім келмейді» деп айтып өтем! Жұқса маған асыл қасиет тіл арқылы қазағымнан дарыған, бойға біткен қабілет тұрған елден дарыған, құдіретіне бас иіп, қазағыма табынам да, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің өз дәрежесіне көтеріліп, тұғырына қонуын сағынам!
– Кейбір ұлт өкілдері «Қазақстан – менің екінші Отаным» деп жатады. Адамда жалғыз Отан болады емес пе? Жалпы, Отаным деген азамат сол елдің тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білуі тиіс деп есептейсіз бе? Осы ретте мемлекеттің міндеті қандай болуы керек?
– Тәуелсіздігімізді алғалы бері айтып келем, адамда бір ана, бір Отан болады. Ол – сен қай елде тұрсың, қай жердің суын ішіп, ауасын жұтып, топырағын басып жүрсің, сол жер – сенің Отаның! Менің бір анам бар мені өмірге әкелген, ал Отаным – құтты қоныс, мейірімді мекен етіп отырған Қазақстаным! Сондықтан «тарихи Отан» деген ұғымды да өз басым бала кезден-ақ мойындаған емеспін. Себебі мен қай елде тұрмын, сол ел менің Отаным деп білем. Адам бойында бір кесім таза ет бар, ол – жүрек. Егер әрбір азамат сол жүректей таза пейілмен «Отан!» деген қасиетті сөздің мағынасын жан дүниесімен, адал ниетімен, кең пейілімен ұғына білсе, әрине, тілді де, салтты да, дәстүрді де өз бетімен-ақ үйреніп, сүйіп, құрметтеп, қастерлеп өтеді. Елге адал болу керек, ал адалдық адамды еш уақытта адастырмайды. Мемлекет өзіне тиесілі міндетті атқарып, тегіміз бөлек болса да, теңдігімізді бірдей ұстап тұр. Бірақ ұлттық тәрбиеге келгенде кемшін тұстарымыз жетерлік. «Отан отбасынан басталады» демекші, Отанды сүю ата-ананың тәрбиесінен, сүйіспеншілік бесіктен пайда болады. Ұлттық тәрбие, ұлттық рух – адами асыл қасиеттер ананың ақ сүтімен, бесіктің бал жырымен дариды.
– Ал өзіңіз ұлтыңызды «қазақ» деп жаздырар ма едіңіз?
– Ешбір ойланбастан «қазақ» деп жаздырар едім. Өйткені мен Қазақ елінің азаматымын. Азаматтық қоғамда еркін, тең құқықта өмір сүріп келемін. Сыртқа шыққанда да мені қазақ деп қабылдайды.
– Әңгімеңізге көп рақмет, апай. 1 Мамыр құтты, бірлігіміз мәңгі болсын!
Алашқа айтар датым...
Қазақстан тұрғындарының барлығына татулық, бірлік, достық, түсіністік тілей отырып, дендеріне саулық, бастарына амандық, ортаймас бақыт, сарқылмас күш-қайрат тілеймін. Еліміздегі шаттық, қуаныш тарқамасын, гүлдері жайнасын, жапырақтары солмасын, әрбір азаматтың басынан бағы, астынан тағы таймасын, бастары дәулетті, төңіректері перзентті болсын!