Көркем гимнастика талабына сай табиғи дене бітімі болмаса, биіктерді бағындыру қиын

Әлия Юсупова, көркем гимнасшы, Азияның бірнеше дүркін чемпионы, әлем кубогының жүлдегері:

Әлия Юсупова – көркем гимнастикадан Азия елдерінің арасында үздік көрсеткіштерге жеткен ортақ мақтанышымыз. Жерлес спортшымыздың, тіпті, әлемдік аренадағы беделі де жоғары. Бірнеше ірі халықаралық турнирлерге, екі рет Олимпиада ойындарына қатысып, жоғары нәтижелерді бағындырды. «Егер де республикадағы ең әдемі спортшы байқауы өткізілетін болса, Әлия жыл сайын міндетті түрде алғашқы үштіктің қатарынан табылған болар еді» деп жазыпты бір басылым. Әрине, бұған ешкімнің де таласы болмас. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында біз ару спортшы Әлиямен сұхбаттасуға келіскен едік.

Сүйікті гүлім – раушангүл
– Әлия, алдағы келе жатқан мерекеңіз құтты болсын!

– Рақмет.
– Жұбайыңыз не сыйлайды деп ойлайсыз?
– Әрине, гүл сыйлайды. Мен жарыстарға жиі шығып кететінмін. Нұржан мен қай жерде жарыста жүрсем де, Қазақстанда болсын, шетелдерде болсын міндетті түрде соңымнан гүл жеткізетін. Өзі бара алмаса да, пошта арқылы тапсырыспен жібереді. Бұл мен үшін өте әсерлі, әрі үлкен демеу болды.
– Гүлдің қандай түрін сыйлайды?
– Негізінен, раушан гүлі. Мен өзім осы гүлді жақсы көремін.
– Нұржанмен таныстығыңыз қай кезден басталды?
– Шамамен екі жарым жылдай болды.
– Биылғы мерекені ерекшелеу қарсы алатын боларсыз, өйткені отбасылы болдыңыз...
– 8 наурыз дүйсенбі екен, жұмыста болатын шығармын. Себебі жұмыс көп. Қазақстанның көркем гимнастикадан ұлттық құрамасының аға бапкері қызметін қолға алғаннан кейін, сенім үдесінен шыға білуім керек. Бас бапкерге көмектесіп жүрмін. Қанша дегенмен, менің жинаған біраз тәжірибем бар. Он жылдай Мәскеуде жаттықтым. Сол тәжірибемді енді кішкентай қыздарға үйретуді бастадым. Наурыздың 11-і күні әріптесім Алина Кабаева кішкентай қыздарға шоу іспетті дәстүрлі өнер көрсету шарасын өткізгелі жатыр. Соған мені құрметті қонақ ретінде шақырды.
 
Гимнастиканы үш жастан да бастауға болады
– Көркем гимнастикада 24-25 жас ересек есептеледі. Сіздің бапкерлікке өтуіңізге жас ерекшелігі әсер етті ме, әлде отбасылық жағдай ма?

– Спорттағы карьерасын ерте, әлде кеш аяқтау, әр спортшының өзіне байланысты деп ойлаймын. Мәселен, кейбіреулер 15 жасқа келгенде спортты тастайды, олардың түр-әлпеті де, дене бітімі де 25 жастағыға келеді. Енді біреулер 25 жасында да үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жатады. Мәселен, соңғы өткен Бейжің Олимпиадасында өнер көрсеткен испандық гимнасшы қыз Альмудена Сидтің жасы сол кезде 28-ге келгеніне қарамастан, тамаша нәтижеге жетті. Бұл оның төртінші Олимпиадасы болатын. Маман көзімен қарасақ, жас спортшылардан гөрі, ересек спортшылардың өнерін тамашалаған қызықтырақ секілді. Өйткені олардың тәжірибелері мол. Мұндай мысалды өз басымнан да айтуға болады. Мен өткен жылы Азия чемпионы атанғанда, өзіме өзім «енді жиған тәжірибемді шәкірттермен бөлісіп, жастарды тәрбиелеймін» деген шешімге келдім, яғни бапкер болуды отбасылы болмай тұрып жоспарлап қойғанмын. Жалпы алғанда, Қазақстанда көркем гимнастикамен менің қазіргі жасыма дейін жаттыққан ешкімді кездестірмеппін.
– Ең үлкен жүлде ретінде қай жетістіктеріңізді ерекше атап өтер едіңіз?
– Екі Олимпиада ойындарына қатысып, 4,5-орындарды алғаным үлкен жетістік болды. Екі дүркін Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем кубогының жүлдегері атандым. Басқа да жетістіктерім баршылық.

– Сіздің өнеріңіз төрешілер тарапынан дұрыс бағаланбаған кездер болды ма?
– Менің жеке бапкерім Екатерина Панченко үнемі өзіммен бірге жүреді. Бұл мәселені сол нақты айтпаса, мен айта алмаймын.
– Бапкеріңіздің «сенің өнеріңді дұрыс бағаламады» деп айтқан кездері болды ма?
– Иә, ондай болған.
– Сіздің Ресейдегі бапкеріңіз Ирина Винерді шәкірттеріне өте қатал, талапшыл, тіпті, жеке өміріне қатысты да кейбір қадамдарға, мәселен күйеуге шықпауға деген секілді қатаң тыйым салады деген әңгімелер бар. Осы рас па?
– Әрине, ол жаттығуға келгенде өте талапшыл. Жаттығу кезінде ешқайда жібермейтіні де рас, онсыз болмайды. Ал жеке өмірімізге қатысты жайттарға тыйым салады деген бос сөз. Ол бізге ешқашан отбасылы болуға асықпа немесе рұқсат бермеймін, өмір бойы жаттығыңдар деп айтқан емес. Керісінше, менің тұрмыс құрғаныма қуанып, шын жүректен құттықтап, үйлену тойымызға қонақ ретінде келетін болған. Бірақ бір жарыстар шығып қалып, сәті түспеді.
– Спортта жүріп жарақат алған кезіңіз болды ма?
– Құдай сақтасын, ондай сәтсіздіктер болған жоқ. Спорттық гимнастикада қандай да бір жарақат болуы мүмкін, ал көркем гимнастика жарақатсыз спорт түрі деп есептеледі.
– Мұны сұрап отырған себебім, соңғы кезде осы спорт түріне қызығушылар қатары артып, «менің қызым да Әлиядай болса екен» деген қызығушылықпен қыздарын жаттығуға төрт-бес жастан беріп жатқандар бар. Мұндай жаста гимнастикамен айналысу қауіпті емес пе?
– Бүгінде, тіпті, үш жастан бастап беріп жатқандар да бар. Мұның ешқандай да қаупі жоқ. Өйткені қазір көркем гимнастикада жаңа ереже пайда болды. Сол ережеге сәйкес, қыздарды жаттығуға жеті жастан берсе, ол кешігіңкіреп келгенге саналады. Ал үш-төрт жастан келсе, алғашқы екі-үш жылда бапкер ол бүлдіршіннің  дене  бітімін спортқа  дайындайды. Бір сөзбен айтқанда, гимнастикаға бейімдейді де, бес жастан бастап жаттығуды бастайды. Бұл – қалыпты жағдай.
– Мәселен, бір бақуатты адам қызын алып келіп, «тәрбиелеңіз, ақшаны аямаймын» десе, бірақ оның қызының гимнастикаға икемі болмаса, не істейсіздер?
– Менің тәжірибемде ондай жағдайлар кездеспейді. Өйткені мен кішкентай қыздарды жеке жаттықтырмаймын. Алдағы уақытта Шымкенттен гимнастика мектебін ашқалы отырмын. 3-10 жасқа дейінгі талапкерлер қабылданып жатыр. Жаттықтырушылар да келіп жатады. Әрине, гимнастика талаптарына сай келмейтін қыздар да бар. Олар өздері үшін жаттыққысы келсе, ешқандай қарсылық жоқ.
– Мектепке демеушілерден көмек болады ма?
– Әзірге ештеңе айта алмаймын, ойланып жүрмін. Мұны мектеп ашылғаннан кейін көрерміз.
Диетаға отырған емеспін
– Көркем гимнастикада техникамен қатар, жүйкенің де мықты болуы керек секілді. Өйткені жүйке аздап сыр бергеннің өзінде қателіктерге жол беріп алуы ғажап емес қой?

– Бұл пікір дұрыс емес деп ойлаймын. Көркем гимнастикада негізінен, табиғи дене бітімге көбірек мән беріледі. Қыздардың дене бітімі сұлу, бойы ұзын, талапқа сай болуы тиіс. Егер бойы кішкентай болса, өнері онша көрінбей қалады. Әрине, техникамен алатындар да бар, бірақ гимнастика талабына сай табиғи дене бітімі болмаса, көркемөнер көрсетіп, биіктерді бағындыру қиын.
– Сіздің бойыңыз неше?
– 1,76 сантиметр.
– Дене бітіміңізді сақтау үшін диетаға жиі отырасыз ба?
– Мәскеуде жүргенде жанымдағы қыздардың көпшілігі диетаға отыратын. Күніне екі рет таразыға түсетінбіз, салмаққа қатты қарайды. Алайда салмақ қосып алмайын деп осы кезге дейін диетаға отырып көрмеппін. Кез келген тамаққа өз тарапымнан да, бапкерлер тарапынан да шектеу болған емес.
– Көптеген спортшылар спортпен қоштасқан соң немесе бапкерлікке өткеннен кейін дене бітімі өзгеріп, салмақ қосып жатады. Сізде ондай өзгеріс байқалмайды ма?
– Мен жаттығу жасамасам да, шәкірттерге үйрету барысында үнемі қозғалыс үстінде боламын. Сол себепті болса керек, әзірге өзгеріс байқалмайды.
 
Қазақстанда жағдайы дұрыс бірде-бір зал жоқ
– Қазақстанның көркем гимнастикасына не жетіспейді деп ойлайсыз?

– Спортшыға алаңсыз дайындалып, нәтиже көрсету үшін сапалы жаттығуына жағдай жасалуы  керек. Міне, гимнастикаға басты жетіспейтіні – осы. Мен Қазақстанның көптеген облыстарында болдым. Өкінішке қарай, Қазақстанның бірде-бір қаласында талапқа сай жағдай жасалмаған. Керек десеңіз, арнайы жабдықталған, дені дұрыс зал да жоқ. Мен Мәскеуде жаттығып, екі-үш күнге елге келгенде, осы кемшілік көзге ұрып тұрады. Астанаға келгенде теннис кортында таңертең екі сағат, түс қайта үш сағат қана жаттығу жасаймыз. Бұл – жеткіліксіз. Мәскеуде күніне сегіз-тоғыз сағатқа дейін жаттығамыз. Міне, толыққанды жаттығудың уақыты осындай болуы тиіс. Нәтиже талап етпес бұрын, осы кемшіліктің орнын толтырып алу қажет. Солай бола тұрса да, Қазақстанның гимнасшылары Азияда алдыңғы орындарда жүреді. Осы тұрақтылықты сақтап қалғымыз келсе, өсіп келе жатқан жастарды уыстан шығарып алғымыз келмесе, осы мәселеге жете көңіл бөлген жөн. Мен кейде не себепті Еуропадан Мәскеуге талапкерлер жаттығу үшін жиі келеді де, біздің елге жоламайды деп ойлаймын. Осы сауалдың жауабы әлгі айтқан кемшілікке келіп тірелетін секілді. Менің Мәскеудегі бапкерім Ирина Винер: «Егер сендердің Астаналарыңда жақсы жағдай, зал болғанда, мен қыздармен бірге жаттығуға, іріктеу жасауға қуана-қуана келер едім, өкінішке қарай, жақсы зал жоқ», – дейді. Өйткені ол кісіге Астана қатты ұнап қалыпты. Болашақта көркем гимнастика үшін арнайы залдар дайындалмаса, болашақтан үлкен үміт күте алмаймыз. Елбасының өзі халыққа арнаған Жолдауында дене шынықтыру мен спорт саласына ерекше көңіл бөліп, жағдай жасау керектігін атап өтті емес пе?
– Өзіңіз Шымкенттен ашуды жоспарлап отырған мектепте талапқа сай спортзал жасауға жағдай келеді деп ойлайсыз ба?
– Әрине, ондай мүмкіндік болып жатса, шымкенттік гимнасшылар үшін жақсы, бірақ мұның бүкіл ел спортшылары үшін көмегі орасан деп айту қиын. Астана, Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды секілді ірі қалаларда зал ашу керек. Ол жақтың бапкерлерінің барлығы залдың жоқтығын айтып, қиналады.
– Шымкентте мектеп ашылып жатса, осында біржолата қаласыз ба?
– Әзірге мен Шымкенттемін. Егер мектепті ойдағыдай дәрежеде ашсақ, осында біраз қалуым мүмкін. Қаңтар айында екі аптаға Павлодардан құрама команда келіп, біраз уақыт жаттығып кетті. Алдағы уақытта алматылықтар мен семейліктер де келгелі жатыр. Залға енді ғана жаттығу жасайтын дұрыстау кілем алдырттық.

Пәтерімді ешкім даулаған жоқ
– Сізге Шымкенттен пәтердің кілтін Елбасының өзі тапсырғанын білеміз. Кейіннен «Юсуповаға пәтер заңсыз берілген екен, қайтарып алатын болыпты» деген сөз тарап кетті. Осы әңгіменің соңы немен аяқталды?

– Дәл осы әңгіме шыққан уақытта мен Азия ойындары жарысында болғанмын. Қандай әңгіме тарағанын нақты білмеймін, қазір де сол пәтерде тұрып жатырмын. Елбасының өзі берген пәтерді қалайша өзгелері алып қояды? «Пәтерден шық» деп ешкім үйге келген жоқ.
– Бос уақытыңызда қосымша қандай шаруамен шұғылданғанды ұнатасыз?
– Менде бос уақыт көп бола бермейді. Уақытымның дені залда өтеді. Одан басқа да жұмыстарым бар. Ал қол босай қалған уақытта әдеби кітаптарды оқығанды ұнатамын. Ал түнгі клубтарға мүлдем қызықпаймын. Сол себепті де ондай жерге барған емеспін. Кей-кейде құрбылармен киноға барамыз.
– Шымкенттік құрбыларыңыздың көпшілігі гимнастикамен айналысатынға ұқсайды. Олармен қазіргі байланысыңыз қандай?
– Иә, ол рас. Бірақ бала кезгі достарымның көпшілігі гимнастиканы тастап кетті, енді біразы өзге қалаларға көшіп кетті. Сол себепті қазір мен негізінен, мәскеулік қыздармен жиі араласамын. Өйткені жарыстарға жиі барып тұрамын, әлі де байланысымыз тығыз. Олармен гимнастикадағы жаңа ережелерге, өзгерістерге байланысты үнемі пікір алмасып отырамыз.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста