Ілияс БАҚТЫБАЕВ, ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі, заң ғылымының докторы, профессор:
– Ілияс Жақыпбекұлы, әңгімеңізді, ең алдымен, Қазақстанның өткен тарихымен қатталған Ата Заңдарынан бастасаңыз.
– Қазақ елінің тарихында өткен ХХ ғасырдың өзінде бірнеше Негізгі заңдар болғаны белгілі. Алғаш рет сонау 1926 жылы 18 ақпанда Қазақ АССР-і Орталық атқару комитетімен тұңғыш Конституция бекітілген болатын, алайда бұл құжат күшіне енбей қалды. Себебі оны РСФСР Орталық атқару комитеті бекітуі тиіс еді. Ал келесі Конституцияны 1937 жылы 26 наурызда Жалпықазақ кеңестерінің X төтенше съезі қабылдап, бекітті. Бұл құжаттың ғұмыры қырық жылдық болды. Сосын 1978 жылы 20 сәуірдегі «кемелденген социализм» аталған заманның Конституциясы қабылданғаны да есте. Міне, осы бас құжат Тәуелсіздік жылының тұңғыш – 1993 жылғы 28 қаңтардағы Қазақстанның төл Ата Заңы қабылданғанға дейін қолданыста болды. Ал егемен елдігімізді танытатын 1993 жылғы тұңғыш Конституция мемлекетіміздің тәуелсіздігін ең жоғарғы заң тұрғысында саяси-құқықтық сипатта алғаш бекіткен құжат еді. Егемендігімізді айғақтап, алғаш рет еркін елдігімізді айқындаған Ата Заңның мемлекет тарихында алатын орны бөлек екені ешқандай шүбә келтірмейді. Дегенмен өтпелі кезеңдегі қабылданған құжаттың да уақыт өте келе күрделі кемшіліктері байқалды.
Нақтырақ айтқанда, тұңғыш Конституция мемлекеттік билікті бөлу қағидатына негізделген тежемелік және тепе-теңдік қағидасын ұстанған, яғни «бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарып» елге қызмет ететін біртұтас мемлекеттік органдардың жүйесін қалыптастыра алмады десе болады. Тіпті осы тұстағы оқиғалар да көзі қарақты жұртшылықтың есінде деп ойлаймын. Сол кездері депутаттыққа үміткерлердің бірі шағым жасап, соның негізінде XIII шақырылған Жоғарғы Кеңеске сайлау бойынша Орталық сайлау комиссиясының кейбір актілерін Конституциялық cот 1995 жылдың 6 наурызында Ата Заңға кереғар деп таныды. Мінеки, сол себептен Жоғарғы Кеңес өз қызметін тоқтатқан болатын. Ал 11 наурыз күні ел Президенті Қазақстан Республикасы Конституциялық cотының 1995 жылғы 6 наурыздағы қаулысынан туындайтын шаралар туралы Жарлыққа қол қойған еді. Осы Жарлық негізінде Жоғарғы Кеңес депутаттарын жұмысқа орналастыру, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен оның орынбасарын қызметінен босату, кейбір әлеуметтік шаралар және басқа да мәселелер шешілді. Бір сөзбен айтқанда, Президент Жоғарғы Кеңесті сақтап қалудың барлық конституциялық мүмкіншілігін қарастырды. Дегенмен мемлекеттілік құрылымында 1993 жылғы қабылданған бас құжат өміршеңдігін таныта алмаған болатын.
– Тарихшыларымыз Алашорда тұсында Қазақ елінің тұңғыш Конституциясы жасалған деген пікірлер айтады.
Осыған не дер едіңіз?
– Расында, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанда орын алған әлуеметтік-экономикалық қоғамдық саяси және рухани-мәдени өзгерістердің нәтижесінде Алаш партиясы өмірге келген еді. Партия қайраткерлері сол қиын-қыстау заманның өзінде ұлттық-демократиялық сипаттағы мемлекет құруды өз алдарына зор мақсат ретінде қойған болатын. Ал сол мақсатқа жету үшін Алаш партиясы алғаш рет заманның даму үдесінен шығатын, мемлекеттілік талаптарына сай келетін конституциялық сипаттағы бағдарламасын жасағаны белгілі. Яғни бұны Конституция дегеннен гөрі Конституциялық бағдарлама дегеніміз жөн секілді. Алаш партиясының саяси бағдарламасының жобасын жасауға ұлт қайраткерлері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е.Ғұмар, Е.Тұрмұхамедов, Ғ.Жүндібаев, Ғ.Бірімжановтар бастаған қазақтың сол кездегі алдыңғы қатарлы, озық ойлы азаматтары атсалысты.
Міне, осынау 10 бөлімнен тұратын бағдарламада мемлекеттің формасы, жергілікті билік пен оны басқару жүйесі жөнінде, құқық негіздері, дін бостандығы, сот билігі, елді қорғау, салық салу, еңбекшілердің құқығы және жер мәселелері тұтастай қамтылды. Басты ерекшелігі – бағдарлама Қазақ автономиясын өзге халықтармен бірге демократиялық сипаттағы Ресей федеративтік мемлекетінің құрамындағы ел ретінде тани келіп, жеке мемлекет болу мүмкіндігін де жоққа шығарған жоқ. Алаш партиясы дініне, қанына (ұлтына), жынысына қарамай барлық адамдардың теңдігі қағидасын ұстанды. Сонымен қатар аталмыш бағдарламада соттар мен дін өкілдері – молдалардың отбасы, неке дауларын шешудегі өкілеттігін ажыратты және бір ерекшелік, бағдарламаға сәйкес, сөз, баспасөз бостандығы, тұрғын үйге, меншікке қол сұғылмау, тек сот арқылы тұтқынға алу, сот алдында әркімнің теңдігі, ауыр қылмыстарды алқабилер сотына беру, қазақтар көп тұратын жерде сот ісін қазақ тілінде жүргізу, жалпыға бірдей білім алу құқығы және басқа да көптеген құқықтық мемлекетке сай ережелер көрсетілген болатын. Алаш ардагерлерінің сол тұстағы өркениетті ел болуға деген осынау зор талпынысы ұлтымыз үшін қашан да құнды болып қалатыны даусыз. Түптеп келгенде, Алаш партиясының бағдарламасы қазақ халқының болашағын ойлағандықтан туған еді. Оның бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның тарихи жолымен сабақтастығы да жоғалған емес, өйткені сол бағдарламаның жекелеген ережелері 1995 жылы қабылданған Ата Заңымызбен үндеседі, ал кейбір ондағы айтылған ойлар әлі де болса маңыздылығын жойған жоқ.
– Ал 1995 жылы қабылданған, яғни қазіргі қолданыстағы Ата Заңның жоғарыда аталған бірнеше Конституциялардан негізгі өзгешелігі неде деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, 1995 жылғы Конституция барлық қазақстандықтардың ой-пікірін есепке ала отырып жасалған құқықтық-саяси құжат. Өзіне дейінгі өзге конституцияларға қарағанда да оның мерейі әлдеқайда үстем болды дей аламын. Себебі қолданыстағы Конституцияны қалыптастыруға қалың қазақстандық жұртшылық тікелей қатыса отырып, республикалық референдумда, яғни Қазақстанның барлық азаматтарының дауыс беруі арқылы қабылданды. Бұл үдеріс Ата Заңға ерекше үстем күш беріп, оның әлеуетін арттырады.
Конституцияның мазмұн-мәтініне келетін болсақ, ең алдымен, оның кіріспесіне тоқталуымыз қажет. Ата Заңның кіріспесінде: «бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» деп жазылған. Бұл жолдар Қазақстан Республикасы киелі қазақ жерінде қалыптасып отырған үлкен тарихы бар мемлекет екенін, еліміздің аумағындағы барлық ұлттар мен ұлыстар тарихи тағдырлас бір халықтығын, біздің басты ұранымыз татулық, еркіндік, теңдік дегенді білдіреді. Осындай қысқа ғана жолдардың ішінен біз терең құқықтық және философиялық мәні бар құндылықтар қамтылып жатқанын ұға білгеніміз жөн.
Және бір маңызды ерекшелік, Конституция мемлекеттік билікті тез арада нығайтып, әр билік саласы органдарының өкілеттігін нақты белгілеу мақсатында, теория жүзінде болғанымен, конституциялық-заңнамалық практикада қолданыла бермейтін мемлекеттік биліктің біртұтастығы идеясын бекітті. Осының өзі, түптеп келгенде мемлекеттік билік құзыреттерін өз қолдарына жиып, уысынан шығармай келген кеңестік биліктің көріністерін саясат сахнасынан түпкілікті кетіріп, оның орнына қазіргі заманғы формадағы өмір талаптарына сай мемлекеттік органдардың жүйесін дүниеге әкелді. Мәселен, Ата Заңның арқасында қос палаталы кәсіби Парламент қалыптастырылды. Конституциялық сот, арбитраждық соттар, Жоғарғы сот пен жергілікті соттардан тұратын үш салалы сот жүйесінің орнына біртұтас соттар жүйесі қаланды. Билік салаларына кірмейтін жаңа үлгідегі конституциялық бақылау органы – Конституциялық Кеңес құрылды. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының аясы кеңіді. Ата Заңға сәйкес тұлғаның құқықтары мен бостандықтары халықаралық құқықтық нормалармен мәндес ережелермен байытылды.
Елбасымыз атап өткендей, еліміздің қолданыстағы Конституциясы терең экономикалық қана емес, сонымен қатар саяси өзгерістер жасауға да мүмкіндік берді. Ел Президентінің басшылығымен Конституцияның негізінде республикада әлеуметтік, экономикалық, саяси және құқықтық жүйелерді жетілдіру табысты түрде іске асырылып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан халықаралық аренада жоғары беделге ие мемлекеттердің біріне айналды. Бұл, әрине, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынуымен бүкілхалықтық референдумда қабылданған еліміздің тарихи маңызы жоғары саяси-құқықтық құжат – Қазақстан Республикасы Конституциясының мәртебесін айқындап көрсетуде. Түйіндей айтсақ, 1995 жылы қабылданған Ата Заң мемлекеттің шұғыл бетбұрысын қамтамасыз етіп, Қазақстанның қазіргі жеткен жетістіктерінің бірден-бір кепілі бола алды. Оны дәлелдеп жатудың өзі де артығырақ.
– Жалпы, осы Конституцияның қабылдануы мемлекеттің саяси жүйесінің реформалануына әсер етті ме? Ал Ата Заңға қабылданған соңғы өзгерістер туралы не айтар едіңіз?
– Әрине, кез келген заңның қабылдануы мемлекетте, қоғамда, азаматтардың өмір-тіршілігінде қандай да бір ірілі-уақты өзгерістерге әкелетіні сөзсіз. Ал оның ішінде Конституцияның қабылдануы жай ғана өзгерістерге емес, күрделі өзгерістерге, әсіресе мемлекеттің саяси жүйесінің түпкілікті реформалануына әкеп соғатыны айтпаса да түсінікті дер едім. Дей тұрғанымен, өзге заңдардан өзгешелігі сол, жаңа қабылданған Конституция мемлекеттің құрылысын, тіпті басқару нысанын, мемлекеттік билік органдарының сыртқы формасымен қатар, олардың қалыптастырылу тетігін де, билік салаларының ішкі құрылымын да, мемлекеттік органдар жүйесін де, сайлау жүйесін, құқықтық жүйені, меншіктің түрлерін, жергілікті басқару мен өзін-өзі басқару институттарына да қатысты өзгерістер жасайды. Ең басты өзгерістер адам мен азаматтың құқықтық мәртебесі, яғни құқықтар, бостандықтары мен міндеттеріне тиісті болуы әбден мүмкін. Сол тұрғыдан алғанда, еліміздің 1995 жылғы Конституциясы да қоғамымызға күрделі өзгерістер әкелді. Ең алдымен, реформалар арқылы елдің құқықтық беріктігі сыналады. Сосын Ата Заң мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіте отырып, оны шашыраңқы күйден, біртұтас, жұмылған жұдырықтай жүйеге айналдырды. Мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Халық пен мемлекеттің арасындағы коммуникативтік күшке айналды.
Конституцияның негізінде жоғарғы заң шығару органы қос палаталы Парламент қалыптасып, оның барлық өкілеттігі тікелей бекітіліп, депутаттардың құқықтық мәртебесі нақтыланды. Өздеріңіз білесіздер жоғарғы өкілді және заң шығарушы орган – Парламент нақты істің органына айналды. Парламент жұмысқа кіріскелі (естеріңізде болар, 1996 жылдың басында Парламенттің бірінші шақырылымы қызметіне кіріскен еді) халықтың мүддесін көздейтін заңдар қабылданып, Тәуелсіз Қазақстанның заңнама жүйесі толығымен жасалды. Ата Заңға сай Үкіметті қалыптастыру, оның мүшелерін тағайындау механизмдері жетілдіріліп, атқарушы билік жүйесі жаңартылды. Үкіметтің экономика және әлеуметтік мәселелер бойынша өкілеттіктері қарастырылды. Үкіметтің Парламенттің алдындағы жауапкершілігі күшейді.
Ірі өзгерістер сот билігін де қамтыды. Ата Заңға сәйкес, сот билігін жүзеге асыру енді Жоғарғы сот пен жергілікті соттарға жүктелді. Конституция негіздері бойынша Жоғарғы соттың құрамы толығымен Парламенттің бір палатасы Сенатқа жүктелді. Конституцияға сай алқа билер институты құрылып, оларға қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру бекітілді. Қазіргі кезде қылмыстық істер бойынша сот төрелігін халық өкілдерінің тікелей қатысуымен жүзеге асыру дағдылы іске айналды. Дегенмен даму доңғалағы да бізден әлі де жетіле түсуді талап еткені айқын еді. Сол үшін 1998 және 2007 жылдары қолға алынған конституциялық реформалар аясында Ата Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілген болатын. Бұл өзгерістердің өзі Бас құжаттың прогрессивтік мүмкіншілігін одан әрі арттырып, оның құқықтық әлеуетін жетілдірді.
Мәселен, Конституцияға 2007 жылғы 21 мамырдағы енгізілген өзгерістердің нәтижесінде Президент, Парламент, атқарушы органдар, сот және құқық қорғау жүйелерінің ұйымдастырылуы мен қызмет негіздерін реттеуші заңнамаға өзгерістер енгізілді. Сосын ұлтаралық қатынастарды одан әрі нығайту бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясы Ата Заңда орнығып, бекіген жаңа орнын тапты. Сонымен қатар Парламенттің төртінші және бесінші – екі шақырылымы қатарынан жаңа сайлау жүйесі арқылы құралды. Қазіргі конституциялық жүйеге сәйкес, депутат мандаттарының бір бөлігі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынған өкілдеріне тиесілі.
– Конституциялық Кеңестің қызметі конституциялық заңдылықты бекітуде қаншалықты маңызды деп айтар едіңіз?
– Ата Заңда айқындалған қағидаттарға сәйкес, конституциялық бақылауды жүзеге асыру Конституциялық Кеңеске жүктелген. Бұл Кеңес биліктің еш жүйесіне кірмейді. Сондықтан ол Негізгі заңның үстемдігін қамтамасыз етуші тәуелсіз мемлекеттік орган болып табылады.
Конституциялық Кеңес Парламент қабылдаған заңдарды Президент қол қойғанға дейін, сондай-ақ халықаралық шарттарды Парламент бекіткенге дейін тексереді. Соттардың ұсынысы бойынша қолданылып жүрген заңдар мен өзге актілердің конституциялығын қарай отырып, азаматтардың құқықтарын қорғайды. Конституция нормаларын ресми түсіндіру арқылы олардың түпкі мағынасында, дұрыс қолданылуын қамтамасыз етеді.
Бүгінге дейінгі қызмет еткен жылдарының ішінде Конституциялық Кеңес Президент қол қойғанға дейін қарап, Парламент жаңа қабылдаған бірнеше заңның Конституцияға сәйкес еместігін анықтады. Соның ішінде, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер пен толықтырулар енгізу туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік коммерциялық емес ұйымдардың қызметі туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокатура мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және басқалары. Сол арқылы Ата Заң нормаларының бұрмалануына жол берілмеді, конституциялық емес заңды күшіне еніп кету мүмкіншілігінен айырды.
Ал соттардың ұсыныстары бойынша «Азаматтық іс жүргізу», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы», Қылмыстық кодекстердің, «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» және өзге де заңдардың жекелеген нормаларын Конституцияға қайшы деп тауып, олардың күшін жойды.
Кеңестің шешімдері қабылданған күннен бастап күшіне енеді, елдің бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады. Олардың талаптарын мемлекеттік органдар орындауға міндетті. Дегенмен Конституцияның кепілі – Қазақстан Президенті ғана Конституциялық Кеңестің шешімдеріне қарсылық келтіруге құқылы. Алайда Президенттің қарсылығын Конституциялық Кеңестің еңсеруі мүмкін. Бұл жағдайда Кеңес қабылдаған шешім өз күшінде қалады. Президенттің қарсылығы еңсерілмеген жағдайда Конституциялық Кеңестің шешімі қабылданбады деп есептеледі. Айта кетейік, осы жылдар ішінде Президент Конституциялық Кеңес қабылдаған 150-ге жуық шешімнің ішінен небәрі төртеуіне ғана өз қарсылығын енгізген еді. Бұл дегеніміз, ең алдымен, Конституциялық Кеңестің кәсіби деңгейінің жоғарылығының көрсеткіші деп санаймын, екіншіден, Елбасының оған деген сенімінің биіктігін білдіреді дер едім.
– Мерекеге орай жұртшылыққа айтар ой-пікіріңіз қандай?
– Әлбетте, Конституцияның қоғам өміріндегі, еліміздің тарихындағы орны бөлек. Биыл кәмелет жасқа жетіп отырған біздің Ата Заңымыз өз өміршеңдігін көрсетті. Конституция қағидаттарына сәйкес, еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Ең бастысы, Қазақ елінде кейбір көршілеріміздегідей, «ертеңіміз қалай болады» деген үрей жоқ, араб елдеріндегідей тығырыққа тірелтетін дағдарыстардан да аулақпыз. Ал ондай дағдарыстар туындауының бір негізі конституциялық қайшылықтардан, даму бағытын айқындаудың олқылығынан туындап жатқаны да белгілі болып жатыр. Керісінше, қазақ даласында орта қол шаруасын айналдырған халықтың ақжарқын жүзі мен ертеңге деген сенімін байқаймыз. Осының бәрі қолданыстағы Ата Заңды арқау ете отырып, оның ережелерінен еш ауытқымай елге, халыққа қызмет етіп отырған Тұңғыш Президент – Елбасының сабырлы конституциялық саясатының арқасы. Ең бастысы, Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берген Конституция Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге де әлеуетті екенін танытып отыр. Ендеше, әрбір қазақстандық Ата Заңымызды сыйлап, құрметтей білсе, сол игі!