Конституция терең экономикалық қана емес, саяси өзгерістер жасауға да зор мүмкіндік берді

Конституция терең экономикалық қана емес, саяси өзгерістер жасауға да зор мүмкіндік берді

Ілияс БАҚТЫБАЕВ, ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі, заң ғылымының докторы, профессор:

– Ілияс Жақыпбекұлы, әңгімеңізді, ең алдымен, Қазақстанның өткен тарихымен қатталған Ата Заңдарынан бастасаңыз.
– Қазақ елінің тарихында өткен ХХ ғасырдың өзінде бірнеше Негізгі заңдар болғаны белгілі. Алғаш рет сонау 1926 жылы 18 ақпанда Қазақ АССР-і Орталық атқару комитетімен тұңғыш Конституция бекітілген болатын, алайда бұл құжат күшіне енбей қалды. Себебі оны РСФСР Орталық атқару комитеті бекітуі тиіс еді. Ал келесі Конституцияны 1937 жылы 26 нау­рыз­да Жалпықазақ кеңестерінің X төтенше съезі қабылдап, бекітті. Бұл құжаттың ғұ­мыры қырық жылдық болды. Сосын 1978 жылы 20 сәуірдегі «кемелденген социа­лизм» аталған заманның Конституциясы қабылданғаны да есте. Міне, осы бас құжат Тәуелсіздік жылының тұңғыш – 1993 жыл­ғы 28 қаңтардағы Қазақстанның төл Ата Заңы қабылданғанға дейін қолданыста болды. Ал егемен елдігімізді танытатын 1993 жылғы тұңғыш Конституция мемле­кетіміздің тәуелсіздігін ең жоғарғы заң тұр­ғысында саяси-құқықтық сипатта алғаш бекіткен құжат еді. Егемендігімізді айғақ­тап, алғаш рет еркін елдігімізді айқындаған Ата Заңның мемлекет тарихында алатын орны бөлек екені ешқандай шүбә келтір­мейді. Дегенмен өтпелі кезеңдегі қабыл­дан­ған құжаттың да уақыт өте келе күрделі кемшіліктері байқалды.
Нақтырақ айтқанда, тұңғыш Конститу­ция мемлекеттік билікті бөлу қағидатына негізделген тежемелік және тепе-теңдік қағидасын ұстанған, яғни «бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарып» елге қыз­мет ететін біртұтас мемлекеттік органдар­дың жүйесін қалыптастыра алмады десе болады. Тіпті осы тұстағы оқиғалар да көзі қарақты жұртшылықтың есінде деп ойлай­мын. Сол кездері депутаттыққа үміткерлер­дің бірі шағым жасап, соның негізінде XIII шақырылған Жоғарғы Кеңеске сайлау бойынша Орталық сайлау комиссиясының кейбір актілерін Конституциялық cот 1995 жылдың 6 наурызында Ата Заңға кереғар деп таныды. Мінеки, сол себептен Жоғарғы Кеңес өз қызметін тоқтатқан болатын. Ал 11 наурыз күні ел Президенті Қазақстан Республикасы Конституциялық cотының 1995 жылғы 6 наурыздағы қаулысынан туындайтын шаралар туралы Жарлыққа қол қойған еді. Осы Жарлық негізінде Жо­ғарғы Кеңес депутаттарын жұмысқа орна­лас­тыру, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен оның орынбасарын қызме­тінен босату, кейбір әлеуметтік шаралар және басқа да мәселелер шешілді. Бір сөз­бен айтқанда, Президент Жоғарғы Кеңесті сақтап қалудың барлық конституциялық мүмкіншілігін қарастырды. Дегенмен мем­лекеттілік құрылымында 1993 жылғы қа­был­данған бас құжат өміршеңдігін таныта алмаған болатын.
– Тарихшыларымыз Алашорда тұсында Қазақ елінің тұңғыш Конституциясы жасалған деген пікірлер айтады.
Осыған не дер едіңіз?

– Расында, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанда орын алған әлуеметтік-экономикалық қоғамдық саяси және рухани-мәдени өзгерістердің нәтижесінде Алаш партиясы өмірге келген еді. Партия қайраткерлері сол қиын-қыстау заманның өзінде ұлттық-демократиялық сипаттағы мемлекет құруды өз алдарына зор мақсат ретінде қойған болатын. Ал сол мақсатқа жету үшін Алаш партиясы алғаш рет заманның даму үдесінен шығатын, мем­лекеттілік талаптарына сай келетін конс­титуциялық сипаттағы бағдар­ламасын жасағаны белгілі. Яғни бұны Конституция дегеннен гөрі Конституциялық бағдарлама дегеніміз жөн секілді. Алаш партиясының саяси бағдарламасының жобасын жасауға ұлт қайраткерлері Ә.Бөкей­хан, А.Бай­тұрсынұлы, М.Дулатұлы, Е.Ғұмар, Е.Тұр­мұхамедов, Ғ.Жүндібаев, Ғ.Бірімжановтар бастаған қазақтың сол кездегі алдыңғы қатарлы, озық ойлы аза­маттары атсалысты.
Міне, осынау 10 бөлімнен тұратын бағ­дарламада мемлекеттің формасы, жергі­лікті билік пен оны басқару жүйесі жөнінде, құқық негіздері, дін бостандығы, сот билігі, елді қорғау, салық салу, еңбекшілердің құқығы және жер мәселелері тұтастай қамтылды. Басты ерекшелігі – бағдарлама Қазақ автономиясын өзге халықтармен бірге демократиялық сипаттағы Ресей федеративтік мемлекетінің құрамындағы ел ретінде тани келіп, жеке мемлекет болу мүмкіндігін де жоққа шығарған жоқ. Алаш партиясы дініне, қанына (ұлтына), жыны­сына қарамай барлық адамдардың теңдігі қағидасын ұстанды. Сонымен қатар атал­мыш бағдарламада соттар мен дін өкілдері – молдалардың отбасы, неке дауларын шешудегі өкілеттігін ажыратты және бір ерекшелік, бағдарламаға сәйкес, сөз, бас­пасөз бостандығы, тұрғын үйге, меншікке қол сұғылмау, тек сот арқылы тұтқынға алу, сот алдында әркімнің теңдігі, ауыр қылмыс­тарды алқабилер сотына беру, қазақтар көп тұратын жерде сот ісін қазақ тілінде жүргізу, жалпыға бірдей білім алу құқығы және басқа да көптеген құқықтық мемле­кетке сай ережелер көрсетілген болатын. Алаш ардагерлерінің сол тұстағы өркениетті ел болуға деген осынау зор талпынысы ұлтымыз үшін қашан да құнды болып қала­тыны даусыз. Түптеп келгенде, Алаш пар­тия­сының бағдарламасы қазақ халқының болашағын ойлағандықтан туған еді. Оның бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның тарихи жо­лы­мен сабақтастығы да жоғалған емес, өйт­кені сол бағдарламаның жекелеген ережелері 1995 жылы қабылданған Ата Заңымызбен үндеседі, ал кейбір ондағы айтылған ойлар әлі де болса маңызды­лығын жойған жоқ.
– Ал 1995 жылы қабылданған, яғни қазіргі қолданыстағы Ата Заңның жоғарыда аталған бірнеше Конституциялардан негізгі өзгешелігі неде деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, 1995 жылғы Конституция барлық қазақстандықтардың ой-пікірін есепке ала отырып жасалған құқықтық-саяси құжат. Өзіне дейінгі өзге конституция­ларға қарағанда да оның мерейі әлдеқайда үстем болды дей аламын. Себебі қолданыс­тағы Конституцияны қалыптастыруға қа­лың қазақстандық жұртшылық тікелей қатыса отырып, республикалық референ­думда, яғни Қазақстанның барлық азамат­тарының дауыс беруі арқылы қабылданды. Бұл үдеріс Ата Заңға ерекше үстем күш беріп, оның әлеуетін арттырады.
Конституцияның мазмұн-мәтініне келе­тін болсақ, ең алдымен, оның кіріспесіне тоқталуымыз қажет. Ата Заңның кіріспесін­де: «бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоға­ры жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып, осы Конституцияны қабылдай­мыз» деп жазылған. Бұл жолдар Қазақстан Республикасы киелі қазақ жерінде қалып­та­сып отырған үлкен тарихы бар мемлекет екенін, еліміздің аумағындағы барлық ұлттар мен ұлыстар тарихи тағдырлас бір халықтығын, біздің басты ұранымыз тату­лық, еркіндік, теңдік дегенді білдіреді. Осындай қысқа ғана жолдардың ішінен біз терең құқықтық және философиялық мәні бар құндылықтар қамтылып жатқанын ұға білгеніміз жөн.
Және бір маңызды ерекшелік, Консти­туция мемлекеттік билікті тез арада нығай­тып, әр билік саласы органдарының өкі­леттігін нақты белгілеу мақсатында, теория жүзінде болғанымен, конституциялық-заңнамалық практикада қолданыла бер­мей­тін мемлекеттік биліктің біртұтастығы идеясын бекітті. Осының өзі, түптеп келген­де мемлекеттік билік құзыреттерін өз қол­да­рына жиып, уысынан шығармай келген кеңестік биліктің көріністерін саясат сах­насынан түпкілікті кетіріп, оның орнына қазіргі заманғы формадағы өмір талап­та­рына сай мемлекеттік органдардың жүйе­сін дүниеге әкелді. Мәселен, Ата Заңның арқасында қос палаталы кәсіби Парламент қалыптастырылды. Конституциялық сот, арбитраждық соттар, Жоғарғы сот пен жергі­лікті соттардан тұратын үш салалы сот жүйесінің орнына біртұтас соттар жүйесі қаланды. Билік салаларына кірмейтін жаңа үлгідегі конституциялық бақылау органы – Конституциялық Кеңес құрылды. Адам мен азаматтың құқықтары мен бостан­дықтарының аясы кеңіді. Ата Заңға сәйкес тұлғаның құқықтары мен бостандықтары халықаралық құқықтық нормалармен мән­дес ережелермен байытылды.
Елбасымыз атап өткендей, еліміздің қолданыстағы Конституциясы терең эконо­микалық қана емес, сонымен қатар саяси өзгерістер жасауға да мүмкіндік берді. Ел Президентінің басшылы­ғымен Конститу­цияның негізінде республикада әлеуметтік, экономикалық, сая­си және құқықтық жүйе­лерді жетілдіру табысты түрде іске асы­рылып келеді. Қазіргі уақытта Қа­зақ­стан халық­ара­лық аренада жоғары беделге ие мемлекеттердің біріне айналды. Бұл, әрине, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынуымен бүкілхалықтық референдумда қабылданған еліміздің тарихи маңызы жоғары саяси-құқықтық құжат – Қазақстан Республикасы Консти­туциясының мәртебесін айқындап көрсету­де. Түйіндей айтсақ, 1995 жылы қабылдан­ған Ата Заң мемлекеттің шұғыл бетбұрысын қамтамасыз етіп, Қазақстанның қазіргі жеткен жетістіктерінің бірден-бір кепілі бола алды. Оны дәлелдеп жатудың өзі де артығырақ.
– Жалпы, осы Конституцияның қабылдануы мемлекеттің саяси жүйесінің реформалануына әсер етті ме? Ал Ата Заңға қабылданған соңғы өзгерістер туралы не айтар едіңіз?
– Әрине, кез келген заңның қабылдануы мемлекетте, қоғамда, азаматтардың өмір-тіршілігінде қандай да бір ірілі-уақты өзгерістерге әкелетіні сөзсіз. Ал оның ішін­де Конституцияның қабылдануы жай ғана өзгерістерге емес, күрделі өзгерістерге, әсі­ресе мемлекеттің саяси жүйесінің түпкілікті реформалануына әкеп соғатыны айтпаса да түсінікті дер едім. Дей тұрғанымен, өзге заңдардан өзгешелігі сол, жаңа қабылдан­ған Конституция мемлекеттің құрылысын, тіпті басқару нысанын, мемлекеттік билік органдарының сыртқы формасымен қатар, олардың қалыптастырылу тетігін де, билік салаларының ішкі құрылымын да, мемле­кет­тік органдар жүйесін де, сайлау жүйесін, құқықтық жүйені, меншіктің түрлерін, жергілікті басқару мен өзін-өзі басқару институттарына да қатысты өзгерістер жа­сайды. Ең басты өзгерістер адам мен аза­маттың құқықтық мәртебесі, яғни құқық­тар, бостандықтары мен міндеттеріне тиісті болуы әбден мүмкін. Сол тұрғыдан алған­да, еліміздің 1995 жылғы Конституциясы да қоғамымызға күрделі өзгерістер әкел­ді. Ең алдымен, реформалар арқылы ел­дің құқықтық беріктігі сыналады. Сосын Ата Заң мемлекеттік биліктің бір­тұтас­тығын бекіте отырып, оны шашы­раңқы күйден, біртұтас, жұмылған жұды­рықтай жүйеге айналдырды. Мемлекеттік билік органда­рының халық алдындағы жауап­кершілігін күшейтті. Халық пен мем­ле­кеттің арасын­дағы коммуникатив­тік күш­ке айналды.
Конституцияның негізінде жоғарғы заң шығару органы қос палаталы Парламент қалыптасып, оның барлық өкілеттігі тікелей бекітіліп, депутаттардың құқықтық мәрте­бесі нақтыланды. Өздеріңіз білесіздер жоғарғы өкілді және заң шығарушы орган – Парламент нақты істің органына айнал­ды. Парламент жұмысқа кіріскелі (естері­ңізде болар, 1996 жылдың басында Пар­ламенттің бірінші шақырылымы қыз­ме­тіне кіріскен еді) халықтың мүддесін көздейтін заңдар қабылданып, Тәуелсіз Қазақ­станның заңнама жүйесі толығымен жасалды. Ата Заңға сай Үкіметті қалып­тас­тыру, оның мүшелерін тағайындау меха­низм­дері жетілдіріліп, атқарушы билік жүйесі жаңартылды. Үкіметтің эко­номика және әлеуметтік мәселелер бо­йынша өкі­лет­тіктері қарастырылды. Үкі­меттің Парла­менттің алдындағы жауап­кершілігі күшей­ді.
Ірі өзгерістер сот билігін де қамтыды. Ата Заңға сәйкес, сот билігін жүзеге асыру енді Жоғарғы сот пен жергілікті соттарға жүктелді. Конституция негіздері бойынша Жоғарғы соттың құрамы толығымен Пар­ла­менттің бір палатасы Сенатқа жүктелді. Конституцияға сай алқа билер институты құрылып, оларға қылмыстық істер бойын­ша сот төрелігін жүзеге асыру бекітілді. Қазіргі кезде қылмыстық істер бойынша сот төрелігін халық өкілдерінің тікелей қаты­суымен жүзеге асыру дағдылы іске айналды. Дегенмен даму доңғалағы да бізден әлі де жетіле түсуді талап еткені айқын еді. Сол үшін 1998 және 2007 жыл­дары қолға алынған конституциялық ре­фор­малар аясында Ата Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілген болатын. Бұл өзгерістердің өзі Бас құжаттың прогрес­сивтік мүмкіншілігін одан әрі арттырып, оның құқықтық әлеуетін жетілдірді.
Мәселен, Конституцияға 2007 жылғы 21 мамырдағы енгізілген өзгерістердің нәтижесінде Президент, Парламент, атқа­ру­шы органдар, сот және құқық қорғау жүйелерінің ұйымдастырылуы мен қызмет негіздерін реттеуші заңнамаға өзгерістер енгізілді. Сосын ұлтаралық қатынастарды одан әрі нығайту бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясы Ата Заңда орны­ғып, бекіген жаңа орнын тапты. Сонымен қатар Парламенттің төртінші және бесінші – екі шақырылымы қатарынан жаңа сайлау жүйесі арқылы құралды. Қазіргі консти­туциялық жүйеге сәйкес, депутат мандат­тарының бір бөлігі Қазақстан халқы Ассам­блеясының ұсынған өкілдеріне тиесілі.
– Конституциялық Кеңестің қызметі конституциялық заңды­лықты бекітуде қаншалықты маңызды деп айтар едіңіз?
– Ата Заңда айқындалған қағидаттарға сәйкес, конституциялық бақылауды жүзеге асыру Конституциялық Кеңеске жүктелген. Бұл Кеңес биліктің еш жүйесіне кірмейді. Сондықтан ол Негізгі заңның үстемдігін қамтамасыз етуші тәуелсіз мемлекеттік орган болып табылады.
Конституциялық Кеңес Парламент қа­былдаған заңдарды Президент қол қой­ғанға дейін, сондай-ақ халықаралық шарт­тарды Парламент бекіткенге дейін тексереді. Соттардың ұсынысы бойынша қолданылып жүрген заңдар мен өзге акті­лердің конституциялығын қарай отырып, азаматтардың құқықтарын қорғайды. Кон­ституция нормаларын ресми түсіндіру ар­қы­лы олардың түпкі мағынасында, дұ­рыс қолданылуын қамтамасыз етеді.
Бүгінге дейінгі қызмет еткен жылдары­ның ішінде Конституциялық Кеңес Прези­дент қол қойғанға дейін қарап, Парламент жаңа қа­был­даған бірнеше заңның Конституцияға сәйкес еместігін анықтады. Соның ішінде, «Қазақстан Республикасының Конституция­сына өзгерістер пен толықтырулар енгізу туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік коммерция­лық емес ұйымдардың қызметі туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне адвокатура мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республика­сының кейбір заңнамалық актілеріне діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» және басқалары. Сол арқылы Ата Заң нормаларының бұр­ма­лануына жол берілмеді, конституциялық емес заңды күшіне еніп кету мүмкіншілігінен айырды.
Ал соттардың ұсыныстары бойынша «Азаматтық іс жүргізу», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы», Қылмыстық кодекс­тер­дің, «Жылжымайтын мүлікке құқық­тар­ды мемлекеттік тіркеу туралы» және өзге де заңдардың жекелеген нормаларын Конс­титуцияға қайшы деп тауып, олардың кү­шін жойды.
Кеңестің шешімдері қабылданған күн­нен бастап күшіне енеді, елдің бүкіл аума­ғында жалпыға бірдей міндетті, түп­кілікті болып табылады. Олардың талаптарын мемлекеттік органдар орындауға міндетті. Дегенмен Конституцияның кепілі – Қазақстан Президенті ғана Конституциялық Кеңестің шешімдеріне қарсылық келтіруге құқылы. Алайда Президенттің қарсылығын Конституциялық Кеңестің еңсеруі мүмкін. Бұл жағдайда Кеңес қабылдаған шешім өз күшінде қалады. Президенттің қарсылығы еңсерілмеген жағдайда Конституциялық Кеңестің шешімі қабылданбады деп есеп­теледі. Айта кетейік, осы жылдар ішінде Президент Конституциялық Кеңес қабыл­даған 150-ге жуық шешімнің ішінен небәрі төртеуіне ғана өз қарсылығын енгізген еді. Бұл дегеніміз, ең алдымен, Конституциялық Кеңестің кәсіби деңгейінің жоғарылығының көрсеткіші деп санаймын, екіншіден, Елба­сының оған деген сенімінің биіктігін біл­діреді дер едім.
– Мерекеге орай жұртшылыққа айтар ой-пікіріңіз қандай?
– Әлбетте, Конституцияның қоғам өмі­рін­дегі, еліміздің тарихындағы орны бө­лек. Биыл кәмелет жасқа жетіп отырған біздің Ата Заңымыз өз өміршеңдігін көр­сет­ті. Конс­титуция қағидаттарына сәйкес, еліміз­дің демократиялық жолмен даму бағыты айқын­дал­ды. Құқықтық мемлекет қалып­тастыру қағи­да­ла­ры қоғамда және азамат­тардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Ең бастысы, Қазақ елінде кейбір көршілеріміздегідей, «ертеңіміз қалай болады» деген үрей жоқ, араб елде­ріндегідей тығырыққа тірелтетін дағда­рыстардан да аулақпыз. Ал ондай дағда­рыс­­тар туындауының бір негізі конс­титу­­циялық қайшылықтардан, даму бағы­тын айқындаудың олқылығынан туындап жатқаны да белгілі болып жатыр. Керісінше, қазақ даласында орта қол шаруасын айнал­дырған халықтың ақжарқын жүзі мен ер­теңге деген сенімін байқаймыз. Осының бәрі қолданыстағы Ата Заңды арқау ете отырып, оның ережелерінен еш ауытқымай елге, халыққа қызмет етіп отырған Тұңғыш Президент – Елбасының сабырлы консти­ту­циялық саясатының арқасы. Ең бастысы, Қазақстан мемлекет­тігінің нығаюына, елі­міздің дамуына, халқымыз­­дың өсіп-өркен­деуіне негіз қалап берген Конституция Тәуел­сіздігімізді тұғырлы етуге де әлеуетті екенін танытып отыр. Ендеше, әрбір қа­зақс­тандық Ата Заңымызды сыйлап, құр­меттей білсе, сол игі!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста