Кітап – кітапханашылардың ғана емес, ұлттың мәселесі
Роза БЕРДІҒАЛИЕВА, ҚР Кітапханашылар қауымдастығының президенті, Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың директоры:
– Роза Аманғалиқызы, елімізде бірнеше жыл қатарынан «Бір ел – бір кітап» акциясы жүріп жатыр. Ұлттық тұтастығымызға бастайтын ұлы тұлғаларымыздың кітаптарын бір мезгілде бүкіл ел болып оқу деген – тамаша идея. Осы идеяны Қазақстанға енгізген өзіңіз екенсіз. Негізінен, елді осылайша бір кітапқа жұмылдыру қайдан келген идея?
– Жыл сайын әлем елдерінің кітапханашылары бір елде бас қосып, конференция өткізіп тұрады. Осы 20 жыл ішінде сол бойынша әлемнің жиырма елінде ірі көлемдегі халықаралық конференцияларда болып қайттым. Ондағы шешетін мәселелеріміз – кітапханалардың дамуы, жаңа формалары, әдістері, технологиялары. Мәселен, қазір интернет заманы, соған сай кітапханаларды қалай бейімдейміз, әр ел өз мәдениетін сақтап жатыр ма, электронды кітапханаға кіре ала ма, болмаса онда тек ағылшын тіліндегі кітаптар ғана бола ма деген мәселелер көтеріп, соларды шешу жолдарын қарастырып жүрміз. Әрине, еліміздің атынан барғандықтан, мен де Қазақстанның кітапхана жағдайын, біздің сол салаға енгізіп жатқан жаңалықтарымыз жайлы айтуға тырысамын. Конференция халықаралық деңгейде, сондықтан тек ағылшын тілінде өтетіндіктен, тіл үйренуіме тура келді. 2006 жылы сондай кезекті бір конференцияда АҚШ кітапханашылары атынан келген өкіл өздерінде «Бір ел – бір кітап» акциясы жүріп жатқанын айтты. «О, мынау бізге де керек екен, біз де осылай ел болып бір кітап оқысақ» деп, мен оны елге келісімен қолға алдым. Әуелгі жылы кімнен бастаймыз деп жан-жақтағы кітапханаларға хат жібердік. Әр жер өз перзенттеріне тартып қызық қылды. Сонан соң олай ештеңе өндіре алмасымызды біліп, ұйымдастыру алқасын құруды жөн көрдік. Оның басы-қасында Фариза Оңғарсынова, Әбіш Кекілбаев, Қуаныш Сұлтанов, Ғарифолла Есім, Жарасбай Сүлейменов, Жабайхан Әбділдин секілді ірі қайраткерлеріміз болды. Солардың ортақ шешімімен Ұлы Абай атамыздан бастадық. Келесі жылы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманы» болды. Бұл кітаптың өзі, шыны керек, қилы замандарды бастан өткерді: 1928 жылдан бастап «зынданда» жатты, тіпті көзін жоюға бұйрық келген. Бірақ, шүкір, жойылмай аман қалды. Сол 2008 жылдың өзінде талай құзырлы орындардан «Сіз неге дәл осы кітапты таңдадыңыз, қазір дағдарыс кезі» деген секілді ақылға қонымсыз сұрақтар келді. Өткен жылы Мағжан ақынды оқысақ, биыл «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша Жұбан Молдағалиевты оқып жатырмыз.
– Бір кездері сіз Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың да басшысы болдыңыз, егер қателеспесем, Пушкин атындағы кітапхананың ұлттық мәртебе алатыны да сол тұста емес пе?
– 1987 жылы Алматыдағы А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік орталық кітапхананы басқару ісі маған сеніп тапсырылды. Содан 2004 жылға дейін кітапханаға қосқан бір тамшыдай үлесім болса, ол – кітапхананың ұлттық кітапхана деген мәртебе алуына ұйытқы болуым дер едім. 1931 жылы Қазақстанның астанасы Ақмешіт, яғни Қызылордадан Алматыға көшкен кезде зиялыларымыз «ел астанасында міндетті түрде ұлттық кітапхана болуы керек» деген екен. Кітапхана құрылып, оны алғаш Ораз Жандосов басқарады, бірақ кітапхана ұлттық аталмақ түгіл, сондай ұсыныс жасаған арыстарымыз түгел «ұлтжанды» деп атылып кетті емес пе? Кітап түгел идеология құралы болып, кітапханалар тек сондай марксистік, лениндік кітаптарға толып кеткені баршаға аян. Көптеген қазақ үшін құнды кітаптар қара құлыптың астында «абақтыға» қамалды. Солар араға жылдар салып, тек 1987-88 жылдардан бастап оқырманға біртіндеп беріле бастады. Осылайша Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бізге сол баяғы арыстарымыздың арманын орындау мүмкіндігі туды. Бірақ соның өзі кезінде қандай қиын болды десеңші? Қорыққандықтан шығар, көптеген адамдар қарсы шықты. Бірақ соған қарамай, 1990 жылы біз мақсатқа қол жеткіздік. Яғни ең бірінші болып, біз еліміздегі ұлттық статус алған мекеме болдық. Міне, осыны мен өз өмірімде жасаған ерлігім әрі ұлтыма тигізген пайдам болды деп есептеймін. Қазір ұлттық мекемелер көп, шүкір, бірақ сол кезде мұндай мәртебеге сұрану өз басыңды қатерге тіккенмен тең еді.
– Расында, сол үшін қандай да бір қауіп төнген кез болды ма? Қызметтен кету деген секілді...
– Елдің қарсылығына, арандатушылардың сөзіне қарағанда, солай секілді көрінді. Бірақ Елбасымыздың шешімі барлығын өз орнына қойды ғой. Сөйтіп, біз Тәуелсіз ел ретінде жаңадан жарғы құрастыруға көштік. Жаңадан кітап қорын қалай толықтыру керек, шетелдерде шашылып жатқан кітаптарымызды қалай жинаймыз, қандай кітаптарды қайта бастыруға ұсыныс беру керек дегеннің бәрін тізіп, жарғыға жаздық. Әйтпесе сол кезде кітапхана қорындағы кітабымыздың саны кісі күлерліктей еді. О бастан, бірінші қазақ кітабы шыққаннан бергі кітаптардың саны небәрі 250 мыңдай болса, орыс тілінде 6 миллион кітап шыққан.
– Айтпақшы, кітаптан өзге де көне басылымдардың жағдайы қалай болғаны жайлы айтсаңыз. Олар, айталық, «Қазақ», «Айқап» басылымдары қалай сақталды?
– Олар, әрине, әбден тозып, тіпті ұстауға да жарамайтындай үгіліп кеткен еді. Соларды қалай қалпына келтірерімізді білмей, дал болып жүргенде, бір күні көршілес Қырғызстанға жол түсті. Міне, қызық, олардың мемлекеттік кітапханасында бізге ауадай қажет «Қазақ», «Айқап» су жаңа күйінде тұр. Сұрап едім, ешқандай да қарсы шарт қоймастан, тегін, түпнұсқаны бере салды. Сонан соң УФА, Қазан, Санкт-Петербург, Омбы, Орынбордан біршама қор жинадық. Баспагерлердің өзі кейін бізден сұрап, оларды қайта бастырып шығара бастады. Дегенмен мана сөз арасында айтқан үгіліп жатқан қолжазба, газет-журналдарды сақтау үшін олардың электронды нұсқасын жасау керек болды. Осы мақсатта біз компьютер, сканер сатып алдық. 1937 жылға дейінгі газеттер шежіресін жасап шықтық. Бізде тағы көне күйлер мен тұлғаларымыздың дауыстары жазылып алынған пластинкалар бар еді. Соларды сандық жүйеге көшіріп, СD-ға жазып шығардық. Ол 1998 жылы «Қазақстанның музыкалық мәдениеті» деген атпен жарық көрді. Бізге ол үшін мемлекеттен ешқандай қаржы бөлінген жоқ. ЮНЕСКО-дан грант жеңіп алдық. Себебі экономикалық қиындықтың тұсы еді. Тіпті коммуналдық төлемнің өзін жартылай ғана беретін. Бірақ соған қарамастан, біз кітапханаға жаңа компьютерлер алып, кітапханашыларды cоған үйреттік. Бірінші компьютерді алып келген кезде күлкілі жағдай болған. Қазіргідей әр адамға жеке-жеке қайдан болсын, бөлімдерге бірді-екеуден таратып болып, кабинетіме келсем, артынша бір топ кітапханашылар кіріп тұр. Қолдарында бір тілім хатта: «Біз компьютердің адамның денсаулығына зиян келтіріп, көздің көруін нашарлататыны жайлы білдік. Сондықтан оны біздің бөлімдерден алып тастауыңызды өтінеміз», – депті. Не күлерімді, не жыларымды білмей, таңырқай қарап қалыппын. Бірнеше айдан кейін сол адамдар «бізге неге бермейсіз?» деп таласты ғой.
2000 жылы елімізде «Мәдениетті қолдау жылы» болғаны естеріңізде шығар, сонда Елбасымыз бізге арнайы келді. Әлгіндей жетістіктерімізді біліп, естіген ғой. Соны өз көзімен көріп, жарты күндей уақытын біздің кітапханада өткізді. Сол кездесуде мен 3 миллион кітапқа лайықталып салынған кітапханада бүгінде 6 миллион кітап барын, сол жағынан тарлау соғатынын, жаңа ғимараттың керегін сөз арасында ескертіп өттім. Мұқият тыңдап алған Елбасымыз үндемей кеткен. Аз ғана уақыттан соң басылымдардан ол кісінің Елордада жаңа кітапхана ашамыз дегенін оқыдым. Оқи сала, біз кітапханашылар «онда анадай болу керек, мынадай болу керек» деп, бар білгенімізді отыра қалып жаздық. Содан 2003 жылы министр мені өзінің қабылдауына шақырды. Барып едім; «Елордадағы кітапхананы көтеруге басшылық жасайсыз», – деді. Қуана келістім.
– Сіз әлем елдерінің кітапханаларын көріп жүрсіз. Солармен салыстырғанда біздің кітапханалар қандай? Әлде тіпті салыстыруға келмей ме?
– Әрине, дамыған елдердің кітапханалары да сондай бір үлкен идеямен жасалғаны көрініп тұрады. Еуропа елдері Париж, Лондон кітапханалары, әсіресе бізді таңғалдырғаны – Белорусь кітапханасы. Осыдан он шақты жыл бұрын Пекинде 18 қабатты ұлттық кітапхана салынды. Арихитектурасы қандай?!. Мұны айтып тұрған себебім – кітапхана о бастан кітапханаға лайықталып салынуға тиіс. Ол не деген сөз? Ол – кітап қорын сақтау үшін температурасы, ылғалдылығы, кітаптарды оқырманға жылдам тауып бере қоятын құрылғы т.б. ескерілген деген сөз. Ал бізде кітапханаға арнайы лайықталып салынған ғимараттар жоқтың қасы, еліміз бойынша олардың саны онға да жетпейді. Ал қалғанының барлығы – кітапханаға бейімделген жай үйлер. Оқырман залдары тар, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі қарастырылмаған ол жерлерде. Ал кітап жануы үшін бір-ақ шырпы жеткілікті. Қандай құнды дүние болсын бір-ақ сәтте өрт құшағында лап ете түседі. Мысалы, Тәуелсіздігімізді енді алған тұстағы қиындықтарда елімізде 21 мың кітапхананың 10 мыңы жабылды. Сонда жан ұшырған кітапханашылар кітаптарды өз перзенттеріндей далаға тастамай, тар болса да үйлеріне апарып сақтады. Сол кезде сенсеңіз, Ұлттық кітапхананың өзіне бір жылда жаңа кітап сатып алуға небәрі 3000 теңге бөлетін. Себебі жағдай солай болды, кімге өкпе артарсың?! Ал қазір, шүкір, жағдай жақсарды, электронды кітапхана жасап жатырмыз.
– ҚР Кітапханашылар қауымдастығы қашан құрылып еді? Оның мақсаты не?
– Қауымдастық 1998 жылы құрылды. Сол тұста тоқырау басталып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі кітапхана атаулылар жабыла бастады. Облыс кітапханалары университеттерге, ауыл кітапханалары мектептерге қосылады деген хабар келді. Ал біле білсек, тіпті соғыс кезінің өзінде кітапханалар жұмысын тоқтатқан емес! Майдандағы әскерлердің рухын қанаттандыру үшін қайта кітаптар көптеп шығарылды. Осыларды айтып, біз, кітапханашылар, әрине, жай қарап жата алмадық, кітапхана үшін күресеміз деген идеямен съезд құрдық. Біздің басты стратегиямыз – еліміздегі кітапханаларды сақтап қалу, кітап қорын барынша сақтап қалу, заманға сай жетілдіру, жаңа заман технологияларымен барынша қамту. Осы тұста айта кеткен жөн, ауылда айтарлықтай мәдени ошақ, ол – кітапхана. Елдің жиналатын жері де, кітап оқитын да, яғни рухын азықтандыратын жері – сол. Театр, музей, архив т.б мәдени ошақтардың бәрінің диаграммасын жасағанда, кітапхананың алар үлесі басым шықты. Нақты айтқанда, кітапхана бүкіл Мәдениет министрлігіне қарайтын мекемелердің 66 пайызын құрап тұр. Демек, дәл қазіргі таңда ауылда кітапхана құрыса – мәдениет күйрейді деген сөз. Бүгінде мамандар өте аз, айталық, жылына үш-төрт кітапханашы ғана шығады. Бірақ, бір қызығы, кітапханалар жабылып, қысқарып, мамандар даярлайтын оқу орындары да қысқарып жатса да, қазір кітапханашы болғысы келетін жігіттер көбейіп келеді. Бұрын тек қыз-келіншектердің ісі секілді көрінсе, енді жігіттер де кітапхана меңгерушісі болып жатыр. Алайда әлемдік тәжірибеде ұлттық кітапханалардың директорлары бірыңғай ер-азаматтар болып келеді. Ал ол – біле білгенге өте қиын жұмыс, соған сай әр елде ұлттық кітапхананың директоры деген ол – өте беделді тұлға. Өз басым да бұл ісімнің сый-құрметін бір кісідей көрдім.
– Кітапханашылардың орташа жалақысы қандай?
– Әдетте, ұстаздар мен дәрігерлерді ең төменгі жалақы алатын мамандар дейді ғой. Негізінен, одан да аз айлық алатын кітапханашылар екенін айтар едім. Және де кітапхана қызметкерлеріне тұрғын үй т.б жағынан ешқандай жеңілдік те жоқ. Тек оқуға қабылдар кезде Қыздар педагогикалық университетінде қазір оқу ақысын бітірген соң төлеуге аздаған жеңілдіктер жасайтын болыпты. Ол – осы салаға жастарды тарту үшін жасалған аз да болса жеңілдік. Соның өзіне жастар келгісі келмепті, келгендерінің өзі бітіргеннен кейін басқа салаларға жұмыс істеп кетіп жатқаны жасырын емес. Ал енді Астанада қазір жаңадан кітапханалар ашылып жатыр, оларға түбі мамандар керек қой. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін жалақыны көтеру арқылы осы салаға мамандар тартуды шұғыл қолға алу керек.
Алашқа айтар Датым бар!
– Ресейде 500 адам тұрған жерде бір кітапхана болуы керек деген норма болса, бізде ондай мөлшер атымен жоқ. Бізде кітап тек кітапханашылардың проблемасы сияқты, ал, шын мәнінде, ол жалпы мемлекеттің, ұлттың дерті емес пе? «Жастар кітап оқымайды, компьютермен әуестеніп кетті» дейміз. Олай болса, кітапты олардың сол алдындағы компьютерінен оқи беретіндей жағдай жасайық та. Өйткені қазір кітаптың жаңа дәуірі басталды: интернет-кітап, интернет-кітапхананы қолға алайық. Бізде әзірге тек 2000-3000-дай ғана электронды кітап бар. Осыны көбейту керек. Ал жарық көрген әр кітаптың электронды нұсқасын сақтау ең тиімді іс болар еді, бірақ оған авторлар келіспейді. Себебі кітабымды шығарып, пайдаланып кетеді деп қорқады. Бұл – бір; екіншіден, егер олар солай етсе, онда баспаларға жұмыс қалмас еді.