Сиязбек МҰҚАШЕВ, Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы:
– Сиязбек Өнербекұлы, әңгімені өткен жолы баспасөзде жарияланып, қоғамда кеңінен талқыға түсіп жатқан Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласынан бастасақ. Президент көтерген мәселенің өзіңіз басқарып отырған салаға қатысты тұсынан не түйдіңіз? Пайымыңызбен бөліссеңіз?
– Қазақстан – мемлекет болу тарихының 20 жылдығын сәтті еңсерген ел. Ұлттық даму жолында жаңғырдық, ұлысымызды түлеттік. Бұған ең алдымен ел басшылығының ұстанған саясаты үлкен демеу болды деп білемін. Дегенмен алда әлі де талай күрделі асулар бар. Ал сол асуларды еңсергенде ең алдымен өткенді саралап, бүгіннің қажеттілігін дөп баса білу шарт деп ұғынамын. Осы тұста бір ой келеді. Қазақстан Тәуелсіздігінен бергі аралықта көпшілік қауым мемлекеттік һәм ұлттық идеология бағыты мен тақырыбына қатысты сан-саққа жүгіретін пікірлерді алға тартып келгені есте. Тіпті баспасөзде осы ұлттық идеология туралы тартыс әлі де толастаған емес десем, артық айтпаған болармын. Қызу пікірталастар арқасында ұлтты ұйытатын дүниелер ұдайы көлденең тартылып келеді. Дегенмен барша қоғам ортақ тоқайласып, дүйім жұрт тоқтаған идеология бағытын әлі таппаған секілдіміз. Бұл тұрғыдан келгенде, менің ойымша, Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы Қазақстан дамуының келешек сұранысына толық жауап бере алатын, барша қазақстандықтарды ұйытатын идеологияға айналдыру үшін ортаға дөп тасталған ұран деп атауға болады. Мақаланың тұтастай мәні – «еңбек етсең емерсің» деген мәтелге келеді. Бұл – шын мәнінде, бүкіл қазақстандық қоғамды оятатын, жаһандық үдерісте бәсекелестікке төтеп беріп, өзгенің алдында өзіміздің ұлттық мүддемізді ажыратуға үндеген ұран. Өйткені Президенттің мақаласы аяқ астынан туындаған мәселе емес, пісуі жеткен, қоғамның күн тәртібіне өзі сұранып тұрған зор қажеттілік.
Баршаға белгілі, Елбасы ұстанған саясаттың негізінде әу бастан «алдымен экономика, содан соң саясат» қағидаты жатты. Сол экономикалық дамумен бірге, тұрақтылықтың тірегіне айналған ұлтаралық қатынас, конфессиялар арасындағы татулық пен бірлік мәселесі де өзекті болды. Ал ендігі шақтың өзектісі – тұрақты қоғамды тұтастай адал еңбекке жұмылдыру. Осы тұрғыдан келгенде, мен «бізде ұлттық идеология жоқ» дегенді айтатындарға Елбасының мақаласы нағыз жауап болмақ дер едім. Тағы да тоқталатын жайт, Мемлекет басшысы айтқан әлеуметтік жаңғырту бүкіл саланы қамтып отыр әрі ондай жаңғыртудың қайнар көзі кез келген азаматтың өзіне және соның еңбегі арқылы келетінін түсінетін уақыт жетті. Қазақ халқы неге басқадан кем болуы керек? Басқадан артық болудың жолы қайсы? Осындай сұрақтардың жауабы да әлгі мақалада. Елбасы еңбек арқылы ұлттың сапасын көтеруді, халықтың санасын оятып, масылдығын жоюды айқындады. Ендеше дәл осы мәселені ұлттық идеологияға айналдыруға кім дау шығарар? «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп Абай атамыздың айтып кеткен асыл сөзін ұран қылып көтеруден еш ұтылмаймыз. Оның үстіне, біріншіден, еңбек адамын қолдау, жұмысшы жағдайын жақсарту секілді қағида төңірегінде ешқандай дау-дамай болмайды. Екіншіден, еңбек ешкімді алаламайды. Мұндай идеологияның діни, саяси, тілдік көзқарастарға еш қатысы жоқ әрі осы үш мәселеде бір-бірін «жақтырмайтын» топтар еңбекке келгенде бәрібір жүгінеді. Президент бүгінгі күні барша қазақстандықтарды топтастыратын идеологияны тап басып берді, енді тұтас қоғам осы төңіректен табылсақ игі. Бұл менің ғана емес, елдегі барша кәсіподақ ұйымдарының да ұстанымы.
– Сол мақалада Елбасы «жұмысшылар өздерін лайықты сезінулері үшін кәсіподақтар қозғалысы өз биігінде болуы тиіс» дегенді айтты. Бұған көзқарасыңыз қалай?
– Расында, бүгінгі қоғамда кәсіподақ төңірегіндегі мәселелер баршылық.Маған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ретінде және менің әріптестеріме осы төңіректе жиі жауап беруге тура келеді. Оның үстіне қазақстандық кәсіподақтардың қоғамдағы рөлі мен мағынасы неде екендігін жете түсінетіндердің де көп емес екенін мойындауымыз қажет. Бұны айтулы мақалада Президент те сөз етті. Көпшілік үшін кәсіподақ ұйымдары әлі күнге дейін өзіне, болмаса отбасы мүшелері үшін шипажайлар мен демалыс үйлеріне, балалар лагерьлеріне жолдама алуға болатын ұйым ретінде ғана қалып отырған сыңай бар. Әйтсе де мұндағы парадокс келесіде. Дәл осы адамдар кәсіпорындарда қандай да бір даулы жағдайларды, мемлекет деңгейінде көтерілетін әлеуметтік мәселелерді шешу барысында кәсіподақтар белсенді ұстанымды ұстанғанын талап етеді. Яғни, бір жағынан, кәсіподақтарға кеңестік дәуірдегідей қарайды, екінші жағынан, оның қазіргі заманның талаптарына сәйкес болуы керектігін көксейді. Әрбір еңбеккер өз құқығын өзінің белсенділігімен қорғауы керектігін естен шығара беретіндері басым. Осындай мәселелерді ескере келе, Президент айқындаған 20 қадамның әрқайсысына кәсіподақтар тыңғылықты дайындалып, өз үлесін қосуға тиіс деп санаймыз. Оның үстіне бұл бірден бола қоятын дүние емес. Бұған өзіміздің өткенімізді саралап барып, келешек үшін салмақты қадам жасағанымыз абзал.
– Дегенмен еңбек дауларына қатысты мәселе соңғы уақытта әлем елдерінде ғана емес, Қазақстанның өз ішінде де біршама өршіді ғой. Бұндай шиліккен шиеленістерді тарқатуда кәсіподақтар не істей алды?
– Бұл жерде нақты түсіне кететін жайттар бар. Қайсыбір ақпарат құралдары, сол арқылы кейбір тұлғалар айтып жүргендей, еңбек дауларын қоздататын кәсіподақтар емес. Әсіресе еліміздегі ірі кәсіпорындарда былтырлары, сондай-ақ соңғы уақыттарда туындаған мәселелердің басым бөлігін кейбір ақпарат құралдары «кәсіподақтар әлеуметтік алауыздық тудырып отыр» деген ұғыммен айтып қалып, енді соның шешімін де тек қана кәсіподақ табуы тиіс дегенге саятын пікірге барып жатыр. Бұған еш келіспейміз. Қайта керісінше, кәсіподақтар кез келген еңбек ұжымындағы дауды сыртқа шығармай, олардың алдын алуға қызмет етіп келеді. Ал орын алған оқиғалар барысында көтерілген мәселеге келсек, оны шешіп беру ешқандай да біздің функциямызға жатпайды. Кәсіподақтың функциясы – еңбек дауларының алдын алу. Тағы қайталап айтқым келеді, заңнамада қамтылған талапқа жүрдім‑бардым қарау салдарынан жыл сайын елімізде жүздеген еңбек даулары мен шиеленісулер орын алып жатыр. Ал сондай даулардың басым бөлігі кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен бастапқы кезеңде де шешіліп жүргені шындық. Мысалға, «Арселлор Миттал» компаниясының кәсіподақ комитеті жеті ай ішінде еңбекақыны арттыруды талап етті. Ақыр аяғында жұмыс беруші заңды талаптарды мойындауға мәжбүр болып, жұмыскерлердің талаптарын кезең-кезеңмен шешуге келісті. Жаңаөзендегі қайғылы оқиға да – біздің тарихтағы қара дақ. Бұл ретте еңбек қатынасының екі тарапы дау шешуге келгенде ымырасыз қатаң ұстаныммен қатып қалды, ал соның арты қалай аяқталғанын естен шығармауымыз керек. Жаңаөзен – бізге зор сабақ.
– Дегенмен дауды шешудің өркениетті жолы қайсы еді? Еңбеккерлердің талабын жоғары жаққа жеткізуде кәсіподақтар қандай қадам жасай алды? Өз талаптарын өткізу үшін күн сайын мыңдаған еуропа еңбеккерлері көшеге шығып жүр емес пе?!
– Сұрағыңызды түсіндім. Расында, кейбір ағайындар біздерді «жұртты көшеге шығармайсыңдар, біздің талап туралы тиісті орындарға хабарламайсыңдар» деп кінәлап та жататыны жасырын емес. Осы төңіректе ойланайықшы,«көшеге шығу» арқылы біз әлеуметтік диалог шеңберінде оң нәтижеге қол жеткізе аламыз ба? Текетіресті тартыс нәтижелері қаншалықты жетістік әкеледі? Менің және көпшілік кәсіподақ көшбасшыларының ұстанымы: жоқ олай болмауы керек. Кәсіподақтардың жалпы ұлттық наразылығы Қазақстанның заманауи жағдайларында тиімді емес және пайдасы мардымсыз, залалы зор деп санаймын. Бұған өткен іс-тәжірибеміз арқылы да талай көзіміз жеткен. Біз мұндайды тарихымыздың ең қиын қыстауы саналатын сонау 90-жылдардағы құлдырау мен дағдарыс кезінде де пайдаланған жоқпыз. Өйткені бұл еліміздің сол кездегі қылшылдап тұрған аса нәзік мемлекеттік тұрақтылығына зор зиянын тигізетінін түсіндік.
Ал қазіргі кезеңге келсек, жұмысшы талаптарын ұрандап жүріп күшпен шешу бүгінгі күні де өзекті дүние емес. Егер әңгіменің өзегі сөз бен істің сәйкестігі туралы қозғалса, онда даулы мәселенің барлығын бейбіт жолмен келісімшарттар арқылы шешуге ұмтылуымыз керек. Мұнда қандай да бір «велосипедті» ойлап табудың қажеті шамалы. Сол тұрғыда кәсіподақ қызметкерлері үшін «Еңбек адамына – лайықты өмір», «Еңбекшілердің құқықтары үшін, әлеуметтік әділдік үшін, әлеуметтік прогресс үшін», «Адамша өмір сүру мүмкіндігі үшін», «Жұмыс беруші мен жұмыскер – өзара диалогы» секілді ұрандар барынша жақын екенін айтқым келеді.
– Сонда кәсіптік одақтарға қатысты қоғамның көзқарасы қаншалықты өзгерді? Өзіңіз айтқандай, оны кешегі кеңестік режимнің сарқыншағы ретінде қарайтындар да жетеді ғой?
– Бұл сұрағыңа жауап беру үшін мен өзіңе бір ғана қарсы сауал қояйын. Кәсіподақ мүшесісің бе?
– Жоқ.
– Міне, гәп қайда! Жұмыс берушімен арада еңбек мәселесінде түсініспеушілік туындаса, құқығыңды қалай қорғайсың? Маған келсең, әрине, көмектесем, бірақ заң жүзінде тікелей араласа алмаймын. Бірден көшеге шықпақсың ба? Мінеки, еңбекшілердің құқығын қорғаудағы түсініспеушілікке қатысты мысал табу еш қиындық тудырмайды. Кез келген жұмысшының құқығын сол арада қорғауға қабілетті кәсіподақтардың қызметін жалпақ жұртшылық кеңінен түсінбей келеді. Сондықтан кәсіподақты кеңінен насихаттау жетіспейтінін мойындаймыз. Әйтпесе көпшілік жағдайда дау-дамайларды шешуге, түсініспеушіліктерді тарқатуға қатысты тетіктер қолда бар. Ең басты көрсеткішіміз – ұжымдық шарт. Мұнда барлық мәселе қамтылған. Тіпті, менің байқауымша, БАҚ-тың ішінен тек қана «Казахстанская правда» газетінде кәсіподақ ұйымы құрылған. Кәсіподақ ұйымын құрып, ұжымдық шартты біршама жетілдіріп, кеңінен қолдансақ, қоғамға пайдалы болатын көп дүние өз шешімін табар еді.
– Дегенмен қазақстандық кәсіподақтарды халықаралық талаптарға сай дамыту мәселесіне қалай қарайсыз?
– Бүгінгі жаһанда әрбір мемлекет әртүрлі деңгейде дамып жатыр. Ондағы қоғамдық, азаматтық ұйымдардың күш-жігері де әр деңгейде. Солай бола тұра, бүкіл әлемде кәсіподақ функциясы бірдей: өз құқықтары мен экономикалық мүдделері үшін күресте еңбекшілерді біріктіру, оларды жұмыс берушілердің озбырлығынан қорғау, жалдамалы еңбек адамдарының мұқтаждықтарына жауап беретін әлеуметтік-экономикалық саясатты жүргізу мақсатында мемлекетке ықпал ету. Мінеки, осы жолды әлемдік тәжірибелерді саралап, кәсіподақтар ұйымының өзіне тән қазақстандық үлгісін қалыптастыруға тиіспіз деп санаймын. Расында, біздің өз жолымыз бар және соған сай келетін кәсіподақ саласындағы өз үлгіміз болғаны жөн. Сондықтан да кәсіподақтар саласында Қазақстанға ешқандай да Испанияның, ешқандай да Грекияның тәжірибесі мысал бола алмайды. Өйткені өркениетті санап жүрген еуропалық кәсіподақтардың өзі бүгін тығырыққа тіреліп отырғаны белгілі. Тіпті масылдық психологиясы өн бойын жаулап алған кәсіподақтар да сол батыстың өзінде жетіп-артылады. Сондықтан біз өз жолымызбен дамимыз. Халықтың психологиясына, ұлттық менталитетіне көп нәрсе байланысты.
– Тағы бір мәселе бізде көптеген кәсіпорындарда кәсіподақ ұйымы атымен жоқ. Жалақыны кешіктіруден басталатын еңбеккерлер құқығын таптау, олардың мұңы мен шағымын елемеу секілді әлеуметтік шиеленістер де көбіне осындай кәсіподақсыз мекемелерде туындайды деп отырсыз. Ал жалпы кәсіподақ ұйымын құру үшін онда мұнша жұмысшы болуы керек деген секілді белгіленген бір құқықтық өлшемдер бар ма?
– Он адамнан тұратын бастамашылар жұмыс беруші алдына өздері кәсіподақ ұйымын құратыны туралы мәселе қойса болды, оның құрылуына ешкім кедергі бола алмайды. Ең бастысы, ынта керек. Ал оның пайдасын жоғарыда айттым.
– Дегенмен Қазақстанның кәсіподақтар федерациясының ұстанымын тағы бір пысықтап өтсеңіз?
– Қазақстан кәсіподақтар федерациясының «Еңбек адамына – лайықты өмір!» атты басты ұраны бар. Расында, жұмысшыға еңбегіне сай лайықты өмір мен лайықты тұрмыс қажет. Жұмыс істейтін адам кедейлік жағдайында өмір сүрмеуі шарт. Бұл – біздің бұрыннан қалыптасқан ұстанымымыз. Әрбір жұмыс істейтін адам жалақысын уақтылы алып қана қоймай, басқа да бағыттағы дамуын жақсартып отырса игі. Соған жағдай жасалса екен. Осы тұрғыдан алғанда кәсіптік одақтардың қызметіне қатысты бірқатар шаралардың қажеттігін біраз жылдар бойы көтеріп келеміз. Бұл, біріншіден, кәсіподақтар туралы заңның керектігі. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Онда кәсіподақтар құқығы мен жауапкершілігі қоса қамтылуы тиістігін айтып жүрміз.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы 26 салалық кәсіптік одақты, 15 аумақтық кәсіподақ бірлестігін, оларда өз еркі бойынша біріккен 2 миллион 139 мың 683 мүшені біріктіре отырып, ел еңбекшілерінің неғұрлым өкілді қоғамдық ұйымы болып табылады. Кәсіподақтарда өз Гимні, Туы, Гербі, кәсіподақ қызметкерінің этикасы, жыл сайын аталып өтетін мерекесі – Қазақстан кәсіподақтары күні бар. Осындай үлкен күшпен үлкен мақсатты алға ұстап отырмыз.
– Сол мақсаттар шеңберінде жүзеге асуы тиіс еліміздің еңбек қатынастарындағы өзекті проблемаларды атап өтсеңіз?
– Кәсіподақтар федерациясы Қазақстандағы өмір сүрудің сапа стандарттарын ұдайы көтеріп келеді. Мұнда көп жағдайда басты мәселе жалақыға қатысты. Бұл – Қазақстанда әлі күнге жүйеге келмеген, даму жағдайына сәйкес орныға алмаған өзекті дүние. Өйткені қазір еліміздегі әрбір кәсіпорын, кез келген жұмыс беруші жалақыны өзі қалай тағайындағысы келсе, солай тағайындап жатыр. Басқасын қойып, мұнай саласын алып қараңыз. Маңғыстау өңірі бойынша бір салада жұмыс атқаратын мұнайшылардың жалақысы әр ұжымда әртүрлі. «Қаражамбаста жалақы неге жоғары, Өзенде неге төмен?» дегенге саятын мәселелер де жұмысшыларға ой туғызбай қоймайды. Бұдан бөлек, шетелден келген мамандардың да жалақысы бір деңгейде емес.
– Неге?
– Бізде оны қалыптастыратын заң жоқ. Шетелдіксің бе, қазақстандықсың ба, оған қарамай-ақ мамандығына, біліктілігіне қатысты жалақы тағайындалса құба-құп болар еді дегенбіз. Ол әзірше болмай тұр. Бюджет қызметкерлерінің өзінде жалақы дұрыс емес. Мұны қалыпқа түсіру керек. Мәселен, керемет білікті хирургтің, тәжірибесі мол дәрігердің жалақысы министрдің жалақысынан да жоғары болуға тиіс деп санаймыз. Еліміздегі ең төменгі күнкөріс шегі де нақты емес, қазір 17 мың теңге шамасында. Ал 17 мың теңгеге өмір сүру мүмкін бе? Ендеше бұның бәрі бір жүйеге келсе игі. Сол үшін мейлі ол жұмыскер болсын, зейнеткер, студент және басқа болсын, әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын бағалаудың басты элементтерінің бірі ретінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын айқындау әдістемесін жетілдіру бойынша белсенді жұмыс жүргізбекпіз.
Осындай түйткілді жайттарды шешу үшін Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының 2010-2015 жылдарға арналған стратегиясын қабылдаған едік. Мұнда басты стратегиялық әрекеттеріміз бірінші кезекте еңбекақы төлеу саласындағы кәсіподақ саясатына негізделген. Мәселен, кәсіподақтар бірқатар заңнамалық актілерді әзірлеп, қабылдауды талап етеді. Бұл тұтыну бюджетінің және ең төмен еңбекақы нормаларын реттейтін «Ең төменгі тұтыну бюджеті туралы», «Ең төменгі еңбекақы туралы» заңдарға қатысты болып отыр. Сонымен қатар біз көпке созбай, жалпы ішкі өнімдегі еңбекақы үлесін 5-6% деңгейіне көтеру және өнімнің өзіндік құнындағы еңбекақы үлесін арттыру арқылы еңбек пен капитал арасындағы қайшылықтарды нақтылы жұмсартуға ат салысуды парызымыз деп санаймыз.
– Қазіргі жаһанданған әлем ерекше жағдайды бастан кешіріп отырғаны белгілі. Дағдарыс толқыны Еуропадағы мыңдаған адамдарды күн сайын көшеге шығарып жатқанын айттық. Ал осындай дағдарыстық құбылыстардың алдын алу үшін қандай қадам жасау керек деп ойлайсыз?
– Расында, әлемдік жұмысшылар қозғалысы да күрделі уақыт сынынан өтуде. Дағдарыс салдарынан жұмыс орындарының, жалақының жаппай қысқаруы еңбекшілердің толайым наразылықтарын, ереуілдерін туындатып отыр. Мұндай құбылыстарды болдырмау үшін елімізде серіктестік қатынастардың барлық тараптарына: мемлекеттік органдарға, жұмыс берушілер бірлестіктеріне және кәсіподақтарға жаңа әлемдік құрылыс алға тартып отырған барлық мәселелерді шешуге барынша жауаптылықпен қарау міндеті аса өзекті. Сондықтан біз дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға өз үлесімізді қоспақпыз.
– Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңізге жеміс тілейміз!
Айтарым бар
Қазір еңбектенгісі келген, жұмыс іздеген жанға мүмкіндік мол. Жаңа өндірістер қаптап жатыр. Алайда жұмыссыздар қатарындағы өзіміздің қаракөздеріміз осындай мүмкіндікті пайдаланып қалуға тым селқос қарайтыны өзекті өртейді. Шындығында, масылдықтан арыла алмаған еңбек етуге құлықсыздар өзінің ғана емес, мемлекеттің де мәселесін қиындатып отыр. Ендеше олармен күрескен ләзім.