Ләззат Ибрагимова, «Даму» қорының төрайымы:
– Ләззат Еркенқызы, әлемдік тәжірибеде қалыптасқан бір қағидат бар: шағын кәсіпкерлікке қатысты сауда саясаты, ең алдымен, оның мақсат-мүдделерін ескере отырып жүзеге асуы шарт. Ендеше, Қазақстанның сауда саясаты отандық кәсіпкерлердің мүддесінен қаншалықты шығып жүр?
– Егер Қазақстанда қалыптасқан бизнес құрылымға көз жүгіртсек, бұндағы шағын кәсіпкерліктің субъектілері 94 пайызды құрайтынын байқаймыз. Бұлар орташа жылдық активтерінің ауқымы 60 мың АЕК-ке, яғни 500 млн долларға жететін компаниялар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары немесе жұмысшыларының саны 50 адамға толатын компаниялар. Сонымен қоса шағын және орта бизнестің өз құрылымындағы сауда кәсіпорындары 40%-ды құрайды екен. Көрсеткіштің осылайша ойысуын Қазақстандағы жеке кәсіпкерліктің түп-төркіні «ұсақ-түйек» саудадан басталғандығымен, нарықтық экономика негізі алыпсатарлықтан қаланғандығымен түсіндіруге де болады. Дегенмен соңғы уақытта елдегі жеке кәсіпкерлер белсенділігіне жан бітіп, шағын бизнес саны қаулап келеді. Бұны мемлекет тарапынан жүргізілген салықтық жеңілдіктің, бизнесті жүргізу барысындағы оңтайлы саясаттың нәтижесі деп айта аламыз. Яғни бизнеске қатысты мемлекеттік қолдаудың жемісі көзге ұрып тұр. Ал еліміздегі кәсіпкерлер санының өсуіне қарап-ақ, біз Қазақстанда жүргізіліп жатқан сауда саясатының отандық кәсіпкерлер мүддесіне толық ықпал ететінін алға тарта аламыз. Әйтсе де мемлекет тарапынан қолдауды жаңа сатыға көтермек ниеттеміз. Бұл ретте кәсіпкерліктің санын ғана емес, сапасын да арттыруға көшіп, шағын және орта бизнестің бағытын әртараптандырып, олардың үлесіндегі өңдеуші өнеркәсіпті жандандыруды діттеп отырмыз.
– Мысал ретінде бүгінгі күні тіркелген кәсіпорындар санын саралап кетсеңіз?
– Қазақстанда 1 миллионнан астам кәсіпорын тіркелген, олардың ішіндегі белсенді әрекеттегісі шамамен 60%. Оның ішінде шағын және орта бизнестің негізгі бөлігін жеке кәсіпкерлер құрап, олардың саны 500 мыңнан асады. Осы тұрғыдан алғанда, бір өзекті мәселе қылаң береді: елімізде шағын кәсіпкерлік үлесі аса көп емес. Дегенмен, менің ойымша, бұндағы басты проблема бизнестің ұйымдастырушылық-құқықтық құрылымында болып отыр. Тіпті еліміздегі ортанқол компаниялардың корпоративтік басқаруларында тиімді басқаруға қатысты стандарттар әлі де қалыптаспаған. Мысалға айта кетсек, «Самұрық-Қазына» қорының құрамындағы ірі компанияларда корпоративтік басқаруды орнықты ету үшін қажетті шаралар атқарылуда. Басқарушылықтың жаңа стандарттарына үйрету үшін аз қаражат жұмсалып жатқан жоқ. Бұл – алдағы уақытта бизнестің адымын ашу үшін маңызды шара. Ал орта бизнес секторына келсек, жағдай түсінікті.
Сөзімді тағы бір мысалмен түйіндей кетсем, 2008-2010 жылдардағы дағдарыста Қазақстанның қор биржасында 18 дефолт орын алды. Ең өкініштісі, олардың басым бөлігі облигациялар шығарып тұрған өндірістік компаниялар тарапынан болды. Ал бұның себебі не? Әлгіндей компаниялар өзінің даму бағытына соншалықты бас қатырмай, бұл үшін ең арзан дерлік қаржы ресурстарын тартқан болатын. Менің жеке пікірім: олардың басты проблемасы басқарушылық звенодағы кәсібиліктің жетімсіздігінен туындап, дәл осы тараптан корпоративтік процедураларды дұрыс орналастырудың маңызын түсінбей, оған жете мән берілмеді.
– Шағын бизнестегі өңдеуші өнеркәсіп үлесінің аз болуына қатысты проблеманы қалай шешуге болады? Сіздің пікіріңізді білсек?
– Расында, біздің кәсіпкерлікте өңдеудің емес, сауданың үлесі басымырақ. Тіпті екінші деңгейлі банктердің кредиттік құрылымына үңілсеңіз, онда да сауда үлесінің деңгейі 45%. Дегенмен мемлекеттік тетіктің арқасында бұл көрсеткіштерді жағымдыға бұруға болады. Мәселен, 2010 жылдан бастап Үкімет «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын қабылдады. Бағдарламада тек саудадан басқа барлық өндірістік салаға басымдық береді. Әйтсе де бұл еліміздегі сауда компанияларының кемсітушілікке ұшырағанын білдірмеуі тиіс. Өйткені өндірістік үдерістегі сауда – өнімді сатудағы ең ақырғы саты. Дегенмен бұнда да өзара байланыс барынша қабысқаны абзал деп білемін. Сондықтан да еліміздің шағын және орта бизнесте әрекет ететін қаптаған сауда компаниялары отандық тауарлармен сауда жасауы керек, ал ол үшін өндірісті дамыту керек.
Осыған орай, «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде өндірістің өңдеуші саласының барлық секторына қолдау жасау қарастырылған. Бағдарлама негізгі төрт бағытты қамтып отыр. Бірінші – бірқатар құралдарды іске қосып, бизнестің тың бастамаларына қолдау жасау. Бұндай құралдардың негізгісі – екінші деңгейлі банктерден алынған инвестициялық несиелердің пайыздық ставкаларын субсидиялау. Қолдаудың осындай түрін иелену үшін заемшы банкке жолығып, қажетті кредитті алып, өндірісті бастайды. Ал осы бойынша алынған кредитте банктік ставка 14 пайызды құраса, мемлекет оның 7 пайызын субсидиялайды. Дәл осы кредитті субсидиялау бойынша біз кәсіпкерлермен 435 келісімшарт жасастық. Бұлардың барлығы – отандық тауар шығаруды қолға алатын кәсіпорындардың жобалары.
Бұдан бөлек, «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге кепілдендіру тетігін де ұсынады. Бұл да – маңызды құралдың бірі. Мәселен, 2008-2010 жылдардағы дағдарыс салдарынан көптеген компанияда өте ауқымды борыштық жүктемелер қалыптасты. Сондықтан да қазіргі таңда кәсіпорындарға өздерінің ісін кеңейту үшін кепілдік қамтымдылық жетіспей жататыны айқын. Осыны ескере отырып, «Даму» қоры банктерге жоба құнының 50 пайызына дейін кепілдік беруді жүзеге асыратын болады. Бүгінгі күні дәл осындай 15 кепілдік келісімшартқа қол қойылды, қосымша 25-і мақұлданды. Жалпы, екінші деңгейлі банктерден несие алу – бүгінгі күні соншалықты проблема емес. Өйткені, қанша дегенмен, банктерге заемшы атаулы қашанда керек. Сондықтан да мемлекет тарапынан ұсынылған жеңілдіктер арқасында ондай жұмысты жолға қоюға болады.
Кредиттік ресурстан бөлек бизнес үшін маңыздысы – инфрақұрылым. Бастаған ісің дөңгелеп кетуі үшін электр энергиясынан бастап ақыр аяғы жақсы төселген жолға дейінгі техникалық жағдайдың қамтылуы үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Сондықтан да «Бизнестің жол картасындағы» қолдаудың бір тетігі – индустриялық инфрақұрылым бағдарын қарастырды. Бұл ретте іс бастаймын, кәсіп ашамын деген кісіге әкімдік өз қаражаты есебінен индустриялық инфрақұрылым нысандарының құрылысын жүзеге асырады.
Кәсіпкерлікті қолдаудағы төртінші бағыт – кадр әлеуетін нығайту. Бұл да – кәсіпкерліктің құлашын ашу үшін аса қажетті дүние. Расында, былтырғы жылы бағдарлама жүзеге аса бастаған тұста өндіруші секторда білікті басқарушы кадрлардың жетіспеушілігі анық байқалған еді. Несие алу үшін сауатты бизнес-жоспар жасай білетін, қолдағы қаражатты тиімді жарататын, есеп жүргізе алатын, бір сөзбен айтқанда, өндірістің болашақ дамуына дем беретін іске қабілетті адамдар жеткіліксіз болды. Сондықтан да бұндай қолдау бағдарламаға енгізілді. Бұл ретте де әкімдіктер кәсіпкерліктің әлеуетін арттыру бағытында бизнес-жоспарлар әзірлеуге, маркетингілік зерттеу жүргізуге тегін жәрдем береді. Бағдарламаның дәл осы бағыты бойынша өңірдегі әкімдіктер сервистік қызметтің жеті түріне консалтингілік компанияларды іріктеп, конкурстар өткізді. Атап айтқанда, ІТ-қызмет, маркетинг, сапа менеджменті жүйесі, бухгалтерлік және салықтық есеп, статистикалық есеп, кедендік және заңнамалық консультациялар бағыты бойынша компаниялар таңдалды. Өкінішке қарай, бағдарламада қамтылған осындай қолдау түрін білетіндер көп емес. Сондықтан да сіздер арқылы кәсіпкерлерге құлаққағыс жасап, бұл туралы ақпаратты www. damu.kz. сайтынан қарауға шақырамын.
Кадрлық әлеуетті дамытудың тағы бір тетігі – іскер байланыстар жобасы. Бұл ретте Назарбаев университетінің нысанында топ-менеджерлер оқыту бағдарламасы жүзеге асады. «Бизнестің жол картасына» қатысатын компаниялар нақты салалар бойынша білімін жетілдіріп, еліміздегі оқуынан кейін АҚШ пен Германияда тәжірибе шыңдауға мүмкіндік алады. Қазіргі таңда шамамен 220 адам осы бағдарламамен оқып шықты.
– «Даму» қоры кәсіпкерлердің өнімдері қаншалықты бәсекеге қабілетті екендігі жайында зерттеулер жүргізе ме? Әсіресе қордың қызметтерін пайдаланатындар арасында?
– Біріншіден, біз мемлекет үшін басым ретінде айқындалған 20 сала бойынша жобаларды жүзеге асырып жатқан кәсіпкерлермен жұмыс істейміз. Яғни отандық экономиканы дамытуға қажетті өнімдер шығаратын сектордағы кәсіпкерлермен жұмысымыз жақсы жанданған. Екіншіден, «Бизнестің жол картасы-2020» аясында бизнестің аса өзекті мәселелеріне арналған «Бизнес-кеңесші» жобасы бар. Онда кәсіпорынды қалай тіркеу керек, өз ісіңді неден бастау керек, есеп-қисапты, салықты қалай жүргізу керектігін түсіндіру мақсатында семинарлар ұйымдастырылады. Мәселен, біз жақында ет және сүт өнімдері нарығы бойынша салалық маркетингілік зерттеулер тараттық. Расында, жұртшылық арасында бизнес жасауға ниеттілер баршылық. Алайда солардың көпшілігінде маркетингілік бағалауды дұрыс жүргізуден хабары бола бермейді. Сондықтан да кәсіпке ынталы болғанымен, маркетингілік олқылықтың салдарынан қайсыбір кәсіпшілер аудандағы 150-шаштаразды немесе 10-наубайхананы ашып алып, артынан өнімін өткізе алмай, дал болып жататыны бар. Осындайда жөні түзу зерттеудің аса қажеттігі байқалады. Сондықтан да біз өз тарапымыздан басым сала ретінде танылған 20 бағыттың маркетингілік зерттеулеріне тапсырыс бердік. Жыл соңына дейін «Бизнес кеңесші» аясында бұл зерттеулер www.dkb.2020 сайтына орналастырылып, БАҚ-тарда жарияланатын болады.
– «Даму» қоры басым салалар бойынша қолдау жасау үшін кәсіпкерлерді қандай критерийлермен іріктейді?
– Біздің барлық семинарлар аудан орталықтарында өтетіндіктен, аса көп капиталдық шығындарды қажет етпейтін өндірістік жобаларды таңдап алуға тырысамыз. Бұл – мал өсіру, ет өнімдерін шығару және өңдеу, нан, оның ішінде ұзақ мерзімге сақталатын тәттілердің әрбір түрлері. Бұл ретте отандық азық-түлік өнеркәсібінің әлеуетін өте жоғары бағалаймыз. Өйткені осы саланың экспорттық мүмкіндігі жоғары. Сондықтан да жоғарыда аталған 20 саланың жетеуі азық-түлік өндірісіне байланысты болып табылады.
Бұдан бөлек, шағын және орта кәсіпкерлік еліміздегі жүйеқұрушы кәсіпорындармен тығыз байланыста болғандықтан, бұл бағытта нысаналы мемлекеттік саясат болуы тиіс деп ойлаймын. Мәселен, арыға бармай-ақ «АрселорМиттал», «Қазмырыш», «ҚазМұнайГаз» секілді еліміздегі алып компанияларға қызмет көрсету бойынша отандық кәсіпкерлерге мүмкіндік берілсе игі. Ол үшін әлгіндей ірі компанияларға сыртқы рыноктан тауар импорттауға тыйым салынса екен. Бір ғана нақты мысал ретінде айтайын, бұндай ірі компанияларға олардың жұмысшыларына қажетті арнайы жұмыс киімдерін Қытай мен Қырғызстаннан тапсырыспен алғызуға қатаң тыйым салу керек. Осының өзі біршама іске сеп. Өйткені тура сондай өндірісті өзіміздің кәсіпорындар да атқара алады.
– Кәсіпкерлікке қатысты мәселе көтерілгенде көбінесе қағазбастылыққа, ана кабинеттен мына кабинетке сабылтып, уақыт оздыратын кедергілер жиі көтеріледі. Осы тұрғыдан алғанда, бизнес өкілдеріне қолдаудың барлық түрлерін алудың қиындықтары қаншалықты?
– Бүгінгі күні қор тарапынан барлық процедураларды шапшаңдату үшін көп жұмыс істелуде. Қазір дайын жобаларды іздестірудеміз. Бұнда да «бастасам екен» деген ойда бар жобалармен емес, нақты «пісіп» әзір тұрған, іске бірден кірісе алатын жобалармен жұмыс істегіміз келеді. Мемлекет тарапынан 7 пайыздық қайтарым болатынын білетіндіктен, банктер де жақсы ойластырылған, жан-жақты зерделенген жобаларды 14 пайыздық қаржыландырға дайын деп ойлаймын. Сондықтан да егер субсидия туралы айтсақ, онда банктің келісімі болса, өтініш берілгеннен кейін шамамен бір ай ішінде шешім шығарылады. Егер субсидияның үстіне кәсіпкерлердің міндеттемелерін қорға кепілдендіруді қосатын болсақ, онда соған сәйкес өтінішті қарау мерзімі де біршама ұзарады. Бұнда егер кәсіпкердің жобасы 200 млн теңгені құрайтын болып, кепілі 100 млн теңгеге шықса, банк жобаны қаржыландыруға келіспесе, онда осы тетікпен қолдау жасауға болады деген сөз. Яғни қалған 100 млн теңгенің кепілін «Даму» қорынан тартуға болады. Бұл – кәсіпкерлер үшін бірегей мүмкіндік. Өйткені мемлекеттік кепілдік берілмесе, онда кәсіпкер инвестор табумен әуреленіп, қосымша қаржыландырылатын басқа да көздерді қарастырумен басы қататын еді.
Айтпақшы, шынымен де, «Даму» қорына айтылатын негізгі сынның өзі кепілдендіруге қатысты өтініштердің ұзақ уақыт қаралатындығында екенін білемін. Әрине, бұл – оңай шешіле салатын дүние емес. Дегенмен қазір біз үдерістердің бәрін мұқият қадағалап отырмыз және аса ауқымды жобалар болмаса, өтініштерді қарауды екі айдан асырмауға тырысамыз.
– «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде экспорттаушыларға үлкен көмектер топтамасы берілетінін білеміз. «Даму» қоры бұл үдеріске қатыса ма?
– Егер компанияның 10% табысы валютадан тұрса, онда бұл компания экспорттық компания болып табылады. Заңға сәйкес, валюталық табыс табуға тек экспорттаушылардың ғана құқы бар. Ал оларды мемлекеттік қолдауға келсек, біз экспорттаушылардың да кредиттерін субсидиялаймыз. Оның үстіне, жаңа бизнес-бастамаларды қолдау жобасында алынған инвестициялық кредиттер толық субсидияланып, «өңделген» тауарлардың 30%-ы қаржылық қолдауға жататын болса, экспорттаушыларға қолдау кешенді жасалады. Олардың жаңадан алған және қолданыстағы кредиттері де, негізгі қаражатының кредиттеріне де, бір сөзбен айтқанда, экспортшының екінші деңгейлі банктен алған кез келген кредитіне қолдау болады. Тек бұл тұрғыда бір ғана қаперге алатын шарт жоғарыда айтқанымыздай, компания табысының ең құрығанда 10 пайызы валюталық болуы керек. Бүгінгі күні экспортқа қатысты 45 жоба субсидиялануда. 38 келісімге қол қойылып, тағы жеті келісім қарастырылуда.
Дегенмен экспорттық бағыт елімізде бірыңғай дамып отырған жоқ. Кейбір облыстарда 6-7 экспорттаушыдан болса, кейбір өңірде мүлдем экспорттаушы жоқ. Мен бұның өзі әкімдіктер үшін үлкен дабыл деп ойлаймын. Өйткені «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде тау-кен өндіру және мұнай-газ компанияларына, сондай-ақ акцизге тәуелді өнім түрлерін шығаратын компанияларға қолдау жасалмайды. Яғни мемлекеттік бағдарлама тек қана шикізаттық емес секторды қолдайды. Соған сәйкес ескерсек, кейбір облыста Қазақстаннан тысқары жерлерге қандай да болмасын шикізаттық емес өнім экспорттайтын бірде-бір компания жоқ екенін байқайсыз. Расымен, жергілікті билікті осы мәселе алаңдатса игі.
– Шағын және орта бизнесті қолдаудың мінсіз үлгісі немесе нақты бір бағыты қалыптасқан деп айта аламыз ба? Сіздің осы жөнінде пікіріңізді білгіміз келеді?
– Бұндай үлгілер баршылық және олардың басым бөлігі протекционистік шараларға негізделген. Мәселен, кредиттерге мемлекеттік кепілдік бар, ал егер бұл жобаларда дефолтқа жол берілсе, онда қаражат бюджеттен қайтарылады. Сондай-ақ кәсіпкерлігі дамыған көптеген елде шағын бизнеске жұртты оқыту бағдарламалары кеңінен жүргізіліп, осыған баса мән беріледі. Осы тұрғыдан саралай келетін болсақ, Қазақстанда қазірдің өзінде бизнесті дамыту өз деңгейінде қалыптасып, кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді шаралары жүзеге асып келетінін айтуға болады. Ал «неге «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша қаржылық агент ретінде «Даму» қоры таңдап алынды?» деген заңды сауал туындауы да мүмкін. Айтайын, өйткені «Даму» қоры – еліміздегі даму институттарының арасында бүткіл облыстарда өңірлік желілері жұмыс жасайтын жалғыз ғана компания. Оның өңірдегі кәсіпкерлер үшін тиімділігі де – осында. Қордың әрбір облыстардағы филиалы банк филиалдарымен тікелей байланыста отыр. Нәтижесі мінеки: қолданыстағы субсидиялаудың 477 келісіміне өткен жылдың 9 айында қол қойылды. Ал биыл жыл соңына дейін шамамен 1000 жобаға қолдау жасауды жоспарлап отырмыз. Бұған қауқарымыз жеткілікті. Мәселен, егер кәсіп иесі ұсынған жоба Өскеменде немесе Ақтауда болып, оған банктің филиалы сол қалада қаражат бөлетінін білдірсе, онда «Дамудың» сол қаладағы филиалында келісімге қол қоюға әбден болады. Бұл үшін кәсіпкерлер құжаттарын Астанаға немесе Алматыға жолдап, оның қаралуын сарыла күтпейді. Сондықтан да бұл бағдарламадағы біздің басымдығымыз айқын.
– Әңгімеңізге рақмет! Еңбектеріңізге сәттілік тілеймін.
Алашқа айтар датым...
Қолданыстағы заңнамада «қазақстандық қамту» ұғымы бар. Осы ұғым аясында «өңірлік қамту» деген санатты да ұсынған абзал деп ойлаймын. Өйткені «өңірлік қамту» өңірдегі кәсіпті жандандырады, жаңа бизнестің ашылуын ынталандырады. Мысалы, Қарағанды облысында орналасқан «АрселорМиттал» секілді ірі компанияның жұмысшыларын арнайы киіммен, басқа да қажетті заттармен жабдықтау үшін жергілікті кәсіпкерлердің күші жұмылдырылса дұрыс болар еді. Яғни ірі компаниялардың ондай сұраныстарын жергілікті кәсіпорындар есебінен де жайғастыруға болады. Сондай тапсырыстар үшін Алматыдан немесе Қазақстанның өңірлерінен тауар тасуға ешқандай да экономикалық қисын жоқ. Сөйтіп, «өңірлік қамту» тетігін қосу арқылы сатып алушы мен сатушыны бір-біріне жақындата түсер едік. Ал ондай байланыс қаншалықты жақын болса, онда дәліз де аз, шығын да төмен, есесіне шағын және орта бизнестің дамуына да үлкен мүмкіндіктер туар еді.