Әділ АХМЕТОВ, сенатор:
– Былтыр Еуропаның күретамыры саналатын салмақты ұйым ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен Қазақстан биыл Ислам конференциясы ұйымының тізгінін қолға алады. Осыған байланысты сіздің пікіріңізді білсек...
– Дүниедегі халықаралық ұйымдардың ауқымы жағынан келетін болсақ, БҰҰ-дан кейін тұрған ең ірі ұйым – Ислам конференциясы ұйымы, содан кейінгі орында былтыр Қазақстан төрағалық еткен ЕҚЫҰ тұр. ИКҰ-ның мақсатына тоқталмас бұрын оның әлеуетіне, сондай-ақ мүше мемлекеттердің әр бағыттағы мүмкіндіктеріне назар аударсақ. Ұйымға Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Америка құрлықтарынан 57 мемлекет мүше болса, бұдан бөлек бақылаушы мәртебесіндегі бес ел мен бес халықаралық ұйым тағы бар. Алпауыт ұйымның мемлекеттеріндегі халықтардың жалпы саны 1,5 миллиардты құраса, сол мүше елдер Жер шарының алтыдан бір бөлігін, яғни 32,4 млн шаршы шақырымды иемденеді. ИКҰ-ға кіретін елдер әлемдік байлықтың үлкен көрсеткішіне де ие, олардың үлесінде әлемдік байлықтың 65 пайызы бар. Бұл – аса зор көрсеткіш. Әсіресе ИКҰ-ға мүше елдердің энергетикалық көздері, табиғи байлық қорлары аса үлкен. Әлемде өндірілетін шикізаттың 45 пайызы – осы ұйымға қатысушы елдердің үлесінде. Бір ғана Сауд Арабиясындағы, әмірліктердегі мұнай мен газдың байлығын алып қараңыз, оны сыртында Қазақстанның да энергетикалық қоры мол. Бірқатар мәліметке сүйенсек, 2009 жылы ұйымға мүше елдердің жалпы ішкі өнімі 7,5 трлн долларды құраған. Дегенмен мәселе тек байлықта ғана емес. Өйткені ұйымға кіретін мұсылман елдері өздеріне бұйырған жер байлығын, экономикалық мүмкіндіктерін өздерімен әріптес мұсылман елдердің дамуына дұрыстап пайдалануды мақсат тұтады. Ұйымға мүше мемлекеттердің 12-сі кедей елдер санатына жататынын ескерсек, қалған ауқатты мемлекеттер солардың дамуына мүдделілік танытады. Яғни Ислам конференциясы ұйымына кіретін елдердің ауқаттысы кедейлерге көмектеседі, оларға демеу көрсетіп, дамуын ілгерілету үшін қол ұшын береді. Мұны шариғат негізіндегі зекет деп қарастырған ләзім. Яғни өзіңде барды жағдайы төмен елмен бөлісу ниеті деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, ұйымның келешегі зор. Он жылдық бағдарлама аясында ұйымға мүше елдердің ішкі өзара саудасының деңгейін қазіргі 16 пайыздан 20 пайызға дейін арттыру мақсаты қойылады. Ислам қағидаттарын басшылыққа алатын осы елдерде өсімқорлық, харам сауда атымен жоқ, басты қағидат – таза сауда. Ендеше, таза ниетпен, таза мақсатпен жұмыс істегенге ұйымның берері мол. Екіншіден, ұйым ешқандай дауға араласпайды, күрмеуі қиын мәселелерді бейбіт жолмен шешуге ұмтылады. Экономикалық мәселелерді алға қойғанымен, бөтеннің байлығына сұқтанбайтын, өзінде барды жаратып, даму жағынан басқаны жетелейтін таза ұйым.
– Ұйымға төрағалықтағы Қазақстанның ұстанымы айқындалды ма?
– Әлбетте, Тәуелсіздіктен бері өзін бейбіт сүйгіш мемлекет ретінде бар қырынан танытып келе жатқан Қазақстанның ИКҰ-ға жетекшілік етудегі ұстанымы айқын, төрағалық тәжірибесі де баршылық. Былтыр ЕҚЫҰ төрағалығынан да шыңдала түстік. Оның үстіне екі ұйымның мақсат-міндеттері бір-бірінен соншалықты алшақ емес. Мәселен, ЕҚЫҰ-ның негізгі үш өлшемі – әскери-саяси, экономикалық-экологиялық, адами өлшемдері қауіпсіздікке негізделсе, баршаны бейбітшілікке үндейтін ИКҰ да – әлемдегі қауіпсіздікті күшейтуге атсалысатын, әсіресе экономикалық һәм адами даму саласындағы қауіпсіздікке мән беретін, оның ішінде дін бостандығын бірінші орынға қоятын ұйым. ЕҚЫҰ үш өлшемнің қауіпсіздігін бірінші орында ұстайды, ал ИКҰ әскери мәселеге соншалықты жуымағанымен, экономикалық қауіпсіздікті алға қояды. Бұдан бөлек ИКҰ мұсылман мемлекеттерін біріктіретін форум болғандықтан, оны шариғат негіздеріне мән бере отырып, иманжүзділікті ту етіп, тектілікке дәріптейтін ұйым десе болады. Қаржы мәселесінде ислам банкіне, өсімқорлықтан ада банктерге сүйенеді, тазалыққа, оның ішінде сана тазалығына шақырады. 1995 жылдан бері ИКҰ-ның мүшесі ретінде Қазақстан бұл ұйымның іс-шараларына белсене араласып, оның әлемдік қоғамдастық алдындағы беделінің өсуі мен ислам әлемінің абыройлы форумы ретінде бұдан былай да нығая беруіне атсалысуда. Үш жыл сайын өтіп тұратын саммитіне, cыртқы істер министрлерінің кеңесі жұмысына Қазақстан белсенді түрде қатысып келеді. Биыл ұйымның саммитін өткізуге Қазақстан мұрындық болатыны сөзсіз. Әрине, ондай саммит Астанада ма әлде басқа мемлекетте бола ма – ол маңызды емес, ең бастысы, соның тізгінін ұстайтын ел – Қазақ елі. Былтырғы тәжірибелер осы ұйымға да жарайды. Бұдан бөлек Қазақстан ислам әлемінің экономикалық форумын өткізбек ниетте. Дәл осы форум Астанада өтіп қалуы мүмкін.
– ЕҚЫҰ төрағалығындағы тәжірибемізді ИКҰ-ға пайдаланамыз деп айтып өттіңіз. Осы тұрғыдан алғанда, сіз ЕҚЫҰ-ның мұсылмандарды кемсіту және шеттетумен күрес жөніндегі жеке өкілі болдыңыз. Ендеше, Еуропа мен ислам өркениетін жақындастыруда Қазақстанның ұйым басшысы ретіндегі рөлі қандай болмақ?
– Рас, 2009 жылы Грекия ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасының мұсылмандарды кемсіту және шеттетумен күрес жөніндегі жеке өкілі ретінде тағайындап еді, былтыр мемлекетіміздің төрағалығында мандатым ұзартылды. Биылғы төраға Литва елі де қызметті ары қарай жалғастыру жөнінде өтініш жасады. Келісімімді бергенмін. Сұраққа келетін болсақ, соңғы жылдары, расында да, мұсылмандарды шеттетуге қатысты көп мәселе туындауда. Оған әртүрлі жағдайлар әсер етуде. Атап айтсақ, Батыс Еуропа мұсылмандар проблемасын иммигранттармен байланыстырады. Бұған негіз де жоқ емес. Мәселен, бір ғана Мароккодан жылына 1 млн мұсылман Батысқа ауады екен. Олай болмасқа да амал жоқ, жер аумағы кішкене ғана осы мемлекетте 85 миллионға тарта халық тұрады. Өзі орташа ауқатты саналатын елге осынша жұртты жұмыспен қамту да қиын шаруа болатыны түсінікті. Оның үстіне бір ғана Марокко емес, көптеген елден иммигранттар Еуропаға сіңіп жатыр. Ал Еуропа дәл осындай шапшаң жүріп жатқан үрдістен қатты іш тартып, болашағы үшін сескенеді. Яғни бір кездері өздері отарлаған елдерден шыққан иммигранттар легі кәрі құрлықтың ұйқысын бұзып, мазасын алуда. Бір кездегі өздері отарлаған елдер Еуропамен қарым-қатынасты шорт үзген жоқ. Қайта барған сайын ықпалдасып, «ауылдары араласып» барады. Еуропаның метрополиясына бұрынғы отарланған жұрт ағылып жатыр. Ал өзін өркениетті санайтын Еуропа осындай көші-қон легіне түгел жағдай жасай ала ма? Әрине, бұл – аса қиын шаруа. Осы тұрғыдан алғанда, адами құндылықтарға баса мән беретін кәрі құрлықтың тығырыққа тірелген жағдайы да сезілетіндей. Өйткені иммигранттарға құқық керек, баспана, тамақ, ішіп-жемнен бастап, білім мен денсаулыққа көңіл бөлініп, мәдениетін де, діні мен ділін де ұмытпауы керек. Соның бәрін игеріп, өзі қоныстанған мемлекеттің толыққанды азаматына сәйкестенуі үшін үлкен қаржы ғана емес, үлкен шыдам керек. Ал ондай шыдамның шегі кәрі құрлықта көрініп отыр. Оңшыл партиялар бас көтере бастады. Германияда, Австрияда, Швейцарияда, Англия мен Францияда да сондай көзқарастар баршылық. Бұрын Еуропаның негізгі ұстанымы қандай еді? Хельсинки қорытынды құжатына сәйкес, адам құқына, сөз бостандығына баса мән беріп, дін бостандығын терең дәріптейтін Еуропа енді дәл осы мәселеге келгенде «аяғын тартыңқырады». Олардың «бұлай кете берсе, көресіні демократиядан көретін шығармыз» деген қаупі және байқалады. Ал мұндай жағдайда, шынында да, иммигранттар мен мұсылмандар, расымен, кемсітушілікке ұшырайды. Қазақстанның ұстанымына келер болсақ, ЕҚЫҰ саммитінің Астана декларациясын қабылдаған соң өткен баспасөз мәслихатында Елбасы Н.Назарбаев пікірін ашық білдірді. Онда Президент геосаясатшылар арасындағы құлаққа сіңісті болған америкалық ғалым Самуэл Хантингтон негіздеген «өркениеттер қақтығысы» деген ұғыммен келіспейтінін айтып, былай деді: «Біреулер «өркениеттер қақтығысы» туралы айтады. Мен оған келіспеймін. Өйткені әлемдік христиан, ислам және иудаизм діндері бірегей дін тармақтарына жатады. Алла жіберген қасиетті кітаптардың ешқайсысында адам өлтіру, лаңкестікке үндеу туралы айтылмайды. Киелі кітаптар біздің әлемімізге өркениеттік қақтығыстар үшін емес, бейбітшілікті дәріптеу үшін жіберілді. Сондықтан да діни иерархияларға бір үстел басына отырып, ашық әрі әділ түрде осы мәселеде диалог жүргізетін кез келді». Біздің осыған дейінгі һәм бұдан кейінгі ұстанымымыз да осы болмақ. Кезінде Қазақстанға келген беделді дінбасы, Рим Папасы Иоанн Павел ІІ де дәл осы Елбасы айтқан пікірде болғаны анық. Ол бір сөзінде: «Діндер арасында айырмашылық бар, оған таңғалуға болмайды, алайда сол діндердің арасындағы ортақ құндылықтардың болғанына таңданған ләзім», – деген екен. Расымен, христиандар да, мұсылмандар да, иудаизм дініндегілер де бір Құдайға сенеді. Құдай жалғыз, бірақ оған апаратын жолдар мен ұстанымдар әрқалай. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өз өмірінде киелі кітаптарға тіл тигізбей, бәрін мойындап, пайғамбарларға да сенді. Киелі кітаптың Алладан екенін айтты. Дегенмен көп жағдайда бірлікке, бейбіт өмірге шақыратын сол киелі кітаптарды саясаткерлер біле бермейді. Сондықтан да «менің дінім сенікінен артықтау, біздің дініміз сенікінен күштілеу» дегенге саятын қыр көрсетулер орын алып тұр. Дінге байланысты бір-біріне қарсылық осыдан шығады. Әйтпесе сөз бостандығын желеу етіп, Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын жасайтын жөні жоқ еді Еуропаның! Солай жасау арқылы олар дінаралық өшпенділікті арттыра түсті. Бұрын болмаған құбылыс ретінде «ислам лаңкестігі», «ислам экстремизмі», «ислам фундаментализмі» деген тіркестерді тауып, соны дінге таңатындар шықты. Кейбір алпауыт елдің ішінде «Құранды жағамын» деп елді дүрліктіргендер де болды.
– Мұндай исламға қарсы үдерістің тереңдеп, қақтығыстарға айналмасы үшін не істеу, қандай саясат ұстану қажет деп ойлайсыз?
– Жер шарында мұсылманы жоқ ел жоқ. Сондықтан исламды терістейтін саясат жүргізген ел болса, өзі құрған қақпанға өзі түседі. АҚШ-тың діндер мен қоғам өмірін зерттейтін (Pew Forum on Relіgіon and Publіc Lіfe) агенттігінің есебінше, әлемдегі барша мұсылманның 60 пайызынан астамы Азияны мекендесе, 20 пайызы – Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада, 15 пайызы – Сахараның етегіндегі Африкада, 2,4 пайызы – Еуропада, 0,3 пайызы Америка құрлықтарына шашыраған. Саны жағынан Азия мұсылмандарынан біршама аз болғанымен, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка мұсылмандары сол аймақтардағы халықтардың басым көпшілігін құрайды. Керісінше, әлем мұсылмандарының бестен бірі, шамамен 317 миллионы мұсылман діні мүлде басымдыққа ие емес елдерде орналасқан. Атап айтсақ, Үндістанда – 161 миллион, Эфиопияда – 28 миллион, Қытайда – 22 миллион, Ресейде – 16 миллион. Ал Еуропада 38 миллион мұсылман бар. Осыған қарамастан, «Германия – тек немістер үшін», «Ресей – тек орыстар үшін», «Франция – тек француздар үшін» дей беретін болса, сондай ұран көтерген ел құрдымға бірінші кетеді. Көршілес елдерде болған дүрбелеңнің астарында саяси себептің болғандығын да дінбасылар айтты. Ендеше, бұл – өте сақтықты талап ететін, аса нәзік, ел келешегіне қауіп төндіретін мәселе. Сондықтан да ИКҰ-ға кіретін мемлекеттер жамандыққа жуымай, жақсылыққа ұмтылуы шарт. Ұйымның басты тірегі – осы.
– ИКҰ-ның саяси ұстанымындағы басты мәселе Палестина мен Израиль арасындағы текетіреске, палестиналықтардың жағдайына негізделетіні белгілі. Ендеше, ғасырларға ұласып жатқан араб-израиль қақтығысының түйінін шешетін мәселе не болмақшы? Пікіріңізді білсек...
– 1947 жылы БҰҰ-ның шешімімен екі мемлекет құрылуы тиіс болатын. Оның бірі құрылып, екіншісі құрылмай қалды. Соның салдарынан қазақ бітіспес дау ретінде айтатын «жер дауы» әлі күнге жалғасып келеді. Ал қақтығыстың түйінін тарқату мәселесіне келетін болсақ, адамзат баласы күшпен ештеңе тындыра алмайтынын мойындайтын уақыт жетті. Өзара түсіністік пен келісім ғана бейбіт реттеудің алғышарты бола алады. Мен ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасының жеке өкілі ретінде Вена қаласында ұйымның тұрақты кеңесінде дәл осы жайында баяндама жасап едім. Онда өзім аралап, танып-білген елдердегі мұсылмандардың жағдайы сөз болды. Араб-израиль мәселесін де еске салдым. Сондағы айтқан пікірімді қайталағым келеді. Жалпы, палестиналық арабтар мен еврейлердің бір-бірімен өлермен болып өштесетін, бітіспестей тіресетін жөні жоқ. Өйткені бұл екі ел – бір-бірімен тамырлас туыс, түп аталары – бір: Ибраһим пайғамбар. Оның Сара атты әйелі құрсақ көтермеген. Сол әйелдің өзі пайғамбарға мысырлық жалшы қызды қосады, одан Исмаил туады. Исмаилден бүкіл араб жұрты тараған. Ал тағы бір еврей қызымен некесінен Исаақ туды да, одан еврейлер тарады. Сондықтан да діні басқа екі жұрт – бір-біріне бауыр. Толып жатқан құндылықтарында ұқсастық қана емес, ортақтық бар. Мәселен, екеуінің жазуы да оңнан солға қарай жазылады, екеуі де ұлдарын сүндеттейді, екеуі де астың адалын ішіп, харамнан тыйылады. Түрлері де, тіпті тілдері де ұқсас. Арабтар – хамит тілінде, еврейлер семит тілінде сөйлейді, бұл да қазақ пен қырғыздың тілі секілді қатты ұқсас. Бірі «салам» десе, екіншісі «шолом» дейді. Бірақ бір кездері кеткен қателіктер ағайын жұрттың арасын екі айырып, бөлек арнаға бұрып, бір-біріне жау жасады. Ондағы басты себеп – бір әкеден туғанымен, бір анадан тумағандығында. Екінші мәселе, Мұхаммедке дейінгі пайғамбарлардың бәрі де еврей халқынан болса, соңғы пайғамбардың өздері менсінбейтін арабтан шығуын еврейлер де мойындамай қойды. Сондай оғаштықтардың болғанына қарамастан, ортақ құндылықтар жеткілікті. Ендеше, соны дәріптеуге баса мән берілсе игі.
– Кейінгі кездері дін бостандығын, мәдени құндылықтар мәселесін бірінші орынға қоятын Еуропа жүрісінен жаңыла бастағанға ұқсайды. Мешіт мұнарасына, киім кию еркіндігіне қатысты жасалған әрекеттер осыны көрсететіндей. Сіз қалай ойлайсыз, Еуропа, Америка секілді елдерде исламның жедел дамуына жол бермеуге тырысатын «көзге көрінбес» әрекеттер жүріп жатқан жоқ па?
– Рас, Еуропа мен АҚШ-та ислам дініне қатысты өте қате ұстаным бар. Мәселен, Батыстағы бірқатар саясаткер исламды дін емес, идеология деп ұғып, жұртты да сөйтіп сендіруге тырысады. Саясаткердің дінді кесапаты көп идеология деп түсінуі, сондай сауатсыздықтың салдары үлкен мәселе туындатып, жағдайды қиындатып жатқаны рас. Бұл – өте теріс ұғым. Әсіресе 2001 жылғы 11 қыркүйектегі АҚШ-та орын алған оқиғадан кейін әлгі қасіреттің бәрі «ислам террористеріне» таңылды. Осы оқиғадан кейін Батыстың исламға деген көзқарасы одан сайын күрт өзгерді, әсіресе Америка исламға жеккөрушілікпен ғана емес, өшпенділікпен қарай бастады. Мұсылман жанды сабап кету, мешітке шабуыл жасау, мектеп медресесіне өрт қою, ұйымдар үшін зекетті тоқтатып қою секілді шаралар төске өрледі. Еуропа да соның жетегінде кетті. Пайғамбарға келемеж суретті шығарған Данияның әрекетін астыртын қолдайтындар да байқалады. Дегенмен осы пиғылдың терістігін үлкен саясаттағылар бірте-бірте ұғынып келеді. Мәселен, АҚШ-ты алыңыз. Америка халқының қолдауы арқасында Барак Обама Президент болып сайланғанда мен Вашингтонда байқаушы болған едім. Содан кейінгі оның қадамын жіті бақылап келемін. Б.Обама президенттік қызметіне кіріскен соң, алғашқы шетелдік сапарын Каирден бастады, Сауд Арабиясына барды. Каирдегі әл-Азхар университетінде дәріс оқып, исламның әлемдік өркениетке қосқан үлесін мүше-мүшелеп, бақайшығына дейін айтты. Әсіресе ғылымға, оның ішінде математика, алгебра, геометрия секілді нақты ғылымдарда ислам өркениетінің ашқан жаңалықтарына тоқталып, соның бәрінен Еуропаның нәр алғанын алға тартты. Бұдан шығатын қорытынды не? Батыс та, АҚШ та өздерінің қателіктерін мойындап келе жатыр. Теріс саясат жүргізіп бағып еді, соның салдарынан үстемдікке емес, керісінше, қоздай түскен лаңкестікке тап болды. Терроризм күшейіп, фундаментализм нығайып кетті. Содан қаймықты. Каирдегі дәрісте Обама АҚШ-тың өзінде 7 миллионға тарта мұсылманның бар екендігін айтты. Ал Сауд Арабиясына сапарының түпкі мәні арасы ашылып, жігі шетінеп бара жатқан екі өркениетті бір-біріне жақындастыру болатын. Өзара түсіністік үшін біле білген адамға бұл – үлкен қадам.
Алашқа айтар датым...
Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген аталы сөз бар. Осы негізге сүйеніп, адам санасын тәрбиелеу керек. Оның ішінде біз жемқорлықты білмейтін, оны мүлдем ұнатпайтын жаңа адам тәрбиелеуіміз керек. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз де бар. Дәл осы «бесікті түзеуге» арналған халық даналығы – ұлттық идеологияның бірі. Оның астарында екі мағына жатыр. Біріншіден, қазақтың ұлан-ғайыр жерін басқару үшін адам санын арттыру керек. Яғни бесік үнемі тербеліп тұруы шарт. Бұл ретте «бос бесікті тербетпе» деген тыйым бар. Ендеше, бесік тербелуі үшін ішінде сәбиі жатуы тиіс. Екінші мағынасына келсек, баланы бесіктен бастап тәрбиеле дегенді білдіреді. Жаңа адамды тәрбиелегенде оның санасына тек жақсылықты ғана сіңіру керек.