Ислам конференциясы ұйымы Қазақстанның әлеуетін ғана емес, саясатын да сыйлайды

Ислам конференциясы ұйымы Қазақстанның әлеуетін ғана емес, саясатын да сыйлайды

Әділ АХМЕТОВ, сенатор:

– Былтыр Еуропаның күре­та­мыры са­налатын салмақты ұйым ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен Қазақстан биыл Ислам конференциясы ұйымының тізгінін қолға алады. Осыған байланысты сіз­дің пікіріңізді білсек...
– Дүниедегі халықаралық ұйымдардың ау­қымы жағынан келетін болсақ, БҰҰ-дан кейін тұрған ең ірі ұйым – Ислам кон­фе­рен­циясы ұйымы, содан кейінгі орында былтыр Қазақстан төрағалық еткен ЕҚЫҰ тұр. ИКҰ-ның мақсатына тоқталмас бұрын оның әлеуетіне, сондай-ақ мүше мем­ле­кет­тердің әр бағыттағы мүмкіндіктеріне назар аударсақ. Ұйымға Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Америка құрлық­тарынан 57 мем­лекет мүше болса, бұдан бөлек бақылаушы мәртебесіндегі бес ел мен бес халық­аралық ұйым тағы бар. Алпауыт ұйымның мемлекеттеріндегі ха­лық­тардың жалпы саны 1,5 миллиардты құраса, сол мү­ше елдер Жер шарының алтыдан бір бө­лігін, яғни 32,4 млн шаршы шақырымды иемденеді. ИКҰ-ға кіретін елдер әлемдік байлықтың үлкен көрсет­кі­ші­не де ие, олар­дың үлесінде әлемдік бай­лықтың 65 пайы­зы бар. Бұл – аса зор көр­сет­кіш. Әсіресе ИКҰ-ға мүше елдердің энер­гетикалық көздері, табиғи байлық қорлары аса үлкен. Әлемде өндірілетін шикізаттың 45 пайызы – осы ұйымға қаты­су­шы елдердің үлесінде. Бір ғана Сауд Арабиясындағы, әмірлік­тер­дегі мұнай мен газдың байлығын алып қараңыз, оны сыртында Қазақстанның да энер­гетикалық қоры мол. Бірқатар мәлі­мет­ке сүйенсек, 2009 жылы ұйымға мүше елдердің жалпы ішкі өнімі 7,5 трлн долларды құраған. Де­ген­мен мәселе тек байлықта ғана емес. Өйт­кені ұйымға кіретін мұсылман елдері өздеріне бұйырған жер байлығын, эко­но­ми­калық мүмкіндіктерін өздерімен әріптес мұсылман елдердің дамуына дұрыс­тап пайдалануды мақсат тұтады. Ұйымға мүше мемлекеттердің 12-сі кедей елдер са­натына жататынын ескер­сек, қалған ауқатты мем­ле­кеттер солардың дамуына мүдделілік танытады. Яғни Ислам конференциясы ұйымына кіретін елдердің ауқаттысы ке­дей­­лерге көмектеседі, оларға демеу көр­сетіп, дамуын ілгерілету үшін қол ұшын бе­реді. Мұны шариғат негізіндегі зекет деп қа­растырған ләзім. Яғни өзіңде барды жағ­дайы төмен елмен бөлісу ниеті деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, ұйымның келе­шегі зор. Он жылдық бағдарлама аясын­­да ұйым­ға мүше елдердің ішкі өзара сау­да­сы­ның деңгейін қазіргі 16 пайыздан 20 пайыз­ға дейін арттыру мақсаты қойы­лады. Ислам қағидаттарын басшы­лыққа алатын осы елдерде өсімқорлық, харам сауда аты­мен жоқ, басты қағидат – таза сауда. Ен­деше, таза ниетпен, таза мақсатпен жұмыс істегенге ұйымның берері мол. Екінші­ден, ұйым ешқандай дауға ара­лас­пайды, күрмеуі қиын мәселелерді бей­біт жолмен шешуге ұмтылады. Эконо­микалық мәсе­ле­лерді алға қойғанымен, бөтеннің бай­лы­ғына сұқтан­бай­тын, өзінде барды жаратып, да­му жағы­нан басқаны жете­лей­тін таза ұйым.
– Ұйымға төрағалықтағы  Қазақ­стан­­ның ұстанымы айқындалды ма?
– Әлбетте, Тәуелсіздіктен бері өзін бей­біт сүйгіш мемлекет ретінде бар қырынан танытып келе жатқан Қазақ­станның ИКҰ-ға жетекшілік етудегі ұстанымы айқын, төр­аға­лық тәжірибесі де баршылық. Былтыр ЕҚЫҰ төрағалығынан да шыңдала түстік. Оның үстіне екі ұйымның мақсат-міндеттері бір-бірінен соншалықты алшақ емес. Мәселен, ЕҚЫҰ-ның негізгі үш өлшемі – әске­ри-саяси, экономикалық-экологиялық, адами өлшемдері қауіпсіздікке негізделсе, баршаны бейбітшілікке үндейтін ИКҰ да – әлемдегі қауіпсіздікті күшейтуге атсалы­са­тын, әсіресе экономикалық һәм адами даму саласындағы қауіпсіздікке мән бере­тін, оның ішінде дін бостандығын бірінші орын­ға қоятын ұйым. ЕҚЫҰ үш өлшемнің қауіпсіздігін бірінші орында ұстайды, ал ИКҰ әскери мәселеге соншалықты жуы­мағанымен, экономикалық қауіпсіздікті ал­ға қояды. Бұдан бөлек ИКҰ мұсылман мемлекеттерін біріктіретін форум бол­ған­дықтан, оны шариғат негіздеріне мән бере отырып, иманжүзділікті ту етіп, тектілікке дәріптейтін ұйым десе болады. Қаржы мәселесінде ислам банкіне, өсімқорлықтан ада банктерге сүйенеді, тазалыққа, оның ішінде сана тазалығына шақырады. 1995 жыл­дан бері ИКҰ-ның мүшесі ретінде Қазақстан бұл ұйымның іс-шараларына белсене араласып, оның әлемдік қоғам­дас­тық алдындағы беделінің өсуі мен ислам әлемінің абыройлы форумы ретінде бұдан былай да нығая беруіне атсалысуда. Үш жыл сайын өтіп тұратын саммитіне, cырт­қы істер министрлерінің кеңесі жұмы­сы­на Қазақстан белсенді түрде қатысып келеді. Биыл ұйымның саммитін өткізуге Қазақстан мұрындық болатыны сөзсіз. Әрине, ондай саммит Астанада ма әлде бас­қа мемлекетте бола ма – ол маңызды емес, ең бастысы, соның тізгінін ұстайтын ел – Қазақ елі. Былтырғы тәжірибелер осы ұйым­ға да жарайды. Бұдан бөлек Қазақстан ислам әлемінің экономикалық форумын өткізбек ниетте. Дәл осы форум Астанада өтіп қалуы мүмкін.
– ЕҚЫҰ төрағалығындағы тәжірибе­міз­ді ИКҰ-ға пайдаланамыз деп айтып өттіңіз. Осы тұрғыдан алғанда, сіз ЕҚЫҰ-ның мұсылмандарды кемсіту және шеттетумен күрес жөніндегі жеке өкілі болдыңыз. Ендеше, Еуропа мен ислам өркениетін жақындастыруда Қазақ­стан­ның ұйым басшысы ретіндегі рөлі қандай болмақ?
– Рас, 2009 жылы Грекия ЕҚЫҰ-ның іс ба­сындағы төрағасының мұсылмандарды кемсіту және шеттетумен күрес жөніндегі жеке өкілі ретінде тағайындап еді, былтыр мемлекетіміздің төрағалығында мандатым ұзартылды. Биылғы төраға Литва елі де қызметті ары қарай жалғастыру жөнінде өтініш жасады. Келісімімді бергенмін. Сұрақ­қа келетін болсақ, соңғы жылдары, ра­сында да, мұсылмандарды шеттетуге қа­тыс­ты көп мәселе туындауда. Оған әртүрлі жағдайлар әсер етуде. Атап айтсақ, Батыс Еуропа мұсылмандар проблемасын им­ми­грант­тармен байланыстырады. Бұған негіз де жоқ емес. Мәселен, бір ғана Мароккодан жылына 1 млн мұсылман Батысқа ауады екен. Олай болмасқа да амал жоқ, жер аумағы кішкене ғана осы мемлекетте 85 миллионға тарта халық тұрады. Өзі орташа ауқатты саналатын елге осынша жұртты жұмыспен қамту да қиын шаруа болатыны түсінікті. Оның үстіне бір ғана Марокко емес, көптеген елден иммигранттар Еуро­па­ға сіңіп жатыр. Ал Еуропа дәл осындай шапшаң жүріп жатқан үрдістен қатты іш тартып, болашағы үшін сескенеді. Яғни бір кездері өздері отарлаған елдерден шыққан иммигранттар легі кәрі құрлықтың ұйқысын бұзып, мазасын алуда. Бір кездегі өздері отарлаған елдер Еуропамен қарым-қаты­нас­ты шорт үзген жоқ. Қайта барған сайын ықпалдасып, «ауылдары араласып» бара­ды. Еуропаның метрополиясына бұрынғы отар­ланған жұрт ағылып жатыр. Ал өзін өркениетті санайтын Еуропа осындай көші-қон легіне түгел жағдай жасай ала ма? Әрине, бұл – аса қиын шаруа. Осы тұрғыдан алғанда, адами құндылықтарға баса мән беретін кәрі құрлықтың тығырыққа тірелген жағдайы да сезілетіндей. Өйткені им­ми­гранттарға құқық керек, баспана, тамақ, ішіп-жемнен бастап, білім мен денсаулыққа көңіл бөлініп, мәдениетін де, діні мен ділін де ұмытпауы керек. Соның бәрін игеріп, өзі қоныстанған мемлекеттің толыққанды аза­ма­тына сәйкестенуі үшін үлкен қаржы ғана емес, үлкен шыдам керек. Ал ондай шы­дам­ның шегі кәрі құрлықта көрініп отыр. Оңшыл партиялар бас көтере бастады. Германияда, Австрияда, Швейцарияда, Англия мен Францияда да сондай көз­қа­рас­тар баршылық. Бұрын Еуропаның негізгі ұстанымы қандай еді? Хельсинки қоры­тын­ды құжатына сәйкес, адам құқына, сөз бос­тан­дығына баса мән беріп, дін бостандығын терең дәріптейтін Еуропа енді дәл осы мәселеге келгенде «аяғын тартыңқырады». Олардың «бұлай кете берсе, көресіні демократиядан көретін шығармыз» деген қаупі және байқалады. Ал мұндай жағдай­да, шынында да, иммигранттар мен мұ­сыл­мандар, расымен, кемсітушілікке ұшы­райды. Қазақстанның ұстанымына келер болсақ, ЕҚЫҰ саммитінің Астана дек­ла­рациясын қабылдаған соң өткен баспасөз мәслихатында Елбасы Н.Назарбаев пікірін ашық білдірді. Онда Президент геосая­сат­шы­лар арасындағы құлаққа сіңісті болған америкалық ғалым Самуэл Хантингтон негіздеген «өркениеттер қақтығысы» деген ұғыммен келіспейтінін айтып, былай деді: «Біреулер «өркениеттер қақтығысы» ту­ра­лы айтады. Мен оған келіспеймін. Өйткені әлемдік христиан, ислам және иудаизм діндері бірегей дін тармақтарына жатады. Алла жіберген қасиетті кітаптардың ешқай­сысында адам өлтіру, лаңкестікке үндеу туралы айтылмайды. Киелі кітаптар біздің әлемімізге өркениеттік қақтығыстар үшін емес, бейбітшілікті дәріптеу үшін жіберілді. Сондықтан да діни иерархияларға бір үстел басына отырып, ашық әрі әділ түр­де осы мәселеде диалог жүргізетін кез кел­ді». Біздің осыған дейінгі һәм бұдан кейінгі ұстанымымыз да осы болмақ. Кезінде Қазақ­­стан­ға келген беделді дінбасы, Рим Папасы Иоанн Павел ІІ де дәл осы Елбасы айтқан пікірде болғаны анық. Ол бір сөзінде: «Дін­дер арасында айырмашылық бар, оған таңғалуға болмайды, алайда сол діндердің арасындағы ортақ құнды­лық­тар­дың болға­ны­на таңданған ләзім», – деген екен. Расы­мен, христиандар да, мұсыл­ман­дар да, иудаизм дініндегілер де бір Құдайға сенеді. Құдай жалғыз, бірақ оған апаратын жолдар мен ұстанымдар әрқалай. Мұхаммед пай­ғамбар (с.ғ.с.) өз өмірінде киелі кітаптарға тіл тигізбей, бәрін мойын­дап, пай­ғам­бар­лар­ға да сенді. Киелі кітап­тың Алладан екенін айтты. Дегенмен көп жағдайда бір­лікке, бейбіт өмірге ша­қы­ратын сол киелі кітаптарды саясат­кер­лер біле бермейді. Сондықтан да «менің дінім сенікінен артықтау, біздің дініміз сенікінен күштілеу» дегенге саятын қыр көрсетулер орын алып тұр. Дінге байланысты бір-бірі­не қарсылық осыдан шығады. Әйтпесе сөз бостандығын желеу етіп, Мұхаммед пай­ғам­бардың карикатурасын жасайтын жөні жоқ еді Еуропаның! Солай жасау арқылы олар дінаралық өшпенділікті арттыра түсті. Бұрын болмаған құбылыс ретінде «ислам лаңкестігі», «ислам экстремизмі», «ислам фун­даментализмі» деген тіркестерді тауып, соны дінге таңатындар шықты. Кейбір алпауыт елдің ішінде «Құранды жағамын» деп елді дүрліктіргендер де болды.
– Мұндай исламға қарсы үдерістің тереңдеп, қақтығыстарға айналмасы үшін не істеу, қандай саясат ұстану қажет деп ойлайсыз?
– Жер шарында мұсылманы жоқ ел жоқ. Сондықтан исламды терістейтін саясат жүргізген ел болса, өзі құрған қақпанға өзі түседі. АҚШ-тың діндер мен қоғам өмірін зерттейтін (Pew Forum on Relіgіon and Publіc Lіfe) агенттігінің есебінше, әлемдегі барша мұсылманның 60 пайызынан астамы Азияны мекендесе, 20 пайызы – Таяу Шы­ғыс пен Солтүстік Африкада, 15 пайызы – Саха­раның етегіндегі Африкада, 2,4 пайы­зы – Еуропада, 0,3 пайызы Америка құрлықтарына шашыраған. Саны жағынан Азия мұсылмандарынан біршама аз бол­ғанымен, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка мұсылмандары сол аймақтардағы халық­тар­дың басым көпшілігін құрайды. Кері­сін­ше, әлем мұсылмандарының бестен бірі, шамамен 317 миллионы мұсылман діні мүлде басымдыққа ие емес елдерде орна­лас­қан. Атап айтсақ, Үндістанда – 161 миллион, Эфиопияда – 28 миллион, Қы­тай­да – 22 миллион, Ресейде – 16 мил­лион. Ал Еуропада 38 миллион мұсылман бар. Осыған қарамастан, «Германия – тек немістер үшін», «Ресей – тек орыстар үшін», «Франция – тек француздар үшін» дей бере­­тін болса, сондай ұран көтерген ел құр­дым­ға бірінші кетеді. Көршілес елдерде болған дүрбелеңнің астарында саяси себептің бол­ғандығын да дінбасылар айтты. Енде­ше, бұл – өте сақтықты талап ететін, аса нә­зік, ел келешегіне қауіп төн­ді­ретін мәсе­ле. Сондықтан да ИКҰ-ға кіретін мем­ле­кет­тер жамандыққа жуымай, жақ­сы­лыққа ұмтылуы шарт. Ұйымның басты тірегі – осы.
– ИКҰ-ның саяси ұстанымындағы бас­ты мәселе Палестина мен Израиль ара­сындағы текетіреске, палес­ти­на­лықтардың жағдайына негіз­делетіні белгілі. Ендеше, ғасырларға ұласып жатқан араб-израиль қақтығысының түйінін шешетін мәселе не болмақшы? Пікіріңізді білсек...
– 1947 жылы БҰҰ-ның шешімімен екі мемлекет құрылуы тиіс болатын. Оның бірі құрылып, екіншісі құрылмай қалды. Соның салдарынан қазақ бітіспес дау ретінде айтатын «жер дауы» әлі күнге жалғасып келе­ді. Ал қақтығыстың түйінін тарқату мәселесіне келетін болсақ, адамзат баласы күшпен ештеңе тындыра алмайтынын мойындайтын уақыт жетті. Өзара түсіністік пен келісім ғана бейбіт реттеудің алғышарты бола алады. Мен ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасының жеке өкілі ретінде Вена қала­сында ұйымның тұрақты кеңесінде дәл осы жайында баяндама жасап едім. Онда өзім аралап, танып-білген елдердегі мұсыл­ман­дардың жағдайы сөз болды. Араб-израиль мәселесін де еске салдым. Сондағы айтқан пікірімді қайталағым келеді. Жалпы, палес­ти­на­лық арабтар мен еврейлердің бір-бірі­мен өлермен болып өштесетін, бітіспестей тіре­сетін жөні жоқ. Өйткені бұл екі ел – бір-бірімен тамырлас туыс, түп аталары – бір:  Ибраһим пайғамбар. Оның Сара атты әйелі құрсақ көтермеген. Сол әйелдің өзі пайғам­барға мысырлық жалшы қызды қосады, одан Исмаил туады. Исмаилден бүкіл араб жұр­ты тараған. Ал тағы бір еврей қызымен некесінен Исаақ туды да, одан еврейлер тарады. Сондықтан да діні басқа екі жұрт – бір-біріне бауыр. Толып жатқан құнды­лық­тарында ұқсастық қана емес, ортақтық бар. Мәселен, екеуінің жазуы да оңнан солға қарай жазылады, екеуі де ұлдарын сүндеттейді, екеуі де астың адалын ішіп, харамнан тыйылады. Түрлері де, тіпті тіл­дері де ұқсас. Арабтар – хамит тілінде, еврейлер семит тілінде сөйлейді, бұл да қазақ пен қырғыздың тілі секілді қатты ұқсас. Бірі «салам» десе, екіншісі «шолом» дейді. Бірақ бір кездері кеткен қателіктер ағайын жұрттың арасын екі айырып, бөлек арнаға бұрып, бір-біріне жау жасады. Он­дағы басты себеп – бір әкеден туға­ны­мен, бір анадан тумағандығында. Екінші мәселе, Мұхаммедке дейінгі пайғамбарлардың бә­рі де еврей халқынан болса, соңғы пай­ғам­бардың өздері менсінбейтін арабтан шы­ғуын еврейлер де мойындамай қойды. Сон­дай оғаштықтардың болғанына қара­мас­­тан, ортақ құндылықтар жеткілікті. Ен­де­­ше, соны дәріптеуге баса мән берілсе игі.
– Кейінгі кездері дін бостандығын, мәдени құндылықтар мәселесін бірінші орынға қоятын Еуропа жүрісінен жаңы­ла бастағанға ұқсайды. Мешіт мұна­ра­сы­на, киім кию еркіндігіне қатысты жа­сал­ған әрекеттер осыны көрсе­те­тін­дей. Сіз қалай ойлайсыз, Еуропа, Аме­рика се­кілді елдерде исламның жедел да­муына жол бермеуге тырысатын «көзге кө­рінбес» әрекеттер жүріп жат­қан жоқ па?
– Рас, Еуропа мен АҚШ-та ислам дініне қатысты өте қате ұстаным бар. Мәселен, Батыстағы бірқатар саясаткер исламды дін емес, идеология деп ұғып, жұртты да сөйтіп сендіруге тырысады. Саясаткердің дінді кесапаты көп идеология деп түсінуі, сондай сауатсыздықтың салдары үлкен мәселе туындатып, жағдайды қиындатып жатқаны рас. Бұл – өте теріс ұғым. Әсіресе 2001 жыл­ғы 11 қыркүйектегі АҚШ-та орын ал­ған оқиғадан кейін әлгі қасіреттің бәрі «ис­лам террористеріне» таңылды. Осы оқи­ғадан кейін Батыстың исламға деген көзқарасы одан сайын күрт өзгерді, әсіресе Америка исламға жеккөрушілікпен ғана емес, өшпенділікпен қарай бастады. Мұ­сылман жанды сабап кету, мешітке шабуыл жасау, мектеп медресесіне өрт қою, ұйым­дар үшін зекетті тоқтатып қою секілді шаралар төске өрледі. Еуропа да соның жетегінде кетті. Пайғамбарға келе­меж сурет­ті шығарған Данияның әрекетін астыр­тын қолдайтындар да байқалады. Дегенмен осы пиғылдың терістігін үлкен саясаттағылар бірте-бірте ұғынып келеді. Мәселен, АҚШ-ты алыңыз. Америка халқының қолдауы арқасында Барак Обама Президент болып сайланғанда мен Вашингтонда байқаушы болған едім. Содан кейінгі оның қадамын жіті бақылап келемін. Б.Обама президенттік қызметіне кіріскен соң, алғашқы шетелдік сапарын Каирден бастады, Сауд Арабиясына барды. Каирдегі әл-Азхар университетінде дәріс оқып, исламның әлемдік өркениетке қос­қан үлесін мүше-мүшелеп, бақай­шы­ғы­на дейін айтты. Әсіресе ғылымға, оның ішінде математика, алгебра, геометрия секілді нақты ғылымдарда ислам өркениетінің ашқан жаңалықтарына тоқталып, соның бәрінен Еуропаның нәр алғанын алға тартты. Бұдан шығатын қорытынды не? Батыс та, АҚШ та өздерінің қателіктерін мойындап келе жатыр. Теріс саясат жүргізіп бағып еді, соның салдарынан үстемдікке емес, керісінше, қоздай түскен лаңкестікке тап болды. Терроризм күшейіп, фунда­мен­та­лизм нығайып кетті. Содан қаймықты. Каир­дегі дәрісте Обама АҚШ-тың өзінде 7 миллионға тарта мұсылманның бар екендігін айтты. Ал Сауд Арабиясына сапа­ры­ның түпкі мәні арасы ашылып, жігі ше­тінеп бара жатқан екі өркениетті бір-біріне жақындастыру болатын. Өзара түсіністік үшін біле білген адамға бұл – үлкен қа­дам.

Алашқа айтар датым...
Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген аталы сөз бар. Осы негізге сүйе­ніп, адам санасын тәрбиелеу керек. Оның ішінде біз жемқорлықты білмейтін, оны мүлдем ұнатпайтын жаңа адам тәрбиелеуіміз керек. «Ел боламын десең, бе­сігіңді түзе» деген сөз де бар. Дәл осы «бесікті түзеуге» арналған халық да­­налығы – ұлттық идеологияның бірі. Оның астарында екі мағына жатыр. Біріншіден, қазақтың ұлан-ғайыр жерін басқару үшін адам санын арттыру керек. Яғни бесік үнемі тербеліп тұруы шарт. Бұл ретте «бос бесікті тербетпе» деген тыйым бар. Ендеше, бесік тербелуі үшін ішінде сәбиі жатуы тиіс. Екінші ма­ғынасына келсек, баланы бесіктен бастап тәрбиеле дегенді білдіреді. Жаңа адам­ды тәрбиелегенде оның санасына тек жақсылықты ғана сіңіру керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста