Интеллигенция ұлттың ар-намысы, ақыл-ойы деген статусынан айырылып қалды

Интеллигенция ұлттың ар-намысы, ақыл-ойы деген статусынан айырылып қалды

Тыныштық ҚАЛДЫБАЕВА, әлеуметтану ғылымының докторы, профессор:

– Тыныштық Жұмәділқызы, сіз әлеу­меттану саласын бес саусағыңыздай біле­тін, бүге-шігесіне дейін зерттеп жүр­ген мамансыз. Педагогика, саясат бар­лығына зерттеу жасап, қалам тербеген ғалымсыз. Сондықтан бүгін өзіңізбен көкжиегі кең әңгіме қозғасақ. Әуелі сөзімізді отбасынан бастайық, өйткені ол мемлекеттің шағын моделі ғой. Қазір біздің қоғамда отбасын құрудың да, оған деген көзқарас, жалпы, неке, ұрпақ дегенге қатысты ой-пікіріміз бен өмір сүру тәсіліміз де қазақы қалыптан мүлдем өзгеріп кеткендей. Осының себебіне, түп-тамырына үңілейікші...
– Осыдан 20-30 жыл бұрын батыс елде­рінде «отбасы институты құлдырады, оны құтқару керек» деп дабыл қағылды. Неге? Себебі оларда азаматтық неке деген өмірге келді де, бірден заңды неке керек болмай қалды. Ал азаматтық некенің заң алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ. Демек, жауапкершілік дегеннен онсыз да қашатын адамдар үшін бұл бір рахат. Оның сыртында біржынысты адамдардың отбасын құруы еш сөкеттігі жоқ, қалыпты құбылысқа айналғаны тағы бар. Ал бұл дәстүрлі отбасы, ерлі-зайыптылар байланысына мүлдем қарама-қайшы нәрсе ғой. Енді өзіңіз ойлаңыз, бірдей жыныстағы екі адамнан қалай бала туылады? Яғни бұл моральдық жағынан, ұйымдық жағынан, демографиялық жағынан, қоғам болашағы тұрғысынан барынша регресс! Құлдырау!  Алайда, өкінішке қарай, «Ау, адам­дар, бұл азғындық қой, ақылға келсең­дерші» дейтін біреу табылса етті. Қой деу былай тұрсын, қазір біздің жас­тары­мызды пікір­таласқа тартсаң, жартысынан көбі азаматтық некені жақтайтынына көзім жетеді. Содан кейін біржыныстылардың шаңырақ құруы көршіміз Ресейде ашық жүзеге асып жатыр, бізде де бетке шықпағанымен, сәл ыңғай берсе, кет әрі еместер саны көбейіп келеді. Оның сыртында жаһанданудың тағы бір теріс ықпалы – нарықтық қатынас жағдайын бетке алған ашкөз қоғам қыз балаларға өте қатты дұшпандыққа көшті. Қыз бала қазір тауарға айналды. Неғұрлым әдемі, жас болған сайын қымбат. Жезөкшелік деген бүгінде баяғыдай көшеде ашық тұратын жабайы бейнеде емес, қайта ол кез күресуге оңай еді ғой, ең қауіптісі сол – бүгінде ол көлеңкелі экономиканың ең түсімі мол құралына айналды. Қазақстан маңайындағы елдердің арасында да тіпті осы бір «тауар» түріне қатысты трансэкономикалық байланыс қалыптасқан. Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында қайта оған үрке қарап, тағылық құбылыс деп санасақ, қазір бұған етіміз үйреніп алған сияқты. Ал, шын мәнінде, сол «қымбат тауар» ол – өз қыздарымыз ғой, сырттан келген ешкім жоқ. Соңғы статистика бойынша, бойжеткендердің 14 пайызы, жігіттердің 12-13 пайызы бедеу көрінеді. Кеш үйленетіндер өз алдына. Бұл да сол жаһанданудың біз секілді дамушы елдерге салып жатқан кері тежеу, қастық жоспары деуге болады. Адамгершілікпен келісе қоймайтын бизнестің қоғамға қарсы әрекеті біздің жастарымызды осылай өте үлкен қатерге апарып отыр. Қазірдің өзінде орны толмас өкінішке ұрынып үлгерген жайымыз да жоқ емес. Яғни біз осылайша өз қыздары­мызды қорлап жатырмыз.
– Сөзіңіз аузыңызда, расында, қазір «бәлен жердің аруы» деп келе­тін байқаулардың  байшы­кештерге тоқал іздеу үшін жарияланған «мәдени» кастингі деген де дәйектер жоқ емес. Болмаса шоу-бизнесте дауысы керемет болмаса да, түр-келбеті, сыр-сымбаты сұлу қыздар­дың қаптауы сіз айтқан «көлеңкелі экономикаға» меңзейтіндей. Бұдан қалай шығуға болады, қайтсек қыздары­мызды бұл елігуден бас тарттырып, ақиқатқа көзін жеткізе аламыз?
– Бұл – қазір қоғам болып қолға алуды қа­жет ететін, біліктілер бас қосып, бір шешім шығарғанын күтіп жатқан үлкен мәселе. Себебі біз оған бір кездері экономикалық жағдайымыз әлдеқайда әлсіз, тұрмысымыз қиын заманда жол беріп қойған болатынбыз. Сол тұста тұрмыстан таршылық көрген ха­лықта не ақша табу керек, не отбасын құру керек деген екеудің бірін ғана таңдаудан басқа жол жоқ еді. Себебі жұмысы болмаса, үйге бір жерден кіріс кіріп тұрмаса, қалай күн көреді, қалай бала бағады? Соның салдары тамырланып кетті. Депутаттарымыз да «От­басы және неке туралы» Заңға екінші отбасын құру туралы өзгеріс енгізуді бірнеше рет көтерді ғой. Бірақ көпшілік оны қолдамады. Неге қолдамады, неден қорықты? Біріншіден, заңдастырса, әуестенушілер шектен тыс көбейіп кетуі мүмкін деп қорықты. Ал оған әуестенген ердің барлығының бірдей әлеуметтік жағдайы көтере ме, көтермесе екі жақты жылатып ала ма? Бірақ отбасын құрмай, өз жартысын таба алмай жүрген 25-тен асқан қыздар өте көп. Біздің жас кезімізде әртүрлі оқу орындарында кешкі уақыттарда түрлі кештер өтетін, жастар бір-бірімен таныс­сын деген мақсатпен, тегін. Расында, соның септігі ме, әлде тәрбие ме, жастардың дені оқу бітіргенше отбасылы болып, бір топ, бір факультет не бір оқу орны жастарының көбі бір-бірімен үйленіп кететін. Ал қазір ақысыз бір жерге бас сұғу қиын. Қолың қалт етсе, аяғың бір қадам басса – ақша. Сол кез­дегідей жастармен жүргізілетін тегін шаралар жоқтың қасы қазір. Педагогикалық оқу орын­дарында – қыздар, инженерлік оқуларда жігіттер көп, соларды байла­ныстыруға құрылған қандай арнайы бағдарлама бар қазір, айтыңызшы?
– Тыныштық апай, сіз ең алғаш қазақ әлеуметтану ғылымында «ауыл әлеумет­тануы», «бала әлеуметтануы» деген ұғымдарды бөлек қарастыруды енгізген екенсіз. Оған не түрткі болды?
– Қазір жастар саясаты деген ұғым кең дамып кетті. Бірақ оның үлкен қателігі бар. Оның қателігі сол –18 бен 29-жас аралығын­дағыларды ғана қамтитындығында. Ал балалық шақ пен жасөспірімдік кезең оның сыртында қалып қойған. Сонда 18-ге толған жас аспаннан түсті ме, жерден шықты ма? Жоқ, әрине, бүгінгі жас – балалық пен жас­өспірімдік шақтың нәтижесі. Егер сол бала кез бен жасөспірім кезеңнің дамуы дұрыс болса ғана бүгінгі жас дұрыс, керісінше болса, бұрыс! Сондықтан да жастар саясаты жаңа туған баладан, тіпті бала туылмай тұрып іштегі кезден, яғни жас отбасы құрылған кезеңнен бастау алса, сол дұрыс болар еді. Ал бізде пышақпен кескендей, үзіп тастайды. Бұл – өрескел қателік. Біз ғылыми ортада бұл мәселені талқылап жүрміз, бірақ шамасы саясаткерлер мен тізгін ұстағандардың құлағына жетпейді-ау сол... Бірақ бір тәубе дерлігі, мектеп жасына дейінгі бүлдіршін­дердің балабақшасы деген мәселе жақсарып келеді. Әрине, әлі көп нәрсе жасалуы керек, бірақ көзқарас түзелді. Ал енді неге «бала әлеуметтануы» деп бөліп алып зерттеді дейсіз ғой? 1989 жылы елімізде балалардың 52 пайызы балабақшаға баратын болса, артынша Тәуелсіздік келді де, алғашқы қиындықтар басталды. Экономика түбегейлі өзгеріп, жекешелендіру басталып, бала­бақша­лар шетінен жеке адамдардың иелігіне өтіп кетті. Көбісі қиратылды. Біздің қаншама балаларымыз тәрбие ошағынсыз далада қалды. Содан 1997 жылғы санақ бойынша, балалардың небары 10-ақ пайызы балабақ­шаға баратын болды. Тіпті артта қалған деген Африка елдерінің өзі сол кезде бізден озып кетті. Бала туу сол он жылда 4,5 есеге қысқарды. Оларды да түсінуге болады, себебі баласын қалай асырап, қайда апарып тәрбиелерін білмеді. Өйткені таңдау керек болды – не жұмыс, не бала.
– Бұл әлі күнге дейін үлкен мәселе ғой. Осы ретте сұрайын дегенім, баланы жалпы балабақша тәрбиелегені дұрыс па әлде әжесі немесе бала бағушылар ма?
– Тәрбиеге осылардың бәрі де қатысуы керек. Біріншіден, ата-анасы, сонан соң әже мен ата, сосын бала күтуші мен балабақша. Өкінішке қарай, қазір барлық баланың ата мен әжесі жоқ, болған күнде де олардың көбінен даналық түгіл саналылықтың ізін де таба алмай қалдық. Сол себепті де балалар бақшасы керек, ол – бір. Балабақшаны керек деуімнің  тағы бір себебі – қазіргі қоғам­ның балаға қоятын талабы өте жоғары. ХХІ ғасыр азаматына керек әлемдік талаптарды барлық отбасы бірдей бере алмайды. Тіпті тамақ пен киімнің өзін, сосын балабақша ақысын әрең тауып жүрген отбасылар бар, оларға не деп сын тағып, нені талап етесің? Ендеше, еліміздегі балалардың басым бөлігі отбасы мен балалар бақшасының үйлесім­ділігіне зәру деп айтқанымыз орынды.
– Былтырғы жылы балалар үшін, жалпы, ұлтымыз үшін үдеріс туғызған бір жайт – педофилдік мәселесі. Бұрын есігін құлыптау дегенді білмейтін, баласын көршісіне сеніп, ағайынға тапсырып жүретін қазақтың санасына ешқандай күдік пен бәле кіріп көрмеп еді. Кенет періштедей балаға ауыз салушы азғындар қаулай жөнелді. Бұл өзі дерт пе, гендік құбылыс па, болмаса әлеу­меттік астары бар мәселе ме? Қоғамда оның қозғаушы, қоздырушы күші не болуы мүмкін?
– Біріншіден, ол бізге сол батыстық фильмдерден, түрлі туындылардан келді. Ашық қоғамда өмір сүреміз, демократия дегенді басты құндылық дейміз, деп, өзіміз соның қай жолымен жүрерімізді білмей, адасып қалдық. Мысалы, қазір Алматыда «сексшоп» деген дүкендер қаптап кетті. Мен зерттеуші ретінде сол орындарға әдейі барып көрдім, себебі ол жерге кімдер баратынын білгім келді. Шошы­дым, барлығы дерлік өрімдей жас балалар. Ендеше, ол жерге кіп-кішкентай баланы не жетелеп апарады? Ол неге арсыздыққа әуестенеді? Себебі оның санасына жыныстық құмарлық еніп алған. Бұл – бизнес. Оны ашық айтуымыз керек, себебі «ауруын жасырған өледі» деген. Ол әлемде әбден тамырланып алған және жоғары деңгейдегі даму шегіне жеткен. Қазір әлемде жыныстық қанау кең етек алған.
1998 жылы Стокгольм қаласында бала­лар мен жастарды жыныстық қанаудан қорғау тақырыбында дүниежүзілік конфе­ренция өтті. Сондағы келтірілген цифрларға қарауға көзіңіз ұялады. Сонда тек посткеңестік елдерден ғана статистика болмады. Ал қалған елдерден келген мәліметтерден түйгеніміз, барған сайын жыныстық қаты­насқа заңсыз тартылған балалардың жасы төмендеп, яғни жасарып келеді. Әсіресе Оңтүстік Шығыс Азияның кей елдерінде тіпті кедейліктің қысқаны сонша, өзінің 11-12 жастағы баласын жетектеп әкеліп, түнгі жын­ойнақ орындарында қызмет көрсетуге сатып отырған. Шығыстың кей елдері мәжбүрліктен, қарны аштықтан барса, ал батыста ол – еріккендік, азғындық. Енді таяқтың екінші ұшы болмай ма, яғни бұл балаларды кең пайдаланып жүрген кімдер деген зерттеу жүргізіпті бір ағылшын ғалымы. Сонда ең көбі кімдер болған десеңізші?
– Кімдер?
– Біреу айтса сенбес едік, ең бірінші орын­да – діни мекеме қызметкерлері, сосын полицейлер, мұғалімдер және саясаткерлер. Олардан сондай пасықтық шығады деп ешкім ойламайды ғой. Ең зиялы, балаларды, жалпы, адамдарды азғындаудан қорғайды деген орта, шын мәнісінде, керісінше оларды қорлайтын орта болып шыққан. Біреу айтса, сенгісіз дерек. Алайда қазақтың «қой терісін жамылған қасқыр» деген тіркесі тектен-тек шықпас еді, егер осындайлар болмаса. Былай­ша айтқанда, балаға көз салу, бүлдір­шін бейнені бұзу деген «жыртқыштық», «тағылық» емей немене? Жыныстық құмар­лық Еуропа мен Батыс елдері үшін кәдімгідей дәстүрге айналған. Негізі, бәрі сол туризм бизнесі жолында жіберіп алған қателік қой. Туристерді не­ғұрлым көп тарту үшін олардың ашкөз талабына жауап беріп, ұятсыз үдесінен шығу үшін жасалып жатқан сайтани әдіс, айналып келгенде, бәрі ақша үшін. Басы 18-19-дан басталған еді, қазір жезөкшелікке тарты­латын­дар саны барынша жасарып, ең жасы тоғызға кеп тірелді. Және неғұрлым бала жас болған сайын, туризм орталығы үшін пайда да молынан түседі. Сол себепті де әрдайым «Қазақстанда туризмді дамыту керек» деген мәселе қозғалған сайын, мен осы жайды ойлап, қорқып отырамын. Бір жағынан пайда әкелеміз деп, екінші жағынан, сол туризммен бірге батыстың балаларға деген жырт­қыштығын әкеліп, сорымыз қайнамас па екен деп уайымдаймын. Сондықтан біз әлі туризміміз соншалық дамымай тұрып, қайта балаларымыз бен жастарымызды қорғау жағын мықтап алсақ. Қалай дерсіз, «Туризм туралы» Заңның бір бабында «мынадай жас аралығындағыларды жыныстық қызметке тартуға тыйым салы­нады» деп нақты көрсету керек. Себебі – туризмнің ең қажет элементіне айналып алған нәрсе осы – бала сату, баланы заңсыз жыныстық қатынасқа тарту. Өйткені ол, өкінішке қарай, көлеңкелі экономиканың табысты ең көп түсіретін түрі. Балалардың өзі-ақ ақшаның дәмін, исін сезсе, айналшықтап, артынан оларды қайтара алмай қалуымыз мүмкін. Иә, қазақ ел болды, еңсе көтерді, өзінің ел иесі, жер иесі екендігін біледі, бірақ сөйте тұра осындай өз ішімізден кеулеп бара жатқан дерт атаулыға мән бермей, көрмей отырғанымыз тағы бар. Бұқаралық мәдениет жастарымызды шынайы мәдениеттен жаңылдырып, екінші жағынан, әртүрлі ат жамылған «бизнес қыздарымызды» күңдікке салып жатса, бұл ұлт болашағына қатер емес пе? Ал біз соның жақсы жағын көріп, екінші жағын көрсек те, көрмегендей болып, көзжұмбайлық танытып жатырмыз. Осыған қазақтың бір зиялысы ретінде жаным ауырады.
– Зиялы дегеннен шығады, осы қазір біз зиялы деп кімді айтамыз? Бұрын мұ­ғалім, дәрігер, ғалым, ақын-жазу­шылар зиялы саналатын. Қазір зиялы деп шенеунік, қалтасы қалың кәсіпкерді айтатын сияқтымыз. Бір шапағаты тие ме деп әртісің де, ақын-жазушың да жал­паңдап сол қалталының қасында, шын мәнінде, зиялы деген қалтаның емес, адамның өзі байлыққа айналған жағдайда айтылуға тиісті емес пе?
– Бүгінде кім зиялы? Иә, расында, ара­жігін ажыратып аларлықтай өте өзекті мәселе. Менің бұл сұраққа жауап іздегеніме қаншама жылдар болды, бірақ әлі соған жауап таба алмай жүрмін. Өйткені бұрын оқыған, шығармашылықпен айналысатын адамдар тобын интеллигенция дейтінбіз. Ол оқыған, білімді, парасатты дегенді білдіретін. Ал енді нарықтық қатынас келіп, халық бай мен кедейге ғана емес, жоғары, орта және төменгі болып үш тапқа жіктелді де шыға келді. Кедейшілік көпшілік болды да, оның ішіне мұғалім де, дәрігер де, ғалым да кіріп кетті. Солайша бұрынғы интеллигенция деген ұғымның шайылып, өз мәнінен айырылып қалған бір уақыт келді. Ол, ең бірінші, меншіктің көп түрімен байланысты. Оның шарты: қолыңнан не келеді, тегін берме, сат, яғни бәрі ақылы, бәрі жалдамалы. Ал осы жалдамалы еңбектің пайда болуымен байланысты, оның білімділердің ортасына кең тарауына байланысты интеллигенция да ұлттың ар-намысы, ақыл-ойы деген статусынан айырылып қалды. Өйткені жұмыс берушіңе сен зиялысың ба, ар-намыстысың ба, арсызсың ба, оның керегі жоқ бір тиынға, сен оның жалдамалы жұмысшысысың, бітті. Бұл – қауіпті жағдай, себебі қалай болғанда да қоғамның ар-намысы мен ақыл-ойы болатын, қоғамның дамуын бағдарлауға үлесін қосып, тіпті мемлекеттің жүргізіп отырған саясатын халықтың атынан бақылап отыратын, соған билік жүйесін бағындыра алатын интеллектуалдық орта ауадай қажет. Ал қазір сондай орта бар ма, мен өзім бұған нақты жауап бере алмаймын. Егер мен сол ортаның бір адамы бола тұра, зиялы кім дегенге жауап таба алмай жүрсем, демек, проблема бар деген сөз. Өйткені пайда қуып жүрген бизнестік ортадан сондай кең деңгейдегі кісілікті, парасаттылықты күтуге әлі ерте бізде.
– Неге ерте? Нені күтуіміз керек?
– Өйткені бізде бизнес әркімнің өз қаржысы өз еңбегімен емес, аяқ астынан, бір сәтте-ақ қоғам байлығын жекешелендіру арқылы пайда болды. Ал қазір, әрине, отандық іскер орта қалыптасты, оны жоққа шығара алмаймын. Бірақ әлі де жаңашыл идеяны ел мүддесімен ұштастыру арқылы елге пайда әкелу деген жолға қойылмаған. Сондықтан олардың рухани жағынан толысып, кемелденген кезіне жеткені байқалмайды. Ерте деп отырғаным сол, яғни олар материалдық жағынан байығанымен, рухани жағынан толысқан жоқ. Бірақ екінші жағынан күтіп отыратын уақыт та жоқ бізде, себебі қазіргі уақыт ағымы интенсивті дамуды қажет етеді. Өйткені әлемде дамыған елдер қазіргі экономикалық даму деңгейіне бірнеше ғасыр бойы жүріп келді, ол елдердегі іскерлік орта да біртіндеп дамыды. Ал соңғы жылдары өзім еліміздегі іскерлік жүйені зерттеп жүрмін. Осы саладағы сарапшылар, ғалымдар пікірі мен тұжырымдамаларын жинадым, талдадым. Неге олар қаншама жылдан бері зиялылық деңгейіне көтеріле алмай отыр, оған қандай факторлар бөгет жасап отыр? дегенге жауап іздегенде, бірнеше себебін тапқандай болдым. Біріншіден, бізде іскерлік ортаның ғылым, біліммен байланысы өте төмен. Сондықтан да ғылыми-техникалық прогреске олардың назары да төмен. Екіншіден, осыған байланысты іскер орта қоғам мүддесіне аса қажет идеяны ғылым, техникамен байланыстыра алмай отыр. Өйткені о баста бізде онша ешкім экономи­каны өз қолымен қалыптастырып, өз дәс­түрінде іс бастаған жоқ. Сондықтан біз шетелдік технологияға тәуелдіміз, сондықтан біз шетелдіктерді «өзіңмен бірге ақшаңды, техника, технологияңды, оның тілін білетін мамандарыңды да ала келші, көкетай» деп жалынып шақырамыз әлі күнге дейін. Өйткені біздің іскерлер жаңа технологияны қажетсінбейді, оған қаржы салмайды, одан да дайын тұрған шетелдікін сатып ала салғанды әлдеқайда арзан, әлдеқайда тиімді санайды. Өйткені көздегені ел мүддесі, отандық тауар қалыптастыру емес, тек қана табыс. Ал шетел ешуақытта өзінің озық технологиясын бермейді. Біздің өзімізге әкеліп, қуана-қуана орналастырып жатқан технологиямыз шетелдің пайдасына жарап, кәдеден шыға бастағандары. Алайда біз бір кездері мәжбүр болдық, себебі құлаған кеңестік қирандыдан есімізді жиғанша жаңа ел тұрғызуымызға сол шетелдік инвесторлар көмектесті. Бірақ бір нәрсені ұғып алсақ, біз – Тәуелсіз елміз, ендеше, ендігі жерде ең бірінші Тәуелсіздік мүддесі көзделуі шарт.
– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет, іске сәт!

Алашқа айтар датым...
Қыз қымбат тауарға айналды, себебі «қырық үйден тыйым» жоқ. Есесіне, сумаңдаған «сутенерлер» қаптап жүр. Оған қоса, түнгі клуб пен казино тұр түнгі оттарын самсатып. Ал ол орындар келушілерді қаншалықты «мәдени байланыстырып» жатқанын өзіңіз көріп жүрсіз. Мысалы, кей клубтардың тұсында «қыздарға кіру тегін» деген жазуды көресіз. Ал, шын мәнінде, бұл қыздарды жарылқау емес, «қақпан» ғой. Яғни қыздар көбірек келді деген сөз – «қыз аулаушылар да» қаптап отыр деген сөз. Бір байқағаным, көбіне жылтыңдаған жігіттер мен қылтыңдаған қыздардан гөрі, жақсы қыздар мен жақсы жігіттер өз теңін таба алмай жүріп қалады екен. Өз ар-ұятын сақтады екен, ендеше, неге олардың жеке өмірде бақытсыз болып қалуына біз қоғам болып жол беруіміз керек? Демек, бізге бүгінгі таңда қазақтың тәрбиелі, саналы жастарын байланыстыратын жоғары мәдени басқосулар ауадай қажет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста