Ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу мүмкін болмай тұр
Амангелді САДАНОВ, ҚР БҒМ Микробиология және вирусология институтының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, биология ғылымының докторы, профессор, академик:
– Амангелді аға, сіз беделді бір институтты басқарып отырған ғалымсыз. Сондықтан да алғашқы сауалдың тікелей ғылымға байланысты болуы тиіс те шығар. Жалпы, бүгінгі күнгі отандық ғылымның дамуына қандай баға берер едіңіз?
– Әрине, алдымен бүгінгі таңда ғылымды дамытуға Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың баса назар аударып отырғанын тілге тиек етуіміз керек. Сондықтан болар, ғылымды дамытуға жыл сайын мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатыр. Әйтсе де еліміздегі ғылымның дамуы әзірге көңілге жұбаныш сыйлай алып отырған жоқ. Америка, Жапония және өзге де дамыған батыс елдерін былай қойғанда, Ресейдің өзінен біршама артта қалып келеміз. Қазір қарасаңыз, ғылымның әр саласында ашылып жатқан жаңалық баршылық. Алайда сол жаңалықтардың мемлекет, халық игілігіне жарап жатқаны шамалы, тіпті жоқтың қасы. Жалпы, нақты ғылымдарды алатын болсақ, ғылыми жаңалық ел игілігіне асу үшін үш кезеңнен өтуі керек. Бірінші кезең – зерттеу жұмыстары, екінші – ғылыми әзірлемелер, үшінші – өндіріске енгізу. Бізде алғашқы екі кезең жүзеге асады. Ал үшінші кезең – ғылыми жаңалықтың өндіріске енгізілу кезеңі жүзеге аса бермейді. Сондықтан көптеген ғылымдағы жаңалық қағаз бетінде қала береді. Өкінішке қарай, ғылымдағы жаңалықтардың өндіріске енуін әлі де дұрыс жолға қоя алмай отырмыз. Өйткені әзірге ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу мүмкін болмай тұр. Яғни бір сөзбен айтқанда, ғылым мен өндіріс арасында байланыс кемшін болып тұр.
– Сіздерде жағдай қалай? Өзіңіз басқарып отырған институт ғалымдарының ашқан жаңалықтары да қағаз бетінде қалып жатыр ма?
– Қазір мен сізге біздің ғалымдардың ашқан жаңалықтары өндіріске еніп жатыр десем мақтанған боламын. Бірақ, шындығында да, солай. Біздің ғалымдардың ашқан жаңалықтары өндіріске еніп, мемлекеттің, халықтың игілігіне асып жатыр. Өйткені біздің ашқан ғылыми жаңалықтарымыз жоғарыда айтқан үш кезеңнен өтіп келеді. Себебі бізде ондай мүмкіндік бар. Біздің институтта зертханалар мен өндірістік цехтар бар. Ғалымдардың тапқан жаңалықтары алдымен өзіміздің өндірістік цехтарда тәжірибеден өтеді. Оның тиімділігі дәлелденген соң ғана ел игілігіне ұсынамыз.
– Яғни сіздердің ғалымдарыңыздың жаңалықтары өндіріске еніп жатыр ғой. Оған келтіретін нақты дәлелдеріңіз бар ма?
– Институт ғалымдарының ұзақ жылдар бойы тынымсыз ғылыми ізденісі нәтижесінде бұршақтұқымдас өсімдіктердің өнімділігін арттыратын экологиялық таза «Ризовит-АКС» биологиялық препараты өндіріске кеңінен енді. «Ризовит-АКС» препараты бұршақтұқымдас өсімдіктердің тамырында кездесетін, ауадағы бос азотты өз бойына сіңіретін табиғи түйнек бактериялардан бөлініп алынған, жоғары белсенді штамдардың негізінде жасалған. Сондай-ақ соңғы жылдары жоңышқа өсімдігі зиянкестерінің кең таралуы байқалуда. Біздің институт мамандары жасап шығарған, арнайы бактериялар негізінде дайындалған «Турингин» препараты осы зиянкес құрттарды биологиялық жолмен жоюға ықпал етеді. Өндіріске кеңінен енген тағы бір препарат – «Казбиосил». Мал азығын сүрлеуде ол препараттың тиімділігі өте жоғары. Ал ауылшаруашылық мамандарына ұсынып отырған тағы бір препаратымыз – «Фитобацирин». Фитобацирин түйе жоңышқа және жоңышқа өсімдіктері тұқымдарының шығымдылығын арттырады.
– Дамыған аграрлы елдерде микробиология ғылымының көмегімен мал азығының өнімділігін арттыру жақсы жолға қойылған. Ал біздегі жағдай қалай?
– Бұл салада біздің институттың ғалымдары жақсы жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Мысалы, жоғарыда айтып кеткен «Ризовит-АКС» биологиялық препаратын өндіріске кеңінен енгізді. Бұл препараттың ерекшелігі – әр бұршақтұқымдас өсімдіктерге тиесілі штамдар болатынын ескере отырып (мысалы, түйе жоңышқа мен жоңышқаның штамдары Rhizobium meliloti, сояның – Rhizobium japonicum және т.с), препарат әр өсімдікке арнайы түрде жасалынып шығарылған. «Ризовит-АКС» биологиялық препаратымен тұқымды өңдеп барып, бұршақтұқымдас өсімдіктердің дәнін сепкен жағдайда өнім 30-40 пайызға дейін артады, бұл соя өсімдігінің орташа түсіміне қосымша астық жиынының гектарына 5-7 центнерін беретінін көрсетеді. Ал экономикалық тиімділігіне келетін болсақ, мысалы, тек соя өсімдігінен орташа есеппен әр гектардан 30 мың теңге таза қосымша табыс алынады. Сонымен қатар «Ризовит-АКС» препараты өсімдіктің өнімін арттырып қана қоймай, топырақты да табиғи биологиялық таза азотпен байытады, әр гектарда жылына 200-300 кг қосымша азот жиналады. Демек, бұршақтұқымдас өсімдіктерден кейін ауыспалы егістікте өндіретін дақылдардың азотқа деген қажеттілігін кемінде 2-3 жылға дейін қанағаттандырады, яғни минералдық азот тыңайтқыштарын пайдаланбай-ақ жоғары өнім алуға мүмкіндік береді. Бұршақтұқымдас өсімдіктер топырақты тек азотпен және органикалық заттармен байытып қана қоймай, сонымен бірге ауылшаруашылық малдарына арналған жоғары сапалы белоктық азық болып табылады. Қазіргі таңда отандық ғылымның өндірістегі ірі жетістігіне баланатын бұл препаратқа бүгінде сұраныс көп. Атап айтсақ, 2008 жылы Алматы облысының Алакөл, Сарқан аудандарының 2000 гектар соя алқабына қолданылған болса, ал биылғы жылы Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шымкент, Солтүстік және Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстарының 30 мың гектардан астам бұршақтұқымдас өсімдік алқаптарына қолданылды.
Бәрімізге мәлім тағы бір үлкен мәселе – түйе жоңышқа мен жоңышқа өнімділігінің төмендігі. Оның себебі – тұқымының сыртқы қабығының өте қатты болуында. Себілген тұқымның 60-70 пайызы өнбейді, сондықтан әр гектарға орта есеппен 18-20 кг тұқым егіледі. Бұл едәуір шығын. Сондықтан да өндірісте тұқымның шығымдылығын арттыру үшін механикалық скарификация жасайды. Алайда бұл әдіс айтылып отырған өсімдіктердің тұқымына едәуір зиян келтіреді. Яғни тұқымдық дәннің сыртқы қабығын механикалық жолмен аршу кезінде тұқымдық дәннің ішкі өсіп-өнетін физиологиялық үрдістеріне кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар бұл әдіс қосымша электр қуаты мен материалдық шығындарды талап етеді, сондықтан қымбатқа түседі. Осыған орай, институт ғалымдары түйе жоңышқа және жоңышқа өнімділігін жоғарылататын, механикалық скарификация үрдісін алмастыратын «Фитобацирин» препаратын ұсынады. Препараттың негізін целлюлоза ферментін синтездейтін целлюлолитикалық бактериялар құрайды. «Фитобацирин» препаратының әсерінен тұқымдық дәннің қалың қауызының целлюлозасы ыдырайды. Нәтижесінде дәннің өсіп-өнуі үшін қажетті судың тасымалдануы мен оның құрамындағы минералды және қоректік заттар ерітіндісінің мөлшері едәуір жоғарылайды. Препараттың құрамындағы штамдардың биологиялық белсенді заттарды синтездеу қабілетінің жоғары болуына байланысты болғандықтан, өсімдіктердің ауруға төзімділігі де артып, өсімдіктің өніп-өсу үдерісі жақсарады. Яғни биопрепараттармен алдын ала тұқымды өңдеу нәтижесінде түйе жоңышқа мен жоңышқаның шығымдылығы 80-95% - ға дейін жоғарылайды. Препараттар ағымдағы жылы республикамыздың Қызылорда, Алматы және Шымкент облыстарының 3000 гектарға жуық егістік алқаптарында қолданылды. Экономикалық тиімділігіне келетін болсақ, мысалы, әр гектарға 18-20 кг орнына 8-10 кг жоңышқа тұқымы себіледі. Бір келі жоңышқа тұқымының бағасы шамамен 1000-1200 теңге екенін ескерсек, әр гектардан 10-12 мың теңге қаржы үнемделеді.
– Жалпы, мол өнім алумен бірге оны дайындап, сақтауды да білуіміз қажет. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласында мал азығын дайындау, сақтауды жақсартуда қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?
– Қазір, құдайға шүкір, еліміздің бар аймағында мал өсірушілер көбейіп келеді. Сондықтан да мал азығын дайындауға аса көңіл бөлу қажет. Қайбір жылы қыс қатты болып, азық жетпей, мал шығыны болды. Сондай-ақ қысқа дайындалатын мал азығының құнары аз болуы себепті малдардың көтерем болу фактілері де кездесіп жатады. Сондықтан мал азығы базасын нығайту республикамызда қысы ұзақ солтүстік және шығыс өңірлер мен азықтық өсімдіктер тапшы оңтүстіктегі сортаң аймақтардағы мал шаруашылығын сапалы және құнарлы азықпен қамтамасыз ету ауқымды орын алып отыр. Бұл мәселені шешудің негізгі жолының бірі – сүрлем және пішендеме дайындау. Осы бағытты дамытуға институт мамандары үлкен үлес қосып отыр. Мал азығын сүрлейтін тиімділігі өте жоғары жаңа отандық «Казбиосил» препаратын өндіріске кеңінен енгізді. Мысалы, түйе жоңышқаның гүлдену фазасында құрамына кумарин алкалоиды жиналады да, жағымсыз иіс пайда болып, нәтижесінде малдар бұл өсімдікті қоректік шөп ретінде жемей қояды. Сондықтан да бұл өсімдікті гүлдену кезінде орып алып, «Казбиосил» биопрепараты көмегімен сүрлем жасау қажет. Ал екінші орымы күз айлары – тамыз, қыркүйек айларына тура келеді, яғни бұл кезде өсімдік сабағы жуандап, бойы биіктеп, мал азығына пайдалануға қолайсыз болады. Кей жағдайларда жапырақтары түсіп, сабақтары сояу-сояу болып қатайып кетеді де, бұл жағдайда міндетті түрде екінші орылымды да сүрлем жасау қажет. Биопрепаратты пайдаланып сүрлегенде түйе жоңышқа өсімдігінің құрамында түзілетін кумарин алкалоиды ыдырап жойылып кетеді де, нәтижесінде барлық қоректік заттары бойында сақталып, жоғары сапалы мал азығы дайындалады. Бұл мал азығын қыс кездерінде толығымен пайдалануға болады. Осындай әдіспен күріш пен бидай өсімдіктерінің сабанынан сүрлем жасауға болатындығын да ескерген жөн.
Бүгінгі таңда «Казбиосил» препаратына қызығушылық та, сұраныс та артып отыр. Биылғы жылдың өзінде 500 мың тоннадан астам сүрлем, 200 мың тоннадан астам пішендеме дайындалды, яғни республикамыздағы дайындалатын сүрлем мен пішеннің 80 пайызын «Казбиосил» препаратымен қамтамасыз етіп отырмыз. Бірқатар шаруашылықтарда, соның ішінде атап айта кетсек, Солтүстік Қазақстанда «Тайынша-Астық» – 53 000, «Зенченко-К» – 33 000, Шығыс Қазақстан облысында «Камышинское» – 47 000, Қостанай облысында «Тұрар» – 45 000, Ақмола облысында «Астана-Өнім» – 25 000, «Родина» – 10 000 тонна жемшөп «Казбиосил» препаратын қолдану арқылы дайындалды. Бұл препараттың тиімділігі, біріншіден, бір тонна өнімге бар-жоғы 1,5-3 грамм препарат қажет; екіншіден, сүрленген азықтың қоректілігі артып, оның 98 пайызға дейінгі мөлшері төрт түлік малға азық болады; үшіншіден, өсімдік құрамындағы барлық қоректік заттар 85-90 пайызға дейін толықтай сақталады. Ал кептірілген шөптің құрамында қоректік заттар мөлшері 40-50 пайызға дейін жоғалып кетеді. Сонымен қатар сүрленген азықпен қоректенген малдардың сүт сауылымына 0,5 литр қосылып, майлылығы 0,1 пайызға дейін артады.
– Кей жылдары зиянкестер көбейіп, өсімдік біткенді жайпап кетіп отырады. Олардан келер зиян айтпаса да түсінікті. Сонда зиянкестерге қарсы қолданатын дәрі-дәрмек жоқ па?
– Өздеріңізге мәлім, көк балауса жоңышқа ең қоректі және құнарлы азық болып есептеледі. Бірақ кейінгі жылдары оңтүстік өңірлерде жоңышқаның жапырағымен қоректенетін зиянкестер (фитономус) көбейіп барады, сол себепті жоғары құнарлы алғашқы орылымнан дайындалатын мал азығының көлемі азайып, сапасы да нашарлауда. Ал алғашқы орым нағыз құнарлы және мол өнім болып табылады. Сондықтан да зиянкестерді жою аса маңызды. Осы орайда біздің институттың ғалымдары ойлап тапқан, зиянкестерді жоюға арналған «Турингин» препаратының тиімділігі аса жоғары екенін айтқым келеді. Арнайы бактериялар негізінде дайындалған препарат осы зиянкес құрттарды биологиялық жолмен жоюға ықпал етеді. «Турингин» препараты зиянкестердің ас қорыту жүйесі ферменттерінің секрецияларын әлсіретеді және ішек-асқорыту функцияларын бұзады, қоректенуді тежейді, метаморфоз мерзімін бұзады, аналық ұрықтылығын және келесі ұрпақтарының өмір сүру қабілеттілігін жояды. Сондай-ақ зиянкестердің келесі жылы қайта пайда болуына тосқауыл болады. Аталмыш бактериалдық препараттың артықшылығы – препараттың жануарларға және қоршаған ортаға уытты әсері жоқ, қолданған соң жоңышқаның көк балаусасымен еш ойланбай малдарды қоректендіре беруге болады. Бұл тәжірибеден өткен нәрсе.
– Тоқырау жылдары ауылшаруашылық жерлері тыңайтылмай қалды. Дренаждар жұмыс істемей, егін егілетін алқаптар тұзданды. Нәтижесінде өнімділік төмендеді. Енді сол жерлерді қалпына келтіру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Қазақстанда Жер шарындағы топырақ түрлерінің түгелге жуығы дерлік кездеседі, сондықтан да елімізде аграрлық секторды дамытудың мүмкіндіктері мол. Мемлекеттік саясат та аграрлық саланы дамытуға арналған жаңа технологияларды енгізуге бағытталып отыр. Алайда Үкіметтің белсенді қолдауына қарамастан, Қазақстанның кейбір өңірлерінде топырақтың құнарлылығы төмендеп, ауылшаруашылық дақылдарының өнімдері жылдан-жылға азайып бара жатқанын байқауға болады. Мысалы, Қызылорда облысының суармалы күріш алқаптарындағы топырақтың құнары бүгінгі таңда өте төмен, яғни қарашіріктің мөлшері 04-07 пайыз ғана, оған қоса, топырақтың барлығы да әртүрлі мөлшерде тұзданған. Мұндай жағдайда ауылшаруашылық дақылдарынан жоғары өнім алу мүмкін емес екендігі ғылыми түрде дәлелденіп отыр. Дегенмен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты Микробиология және вирусология институтының ғалымдары осы аймақта бірнеше жыл жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде бұл мәселенің де, яғни құнары төмендеген топырақтың құнарын арттырудың ғылыми шешімдерін тауып, оны өндіріске енгізіп те үлгерді. Нақтылап айтар болсақ, негізінен, күріш өсіретін алқаптарда пайдаланып жүрген ауыспалы егістіктің құрамына түйе жоңышқаны енгізу қажет. Себебі топырақтың тұздылығын төмендетуде бұл бұршақтұқымдас өсімдіктің атқарар рөлі өте жоғары. Яғни тұздылығы жоғары топырақта жақсы өседі де, тамырлары тереңге кетіп, топырақтағы тұздарды өз бойына сіңіріп алады да, топырақтағы тұздың мөлшері едәуір азаяды. Бұл екі жылдық өсімдік болып табылатындықтан, осы үдеріс екі жыл қатарынан үзіліссіз жүріп отыруы тиіс.
Бұл аталған өсімдіктің тағы да бір ерекшелігі – топырақта қалған өсімдіктің тамырлары, яғни органикалық заттар жеткілікті мөлшерде қалады да, олар ыдырап, нәтижесінде топырақта қарашіріктің мөлшері бірнеше есе артады. Ал қарашіріктің көбеюі топырақ құнарының артуының негізгі көзі болып табылады. Сонымен қатар ауылшаруашылық дақылдарын өндіруде, әсіресе күріш өсімдігін өсірудегі негізгі жетісе бермейтін қоректік заттардың бірі – азот. Әрине, ауыл шаруашылығында көп жылдан бері әртүрлі минералдық азот тыңайтқыштарын пайдаланып келеді. Ал кейбір минералды химиялық тыңайтқыштардың жоғары өнім алуға әсері болғанымен, олардың топыраққа, өсімдікке және қоршаған ортаға тигізетін кері әсерлері орасан зор екендігі баршаға аян. Сондықтан түйе жоңышқа мен жоңышқа өсімдігінің тұқымын «Ризовит–АКС» препаратымен өңдеп барып себу керек. Мұндай жағдайда шамамен 200-300 кг биологиялық таза азот егіс алқабының топырағында жинақталады.
– Өзіңізге мәлім, мұнай өндіруші аймақтарда топыраққа мұнайдың төгілуін болдырмау мүмкін емес. Ал мұнайдың төгілуі экологияға кері әсер етіп, топырақты улайтыны белгілі. Топырақты мұнайдан тазалау мүмкін бе?
– Жоғарыда айтып кеткендей, институт ғалымдары аграрлық сектормен қатар, өзекті экологиялық мәселелерге де ғылыми биологиялық тұрғыдан терең зерттеулер жүргізіп, ауқымды нәтижелерге қол жеткізді. Сондай ең өзекті мәселелердің бірі – Батыс Қазақстан өңірінің мұнай және мұнай өнімдерімен ластанған топырағын микробиологиялық жолмен тазалау. Топырақтың мұнаймен ластануы жоғары болса, ондай жерлерді тазалап қалпына келтіру қажет. Осыған байланысты соңғы жылдары топырақтың мұнаймен ластануының биоремидиациясы және биоиндикациясы мәселелеріне айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл өз нәтижесін беріп, «Бакойл–KZ» отандық биопрепараттарды қолдану арқылы мұнай және мұнай өнімдерінен топырақты тазалаудың жаңа технологиясын жасап шығарды. «Бакойл – KZ» – мұнаймен ластанған топырақты, өндіріс қалдықтарын және суқоймаларын микробиологиялық тәсілмен тазалауға арналған тиімділігі жоғары бактериалды препарат. Препараттың негізгі құрамы Батыс Қазақстан аймағының табиғи-климаттық жағдайына бейімделген топырақтардан бөлініп алынған белсенділігі жоғары мұнайды тотықтыратын бактерияларының штамдары болып табылады. «Таза су», «West Dala» және «Жылыой-Болашақ» жеке серіктестіктеріне қарасты сынақ алаңдарында және Қосшағыл, Жаңаталап, Байшонас елді мекендерінде жүргізілген далалық сынақтар топырақтағы мұнай құрамының 90 пайыздан 98 пайызға дейін төмендегенін көрсетті. Препараттың экономикалық тиімділігі: шетелдік аналогтардан отандық биопрепарат 8-10 есе арзан. Қорыта айтқанда, отандық биологиялық препараттардың көптеп өндірілуі еліміздің импорт алмастыруына мүмкіндік береді, республиканың экспорттық потенциалын жоғарылатады, мал шаруашылығының жемшөп базасының бiрқалыпты дамуына және ауылшаруашылық өнiмдерiнiң артуына себепші болады, сондай-ақ табиғи ортаның сауығуына мүмкiндiк туғызады.
Алашқа айтар датым...
Зертханада туындап, тәжірибеде шыңдалып, өндірісте сыналған төл ғылыми жетістіктеріміз ғана өндіріске етене жақын. Отандық ғылымның дамуын мақсат тұтсақ, алдымен ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізудің түйінін шешкеніміз абзал. Сонда ғана ғылымның дамуы мен өндірістің өркендеуі үйлесім тауып, халық игілігіне өз дәрежесінде қызмет етері анық.