Ғылыми дәреже таза ғылыммен айналысатын зерттеу институттары мен университет қабырғасында жүргендерге ғана берілсе

Ғылыми дәреже таза ғылыммен айналысатын зерттеу институттары мен университет қабырғасында жүргендерге ғана берілсе

Николай Бүктіков, техника ғылымының докторы, профессор, Қазақ ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Д.Қонаев атындағы Кен істері институтының директоры:

– Еліміз индустриалдық-инновациялық дамудың даңғыл жолына түсті. Иннова­цияланып, индустриалданып жатырмыз дейміз. Жалпы, инновация түсінігінің түп мәнісін біздің шенді-шекпенділеріміз жете түсінді деп айта аласыз ба?
– Инновация дегеніміз – ғылыми-зерттеу жұмыс­тарының нәтижесінде жаңадан шыға­рылған технология немесе әдіс пен тәсілдер. Дүниежүзінде жоқ нәрсе жаңадан шығарылса, соны ғана инновация дейміз. Расында, басын­да баз бір шенеуніктер: «Елімізде жоқ, бірақ басқада бар озық технологияны осында енгізу­ді инновация» деп насихаттап жүрді. Әрине, бұл жаңсақ түсінік. Ол инновацияға жат­пайды. Мәселен, бізде компьютер шығарылмайды, оның бөлшектерін сырттан әкеліп, осында жи­нас­тырып, құрастырады. Шекарадан өткенде ол бүтін тауар болмағандықтан, бөлшек саймандардың кеден салығы төмен болады. Бұл – біріншіден. Екіншіден, тасымалдау көлігіне бүтін тауардан гөрі, оның бөлшектері көбірек сыяды. Сондықтан оның тасымал құны да арзандау болады. Үшіншіден, Еуропамен салыстырғанда, бізде электр қуаты, жұмысшы күші арзанырақ. Осының бәрі елімізде құрастырылған тауардың өзіндік құнына әсер етеді. Яғни тауар  арзан болған соң, оған сұра­ныс та жоғары болады. Дегенмен бұл иннова­ция емес, тауарды өткізу нарығын кеңейту тетіктері болып табылады. Ал шетелден сатып алып, осында сатылатынды инновация демей­міз. Ол ауызекі тілде «рутиный бизнес» деп аталады.
– Онда сұрақты төтесінен қойсақ, жал­пы, Қазақстанда инновация бар ма?
– Болғанда қандай!.. 1995 жылы ғылым саласы бойынша БҰҰ-ның миссия өкілдері елімізге ат басын тіреді. Мақсаттары – біздегі ғылыми ізденістермен танысу. Бұл топпен жұмысты мен жүргіздім. Сол кезде қазақ Ғы­лым академиясының институттарынан 10-15 шақты ғалым келіп, өздері ойлап тапқан жаңа­лықтарының жарияланымын жасады. Сондағы шетелдіктердің жер астынан жеті қоян тапқан­дай қуанғандарын көрсеңіз... Толық екі апта да емес, 10-12 күннің ішінде, тек Алматыдағы ғы­лы­ми институттардан дүниежүзілік деңгей­ден төмен емес, одан жоғары  23 жаңа техно­логия табылды. Әлгі делегация: «Біз Литвада екі жыл жұмыс істедік. Сонда тапқанымыз,  халықаралық стандартқа сай үш-ақ технология. Ал мынау деген керемет қой», – деп шуласты. Таң-тамаша қауымға оның мәнісін былайша түсіндіріп бердім: «Себебі Кеңес үкіметі құрамына Литва  соғыстан кейін, 1945 жылдан бастап енді. Ал біз олармен 20 жылдан бастап бас қосып, білім, ғылым жүйесін бірге қалып­тастырдық. Әрине, Литваның қалыс қалуында осындай себеп бар». 
– Кеңес ғылымының шоқтығы биік екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Дегенмен сол кездегі, негізінен, шаруашылық тауар­лар сапасы жағынан импортқа иық тірес­тіре алмаушы еді ғой...
– Кезінде бір министрдің көмекшісі маған тура осы сауалды қойып еді. Нақтырақ айт­қан­да, ол:  «Ғылымның не керегі бар, дүниежүзінің ғылымы бізден әлдеқашан озып кеткен. Мысалы, шетелдің шәугімі, үтігі, тоңазытқышы «советтікінен» әлдеқайда жақсы» деп көлгір­сі­ді. Білмеген соң, бұлай шорт кесіп айтуға бол­майды. Керек десеңіз, кеңес заманында шаруашылық тұтынысына арналған бірде-бір зертхана болған жоқ. Мәселен, танк шығаратын зауытқа тоңазытқышты қосып шығар деді. Ал Алматыдағы торпедо шығаратын зауытқа қо­сымша кір машинасын шығарасың деп тапсыр­ма берді. Әрине, әлгі зауыттардың бастапқы мақсаты негізгі өндіріс болған соң, соны да­мытуға күш салды. Ал қосалқы өндіріске онша көңіл бөлінбеді. Ешкім оларды қосалқы өн­діріс­ті дамыт деп қыстамады да. Негізгі өндіріс жанданса болды деді. Сол себепті халық шаруашылығы тауарлары өндірісінің ғылыми жағы қағажу күйінде қала берді. Содан кейін бұл жағынан артта қалдық. Ол орынды да. Ал басымдық берілген салада әлем бойынша бізден озығы болмады. Әлі де сол кезде ба­сым­дық берілген сала бойынша алда келеміз, соңғы инерциямызбен.
Нарық экономикасында бағаны нарық шешеді. Егер нарықтың бағасы бойынша қа­ламсап 100 теңге тұрса, онда мен бір ғалымға барып «мына қаламды 70 теңгеге шығатындай етіп  жасап берші» деп тапсырыс беремін. На­рық заңдылығы деген осы. Ал кеңес үкіметінде бағаны мемлекет белгіледі, сондықтан кеңестік экономика шығынды болды. Бұл жүйелік мә­се­ле болса, екінші жағынан, зауыт пен фабри­калар да жаңа технологияны қолдануға қы­зықпады. Олар, ең бірінші,  алдына мемлекет қойған жоспарды орындауға мүдделі болды. Жұмысшының да еңбек өнімділігін көбейтуге зауқы соқпады. Өйткені жұмысшы бір жаңаша нәрсе ойлап тапса, мемлекет оған бір рет сыйа­қы береді, болды, ал жалақысында өзге­ріс болмайды. Сол себепті ғылымда ашылған жаңалықтар қағаз жүзінде зертханада қала берді.  Міне, қолда бар осы жүйені бүгіндері жетілдіріп, дамытуымыз керек еді. Бірақ оны біз түбегейлі өзгерттік...
– Жақсы жағына қарай ма, әлде...
– Өзіңізге белгілі, осыған дейін  кандидат пен  доктор деген ғылыми атақтар болды. Сол жүйені қазір алып тастады да орнына Рhd док­торлығы дегенді енгізді. Бірақ Рhd докторлығы деген академиялық дәреже де, ал ғылым кан­дидаты мен ғылым докторы – ғылыми дәреже. Яғни кезінде бір ізге қойылған әп-әдемі жүйемізден ауытқып, қазір ой-шұңқырға түсіп кеткен секілдіміз. Сөзім дәлелді болу үшін,  қазіргі  Рhd докторы деп жүргенімізді кеңес дәуіріндегі Қазақ ССР Ғылым академиясы жа­нындағы кіші ғылыми қызметкердің деңгейі­мен салыстырып көрелік. Өйткені екеуінің бір-бірінен еш айырмасы жоқ, құйып қойғандай ұқсас.
Кеңес дәуірінде Қазақ ССР Ғылым акаде­мия­сы жанында кіші ғылыми қызметкер деген болды. Университет пен салалық институттарда мұндай талап болған жоқ. Егер қазір Рhd док­торы зерттеу тәсілдері бойынша оқу курсынан өтіп, емтихан тапсырып, үш ғылыми мақаласын жариялап, Рhd докторының диссертациясы деп аталатын жұмысын ғылыми жетекшісі белгілеген үш адамнан тұратын комиссия алдында қорғауы қажет болса, жоғары білімі бар кеңес заманындағы кіші ғылыми қызметкер де өзінің әдістемелік зерттеуімен кем дегенде бір жыл айналысып, үш ғылыми мақаласын жариялап, конкурс комиссиясы алдында өз біліктілігін дәлелдеп, жарияланымдарын ғы­лыми кеңес алдында қорғайтын. Ұқсас па? Ұқсас. Айырмасы бар ма? Жоқ. Бұл екеуі де – ғылыми зерттеу жүргізуге дайындалған адам­дар. Ал ғылым кандидаты мен ғылым докторы – өз ісінің нәтижесін көрсеткен адамдар. Мысалы, әскер қатарында екен деп әскериге атақ берілмейді ғой. Ол қандай да бір ерлік жасауы керек. Бұл арада да солай. Сондықтан бүгіндері осы ғылыми дәрежелерді жойып жібергенімізге ішім удай ашиды. Оған қарсы да едім. Қазіргі білімнің жеті сатысы болса, соның биігінде Рhd докторы тұр. Осыдан-ақ қаншалықты төмендегенімізді біле беруге болады...
– Ғылымда жалған ғалымдар пайда бола бастаған соң бұл шарасыздықтан жасалған қадам болмады ма?..
– Иә, еліміз Тәуелсіздік алған кезде өтпелі қиын-қыстау кезеңді бастан кештік. Байтал түгіл, бас қайғы болған заман орнады. Сол себепті мемлекеттің ғылымға көңіл бөлу үшін уақыты да, қаржысы да болмады. Ғалымдар абдырап қалды, отбасын асырау үшін бірнәрсе істеу керек болды. Сол кезде диссертацияны жазып берсең ақша берем деген адамдар пай­да болды. Олар, негізінен, шенеуніктер мен бизнесмендер еді. Әрине, жазылған диссерта­ция мықты, бірақ оның иесі шын ғалым болмады. Сондықтан ғалымдардың да сұрпы пайда болды. Мен оларды қалжыңдап, «жаңа қазақтар» секілді «жаңа ғылым кандидаты» және «жаңа ғылым докторы», қалыптылары, тазалары деп бөлемін. Тазалары шынымен де университет қабырғасында ғылыммен айна­лысты, қалыптылары өндірісте жұмыс істеп, ғылымға бет бұра бастады, ал «жаңала­ры» әлгі шенеунік пен бизнесмендерден тұрды. Осындай бассыздық кең етек ала бастаған соң, бүкіл жүйені өзгертті. Ал шынтуайтқа келгенде, мұны таза ақымақтық дер едім. Негізінен, ғылым атағын беру тәртібіне бір норма енгізсе жеткілікті болды: ғылыми дәреже таза ғылыммен айналысатын, зерттеу институттары мен университет қабырғасында жүргендерге ғана беріледі десе, сырттағы бөтен біреулер мұндағы атақ-мансапқа  таласы болмас еді. Жарайды, жүйені жаңалаған екенбіз, енді оны күшейту керек қой. Бір жиында Рhd докторы деген бұл бұрынғы кіші ғылыми қызметкерден еш айырмасы жоқ, сондықтан ғылым мәселе­сінің міндеттерін шешу үшін оның деңгейін көтеруді, тәртібін күшейтуді ұсындым. Сонда күшейткен тәртіптерінің түрі мынау болды. Яғни Рhd докторы өзінің ғылыми жұмысын «импакт-факторы» бар журналда жарияласын деді. Бұл да ақылға сыймайтын нәрсе. Мысалы, кеңес үкіметінде әлемде сутегі атом бомбасын ойлап тапқан Сахаров деген академик бар. Оның ғылыми жұмыстары осындай журналда жарияланған емес. Сол секілді Королев деген конструктор болды, оның жаңалығы негізінде В.Илюшин, кейін Ю.Гагарин ғарышқа ұшты. Ол да осындай журналға жарияланымын берген емес. Немесе бергі кезеңді алалық, Елбасымыз Н.Назарбаев мақаласын мұндай журналға берген емес, бірақ Қазақстан экономикасы қазір дамуы жағынан посткеңестік мемлекет­тердің экономикасының алдында тұр. Демек, бұл талап формальдық сипатқа ғана ие.
– Жоғарыда шетелдіктерді таңғалдыр­ған отандық инновациялық жаңалықтар­дың барын айттыңыз, осыны таратып  бере аласыз ба? Оқырмандарымыз да елі­міздің ғалымдары ойлап тапқан әлемде теңдесі жоқ тың дүниелермен таныса отырса...
– Бүгінгі еліміздегі инновацияны серпінді технологиялар, алдыңғы қатарлы технология­лар және прогрессивті технологиялар деп үшке бөлемін. Серпінді технологиялар дегені­міз халықаралық нарықта ойып орын алатын  технологиялар. Ал алдыңғы қатарлы және прогрес­сивті технологиялар – шетелдік экс­порттың орнын басатын, Қазақстанға қажет­тіле­рі.
Мәселен, жоғары технологияға компьютер жатады. Біздің институтта геоақпараттық техно­логия деген бір бағдарлама болды. Соған сәйкес, бір зертхана оның бағдарламасын жасады. Ал біздің зертханада «Геоақпараттық технологияның техникалық жағдайы» деген тақырыпта ғылыми жұмыс әзірленді. Нәтиже­сінде, оптикалық компьютерді ойлап таптық. Ол – қазіргі есептеу саласындағы суперкомпью­терден де мықты дүние.
Осылайша, мультипликативтік эффектіні зерттеп жүргенде, Күн сәулесінен электр энер­гиясын шығаратын қондырғы туындады. Мәселен, әлемде бар мұндай қондырғының тиімділік коэффиценті 18 пайыз болса, біздікі 60-70 пайызды бір-ақ қамтиды. Бұл – тиімділік коэффициентіне қатысты артықшылығы. Екін­ші­­ден, шетелден әкелінетін Күн батареясы­ның ең арзаны – 1 Ваттық, 5 доллар шамасында. Ал оны біздегі технологиямен осында өндірсек, 60 центке бағаланады. Шетелдің 5 кВт-тық Күн батареясының ең арзаны 25 мың доллар болады. Ал біздікінің ең қымбаты бар-жоғы 3 мың долларды құрайды.  Яғни біздің институт геоақпараттық технологиямен шұғылданып жүріп, қосымша осындай жаңалықтарды аш­ты.
Сондай-ақ мысалға перфораторды ала­лық. Кен игеру саласында пайдаланылатын. Оның екі түрі бар: пневмоперфоратор мен гид­роперфоратор. Пневмоперфораторда элек­тр энергиясы қысылған ауа энергиясына айналады, ал ол өз кезегінде бұрғылау үшін соққы энергиясы сипатына ұласады. Гидропер­фораторда электр қуаты сұйықтық қозғалысы энергиясына айналып, ол бұрғылау қысым күшіне енеді. Міне, осы құралдарды жетілдіру үшін әлемнің әр елінің ғалымдары өздерінше ізденді. Сондағы бар жетістіктері тек электр энергиясы күшімен бұрғылайтын, құрылыс  саласына қажетті шағын перфораторды жасап шығарды. Яки олар қысылған ауа мен сұйық­тық күшінен туындайтын қысым күшінің орны­на, тек электр энергиясын пайдаланды. Алайда оның қуаты да мардымсыз. Кен игеру сала­сын­да керегі – 150 Дж. Сондықтан олардікі қызып, тез істен шығып қалады. Ал біздің институтта бұл мәселе шешімін тапты. Сөйтіп, дүниежүзін­дегі мықты, қазіргі қолданыстағы перфоратор­дың техникалық-экономикалық параметрі жағынан 6-8 есе мықтысын жасап шықты.
Ал институтымыздың бір ғалымы кон­ве­йер­лік пойызды ойлап тапты. Кен орындарын­да, карьерде пайдаланылатын басқа көлік­термен салыстырғанда, оның өнімділігі жо­ға­ры. Мәселен, ол сағатына 4 мың тонна жүкті айдап тұрса: 20 пайыз металл аз кетеді, электр қуатын да 20 пайызға үнемдейміз. Мә­селен, жай конвейерде ірі кесектерді ұсақтау керек болады, себебі ауыр тастар конвейерден лықсып, жол таспасын, конвейер роликтерін бұзып, шағуы ықтимал. Сол секілді конвейерлік поезда мотор болмайды. Мысалы, бұл поез­дың ұзындығы 300 метр болса, оның ұзыннан жатқан жүріс жолында әр 300 метр сайын электр магнит қондырғысы орнатылады. Осы қондырғы конвейерді тартып, жүрісін бір ізге қояды.
Сол секілді жай конвейер 16 градусқа ғана көтеріле алады. Одан жоғары көтерілсе, таспадағы заттар төгіліп, түсіп қалады. Яғни 16 градустан жоғары жаққа бұл қазбалар басқа техникамен тасымалданады. Ал конвейерлік поезд жүгін қажетті жерге бір-ақ жеткізеді. Себебі ол 40 градусқа дейін көтерілуге қабілет­ті. Сондықтан мұндағы тасымал өндіріс жұмыс­тарын әлдеқайда арзанға түсіреді. Әрі жәй конвейер істен шықса, бүкіл жұмыс тоқтайды. Ал мұнда істен шыққан вагон автоматты түрде жолдан шығарылып, жөндеуге жіберіледі. Мұндай техникалық артықшылықтары көп инновациялық жаңалықтарды лек-легімен тізбектеп айта беруге болады.
– Елімізде жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалар арасында бұлар бар ма?
– Жоқ. Оған мемлекет те кінәлі емес... «Кім біледі, білгенін оқытады, кімнің қолынан келе­ді, сол істейді, ал білмейтіндер басқарады» деген жаңа мәтел бар. Бұл, меніңше, біздің ше­неуніктерге қаратып айтылған сөз. Прези­дент инновация керек деп қайта-қайта түрт­пектей берген соң, енді-енді ғылымда сең қозғала бастады. Егер Президент осы мәселені көтермесе, ешбір шенеунік ғылым үшін басын ауыртқысы жоқ. Елбасымыз ғылымға бөлінетін қаражатты  25 есе көбейтеміз деді. Ол солай болып та жатыр. Бірақ осы қаражаттың бөлінуі деген бір басқа да, оның ғалымның қолына келіп тиюі бір басқадай. Мәселен, Қазақстанда инновациямен шұғылданатын 424 мекеме бар. Оның 121-і – университеттер. Бірақ олар инновацияға онша үлес қоспайды. Өйткені олар­дың басты мақсаты білім беру болған­дық­тан, соған баса назар аударады. Ғылыммен шұғылдануға уақыттары да бола бермейді. Тағы бір жағынан, олардың ғылыммен айна­лысатын арнайы зертханалары да жоқ. Жал­пылай алғанда, елімізде инновациямен шұғыл­данатын 100-ге таяу ғылыми институттар бар. Ал қалғандары – түрлі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер. Бөлінген қаржыны тасымалдайтын. Оның көбісінің қатарында ғалымдар жоқ.
Кеңес заманында ғалымдар нені зерттеу керек екенін, оны қалай зерттеу қажеттігін өздері шешті, сондықтан ғылым қарыштап да­мыды. Қазіргі кезде бұл міндет шенеуніктердің мойынына жүктеліп қойған. Ал шенеуніктер арасында ғылыммен айналысатындары бірен-саран, ал қалғанының мұрнына ғылымның  исі де бармайды.
Кейбіреуі, шынымен де, ғылымға жаны ашып, көмектескісі келеді, бірақ білімі жетпей­ді. Қолға алған ісін түбегейлі түсінбегендіктен, олардың қабылдаған шешімдері теріс болып шығып жатады.
– Мысалы...
– Үш-төрт жыл бұрын біздің бес лабора­тория аяқ астынан қаржысыз қалды. Мем­лекеттік тендерге қатысып, ұтысқа ілінуі тиіс институтымыз орта жолдан аластатылды. Себеп – тапсырған құжаттарымыз дұрыс емес. Нақтырақ айтқанда, құжаттарды тексерген білім және ғылым министрлігінің бір қызмет­кері одан қате тауыпты-мыс. Сол себепті құжат­тарды ысырып тастаған. Кейіннен дәлелдедік, кінә бізден емес екенін. Бірақ оның не пайдасы бар, тендерден қағылдық. Сөйтіп, белгілі бір кезеңде қандай да бір қаржылық мәселеге тап болғанымыз рас.
– Тендерді сөз еткен екенсіз, осы қыз­мет түріне көңіліңіз тола ма?
– Бүгінгі кезде мемлекеттік тендер жария­ланғанда ғылыми-зерттеу институттарынан үш тілде құжат тапсыру талап етіледі. Қазақ пен орыс тіліндегісі – түсінікті. Ал ағылшынның не қажеті бар?.. Сөйтсек, біз өз идеямызды шетел­дік сарапшылардың сараптауына ұсынуымыз керек екен. Шетелдік сарапшы, біріншіден, Қазақстанға не қажет екенін қайдан біледі, екіншіден, мен осында жүзеге асырғым келген идеяны ол сарапшы өз «інінде» отырып, қалай бағалай алады? Бізде ғалымдар: «шетелдік сарапшыға баға беру үшін жобаны жүзеге асыруға бізге бөлетін деңгейде ақша төленеді» деп қалжыңдайды. Бұл – шындықтан алыс емес дүние.
Қазақстанда да әлемдік деңгейдегі тың жаңалықтар ашылады. Мысалы, томография деген ҚазССР-дің физика-техникалық инсти­туты қабырғасында дүниеге келді. Ал томог­рафияны медицинада қолдануды дамытқаны үшін бір америкалық ғалым Нобель сыйлығына ие болды. Сондықтан бүкіл әлем томография АҚШ-та дүниеге келген деп ойлайды. Мұндай мысал тәжірибеде жетіп-артылады. Дүниежүзінде өндірістік тыңшылық деген бар. Ал егер әлгі шетелдік сарапшылар қызғанып кетіп, ғылыми жұмысқа теріс баға берсе ше?.. Сөйтіп, кейін оны дамытып, өздерінде қолдан­са қайтеді? Біз ешқандай тыңшылықсыз-ақ тың идея мен жаңалықтарды өзіміз өз қолы­мыз­бен оларға ұсынып отырмыз. Одан қала берді, ақша береміз, сараптаған еңбегі бар ғой деп. Осы жағына, неге ешкім бас ауырт­пай­ды?..
– Сізді сыртыңыздан «Инновациялық идеяларға қоржыны толы ғалым» дейді. Сонда соның біреуі де Тәуелсіз елімізде жүзеге асырылмағаны ма?
– Неге?.. Құдайға шүкір, жүзеге асырылып жатқаны бар. Алматыда 2009 жылы электр энергиясының балама көздері тақырыбы бойынша үлкен көрме өтті. Оған Президент қатысып, менің ойлап тапқан қондырғыма көзі түсіп, көңілі қатты ауды. Тіпті соның біреуі қазір Президент резиденциясында тұр.
Оны дүниежүзіндегі жел қондырғыларымен салыстырсақ, төрт-бес есе артықшылығы бар. Шетелдің жел қондырғылары диірмен секілді болса, біздікінің сырт пішіні басқаша. Өйткені теңіз самалымен салыстырғанда, біздің желдің өзіндік ерекшеліктері бар. Біздің климат тез құбылып тұрады. Жел де солай. Теңіздің сама­лы күндіз бір бағытқа соқса, кешкісін кері ба­ғыт­қа ойысады. Біздегі тау самалы секілді. Бірақ желдің жөні бөлек. Кең далада жел құйындап, ұйытқып тұрады. Оның нақты бір бағыты болмайды. Мәселен, Медеу шатқалын­да ағаштар түбірімен жұлынып, құлағанда желдің қатты екпіні секундына  60 метрді құраған. Ал Жоңғар қақпасында желдің қатты екпіні секундына 124 метрге дейін көтеріледі. Сондықтан шетелден әкелінген қондырғылар бізге онша жарай бермейді. Бірақ олардың бізге келгені жақсы, адамдар шетелдікінің жақсы жұмыс істемейтінін көріп, отандық тауардың бағалы екенін түсінеді.
Жалпы, отандық жел қондырғылары жы­рақ­та отырған шабан, малшы, фермерлерге жарамды, қуаттылығы жағынан. Енді Прези­дент өндіріске арналған көлемді қондыр­ғы­ларды шығаруды тапсырып, алдымызға мақсат қойды. Қазір бұл жобаны Білім және ғылым министрлігі, Индустрия және жаңа тех­нологиялар министрлігі, «Зерде қоры» қолдап, қаржы бөліп жатыр. «Самұрық-Қа­зына» да қызығушылық білдірді.
– Бұл қондырғыңызды сат деп қолқа­ла­ған шетелдіктер болмады ма?
– Болды. Бірінші, Оңтүстік Кореядан ұсыныс түсті. Кейін Жапония да қызығушылық танытты. Тіпті оны сататын болып келісімге де қол қойысып қойғанбыз...
– Қанша ақша ұсынды?
– Бірінші ұсыныс жасаған корейлер болды ғой. Олар бұл қондырғымды иемденуге 300 мың доллар береміз, әрі сатылым көлемінен  3 пайыз роялти алып тұрасың деді. Яғни олар оны 100 дана қып өндірсе, оның үшеуін маған тегін береді. Сөйтіп, олар маған қондырғының біреуін жасап бер деді. Ал мен оны жасай алмаймын, өйткені қалтамда көк тиын жоқ. Ақыры, корейлер маған 5 мың доллар берді. Сөйтіп, бұл қондырғыны зауытта емес, жәй бір шеберханада жасап шықтық. Енді ол: «Мынау бізге ұнап тұр, оны зауыттан жасатып бер» деп қиылды. Оның талабы орынды, бірақ бұл буынсыз жерден пышақ ұрғанмен бірдей болды.  Себебі мұндай қондырғыны жасаңдар деп зауыттарға ешкім бұйыра алмайды. Ал ақшаға жасатсаңыз, өте-өте қымбат. Мысалы, АЗТМ деген зауытта өзіндік шығын – 1000 пайыз, Киров зауытында – 800 пайыз, Тау-кен шахта құрал-жабдықтары зауытында – 200 пайыз. Ондай ақша менде жоқ. Ол қондырғыны жасату үшін кем дегенде 5 мың доллар қажет. Яғни АЗТМ зауытына оны жасатсам, 55 мың доллар беріп, мың есе шығындалуым қажет. Сөйтіп, корейлермен болған келіссөзіміз осы­лайша, аяқсыз қалды.
Ал жапондар 500 мың доллар береміз және әрбір кВт-ына 100 доллар төлейміз деді. Мәселен, 5 кВт-тық қондырғы шығарса, 500 доллар төлейді дегендей. Сөйтіп, келісімге де қол қойдық. Бірақ ол да жүзеге аспады.
Қазір еліміздегі «Сентрас» деген венчурлық қор бірге жұмыс істеуге ұсыныс жасап, ақша бөліп жатыр. Олардың бөлген 12 миллион теңгесіне озық технологияны жасап шығаруға мүмкіндігі бар деген Германиядан, Жапония­дан, Қытайдан, Оңтүстік Кореядан, ТМД елде­рінен әлгі қондырғының санаткершілік меншік құқығын қорғайтын патенттер жасаттық. Мы­салы, сол жел қондырғысын сатшы деп Моңғо­лия қолқа салды. Бірақ оларға сатпадық. Өйт­кені ол елде патентіміз жоқ. Сондықтан олар бір данасын сатып алып, кейін оны сериялап шығара беруі әбден мүмкін.
– Жоғарыда оптикалық компьютер туралы айттыңыз. Шынымен де, бұл мық­ты, дүниежүзі бойынша серпінді техноло­гиялық жоба екен. Суперкомпьютерді де сырттан қыруар қаржыға сатып әкеліп жатырмыз, дамиық деп, ал одан мықты­сын жасап шығу да мемлекет үшін мәртебе емес пе?..
– Томография құсап ол да шетелге кетеді-ау деп қауіптенемін. Өйткені қаржы шығарту өте қиын. Шенеуніктер: «Сендердің шығарған технологияларың соншалықты мықты болса, оны неге бизнесмендер сатып алмайды» деп айтады. Ал тың жаңалықтың тауарлық өрнегі болмайтыны, сол себепті оны ешкім сатып ал­май­тындығы олардың миына да кіріп-шық­пай­ды. Бүкіл бизнес дайын дүниені айналымға қосып, пайда тапқысы келеді. Ал бастағы, сызбадағы нәрсені дүние қып жасап шығу үшін қыруар уақыт пен қаржы кетеді. Оған бизнес аялдап, бір орнында күтіп отыра алмайды. Оны жасайтын, сараптамадан өткізетін, жетіл­діретін, толықтыратын жері болады. Пәленбай құжатты растатып, мөр басқызып, қаншама есіктің табалдырығын тоздырасың... Одан қала берді, тың дүние болған соң оған жаңа маман­дықтың иесі мен құрал-жабдықтары керек болады. Мысалы, оптикалық компьютерді ала­лық. Оны бізде қалай шығарамыз? Тіпті жай компьютер жасап шығаратын мекеме жоқ кезде. Компьютерді тек құрастырып, жинақтай­мыз.
Оптикалық компьютерден оңайлауы Күн сәулесінен қуат алатын батареяны алалық. Оның ішінде голографиялық концентраттар болады. Оны шығару үшін арнайы үстел керек. Ол кемінде 30 мың доллар тұрады. Бізде ол да жоқ...
– Ал технопарктер ше? Ол инновация­лық жобаларды жүзеге асыруға ат салы­суы тиіс емес пе?
– Дүниежүзінде ғылымға салыстырмалы түрде 1 теңге бөлінеді десек, тәжірибелік конструкторлық жұмыстарға (ОКР-ға) одан 10 есе, ал оны сериялап шығаруға 100 есе көп қаржы бөлінеді. Шетелде ғылымға бөлінетін қаржы ЖІӨ-нің 3-4 пайызын құраса, бізде бұл көрсеткіш осыған дейін ЖІӨ-нің 0,17 пайызы болды. Қазір оны 0,25 пайызға арттырды. Ал ОКР бойынша – 0 пайыз, сериялап шығару бойынша да 0 пайыз көрсеткіштеміз.
Қазір ғылым саласында жұмыс істейтін жастардың үлесі 20 пайыз ғана. Бұл ғылым келешегінің бұлыңғырланып бара жатқанын білдіреді. Жастарды ғылымға тарту үшін ғылыми-зерттеу институттарына магистратура бойынша грант бөлмейді. Ол тек университет­терге ғана беріледі. Ал университеттен ғылы­ми-зерттеу институтына келген магистрантты жетілдіріп, жеткізудің өзі бірқыдыру әңгіме. Қазір токарь, фрезеровші деген мамандар керек, олар жойылып барады. Бұл да пробле­ма.
Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея онша білім болмаған кезде ғылыми инновациялық технопарктер құрды. Оған жеңілдікпен Еуро­падан, басқа елдерден мамандар шақырды, сөйтіп-сөйтіп ғылымды дамытты. Бізде кеңес заманынан қалған мықты ғылым болды. Сондықтан біздің технопарктер басқаша болуы керек еді.
Технопарктердің мақсаты ғылыми-зерттеу институттары ашқан жаңалықтарды, техноло­гия мен әдіс-тәсілдерді сол жерде ОКР жасап, мемлекеттен қаржы бөлгізіп, нарыққа шығару керек болатын. Ал біздің технопарктер мұндай мақсатты игеруге қабілетсіз.
– Қолға алған ісіңізге сәттілік тілейміз, тұшымды әңгімеңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста