Герд ВЕЛИНГ, Гамбург (Германия) әкімшілік сотының төрағасы:
– Герд мырза, жыл сайын әлемдік экономика жемқорлық салдарынан 100 миллиард евроға зардап шегіп отыр екен. Бұл – жан басына шағып есептегенде, жер бетіндегі әрбір азамат қаржысының 7 пайызын жемқорлыққа жұмсайды деген сөз. Жемқорлықты халықаралық дәрежеде бірлесіп жұмыс істегенде ғана жоюға болатынын бүгін тәжірибенің өзі көрсетіп отыр. Ал Германияда бұл мәселе қалай шешімін табуда?
– Әрине, бұл бағытта біраз тәжірибе жинақтағанымыз рас. Германияда жемқорлыққа қарсы тұратын, оның қанат жаюына тосқауыл қоятын арнайы әкімшілік орындар құрылған. Аталған мемлекеттік құрылым арқылы біз қай саланы жемқорлық жайлағанын біліп отырамыз. Қаржы көп салынатын саланы жемқорлықтың билейтіні белгілі. Құрылыс саласы осыған мысал бола алады.Онда жебірлер көп кездеседі. Бір нысан салу үшін құрылыс компаниялары рұқсат алуы керек, сондықтан олар құжатты тездетіп дайындату мақсатымен құзырлы мекемелерге пара беруі мүмкін. Міне, әкімшілік орындары осындай келеңсіздікке тұсау салады. Сонымен бірге рұқсат беру ісіне бір емес, бірнеше мекеме қатар бақылау жүргізеді. Бұл тазалық, жариялық сақтауға керекті ең негізгі шараның бірі болып табылады. Біз жемқорлық өріс алған саланы басқарудың үнемі жаңа модельдерін ұсынып отырамыз. Мұны жемқорлыққа бұғау салудың тағы бір жолы деп есептеңіз.
Германияда өзге елдердегі сияқты мемлекеттің миллиардтаған қаржылық тапсырыстары тендер арқылы беріледі. Егер тендер дұрыс жарияланбай қалса, оған қатыса алмай қалған кез келген компанияның сот арқылы тендерді қайта өткізуіне мүмкіндігі бар. Әңгімемізге қоса кететін тағы бір жайт, мемлекет жариялаған тендерге тек Германия емес, басқа Еуропа елдерінің де қатысуына толық құқы бар. Германияның әкімшілік ісінің жариялығы өзгелерге үлгі бола алады деп ойлаймын. Әрбір азаматымыз мемлекетке, өзіне қатысты сұрақтарына әкімшілік арқылы жауап таба алады. Мысалы, мен Алматының тұрғыны болсам, есігімнің алдындағы талдардың не үшін қырқылып жатқанын біле аламын. Егер маған әкімшілік жауап бермесе, ол сот арқылы анықталады. Мен мұны үкіметіміздің халыққа берген құқығының бір парасы дер едім. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жемқорлыққа қарсы жұмыс істейтін қызметкерлер әр мекемемізде бар. Оларға жемқорлық туралы арнайы ақпараттар, кеңестер беріліп отырады. Айналып келгенде айтарым, Германияда жоғарғы қызметкерден бастап қарапайым халыққа дейін мемлекеттің тазалығы үшін күреседі. Қазақта мұндайда айтылатын «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген мақал бар емес пе?
– Сіз жемқорлықпен күрес жолдарын айтып кеттіңіз. Ал оны жоюға бағытталған нақты қандай заңдар бар?
– 2000 жылы Германияда жемқорлыққа қарсы халықаралық заң қабылданды. Оның мынандай бабы бар, егер бір неміс азаматы өзге елде пара беретін болса, міндетті түрде Германияның өз заңымен жазалануы тиіс. Бұл заңды қабылдағаннан кейін бірнеше танымал ірі компанияларымыздың басшылары жауапқа тартылды. Бір ірі кәсіпкеріміздің Сауд Арабиясында қымбат көлікпен жүргені белгілі болды. Бұл туралы ақпаратты барлық баспасөз құралдары берді. Заң бойынша іс қозғалғаннан кейін әлгі «пысықайымыз» қарапайым көлікке қайта отырды. Мұндай «мешкейлердің» саны қазір өте аз.
– Жемқорлықты ауыздықтау үшін халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту қажет деген пікір бар. Осымен келісесіз бе?
– Келісуге болады. Ол әлдеқашан дәлелденген пікір. Егер Финляндия, Швеция, Швейцария, Норвегия, Дания, Жаңа Зеландия, Сингапур, Гонконг сынды экономикасы дамыған елдерді алатын болсақ, онда жемқорлықтың анағұрлым аз кездесетінін байқауға болады. Бұл жағынан олар мемлекеттердің көшін бастап келеді. Сондай-ақ осы тізімге Батыс Еуропаның бірқатар халықтарын жатқызуға болады. Германия олардың ішінде 10-шы, АҚШ, Чили, Белгия 20-сыншы орынның төңірегінде тұр. Бұл – экономикасы дамыған елдер. Ал жағдайы нашар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған Чад, Судан, Конго, Түрікменстан – жемқорлық жайлаған республикалар қатарында. Бұл мемлекеттерде жемқорлықты жоюдың, халықтың жағдайын жақсартудың толық мүмкіндігі бар. Мәселен, Конгоны алайық, онда мұнайдың үлкен қоры жинақталған. Шетелдік компаниялар бұл елге миллиардтаған қаржы құюда. Бірақ халқы кедей тұрады. Енді олар пара алып, жемқорлыққа бармағанда қайтеді? Онда халықтың 70 пайызы күніне 1 АҚШ долларындай табыспен өмір сүреді. Аз ба, көп пе, өздеріңіз ойланып көріңіздер. Яғни миллиардтаған ақша белгілі бір топтың қалтасында қалып, ділгірлік сорына белден батқан халық өз жыртығын өзі жамауға мәжбүр болып отыр. Сіз сұрақты дұрыс қойдыңыз. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартпай, ешқашан жемқорлық жойылмайды.
– Ал ұлттың менталитетіне қатысты не айтар едіңіз? Жемқорлық халықтың санасында жылдар бойы қалып қойған, өмір сүрудің бір жолы ретінде қабылдаған түсінігі емес пе? Ел арасында осындай да пікір бар...
– Маған да солай айтқандар болды. Бірақ жемқорлық халықтың сүтпен еніп, сүйекке сіңген әдеті емес. Адамның ішінде жақсылыққа деген сенім жатуы тиіс. Жақсылыққа деген сенім – болашаққа деген үміт. Халықтың менталитетін өзгертіп жіберу мүмкін емес шығар, бірақ халықты жақсы жаққа бұруға болады. Бұл үшін елдің алға, жақсылыққа талпынысы керек. Бірлесіп қимылдағанда ғана мемлекет жемқорлықтың жолына бөгет қоя алады. Өздеріңіз білесіздер, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германияның экономикасы құлдырады. Елімізде 99 пайызға дейін дағдарыс болды. Яғни неміс халқы күйреп бітуге жақын қалды. Бірақ біз халықтың табандылығының арқасында, бірлігінің нәтижесінде барлық ауыртпалықты еңсердік.
– Қазақстанда жемқорлықты жоюдың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
– Біріншіден, Қазақстанға сайланбалы соттар керек. Бұл соттың үлкен салмағы, халық алдында сенімі болуы қажет. Ол сенімге шынайы, халыққа адал қызмет еткенде жетуге болады. Германияда әр сала қызметкерлерінің айлығын көрсететін арнайы тізім бар. Одан министрден бастап қарапайым көше сыпырушының айлығына дейін білуге болады. Тізім кез келген адам үшін ашық. Қазақстанда сондай тізім ұйымдастырылса жаман болмас еді. Германияда мемлекеттік лауазымды қызметкер қымбат көлік мініп жүрсе, оған дереу тексеру жүргізіледі. Оның, көлікке ақшаны қайдан алғаны анықталады. Бұл – жемқорлықты жоюдың ең оңай, қарапайым әдісі. Қазақстанда, мысалы, «Мерседес 500» маркалы көлігін кез келген адам жүргізіп жүр. Ал бізде ондай қымбат темір тұлпарға тек жоғары лауазымды шенеуніктер мінеді. Германияда ешкім тексеруден құтылып кете алмайды. Тіпті штаттан тыс қызметкерлер болса, олардың табысын төлеген салығы арқылы біліп отырамыз. Қазақстанда да бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр, бірақ әлі әлсіз.
– Германияда да парамен ұсталып, түрмеде отырған шенеуніктер аз емес шығар?
– Ел болғаннан кейін ондай оқиғалар болып тұрады. Бізде мемлекеттің миллиардтаған қаржысын жымқырып қалтаға басқандар ғана емес, өз ісіне немқұрайды қараған қызметкерлер жауапқа тартылады. Ондайды мемлекет кешпейді. Азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі жоғары болуы тиіс. Бізде бір партияны басқаратын Куль деген азамат мемлекеттің берген қаражатын тіпті өзі үшін емес, партиясы үшін жаратқандығы себебінен істі болды. Елдің ақшасын тиісті жерге жұмсамағаны үшін ішкі істер министріміздің бірі екі жыл шартты жазасын алды. Германияда қарапайым азаматқа қарағанда, лауазымды тұлғалардың мемлекет алдындағы міндеті ауыр. Егер шенеуніктеріміз 10 мың евро пара алатын болса, үш жылға дейін шартты түрде жазаланады. Ал мұндай жағдай кәсіпкердің басына түссе, ол айыппұл төлеп құтылып кете алады.
– Лауазымды тұлғалардың айыпталып жатуы қарапайым халықтың билікке деген сенімін жоғалтпай ма?
– Бізде халықтың сенімінен толықтай шығатын негізгі үш сала бар. Оның қатарына тәуелсіз сот, медицина, полицейлер жатады. Бұл салаларда жемқорлық аз кездеседі. Ал жоғары лауазымды адамдарға келер болсақ, әрине, олардың қылмысты болып жатуы елдің күдігін туғызатыны рас. Бірақ, мен сіздерге айтайын, Германияда халықтың билікке деген сенімі мықты. Бұл, бір жағынан, ел тізгінін ұстаған адамдардың адал қызмет ететіндігі, былық істердің аз кездесуіне байланысты болуы мүмкін. Қазақстан сияқты бізде де қия басқан шенеуніктер шекпенінен айырылып, жазаға кесіледі. Атын атамай-ақ қояйын, бір денсаулық сақтау министріміз Испанияда болған кезде Германиядан өзінің қызмет көлігін алдырған. Себебі онда министрдің екі маңызды кездесуі болған екен. Алайда аталған елде оның көлігі ұрланып кетеді. Кейін оған тексеру жүргізіліп, расында да, министрге көлік қажет болғаны анықталды. Осыдан кейін сот та, халық та оны кешті. Бізде мұндай жағдайлар кездескенімен, олардың көбі жақсылықпен аяқталады.
– Жемқорлықты жоятын сот қызметі екені белгілі. Бірақ кейде соттың өзі парақорлық, жемқорлыққа барып жатады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Германияда соттар қалай сайланады?
– Германияда соттарды белгілі бір орган сайламайды. Оларды арнайы құрылған комиссия мүшелерінің дауыс беруі нәтижесінде таңдап алады. Германияда сот болу ең қиын қызмет болып есептеледі. Егер 100 сот болса, соның тек санаулы бөлігі ғана өз қызметінде ғұмырлық қалады. Соттарды сайлайтын комиссия құрамына осыған дейін сайланған соттар, адвокаттар палатасы сайлаған құқық қорғаушылар, партиялардың өкілдері кіреді. Оған әділет министрі басшылық етеді. Бізде соттарға үлкен құзырет берілген. Федералды Конституциялық соттың мемлекеттегі қажет емес деп тапқан кез келген шешімді алып тастауына құқық бар. Немістер Ауғанстан, Югославиядағы соғысқа Жоғарғы соттың шешімімен қатысты. Бас сот Германияның өзге елдерден қарызға қанша ақша алу керектігін де шеше алады. Біздің соттар күніне халықтың жүздеген мың істерін қарайды. Ал енді сот қызметкерінің пара алу жағына келетін болсақ, олар екі-ақ жағдайда бұл қылмысқа барады. Оның санасын парақорлық жайлаған не болмаса әлеуметтік жағдайы дұрыс емес, яғни жалақысы төмен.
– Германияда мемлекеттік қызметкерлердің орташа айлық жалақысы қанша?
– Егер соттарды алсақ, оларға мемлекет ай сайын 5-6 мың евро беріп отырады. Әрине, жалақының мөлшері Германияның ішкі жағдайына байланысты қойылған. Бізде ай сайын коммуналдық қызметтің өзіне кейде 1,5 – 2 мың евро жұмсалады. Біраз жыл бұрын оның көлемі тіпті аз болатын. Халықтың бұл ақшаға көңілі толады. Ең маңыздысы, азаматтар сабырлы. Ал қалған мәселе уақыт өте шешімін табады.
– Герд мырза, Қазақстанда біраз уақыт болдыңыз. Бұрын да жерімізге талай табан тіредіңіз. Еліміздің бүгінгі дамуына қандай баға бересіз?
– Қазақстан – жылдам гүлденіп келе жатқан мемлекет. Аймақ елдерінің арасында экономикалық өсу қарқыны жағынан көш бастап келеді. Жалпы, жағдайы жақсы елде барлық нәрсені істеуге мүмкіндік бар. Әл-ауқаты жоғары халық мәдениетін де көтеріп, жемқорлықты да ауыздықтай алады. Қазақстан – болашағы үлкен ел. Сіздермен қазір алпауыт елдердің өздері санасып отыр. Осындай мәдениетке, өнерге бай халықпен дос болғаныма қуаныштымын. Қазақстанның мейманасы асып, биік белестерден көріне берсін деп тілеймін.