Ғалымын сыйламаған ел өзінің болашағына балта шапқанмен парапар

Ақтолқын ҚҰЛСАРИЕВА, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу істері жөніндегі проректоры, философия ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі:

– Ақтолқын Тұрлыханқызы, еліміз­де Тәуелсіздік алған жылдардан бері ғылым саласын дамытуға бағытталған ке­шенді түрде мемлекеттік бағ­дар­ламалар қабылданып келеді. Министр­лік тарапынан білім мен ғылымды да­мы­туға арналған реформалар қа­был­­данды. Осы салада орындалған жұ­мыстарға ғалым ретінде, сарапшы ретінде пікіріңізді ортаға салсаңыз.
– Ғалым ретіндегі пікірім былай: гео­логияда тектоникалық (терең жер қыр­ты­сының) қозғалыстар деген түсінік бар яки жер бедерін түбегейлі өзгерістерге алып келетін жердің терең қойнауындағы күр­делі қозғалыстар, меніңше, ғылым саласын жетілдіруде сондай іргелі істер жасалып жатыр. Расында, солай демегенде не дерсіз, білім және ғылым министрі Б.Жұ­ма­ғұловтың айтуынша, 2011 жылы ғылым­ды қаржыландыру көлемі 26,8 млрд теңгені құраса, 2012 жылға 49,7 млрд теңге бөлініпті. Демек, қара­жат­тандыру көлемі 61 пайызға өскен.
2015 жылға қарай ғылымға кететін шығыстар жалпы ішкі өнімнің 1 пайызын, ал 2020 жылы 1,5 пайызын құрайтындығы жоспарланып отырса, бұл үлкен жетістік деп қуану керек.
«Ғылым туралы» Заң ғылыми саланы басқарудың жаңа да тиімді моделін бекітіп берді. Білім және ғылым министрі: «Жаңа заң бізге жаңа бағыт береді», – деп кеңестік жүйенің қалдығы ретінде ұзақ жылдар бойы жасанды түрде жоғары білім жүйе­сі­нен бөлініп келген академиялық ғылымды, дамыған елдер тәжірибесіне жүгіне оты­рып, бірте-бірте университеттік ғылыми ор­тамен біріктіру идеясының же­міс­ті болатындығын баса айтқан болатын.
Ғылыми-ізденістерді коммерциялаудың тәжірибесі мен тетіктерін меңгеру үшін де қабылданған заңның берері көп дей отырып, министр 400-ден астам ғылыми ұйым­да жұмыс істейтін 22 мың ғалымның ендігі жерде құрдан-құр өткенді көксеп қана емес, қазіргі шындыққа икемделе жұ­мыс жасауы керектігін айтты. Жетекші ға­лым­дардан тұратын ғылыми-техникалық сараптаманың болуы да ғылыми жобалар мен бағдарламалардың қарастырылу ба­ры­сын жеңілдетіп, іріктеу кезіндегі әділдікті арттырды.
Ғылыми-зерттеулерді қаржыландыру тетіктерінің әртараптануы да келелі мә­се­ле­лерді шешу құралына айналғанын айту керек. Гранттық қаржыландыруды енгізіп, министрлік әлемде қабылданған жүйеге басымдық берді. Ғылымға, нақты зерт­теу­лерге жұмсалатын шығындармен қатар, мем­лекеттік ғылыми ұйымдар мен ЖОО-лардың ғылыми инфрақұрылымдарының ком­муналдық төлемдерін, әкімшілік шы­ғын­дарын, қызметкерлерге беретін жа­ла­қы­сын жабатындай негізгі қар­жы­ландыру көзінің болуы да біраз мәселені жеңілдетті. Каржыландырудың бағдарламалық-мақсаттық тетігі мемлекеттік бағдар­ла­ма­ларда көзделген немесе өзге де жоғары деңгейлі құжаттарда көрсетілген стра­те­гия­лық маңызы бар мемлекеттік міндеттерді    шешу  үшін    қызмет етеді. Осылардың бар­­лығы – ғылыми-зерттеулер сапасын қам­тамасыз ету үшін жасалып отырған ке­шенді іс-шаралар. Қарап отырсақ, құзырлы орган – министрлік құқықтық жағын, ре­сурс­тар мен ұйымдастыру құрылымдарын реттеп берді, ендігі жерде қалған дүниенің бар­лығы біздің ғалымдарымыздың ынта-ықы­­ласында, олардың әлемдік ғылыми трен­ді­лерді аңғара білуінде және ғалым ретінде қатаң тәртіптілікпен, еш нәрсені шашау шы­ғармай кешенді зерттеулердің көзін тауып үйлестіре білуінде жатыр.
Ғылыми дәрежелерді ғылымнан мүлде алыс адамдарға беру меңдей бастаған сәтте кандидат-доктор даярлаудың дәс­түрлі жүйесін бұзу қаншама ғалымға ауыр тигенін мен жақсы білемін. Сөйте тұра, бұл шараның үлкен мәжбүрліктен туын­да­ғанын, асқан қамкөңілділікпен жасал­ған­дығын да түсінемін әрі жақын болашақта өзінің қазақ ғылымына пайдалы болған­ды­ғын көрсетеді деп сенемін. Қазақстанның жетекші университеттерінде PhD доктор­лар­дың даярлануы, олардың алыс шетелдік ірі университеттерде тағылымдамадан өтуі, ғылыми байланыстардың нығаюы со­ның куәсі емес пе?!
– Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде серпінді дамуды стратегиялық мақсат еткен, сол мақсатқа жету жо­лын­да экономикалық рефор­маларды табысты іске асырған мемлекет ретінде танылды. Ал елдің рухани, өнегелі, ин­теллектуалды дамуы тұрғысында біз артта қалып қоймадық па?
– Жоқ, бірақ кеңестік идеологияның ор­нын не басар екен деп абдырып тұрып қал­ған сәттің болғаны рас. Қоғамдық-эко­номикалық күрделі өзгерістер аясында ондай-ондай талай мемлекет басынан өтті ғой. Дегенмен Елбасының жыл сайын хал­қына арнап отырған жолдауларында идео­логиялық бағдар беріліп отырғаны кімге де болсын белгілі. Бірақ соны идеология тасы­малдаушы көздер арқылы: көркем шығар­малар, ғылыми ізденістер арқылы, БАҚ өнім­дері арқылы, ұйымдастырылған іс-ша­ра­лар арқылы көпшілікке таратып, та­ны­мал ете алдық па – бұл өз алдына мәселе.
Қазіргі шақта еліміздің қарқынды жаң­ғыру (модернизация) жағдайында идео­логия қазақстандық қоғамды бір тудың астына жинап, ортақ азаматтық бірлестікке бас біріктіруші императив болуы тиіс шығар. Бұл тұста идеологияны сонау марксис­тік тұрғыдан қарастырғандағы қандай да бір таптық әлде партиялық мүддені көздеу жолы деп емес, біртұтас қоғам құрудың тарихи-мәдени тәсілі деп қабылдаған жөн.
 АҚШ еш уақытта идеология деп айғай салмағанымен, «бiз бәрiнен мықтымыз, бiз бәрiнен биiкпiз» деген үстемдікке саятыны байқалады емес пе?! Оған ақпараттық-экономикалық қауқары да жеткілікті. Франция да «бiздiң мәдениетiмiз бәрiнен мықты, біз ең мәдениеттi халықпыз» деп көкірек кереді, жапондар да, қытайлар да өзін әлемнің дәп ортасына қойып, басқа­лармен ісі жоқтығын танытып-ақ жатады. Кеше ғана дерлік «есін жиып, етегін жап­қан» Израильдің өзі қаншама ғасырлық құлдықты басынан кеше жүріп, «бiз Құдай­дың назары түскен халықпыз» дейді. Біз де Қазақ елі – Жерұйық деп яки бақытқа кенел­ген мамыра-жай құтты мекен деп жері­мізді мадақтасақ неміз кем?! Қазақ та Тәңірі жарылқаған ел десек, оның жері нағыз жаннат – Жерұйық десек, ал жұрты интел­лектуал ұлт десек жараспай ма?! Жарасады! Солай болады да! Солай қылуымыз керек деп білемін. Ол үшiн не қажет? Бiрiншiден – береке-бірлік; екiн­шiден – ғылым-бiлiм, инновацияға жаппай жан­құмарлық; үшін­шіден, ақ-адал еңбекке деген құрмет қажет.
– Шетелдерге ғылыми тәлімгерлікке шығып жүрген ғалымсыз. Көңілге түй­ген пайымдауыңыз бойынша еліміздегі ғылым мен білім дамуына оң ықпал етуі тиіс әрі кедергі келтіріп отырған факторларды атап талдасаңыз.
– Оң ықпал етуі тиіс дүниелер көп қой... Жал­пы айтқанда, дамыған елдерде болып келген кез келген адам мемлекеттің өз азаматтарына жағдай жасауға қатты тыры­сатындығын байқап, «бәрі де адам игілігіне жасалған» деп таңғалады. Ол ұран емес, нақты жағдай болуы тиіс.
Ғылыми жұмыстың соған жіберген ақшаның өлшеміне шаққандағы нәти­желілігінің келесідей дәйекті көрсеткіштері бар: жарияланымдар саны, жарық көрген ғылы­ми жұмысқа сілтеме жасау саны. Ғалымның жасаған жұмысына деген ғылы­ми көпшіліктің назары, әлемдік ғылыми тренділерге қатысты-қатыссыздығы содан белгілі болады. Жарияланымдық белсен­ділік, нақтылап айтсақ, әлемдік деңгейдегі рецензияланатын әрі сілтемелері көп ғылыми журналдарда жариялану іргелі зерттеулердің сапалық көрсеткіші болып отыр.
Болашақта ғылыми институттарды және лабораторияларды халықаралық ау­дит­тен өткізу де қажет болар деп ой­лай­мын. Сонда олардың бәсекеге қабілеттілігі бірден анықталады. Жемісті ізденіс топтарына деген сұраныс артады. Ондай ғалымдарды өз қатарында ұстау үшін талай уни­верситеттер таласатын болады, нәти­же­сінде ғалымдардың жұмыс жағдайы жақсарады.
Интеллектуалдық миграция – жаһан­дану жағдайында заңды дүние. Акаде­мия­лық ұтқырлық, мобильділік туралы ести-ести құлағымыз үйренгені рас, енді ғылыми ұтқырлық туралы айтатын кез келген болар. Жас ғалымдардың өзінің зерттеуіне жақын әрі пайдалы ғылыми ұжымдармен бай­ла­нысын қамтамасыз ету үшін арнайы «трэвел-гранттар», яғни бару-келу жолын, жатағына кететін қаражатты көтеретіндей ақша бөлінуі тиіс деп ойлаймын әрі оны бөлу процедурасын неғұрлым жеңіл ету қажет. Ол үшін, ең бастысы, ғалымға деген құрметпен қатар сенім де қажет!
Шетелде ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыс жақсы жолға қойылған: лабо­рато­рия­лық жабдықталу деңгейі, қара­жат­тандыру деңгейі жоғары, өз ғылыми қызығушылығы бойынша ғалым­ның кез келген елдегі, жердегі семинар-конфе­рен­ция­ларға қиналмай бару мүмкіншілігі анық, профессор ғалымдарға жақсы жұ­мыс жағдайы жасалған – аптасына 9-10 сағат сабақ береді де, қалған уақытында ғылыммен айналысады, әр профессордың жайлы да жабдықты кабинеті бар... Sabbatical – басқа елге ғылыми ізденісі бойынша бару үшін немесе кітап жазып шығу үшін 1 жыл көлемінде берілетін мін­детті шығармашылық демалыс тағы бар, tenurе-track – «өмірбақилық» профес­сор­лығы тағы бар...
Біздегі жауапкершіліктің аздығы, уа­қытты үнемдемеу, қойылған мақ­сат­тар­дың нақтылығының жеткіліксіздігі әлі де болса «әттеген-ай» дегізеді ғой. Жоғары кәсі­билік, қойылған міндеттерді дер кезінде шешу сынды заманауи менеджерлік қа­сиет, сыни көзқарас пен ғылыми талғамның қа­лыптасуы – өте маңызды процесс.
Шетелдерге іссапармен барғанда талай таңғалатыным – олардағы ғалымға деген сенімнің жоғарылығы. Біздер іссапар куә­лігін көтеріп жүріп, мөр басып бер деп жа­лын­ғандай боламыз барған универ­ситетімізге, олар мөр таба алмай (өйткені ол жақта қол қойылған соң, оны қосымша мөрмен растаудың қажеті шамалы) дал болады, сөйтіп, екі жақтың әбігерге түсіп жатқаны. Сонда олар бізге деген талап­тар­ды түсіне алмайды, «сіздердің ұшып келу-кету билеттеріңіз бар, сонда сіздердің осы университетте немесе ғылыми орталықта болғандықтарыңызға неге күмән келтірілуі керек» дейді. Біздер басқан ізімізге құжат іздеп, суретке түсіп (нақты айғақты көр­се­теміз ғой деп) әуреленеміз де жатамыз. Сенім жоқ жерде бәрі де қиын...
– Мәдениеттану саласындағы кө­сем­­сөздеріңіз бен ғылыми еңбек­теріңіз көпке танымал. Бүгінгі ақпараттық қоғам, білім қоғамын құру жолында мәдени үрдістердің алатын орны тура­лы таратып айтып берсеңіз.
– Болашақта экономикаға еңбекке қа­бі­летті тұрғындардың 20-30 пайызы ғана қамтылатын болады. Қалған бөлігі оқуға, өзін-өзі дамытуға ден қояды, қоғам­дық еңбекпен шұғылданады. Мәдениет, өнер, рухани аяда қызмет ететін адам­дар­дың экономикадағы үлесі айтарлықтай артады деген болжаулар айтылады. Білім, ақпарат кез келген экономиканың басты бөлі­гіне айнала отырып, қоғамда зият­кер­лердің және мәдениет қайраткерлерінің әлеу­меттік тобының басымдық көрсетуіне әкеледі дейді. Бұл басымдық тек саясатқа, басқаруға ғана қатысты емес, сонымен қатар жекеменшікке де қатысты болмақ. Жекеменшік тұрғысынан алғанда, зият­кер­лік меншік өнеркәсіп, қаржы, жыл­жы­май­тын мүлікке деген меншікті шетке ығыс­тыра отырып, меншіктің билеуші формасына айналады деген де сөз бар әрі негізсіз емес деп ойлаймын. Оның меншіктің басқа фор­ма­ларымен арақатынасы жүздеген мәрте өзгерері анық. Америка Құрама Штат­та­ры­ның өткен ғасырдың 80-жылдары білімге, онымен қосарлас ақпараттық және ком­му­ни­кациялық жүйелерге дер кезінде тізгін беруі АҚШ-тың дәл қазірде экономикалық серпіліс жасауына түрткі болды.
– Ақтолқын Тұрлыханқызы, таяуда ҚР ҰҒА корреспондент-мүшелігіне сай­лан­дыңыз. Әңгіме барысында сізді оқыр­мандар атынан құттықтаймын.
– Көп рақмет! Ғылым жолына түскен кез кел­ген адам үшін бұл атақ үлкен мәртебе болып табылатындықтан, Ұлттық Ғылым ака­демиясына корреспондент-мүше болып сайлану мені қанаттандырды десем артық айтпаған болар едім. Сонау Платон ака­демиясынан бастауын алып жатқан ғалымдардың ең мәртебелі қауым­дас­ты­ғына мүше болу – мен үшін философ ре­тін­де мағынасы зор, рәмізді оқиға.
Ғылымды дамытудың академиялық дәс­түріне университеттік жаңа қарқын ке­ліп қосылса, меніңше, нұр үстіне нұр бо­ла­ды деп ойлаймын. Қай кезде де ғылым ор­дасы, ғылыми-мәдени дәстүр көзі бол­ған Ұлттық Ғылым академиясына, оған мү­ше академиктер өздерінің тәуелсіз дербес ой­лылығымен, сыни көзқарасымен, ғы­лым саласындағы асқан абыройымен халықты тәнті еткен Ұлттық Ғылым ака­де­мия­сына мүше болу үлкен сенім және ма­ңыз­ды жауапкершілік деп қараймын.
– Ұлттық Ғылым академиясына сай­лау соңғы 17 жыл ішінде кең көлемде алғаш рет өткізілді. Ғылым академиясы Ғылым министрлігі – Ғылым акаде­мия­сы, мемлекеттік мекеме және рес­публикалық қоғамдық бірлестік болып үш рет өз мәртебесін ауыстырды. Осын­дай реформалар еліміздің Ғылым академиясы мәртебесіне, оның ғылым бренді ретінде танылуына кері әсерін тигізері анық. Сіз ғалым ретінде ака­де­мия­лық үрдістердің жаңғыруы, толы­ғуы­на қандай ұсыныстар айтар едіңіз?
– Ғылым академиясының мәртебелік түр өзгерістері бір біздің Ғылым ака­демия­мыз­ға ғана емес, жалпы, посткеңестік әлем­­нің барлығына да тән үрдістер ретінде қа­былдағандықтан, асқан драматизм көріп тұрған жоқпын. Өзгерістер заман тала­­бына сай туындағандықтан, оған икем­­деле білген академия өзінің өмір­шеңдігін танытып отыр деп білемін. Біздің академияға үлгі болған, Петр патша негізін қалаған Ресей Ғылым академиясының ал­ғаш­­қы мүшелерінің қандай жас болғанына таң­ғаласың... Атап айтсақ, математиктер Л.Эйлер мен Д.Бернуллилер 20 жаста, тарих­шы Ф.Миллер — 22, механик Н.Бер­нул­ли 25 жаста, тағысын-тағылар... Біздің академия да өз қатарын жасартып алу үшін сайлау өткізіп, ғылым ордасындағы ұрпақ­тар сабақтастығын қамтамасыз ету жолын­да маңызды қадам жасады.
Аты көп, заты жоқ академиялардың қап­тағандығының кесірінен бе, білмедім, «ака­демия» ұғымының өзі «де­валь­вация­ланғандай», құнсызданғандай болып көрі­ніп кеткен соңғы жылдары, академияның қоғам­дағы салмағы, мәртебесі туралы ойлар әр ғалымды мазалап жүрген шақта осындай сайлаудың өтуінің өзі ғылыми жұртшылықты бір сілкіндіріп тастады дей аламыз. Енді осы жақсы жаңалықтар бо­ла­шақ тиімді іс-шараларға мұрындық болар деген үміттеміз.
Сайлау нәтижесін жариялап тұрып Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынұлының айтқан сөздері маған үлкен әсер қалдырды: ұлттың ин­тел­лек­туал­ды қазынасы болып табылатын, дәс­түрін Қаныш Сәтбаевтар қалаған бірегей ұжымның өкілі болғандығымды сезіндірді. Оның үстіне, академик апайымыз Әлия Сәр­сенқызының осы сайлауда қыздардың сырт қалмағандығын атап өтіп, қазақтың ғалым қыздарының атынан академияға арнаған алғыс сөзі де өте қатты тебірентті. Мен үшін идея болып көрінетін, басқалар идея фикс деп ойлар, таяз ойлайтын әлде­бі­реулер үшін, бәлкім, феминизм де болып көрінер, әйтеуір бір жұмылдырушы, жігер­лендіруші ой бар. Ол – қазіргі қазақ қыз­дарының ер адамға бергісіз белсенді аза­маттығы, қайраткерлігі, іскерлігі, жан­­кеш­­тілігі. Талай ер адамды өзіме қарсы қойып алармын, сонда-дағы «Айтпаса сөз­дің атасы өледі» демекші, мен азды-көпті өмірлік тәжірибемнен байқадым:  өзіне-өзі сенімді, көкірек көзі ашық, жан сарайы кең ер-азамат әйелді тек әйел деп қабылдамай, оның терезесі тепе-тең серіктес ретіндегі, азамат ретіндегі, сенімді де адал жолдас бола білетін жаны нәзік тұлға ретіндегі қырын аша біледі, оны қал­ған­дарына көрсете де біледі. Ал психо­ло­гия­лық заң­дылыққа сай, білесіздер, сана­дан тысқары терең жатқан жойқын қуатты қатпар – бейсаналық деңгейде сыр беріп қоя­тын кембағалдық комплексі бар еркек, сырт қарағанда мың жерден қоқиланып тұр­са-дағы, әйелді тұлға деп қабылдай алмайды. Өйткені тұлғаны тану үшін өзің тұлға бола білуің керек деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет.

Алашқа айтар датым...
Ғалымын сыйламаған, мәдениетін әлпештемеген ел өзінің болашағына балта шапқанмен парапар. Ендеше, қалтасы қалың болғанмен, көкірегі көр пақырды емес, инемен құдық қазғандай бейнеті бар ғақлиялы ғалымды, азаматтығы мықты ақынды ардақтаңыздар, ағайын! Оларға да гүлзарды күткендей күтім керектігін естен шығармау қажет.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста