Ғалымға жағдай жасалған жерде ғана ғылым қарыштап дамиды

Ғалымға жағдай жасалған жерде ғана ғылым қарыштап дамиды

Қаныш СӘБДЕНОВ, ғарыш техникасы саласының жоғары білікті маманы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор:

Кезінде әртүрлі себептермен шетелге қоныс аударған танымал ғалымдарымызды туған жерге қайтару мәселесі тиісті билік орындарында жан-жақты қарастырылып, ресми түрде қызу талқыланып жатқаны белгілі. Бұл жөнінде биыл қараша айының бас кезінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жалпы отырысында «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім еткен болатын.
Қазіргі таңда 125 қазақстандық ғалымның шетелдің ғылыми әлеуетін арттыру жолында жұмыс істеп жатқаны анықталған. Орайы келгенде айта кетейік, бұл – ресми түрде нақтыланған мәлімет.
Осы орайда, өз ғалымдарын өз еліне қайтарып алу жөніндегі бағдарламаларын әлдеқашан жасап, оны байыптылықпен жүзеге асырып жатқан Ресей және Қытай секілді алып көршілеріміздің ізін ала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ел Үкіметіне әр жылдары әртүрлі себептермен шетелге кетіп қалған көрнекті жерлес ғалымдарымызды қайтару туралы ұсыныс жасау бастамасы тек қана қолдауға лайық.
Осы орайда, өзге елдің ауасымен тыныстап, жат жұртта жүрген қазақтың оқымысты азаматтарын өзімізге шақырып, олардың жемісті жұмыс істеуіне жағдай жасау секілді маңызды мәселе Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қолға алынып, жүзеге асырылып жатқанын айтқымыз келеді.
Жақында біз Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде шетелден шақырылған маман ретінде осы білім ордасында қызмет істеп жүрген физика-техникалық факультеті ғарыштық техника және технология кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қаныш Орақбайұлы Сәбденовпен жүздесіп, әңгімеге тартқан едік.

– Қаныш Орақбайұлы, өмірбаян­дық мәліметтеріңізге қарап отырсақ, сіз орта мектепті бітірген соң, Ресей­дің Томск мемле­кеттік университеті­нің физика-техникалық факульте­тіне оқуға түсіп, оны тамамдап, сон­да жұмыс істеуге қалыпсыз. Сол жақта жүріп кандидаттық қана емес, докторлық диссертацияңызды да табысты қорғап­сыз.
Аталған жоғары оқу орнының аспи­ран­турасында оқып жүрген кезіңізде үш рет Ресей Федерациясы Президентінің стипен­диясына, үш рет Сорос қорының стипендия­сына ие болыпсыз. Бірнеше рет Томск облыстық және қалалық әкімдік­тер­і­­нің, Томск мемлекеттік және политехникалық университеттерінің ғылым және білім салаларындағы сыйлықтарын алыпсыз.
Айтыңызшы, Ресей жоғары мектебі сізді несімен қызықтырды?

– Менің ресейлік жоғары оқу орнын таңдауымның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, мектепте оқып жүрген ке­зім­де ғылыми-көпшілік кітаптар мен жур­нал­дарда сол кездегі Кеңес Одағының ғылым мен техника саласындағы жетістік­тері жайында өте жиі жазылатын, оның өзінде үнемі Ресейдің ғалымдары, жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу инс­титут­тары алдымен ауызға алынатын. Бұ­дан шығатын түйін – бұрынғы КСРО сияқты алып мемлекеттің аумағындағы барлық ғылыми-техникалық жетістікке ресейлік ғылыми қауымдастық пен ұжымдардың арқасында қол жеткізіліп жатыр деген қоғамдық пікір қалыптасқан еді. Міне, сол себепті де Мәскеу физика-техникалық институтына оқуға түсіп, сонда жоғары білім алғым келді.
Дегенмен арманым асқар таудай бол­ғанымен, нақты тұрмыс-тіршілік толқыны менің ойлағанымнан басқаша тулап жатты. Олай дейтінім – 17-ге келіп, кәмелеттік жасқа толғанша өмірімде өзімнің туған ауылымнан тыс жерге шығып көрмеппін. Отбасымызда жеті бала болдық та, үй шаруа­сы­мен көбірек шұғылданып, таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыс істеуге тура келді. Ол кезде ұшаққа мініп  ұшып көру деген тек қана ертегілерде бола­тын қиял-ғажайып нәрседей еді, пойыз, троллейбус және трамвай сияқты жолаушы­лар таситын көліктердің түрлері бар екенін тек қана газет-журналдардан оқып, теледидардан ғана көретінбіз. Қысқасын айтқанда, мектепті бітірген кезімде өзімнің қым-қуыт өмір өткелдерінен өтуге мүлдем дайын емес екенімді байқадым.
Осылайша енді әрі қарай не істеу қа­жет­тігін ойлап жүргенімде, көрші ауылда тұратын Попов Игорь Михайлович деген досым келді де, өзімен бірге Томск қала­сы­на бару туралы ұсыныс жасады. Мен до­сым­ның ұсынысына ойланып жат­пай бір­ден келістім, оған қазір өкінбеймін де. Сөй­тіп, біз Томск мемлекеттік универси­тетінен бір-ақ шықтық.
Игорь досым мені қала өміріне үйретті, несін жасырайын, кейде тұрмыстың қара­па­йым қағидаларын білмегендіктен қо­лайсыз жағдайларға тап болып қалып жүр­дім, тіпті милицияға да түскен күндерім бол­ды. Мұндай кездерде Игорь маған қол ұшын берсе, ал мен оған математика және физика пәндерін жетік меңгеруге көмектесіп жүрдім.
– Өзіңіздің зерттеу жұмыстары­ңыздың ғарыш саласымен тығыз байланысты ғылыми бағыттарының ерекшеліктері – газ және ракета отынының жануы кезінде пайда болатын жылу-физикалық және гидрогазодинамикалық әсерін оқырман қауымға түсіндіріп берсеңіз.
– Біз білім алған Томск мемлекеттік университетінің физика-техникалық факультеті бұрынғы КСРО-ның әскери-өнеркәсіптік кешені саласы үшін мамандар даярлайтын. Мен үшінші курста оқып жүр­ген кезімнен ракета отындарының жануы мәселесімен бастап шұғылдана бастадым.
Ракета қозғалтқышының жұмыс істеуі кейде тұрақсыз болады: жану камерасын­дағы қысым көп ауытқиды, оған қоса жо­ға­ры жиіліктегі 10-20 мың герц шама­сын­дағы дыбыс пайда болады. Мұндай акус­ти­калық тұрақсыздық не қозғалтқыш­тың техникалық сипаттамасын нашарлата­ды, не оны қиратып тынады. Осы ауытқу­шылықтың пайда болу себептерін іздеу ісімен әлемнің көптеген елінің ғалым­дары жарты ғасырдан астам уақыттан бері шұғылданып келеді. Бүгінгі таңда бұл мәсе­лені шешудің тек физикалық негіз­дел­ген болжамдары ғана бар. Мұның себебін ғалымдардың нашар жұмыс істеуінен деп түсінбеу керек. Аталған өзекті мәселені шешу жолдарын қарастыру жұмысымен КСРО Ғылым академиясының академигі Я.Б. Зельдович, профессор Б.В. Новожилов, АҚШ профессорлары Ф.Вильямс, Дж. Сполдинг, Т. Янг, Голландия профессоры   де  Лука және басқа да көптеген ғалым шұғыл­данған.
Акустикалық тұрақсыздықтың пайда бо­луы бірдей жағдайда қайталанатын ұқсас физикалық құбылыстардың қатарына сәйкес келе бермейді. Кейде мынадай жағдай да кездеседі: екі бөлек қозғалт­қыштың ракеталық отыны өзара бірдей болуы мүмкін, бірақ оның біреуінде ауыт­қушы­лық пайда болады да, ал екіншісінде ондай өзгеріс орын алмайды. Бұдан шы­ғатын қорытынды – қозғалтқыштар іс жү­зін­де бірдей емес: олардың біз байқап, көре білмеген қандай да бір ерекшеліктері бар. Мұндай жағдай акустикалық ауыт­қу­шы­лық өзінің негізіне өте күрделі және сезімтал физикалық әсерді (немесе, бәл­кім, осындай бірнеше әсерді) жасырып тұр дегенді білдіреді. Ал бұл тұрақсыздықтың өзі – осы әсердің сыртқы көрініс табуы ғана.
60 жылдан астам уақыттан бері бел­гілі тағы бір өзекті мәселе бар. Бұл – эро­зиялық әсер: отын жануының жылдамдығы өзгеріске ұшырап жатқан кезде, ракеталық қозғалтқыштардағы жанған газды өнімдер отынның жоғары бетінің бойымен қозға­лады. Егер ол азаятын болса, бұл – теріс эро­зиялық әсер деген сөз. Жану жылдам­дығының арту құбылысы «дұрыс эрозиялық әсер» деп аталады. Осындай эрозия құбы­лы­­сын танып-білуге КСРО Ғылым академия­сының академигі А.М. Липанов үлкен үлес қосқан еді.
Енді газдардың жануы туралы бірер сөз. Егер ұзын құбырды жанғыш газбен (мысалы, пропан мен ауаның қоспасымен) толтырып, оның екі жағын ашық қалдыра отырып жағатын болсақ, құбырдың ішіндегі жалын қозғалысының жылдамдығы арта түседі. Біраз қашықтықтан өткен соң, жа­лын­ның жарқылы мен жылдамдығы бірден күшейіп кетеді. Бұл жану үдерісінің жаңа түрі – өте үлкен қиратқыш күші бар детона­ция­лық толқынның пайда болғанын білді­реді. Ішкі қабырғаларына жұқа құм қабат­тарын жапсыру арқылы құбыр аузының көлемін тарлау етіп қойсақ, детонациялық толқынның пайда болу қашықтығы азаяды. Кезінде КСРО Ғылым академиясының ака­демигі К.И.Щелкин детонацияның өз бе­тін­ше пайда болу ерекшеліктерін сынақ түрінде тексеріп көріп, оған жан-жақты зерт­теу жүргізген.
Аталған әсердің теориясына талдау жасаудың іс жүзіндегі маңызы өте зор – көмір шахталарының тоннельдері қабыр­ғалары тар құбырлар, ал ондағы жанатын газ метан мен ауаның қоспасы болып табы­лады. Сондай-ақ ұзыннан-ұзақ дәліздері құбырларға ұқсайтын өндірістік ғимараттар да кездеседі. Егер онда қандай да бір се­беп­тер бойынша жанғыш газ пай­да болса, оның жарылу үдерісі жоғарыда сипатталған әсермен бірдей.
– Сізге Нью-Йорк Ғылым академиясының, Стивен Спилберг Планетарлық қоғамының, АҚШ Ұлттық географиялық қоғамының, Америкалық инженерлер қауым­дас­тығының және басқа да ғылыми ұйымдардың мүшесі болуға шақы­рулар келген екен. Амери­ка­лық ғылыми мектептердің Қазақстан мен Ресейдегі осындай орталық­тарынан қандай ерекшеліктері бар?
– Ғылыми мектептердің ерекшеліктеріне көптеген фактор әсер етеді. Мұндай жағ­дай­да тиісті ғылыми мектеп орналасқан ел­дің экономикалық дамуы мен халқының дүниетанымдық менталитетінің ықпалы жоғары.
Мен Америкада болған жоқпын, бірақ ресейлік әріптестеріммен әңгімелескенде байқағаным – АҚШ ғылыми мектептерінде олардың жан-жақты дамуы үшін жағдай­ бар деуге болады. АҚШ-та басқа елдің талантты ғалымдарын тартудың өте жақсы жүйесі жолға қойылған. Атап айтсақ, ол – өте жоғары жалақы, тұр­ғын үй – баспана, шығармашылық жұмыс­пен шұғылданудағы еркіндік, барынша қолайлы психологиялық ахуалдың қалыптасуы.
Америкалықтар нәтижеге жедел түр­де  табан астында қол жеткізуді талап ет­пей­ді, олар ғылымдағы күрделі, өзекті мәселені шешуге бірден қол жеткізіле салмайтынын жақсы түсінеді. Кейде ғалым бір мәселені зерттеумен шұғылдана жүріп, кездейсоқ мүлдем басқа мәселенің шеші­мін табуы мүмкін. Кез келген жағдайда, тіпті кәдімгі күнделікті жұмысымен-ақ ол елдің дамуы үшін пайдасын тигізіп, өз үлесін қосады. Өйткені қызметке шақырыл­ған білікті маман студенттермен, жас ға­лым­дармен және әріптестерімен пікір ал­масып, сұхбат құрады және мұндай қа­­рым-қатынастың әсері бәрібір із-түзсіз жо­ғалып кетпейді.
Ғылым саласындағы осыған ұқсас сая­сатты бүгінде Ресей де ұстанып отыр. Айта­лық, Томск политехникалық универси­теті мен Томск мемлекеттік университетінде оқытушылық қызметте жұмыс істеп жүрген кезімде жақсы оқытушы ретінде беделім бар екеніне қарамастан, маған кейде тек қана ғылыми-зерттеу жұмыстармен шұғыл­дануға мүмкіндік берілетін. Мұндайда өз өтінішім бойынша сұрап алғанда болмаса, басқа тапсырма берілмейтін. Жүргі­зілген ғылыми жұмыстар туралы есепті тек қана семестрдің немесе оқу жылының соңына қарай ғана талап ететін.
Әрине, мұндай жағдайды жұрттың бәріне бірдей және жиі жасай бермейтін. Қазақстан азаматы Ресейде сол елдің аза­ма­тымен бірдей дәрежеде білім ала алады. Ресейде жүрген кезімде осыған байланысты мынадай әңгіме естігенім бар еді: «Универ­си­тетті бітірген әрбір 10 қазақтың бар бол­ғаны біреуі ғана бізде жұмыс істеуге қалса және Ресейдің ғылымы мен білімінің да­муы­на елеулі үлес қосса  – оларға жұмсал­ған шығынның барлығы ақталды деген сөз». 
Ал Қазақстанның ғылыми мектептерінің жағдайына келсек, барлық жақсылық пен жетістігіміз әлі алда деп үміт күтеміз. Еліміз­дің студенттері, жалпы алғанда, қабі­леті мен талаптары жағынан өздерінің ресейлік құрбы-құрдастарынан асып түспесе, кем түс­пейді, бірақ оларға мықты ғылыми жетекшілер жетісе бермейді.
– Бізді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті физика-техникалық фа­куль­тетіне қарасты өзіңіз басқаратын ғарыш техникасы және технология кафедрасының ғылыми-педагоги­калық қызметі де қызық­тырады.
– Біздің кафедрамызды өте жас ұжым деуге болады, бір жылдан астам уақыт бұрын ғана радиотехника, электроника және телекоммуникация мамандығының негізінде құрылды. Келесі жылы ғарыштық техника және технология мамандығына студенттер қабылдауды жоспарлап отыр­мыз.
Жоғарыда аталған екі бағыт та жоғары тех­нологиялар саласына жатады. Сол себепті де профессор-оқытушылар құра­мына да, материалдық-техникалық базаға да талап жоғары болуы тиіс. Білім қуған жас­тарға жоғары сапалы білім беруге мүмкін­дік болу үшін үлкен қаражат керек.
Қарап отырсақ, Қазақстанда осы бағыт­тар бойынша мамандар өте аз. Ал бізде мамандар даярлауды бастауға тапсырма бере отырып, қаржыландыру, қызмет­керлерге жағдай жасау, оқу алаңдары мен қымбат зертханаларды жабдықтау мәсе­лесін айналып өтеді. Бұрынғы КСРО кезінде атом энергетикасы мен ғарышты игеруді қолға алған кезде, ұсақ-түйекке дейін ойластырылып, оған қажетті қаражатты аяған емес. Кеңес Одағы тұсында арнайы құрылған факультеттерге басқа физика-математика факультеттерінен ең мықты студенттер конкурс арқылы іріктеліп алы­нып, оларға жоғары стипендия тағайында­латын және ең жақсы жатақханалар ұсы­нылатын. Оқытушылар мен қызметкерлерге кезектен тыс пәтер мен жоғары жалақы берілетін. АҚШ және басқа елдерде де осыған ұқсас жағдайлар жасалған. Егер Қазақстанда да дәл осындай саясат бол­маса, елдің ғарыш саласына арналған жақ­сы мамандар даярлау жұмысы тым ұзаққа созылып кетуі мүмкін.
Мына мәселені де айта кеткім келеді. Қазақстан ғылымының деңгейі туралы шетелде, негізінен, тек қана өз еліміздің авторлары жасаған жұмыстар бойынша баға беріледі. Атақ-даңқы белгілі батыс университеттеріндегі әріптестерімен бірге қол жеткізілген нәтижелерді ғылыми қауымдастық солардың жетістіктері ретінде қабылдайды. Ресейде ғалымның ең үздік көрсеткіші ретінде оның өзі ғана орындаған және беделді журналда жарияланған жұмысы есептеледі. Мен өзім де осы көзқарасты ұстанамын.
– Осы орайда, Ресейдегі жақсы қызме­тіңізді, жылы орныңызды тастап, туған елге келуіңіздің себебін сұрасақ...
– Қалай десек те, кіндік қаның тамған, өсіп-өнген Отаның бәрінен де қымбат қой. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұл­тан бол» деген халқымыздың қанатты сөзі ешқашан да жадымыздан шыққан емес. Мені Қазақстанға келіп, туған жерім­нің ғылымын дамытуға перзенттік үлесімді қосуға итермелеген де – осы сезім.
– Сіздің Қазақстан Республикасы­ның ғылым туралы заң  жобасы,  еліміздің Білім және ғылым министрлігінің кейінгі кезде жүргізіп жатқан реформалары жайында пікіріңізді білгіміз келеді.
– Қазақстан Республикасы ғылым туралы заңының жобасымен әлі танысқан жоқпын. Менің ойымша, бұл жерде кез кел­ген реформа қоғамда ғылыми және оқытушылық қызмет беделін арттыруды өзінің алдына басты мақсат етіп қоюы қа­жет. Ал қалған мәселе өз ретімен біртіндеп қалпына келеді.
Ой-пікірімді ежелгі грек философы Гераклиттің «Адам толық бақытты болуы үшін өзінің табыстарымен қоса оның даңқ­ты Отаны да болуы қажет» деген тұ­жыры­мымен түйіндегім келеді. Қазақстан­ның әр азаматының бақытты болуын тілей­мін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста