Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын ХХI ғасырға тиімді түрде бейімдеу үшін қайта құрылымдайтын уақыт жеткен сияқты

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын ХХI ғасырға тиімді түрде бейімдеу үшін қайта құрылымдайтын уақыт жеткен сияқты

Болат СҰЛТАНОВ, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры, тарих ғылымының докторы

:– Болат Қылышбайұлы, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырғанына, міне, 100 күн толып отыр. Бұрын «ЕҚЫҰ төрағалығы Қазақстанға не береді?» деген сауалға жауап іздеуші едік. Енді «бүгінгі 100 күндікте төрағалық төріндегі Қазақстан ЕҚЫҰ-ға не берді, ауыз толтырып айтарлық нендей нәтиже бар?» деген сауал мазалайды емес пе?

– Иә, осы күндері Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының 100 күндік белесіне иек артып отырмыз. 100 күндік белес – кез келген ірі жоба, тіпті халықаралық жоба үшін бұл жалпыға бірдей қабылданған кезеңдік меже. Бұл кезеңде жобаның бағдарламасы қабылданады, мақсаттары, әдіс-тәсілдері айқындалып, негізгі контурлары көрініс бере бастайды. Осы орайда, Еуропа Кеңесі Парламенттік ассамблеясының  вице-президенті, Бельгия сенатының депутаты Пол Вилле Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне орай өзінің «Өкілеттік мерзімі шектеулі, потенциалы шексіз» деген тақырыппен берілген мақаласында: «Алғаш рет ЕҚЫҰ тарихында бұрынғы Кеңес Одағынан шыққан, мұсылман халқы басым мемлекет аймақтық ұйымның тізгінін ұстады. Барлығы таңданды. Бұл ел нені іске асырады? Ол зор жауапкершілік жүгін арқалап, толып жатқан замана сындары мен қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма? Ұйымның өн бойына қан жүгірте ала ма?» – деп жазып, сіз қойып отырған сұрақтар төңірегінде ой бөліседі. Бұл арада бельгиялық сенатордың төрағалық мерзімінің шектеулі екендігі туралы айтқанына келіспеуге болмайды. 100 күндік меже – істің басы ғана, шектеулі мерзімге қорытынды жасау ертерек болса керек. Өзіміз куә болып отырғандай, еліміздің ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі нақтылы бағдарламасы біртіндеп қарқын алып келеді. Сондықтан жылдың соңына қарай  атқарылған істердің нақты нәтижелерін айта аламыз деп үміттенемін.

– Қаласақ та, қаламасақ та, әр уақыттың, әр дәуірдің адамзат алдына қоятын талаптары, қауіп-қатерлері күн тәртібінен түспейді. Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде қоғамдастықты қандай мәселелерге назар аудартып отыр?

– Шындығында, Қазақстан төрағалыққа аса бір күрделі кезеңде кірісіп отырғанына назар аударған жөн. Еліміз ұйым алдына бұрынғыдан күрделі, ауқымды сан салалы мәселелерді байсалды түрде күш біріктіріп шешуді ұсынып отыр. Жаһанды жайлап бара жатқан лаңкестік, экстремизм, табиғи-климаттық, гуманитарлық  және экологиялық апаттар, кедейшілік, әлемдегі миллиардтан астам адам душар болып отырған аштық, жұқпалы індеттер, ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар, жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс адамзат өркениетіне барлық мемлекеттер күш біріктірмейінше, жаңа қауіп-қатерлермен күресе алмайтынына көз жеткізеді. Бұған байланысты былтыр 2009 жылы Грецияның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде еуропалық валютаға төнген қауіпті еске алсақ та жеткілікті. Сондықтан осындай дәуір сындарымен бетпе-бет келген ЕҚЫҰ төрағалығында нақты бағдарлама ұсынып отыр. Елбасы биыл 14 қаңтарда Венадағы ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің қатысушыларына арнаған бейнеүндеуінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ны Ванкуверден Владивостокқа дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікте халықаралық ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің маңызды тетіктерінің бірі ретінде қарастыратынын айтты. Мұндай ұстанымды көбінесе ұйымға қатысушылардың кең географиялық ауқымымен, мемлекеттердің өзара іс-қимылдағы тәжірибесімен және жақсы жолға қойылған жұмыс тәсілдерімен түсіндіруге болар. Ендігі жерде 35 жылдық тарихында тәжірибе жинақтаған ұйымды күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселелерді еңсеруге жұмылдыру міндеті тұр.

– Өткен жолы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын Еуразиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы деп атауын өзгерту, оны реформалау туралы бастама көтердіңіз. Кезінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Кеңестің (ЕҚЫК) 1995 жылдан бастап ЕҚЫҰ болғаны мәлім. Төрт құбыласы түгел ұйымды  реформалау идеясына қандай себептер түрткі болып отыр?

– Бағана айтқан жаңа ғаламдық қауіп-қатерлер ЕҚЫҰ-ның тиімділігін көтеруді, ақыр аяғында оны реформалауды талап етеді. Президент Н.Назарбаевтың пікірінше, бұл үшін алдымен көмескіленіп қалған «Хельсинки үдерісінің брендін» қайта жандандыру және еуразиялық аймақтық құрылымдармен өзара байланыс орнату арқылы ЕҚЫҰ-ның екінші тынысын ашу, оның қызметіне соны серпін беру міндетін қою қажет. Өйткені бүгінде еуропалық қауіпсіздікті азиялық қауіпсіздік өлшемдерін ескермей сақтау мүмкін емес. Қазақстан ендігі жерде ЕҚЫҰ-ның еуро-атлантикалық диалог алаңынан еуразиялық ауқымға көтерілуін, сонымен қатар Венаның батысы мен шығысындағы елдер арасындағы өзара сенімді нығайтуға күш салады. Ал бұл елдер бір ұйымға, ЕҚЫҰ-ға мүше болғанымен, әрқайсысы әртүрлі геосаяси мүдделерге бөлінген. Мәселен, бұл елдерді Еуроодақ пен НАТО-ға мүше елдер, Еуроодақ пен НАТО-ға мүше болуға ынталы елдер және ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, ШЫҰ секілді аймақтық ұйымдарға мүше мемлекеттер деп жіктеуге болады. Ұйымның өз тарихи даму барысында еуропалық қана емес, еуразиялық сипатқа ауысып келе жатқанына көз жеткізу қиын емес. Еліміз географиялық орналасуына қарай ұйымның ішкі геосаяси қатпарларының тігісін жатқызуға үлес қоса алады. Қазақстан осы еуразиялық ынтымақтастықты нығайту мақсатында ЕҚЫҰ басшылық құрылымдарының өкілдерінің қатысуымен 13-14 мамырда Алматыда ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының трансазиялық парламенттік форумын, 7-9 маусымда Ыстамбұлда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің үшінші саммитін өткізуді жоспарлап отыр.

– Үш құрлық елдерін біріктіріп отырған ЕҚЫҰ-ның іші-сыртында жанжалды аймақтар жоқ емес. Еліміз ЕҚЫҰ төрағалығында Ауғанстан мәселесін реттеу басымдыққа ие екені мәлім. Шиеленісті аймақтардағы, мысалы, Кавказдағы, Днестр  бойындағы  түйткілдерді шешуде қандай да бір нәтижелерге иек арта аламыз ба?

– ЕҚЫҰ-ның маңызды саналатын әскери-саяси бірінші себеті аясында қиюы қашқан жанжалдарды реттеуге барынша көңіл бөлінеді. Маусымның соңына қарай ЕҚЫҰ-ның алдын ала ескерту және жанжалдарды реттеудегі рөліне арналған Кезеңаралық баяндама жасалады. Бұл баяндама Алматыда шілдеде өтетін ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде талқыға салынады деп күтіліп отыр. Ақпан айында ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы Оңтүстік Кавказ елдеріне жұмыс сапарын жасап, келіспей жүрген тараптармен кездесулер өткізді. Бұл сапарлардың нәтижесінде Таулы Қарабақ жанжалын одан әрі бейбіт түрде шешу үрдісінің жол картасын әзірлеу басталғанын айтқан жөн. Қазақстан Грузиядағы ахуалға байланысты қарапайым азаматтарға қалыпты өмір нормасын құру үшін Женева дискуссиясын жалғастыруды маңызды деп санайды. ЕҚЫҰ биыл Грузияда 30 мамырда өтетін муниципалдық сайлауларға бақылаушыларын жібергелі отыр. Ал Приднестровье кикілжіңін реттеу бойынша Қазақстан «5+2» форматындағы келіссөздерді жандандыру бағытында жұмыс істеп жатыр.

Біздің еліміз әдеттегі қарулануды бақылау, сенім мен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі еуропалық режимді ұстанатынын білдірді. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің қауіпсіздігінен өзге ұйымға мүше болып табылмайтын көрші елдердің қауіпсіздігін бөле-жара қарай алмайды. Мәселен, алдымен бұл – тұрақсыздық жайлаған Ауғанстанға қатысты жайт. Біз ауған мәселесін соғыспен шешу мүмкін емес деп санаймыз. Сондықтан бұл елді саяси-әлеуметтік жағынан қайта қалпына келтіру үшін күш-жігерді шоғырландыру қажет. Қазақстан Үкіметі бұл бағытта 50 млн доллар қаржы бөліп, ауған студенттерін еліміздің жоғарғы оқу орындарында оқыту жөнінде шешім қабылдады. Бұл бастаманы өзге елдер де қолдап, игі істі іліп әкетеді деп сенеміз.

– Табиғи ресурстарға бай, 50 миллионнан астам халық мекен ететін Орталық Азиядағы сыртқы геосаяси күштердің көз құртына айналып, белсенді әрекет ету нысаны болып отырғаны жасырын емес. Аймақтағы саяси, ұлттық, лаңкестік қауіптердің бұлты сейілген жоқ, қатер тәуекелі жоғары. ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан бұл бағытта қандай қадамдар жасайды?

– Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының маңызды бағыттарының бірі – Орталық Азияның тұрақты дамуы. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның әлеуетін пайдаланып, аймақтық ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Өкінішке қарай, Орталық Азияда тамыр жайған қауіп-қатерлердің салдары созылмалы сипат алып отыр. Мұның себебі, бір жағынан, аймақтағы елдерде саяси реформалардың тұрлаусыздығы мен күрделі әлеуметтік-экономикалық ахуалға байланысты болса, екінші жағынан, географиялық тұрғыдан көршілес тұрақсыз аймақтар (Ауғанстан, Кавказ, Қытайдағы Шыңжаң) жергілікті және латентті түрде кері әсер етуімен байланысты. Сондықтан Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Орталық Азиядағы өзара байланысты екі үлкен міндетті мойнына алады. Бірінші міндет – ЕҚЫҰ-ға оңтүстік бағыттан төнетін қауіп-қатерлерді бейтараптандыру. Яғни мұндағы мақсат – ЕҚЫҰ-ны оңтүстік-шығыс бағыттан қорғау. Мәселен, ұйымның лаңкестік, экстремизм, есірткі тасымалы, ұйымдасқан қылмыс, қару-жарақ саудасы және заңсыз көші-қон сияқты күрделі мәселелерге қарсы күресті күшейтуді ұйымдастыру қажет. Меніңше, Қазақстан осы қатерлермен күресті ұйымдастыратын орталық бола алады. Ал екінші міндет – Орталық Азияда діни экстремизмнің кеңінен қанат жаймауы үшін жалпыға ортақ демократиялық стандарттар мен дәстүрлерді енгізу. Бұл аталған екі міндеттің тезірек шешілуі Орталық  Азияның өзге елдері, партиялар, БАҚ және сайлау заңдарын жетілдіру, мемлекеттік қызмет пен сот жүйесін реформалау сияқты жұмыстарды атқарған қазақстандық саяси модель мен қазақстандық мемлекеттік құрылым үлгісін өздеріне енгізу қажет деп ойлаймын.

Біздің еліміз халықаралық ынтымақтастыққа, әсіресе, ЕҚЫҰ шеңберіндегі халықаралық қауіп-қатерлермен күрес бағытында жұмыс істеуге аса мүдделі. Орталық Азия үшін Ауғанстаннан келетін есірткі тасымалымен күрес өзекті болып қала береді. Халықаралық ұйымдардың өзі бұл мәселелерге қарсы қандай шаралар қолданып жатса да, есірткі тасымалы тыйылмай келеді. Меніңше, есірткі бизнесімен күрес біржақтылыққа  ұрынып  жатқан сияқты. Ауғанстанға шетелдерден, соның ішінде Орталық Азиядан да хлорид, аммоний, күкірт қышқылы сияқты героинды әзірлеуге аса қажет қоспа заттардың жеткізілуіне көңіл бөлінбей жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшыларының мәліметтеріне қарағанда, Ауғанстанның ТМД елдерімен шекаралас аймақтарында апиын мен героин әзірлейтін 400-ден аса лабораториялары бар екен. Осы бағыттағы қауіпсіздік, қатерлермен күрес сияқты күрделі мәселелері ЕҚЫҰ-ның 8-9 шілдеде Венада және 20-21 қазанда Астанада өткізілетін конференцияларда кеңінен талқыланып, нақты шешімдер қабылданады деп үміттенемін.

– Біз, көбінесе, ЕҚЫҰ-ны таза саяси мазмұндағы ұйым ретінде бағамдап жүрміз. Алайда ұйымның экономикалық-экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне ден қойылатын «екінші себеті» жөнінде, бұл бағыттағы жоспарлары туралы біле бермейміз. Қазақстан «екінші себеттің» олқылығын толтыруға қандай үлес қоспақ?

– «Екінші себеттегі» экономикалық-экологиялық өлшем бойынша Қазақстан бірінші кезекте трансқұрлықтық көлік дәліздерін дамыту жобасын қолға алады. Осы мақсатта бұған қатысты ұлттық заңнамалық базаның үйлесімділігін, жолаушылар мен жүктердің және көлік құралдарының тасымалына еркін жағдай туғызу, барлық көлік түрлеріндегі қауіпсіздікті нығайту үшін келіссөздер жалғастырылады. Бұл саладағы ең басты нысан: құрылысы басталған Қорғас – Алматы – Ақтөбе – Орынбор – Қазан – Санкт-Петербург бағытын қамтитын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық деңгейдегі автожол транзиттік дәлізі болып табылады. Жалпы ұзындығы 8445 шақырым болатын транзиттік дәліздің 2787 шақырымы Қазақстанға тиесілі. Құны 5,4 млрд долларды құрайтын автожол құрылысын 2013 жылы аяқтау көзделіп отыр. Ал 2010 - 2012 жылдар аралығында жобаны жүзеге асыру үшін 50 мың адам жұмысқа тартылмақ. Сонымен қатар еуропалық стандарттағы Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға  дейінгі теміржол жобасы да бар. Ғаламдық энергетикалық қауіпсіздікті дамытуға біздің елдің қосатын үлесі Қазақстан мен Орталық Азиядан әлемдік нарыққа энерготасымалдау бағыттарын әртараптандыру болмақ. Танымал мұнайшы Нұрлан Балғымбаевтың пайымынша, мұнай-газ және көліктік инфрақұрылым мұнай-газ саласындағы тиімді бағыт болар еді. Әлемнің барлық елдері көмірсутегі тасымалының транзиттік аймағына айналу үшін таласып бағуда. Қазіргі кезде «Батыс Қазақстан – Батыс Қытай» мұнай құбырының құрылысы аяқталып қалды. 2009 жылдың желтоқсан айында Түрікменстан – Өзбекстан – Қазақстан – Қытай газ құбыры салынып болды және «Орталық Азия – Қытай» газ құбырының құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр.  29 қаңтарда Алматыда «Азия – Еуропа жолындағы логистика рөлі» атты халықаралық конференция өтіп, 1-2 ақпанда Вена қаласында ЕҚЫҰ экономика-экологиялық форумының бірінші бөлімі өтті. Алдағы 1-2 шілдеде Астанада «Дағдарыс сабақтары және жаһандану кезеңіндегі дағдарыстан кейінгі экономикалық даму» атты үшінші Астана форумы өтеді.

– «Екінші себеттегі» экологиялық мәселелердің тікелей біздің елге қатысы бар. Арал теңізі, Балқаш көлінің тағдыры өзіміз төрағалық етіп отырған ЕҚЫҰ-ның назарын аудара ма?

– Өкінішке қарай, Орталық Азияның, әсіресе, Арал теңізінің экологиялық жағдайы әлсіреп бара жатыр. Көптеген жерлер адам қоныстануына жарамай қалды. Еліміздің экономикасы мен халық денсаулығына айтарлықтай нұқсан келді. Мемлекеттік табиғатты қорғау органдары қоршаған орта мен айырықша түзілген тарихи экожүйелерге жеткілікті мөлшерде көңіл бөлінбей отыр деп санайды. Тек пайданы ғана көздеген алып шаруашылықтардың залалы биоресурстардың жойылуы мен экологияның одан әрі әлсіреуіне апарып соқтырады. Табиғи қазбаларды өндірудің кесірінен эксплуатациялық аймақтар күн санап ұлғайып, аймақтық экожүйеге орны толмас зардабын тигізді. «Екінші себеттің» маңыздылығын арттыру үшін ЕҚЫҰ төрағасы Қ.Б. Саудабаевтың бастамасымен қос жаңа лауазым пайда болды: ЕҚЫҰ төрағасының көлік және экология мәселелері бойынша жеке өкілдері. Демек, алдағы уақытта Пан Ги Мунның аймаққа жасаған сапарында БҰҰ-ның назарын аударған Арал теңізінің ЕҚЫҰ тарапынан елеусіз қалмайтынына сенгіміз келеді.

– Қырғызстандағы оқиғаларға байланысты ЕҚЫҰ төрағасы ретінде қандай қадамдар жасау маңызды?

– Қырғызстанда қарапайым формуланы түсіне алмаушылық бар. Алдымен экономикалық реформалар жүргізіп, тек сонда ғана саяси өзгертулер жүргізу керек еді. Арбаны аттың алдына қою әрекеті барлық кезде апатқа алып келеді. Мұндай әрекеттің неге алып келгендігін Грузия, Украина немесе Қырғызстан мысалынан көруге болады. Кеше Украина Президенті Виктор Янукович Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, ағынан жарылған болатын: «Біз бес жылды бекерге жоғалттық». Бұл сөздер Қазақстанның таңдап алған жолының, экономикалық және саяси реформалардың дұрыстығын тағы да дәлелдей түседі. Қазір Қырғызстанда не болып жатыр? Қарапайым адамдардың істейтін жұмысы жоқ және де төңкерістің арқасында билікке келген болса, олар биліктің біліктілігіне өте төмен баға береді.

Осыған байланысты көнеден келе жатқан нақыл сөзді еске түсіреміз – төңкерісті қиялшылдар жоспарлайды, фанатиктер жүзеге асырады, ал жемісін оңбағандар көреді.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қырғызстанда орын алған жағдайға байланысты іс-әрекеттерін бастап кетті, қазір онда арнайы өкіл жұмыс жасауда, шұғыл арада мәселенің мән-жайын анықтағаннан кейін нақты іс-қимылдар болары сөзсіз. Қазақстан Қырғызстанда жағдайдың толық қалпына келуі үшін ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде, көрші бауырлас ел ретінде аянып қалмасы белгілі. Қазір көрсетілетін көмектің көлемі мен түрлері қарастырылуда. ЕҚЫҰ-ның жоғарғы саммитін биыл Астанада өткізсек, аймақтағы біраздан бері қордаланып қалған мәселелерді шешуге болар еді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Ұсыныс
Еуропадағы қауіпсіздік және қауіпсіздік ұйымын ХХІ ғасырға тиімді түрде бейімдеу үшін қайта құрылымдайтын уақыт жеткен сияқты. Бұл үшін ең қажетті қадам ЕҚЫҰ-на мүше мемлекеттер басшыларының саммитін өткізу болып табылады. Оның үстіне мұндай жиын 1999 жылы Ыстамбұлдағы отырыстан кейін ұйымдастырылмапты. Біздіңше, ЕҚЫҰ-на төрағалық етіп отырған елдің астанасында осы жиынның өткізілуі дұрыс қадам болар еді. Ал егер қандай да бір мемлекет немесе мемлекет шоғырлары Астананың орнына өзге бір қаланы ұсынып жатса, ол жағын да ойластырып көруге болады. Ең бастысы, бұл форумда Ауғанстандағы ахуал, терроризммен күрес мәселесі, діни экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз миграция, этникааралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету шараларын талқылайтын алаң болса болғаны.

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста