Ерлік жағынан қазақ халқынан асқан ешкім жоқ

Ерлік жағынан қазақ халқынан асқан ешкім жоқ

Сұлтан ЖИЕНБАЕВ, 100-ші ұлттық атқыштар бригадасының ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері:

– Сұлтан ата, алдымен Жеңіс кү­німен құт­тық­­тай­мын! Сіздердің ден­саулық­та­ры­­ңызға қуат берсін, қан майданда от кеш­кен жан­қиярлық ер­лік ше­жіре­ле­рі­ңіз тәуелс­із ұр­пақ­қа рух берсін! 1945 жылғы Же­ңіс кү­ні дүниеге келген сә­би­лер бү­гін­де пай­ғам­бар жасынан асып кетті. Үш-төрт ұр­пақ ауысса да, со­ғыс жаңғы­ры­ғы ж­а­ды­­мыз­дан өш­пей­­ді. Екін­ші жа­һан­­дық соғыс­та от пен оқ орта­сында ше­йіт болған атала­ры­мыз­­­дың ерлік ше­жі­ре­сі бүгінгі ұр­пақ үшін тірі аңыз, әрбірі өз алдына бо­йы­мыз­­­­ға рух бе­рер «Батырлар жыры» де­с­ек, ар­тық айт­қан­дық емес. Сол сұ­р­а­­пыл со­ғыс жыл­да­ры­на шегініс жа­­са­сақ. Со­­­ғыс­­­та қай май­дан­да бол­ды­ңыз?
– 1941 жылы Алматыда 100-ші қазақ бри­­га­дасы құрылып, сонда жаттығып, со­ғыс өнерін меңгердік. Бригаданың 90 па­йы­зынан көбі өз еркімен соғысқа сұранған қа­зақ жастары еді. Алматыдан Мәскеу ма­ңайында тағы да соғысқа машықтанып, ал­дыңғы шепте кескілескен ұрыстар жүріп жа­т­қан Калинин майданына аттандық. 39-шы командованиенің құрамында Ржев қа­ла­сының түбінде талай боздақтардың қа­ны төгіліп, шейіт болған үлкен шай­қастарды бастан өткердік. Құдай басқа сал­масын, талай жігіттер қырылып кетті. Сол кезде мен танкіге қарсы ататын қару (про­тивотанковое ружья) ротасының командирі бол­дым. Ржев түбіндегі кескілескен ұрыста ПТР-мен жаудың екі танкісін жойдым. Бұл ұрыста біздің 2-ші батальон жаудың төрт танкісін жойды, мен соның екеуінің күл-талқанын шығардым. Ржевтен кейін Вели­кие Луки деген қаланы азат етуде жау­дың тағы бір танкісін жайраттым. Бұл ту­р­а­лы батальон тілшісі Қасым Шәріповтің «Қа­тардағы қаһарман батыр» кітабында ег­жей-тегжейлі жазылды. 100-ші ат­қыш­тар бригадасынан сегіз бірдей Ке­ңес Одағының Батыры шықты. Кеңес Ода­ғы­ның Батыры Мәншүк Мәметовамен қан май­­данда бірге соғыстық.
МӘНШҮК МӘМЕТОВА МЕНІ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ
– Сол қазақтың Батыр қызы туралы естелік айта кетсеңіз?
– Небәрі 19 жастағы қаршадай қыз Ал­ма­тыда оқып жүріп, кешкісін халық ко­мис­сариаты кеңесінде көмекші болып жұ­мыс істейді. Сонда жүріп, соғысқа сұранып, ақыры алтыншы мәрте арыз жаз­ған­нан кейін барып, 100-ші атқыштар бри­га­дасының сапында майданға аттанады.
– Ол кезде соғысқа баратын қазақ қыздары аз болған шығар?
– Өте аз болды, көбі дәрігер болып атта­натын. Алғашында медсестра бол­ды. Сондай өткір қыз еді, ештеңеден қорықпайтын. Бәріне көмек беріп, еңге­зер­дей жаралы жігіттерді шанаға тиеп, го­с­питальға жеткізетін. Мен Ржевтегі ұрыс­та екі танкіні жойғаннан кейін қат­ты жараландым. Сол кезде Мәншүк ке­ліп жарамды таңып, «Сұлтанжан, айна­лайын, тезірек жазыл. Майданға қайт» деп, маңдайымнан сүйіп, шанаға са­лып майданға жіберген. Ол менің жа­ра­қа­тым­ды байлап, аман қалдырды. Ал өзі біз қа­тыс­қан Не­вель де­ген қа­ла­ның тү­бін­дегі ұрыста ерлікпен қаза тапты. Ол «мен штабта қағаз жазып отырмаймын, пулеметшілікке жіберіңіздер» деп, қоймай арыз жазып, майданның алғы шебінде айқасты. Мәншүктің әкесі1937 жылы «ха­лық жауы» деп атылып кеткен. Мәншүк Мәметованың өзі «халық жауының» балалары соғысқа барып, өзін көрсете білсе, әке­сін ақтайды деп естігенін айтатын. Сон­дықтан «мен әкемді ақтаймын, соғыс­қа барамын» деп болмай аттанды ғой. Ке­йін Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәмето­ваның 80 жылдығын атап өтейік деп хат жаздым. Ол кезде Премьер-ми­нистр Иманғали Тасмағамбетов, облыс әкі­мі Қырымбек Көшербаев көмектесіп, Ба­тыр қыздың 80 жылдық тойын туған же­рі Оралда дүркіретіп атап өттік. Одан кейін Невельге барып, митингі өткізіп, гүл шоқ­тарын қойдық. Ол жерде қазақтың Батыр қызына үлкен екі метрлік ескерткіш қойылған, басынан гүл шоқтары кетпейді. Жер­гілікті халықтың Батыр қызға құрметі ерек­ше, оның атында көше де бар.
– Соғыс кезіндегі атақты 100-ші бригададан қандыкөйлек қару­лас­тардан бүгінде кімдер бар?
– Соғысқа 5000 адам болып аттанған 100-ші бригададан майданнан 500-ден ас­та­мымыз ғана аман оралдық. Қазір со­дан 30 шақтымыз қалдық қой деймін. Қазір Алматыда Әзілхан Нұршайықов, Ақай Қасымбеков, Бектұрсын Кереев, Әли Иза­тов тағы басқа жеті-сегіз адам қалдық. Со­ғыс ардагерлері республика бойынша 26 мыңдай дейді. Жылдан-жылға қатар­ла­­ры­­мыз сиреп барады.
– Ал Кеңес Одағы бөлінгеннен ке­йін әр респу­бли­ка­да қалған майдандас дос­­­та­­ры­ңыз­бен ха­бар­ла­сып тұ­ра­сыз ба?
– Осыдан төрт жыл бұрын Мәскеуде Же­ңіс­тің 60 жылдық мерейтойына шақы­ры­лып, салтанатты парадқа қатысып қайттық. Ке­зінде жауға шапқан жастар бүгінде қар­тай­дық. Уақыт қоя ма, қаруластарымыз си­реп, жүріп-тұруы қиындап кетті.
ДИМЕКЕҢМЕН 30 ЖЫЛ ҚҰДАЙЫ КӨРШІ БОЛДЫМ
– Сұлтан ата, дауысыңыз сергек, қи­мы­лыңыз ширақ, әлі тың көрінесіз. Мұ­ның сыры неде?
– Кім біледі енді. Кезінде спортпен шұ­ғыл­дандық қой. Туған ағам 95 жаста қай­тыс болды. Апам да ұзақ жасады. Жақында 88 жасқа келемін. Көбі таңғалады, жас кө­рінесіз деп. Сақтанамыз енді. Құдайдың бер­ген ғұмырын көріп жатырмыз. Бізде үлкен байлық жоқ. Бар байлығым – ел-жұрт­тың сый-құрметі. Алматыда туып-өсіп, бар еңбегімді елге арнадым. Сол кез­дегі Қазақстанның Бірінші хатшысы Дін­мұхаммед Қонаевпен 25 жыл қызметтес, 30 жылдан астам құдайы көрші, дәмдес-тұз­дас болдық.
– Қазақ халқының маңдайына біт­кен ұлы тұлға туралы аз жазылған жоқ, дегенмен ол кісі жайында бір үзік ес­телік айтып берсеңіз.
– Димаш Ахметұлымен жақын та­ныс­қан кезде Алматының Фрунзе, қазіргі Ме­­деу ауданының бірінші хатшысы едім. Сол уа­қытта Қонаев қатысатын қалалық кон­фе­­ренция өтетін болып, қаланың бірінші хат­­шысы Третьяков бірінші болып сөз сөй­леу­ді тапсырды. Сонда жақсы баяндама жа­сап шықтым. Содан кейін Третьяков ша­қы­рып, «сені Қонаев шақырып жатыр, соған кіресің» деді. Ондай ірі тұлғаның алдына бару қайда деп жүрексіндім. Сөйтіп, Димекеңнің шақыруымен екі жыл Орта­лық комитеттің бөлім меңгерушісі, кейін сегіз жыл сауда министрі, одан кейін 15 жыл Министрлер Кеңесі төрағасының орын­басары болып қызмет атқардым. Бір қы­зығын айтайын. Бір күні Димекең шақырып алып, «сенің үйің бар ма?» деді. «Үйім бар» дедім. «Менімен көрші болғың келе ме?» деді. «Енді не айтайын. Сізбен көрші болу бізге үлкен бақыт» деп қысылып қалдым. «Ендеше, мен саған көрші болам, барып қара, үй беремін» деді. Содан Димекеңмен құдайы көрші болдық. Менің пәтерім – 6-шы, қарама-қар­сы беттегі 5-ші пәтер – Қонаевтың үйі. Ди­маш Ахметұлы зейнетке шыққаннан кейін маған бір ой келді. Сол кезде жігіт­тер «мына Қырғызстан, Өзбекстан өз бас­шы­ларының атынан қор құрып жатыр. Сұл­теке, осы мәселені өзің қолға алмайсың ба?» деп қолқа салды. Содан жобаларды жинап, Димекеңе бардым, екі-үш күн бо­йы ойланып барып келісті. Сөйтіп, 1989 жы­лы Д.Қонаев атындағы қорды құрып, бір­қатар шаруаларды атқардық.
– Кеңес уақытында соғыс кезінде орыс­тар «аға» халық болды ғой. Сол кез­де олардың тарапынан қайсар, ба­тыр қазақтың жанкешті ерлігі мен ерен еңбегін бағалау секілді әділетсіздіктер кез­дескен жоқ па?
– Мен саған айтайын. Ерлік жағынан қа­зақ халқынан асқан ешкім жоқ. Бауыржан Мо­мыш­ұлындай мықты командир кемде-кем. Бүкіл Шығыс жұртында, мұсылман ара­сында Екі мәрте Кеңес Одағының Ба­тыры Талғат Бигелдиновтан басқа ешкім бол­мады. 100-ші атқыштар бригадасында бір­де-бір сарбаз артқа қашқан емес. Бұл жа­ғынан орыстар басқаларға қарағанда, біз­ді мақтап, ерекше құрметтейтін. Бірде 1995 жылы Мәскеудегі Жеңістің 50 жыл­дығына шақырылып, делегацияны бас­тап бардым. Барсақ, соғыста қан төк­кен Украина, Белоруссия тағы басқа рес­пу­блика­лардан ешкім жоқ. Сонда мен сұрақ қой­дым: «бұл қалай, бізді шақырдыңыз, ал соғысқа қатысқан өзбек, тәжік, ук­раин, грузин, әзірбайжандар қайда?» де­п. Мәскеуліктер «олар соғыста өздерін көр­сете білмеді, сіздер асқан ерлікпен соғыс­тыңыздар. Сондықтан оларды емес, сіздерді шақырдық» деп жауап бер­ді. Әрине, «ұлы халық» болған соң әді­лет­сіздік болды, орыстың іштарлығымен та­лай-талай қазақтың көрсеткен ерліктері елен­бей қалды. Тірісінде аңызға айналған Ра­хым­жан Қошқарбаевқа, Бауыржан Мо­­мышұлына дер кезінде батыр атағы беріл­ме­ді. Соғыста қазақтан шыққан генералдар өте аз болды. Талай-талай батыр қазақ сарбазын тобықтан қақты. Тәуел­сіздік алғаннан кейін өзіміз құрмет­теп, лайықты бағасын беруге ты­ры­сып жатыр­мыз.
– Қазіргі кездері аға ұрпақ пен бү­гін­гі ұрпақ арасында қызыл көсемге қа­тысты Сталинге қатысты екіұдай пікір қа­­лып­­тасқан. Тоталитарлық дәуірде өмір сүрген КСРО халқы Сталинді қан­дай құрметтесе, қанды қырғын 30-жыл­дардағы зұлматқа себепші болған қы­зыл көсемнің тарихи келбеті бүгінгі ұр­паққа соншалықты жағымсыз. Ста­лин Гитлердің шабуыл жасайтынын ал­дын ала білсе де, қам жасамады. Соның кесірінен кеңес халқы алапат қырғынға ұшырады деген пікірлер бар. Соңғы кездегі осындай көзқарастарға қалай қарайсыз?
– Жасыратыны жоқ, сол кезде соғыста «За Сталина!» деп шабуылға шығатынбыз. Сталин дәуірінде өмір сүргеннен кейін ол кісіні сыйлаймыз. Сталиннің кемшіліктері болды, оны бәріміз де білеміз. Егер Сталин біз­ді басқармаған болса, соғыста жеңе алмайтын едік. Ол кісінің мықтылығымен, қаталдығымен, абыройымен бүкіл КСРО халқы жұдырықтай жұмылып, соғыс­та жауды жеңдік. Ол кезде Сталин десе, гене­рал біткеннің бәрі аяғынан тік тұратын.
– Сталиннен бір жағынан, қорқып, бір жағынан, құрметтейтін шығар?
– Қорықты деп айта алмаймын. Бар­лығы құрметтейтін. Кейінгі кітаптарда ста­лин­дік репрессия туралы жазылып жа­тыр. Жалғыз Сталин емес, репрессияның басты себепшілерінің қатарында Ежов та бар. Бұл – өз алдына бөлек әңгіме. Соғыс біткен соң бір үлкен жиында жасалған баяндамада «Сталин» деген сөз айтылып еді, орыстың генералдары 10 минут бойы қол шапалақтап тұрып алды. Кез кел­ген генералмен сөйлессең, ешқайсысы Ста­линді жамандамайды, керісінше, бәрі мақ­тайды. Мен өзім соғыстан кейінгі бір шарада Сталинді жақыннан көрдім. Қарап тұрсаң, қарапайым адам, үстінде баяғы бір шинель, бір костюм. Байлыққа қызықпаған.
– Екінші дүниежүзілік соғыстың на­ғыз майданы Балтық бойы елдері, Украи­на елдерінің жерінде өтті. Арада бір­неше жылдар өткен кезде пост­кеңес­тік бұл елдердің 1945 жылғы Же­ңіске қатысты құрметі кемшін, бүгінгі сая­саты басқашалау. Мәселен, Эстония был­тыр қола солдатты алып тастады. Яғни Жеңіске жаңаша көзқарас қа­лыптастырып жатыр. Бұған қалай қа­рай­сыз?
– Біз 1942 жылы Калинин майданында соғысқан кезде жанымызға Эстония ба­таль­оны келіп қосылды. Сонда менің бай­қа­ғаным, эстон солдаттары соғысқа бар­ғы­сы келмей, құлықсыздық танытты. Енді ол кезде КСРО болған соң соғыспауға қор­қа­ды ғой. Біз алға кеткенде, олар кейін қа­лып отырды. Соғыс біткеннен кейін Ке­ңес өкі­меті сол Балтық бойы елдеріне бізден гөрі көбірек көңіл бөліп, молырақ қаржы бе­ріп, барлық жағдайын жасайтын. Сол кезде КСРО сауда министріне: «Неге олар­ға қордан бізден көп ақша бөлгізесіз?» де­сем, «Слушайте, поймите. Это – При­балтика!» дейтін. Мен соғыстан кейін қыз­мет бабымен сол елдерде болдым. Соғыс ардагерлерін ерекше құрметтеп, сый-сыяпатын аямайтын. Бірақ олар «ұлы халықты» жек көретін. Бізге көзқарасы жаман болған жоқ. Қазақ халқын онша білмейтін. Құдайға шүкір, кейін Тәуелсіздік алып, Елбасы Нұрекеңнің арқасында қазақ деген ұлтты бүкіл әлемге паш еттік. Оларды қан төгіп, фашизмнен азат етіп, ел еткен біз едік. Шынын айтқанда, олар қаһармандық пен қайғыға толы тарихты мойындағысы келмей, жақсылықты ескергісі келмей отыр ғой. Мен оған разы емеспін.
– Соғыс қарсаңында Финляндия, Польшаны, Батыс Украина мен Батыс Белоруссияны басып алған КСРО-ны бас­қыншы болды дейді. Фашизммен әділет­тілік үшін соғысқан КСРО-ға бү­гінде салқын қабақ танытып отыр­ған Эстония жаулаушы ел деп қарайды. Бал­­тық елдерінің Жеңіске қырбайлық таны­­тып отырғаны да сол болса керек. Бұ­­ған не дейсіз?
– Бұл қитұрқылау, қиындау сұрақ екен. Саясаттан алыстап, зейнетке шыққалы 25 жыл болды ғой. Ол кезде бір ел едік. Фашизмді Ресей емес, бәріміз бірігіп жеңдік. Жеңіс біздікі, бәрімізге ортақ. Мына Тәуел­сіздік бабалар қанымен сіздерге ама­нат болып қалды. Елбасымыздың «егер сіздер, Ұлы Отан соғысының арда­гер­лері болмағанда, сіздер Жеңіске жет­кіз­бегенде, онда біз де болмас едік» дегені бар. Құдайға шүкір, бүгінгі ұрпақ соғыс ардагерлерінің өр ерлігі мен өлшеусіз ең­бегін ардақтап келеді.
– Соғыс дәуірінің ұрпағысыз. Бүгінгі ұрпаққа не жетіспейді?
– Бүгінгі ұрпаққа отансүйгіштік жа­ғы жетіспейді. Ол кездері жастардың па­триот­тығы, ел мен жерге деген ма­хаб­баты бо­йында буырқанып қайнап жа­та­тын. Мил­лиондаған жастар Ресейді емес, елім­ді, же­рім­ді қорғаймын деп өз ер­кі­мен со­ғысқа сұранды. ҚазМУ-дің екінші кур­сын­да оқып жүргенде майданға аттандым. Әке­нің жалғыз тұяғы едім, жібергісі келмей жы­лап қалды.
– Кезінде жауапты қызметтерді ат­қар­дыңыз. Елдің экономика, сау­да-сат­тық саласын бес саусақтай біле­сіз. Дағ­да­рыс кезінде көп қиын­шылық­тар­ға тап болып, ты­ғырықтан жол із­деп жатырмыз. Осы жағынан айтар да­­ты­ңыз бар ма?
– Қазіргі елдегі ахуалға көңілім то­ла­ды. Дағ­дарысқа төтеп берерлік бай­лы­ғы­мыз мен по­­тен­циалымыз зор. Біздің за­ма­ны­мыз­да та­­мақ, киім-кешек үшін ел маған ке­ле­тін. Қа­зір елде құс сүтінен басқаның бә­рі бар. Тек экспорттан импорт тым көп. Сон­дықтан отан­­дық өндіріске серпін беру ке­рек. Әсі­ресе, жеңіл өнеркәсіпті аяғынан тік тұр­ғызсақ, ырзығымыз артар еді.
– Тәуелсіз елімізге, келешек ұр­пақ­қа, «Алаш ай­на­сы» оқыр­мандарына қан­­дай ті­легіңіз бар?
– Елімізге мол байлықты нәсіп етіпті, сол мол байлығымызды көтеріп тұра алар қа­жыр-қайрат керек. Ол үшін жастарымыз бі­лікті де білімді болуы қажет. Жұртымыз аман, елімізде тыныштық болсын. Біз көр­ген соғысты ұрпағымыз көрмесін, а­с­па­­­ны­мыз ашық болсын!
– Әңгімеңізге рақмет.

Елбасы туралы үзік ой
Ол кезде болашақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жанып тұрған жас кадр еді. Бізден 20 жас кіші. Сөзге шешен, жұмысты жан-тәнімен беріліп істейтін жас кадрдан үлкен үміт күтетінбіз. Димекеңнің өзі: «Сендер біліп қойыңыздар. Ертең біз кеткен соң араларыңда ел басқаруға ең лайықтысы Нұрсұлтан Назарбаев. Моим преемником будет именно Назарбаев!» деп бюро мүшелеріне ашық айтатын. Жас Нұрсұлтанды Қарағандыдағы кезінен жақсы білетінмін. Кейін орталыққа басшылыққа ауысып келген соң ақылдасып тұрды. Президент болғаннан кейін де 80, 85 жылдық мерейтойларыммен құттықтап, хат жіберіп тұрады. Біз сияқты ақсақалдарды ұмытпайды. Мен Тәуелсіз елді көтерген, Астана тұрғызған Елбасыға ризамын. Елбасыны І Петрға теңеймін, ол Петерборды батпаққа салды, ал Президентіміз Астананы шөл даладан тұрғызды. Елбасыға «сіз» деп емес, «сен» деп сөйлеймін. Ол бізге бала ғой.

Сөз арасында
Баяғыда Алматыда қазақ 8-ақ пайыз болатынбыз. Соны көтермелеп, 12 пайыз деп айтқыздық. Сол кезде саудаға бірде-бір қазақтың қыз-жігіттері маңайламайтын. «Ұлы халықты» жамандағым келмейді, шынын айту керек, олар бізді төменшіктетті. 50-жылдары Қазақстанның бірінші хатшылығына Пономаренко, екінші хатшылығына Брежнев келді. Сол кезде Алматының бірінші хатшылығына адамды Мәскеуден әкелді, қалалық кеңеске де Мәскеуден алдыртты. Ол кезде бірінші хатшы қазақ болса, екінші хатшы міндетті түрде «ұлы халықтан» тағайындалатын. Немесе министр орыс болса, орынбасары қазақ болуы керек деген дәстүр болды. Кейін, мінеки, еңселі ел болдық, қазақ аса қабілетті халық екенін дәлелдеді. Қазір қай салаға барсаң да, жұмысын шырқ үйіріп жүрген қазақтың қаракөз қыз-жігіттерін көріп риза боламын.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста