Төрегелді Шарманов, Қазақ тағамтану академиясының президенті:
– Төрегелді аға, биыл сексеннің сеңгіріне шығып отырсыз. Мерейлі тойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Жалпы, сізді және сіздің еңбектеріңізді халыққа таныстырып жатудың өзі артық шығар. Себебі халық үшін жасаған қызметіңізді еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жақсы біледі. Сонда да өткен өміріңіз туралы айтып отырсаңыз. Кез келген адам тауға шыққанда артына бір қарайды ғой, өткен өміріңіз туралы ойлағанда қандай ерекше сәттер ойыңызға оралады?
– Кеңес үкіметі кезінде көп жағдай мемлекет басында отырған азаматтардың пәрменімен шешілді. Қолынан іс келетін адамдар сол мемлекет басындағыларға жалтақтап отырды. Сондықтан ол заманда өзіңнің қолыңнан келетін нәрсені халыққа көрсетіп, халықтың ішінен топ жарып шығу қиын болды. Мәселен, сен осында істеген ісіңді дәлелдегеніңмен, оны Мәскеуде шектеп тастайтын. Әрине, мұндай шектеулерге қарамастан, ол кезде де көп шаруа атқарылды, көптеген жетістікке жеттік. Өздеріңіз білесіздер, 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен жұмысының нәтижесінде алғашқы медициналық жәрдем тақырыбында атақты Алматы конференциясы өтті. Конференцияның мақсаты мен философиясы – әлемнің барлық жеріндегі адамдарға алғашқы медициналық жәрдем беру, оның құқықтық негізін қалау. Міне, осы конференцияның қорытындысы ретінде декларация қабылданып, бүкіл дүниежүзінің мемлекеттері декларацияның арқасында адамдарға алғашқы медициналық жәрдем беру құқығына ие болды. Бұл дүниежүзінде медицина саласында жеткен үлкен жетістік еді. Сондықтан бұл декларация адамзат тарихында медицина саласының ұлы хартиясы деп аталып кетті. Шындығында да, декларацияның маңызы зор болды. Балалардың өлімі азайды, орта жастың деңгейі ұлғайды, адамдардың денсаулығы жақсарды. Бастапқыда бұл конференцияны Ташкентте өткізу жоспарланған еді. Кейіннен мен оның Алматыда өтуіне бар күшімді салдым. Мұның соңы аздап қиындықтарға да ұласты, жауым көбейді, көре алмаушылар қатары өсті. Себебі конференцияның өтуіне дүниежүзінің дәрігерлері көз тігіп отырған болатын. Сонымен, не керек, конференция Алматыда нәтижелі өтті. Қазақстанды әлем жұртшылығы мықты, әлеуетті ел ретінде таныды. Қазір әлемнің дәрігерлері Ташкентті білмегенімен, Алматыны жақсы таниды. Жалпы айтқанда, алғашқы медициналық жәрдем тақырыбында атақты конференция өткізу менің армандарымның бірі еді. Бұл тұрғыда мен өзімді арманыма жеттім деп есептеймін. Әрине, бұдан басқа да жетістігім көп болды. Мен 11 жыл бойы Денсаулық сақтау министрлігінде қызмет атқардым. Осы жылдары елімізде көптеген медициналық институттың ашылуына үлесімді қостым. Мәселен, Қарағанды, Павлодар, Оралда медицина факультеттері, Шымкентте медицина институты ашылды. Ғылыми-зерттеу, акушер-гинекология, кардиология, тағамтану институттары бой көтерді. Түрлі медициналық орталықтар, ауруханалар, алыс жерде тұратын халыққа уақытында жәрдем көрсететін фельдшерлік қызметтер, балалар тағамын жетілдіру үшін 1000-ға жуық балалар тағамын жасайтын асхана, балаларға сүт тағамдарын дайындау үшін Семей, Талдықорған, Алматыда цехтар пайда болды.
– 11 жыл бойы министрлікте қызмет атқардыңыз. Жоғары лауазымның жауапкершілігін қалай сезіндіңіз?
– Сол жылдары «мынаны орындамадым» немесе «мынау қолымнан келмеді» деп айтпаймын, себебі қолымнан келгенше іс атқаруға тырыстым. Мені қолдаушылар да, түсінушілер де көп болды. Мәселен, жаңағы айтқан конференцияны өткізу үшін Д.Қонаевтың алдына бардым. Ол кісі менің айтқанымды дұрыс деп қабылдады. Осы әрекетім үшін кейіннен кейбір алакөздерге тап болдым. Мені қызғаныштан Мәскеуге жер аударып жіберді. Дей тұрғанмен, Мәскеу мені басып тастаған жоқ, керісінше, мәртебемді көтерді. Жалпы, қарама-қайшы пікірлерге көп тап болдым. Сол үшін жұмыстан қудаландым, түрлі мінездермен бетпе-бет кезіктім. Қудаланғаным қателігімнен емес, менің жеткен жетістігімді көре алмаушылардың кесірінен болды. Ешкімге жаманшылығым болған жоқ, халыққа қолымнан келгенше көмектестім. Ең бастысы, менің алдыма қойған мақсатым халықтың тілегімен сәйкес келді. Менің бір айтарым, халық үшін жұмыс істесең, ешқашан қапы қалмайсың. Түрлі қиыншылықтарда сынбауың керек, өкінбеуің керек. Мен халық үшін қудаланып, айдалған күндерімді де бақытты деп санаймын.
– Министр қызметін атқарған жылдарыңызда қол жеткен табыстардың бірі тағамтану институтының құрылуы болды, әрине. Сол институт қазіргі күні үлкен академия болып жұмыс істеп жатыр. Жалпы, тағамтану саласында жеткен жетістіктеріңізге тоқталып өтсеңіз?
– Рас. Тағамтану саласында үлкен жетістіктерге жеттік. Мұны мақтанып айта аламын. Осы күнге дейін академия мамандарымен түрлі ауруларға қарсы тамақ әзірледік, соның ішінде балалар тағамдарын жасау, космонавтика тағамын жасау, іш ауру, жүрек-қан тамырлары ауруы, туберкулез, жүйке жүйесі, қауіпті ісік ауруларға қарсы тамақ түрлерін дайындадық. Ол халықтың арасына кеңінен танымал болды. Мамандарымыздың пәрменді жұмысының арқасында академия ДДҰ-мен, ДДҰ университетімен бірлесе отырып жұмыс жасайтын орталыққа айналды. Академияның тек Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда да ауқымды жұмыс атқарып отырғанын қуанышпен айтамын. Кеңес үкіметі тарағаннан кейін біз жеке-дара институт болып қалсақ та, жұмысымыздың маңызын төмендеткен емеспіз. Халықаралық институт ретінде бұрынғы бастаған жұмысымызды тереңдетіп, әсіресе көп тарайтын аурулардың бірі қан, темір, йод жетіспеушіліктерін емдеуге бағытталған жұмыс атқардық. Бұл жұмысқа Орталық Азия, Кавказ елдері де жұмылдырылды. Аталған елдің министрліктері бізді танығаны соншалық – қызметкерлерімізді өздеріне шақырып, кеңес алып, тәжірибе жинақтады. Біздің жасаған йодпен тұзды байыту, түрлі микроэлементтермен, дәрумендермен ұнды байыту сынды рецептураларымыз АҚШ-та тексерілуден өтіп, кейін басқа елдерге де кең тарады.
– Ал соңғы жылдары академия қандай жобаларды қолға алып отыр?
– Қазір Қазақ тағамтану академиясының зауыты мектеп жасындағы балалар тұтынатын тағамдар сапасын жақсарту бағытында жұмыстар атқарып жатыр. Бұл да – біздің жетістіктеріміздің бірі. Мен Президенттің қабылдауында болып, Елбасы тікелей қолдау білдіргеннен кейін ұзақ мерзімді мемлекеттік тағам, салауатты тамақтанудың бағдарламасы жасалынды. Сол арқылы біз барлық облыстарда, үлкен қалаларда дұрыс тамақтанудың орталықтарын ашу мәселесін қолға алып жатырмыз. Сосын «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің жиырма бірдей бөліміне сай дұрыс тамақтанудың проблемасын шешетін баптар енгіздік. Бұл да – тарихта тұңғыш рет орындалып жатқан шаруа. Бұл – халықтың денсаулығына әсер ететін үлкен бетбұрыс. Бізге тағамдардың дені сырттан тасымалданады. Әсіресе балалар тағамының басым бөлігі – шетелдікі. Оның пайдасы да шамалы. Себебі біздің ағзамыз шетелдік тағамдарды дұрыс қабылдай алмайды. Осыған орай, арнайы зауыт құрып, тәулігіне 15 тонна сүт өнімінің негізінде балалар тағамын жасауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, ДДҰ сарапшыларының мәліметі бойынша, халықтың өлім-жітімінің 60 пайызы дұрыс тамақтанбаудың салдарынан екен. Сондықтан біз дүниежүзінің дәрігерлері осы мәселеде жұмылып қызмет етуіміз керек. Ата-бабаларымыз «Ауру – астан», «Ас – адамның арқауы» деген сөздерді бекер айтпаған. Қазір бұл сөздер ғылыми түрде дәлелденіп отыр.
– Шетелдік кейбір тағам, сусындардың зияндылығы туралы қанша айтылып жатса да, нарығымыз олардан тазарып жатқан жоқ, керісінше, емін-еркін жайлап алды. Оның үстіне, ұлттық тағамдарымыздан алшақтап барамыз. Мұндай теңсіздікті жоюдың қандай жолдары бар?
– Ұлттық тағамдарымыз шегініс беріп қалғаны рас. Себебі сырттан келетін тағамдардың сыртқы көрінісіне мән беріп, құнарына, пайда-зиянына қарамаймыз. Мәселен, газдалған «кока-кола», «пепси-кола» сынды сусындар адамның денсаулығына өте қауіпті. Мұны бірінші рет айтып отырған жоқпын. Неше түрлі чипси, гамбургер сынды тез пісетін тағамдар адамның ағзасына кері әсерін тигізеді. Мұндай тағам түрлерінен бүгінде америкалықтардың өздері қашып отыр. Ал біз, керісінше, америкалықтарға еліктеуден шыға алмай жатырмыз. Егер халқымыздың денсаулығын жақсартамыз десек, ұлттық тағамдарымызды, соның ішінде құртымызды, шұбатымызды, айранымызды, ірімшігімізді, бауырсағымызды дәріптеуіміз керек. Бұл тағамдар қасиетінің кереметтілігі соншалық – сол арқылы біз талай қиыншылықтан аман қалғанбыз. Осы тағамдар арқылы ұлан-байтақ даламызға қол жеткіздік, алапат жауды жеңдік, араны кең аштыққа қарсы тұрдық. Жалпы, ұлттық тағамдарды дәріптеп, әрі қарай дамыту ендігі міндетіміз деп санаймын. Әрине, қазіргі күні бұл тұрғыда біраз жұмыс атқарылып жатыр. Оған азаматтарымыз өз үлестерін қосып жатыр. Кезінде Алматы облысының әкімі болып тұрғанда Серік Үмбетов қымызды дәріптеп, насихаттауда үлкен еңбек етті. Мен осы жұмыста Серік Үмбетовке үлкен ризашылығымды білдіремін. Басқа облыс орталықтарында да осындай шаралар жүзеге асырылса екен деймін.
– Еліміз экономикалық-әлеуметтік жағынан тұрақты даму жолына түскен уақытта ұлт денсаулығына қатысты көрсеткіштер де соған сай жақсарып келе жатыр деп айта аламыз ба?
– Ұлтымыздың денсаулығы, өкінішке қарай, мақтанарлықтай емес. Біз көптеген өркениетті елден бұл жағынан артта қалдық. Елімізде әлі күнге дейін өлім-жітім көп, балалардың өлімі жоғары күйде, орта жас деңгейі әлі төменгі дәрежеде. Дамыған өркениетті елдер адамның орташа өмір сүру ұзақтығын 70-тен 80 жасқа асырды. Өркениетті елдер бұл көрсеткішке 2000 жылдары-ақ жетіп алған. Біздің халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіншілігіміз бар. Құдайға шүкір, байлығымыз жетеді, әлеуетіміз асып тұр. Егер халқымыздың денсаулығы жақсы болса, экономикамыз да алға қарай жылжиды. Денсаулықтың жақсаруы экономикаға тікелей әсер етеді. Мен экономиканың денсаулыққа әсерінен гөрі денсаулықтың экономикаға әсері көбірек дер едім. Ендігі уақытта экономиканың әлеуетін денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсауымыз керек. Қарап отырсам, біз туберкулез ауруының жайылуы жағынан әлемде бірінші орында тұр екенбіз. Кеңес үкіметі кезінде қалай болдық, әлі күнге дейін сол деңгейдеміз. Елімізде жүрек-қан тамырлары ауруынан қайтыс болатын адамдардың саны әлі де көп. Балаларымыз туылмай жатып, ананың құрсағында жатқанда-ақ жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығады. Бұл ауру түрінен де әлемде алдыңғы орында келеміз. Қауіпті ісік ауруы, диабет сынды дерттер де қоғамымызға дендеп еніп алған. Мұның себебі біздің жеп жатқан тағамдарымыз денсаулығымызға кері әсер етіп жатыр.
– Қазіргі денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңа реформа туралы түрлі пікірлер айтылып жүр. Сіздің ойыңыз қандай?
– Бұл реформа туралы өз ойымды кезінде айтқанмын. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде қабылданып жатқан бағдарламалар, жалпы, жаман емес. Әрине, реформаны қабылдау бар да, оны жүзеге асыру бар. Егер реформада кемшіліктер болса, ол уақытымен түзетілер деп сенемін. Жалпы, Елбасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын да құптаймын. Президент алдыға қойған тапсырманы орындау үшін дұрыс әдістемелік бағыт керек.
Ақ тілек
Тәуелсіздік алған еліміз сол Тәуелсіздігіне лайықты, өзге жұрттар қызығатындай бақытты өмір сүрсе екен. Азаматтарымыз әрбір салада ауқымды еңбек етіп, әлемге аты шықса екен. Елбасымыз біреу болып, халқымыз оған тіреу болса екен. Қазақстан әлемнің алпауыт елдерімен иық тіресетін, бірлігі жарасқан алдыңғы қатардағы ел болса екен деп тілеймін.