Қыдырбек АНДАҒҰЛОВ, Алматы қаласы Медициналық қызмет сапасын бақылау басқармасының директоры, Ресей сапа мәселесі академиясының корреспондент мүшесі:
– Қыдырбек Баянбайұлы, еліміздің жер-жерлерінде аймақтық медицина мекемелерін бақылау басқармаларының құрылғанына көп бола қойған жоқ. Әлі күнге дейін дәрігерлерден құқай көрген кейбір жұртшылық кімге шағымданарын білмейді. Айтыңызшы, сіздердің нақты міндеттеріңіз не? Емханаларға бөлінген қаржыларды да бақылауға ала аласыздар ма, әлде тек дәрігерлердің сапасын тексерумен шектелесіздер ме?
– Медициналық мекемелердің қаржылық жағдайын мемлекеттік қаржы бақылау органдары мен қаржы полициялары бақылай алады. Біз тек қана сапаға байланысты қараймыз. Мәселен, бізге қай емханаға байланысты болсын науқастардан арыз түссе, сол жерге тікелей барып, мәселенің анық-қанығын анықтауға тырысамыз. Сонымен қатар дәрігерлер емделушілерге қалай қарап жатыр, қандай дәрілер салады, науқастардың ақ халаттыларға деген сенімі қандай, осының барлығын тексереміз. Осы ретте биыл қаладағы 13 медициналық мекемелерді аралап шықтық. Дегенмен, несін жасырамыз, қазір ауруханаға барсаң, «қай жерің ауырып жатыр?» – деп сұрамайды, «нең бар?» дейтін болды ғой. Өкінішке орай, пара алған дегенді біз тексере алмаймыз. Себебі ол біздің құзыретке кірмейді. Оның үстіне, кім алды, қалай алды, оны дәлелдеу қиын. Біз тергеуші, не прокурор емеспіз.
– Қазір емделушілер арызын қараудың жаңа жүйесі енгізілген. Енді ақ халаттылардың қызметіне көңілі толмағандар әкімшілікке, не сіздерге сабылмай-ақ, әрбір емдеу мекемелерінің ішіндегі аудиторларға шағымдана алады. Дәл қазір бұл қызмет әрбір емхананың бас дәрігері орынбасарларына жүктеліп отыр. Әрдайым басшының айтқанынан шыға алмайтын орынбасар бұл міндетті толық атқарады деп айта аласыз ба? Мүмкін, бақылауды бірінші басшыға беріп, әрі басшы келген арызды «он күн ішінде», «екі аптада» деп кейінге қалдырмай, сол мезетте шешетіндей механизмдерді қарастыру керек шығар? Бұған не дейсіз?
– Басшыға бұл міндетті жүктеуге болмайды. Ол күнде арлы-берлі шапқылап жүріп, арызды тексеруге қолы да тимейді. Бүгін бір жиналыста, ертең әкімшіліктің жиналысында жүреді. Ал оның орынбасары тікелей емхананың ішкі жағдайына жауап беруі тиіс. Бұл үрдіс бұрыннан қалыптасқан. Барлық емханада солай. Солар қадағалауы керек. Өз-өздеріне баға беріп, мекеменің ішкі кемшіліктерін сыртқа шығармауы тиіс. Бірақ дәл қазір олар өз қызметін толық атқарып отыр деп айтуға ауыз бармайды. Өйткені менде барлық мекеменің сенім телефондары бар. Біз оларға ішкі телефонмен хабарлассақ, көбіне олар тұтқаны көтермейді. Яғни, жоқ! Оның үстіне, олар жақсы жұмыс істесе, бізге арызданып келетіндердің қатары азаю керек еді. Алайда олай болмай тұр.
– Осы уақытқа дейін сіздерге тұрғындардан қанша арыз түсті? Емханаларда жиі кездесетін заң бұзушылықтар қандай екен?
– Ең бірінші, науқастар дәрігерлердің немқұрайлы қарағандығы турасында көп шағымданады. Аурухананың науқастарды тіркейтін орнында кезек көп, кейде медицина қызметкерлері емделушінің карточкасын таппай, «ана дәрігерге бар, мына дәрігерге бар» деп сабылтып қояды. Оның түрін айта берсек, көп. Ызаланған жұрт бізге арыз жазады. Негізі, арызбен келетіндердің басым көбі – зейнеткерлер. Әрине, оларға ары-бері жүгіру оңай емес. Кейбіреулер «ақша алды» деп жазады, бірақ оны біз дәлелдей алмаймыз. Тіпті емделушілер «өзіміз дәрі сатып алдық» деп жатады. Егер дәріні алған түбіртегі қолында болса, онда біз сол мекемеге айыппұл төлетеміз. Ал түбіртек жоқ болса, тағы да ештеме істей алмаймыз. Міне, былтыр дұрыс жұмыс жүргізбеген қалалық емханалардан 19 миллион теңге өндірдік.
Ал енді осы уақытқа дейінгі түскен арыздарға келетін болсақ, былтыр біз дәрігерлер арасындағы 175 заң бұзушылықты әкімшілікке, Денсаулық сақтау министрлігіне, прокуратураға жібердік. Ал соңғы алты ай ішінде бізге емделушілерден 180 арыз түсті. Былтыр жыл бойы 206 болған. Қарашы, бір жыл бітпей отырып, қаншаға көбейген. Ал жыл аяғында қаншаға созылатынын Құдай білер. Ішкі аудитті ашып отырғанның өзінде осылай. Ал оны ашпасақ, 180 емес, 360-қа бір-ақ шығар еді. Оның үстіне, біз ай сайын емханаға барып, науқастармен тікелей сөйлесеміз. Сонда бір күнде тоғыз-он арызды қарап шығамыз. Айына тексергеннің өзінде бір күнде осыншама арыз келеді. Ал күнде тексерсек не болмақ? Және оларды біз есепке кіргізбейміз. Себебі не? Өйткені ол арыздар аурухана ішінде жүргізілді. Сондықтан біз оларды тек қана бөлек журналға толтырамыз. Ал оның барлығын есепке ала беретін болсақ, қанша арыз болатынын өзіңіз бағамдай беріңіз. Және де, бізге 2007 жылы 240 арыз түссе, соның 85 пайызы негізді, яғни науқастардың жазғандары шындыққа жанасты. 2008 жылы 206 арыз болса, оның да 75 пайызы дұрыс. Биыл алты айда 180 арыз түссе, 65 пайыз өз құқының тапталғандығы расталды.
– Дәрігерлердің кінәлі екендіктерін дәлелдеу қиын емес пе? Осы ретте сіздер тарапынан кінәлі деп табылып, оның сотта жазаланғандары бар ма?
– Дәлелдеуге болды. Осыдан біраз бұрын бір дәрігердің салғырттығынан бір науқас қайтыс болды. Ол сотта дәлелденіп, дәрігердің кінәлі екендігі анықталып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Одан кейін таяуда ғана тағы бір емделуші дүниеден озды. Оған енді нақты кімнің кінәлі екендігін алдағы уақытта прокуратура қызметкерлерімен бірге анықтайтын боламыз. Бұл іс те сотқа өтуі мүмкін. Оны дәл қазір кім екендігін, қалай болатынын нақты айта алмаймын. Негізі, дәрігерлердің науқастарға салғырт қарау фактілері көп болады. Осы екі жылдың ішінде 80-ге тарта дәрігер өз ісіне немқұрайлы қарап, жұмысынан кетті.
Қазір мемлекеттік органдардың барлығы емхана мен мектептерді қайта-қайта тексере беретін болды деген сияқты өкпе айтып жататындар бар. Бұл жерде егер ішкі аудит жөнді жұмыс істесе, біздің неміз бар тексеріп? Қазір әр емханада өздерінің сапасын бақылайтын арнайы анықтағыштары болады. Олар сол бойынша жұмыс істеп, әр жылы арыз түсуді белгілі бір пайызға дейін төмендетіп отыруы керек. Ал егер олар осы бойынша жұмыс істеп, пайыздық мөлшерді жоспар бойынша кемітіп отырса, онда біз тексермейміз. Елдің арызын азайту үшін, қайта-қайта тексеруді үдете бермеу үшін, Денсаулық министрі арнайы осы ішкі бақылау жұмысын жолға қойды. Егер олар дұрыс жұмыс істесе, ешкім оларды бет алды тексере беруге құқы жоқ. Барлығы өздеріне байланысты.
– Енді арызды азайтудың қандай жолдары бар? Дәрігерлер науқастарға дұрыс қарап, ал емделушілердің дәрігерлерге деген сенімін арттыру үшін не істеуіміз керек?
– Мұны ретке келтіру үшін көп қаржының керегі жоқ. Ең бастысы, Елбасы айтқандай, емхана мен дәрігерлер арасында бәсеке болуы тиіс. Онсыз сапа болмайды. Қазіргі кезде Денсаулық саласында реформа жүріп жатыр. Енді 2011 жылдан бастап, жаңа жүйеге көшуіміз мүмкін. Емделушілер арасында еркін таңдау болады. Бұл ретте емханаларға қаржы бөлуді біздің басқарма басқаратын шығар. Сонда денсаулық саласына бөлінетін қаржы-қаражат біз арқылы өтеді. Сонымен қатар емделуші қай емханаға, оның ішінде қай дәрігерге барып емделгісі келсе де, оны өзі таңдайды. Біз қазір барлық ауруханаларды аккредитациядан өткізіп жатырмыз. Одан өткендер мемлекеттік тапсырысты алады да, ал өтпегендер алмауы ғажап емес. Мемлекеттік тапсырыстан қаржы ала алмаған емхана болашағы қандай болатындығы белгілі. Сондықтан аурухана басшысынан бастап қарапайым дәрігерлеріне дейін науқастарға дұрыс көзқараспен қарап, мемлекеттен қаржы алуға тырысады. Бұрын тек қана бюджеттік қаржыны мемлекеттік мекемелер ғана алатын болса, енді барлық емханалар қамтылады. Жеке ауруханалар да мемлекеттік тапсырысқа қатысуға өтініш бере алады. Сондықтан мынау қалалық емхана ма, республикалық па, жеке мекеме ме оған қарамаймыз. Қайсысы науқастарды жақсы емдеп, көпшілік көңілінен шықса, бізді жерге қаратпаса, соларға бюджет қаржысы бөлінеді. Ал емханаға қаржы неғұрлым көп аударылса, солғұрлым дәрігерлердің де айлығы жақсарады. Міне, осы жүйені ертерек енгізуіміз керек.
– Мына әңгімеңіз көпшілікке ой саларлықтай-ақ екен. Әлі де толығырақ айтсаңыз...
– Енді біз медицинаны бақылау басқармасы емес, медицина мекемелеріне қаржы бөлу орталығына айналамыз. Демек, бюджеттен бөлінетін қаржы денсаулық департаменттері емес, біз арқылы өтеді. Бұрынғыдай қаржы «мына емхана мұнша адамды емдейді, ал мынау мынша емдейді» деп алдын ала бөліне салмайды. Науқас қай жерге барып емделсе, қаражат та нақты сол мекемеге бөлінеді. Біз төлейміз. Яғни қаражат аурудың артынан жүреді. Осы кезде ғана емханалар арасында бәсеке болып, науқастардың өздеріне көбірек келуі үшін оларға дұрыс қарайтын болады. Себебі бір емделуші жақсы емделіп шықса, ол досына, таныстарына сол мекемені мақтайды. Сосын егер олар да сырқаттанатын жағдай болса, бірден соларға барады. Міне, осылайша ел арасында қоғамдық пікір қалыптасады. Дәрігерлер көпшіліктің өздеріне келіп емделгенін қалайды. Себебі осы арқылы олардың еңбекақысы көбейеді. Енді бұл – жоба. Әлі нақты қалай шешілетіні, қалай жүзеге асатыны белгісіз. Біз дайындық ретінде емханаларды аккредитациядан өткізуді бастап кеттік. Қай ауруханада сапа жақсы, ондағы қай дәрігерге сенуге болады деген сияқты іріктеу жүргіземіз. Дәрігерлердің жұмыс өтілі, қаншалықты жұмыс атқара алатынына дейін бақылайтын боламыз. Ал емхана аккредитациядан өте алмаса, онда ол жерде сапа да жоқ деген сөз. Біз неге ол мекемеге науқастарды жіберуіміз керек? Барлық өркениетті дамыған елдердегі жүйе осындай. Осы арқылы олар сапаға қол жеткізіп отыр.
– Бізде кейде жаңа жүйе алғашында әдемі басталады да, арты сиырқұйымшақтанып кететіні бар. Осы ретте емханалардың аккредитациядан өтуі сыбайластыққа, тамыр-таныстыққа жол ашып кетпей ме?
– Біріншіден, аккредитация кезінде емхананы толық тексереміз. Сапасы қалай, аппараттардың жұмыс істеуі қаншалықты т.б. Одан кейін дәрігерлер арасында емтихан өтеді. Олардың жұмыс өтілі, құжаттары тексеріледі. Сонымен қатар тест тапсырылады. Сосын жеке қабылдаулар болады. Осының барлығын тек біздер ғана бақыламаймыз. Тәуелсіз сарапшылар құрылады, онда қоғам қайраткерлері, медицинаға еңбегі сіңген профессорлар отырып, бірге шешеміз. Сондықтан таныс-тамырға жол берілуі мүмкін емес.
– Сіздерде қанша адам жұмыс жасайды. Мамандарыңыз жеткілікті ме?
– Дәл қазір бізде 28 адам істейді. Мамандарымыздың басым көбі – қаржыгерлер. Енді алдағы уақытта жаңа жүйеге көшетін болсақ, тағы да экономист мамандар тартатын боламыз. Егер мемлекеттік тапсырыс біз арқылы өтсе, онда емханаларды тексеріп, егер аурухана бір адамды емдеп, ол көп уақыт өтпей, қайтадан ауруханаға түссе немесе біреу арыз жазса, оған тапсырыс төленбейді. Оның орнына мемлекеттік тапсырыс жеке емханаларға берілуі мүмкін. Және де, дәрігерге науқас келген күні ол пациентін басқа біреуге жібермейді. Себебі оған қанша адам көп түссе, соған байланысты еңбекақысы көбейеді. Сондай-ақ дәрігер көбірек операция істеген сайын да жалақысы артады.
– «Операция» демекші, кейінгі кезде гинеколог дәрігерлер екіқабат әйелдердің ішін жарып, баласын алуды әдетке айналдырғандай. Кіммен сөйлессеңіз де, бала операция жасалынып алынғанын естиміз. Бұрында әжелеріміз дәрігерсіз-ақ, операциясыз-ақ өздері босанып, шарана кіндігін өздері кесіп кете беретін. Ал қазіргі әйелдер неге өздігінен босана алмай қалды? Осы ретте кейбіреулер «дәрігерлер операция неғұрлым көп жасаса, соғұрлым айлығы өсіп, дәрежесі көтеріледі» дегенді айтады. Осы рас па?
Біз бұлай жасасақ, тағы да дәрігерлердің жаппай операция жасауына тап болмаймыз ба?
– Жоқ. Дәрігердің алдында бір емес, екі бірдей адамның өмірі тұрады. Ана мен сәби. Ол баланың жағдайын жасап, анаға қарамаса, шешесі қиналып қайтыс болып кетуі мүмкін. Ал ана жағдайын жасаса, бала тұншығып қалады. Сондықтан екеуін де аман алып қалу үшін, операция жасау қажет. Операция үшін дәрігердің жалақысы көтеріледі, мансабы өседі деген бекер сөз. Ішін жарып алу фактілері көбеюінің себебі, қазір әйелдер арасында дерт көбейіп кетті. Оның үстіне, көпшілік қалаға шеттен келіп жұмыс жасайды. Ал олар дер кезінде тұрғылықты жеріне қарасты ауруханаға барып, тіркеуге тұрмайды. Көпшілігі жұмысбасты. Ең ақырында босанайын деп қиналып перзентханаға келгенде, дәрігерлер оларға ешқандай көмек көрсете алмайды. Тек ішін жарып алу керек.
– Қазір квота алу жер-жерлерде қиындап кетті. Көп жағдайда квота алу тамыр-танысқа үлестіріліп берілетін сияқты. Қаншама ауыл тұрғындары асқынған ауруларын емдей алмай, жапа шегуде. Осы ретте сіздер квота бөлуді де бақылауға ала аласыздар ма?
– Біз квотаның қалай үлестірілетінін тексере алмаймыз. Оны денсаулық департаменті береді. Мысалы, облыстық департамент өздері емдей алмайтындарға квота беріп, институттарға жібереді. Бірақ мына жүйе енетін болса, онда квотаның да керегі жоқ. Неге? Өйткені қазір Алматы қаласында тіркеуде тұрмағандар мұнда тегін емделе алмайды. Сондықтан шеттен келгендер ақылы бөлімдерге барып, емделуге мәжбүр. Бір Қазақстанда тұрып, екіге бөленеміз. Бұл – дұрыс емес. Науқас қай жақтан келсе де, осы елдің азаматы болса болды, оны қаласына қарамай емдеуге тиіспіз. Тіркеу сұрап, халықты әбігерге түсірудің керегі жоқ. Сондықтан жаңа жүйе қолданысқа енсе, онда бұл мәселе де шешіледі. Адам қай қалада, қай емханада емделем десе де, өз еркі болады. Таңдау бар. Мәселен, Алматы облысында тұратын халық қалаға келіп емделсе, онда облыстың денсаулық саласына бөлінген бюджет қаржысы қалаға аударылады. Себебі ондағы жұртшылық қалаға келді. Демек, қаржы аурудың артынан жүреді. Облысқа бөлінген қаражат бізге өтіп, оны науқас жатқан қалалық емханаға бөлеміз.
Алашқа айтар Датым...
– Негізі, бір науқасты бір дәрігер тексеру керек. Бірақ дәрігерлер арасында мынадай бір жаман үрдіс қалыптасқан. Ол ақылы емханаларда болсын, тегінінде болсын – бәрібір. Мысалы, бір адам ісік ауруымен жатса, оны онколог дәрігер қарауы керек. Алайда онколог науқасты бірден қарай салмай, жүйке жүйесін қарайтын невропатологқа жібереді, одан кейін жүрек емдейтін кардиологқа апарады. Осылайша, ана дәрігер, мына дәрігерге жұмсап, анализ тапсыртқызады. Әр анализ – ақша. Әйтпесе ол жүйке жүйесі ауырып келген жоқ, невропатологқа баратындай, не кардиологқа баратындай жүрегі ауырған жоқ, ісікпен келіп отыр ғой. Оны неге ісік тексеретін дәрігер жүйке жүйесін қарайтын дәрігерге анализ тапсыртады? Демек, емханалар ауруды емдеу емес, ақша жасау жүйесін қалыптастырып қойған. Әр қараған, әр анализ – ақша. Міне, осыны жоюымыз керек.